АКАДЕМИК АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВТЫҢ БАСПАСӨЗДЕГІ
ПУБЛИЦИСТИКАСЫ
Ертай Сағыныш Нұртайқызы ertai_sagynysh@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс магистранты, Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Тоқтағазин М.Б.
«Ғылым һеш уақытта кәмелетке жетіп, тоқтауы жоқ. Адамның түсіне кірмейтін, неше түрлі ғажаптарды шығармақ. Ендігі көпшіліктің тілеуі, беті сол ғылымның сүрлеуімен барып хақиқат тауып, қараңғы өмір жолынан құтылып, жарыққа шығу» [1], — дейді ұлт зиялысы, публицистикасы арқылы бұқараға ой салып, ел мүддесіне қызмет еткен Мұхтар Әуезов. Расында, бүгінгі жаңа заманда ғылымның алар орны тым ерекше. Түрлі жаңалықтар өмірімізді күрт өзгертті. Ғылымның бізге ашып берген шексіз мүмкіндіктері бүгінгі өркениетті тудырды. Жаңа технологиялар мен техника күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды.
Әрбір маман үшін өз саласы ең үздік және солай екені өтірік те емес. Себебі, кез келген ілімнің өзіндік маңызы бар. «Философия — ілімдердің бастауы» деген тұжырым бар. Сонымен қатар, «Бар ғылымның патшасы – математика» деген пікірмен де келіспеске болмайды. Алғаш рет математиканы күллі әлемге паш еткен Пифагорды философ ретінде де білеміз. Демек, барлық ғылым салалары өзара тығыз байланысты деген қорытындыға келуге болады. Философия ақиқатты іздесе, математика сол ақиқатқа нақтылық арқылы ұмтылады. Нақты ғылыммен айналысатын тұлғалар гуманитарлық салада да өзгелерге дес бермейді. Қайта ондай жандардың, бүгінде жиі айтылатын «критикалық ойлау» қабілеті жоғары болғандықтан мәселелерге сыни көзқараспен ұтымды пікірлер білдіреді.
Еліміздегі үздік математиктердің бірі де бірегейі Асқар Жұмаділдаев бала күнінде журналист болуды армандаған. Жергілікті басылымдарда мақалалары да жарияланған. Сөзсіз, академиктің ғылымдағы еңбегі бір төбе. Сонымен қатар, азаматтық пікірін ортаға салатын публицистикалық мақалалары да құнды. Асқар Серқұлұлы еліміздегі, жалпы әлемде болып жатқан түрлі құбылыстарға қатысты өз ойын жеткізіп жүр.
Сондай мақалаларының бірі «Бізге жапонның үлгісі жақын» атты көсемсөзі 2016 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 20-шы нөмірінде жарық көрген. Ғалым «Қоғамдық ғылым бар, жаратылыстану ғылымы бар. Біз советтік дәуірді «қылышынан қан тамған кезең» деп жамандауға көштік. Шындығында өткенге бұлай күйе жағуға болмайды. Совет одағы кезінде көптеген жаманшылық та, көптеген жақсылық та болды» [2], — деп бастап, кеңестік кезеңнің артықшылығы мен кемшіл тұстарын атап өтеді. «Аштық, репрессия, халық санының екі есе кемуі советтік дәуірдің жаманшылығы екені рас. Қазақ елінің осы күнгі шекарасын советтік дәуір кезінде Ленин белгілеп берген. Ол кезде осы күнгі біздің классик деп жүрген жазушыларымыздың 99% танылды, қазақтың оқу-білім жүйесі қалыптасты. Бұл – советтік дәуірдің жақсы жағы» [2] деген баға береді.
Ғалымның баспасөз арқылы өз ойын білдіріп, қоғамдық өмірге белсене араласуы, жастарды ғылымға шақырудың маңыздылығын түсіндіруге тырысып, әрдайым жанашырлық танытуы – өз ұлтына деген сүйіспеншілігінің белгісі екені даусыз.
Аталған публицистикалық мақаласында математик кеңестік кезең мен бүгінгі білім беру жүйесін салыстырып, олқылықтардың орнын толтыру жолдарын қарастырады. Оның ойынша, біздегі негізгі кемшілік — батысқа еліктеу. Шын мәнісінде, сол кезеңде жаратылыстану ғылымдары — математика, физика, химия жоғары деңгейде, сапалы түрде оқытылған. «Біздегі бастауыш мектептің деңгейі жоғары, ал жоғары оқу орындарына келсек, біз шетелден кейін қаламыз, оны мойындауымыз керек. Оның негізгі себебі – құрал саймандардың болмауы, ғылымды әрі қарай дамытатын, бәсекеге бейімдейтін әдіс-айланың болмауы» [2], — дейді Асқар Серқұлұлы. Қазақ даласындағы бұрынғы математика мен физиканы жеке ғылым ретінде оқытқан 10 жылдық білім бүгінгі 12 жылдық шетелдік білімнен едәуір артық екенін айтады.
