
ЖАСТАРДЫҢ АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ғаниева Камила Асқарқызы kamila-ganieva97@mail.ru Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
«Саясаттану» мамандығының 4-курс студенті, Нұр-Сұлтан, Қазақстан
Ғылыми жетекші — Жанпейісова Қ.Д.
Жастар – қоғамның әлеуметтік құрылымының басты элементтерінің бірі. Кез-келген мемлекеттің болашағын анықтайтын, оның негізгі күші, басты стратегиялық және кадрлық ресурсы – жастар. Сондықтан, көптеген дамыған елдерде жастар саясаты мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі бола отырып, арнайы блокка жеке топтастырылады. Кез-келген елдің болашағы жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты. Жастар саясатының басымдықтары — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Н.Ә. Назарбаев бастама жасаған «Қазақстан – 2050» стратегиясының түйінді мақсаттарының бірі болып табылады. Жастар саясатын жүзеге асыру елді жаңашылдыққа, интеллектуалды бәсекелестікке жетелейді. Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты.
Жастар – қоғамға сіңу мен тұлға болып қалыптасуға қажетті білім, дағды, икемділік, адамгершілік принциптер мен ережелерді игеру негізінде жетілу кезеңінен өтетін әлеуметтікдемографиялық топ болып табылады. Соңғы екі онжылдықта жастардың азаматтығы мен азаматтық белсенділік тұжырымдамасының ғылыми зерттеулерде, саясатта және практикада өзектілігі артып, белгілі бір дәрежеде беделге ие болды. Көптеген ғылыми пәндерде жасөспірімдер мен жастарды дамыту контексті азаматтық саланың маңыздылығын мойындай бастады (Flanagan & Christens, 2011). Мәселен, халықаралық ұйымдардың арасындағы әлемдік даму туралы баяндамада белсенді азаматтық позициясын таныту жастардың ересек өмірге «дұрыс» көшудің маңызды бағыттарының бірі болып анықталды [1]. Бұл тұжырымдамаға деген қызығушылық бірнеше факторларға байланысты туындап отыр. Ең алдымен, бұл Батыс әлемінде жастар арасында саяси және азаматтық белсенділіктің төмендеуіне қатысты алаңдаушылық. Азаматтардың қатысуы «дұрыс» демократияның қызмет істеуінде маңызды рөл атқаратынын ескерсек, саяси жүйеден жастарды шеттетіп тастау қоғамның басқаруына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Жастардың азаматтық белсенділігі мәселесіне назар аудару жас ұрпақтың демократиялық үрдістерге және әлеуметтік қызметке белсенді қатысуын қолдау және ынталандыру қажеттілігін айқындап отырған балалар мен жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту нәтижесінде туындады. Сонымен қатар, жастарды азаматтық өмірге белсенді түрде тарту олардың жеке дамуына әсер етіп, әлауқатын және қоғамда орын алатын әділетсіздікке қарсы күресін арттыруға ықпал етіп қана коймай, жастар жұмысының және іс-әрекетінің құрамдас бөлігі ретінде азаматтық белсенділікке көбірек көңіл бөлуге ынталандырады.
Заманауи қоғамда жастардың азаматтық белсенділігі тек қана жүйелік байланыстар шеңберінде қарастырылады. Бұл тәсілдеме азаматтық белсенділікті қоғамның, БАҚ-тың және билік құрылымдарының назарын аударуға бағытталған, негізгі мақсаты әлеуметтік маңызды мүдделерді жүзеге асыру болып табылатын қоғамдық белсенділік формаларының бірі деп анықтауға мүмкіндік береді [2]. Жалпы, азаматтық белсенділік мәселесі XIX ғасырдан бастап белсенді түрде зерттеліне бастады. М. Вебер, А. Грамши, Р. Даль, Э. Дюркгейм, К. Маркс, А. де Токвиль азаматтық белсенділік феноменін теңдік, өзін-өзі ұйымдастыру, күштер мен қабілеттерді жұмылдыру сияқты көрсеткіштер негізінде қарастырды [3]. Ал, неміс философы және әлеуметтанушысы Ю.Хабермас азаматтық саланы әділдікке, теңдікке және ынтымақтастыққа негізделген ерекше ұғым деп анықтаған болатын. Бұл түсініктеме азаматтық белсенділікті қоғамдық мәселелерді шешуге бағытталған азаматтардың ерікті бастамалары деп түсінетін қазіргі тұжырымдамасының негізін салды [4].
Азаматтық белсенділікті заманауи демократиялық жүйелерді қалыптастырушы факторлардың бірі ретінде қарастыратын тұжырымдаманың негізінде демократияның партиципаторлық моделі жатыр. Бұл модельдің өкілдері болып табылатын М.Вебер, К.Маферсон және Н.Боббио қоғамдық өмірдің басты мәселелеріне қатысты шешімдерді қабылдау барысында азаматтардың белсенді қатысуы демократияның негізін құрайды деп есептейді [4]. Демек, демократия мемлекеттік маңызды мәселелерді талқылап, оған қатысты шешім қабылдау мақсатында «азаматтық дайындық пен азаматтық адамгершілік» сияқты қасиеттерге ие азаматтардың, соның ішінде жастардың белсенді қатысуын білдіреді.
Жастардың азаматтық белсенділігінің формалары алуантүрлі: бір жағынан бұл митингтерге, наразылық акцияларына және демонстрацияларға қатысу болса, екінші жағынан волонтерлық жұмыстар, яғни балалар үйінде, қарттар үйінде жұмыс істеу, техногендік, табиғи және экологиялық апаттардан зардап шеккен жандарға қол-ұшын беру, жануарларға көмектесу және т.б болуы мүмкін. Демей, тұлғаның азаматтық белсенділігі заманауи қоғамның барлық салаларында орын тапқан. Саяси салада азаматтық белсенділік демократияның механизмдері (сайлау, рефендум және т.б.) арқылы жастардың мемлекеттік басқаруға, қоғамдық-саяси ұйымдар мен ассоциациялардың қызметіне ерікті түрде қатысуынан көрініс табады. Экономикалық салада азаматтық белсенділік еңбек қызметіндегі конфликттерді шешу, өзара тиімді келісімдер жасау және серіктестік қарым-қатынастарды дамыту, тауарларды өндіру мен үлестіруде мемлекеттік монополияға шектеу қою, жеке меншік құқығын қолдау мен қорғау және т.б. формада көрінеді. Әлеуметтік саланы қарастыратын болсақ, азаматтық белсенділік салауатты өмір салты, қоршаған ортаны және табиғатты қорғау, қарт адамдарға қол ұшын созу, этникалық азшылықты сақтау және т.б. көптеген мәселелермен айналысатын әртүрлі ұйымдар мен қозғалыстар арқылы жүзеге асырылады. Ал, рухани-идеологиялық салада жас азаматтардың білімдік, ғылыми, діни және көркемдік қызметтердің түрлі альтернативті формалары арқылы танылады.
Диаграмма 1. Жастардың азаматтық белсенділігінің әртүрлі салаларда көрініс табуы
Жастардың азаматтық белсенділігінің, ұстанымының қалыптасуы қоғамдық жүйелердің өзгеруі жағдайында әрқашан ерекше мәнге ие. Бұл мәселені шешуде мемлекеттік жастар саясаты (МЖС) ынталандыру және бағыттаушы күші рөлін атқарады. Мемлекеттік жастар саясаты (МЖС) – азаматтық қоғам институттары мен жастардың әрекеттесуі негізінде жүзеге асырылатын нормативті-құқықтық, қаржылық-экономикалық, ақпараттықаналитикалық жүйелерді қамтитын мемлекеттің қызметі болып табылады. Жалпы, жастар мемлекетте болып жатқан өзгерістердің (азаматтық қоғамды, құқықтық мемлекетті және әлеуметтік бағытталған экономиканы қалыптастыру) белсенді және мүдделі қатысушысы болып табылады. Бұл тұста, жастардың өзін-өзі тиімді жетілдірудің мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ олардың әлеуетінің деңгейін көтеру арқылы мемлекеттің тұрақты әлеуметтікэкономикалық дамуын, ғаламдық бәсекеге қабілеттілігінің артуын және әлемдік аренада көшбасшылық позициясын нық орнықтыруды қамтамасыз ету – мемлекеттік жастар саясатының (МЖС) ұстанатын негізгі бағдары болып табылады. Азаматтық қоғамды, соның ішінде азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында жастардың әлеуметтенуінің тек дұрыс мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастырған жағдайында ғана жастардың инновациялық белсенділік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкін болады.
Тұңғыш елбасы Н.Назарбаев 2018 жылдың 27-28 қараша күндері аралығында өткен VIII Азаматтық форумда азаматтық қоғамның 2025 жылға дейінгі даму Концепциясын дайындауды тапсырған болатын. Бұл – елімізде азаматтық қоғамның әлі де бәсең екендігінің, дамытуды қажет ететіндігінің көрінісі. Бұл тұрғыда азаматтық қоғамның толықтай қалыптасуы үшін жастардың азаматтық белсенділігінің жоғары деңгейде болуы маңызды. Кез-келген мемлекетте азаматтық қоғамды қалыптастыру барысында жаңа білім мен құндылықтарды қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәдени және экономикалық қызметтің белсенді субъектісі болуға қабілетті жастарға ерекше мән беріледі. Сондықтан, жоғарыда көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыруда «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» атты ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды және 2015 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Аталған заң жастардың азаматтық белсенділігін елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуы арқылы танытып, жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының тиімді үлгісін қалыптастыру мақсатында дайындалған [5]. Тұтастай алғанда құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты үш міндеті қамтылып отыр:
Диаграмма 2. Мемлекеттік жастар саясатының міндеттері.
Жоғарыда аталған міндеттердің үшіншісін ерекше атап өту қажет. Себебі, жастардың азаматтық белсенділігің артуына тікелей әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жастардың азаматтық белсенділік деңгейін арттыру мақсатында мен өзімнің келесідей ұсыныстарымды ұсынғым келеді:
• Саяси білім беру институттарын, саясаттанушылар ассоцияларын, бірлестіктерін құру. Олардың тиімді жұмыс істеуін қадағалау. Саяси қызығушылықты ояту және азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында саясаттанушылар міндетті түрде бір әрекеттер жасау керек. Саясаттану өздігінен қызықты сала болғанымен, инженерлерге, дәрігерлерге қызық емес болуы мүмкін. Сондықтан, саясаттанушы мамандар, саясаттанушылар бірлестіктері жақсы жұмыс атқарулары керек. Ол қандай жұмыстар десеңіз, ең біріншіден үгіт-насихат жүргізу жұмыстары. Жастарға түсінікті болатындай, ақпаратты оңай қарапайым түрде жеткізу қажет.
• Біз өмір сүріп жатқан XXI ғасыр – жаңа ақпараттық технологиялар заманы болғандықтан, қазіргі кезде ақпараттық кеңiстiкте ғаламтордың рөлі күннен күнге артуда. Соған байланысты, әлеуметтік желілерде (Instagram, vkontakte, facebook, twitter, mail және т.б.) белсенді болу, ақпарат пен пікірлердің алмасу алаңына айналатын саяси парақшаларды жетілдіру керек деп есептеймін. Сонымен қатар, Ерлан Карин, Досым Сатпаев сияқты танымал саяси блогерлерді, жалпы оқырман саны көп танымал блогерлерді жұмысқа тартуымыз қажет. Блог-платформаларды құру арқылы, жастардың назарын қызықты саяси жарияланымдармен аударып алу жұмыстарын жүргізу арқылы саяси білім беруді жас ұрпаққа жеткізе алатынымыз айқын. Бұл жұмыстар көп уақытты қажет етпейді деп ойлаймын. Сондықтан да, 1-2 жылдың көлемінде әлеуметтік желілер арқылы, саяси парақшалардың оқырман санын көбейту арқылы жастардың саяси қызығушылығын арттырып алғаннан кейін, сол әлеуметтік желілерді ақпарат пен пікірлердің алмасу алаңына айналдырып алғаннан кейін, әртүрлі саяси мәселелерді талқылау үшін конференциялар мен кейстерді ұйымдастыруға болады. Жастар оны қолдап, ұйымдастырылып жатқан шараларға қатысады. Демек, азаматтық белсенділік деңгейі де артады.
Қорытындылай келе, жастардың азаматтық белсенділігінің азаматтық қоғамды қалыптастырудағы маңыздылығын анықтай отырып, жоғарыда атап өтілген ұсыныстар бұл мәселенің шешілуіне жасалған үлкен қадамдардың бірі болып табылады. «Жастар-болашаққа апаратын алтын көпір»,- дейді дана халқымыз. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Елдің болашағы – жастардың қолында!
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Flanagan, C.A. & Christens, B.D. (2011) ‘Youth Civic Development. Historical Context and Emerging Issues’, in Flanagan, C. & Christens, B. (eds.) ‘Youth Civic Development: Work at the Cutting Edge’, New Directions for Child and Adolescent Development, No. 134. San Francisco: Jossey-Bass.
2. Социологическая энциклопедия: в 2 т. Т. 1. / Рук-ль научн. проекта Г.Ю. Семигин. М.: Мысль, 2003. — 694 с.
3. Вебер М. Избранные произведения. — М, 1990. — С. 77-98; Грамши А. Избранные сочинения. — М., 1957 — Т.З. — С.356-412; Даль Р. Полиархия, плюрализм и пространство // Вопросы философии. — М., 1994. — № 3. — С.18-23; Дюркгейм Э. О разделении общественного труда. — М., 1996. — С. 38-44; Маркс К. Письмо к П.В. Анненкову 28 декабря 1846 г. // Маркс К., Энгельс Ф. Сочинения: в 30 т. — М., 1955. — Т. 13. — С. 145178; Токвиль А. Демократия в Америке / пер. с. франц., предисл. Г. Дж. Ласки. — М., 1994. — С.379-386.
4. Хабермас Ю. Вовлечение другого. Очерки политической теории. СПб., 2001. С.382.
5. Мемлекеттiк жастар саясаты туралы Қазақстан Республикасының Заңы, 2015 жылғы 9 ақпандағы № 285-V ҚРЗ, http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000285