АТКАШТАН ТҰҚЫМДАСЫ (Hіppocastanacеae) — көп жылдық ағашты өсімдіктер. Қазақстанда Күнгей, Іле Алатауында, Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Аткаштан тұқымдасының Аткаштан (Aesculus) туысы, оның бір ғана түрі — кәдімгі Аткаштан (A. hіppocastanum) бар. Биіктігі 30 м-дей, жуан діңі шеңбер не пирамида тәріздес, қабығы қоңырлау сұр келеді. Саусақ салалы жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Тостағанша, күлте жапырақтары, аталығы бес-бестен, ал аналығы біреу және ол 3 жеміс жапырағынан тұрады. Гүлі алғашқы кезде сары болады, кейін оған қызғылт дақ түседі. Сәуір — мамыр айларында гүлдеп, қыркүйек — қазанда жеміс береді. Жемісі — 3 тұқымды қауашақ. Аткаштан тұқымдасы — саябақтарда, көшелерде сән ағашы ретінде өсіріледі. Тұқымы малазығына пайдаланылады. Оның қабығында илік заттар бар. Сүрегі жеңіл, ағаш бұйымдарын жасау үшін қолданылады.