Асқар Жұмаділдаев білім саласындағы реформаға көңілі толмайтынын айтады. «Математиканы, физиканы, химияны, биологияны қосып бір ғылым, қазақ тілі мен әдебиетін қосып бір ғылым, тарих пен географияны қосып тағы бір ғылым шығарамыз дейді. Сонда біздің мұғалімдеріміз әмбебеп болады деген әңгіме айтады. Бұл негізінен дұрыс емес» [2], — дейді ол.
Қазақстан тәуелсіздік алып, егемендіктің көк туы желбірегелі ширек ғасырдан енді ғана асты. Дегенмен, әлем алпауыттарымен иық тірестіруге қауқары жететін бастамашыл мемлекет. Біздің негізгі мақсатымыз — алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып, экономиканы көтеру, жастарға білім-ғылымды қолжетімді етіп, қолдау жасау – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы саясатының негізі болатын. Елімізде ұйымдастырылып жүрген түрлі маңызды шаралардың арқасында бүгінде Қазақстанды күллі әлем танитын болды. Мемлекет тарапынан жасалған керемет мүмкіндіктер үлкен табыстарға жол ашуда. Білім мен ғылымда қазақ жастары шетелдіктерден кем емес екеніндіктерін әрқашан дәлелдеп келеді. «Біздің студенттердің білімі олардың жастарымен салыстырмалы түрде айтқанда еш кем емес. Біздің жастарымыз шетелге барса, бірден оқуға түсіп кетеді. Неге? Өйткені емтиханның 70% математика. Кеңестік оқу жүйесінің мықтылығы осында және әлі күнге сол екпінмен келеміз. Мұның жемісін көріп жүрміз» [3], — дейді Асқар Серқұлұлы.
Дегенмен, заман ағымы да өз еншісін алмай қоймайды. ХХІ ғасыр — жаһандану дәуірі. Осыған сәйкес, ағылшын тілі білім-ғылымның, барлық ақпараттың тілі болып салтанат құруда. Бұл шындыққа қарсы тұра алмаймыз. Міне, батысқа еліктеушілік осы тұстан басталады.
Бірнеше жылдан бері еліміздегі көпшілік мектептерде бірқатар пәндер ағылшын тілінде өткізіліп жүр. Тіпті, дәл осы шет тілі бала-бақшадан бастап үйретілетін болды. Шын мәнісінде, баланың 12 жасқа дейін өз ана тілінде білім алуы керек екені бәрімізге мәлім.
Асқар Жұмаділдаев өз мақаласында «қазақ тілі ғылымға икемі келмейді» деген ойдан аулақ болып, оның тек отбасы-ошақ қасы болып қалмауы керек екенін жеткізеді.
Еліміздің болашағы үшін ең өзекті мәселе — тілімізді сақтап қалу. Академик «жаратылыстану ғылымының барлығын қазақ тілінде үйретуге болады. Ғылым туралы ойлау жүйеміз қалыптасқан» [2],- дей келе, тіл тағдырына үлкен алаңдаушылық білдіреді. Математик әрбір мақаласында қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтере біледі. Түрлі қоғамдық құбылыстарға үнемі үн қосып отырады. «Тіл деген не? Тіл деген — құрал. Құралдың бес функциясы бар, ең алдымен – отбасы-ошақ қасы, бизнес, саясат, экономика, жаңа технология мен ғылым. Ал тілге шек қою – адамның екі қолын немесе екі аяғын кесіп тастағанмен тең. Бұған жол беруге болмайды. Орта мектепке барлық ғылым, барлық оқу пәндері ана тілінде жүруі керек» [2], — деген ойлары осыған дәлел бола алады.
Оның айтуынша, қандай да бір реформа жасамас бұрын, сол тәсіл арқылы оң нәтиже алған елдерден үлгі алуымыз қажет. Демек, біз Сингапур, Малайзия секілді елдердің емес, мыңжылдық тарихы бар Жапонияның жолына назар салуымыз керек екенін жеткізеді. Бір кездері жапон елінің де ағылшын тілін толықтай білім-ғылым айналымына енгізуді көздегенін білеміз. Алайда, мұндай әрекеттің соңы үлкен өкінішке әкелетінін болжай алған жапондықтар дер кезінде дұрыс шешім қабылдады. Олардың қаншалықты патриот екендіктері бәрімізге мәлім. Сол себепті, біз де ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың жолын іздеуіміз керек.
Асқар Жұмаділдаев мақаласын «Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды ХХ ғасырдың басында өмір сүрген зиялы азаматтардың көпшілігі жапонның үлгісін алмақ болған. Біз неге Алаш арыстарының жолын жалғастырмаймыз?» [2], — деп қорытындылайды. Расында, бұған өткен ғасырда жарық көрген «Абай» журналындағы «Ғылым», «Жапония» [1] секілді мақалалар дәлел бола алады.
Академик публицистикасының ерекшелігі — белгілі бір оқиғаны қарапайым тілмен суреттеп, ұтымды түрде оқырманға жеткізе білуінде және талдау жасап, пайымды пікір білдіруінде.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Омашев Н.О., Алаш көсемсөзі, 8-кітап: Абай. – «Өнер», Алматы: 2010, 384 б.
2. Жұмаділдаев А.С. Бізге жапонның үлгісі жақын: // Қазақ әдебиеті. – 2016.- 13-19 мамыр (№20).
3. https://abai.kz/post/16124