МЕДИА БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ МЕДИА САУТТЫЛЫҚТЫ ОҚЫТУДЫҢ
ТАРИХИ ДАМУЫ

МЕДИА БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ МЕДИА САУТТЫЛЫҚТЫ ОҚЫТУДЫҢ
ТАРИХИ ДАМУЫ

Қалдыбекова Айдана Жарқынбекқызы
aidanakaldybekova@gmail.com
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушысы, магистр, Астана, Қазақстан

Қазіргі қоғамда медиасыз өмір сүру мүмкін емес болып, адамзаттың маңызды, әдеттегі және бөлінбес бір бөлшегі ретінде қалыптасты. Медианың күннен күнге емес, сағаттан сағатқа да емес, минуттан минутқа дамып, модернизациялануының куәсіміз. Медианың эволюцияланғаны соншалық, әр түрін классификациялап, әрқайсысына арнайы мамандықтар, білім бағдарламалар, оқу курстар тіпті жеке-жеке лекциялар мен сабақтар оқытылады. Медианы дәстүрлі және жаңа деп бөліп қарастыруымыз да осы процестің нәтижесі. Осы салада қазіргі таңда медианың функциялары мен қызметтері біраз өзгеріске ұшырап отыр. Мәселен түрлі контенттердің манипуляциялық, агитациялық және радикалды болуы, сонымен қатар ақпараттың жалпы аудиториялық және қолжетімді болып кетуі. Бұл аталған мысалдар тек бірі ғана, басқа да қаншамасы жеткілікті.
Осы мақсатта ғалымдар медианы тұтынушы аудиторияға медиа білім беру қажеттігін және медиа сауатты болуды алға тартады. Алдымен жалпы медиа білім беру дегенімізге келсек, балалар, жасөспірімдер және ересек адамдарды казіргі ақпараттық заманның талаптарына, түрлі ақпаратты қабылдау мен анализдеу қабілетін тудырып, дамыту және адамды оны түсінуге, оның психикаға әсерін білуге үйрету, жаңа техника құралдар мен казіргі акпараттық технологиялар көмегімен қарым-қатынас жасау тәсілдеріне үйрету [1]. Ал, сауаттылық дегенді қарастыра кетсек, тек оқи білу және жаза білу мүмкіндігі. Яғни, классикалық тұрғыда сауаттылық тұжырымдамасы жазбаша мәтіндерді оқу мен түсінуге көп мән береді. Жазбаша белгілерді оқу, түсіну және аудару жалпы айтқанда қарапайым сауаттылық қабілеттерді игеру болып табылады. Алайда бұқаралық комуникацияның пайда болуымен (мысалы, басып шығару, фотосурет, фильм, радио, теледидар, тіпті Интернет), бұл анықтаманың ауқымы кеңейтілді. Адамс және Хамм деректері бойынша сауаттылық анықтамасы сапалы талдау және пайдалану мүмкіндігін қамтып, журналистиканы, кинофильмдерді, суреттерді, радио, теледидарларды және компьютерлік техниканы шебер қолдану барысында ақпарат алмасу. Осыған орай, бұл кеңейтілген анықтама қазіргі уақытта «медиа сауаттылық» деп нақтыланды [2].
Осы тұста медиа-білім берудің тарихына қысқаша шолу жасау және медианы кеңінен зерттеудің негіздемелерін қарастыру қажет. Медианы зерттеу мәселесі алғаш 1930 жылдарда басталды. 1930-шы жылдары Ф.Р. Ливис пен оның шәкірті Денис Томпсон студенттерді және жалпы қоғамды бұқаралық ақпарат құралдарының теріс әсерінен қорғау қажет деген протекционистік ойды алға тартқан болатын. Букингемнің айтуынша, Левис пен Томпсонның басты мақсаты – ұлттың әдеби мұрасын, тілін, құндылықтарын және денсаулығын сақтап қалу. Осылайша, медиа шынайы өнер және әдебиеттің орнын үстүртін ләззаттармен толтыратын халықты аздырушы ықпал ретінде қарастырылды.
