Басқару шешімдерін әзірлеу технологиясы

 

1. Модель ұғымының бірнеше түсіндірмесі бар. Солардың бірі ретінде модель қандай да бір объектінің үлгісі, эталоны деп қарастырылады. Модельдің басты қасиеті — түпнұсқа болып табылатын объектінің барлық тұстарын алып қарамай, оның негізгі тұстарын алып, қарапайым үлгісін ғана көрсетуі. Басқару процесіндегі модельдеу шешімдерді негіздеу үшін қолданылады. Басқарудағы модельдер шешімнің тиімді нұсқасын таңдауда маңызды құрал болып табылады.
Басқарудағы модельдер түрлі белгілері бойынша жіктеледі:
1. Мақсатқа бағытталуы бойынша:
 теориялық-аналитикалық – олар экономикалық процестердің жалпы қасиеттері мен заңдылықтарын зерттеуде қолданылады (мысалы, ғылыми-теориялық зерттеулердегі үлгілер);
 қолданбалы – талдаудағы, болжаудағы, басқарудағы нақты экономикалық мәселелерді шешу барысында қолданылады (іс жүзінде қолданылады).
2. Модельдеу объектісін агрегаттау дәрежесі бойынша:
 макроэкономикалық модельдер — экономиканың қызмет етуін біртұтас етіп қарастырады;  микроэкономикалық модельдер – экономиканың кәсіпорын, фирма секілді буындары үшін қолданылады.
3. Нақты қолдану бағыты бойынша:
 баланстық — қолда бар ресурстар мен оларды пайдаланудың сәйкестігін көрсету үшін қолданылады (мысалы, «өндіріс-шығындар» балансы);
 трендтік – жүйенің негізгі көрсеткіштерінің дамуының ұзақ мерзімдік тенденциясын сипаттау үшін қолданылады;
 оңтайландырушы – өндіру, бөлу, тұтынудың белгілі бір нұсқаларының арасынан ең үздігін таңдап алуға арналған;
 имитациялық – зерттелетін жүйені немесе процесті имитациялау үшін қолданылады.
4. Уақыт факторын есепке алу бойынша:
 статикалық — бір уақыт аралығындағы тәуелділікті көрсету үшін қолданылады;  динамикалық – даму үстіндегі экономикалық жүйелерді сипаттау үшін қолданылады. 5. Айқынсыздықты есепке алу дәрежесі бойынша:
 детерминантталған – параметрлері мен айнымалылары бір-бірінен тәуелді математикалық модель (мысалы, эндогендік, экзогендік айнымалылары бар функция);
 стохастикалық (ықтимал).

6. Модельге енген математикалық объектілердің сипаты бойынша:
 матрицалық;
 сызықтық программалау;
 сызықтық емес программалау;
 корреляциялық-регрессиялық модельдер;
 жаппай қызмет көрсету теориясы моделі;  желілік жоспарлау моделі;  ойындар теориясы моделі. 7. Зерттелетін әлеуметтік-экономикалық жүйелерге қатысу типі бойынша:
 дискриптивті – бақыланатын нақты құбылыстарды сипаттауға, түсіндіруге және болжауға арналған;
 нормативтік – белгілі бір берілген критерийлер тұсындағы экономикалық жүйенің әрекетін сипаттайды.
2. Басқару шешімдерін әзірлеу процесі үш ірі сатыны қамтиды:
І дайындау; ІІ қабылдау; ІІІ жүзеге асыру.
Осы аталғандарға толығырақ тоқталамыз. Басқару шешімдерін әзірлеуге дайындық келесі қадамдардан тұрады:
 проблемалық ситуация туралы ақпарат алу;
 проблемалық ситуацияны шешу үшін мақсаттарды анықтау;
 бағалау жүйесін енгізу;
 ситуацияны талдау;
 ситуацияны диагностикалау;
 ситуацияның даму болжамын жасау.
Проблемалық ситуация туралы алынған ақпарат шынайы әрі толыққанды болуы керек. Егер ақпарат толық немесе шынайы болмаса, бұл қате, тиімсіз шешімдердің қабылдануына әкелуі мүмкін. Ақпараттың шектен тыс көп болуы да қиындық туғызады, өйткені тиімді басқару шешімі үшін маңызды ақпаратты іріктеп алу оңай болмайды.
Шешім қабылдау ситуациясы туралы ақпаратты алу және өңдеу барысында ситуацияның ерекшелігі мен даму тенденциясын сипаттайтын сараптамалық материалдарды дайындау маңызды. Мұндай сараптамалық материалды басқару шешімдерін қабылдау ситуациясы саласына қатысты жеткілікті білім мен тәжірибеге ие мамандар дайындауы тиіс.
Шешім әзірлеуде ұйым алдында тұрған мақсаттарды анықтап алу маңызды роль атқарады. Мақсаттар анықталғаннан кейін ғана ситуацияның дамуына ықпал ететін факторларды, механизмдерді, заңдылықтарды, ресурстарды анықтауға болады. Осы сатыда мақсаттар ағашын қалыптастыру әдісі дайындалып, қолданылады. Олар мақсаттар жүйесінің иерархиялық құрылымын және мақсатқа қол жеткізу дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін критерийлер ағашын анықтауға мүмкіндік береді. Мақсаттар ағашы мемлекеттік басқарудың құрылымдарында программалық-мақсаттық жоспарлау кезінде, концерндерде, фирмаларда ірі ауқымды жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу кезінде қолданылады.
Мақсатты дәл анықтау басқару процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Мақсаттардың басымдығын анықтау үлкен мәнге ие. Ресурстарды ретсіз жұмсауға болмайды. Мақсатқа қол жеткізудің жолдарын білу де маңызды.
Басқару шешімдерін әзірлеу процесінде ситуацияны дәл бағалау, басқару шешімдерінің табысқа әкелетін тұстарын ескеру үлкен маңызға ие. Ситуацияның қандай да бір аспектісін адекватты бағалау үшін белгілі бір факторларға байланысты орын алатын ситуацияның жай-күйін сипаттайтын индекстерді, индикаторларды қалыптастыру керек. Дайын, бұрыннан бар ндекстерді де қолдануға болады.
Бағалаудың тағы бір түрі — рейтингті есептеу. Мысалы, банктердің, сақтандыру компанияларының, инвестициялық қорлардың тұрақтылығы мен сенімділігі ашық баспасөз беттерінде жарияланатын рейтингтер арқылы анықталады. Сонымен бірге саясаткерлердің, әкімдердің, жетекші спортшылардың да рейтингтерінің көмегімен беделділік дәрежесі анықталады.
Жиі қолданылатын бағалау әдістерінің бірі тендерге, конкурсқа ұсынылған объектілерді салыстырмалы бағалау, жобаларды, бағдарламаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдау тұсындағы салыстырмалы бағалау.
Сонымен бірге бағалау әдістері мүлікті, бизнесті, жылжымайтын мүлікті бағалау кезінде қолданылады.
Бағалау жүйесінің құрамына төмендегілер кіреді:  бағалау объектісін сипаттайтын критерийлер;
 әр критерий бойынша объектіні бағалау шкалалары;
 таңдау принциптері (балама нұсқалардың ішінен таңдау жасауға мүмкіндік береді).
Ситуация туралы ақпарат қолға тигеннен кейін және ұйымның қол жеткізуіне тиісті мақсаты белгілі болғаннан кейін ситуацияны талдауға кірісуге болады. Ситуацияны талдаудың негізгі міндеті – ситуацияның дамуын анықтайтын факторлар туралы ақпарат алу.
Бастапқыда жалпы талдау жасалып, сапалық әдіс қолданылады, ситуацияға ықпал ететін факторлар қарастырылады. Кейін сандық әдістерге көшеді. Бұл кезде математикалық әдістер қолданылады. Шектік мәндерді де енгізуге болады.
Ситуацияны тексеруден өткізудің (диагностикалаудың) басты міндеті – басқару процесінде ең алдымен көңіл аудару қажет негізгі проблемаларды анықтау, жүргізілген талдаудың негізінде жағымсыз жағдайға әкелетін тұстарды анықтау.
Шешім қабылдау барысында шешімдердің балама нұсқаларын жүзеге асырудан күтілетін нәтижені болжау маңызды роль атқарады. Болжам жасамай басқару мүмкін емес.
Мұнда сандық, сапалық әдістермен қоса, эксперттік бағалау әдістері де қолданылады.
3. Басқару шешімдерін әзірлеу қадамдары: — шешімдердің балама нұсқаларын генерациялау;
— басқару әрекеттерінің негізгі нұсқаларын іріктеу;
— ситуацияның даму сценариін әзірлеу;
— басқару шешімдерінің негізгі нұсқаларын эксперттік бағалау.
Осыларға жеке-жеке тоқталамыз. Шешімдердің балама нұсқаларын генерациялау тікелей немесе арнайы эксперттік процедуралар көмегімен жүзеге асуы мүмкін. Мәселен, балама нұсқаларды генерациялау процедуралары «ми шабуылы» секілді әдістерді қолдана отырып, арнайы ұйымдастырылуы мүмкін. Болмаса, күрделі жағдайлар тұсында, балама нұсқаларды генерациялаудың автоматтандырылған жүйесі құрылуы да мүмкін.
Басқару шешімдерінің балама нұсқаларын генерациялау технологиясы әртүрлі. Мұнда үлгілер әдісі де, эксперттік әдіс те болуы мүмкін. Үлгілер әдісі бойынша осыған дейін орын алған ұқсас проблемаларды шешудегі тәжірибе негізге алынады. Ал, эксперттік әдіс бойынша жоғары білікті мамандардың пікірлері ескеріледі.
Балама нұсқаларды генерациялау барысында шешім қабылданатын проблемалық ситуация туралы ақпарат, ситуацияны талдау, бағалау, диагностикалау және ситуацияның дамуын болжау нәтижелері толыққанды пайдаланылуы керек. Балама нұсқалар идеялар, концепциялар (тұжырымдар) түрінде құрылады.
Басқару әрекеттерінің балама нұсқалары әзірленгеннен кейін бәсекеге қабілетсіз, ұзаққа бармайтын, басқаларға қарағанда осал деп танылған нұсқаларды алып тастау мақсатында оларға алдын-ала талдау жасалады. Оларды іріктеп алу технологиялары да әртүрлі болады. Балама нұсқаларды іріктегенде олардың салыстырмалы бағасы, нұсқалардың бірін-бірі қайталамауы ескерілуі керек.
Ситуацияның дамуының сценариін жасаудың негізгі мақсаты – шешім қабылдаушы тұлғаның ситуацияны дұрыс түсінуіне жағдай жасау. Бұл кезде ситуацияны сипаттайтын сандық, сапалық көрсеткіштер, оның даму тенденциясы көрсетіледі. Ситуацияның дамуының сценариі — ситуацияның әрі қарай қалай өрбитіндігінің көрінісі.
Басқару әрекеттерінің негізгі нұсқаларын эксперттік бағалау кезінде, бір жағынан, қарастырылатын әрекеттердің жүзеге асу мүмкіндігі, мақсатқа қолжеткізу мүмкіндігі бағаланса, екінші жағынан, ол қабылданған бағалау жүйесін пайдалана отырып, мақсатқа, ресрустарға байланысты ранжирлеуге (кезек бойынша ретке келтіруге) мүмкіндік береді.
4. Басқару шешімдерінің негізгі сатыларының бірі — шешім қабылдау. Ол келесі қадамдардан тұрады:
 ұжымдық эксперттік баға;
 шешім қбылдаушы тұлғаның шешімді қабылдауы.
Ұжымдық эксперттік бағалау қабылданатын шешімнің негізді, тиімді болуын қамтамасыз етеді. Басқару шешімдері жан-жақты бағаға ие болады, аргументтеледі. Ұжымдық экспертиза әдісі ХХ ғ. 60-шы жж. енгізіле бастаған (мысалы, ми шабуылы). Кей жағдайда эксперттік қорытындылардың құпиялығы сақталады, кері байланыс орнатылады.
Ұжымдық эксперттік бағалау кезінде құрамы талданатын проблеманың негізгі аспектісі бойынша құзыретті мамандардан тұратын эксперттік комиссия құру керек.
Экспертиза процесі кезінде эксперттер арасындағы өзара ақпарат алмасу да маңызды. Ақпарат алмасу неғұрлым тиімді ұйымдастырылса, эксперттік баға қорытындысы соғұрлым сапалы жасалады.
Шешімдердің балама нұсқаларының эксперттік бағалау нәтижелері шешім қабылдаушы тұлғаға келіп түседі. Өйткені эксперттік бағалау нәтижесінің негізінде шешім қабылдануы мүмкін.
Шешім қабылдау – ғылым әрі өнер. Өйткені шешім қабылдау прерогативасы шешім қабылдаушы тұлғаға тән. Шешім қабылдаушы тұлға жетекші ретінде шешім қабылдау объектісі туралы қосымша ақпараттарды да ескереді.
Шешім қабылдаушы тұлға жеке тұлға ретінде тәуекелге бейім, ситуацияға ықпал ететін түрлі басқару тәсілдері бойынша тәжірибелі болуы мүмкін.
Шешім қабылдаушы тұлға бірнеше баламалардың ішінен біреуіне таңдау жасайды. Шешім қабылдаушы тұлғаның ұсынылған балама нұсқалардың ешқайсымен келіспейтін жағдайлары да кездеседі.
Дұрыс шешім қабылдауда білікті маман-эксперттердің тәжірибесі, білім және шешім қабылдаушы тұлғаның өнері ұтымды үйлесімділікте болуы керек.
Ұжымдық шешім қабылдау да орын алады. Бұл кезде балама нұсқалар ашық түрде талқыланады, тікелей ақпарат алмасады, қарама-қарсы пікірлер өзара келістіріледі, ымыраға келеді т.с.с.
Басқару шешімдерін әзірлеудің маңызды сатыларының бірі – шешімді жүзеге асыру.
Шешім қабылданды. Енді оның табысты жүзеге асуына қол жеткізу де — маңызды міндет. Ол үшін іс-әрекет жоспары жасалуы тиіс. Өйткені көп нәрсе жоспарда көрсетілген ісәрекет құрамынан, олардың жүргізілу ретінен, іс-әрекет жүзеге асатын белгіленген мерзімнен, ресурстардан, орындаушылардан тәуелді. «Жоспарлау социализмге тән, ол кәсіпкерлік бастаманы тежейді» деген сөздер жиі естіледі. Алайда, өнеркәсіптік потенциалға ие дамыған елдерде жоспарлау социалистік экономикадағыдан аз емес. Ешбір табысты батыстық фирма жоспарсыз әрекет етпейді.
Бірақ жоспарды «қатып қалған» догма деп қарамау керек. Өйткені біз үнемі өзгеріске ұшырап тұратын әлемде өмір сүріп, әрекет етеміз. Сондықтан ұйымның ішкі және сыртқы ортасында өзгерістер орын алып тұрады. Жоспар құрғанда осы ескерілуі тиіс.
Жоспардың жүзеге асырылу барысы үнемі қадағаланып отыруы, қажет жағдайда оған түзету енгізілуі тиіс. Мониторинг жүргізу жоспардың жүзеге асырылуы барысындағы ауытқуларды тіркеуге мүмкіндік береді. Жоспарға түзету енгізудің қажеттілігі ситуацияның даму болжамының өзгеруінен де туындауы мүмкін.
Жүзеге асқан жоспарға жан-жақты талдау жасалуы тиіс. Мұның мақсаты – қабылданған шешімдер мен олардың жүзеге асырылуының тиімділігін бағалау.
Мұндай талдау төмендегілерді анықтауы тиіс:
 қабылданған шешімдер мен оларды жүзеге асыру жоспарының осал және мықты тұстары;  орын алған өзгерістер нәтижесінде пайда болған мүмкіндіктер мен перспективалар;  көзделген мақсатқа қол жеткізуде орын алған тәуекелдер.
Ұтымды басшы осылардың бәрінен тиісті қорытынды шығарып, оларды келесі шешімдерді қабылдау кезінде ескеруі тиіс.

Студенттің өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Басқару шешімдерін әзірлеуде модельдеудің қажеттілігін қалай түсінесіз?
2. Басқару шешімдерін әзірлеу сатыларын атаңыз.
3. Басқару шешімдерін дайындау сатысы және оның алгоритмі.
4. Басқару шешімін қабылдау және оның алгоритмі. 5. Басқару шешімін жүзеге асыру алгоритмі.

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
1. Юкаева В.С. Принятие управленческих решений: Учебник/ В.С. Юкаева, Е.В. Зубарева, В.В. Чувикова. — М.: Дашков и К, 2011. — 324 с.
2. Карданская Н.Л. Принятие управленческого решения: Учебник/ Н.Л. Карданская. — М.: ЮНИТИ, 1999. — 407 с.
3. Ларичев О.И. Теория и методы принятия решений/ О.И.Ларичев. — М.: Логос, 2000. — 294 с.
4. Литвак Б.Г. Разработка управленческого решения: Учебник/ Б.Г. Литвак. — М.: «Дело», 2000. — 392 с.
5. Смирнов Э.А. Разработка управленческих решений: Учебник/ Э.А. Смирнов. — М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2002. — 271 с.
6. Саак А. Э. Разработка управленческого решения: учебник по спец. «Государственное и муниципальное управление» / А. Э. Саак, В. Н. Тюшняков. — СПб.: Питер, 2007. — 272 с. 7. Башкатова Ю.И. Управленческие решения. – Московский международный институт эконометрики, информатики, финансов и права. М., 2003. – 89 с.
8. Практика принятия решений в менеджменте. Методические рекомендации для проведения практических занятий по направлению подготовки 080200 «Менеджмент» / Сост. М. П.
Прохорова. – Н.Новгород: Изд-во ВГИПУ, 2011. – 57 с.
9. Разработка управленческих решений : учеб.-метод. комплекс для студентов специальности 080504 «Государственное и муниципальное управление»/ Сост.: Ф. Г. Давлятова – Уфа : РИО БАГСУ, 2008. — 77 c.
10.Учебно-методический комплекс по дисциплине «Управленческие решения» для студентов специальности 080507.65 «Менеджмент организации». – Самара: Изд-во: СИБиУ, 2010 11.Пирогова Е.В. Управленческие решения:Учебное пособие.- Ульяновск: УлГТУ, 2010. –
176 с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *