АТЛАНТИКА ХАРТИЯСЫ (Atlantіc charter) — АҚШ пен Ұлыбританияның екінші дүниежүзілік соғыстағы мақсаттарын айқындаған, кейін фашистік Германияға қарсы одақтың бағдарламасына негіз болған құжат. 1941 жылғы 9-12 тамыздағы АҚШ президенті Ф. Рузвельтпен Ұлыбританияның премьер-министрі У. Черчилльдің Атлант мұхитындағы Ньюфаундлендаралындағы кездесу-сұхбаты нәтижесінде қабылданып, 14 тамызда “Атлантика хартиясы” деген атаумен жарияланды.Бұл құжатта АҚШ пен Ұлыбританияның алдына мынадай міндеттер қойылды: 1) территорияларды кеңейтуді мақсат тұтпайды; 2) мүдделі елдердің ерікті тілегіне сай келмейтін территориялық өзгерістерді жақтамайды; 3) барлық халықтардың саяси құрылыс және мемлекеттік билік түрін таңдау құқын құрметтейді, егемендігінен айрылған халықтардың өзін-өзі билеу құқын қайтарып алуын жақтайды; 4) үлкен және кіші, жеңген және жеңілген мемлекеттердің барлығына бірдей экономикасын дамыту үшін дүниежүзілік саудаға және шикізат көздеріне жол ашылуына көмектесуге бағытталған барлық міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайтын болады; 5) барлық мемлекеттердің экономикалық даму дәрежесін теңестіру, еңбек жағдайларын және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру мақсатындағы ынтымақтастығын кеңейтуді қалайды; 6) фашистік билікті толық жойған соң барлық елдердің өз территориясында бейбіт өмір сүруін, барлық халықтардың қорқыныш пен жоқшылықтан арылған алаңсыз тіршілігін қамтамасыз ететін жүйенің құрылуын қалайды; 7) басқыншылық мақсат ұстап отырған мемлекеттердің (жалпыға бірдей қауіпсіздіктің тұрақты жүйесі жасалғанға дейін) қарусыздандырылуын көздейтін, бейбітшілікті мақсат тұтқан халықтарды қаруланудың ауыр шығындарынан босататын барлық әрекеттерді қолдайды, т.б.1941 ж. қыркүйекте Атлантика хартиясына талқылау үшін Лондонда АҚШ, Бельгия, КСРО, Люксембург, Ұлыбритания, Чехословакия, Франция (“Азат Франция” қозғалысы) өкілдерінің конференциясы шақырылып, құжат мақұлданды. Оның бірқатар идеялары 1945 ж. Біріккен Ұлттар хартиясына енгізілді. 1954 ж. АҚШ президенті Д. Эйзенхауэр мен Ұлыбританияның премьер-министрі У. Черчилль А.х-ның негізгі принциптерін қайтадан бекітті.