Букингемнің (2003) айтуынша, 1950 жылдардың аяғында және 1960 жылдардың басында Уильямс пен Хоггарт Ливистің «протекционизм» идеологиясына қарсы шықты Себебі, мәдениет осы кезеңнен бастап маңызды артықшылықтарға ие адамның туындылары ретінде қарастырылудан қалды. Яғни, мәдениет абсолютті құндылықтар жиынтығы ретінде емес, керісінше адамдардың өмір сүру шарттары мен формалары ретінде қарастырыла бастады. Осылайша, мәдениет жоғары абсолютті бір нәрседен гөрі, қоғамның күнделікті өмірде орын алатын әртүрлі формалар тұрғысынан зерттеле бастады. Бұл либералды және барлығын қамтитын ұстаным жоғары мәдениет пен көпшілік дәріптейтін мәдениет арасындағы, сондай-ақ өнер мен өмірлік тәжірибе арасындағы айырмашылықтарды сынға алып, академиялық талқыға салды .
Мастермен 1960 жылдары Еуропада танымал (popular) мәдениет формалардың соңынан еруші жаңа ұрпақ мұғалімдер білім беру жүйесіне ақырындап кіре бастағанын алға тартады. Білім беру жүйесіне кіре бастаған бұл мұғалімдер санаты медианы қоғамдық құндылықтарды бұзушы механизмдер ретінде қарастырмаса да, олардың негізгі мақсаттары медиа-білім беруде протекционистік ұстанымдардан бас тарту емес, керісінше аталмыш ұстанымды өзгертіп, одан сайын дамыту еді. 1960 жылдары фильмдердің қарқын алуымен бірге Еуропа мен Солтүстік Америкаданың білім беру жүйелерінде фильмдерді талдау және бағалау сабақтары еңгізіле бастаған болатын. Дегенмен, медиа-білім беру протекционисттік бағытты ұстануды жалғастыра берді.
1930-шы жылдардың басында медианы зерттеу процессі басталған кезде медиа-білім беру мен медиа сауаттылық түсініктері әлі қалыптаспаған болатын. Дегенмен, теледидар халықаралық маңызға ие бола бастаған уақытта, 1962 жылы Скрин Эдюкэйшн (Screen Education) ұйымдастырған халықаралық конференцияда төмендегідей қорытындыға келген болатын:
Теледидар қазірдің өзінде қарым-қатынастың басты арнасы болғандықтан және ауқымы мен күші күннен күнге арта түсетіндіктен, жастарымыздың бұл жаңа алаңды конструктивті түрде қолдануға үйрету ұстаздардың әрі медиа сарапшыларының жауапкершілігі деп санаймыз (Hodgkinson, 1964, p. 78).
Гудман (2003) 1960-шы жылдардың басында тікелей медиа арқылы медиа-білім беруді емес, таза медиа туралы жалпы білім беруге басымдылық берілгенін атап өтеді. Студенттерді медиаға, әсіресе жарнамаға және теледидарға қатысты сыни көзқарастарды дамытуға шақырды.
Гудман Вэнс Паккард (Жасырын сендірушілер), Маршалл Маклюэн (Медианы түсіну, Гутенберг галактикасы), Джон Бергер (Көру жолдары) сияқты мәдениет сыншылары дидактикалық құрал ретінде оқу құралдарын пайдаланудың инструменталды әдісінен бас тарту қажет екендігін айтқан болатын.
Осылайша, оқу бағдарламаларында студенттердің телевизияны бұқаралық ақпарат құралы ретінде талдау жасау қабілеттерін дамытуға басты назар аударыла бастады.
1972 жылы Америка Құрама Штаттарының Бас дәрігері жанындағы телевизия және әлеуметтік мінез-құлық жөніндегі консультативтік комитетінің теледидардағы зорлықзомбылық пен анти-қоғамдық мінез-құлық арасында бір байланыс бар екендігін алға тарқаны медиа сауаттылықтың дамуында маңызды бетбұрыс нүктесі болды. Келесі жылы Форд фонды «Балалар мен теледидар туралы» баяндамасын жасады. Бұл баяндамада:
«Мемлекеттік оқу орындарында бұқаралық ақпарат құралдары туралы кеңейтілген және әрі қарай дамытылған оқыту бағдарламасын еңгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының алдында жастардың сауаттылығы — тілдік сауаттылық сияқты білім беру саласындағы басты мәселелердің бірі» делінген.
Осылайша, 1970 жылдары фильмдерді сараптаудан теледидардағы бағдарламаларды сараптауға көшу кезеңі жүзеге асырылған болатын. Мастерменның айтуынша (1997 ж.), теледидар мен газеттерді зерттеу айтарлықтай басқаша дами бастады, тіпті өте күрделі мәселелерге де жол ашқан болатын.
1978 жылы АҚШ бас дәрігерінің баяндамасы мен теледидардағы зорлықзомбылықтарды зерттеу қажеттілігі туралы үндеуінен кейін АҚШ Конгресінің мемлекеттік кітапханасы және АҚШ-тың Білім басқармасының қолдауымен «Теледидар, кітап және аудитория» атты ұлттық конференция өткізілген болатын.
Конференцияның қорытындысы бойынша АҚШ-та бастауыш, орта және жоғарғы сынып оқушыларына арналған төрт маңызды білім беру жобасын әзірлеу туралы ұсыныстар енгізілді. Келесі жылы АҚШ-тың Білім беру басқармасы балалардың фильмерді, жарнамаларды және т.б. көру барысында критикалық қабілеттерді (critical viewing skills) дамыту мақсатындағы жобаларды қаржыландыра бастады: ортанғы сынып оқушыларына арналған критикалық қабілетті дамытуға жауапты мекеме АҚШ-тың Оқу және ғылыми зерттеулер институты бекітілді; Жоғарғы сынып оқушыларына Нью-Йорктың 13-арнасы; және ересек азаматтарға Бостон университеті бекітілді.
Ал 1980 жылдардың басында АҚШ-та ғылыми зерттеу институттарының
бастамасымен критикалық қабілеттерді дамытуға арналған оқу жоспары әзірленіп, ғалымсарапшылардың талқылауына ұсынылған болатын. Бұл оқу жоспарын әзірлеуге 25 жуық мұғалімдер мен мектептің әкімшілік қызметкерлері рецензент ретінде талған. Жасалған жұмыстың қорытындысы бойынша, аталмыш оқу бағдарламасы оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, оқушылардың критикалық қабілеттерін дамытуда аса маңызды рөл ойнайды деген қорытынды жасаған.
Дегенмен, жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде, рецензенттердің позитивті рейтингісіне қарамастан, мұғалімдердің 46% оқу жоспарын қолдануға ынталы емес екендігі және мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің шамамен 41% өз мектептерінде оны жеке пән ретінде еңгізуге ынталы емес екендігі анықталған болатын. Панельдегі мектеп әкімшілігі қызметкерлерінің бірі «Менің ойымша, бұл оқу бағдарламасы жастар үшін жай ғана маңызды емес, өте қажет дүние… бірақ, әріптестерімнің менің пікіріммен келісетініне сенімді емеспін» деп айналада болған жағдайға сипаттама берген.
Жобасының жетекші сарапшысы Донна Ллойд-Колькиннің пікірінше, жасалған мол қаржыландыруға, мұғалімдерді ынталандыру әрекеттеріне, рецензенттердің берген жоғары бағалары мен үлкен қоғамдық қолдауға қарамастан, алдын ала көзделген мақсаттардың өте аз бөлігі ғана шынайы түрде жүзеге асырылды. Дегенмен, мемлекеттік қаражат сол уақытта белсенді болатын қызметті қолдауды жалғастыра берді. Алайда, 1981 жылы жобаны қаржыландыру тоқтатылған уақытта, медиа белсенділік те АҚШ-та тоқтатылған болатын.
Гудман (2003) АҚШ-та медиа-білім беруге деген қызығушылық өте төмен болғанына қарамастан, 1980 жылдары негізгі медианың дамуы халықаралық деңгейде болғанын атап көрсетеді. Осыған негіз ретінде Шотландиядағы Медиа білім беру қауымдастығына, Канаданың Медиа сауаттылық қауымдастығына және Австралияның Медиа оқытушылары сияқты ұйымдардың жұмысына сілтеме береді. Ал 1980 жылдары Ұлыбританияда медиабілім беру кеңінен қолданысқа еңгізіле бастады. Белгілі бір уақыттан кейін Канадандық медиа сарапшылардың теориялық және тәжірибелік жұмыстары, сондай-ақ Лен Мастерман, Дэвид Букингем және Кэри Базальгет сияқты британдық медиа сауаттылық бойынша маманданған ғалымдары зерттеулері жалпы медиа сауаттылықтың қызметін толығымен өзгерткен болатын.
1992 жылы Аспен институтының медиа сауаттылық бойынша лидерлік форумы барысында Канаданың медиа сауаттылық саласындағы сарапшылары тарыпан бұл аланда нақты мамандар даярлау қажет екендігі атап көрсетілді. Нәтижесінде, Гарвард, Колумбия, Нью-Йорк, Солтүстік Каролина, Нью-Мексико университеттерінде медиа сауаттылық курстары мен медиа сауаттылық оқытушалырын дайындайтын институттар ашыла бастады. Дегенмен, осы жоба барысында ашылған институттардың бірқатары жақсы жұмыс жасап кетсе де, басым көпшілігі қысқа мерзімде қызметтерін тоқтатып, жабылып қалған болатын. Екінші жағынан, аталмыш конференцияда мектеп оқытушалыры мен мектеп әкімшілік қызметкерлері қатыспаған болатын. Бұл өз кезегінде медиа-сауаттылықты оқыту мен американдық мектептер арасында байланыстың орын алмағандығын білдіреді.
Канадалық медиа сауаттылық бағдарламасының жетістігі АҚШ аумағында медиа сарапшылардың қызығушылықтарын арттырды. Гарвард Медиа сауаттылық институты 1993 жылы Гарвард университетінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлімі жанында Рене Хоббстың басшылығымен құрылған болатын. Канададағы Медиа сауаттылық қауымдастығының президенті Барри Дункан (1993) институттың оқытушыларының бірі болды. Дунканның айтуынша, аталмыш институт Солтүстік Америкадан 85 қатысушыға медиа сауаттылық дәрістерін өткізген. Дәріске қатысушылардың қатарында мектеп мұғалімдері, журналистер мен шіркеу жетекшілерін бар.
1986 жылы Канададағы Онтарио провинциясының Білім министрлігі Медиа білім беру ресурстары жөніндегі нұсқаулықты дайындау үшін Медиа сауаттылық қауымдастығын шақырды. Кейіннен бұл нұсқаулық испан, француз итальян және жапон тілдеріне аударылды. Осы нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, аталмыш қауымдастық Канадада, АҚШ-та, Жапонияда, Еуропада және Латын Америкасында медиа-білім беруді дамыту мақсатында конференциялар ұйымдастырды. Осылайша, 1989 жылы Медиа сауаттылық қауымдастығы Онтариода медиа-білім берудің келешектегі дамуын талқылау үшін think tank, яғни ғылыми орталығын қалыптастырған болатын. Бұл орталықтың қызметі барысында 1990 және 1992 жылдары Канаданың Гвельфа Университетінде халықаралық медиа-білім беру конференциялары ұйымдастырылды. Медиа сауаттылық орталығы қызметкерлерінің медиабілім беру жөніндегі маманы Фрэнсис Дэвис айтуынша, белсенді қызметі нәтижесінде
Онтариодағы Медиа сауаттылық қауымдастығы медиа-білім беру саласында әлемдік көшбасшы ретінде танылған болатын.
Жалпыға ортақ тұжырымдама жасауға тырысқанымен, медиа сауаттылық ұлттық деңгейдегі мектептерде жүргізілген реформаларға өте аз әсер еткен болатын. Медиа сауаттылықты Ағылшын тілі мұғалімдерінің ұлттық кеңесі сияқты тәрбие-ісі жөніндегі бірлестіктері қолдау көрсеткенімен, көптеген кәсіби білім беру мекемелері тарапынан қолдау таппады. Медиа сауаттылыққа берген анықтамасын ұсыну қажеттілігі туындап отыр:
АҚШ-тың білім беру жөніндегі комиссары Эрнест Л. Бойердің пайымдауынша, бүгінгі қоғамда заманауи адамның оқып жазып білуі жеткілікті еме, жастардың визуалды бейнелерді түсіне білу үшін де сауаттық қажет. Бұл сауаттылық жастарымызға стереотипті анықтау, әлеуметтік клишелерді оқшаулау, фактілер мен маңызды жаңалықтарды пропагандалардан ажырата білу қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді [3].
Бұл анализдер білім беру жүйесінің негізгі қажеттіліктерін көрсетіп отыр. 21 ғасырдың қоғамында адамдардың арасындағы қарым-қатынас және ақпарат алмасу түрі айтарлықтай өзгерген. Мысалы, өткен ғасырдағы әдебиет пен баспа негізделген дәстүрлі оқыту түрі бұдан былай қарым-қатынас және ақпарат алмасудың ескі түрі екендігін және бүгінгі қоғамның сұранысына толық жауап бере алмайтындығын көрсетіп отыр. Нақтырақ айтқанда, ақпарат алмасу өте жылдам және мобильді болған қоғамда медиа сауаттылық мәселесі білім беру бағдарламасына енгізілу қажет екендігі туындап отыр.
Аталмыш ғалымдардың тұжырымдамалары бойынша күннен күнге өрісі кеңейіп келе жатқан жаңа медиа контексінде медиасауттылықты қалыптастыру, бұл сауаттылықты жаңа медианың мазмұнына бейімдеу және медиа саласындағы оқу бағдарламаларын әртүрлі деңгейдегі білім беру жүйесіне енгізу қажеттілігі туындауда.
Аталмыш қажеттіліктерді ескере отырып, алғашқы рет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің жаңа 2019 жылдың білім бағдарламаларына «Медиасауттылық» пәні міндетті және элективті болып енгізілді. Бұл оқу бағдарламасының нәтижесінде білім алған студенттердің медиа және жаңа медиа туралы ғылыми түсінік және сауаттылық қалыптастыра отырып, медиа кеңістігінде өндіріліп және тартылып жатқан түрлі жағымсыз ақпарттарға қарсы белгілі бір иммунитет қалыптастыру күтілуде. Сонымен қатар, бұл медиасауттылық дәрісін шетелдердегі тәжірибе сияқты жалпы оқу бағдарламасының үздіксіз білім беру жүйесіне енгізілу керек.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Педагогика / О 74 Жалпы редакциясын басқарған
э.ғ.д., профессор Е. Арын — Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. — 482 б.
2. Adams, D., & Hamm, M. (2000). Media literacy: Learning in an electronic age. In Issues, ideas and teaching strategies. Springfield, IL: Charles C. Thomas.
3. Nkana, Sam, «Media Literacy Education : a Case Study of the New Mexico Media Literacy Project» (2010). Dissertations. 229


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *