ТРАНСПАРЕНТТІ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ САЯСИ МӘДЕНИЕТ ПЕН АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ
МӘСЕЛЕЛЕРІ

ТРАНСПАРЕНТТІ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ САЯСИ МӘДЕНИЕТ ПЕН АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ
МӘСЕЛЕЛЕРІ

Болатұлы Нұржан
Nur.bolatuly01@gmail.com
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Саясаттану кафедрасының 2-курс магистранты, Нұр-Сұлтан, Қазақстан
Ғылыми жетекшісі: Копежанова Д.Е.

Қазіргі Қазақстанның саяси және әлеуметтік келбеті бұрын соңды болмаған жаңғыруды бастан кешіріп, сандық негізден сапаға бейімделген қалыптасқан мемлекетке айналып үлгерді. Дамудың жаңа сатысында тұрған еліміздің алдағы уақытта жүретін саяси бағдарламасы айқын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің жаңа, қалыптасқан және заманауи іргетасын, негізін, бағдарын барлық бағыттарда анықтап берді. Ендігі міндет, сол бағыттан таймау. ХХІ ғасырдағы әлем елдерінің жаһандық додасында мемлекеттердің стратегиялық басты міндеттерінің бірі ұлттың ғылыми, техникалық және шығармашылық қабілеті зор, жоғары білімді, саяси білімді және мәдениетті адамдардан құралған демократиялық, ашық қоғам мен мемлекет (үкімет) құру екені мәлім. Бұл сарапшылар мен ғалымдар арасында жиі-жиі талқыланатын ұлттық идея, патриотизм және азаматтық қоғамды дамыту секілді проблемалардың қайнар көзі болып табылады.
Баяндамамызда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде тәуелсіз Қазақстанның азаматтарының қоғамдық сананы жаңғырту жағдайындағы саяси мәдениеті мен адами ресурстарының қазіргі деңгейіне шолу жасап, даму тенденциялары мен перспективаларына баға беріп, теориялық, ретроспективалық талдау дайындауға талпыныс жасаймыз.
Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастап, барлық стратегиялық, тактикалық, оперативтік құжаттар мен нормативтік-құқықтық актілер, концепциялардың барлығының дерлік басты мақсаты – адам капиталын дамытудың әлемнің жоғары деңгейіне жеткізуді көздейді. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаетың әр жолдауында көтерілетін тақырыптардың ең маңыздысы да қазақстандықтардың әл-ауқаты және бәсекеге қабілеттілігі. Біріншіден, қазіргі Қазақстандағы азаматтық қоғамды және демократиялық нормалар мен институттарды орнықты дамыту қажеттілігі контекстінде, екіншіден ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 2017 жылы жариялаған Қазақстаннның үшінші жаңғыруындағы бәскеге қабілетті әлемнің дамыған 30 елдің қатарына қосылудағы биліктің ашықтық проблемасын [1], үшіншіден, «Рухани жаңғыру» аясында қоғамдық сананы жаңғырту мақсатындағы жобаларға азаматтар тарапынан толассыз сын-пікірлерді ескеріп, елеп-екшеп, тексеріп іске асыруға бар күш-қуатын қолданып жатқан атқарушы биліктің ашықтығы мен нақты мақсатміндеттерін зертеудің маңызы артып келеді [2].
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық ойлау, құбылыстарды, қоғамдық қатынастарды прагматикалық тұрғыдан бағалау және елдегі осы тарихи кезеңдегі шынайы ахуалмен қоғам мүдделерімен тығыз байланыста қараудағы тереңдігі мен жаңашылдығына тәнті болып келеміз. Оның ең алдымен Қазақстанның мүддесіне қызмет ету, соны өркениеттің алдыңғы легіне шығаруды көздейтініне түпкі нысанасы екендігіне көзіміз жетті.
Қазіргі таңда мемлекеттің саяси өмірінде және саясаттанудағы «ашықтық пен жабықтық» проблемасы көне заманда пайда болған айрықша қоғамдық құбылыс деп, толықтай сеніммен айтуға болады. Аталған феномен ХХ ғасырдың танымал ағылшын саяси философы, сэр Карл Раймунд Поппердің алғаш рет 1945 жылы, кейіннен бірнеше толықтырулар мен түзетулерден кейін әлемдік бестселлерге айналған «Ашық қоғам және оның жаулары» атты еңбегінде ғылыми түрде, философиялық талдаумен жан-жақты тереңінен зерттелген [3]. Бірақ, біздің ойымызша саясаттағы «ашықтық» деп саяси өмірдегі құпия салалардың, яғни, мемлекеттік, ғылыми-техникалық, әскери, экономикалық құпиялар мен мүдделерді қозғайтын ақпараттардың қол жетімділігі деп түсінбеу керек деп есептейміз.
Саяси ғылымдағы транспаренттілік феноменін зерттеген ғалымдардың еңбегінің ой түйінін жинақтай келе, ХХІ ғасырдағы қалыптасқан, дамыған, қуатты мемлекеттегі саяси процесстердің ашықтығы деп, келесідей қасиеттерді атай аламыз. Біріншіден, мемлекеттің ресми, жария салаларының қоғам үшін ашықтығы. Екіншіден, мемлекеттік саясаттың мақсаты, іске асырылуы және нәтижелері туралы ақпараттың азаматтарға қол жетімді болуы. Үшіншіден, мемлекеттік реформаларды дайындауда, талқылауда, іске асыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның қарым-қатынасын реттейтін кең мүмкіндіктер мен тетіктердің болуы және заң жүзінде рәсімделіп, реттеліп, анығында институттануы болса керек. Транспаренттілік қоғамдық-саяси феномен және институт ретінде мемлекеттік-қоғамдық құрылысы либералды-демократиялық деп мойындалған әлемнің дамыған елдерінің басым бөлігінде, жеткілікті түрде ұзақ уақыт бойы қалыптасқан көп жылғы тәжірибе мен тенденцияның көмегінде орныққанына көзіміз жетті.
Біз осы мәселелер төңірегінде адам ресурстары болашағы тағдырына байланысты шындығында аз ойланамыз. Ал адам ресурстары туралы қазіргі заманғы теория мен практиканы, негізгі сипатты белгілері мен талаптары, тәжірибелері туралы талдағанда оның күрделі табиғатын, жаһандық, кешенді, жүйелі, көпсатылы, және тоқтамас, толастамас құбылыс екендігін баса көрсете келе, оның революциялық сипаттарын да атап көрсетеді.
Яғни адами капитал осы бір тұтас, кешенді жаңғырудың, ажырамас бөлігі, маңызды құрамдасы. Оның біртұтас құбылыс ретіндегі даму логикасы мен ішкі өзара байланыстылығы, сабақтастығы заңдылықтарынан туады. Онсыз қоғамның дамуы табиғатынан жартыкеш, аяқталмаған, өлі болар еді. Өйткені, атақты грек ойшылы Протагор «Барлық дүниенің өлшемі адам» деп бекер айтпаған. Ойшылдың осы ойының маңызы мен астарын философтар жүздеген жылдар бойы талдап, адам құпиясын түсінуге және адамның қоғамдағы құбылыстарды қалай қабылдап немесе неге қабылдамауының ішкі себептерін іздеуде. Мемлекеттік билік органдарының мәдениет факторлар жүйесінде біз ашықтықты түсінікті, қолжетімділік және уақтылық қағидаттарына негізделген жұртшылыққа мақсаттар, шешімдер және олардың негіздемесі, мемлекеттік билікке қатысты ақпарат, оның есеп беру шарттары ұсынылатын әлеуметтік ортаны түсінеміз. Ақпараттың бостандығынан айырмашылығы, транспаренттілік қажетті ақпаратты дереу және толық көлемде алуды қамтамасыз ету мүмкіндігін білдіреді.
Кеңестік тоталитарлық және жабық саяси режимнің құрсауынан босанып, әлемдік қауымдастықта бейбітсүйгіштігімен, Еуразия кеңістігінде экономикалық «азия барысы» атанған, Орталық Азияда өңірлік ғылыми-мәдени державаға айналған заманауи Қазақстанның негізін қалаған, қалыптастырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың реформаларының нәтижелілігінің басты формуласының бірі, кілті, саяси стратегиясының өзегі – транспарентті Қазақстан идеясы. Саяси ғылымның «элита теорияларындағы» күрделі категорялардың бірі және әлемдік тарихтан барлығымызға белгілі мемлекет көшбасшысының ерекше қасиетінің бірі – оның көрегендігі, алысты болжамдай алуы яки логикалық, философиялық, саяси страгеясының болуы. Қазіргі таңда кез-келген халықаралық ұйымдар мен трансұлттық корпорациялардан бастап мемлекеттік, саясиәлеуметтік-экономикалық институттардың ұзақ мерзімдік стратегияларының болуы, және ол нақты құжаттарда доктрина, концепция, бағдарламаларда көрсетілуі қалыпты құбылысқа айналды. Қазіргі Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әлеуетін жаһандық деңгейде бағалау, орнын анықтау қиын емес. Ал, бұл жетістіктердің теориялық қалыптасуымен практикада іске асырылуының ретроспективасын түсіну өте күрделі.
Біздің ойымызша, қалыптасқан қазіргі Қазақстанның даму жолы әлемнің дамушы мемлекеттеріне үлгі болуына әбден лайық және бұл жолда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси стратегиясын зерттеу, ашу және түсіну қазақстандық ғылыми қауымдастықтың алдында тұрған кезек күттірмейтін теориялық-практикалық проблема. Өз кезегінде, осы ғылыми жұмыстан Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси стратегиясындағы транспарентті, ашық Қазақстан идеясына саясаттанулық талдау жасап, мәселені жаңа қырынан зерттеп, түсінуге талпыныс жасап көрмекпіз. Алдымызға қойып отырған басты мақсат қазіргі Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуының қазақстандық жолын стратегиялық тұрғыдан бағыт-бағдарын айқындап, негіздеп, импульс берген Н.Ә. Назарбаевтың саяси стратегиялық құжаттарындағы транспаренттілік феноменінің рөліне саясаттанулық баға беру және перспективасын көрсету.
Біздің ойымызша, ең алдымен егеменді, тәуелсіз, жаңа Қазақстанның қалыптасқан, дамыған, қуатты да заманауи Қазақстанға айналуына басты түрткі болған мемлекеттік құжаттарды бес топқа бөле аламыз.
Біріншіден, траспарентті Қазақстанның құқықтық негізін қалаған, Ата Заң – ҚР Конституциясы.
Екіншіден, Қазақстанның жаһандық орнын және ғаламдық дамудағы миссиясын анықтаған ұзақ мерзімдік стратегиялық құжаттар: «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» стратегиялары.
Үшіншіден, ашық ақпараттық қоғамды қалыптастыруды көздейтін мемлекеттік концепциялар.
Төртіншіден, мемлекеттік ішкі және сыртқы саясаттың қысқа мерзімдік міндеттерін айқындайтын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаулары.
Бесіншіден, Қазақстандық кәсіби мемлекеттік аппаратты дамытуға және құзыретті органдардың азаматтармен құқықтық қатынастарын кеңейтуге бағытталған, оңтайландырылған отандық заңнамалық базаның нормативтік-құқықтық актілері.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ғылыми еңбектерінен де бұл проблема тысқары қалмаған. Елбасының Қазақстан үшін жаһанданудың әлемдік саяси жүйесі мен әлемдік трансұлттық экономика процесіне тартылу қаншалықты маңызды деген сұраққа жауап іздеген «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде «…жабық қоғам дегенiңiз қанша үлкен болса да тор iшiнде, ашық қоғам дегенiңiз ашық аспанда ұшқанмен пара-пар» деп аллегория келтіре отырып «… бүкiл Орталық Азия елдерiнiң iшiнде Қазақстан дәл қазiргi шақта әлемдiк қоғамдастықтың интеграциялануындағы саяси және экономикалық объективтi процеске жинақы да жылдам интеграциялануға дайындығы мейлiнше кемел» деп, ахуалды ақылмен бағалай отырып, сенімді түрде мәлімдейді [4].
Алғаш рет мемлекеттік биліктің демократиялық мәдениетіндегі ашықтық Швеция тарапынан танылып, құқықтық тұрғыдан мойындалды. Бұл 1776 жылы баспасөз еркіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген әлемдегі алғашқы мемлекет. Мемлекеттік органдардың қызметі туралы азаматтарға ақпарат берудің құқықтық механизмі әзірленді, яғни мемлекеттік органдардың барлық ақпараты қолжетімді болуы керек [5]. Бүгінгі таңда Швецияның мемлекеттік басқару мәдениетінің айрықша сипаттамалары: үкімет пен жергілікті билік органдарының әрекеттерін нақты түсіну; ашықтық, өйткені ол билікті асыра пайдалану қаупін азайтады; лауазымды тұлғалардың азаматтарға есеп беруі, себебі олар халық қызметшілері. Мемлекеттік орган барлық адамдардың теңдігі мен әрбір адамның бостандығы мен қадір-қасиетін құрметтеуі керек. Мемлекеттік органдар еңбек, тұрғын үй және білім алу құқығын ерекше қорғауға тиіс. Олар әлеуметтік қамсыздандыруды, қауіпсіздікті дамытып, адамдардың өміріне жақсы жағдай жасауы керек.
Еуропалық парламенттің мүшесі Д. Боу бүкіл әлем елдері арасынан тек Еуропа Одағының аясында ашықтықты арттыру үшін нақты қадамдар жасалып және белсенді түрде іске асырылатынын атап көрсетеді [6]. Д. Баутгам «Мемлекеттік басқару, экономика және шетелдік көмек» мақаласында транспаренттілік феноменінің тарихта пайда болуын, ашықтықтың рационалистік негіздерін және оның демократияны дамытудағы рөлін мұқият зерттейді. Оның пікірінше, ашықтық мемлекеттік және қоғамдық институттарды жетілдіру қабілетін дамытудың негізгі, кілтті шарты ретінде, қоғамдық өмірдің тиісті нормалары жүйесі арқылы авторитарлық және бақылаусыз билікті жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Транспаренттілік билікті кез келген теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілікті білдіреді, оның көмегімен бұл тез анықталуы және тоқтатылуы керек. Д.Баутгам іскерлік қатынастардағы ашықтықтың моральдық борыш деңгейіне көтерілуін арттыруды дұрыс деп есептейді [7].
Ашықтықтың негізгі элементтерін жіктеуді алғаш рет Кристина Дро жасады. Ол айқындылық, қол жетімділік, басқа шешімдермен интеграциялау, келісімділік, ұтымдылық, жауапкершілік, шыншылдық, дәлдік және ашықтық секілді бірқатар түйінді тұжырымдамаларды анықтайды. Төменде ұсынылған нысандар ретінде де, ашықтықты өлшеу құралдары (K. Дро бойынша) ретінде ұсынылатын ашықтықтың бөлек компоненттері келтірілген [8].
1. Таза, айқын, тазалық;
2. Логикалық байланыс, рационалдылық (ұтымдылық);
3. Интеграциялау;
4. Қолжетімділік;
5. Шындықтың дәлдігі;
6. Жауапкершілік;
7. Мүдделі тараптардың ашықтығы (қатысу) [9].
