Көмекші сөздер. Шылаулар. Модаль сөздер
2. Шылаулардың түрлері:
а) жалғаулықтар, қызметі мен мағыналық түрлері;
ә)септеуліктер, қызметі мен мағыналық түрлері;
б) демеуліктер, қызметі мен мағыналық түрлері.
Сабақтың мақсаты
Лексикалық мағынасы болмаса да, өзіне тән грамматикалық мағынасы мен сөйлемде атқаратын қызметі арқылы шылаулардың өз алдына жеке сөз табы болуын біліп, сөйлемде оларды тауып, түр-түріне ажыратып талдай алу.
Шылаулар – семантикалық сипаты жағынан лексикалық мағынасы жоқ, белгілі бір сөздердің жетегінде (шылауында) жүріп, оған әр түрлі мән, грамматикалық мағына үстейтін сөздер.
Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін (А). Жомарт қазіргісі мен келешегін салыстырып тұр (Ғ.Мұст). Абай қажымай, жалықпай, ылғи ғана ынтығып тыңдайтын (М.Ә.) Бұл мысалдағы үшін, мен, ғана деген сөздердің толық мағынасы жоқ. Бірақ сөйлемде олар өзі қатысты сөздерге қосымша мән үстеп, белгілі қызмет атқарып тұр. Бірінші сөйлемде үшін шылауы ермек және ертегіні термек сөздеріне мақсат мәнін үстеп, ол сөздерді жазбаймын сөзіне бағындыра (сабақтастыра) байланыстырып тұрса, екінші сөйлемде мен шылауы қазіргісі деген сөз бен келешегі деген сөздерді ыңғайластық мәнде бір-бірімен салаластыра байланыстырып, олар сөйлемнің бірыңғай мүшесі екенін көрсетіп тұр. Үшінші сөйлемде ғана шылауы ылғи деген мезгілдік мағынадағы сөзге шектілік, күшейткіш мән үстеп тұр.
Сөйтіп, шылаудың басқа сөз таптарынан мынадай айырмашылықтары бар:
1.Шылаудың толық мағынасы болмайды.
2.Сөйлем ішінде шылау сөздер сөйлем мүшесі бола алмайды.
3.Шылаулар сөз бен сөзді не сөйлем мен сөйлемді салаластыра, сабақтастыра байланыстырып немесе толық мағыналы сөздің жетегінде оған қосымша мән үстей қолданылады.
4.Шылаулар түрленбейді және басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Шылаулар – лексикалық мағынасынан айрылу нәтижесінде туған көмекші сөздер.
Шылаулардың көпшілігі сөйлемде сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып тұрады. Осындай мағыналық (грамматикалық), қызметтік ерекшеліктеріне қарай шылаулар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер болып үшке бөлінеді.
Жалғаулықтартең дәрежедегі бірыңғай сөздерді, тіркестерді, сөйлемдерді байланыстырып, олардың арасындағы әр түрлі қатынастарды білдіреді. Олар:
а) ыңғайлас жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, әрі, да, де, та, те;
ә) талғаулықты жалғаулықтар: әлде бірде, біресе, кейде, яки, не, немесе, болмаса, мейлі, күй;
б) қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, әйтсе де, әйткенмен, сөйтсе де, сонда да, дегенмен, әйтпесе, әйтпегенде;
в) себеп-салдар жалғаулықтар: өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті, сол үшін;
в) ұштастырғыш жалғаулықтар: ал, ендеше, яғни;
г)шарттық қатынасты білдіретін жалғаулықтар: егер, егер де.
Септеуліктер сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді сабақтаса (бірін екіншісіне бағындыра) байланыстырып, өзі қатысты сөздің белгілі тұлғада тұруын талап етіп, әр түрлі грамматикалық, мезгілдік, мекендік қатынастарды білдіреді. Септеуліктердің жалғаулықтармен ұқсас жері – екеуі де сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырады, ал айырмашылығы жалғаулықтар тең дәрежедегі бірыңғай сөздер мен сөйлемдерді салаластыра байланыстырса, септеуліктер бағындыра, сабақтастыра байланыстырады. Сөйтіп, жалғаулықтар сөйлемнің бірыңғай мүшесі мен салалас құрмаластың сыңарларын, ал септеуліктер сөз тіркесі мен сабақтас құрмаластың бағыныңқы мен басыңқы сыңарларын құрастырып байланыстырады
Сөздің түбір я негіз тұлғасымен тіркесетін септеуліктер: үшін, (ермек үшін, бару үшін, бермек үшін, отырмас үшін), сайын (жиналыс сайын, барған сайын), сияқты, секілді, сықылды, тәрізді (бала сияқты, көрге тәрізді, бармақ сияқты) туралы, турасында, жайында, жайлы, жөнінде (өмір жайлы, айтыс жөнінде), арқылы (әуе арқылы, сөйлеу арқылы), бойы, бойымен, бойынша (өмір бойы, қалғыған бойымен), шамалы, шақты, қаралы (отыз шақты, жүз шамалыға мың қаралы).
Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: дейін, шейін, таман, қарай, салым, жуық, тарта, т.б (үйге дейін, күзге салым, жүзге тарта, мыңға жуық).
Шығыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: гөрі (одан гөрі), бері (кешеден бері, ауылдан бері, келгеннен бері), кейін, соң (жұмыстан кейін, барғаннан соң), бұрын (үлкеннен бұрын), бетер (одан бетер).
Көмектес септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: қатар, бірге (айтумен қатар, барумен бірге).
Сөйтіп, шылаулар екі түрлі қызмет атқарады. Біріншісі – түбір я белгілі септік тұлғадағы зат есім, сын есім, есімдік, есімше, тұйық етістік тұлғаларымен тіркесіп келіп, оларды екінші сөзге сабақтастыра байланыстырады. Сөйтіп барып мезгілдік, мекендік, амалдық, сбептік, мақсаттық, қатынастағы сөз тіркесін тудыруға дәнекер болады. Мысалы; Мейрам әлдекімге телефон арқылы әмір етті (Ғ.М.). Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап (А.). Басқалар бізден үлгі алсын деп жиналыс сайын қанша қақсадым (Ә.Ә). Жұмыстан кейін жалғыз ғана жан тыныс – осы (Ғ.Мұст). Мысалдағы арқылы септеулік шылауы телефон арқылы әмір етті дегенмен амалдық қатынаста, үшін септеулігі мал сөзін тұрман зарлап дегенмен мақсаттық қатынаста, сайын септелігі жиналыс сөзін қақсадым етістігімен мезгілдік қатынаста, кейін шылауы жұмыстан сөзін жан тыныс дегенмен мезгілдік қатынаста байланыстырып, сөз тіркестерін құрап тұр.
Екінші – септеулік шылаудың біразы бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы құрамында келеді де, сабақтас құрмаластың бағыныңқы сыңары мен басыңқы сөйлемді мезгілдік, мақсаттық, себептік қатынаста байланыстырып тұрады. Мысалы: Қорғана жүрерлік күнәсі болмаған соң, кеудесін жоғары ұстап келе жатыр (Ғ.М.). Жел қатайған сайын, лебі мұздаған сайын, зымыраған поезд көрдей қараңғы түнге сүңгіген сайын вагон үстіндегілер бір-біріне жабыса түсті (С.М.). Мысалдағы соң, сайын септеуліктер мезгіл бағыныңқы сөйлемді басыңқымен байланыстырып тұр. Септеуліктер орыс тіліндегі «предлогтарң деп аталатын көмекші сөздерге жақын.
Сөйтіп, септеуліктер өзі шылауында жұмсалып тұрған сөзге қосымша мән үстейді әрі оы екінші сөзбен сабақтастыра байланыстырып, сөз тіркесін құрайды немесе екінші сөйлемді сабақтастыра байланыстырады.
Демеуліктер сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырмайды, өздері тіркесетін сөздерге әр түрлі қосымша мағына (реңк) үстейді. Сол мәндеріне қарап сұраулық демеуліктер (ма, ме, ба, бе, па, пе, ша, ше: келді ме? бала ма? сен ше?), күшейткіш демеуліктер (-ақ: қазір-ақ, -ау: балам-ау, ай: жаман-ай, қайтсін-ай: да, де, та, те:сен де бір кірпіш дүниеге), күмән, болжам мәнді демеуліктер (ғой, қой:келедіғой; -ды,-ді, -ты,-ті:барған-ды, мыс,-міс:болыпты-мыс), шектік демеуліктер (қана, ғана: адам ғана, қысқа ғана), қомсыну мәнді демеуліктер (екеш, құс екеш) деп бөлінеді.
Модаль, модальность термині латынның мере деген сөзінен алынған.
Айналада үнемі болып отыратын әр алуан құбылыстар, өмірдегі сан-сала болмыс түрлері, белгілі бір заттың сын қимылы, іс-әрекеті сөйлемде жалпы жалаң хабар түрінде ғана айтыла салмайды. Сөйлеушінің осы хабар туралы пікірі, яғни сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі оның көзқарасы, әдетте қоса беріліп отырады.
Сөйлем мазмұнының ақиқат шындаққа қатынасы және сөйлеушінің ол жөніндегі пікірі тіл білімінде, әдетте, сөйлемнің модальділігі деп аталады. Сөйлемнің модалділігі тіл білімінде жалпы объектиті модальділік және субъективтік модальділік деп екі тұрғыдан қарастырылады. Мысалы, Сөйлем мазмұнының ақиқат шындықпен сәйкестігі объективтік модальділік деп аталады. Бұл көбінесе райлар арқылы беріледі.
Субъективтік модальділік сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі сөйлеуші көзқарас пікірін айтады. Бұл модальділік арнаулы жеке сөздер арқылы беріледі. Сөйлемнің модальділігі әр алуан.. Ол, әсіресе, экспрессивті, эмоциялық мағыналармен де ұқсас келеді.
Модаль сөздер төркіні соңғы кезде ғана сөз болып жүр. Е.И.Убрятова, Н.А.Баспанов, Н.Ж.Дмитриев, А.Н.Кононов, В.В.Виноградов т.б. ғалымдар сөйлеуші адамның пікірін білдіретін сөздерді жеке тақырыпша етіп алып, бөлек талдайды.
Модальдық реңк одағайларда да, қыстырма сөздерде де, сұраулық шылауларда да кездеседі. Бірақ бәрін модаль сөз деуге болмайды. Сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі сөйлеушінің пікірін білдіретін мұндай арнаулы сөздерді модаль сөздер дейді (пікірлеуші сөздер деуге болады.)
Сөйлеуші адамның сөйлем мазмұны жөніндегі пікірін білдіру үшін қолданылатын осындай арнаулы модаль сөздер өздерінің құрамы жағынан түрлі-тшүрлі болып келеді. Модаль сөздер өздерінің лексикалық және грамматикалық белгілеріне қарай есім сөз табынан да, етістіктен де, комекші сөзден де кейбір басқа сөз таптарынан да бола береді. Мысалы, мүмкін шамасы, рас, әрине, тәрізді, зайыры, әлбетте, бәлкім – синтаксистік функциясы жағынан қыстырма сөздер. Ал мағыналық ерекшелігі жағынан Яғни сөйлемдегі ой жөнінде сөйлеушінің пікірі қандай – мақұлдай немесе күдіктене не біржола айта ма, әлде нық сенімділік білдіре ме – осы тұрғыдан алғанда бұлар – модаль сөздер. Өйткені кейінгі жылдардағы көптеген лингвистикалық әдебиеттерде сөйлеуші адамның сөйлем мазмұны, яғни ондағы айтылған ой жөніндегі күдігін я болжамын, мақұлдау пікірін немесе қалауын, не оның нық сенімін осылар тәрізді басқа да пікірін білдіретін сөздерді модаль сөздерге жатқызады.
Модаль сөздер қазіргі қазақ тілінде сан жағынан оншалықты көп емес. Бірақ олар өздерінің қолдану ерекшеліктеріне қарай әр алуан болып келеді. Мысалы, білем, көрінеді, керек тәрізді біраз сөз күнделікті қолдану процесінде бірте-бірте грамматикализацияланып, лексикалық мағынасының сыртында модальдық мағына да білдіреді. Бұлардың модальдың мағынасы әуелгі лексикалық мағынасының негізінде кейіннен қалыптасты. Мысалы, Мен оны көптен білем – Мені оятқан сен білем. Бұл жерден ауыл анық көрінеді – Мұны істеген Асқар көрінеді. Маған кітап керек – Төргі үйдегілер қонақтар болу керек. – ол ендігі шықса керек.
Сияқты модаль сөзінің синонимі ретінде тілімізде тәрізді, әлпетті, сықылды, секілді сөздері де қолданылады. Соңғы екеуі фонетикалық тұрғыдан екі вариантта айтылғанымен негізінде, бір-ақ модаль сөз. Сияқты тәрізді, сықылды модаль сөздері өздерінің негізгі лексикалық мағынасында қолданылғанда адамдардың, басқа да әр түрлі заттардың арасында болатын өзара ұқсастықты білдіреді. Яғни салыстыру мағынасында айтылатын –дай, -дей қосымшасының қызметін атқарады. Бұл сөздер кейде әр түрлі етістік қосымшаларын да қабылдайды. Бұлармен тақылетті, реуішті, мәзімді, іспетті сөздері де мағыналас.
Тақылетті сөзі өзінің лексикалық мағынасында да, сондай-ақ модальдық мағынада да қолданылады. Басқалары модалдылық мағынада жұмсалмайды.
Керек сөзі де екі түрлі мағынада
1. Негізгі лексикалық мағынасы – баяндауыш, анықтауыш болады.
2. Модальдық мағына – Көмекші сөз есебінде қолданылады.
Керек сөзінің 2 түрлі модальдық мағынасы бар
1міндеттілік мағынасы
2.болжамдылық мағынасы
Керек сөзімен қажет, тиіс синонимдес. Шамасы, тәрізді, зады – сөйлемде қыстырма сөз позициясында қолданылады. Модальдылық мағына біреу-ақ. Сөйлеуші адамның сөйлемде айтылған хабар жөніндегі болжамын білдіреді. Бұлармен кейде сірә, тегі сөздері де қолданылады.
Модаль сөздер синтаксистік қызметіне қарай екіге бөлінеді. Олар:
1. Әртарап сөздер (бар, жоқ, аз, көп, қажет, керек, тиіс, мүмкін)
2. Бейтарап сөздер (бәлки, әрине, бәсе, әйтеуір, әлбетте, бәлкім, сірә, тегі)
Әртарап сөздердің сөйлемдегі қызметі:
Бастауыш қызметін атқарады: Көп қорқытады.
Баяндауыш қызметін атқадады: Байдалыға соларды салу қажет.
Толықтауыш қызметін атқадады: Бұл нәрсе бір керекке жарар.
Анықтауыш қызметін атқадады: Маған керек кітап бітіп қалыпты
Пысықтауыш қызметін атқадады: Жиналысқа студенттер көп жиналды.
Әртарап сөздер көмекші қызметін атқарады. Мысалы, айтылған жоқ
Пысықтау үшін сұрақтар:
1. Шылаудың басқа сөз таптарынан қандай айырмашылықтары бар?
2. Не себепті шылаулар сөйлем мүшесі бола алмайды?
3. Шылаулар қандай сипатына қарай септеулік, жалғаулық, демеулік болып бөлінеді?
4. Септеуліктер мен жалғаулықтардың бір-бірімен ұқсастықтары қандай?
5. Септеуліктер мен жалғаулықтар қандай мағыналық қатынастарды білдіреді?
6. Демеуліктердің мағыналық ерекшеліктері мен септеулік, жалғаулық шылаулардан айырмашылықтары қандай?
7. Қандай шылаулар қандай грамматикалық тұлғалармен ұқсас келеді және олар қалай жазылады?
8. Қандай шылаулар өздері қатысты сөздің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес дыбыстық өзгеріске түсіп қолданылады?
9. Қандай жағдайда сұраулық шылаулар -мы,-мі, -бы, -бі, -пы,-пі болып өзгереді және қалай жазылады?
10. Қандай шылаулар дефис арқылы жазылады?
Әдебиеттер:
1. Қазақ тілінің грамматикасы. А.,1967. 220-240-б.
2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.,1974. 3380-402-б.
3. Р. Әміров. Қазақ тіліндегі жалғаулықтар. А.,1959.
4. Исенгалиева В.А: Служебные имена и послелоги в казахском языке. А.,1966.
5. Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. ІІ. Морфология. М.,1956. 72-77.
6. Ф.Кенжебаева. Шылау сөздер. //Қазақстан мектебі. 1962. 3.
7. Қазақ тілі. Энциклопедия. А.,1998. 461-б.