ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ СИПАТЫ МЕН ЦИФРЛЫҚ
ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ
Бұхарбай Ару Маратқызы aru.bukharbai@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс магистранты, Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Есенбекова Ұ.М.
Қазақстандағы ақпараттандыру мен коммуникацияның қарқынды дамуы – цифрлық дәуір талабы. Қазіргі кезде жылдам ақпарат алмасу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Алға басу мен қарқынды даму жоспары ретке қойылды. Цифрлық технологияны енгізу жоспары тәуелсіздігімізді алғаннан бастап жолға қойыла бастағаны белгілі.
Тәуелсіздік жылдары жаппай компьютерлендіру, яғни мектептерді, мекемелерді, мемлекеттік құрылымдарды компьютермен жабдықтау қазіргі дамып жатқан саланың іргетасы еді. Сол жылдардан бастап желілік сауаттылық, цифрлық технология деген термин қоғамға біртіндеп ене бастады. Кеңседе де, үйде де, барлық жерде жаңа құрылғылар қолжетімді болды. Мектеп қабырғасында арнайы аудиториялар жабдықталып, мамандар даярланды. Сол кезеңнен бастап ақпараттық, технологиялық сауаттылыққа деген сұраныс қоғамда бірінші орынға шықты. Өйткені, барлық жұмыс компьютерлік техникалармен байланысты болды.
Адам өмірінің сапасы біртіндеп технологиялық дамуға тәуелді екенін болжап, сезіндік. Ақпаратты сақтау, өңдеу мен тасымалдау да бір технологияның атқаратын мүмкіншіліктері болып қалыптасуда. Осындай алғышарттан басталған қоғамдағы алға басудың әсері қазіргі цифрлық телевизияға, сымсыз телефондарға және желілік телеарналардың қолданылуына әкелді.
Өзіне сай алгоритм жоқ жерде жасанды интеллект пайдалануға мүмкіндік бере бастады. Осылай дамып келе жатқан тұста Елбасы Н.Ә.Назарбаев телерадио хабар тарату үшін ұлттық жерсеріктік «ОTAU TV» желісін іске қосты. Облыстық округтер, ауылдық шалғай жерлер, көптеген қаладан әлдеқайда алыс орналасқан елді-мекендердің осы мезгілге дейін 70%-ы дерлік жаңа цифрлық телевизияға ауысты.
Президент «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде экономикалық және ақпараттық дүмпі орын алады деген еді. Осы жоспар қазіргі таңда өте қарқынды жүзеге асып жатыр. Ал ақпараттық серпіліс үшін ІТ саласының дамуы қолға алынды. 2018 жылғы мәліметтерге сүйенетін болсақ елімізде 84 ЖОО және 300-ге жуық колледждерде IT мамандығы бойынша 57 мыңнан астам студенттер білім алып жатыр. Жыл сайын олардың 18 мыңға жуығы осы мамандық бойынша өз оқу орындарын тәмамдайды. Яғни әр жылда Қазақстан жоғары көрсеткіштегі, жеткілікті деңгейдегі ІТ мамандарымен қамтамасыз етілген. Бұл – ең басты нәтиже.
Экономикалық саланың дамуында ең маңызды фактор – кәсіби маман кадрлармен қамтамасыз етілуі. Қазір таңда IT-мамандарға Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, жыл сайын мемлекеттік гранттар саны артуда. Атап айтар болсақ, дәл осы саланың бастамасы жаман емес. Оған қоса, осы жылғы Елбасы Н.Әбішұлы жариялаған «2019 жыл – Жастар жылы»да ЖОО-ның мамандармен үздіксіз байланысына үлкен ықпал жасап отыр. ІТ мамандарымен ғана шектеліп қалмау мақсатында бірнеше жаңа ғылыми бағытта салалар білім жоспарына енгізіліп отыр. Мысалы, алдағы жылдары еліміздің оқу орындары ІTгенетик, IT-медик, желілік заңгер, агроинформатик және тағы сол сияқты жаңа мамандықтар бойынша кадр дайындау жұмысы қолға алынды.
Елімізде мемлекеттік секторға ақпараттық технологияларды енгізу барысында бірнеше алғышарттар орындалды. «еGOV» жүйесі Қазақстан халқының электрондық көмекші құралы. Барлық құжаттарды рәсімдеу, жеке тұлға немесе заңды тұлғаларға арналған барлық құжат түрін, айыппұл, салық, сақтандырудың барлық түрін бір ғана тетікпен реттей алу мүмкіндігі бар. Мыңдаған құжаттарды компьютердің көмегімен үйден шықпай-ақ жүргізуге болады. Бұл цифрлық технологиялардың даму жолындағы Қазақстанның ең үлкен жетістігі.
Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы: «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деп еліміздің дамуына нақты мақсаттар қойды. Болашағы жарқын салалардың сұранысы артты. Халық өз деңгейіне қарай ойыса бастады. Сауатсыздық жойылып, әр адам тұлға болып қалыптасу жолында аянбай қызмет етіп келеді.
Еліміздегі ұлттық цифрландыру жүйесін жүзеге асыру барысында 2019 жылы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірнеше жоспарларымен бөліскен болатын. 2018 жылы еліміздегі ауылдық елді мекендер 15 қазақстандық телеарнаны, ал облыстық аймақтар 30 қазақстандық телеарнаны жоғары сапада тамашалап отыр. Бұл еліміз үшін өте жақсы көрсеткіш. Министрліктің соңғы жасалынған мәліметтеріне сүйенсек республиканың ауылда тұратын 1,4 миллионнан астам халық интернетпен қамтылмақшы. Негізгі мақсат мыңнан астам елді мекендерге жүйелі байланыс орнатты. 20 мың шақырымды құрайтын оптикалықталшықты желі құрылысын салыну ұйымдастырылуда.
Цифрлық технологиялардың таратылуы бойынша Қазақстан шағын округтерге дейін қоныс тепкен халықтың жағдайын жақсартып жатыр. Осы жылы елімізде 244 радиостанция іске қосылмақ.
«Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы №
790 қаулысында белгіленген тәртіппен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асты.
Бағдарлама 5 бағыт бойынша қызмет атқарады. 1-бағыт – экономика салаларын цифрландыру, 2-бағыт – цифрлық мемлекетке көшу, 3-бағыт – цифрлық Жібек жолын жүзеге асыру, 4-бағыт – адами капиталды дамыту және 5-бағыты – инновациялық экожүйені құру еді. Ауылшаруашылық, ірі және шағын бизнестердің жұмысының онлайн мүмкіндіктерінің жүзеге асуы және инновациалық цифрлық технологиялардың қолданылуы – еліміздегі экономика саласының цифрландырылуына арқау болып отыр. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы халқына жолдауында ауылшаруашылығына баса назар аударылатындығы жоспарға қойылды. Агроөнеркәсіптік салаға жоғары санаттағы мамандардың жасақталып жатқандығы қуантады. Сонымен қатар, елімізде 2,5 есе тауар экспортының саны өседі. Өзіміздегі шикізаттан өнім жасап шығарылуы ең басты міндет.
Қазақстан әлем бойынша табиғи байлыққа бай елдердің қатарын көп бастап тұрғаны белгілі жайт. Осы байлықтарды игеру, еліміздегі агроөнеркәсіп саласының деңгейінің өсуі өте маңызды. Қазіргі таңда ұлан байтақ жеріміздің көп бөлігі өкінішке орай игерілмей жатыр. Осы себеппен жүгері, сүт және ет өнімдерінің мол қор өндіруі еліміздің экономикасының артуына үлкен көмек болар еді.
Әлемдегі атақты «Microsoft» компаниясының басшысы ойлап тапқан дүниежүзіне белгілі «Оракул» атты Билл Гейтстің компьютерлік бағдарламасы бар. Бұл өте тиімді бағдарлама. Компьютердің көмегімен шаруашылық саласын бақылап отыруға болады. Жоғарыда айтылған, игерусіз жатқан шаруашылыққа қолайлы жерлер көп. Сол алқаптарды игеруге және шаруашылықтың нәтижесін бақылап, хал-ақуалын санаулы уақыттар ішінде біліп алуға болады. Демек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында осы Билл Гейтстің «Оракул» бағдарлама желісі де енгізіліп келеді. Бұл 30 елдің қатарына кіру үшін,еліміздегі әлеуметтік және экономикалық ахуалдардың деңгейін жоғарылату үшін маңызды процесс.
Әлемдік дамыған елдердің барлығы бұл бағдарлама аясында бірнеше жылдан бері тәжірибе жинақтап келеді. Әлемдік аренада алпауыт елдермен иық тірестіру үшін біз де дүниежүзілік жүйеге көшуіміз керек. Осы ықпалмен тағы бір мақсатты орындау жоспары қолға алынып жатыр. Осы жылы Қазақстан аумағына 5G форматындағы технологияны сынақтан өткізу жоспары бар. Бұл дегеніміз қазақстандықтардың бір секунд ішінде бірнеше ақпаратты тез жылдамдықта ала алады деген сөз.
Министрліктің мәліметтеріне сәйкес жоспарлар орындалып жатса Қазақстанның 80%ға жуық халық жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Цифрлық технология көрінісі сонымен қатар білім және денсаулық салаларында қолданыста жүр. Оған мысал ретінде мектептердегі, колледждерге, ЖОО-дағы электронды күнделіктің, жалпы электронды жүйенің енуі. Білім алушылар мен педагогтардың барлық құжаттары ЖОО-да бірнеше жылдан бері электронды түрде жасалды. Оған қазіргі кезде мектептегі білім жүйесінің цифрландырылуы қосылды. Бұл жүйе жұмыс басты ата-ана үшін де, қағаз басты педагогтар үшінде өте тиімді. Сонымен қатар, денсаулық саласы электронды сайттарын дамытып, жұмыс жасап келеді. Электронды кезек, электронды емделушінің картасы қолданысқа енді. Ем алушылар үшін өте тиімді.
Қазақ халқы өмірге енгізіліп жатқан күрделі жүйелердің пайдалы екеніне көздері жетіп келеді. Осының бәрі елімізді дамыған отыз мемлекеттің қатарына енгізу міндетінен бөлек қарапайым халықтың жағдайын және мемлекет қызметін оңтайландыру мақсатымен жасалынып жатқан жүйелер. Ол үшін әрбір қазақстандық азамат кеңжолақты интернет, цифрлық телевизия, ақпараттық технологиялар сияқты ақпараттандыру көшінен қалмайтын технологиялармен тығыз байланыста болуы қажет. Өйткені, қазіргі заманның талабы да, өмірлік қажеттілік те – цифрлық технологиялардың бағыттарын ұдайы қадағалап, оларды елдің игілігіне пайдалану екенін есте шығармаған абзал.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Қазақ телевизиясы: Энциклопедия ; бас. ред. Қ. Тұрсын ; ред. алқа: Ғ. Шалахметов — Алматы : Digital Media Asia, 2011.
2. Қазақ телевизиясы : энциклопедия ; 2-том. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ; бас ред. Қ. Тұрсын; ред. алқасы: Ғ. Шалахметов; шығармашылық топ: Ұ. Айтөлен.- Алматы : ҚазАқпарат, 2009.
3. Телевизия журналистикасы: теория және практика [Мәтін] : монография / Қ. Шамахайұлы,; [ғыл. жетекші З. Мәулетұлы] — Алматы : Эверо, 2015.
4. Ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілді дамытудағы БАҚ-тың рөлі. Дармен Смайыл Алматы: «Қазақ университеті» 2007 жыл.
5. Современные массовые коммуникации в условиях глобализации. Часть 1. Учебное пособие. Алматы, 2-е изд. «Бастау», 2016.-224 с.