Ғалымдар әртүрлі параметрлерді араластырғаны үшін Kристина Дроны жиі сынайды — басқарудың ашықтығы (жауапкершілігі, ашықтығы, тиімділігі) және оның функциялары (өсуі, төмендеуі, дамуы). Дегенмен, К. Дро кестесі мен моделі әлемдік және отандық зерттеулерде жиі пайдаланылады. Мемлекеттік органның мәдениетінің факторы ретінде ашықтық бірнеше функцияларды орындайды: білім беру функциясы (ашықтық пен ақпараттың ашықтығы арқасында, азаматтар саяси құрылымдардың қызметін ғана емес, өз құқықтары мен бостандықтарын да біледі); әлеуметтiк дамудың нақты баламасы туралы қоғамдық ақпараттың қатысуын, еркін және бәсекеге қабiлеттi таңдауын қамтамасыз ету функциясы; билік үшін көшбасшылар мен элиталардың еркін бәсекелестік функциясы, ал жеңілген партия үшін оны даулау құқығы сақталады; саяси бәсекелестіктің оппозициялық қызметі үшін қауіпсіз әлеуметтік-мәдени ортаны құру функциясы; адам құқықтарын бұзу жағдайларын және демократиялық нормаларды анықтаудың нақты бір мемлекеттің ішінде ғана емес, сонымен қатар шетелде де тиісті шараларды алдын-алу және қабылдау үшін функцияларды анықтау; Гомеостатикалық функция (мысалы, транспаренттілік мұндай әлеуметтік ауытқуларға қарсы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ықпал етеді); мемлекеттік органның демократиялық құндылықтарын орындау және қалыптастыру функциясы [10].
Мемлекеттік биліктің демократиялық мәдениеті ашық болмай, демократиялық мәдениеттің жоқтығынан ашықтықты қамтамасыз ете алмайды. «Халықаралық ашықтық» халықаралық ұйымының ықпалды мүшелерінің бірі Х.П. Мартиннің пікірінше, ашықтық болмаса, демократияның болуы мүмкін емес. Мемлекеттік органдардың демократиялық мәдениеті контексінде ашықтығын зерттеулер құндылықтарды әлеуметтік-мәдени сипаттағы ашықтықты түсінуге әкеледі: ол әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтық қоғам мәдениетінің дамуын басқарудың демократиялық негіздерін нығайтуға, мемлекеттік органдардың әлеуметтік тиімділігін арттыруға әкеледі [11]. Қазіргі американдық ғалым Марк Фискетти былай дейді: «Демократия да, ғылым да идеялармен алмасуға негізделген. Күшті демократия өз үкіметтерінің іс-әрекеттері туралы жан-жақты және сенімді ақпаратқа қол жеткізе алатынын жақсы білетін азаматтарға тіклей байланысты» [12].
Қорытындылай келе, мемлекеттік органның демократиялық мәдениеті тек демократиялық типті басқару жүйесі шығаратын және оның жұмыс істеуін қолдайтын ашық және жария ортада ғана дамуы мүмкін. Бұл мемлекеттік органның мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жағдай, онда қоғамның қатысу тетіктері және билік өкілеттіктерін жүзеге асыруға қоғамдық бақылау белсендіріледі.

Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. Егемен Қазақстан №20 (29001). 31.01.2017. 1-3 бб.
2. Назарбаев Н.Ә., Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. akorda.kz
3. Карл Поппер. Открытое общество и его враги. В 2 тт. / М.: Феникс, 1992.
4. Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. – Алматы: Атамұра, 2003. 240-бет.
5. Openness, transparency and democracy. sweden.se.
6. Bowe D. From lobby to transparency: new rules to contribute to the democratic process // Industrial
Minerals: Towards a new communication culture: Proceedings of IMA Conference of 7th June 2016. IMA, 2016. Р. 3.
7. Brautigam D. Governance, economy, and foreign aid. Studies in Comparative international Development. 2012. № 27(3). Р. 3-23.
8. Drew H. Transparency // Considerations for PPGIS Research and Development URISA Journal. 2013. V. 15.
9. Drew C.H., Nyerges T.L. Decision Transparency for Long-Term Stewardship: A Case Study of Soil Cleanup at the Hanford 100 Area // Journal of Risk Research (in press). 2014. № 7 (1).
10. Drew C.H. Decision Mapping System and Transparency Project Preliminary Design Report: Combined Summary of Stakeholder Interviews. Seattle, 2011.
11. White Ch. Rebel MEP May Emerge a Winner. EU Reporter, eZine. 2014. 23–23 February. 12. Fischetti М. The Web Turns 20: Linked Data Gives People Power, Part 1 of 4. 2010.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *