Қаратаев Бақытжан (1863-1934)

Қаратаев Бақытжан (1863-1934)

Қаратаев Бақытжан Бәйсәліұлы – (10.05.1863, қазіргі Орал обл. Қаратөбе ауданы Ақбақай ауылы – 26.08.1934, Ақтөбе қаласы) – көрнекті заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, демократ. Орынбор гимназиясын үздік бітіріп, 1890 жылы Императорлық Санкт-Петербург университетінің заң факультетін кіші алтын медальмен бітірген соң Әділет министрлігінің құзырына кіргізіліп, басқарушы сенаттың екінші департаменті шенеунігі қызметіне қалдырылды. 1891 жылы Кутансиде (Грузия) сот тергеушісі, 1897 жылы Орал облысында адвокат болып қызмет істеді. 1907-1916 жылдары ағартушылық жұмыстарымен айналысты. Ол 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетінің идеологиялық бағыт-бағдарын айқындауына тікелей жәрдемдесті. «Айқап» журналының (1911-1915) беделді авторларының бірі ретінде, оның заман талабына сай жаңару, даму, өркендеу шарттарын уағыздаған демократиялық мазмұнын аша түсуге атсалысты. Қазақ халқының жер-суына өзі ие болу құқын қорғауда Қаратаев екі мемлекетпен Дума мүшесі ретінде айрықша белсенділікпен күресті. Ішкі Ресейден ағылған көші-қонның шұғыл тоқтатылуын талап етті.

 

1917 жылы 16 мамырда өткен Думаның мәжілісінде қазақ халқының мүддесін қорғап, қайта қоныстандыру саясатының «қазақтарды қатты қинау» жолымен жүзеге асырылатынын ескертті. Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусымдағы бұратаналарды майданның қара жұмысына алу туралы жарлығынан кейін Қаратаев «Қазақтар жайындағы естелік жазба» атты құжат әзірлеп, Петроградқа сапар шекті. Дума төрағасы мен Соғыс министрлігіне тапсырылған бұл хатта жарлық шығару мен оны жариялауда заң тәртібінің бұзылуына жол берілмегендігі, сондай-ақ, жергілікті әкімдердің оның мәнісін халыққа өз мағынасында дұрыс жеткізе алмағандығы әшкереленді. 1917 жылы мамырда монархия құлағаннан кейін Қаратаев большевиктер партиясына кіріп, Орал облысында Кеңес өкіметін орнатуға қатысты. Орталық ағарту комитетінің заң істері комиссары болып сайланды.

1919 жылы В.И.Чапаев басқарған 25-атқыштар дивизиясында атты әскер бригадасында командир болды. Осы жылы Қазақ өлкесін басқару жөніндегі ревкомның мүшесі және Қазақстан кеңестерінің І-ІІ сиездеріне делегат болып, Орал губерниялық адвокаттар алқасын басқарды. 1927 жылы партиядан шығып, өмірінің соңына дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданды. Земство және қала қайраткерлерінің Мәскеу сиезіне қатысқан.

 

1918 жылы көктемде ақ қазақтар Оралда төңкеріс жасап, облыстық кеңес атқару комитетінің өзге мүшелерімен қатар оны да тұтқынға алды. Тоғыз айдан соң қызылдар Оралды азат еткенде, өлім жазасынан құтқарылып, түрмеден босатылады. Ақтөбеде халық алдында БК (б) П Қазөлкомының 1-хатшысы Ф.И.Голощекинге қарсы шығып, халықты қырған, аштыққа ұрындырған қылмысын бетіне басты. Сол нәубеттен ұзамай, өзі де дүние салды.

 

Әдебиеттер:

 

1.Қаратаев Бақытжан // Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.213

2.Қаратаев Бақытжан // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – б.213-215.

3. Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – б.351

4. Ықсанғали С. Бақытжан Қаратаев – қайталанбайтын тұлға // Түркістан. – 2010. – 23 қыркүйек. – б. 8

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *