«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. … бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы»
Мағжан Жұмабаев
“Тәрбие – біз үшін не өмір, не өлім, не құтылу, не бақыт, не қайғы мәселесі”-деген
Абдолла Аблони
Жұмыс барысынан көрнекі фото
Осы мақаланы оқи отырып өз балалық шақтарынызды еске алып немесе ата ана балсаңыздар бала тәрбиелеудегі өз тәжірибеленіңізді көз алдарыңзға келтіріп бала тәрбиесі туралы тұжырымдар жасасаңыздар болады.
Адам баласы балаға тәлім-тәрбие бермес бұрын, ең алдымен өз бойындағы кемшіліктерді, қателерді көре білуі керек. Адам бойында: дұрыс әрекет, сүйіспеншілік, ақиқат, ішкі тыныштық, қиянат жасамау қасиеттері болса, тәрбиелеген ұрпақ болашақтың мақтанышы болады. Балаға осы қасиеттерді бойына сіңдіре отырыптәрбие беру керек. Мен өзім «Өзін-өзі тану» АҮД гуманитарлық колледжінде «мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығында оқыдым. Бізге осы асыл қасиеттерді бойымызға дарытады, өскелең ұрпаққада осындай тәрбие беруді үйренеді.
Біздің данахалқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесін болашақ тәрбиесі деп түсінген. Сол себепті, жаман мінез, қылықтан сақтандыруда «ұлға – отыз үйден, қызға — қырық үйден тыю» салған. Бұл және де біздің қазақ ұлтында бала тәрбиесінің бүкіл әулеттің, бүкіл ауылдың асыл парызы болғанын, оған отбасы, туған-туыс, көрші-көлем, ағайын болып ат салысқанын танытады. Өйткені, ол бай іс-тәжірибені, жоғары адамгершілік қасиеттер мен ақыл-парасатты, білімділік пен даналықты талап етеді.
Ең бастысы, жаңа туған нәрестенің өзіне ата-анасының, туған-туыстарының күле қарауынан, жылы-жылы сөйлеп, жақсы көруінен, иіскеп, аялауынан бақытты сезінетіні, олардың қарым-қатынасты түсіну қабілетінің артатыны есіңізде болсын. Жыламайтын, мазасызданбайтын, ауырмайтын сәби жоқ. Әсіресе, жас нәресте жылаған кезде қолыңызға алып, құшағыңызға қыспасаңыз да, жанында отырып уатуға тырысыңыз. Мұндайда сәби ата-ана ықыласынан, назарынан тыс қалмасын. Сонда оның бойында сенімділік сезімі қалыптаса бастайды, жалғыздық, керексіздіктен туындайтын үрей, қорқыныш, жалтақтық бойын билемейді. Өмір тәжірибесі көрсеткеніндей, бала көбінесе, тісі өскенде, жүре бастағанында, сөйлеуге талпынғанында ерекше жылауық болып келеді. Бұл денелік, рухани қажеттіліктің салдары. Одан қорықпаңыз.
Кішкентай кезінде балалар қолына не болса, соны алады, бәрін де ұстап көргісі келіп, қызығады. Ұстауға болмайтын заттарды (өткір, қатты, иісті, кір нәрселерді, асыл бұйымдарды, қасиетті кітаптарды және тағы да басқаларды) қолынан аларда ата-анасы ашуланбай, ұрыспай, жылы сөзбен оны беруге көндіріп, жылатпауға, ренжітпеуге тырысқаны жөн. Тек мұндай заттарды баланың алуға болмайтынын кесімді түрде ескерткен де дұрыс. Мысалы: «мұны балаларға ұстауға болмайды», — дегендей.
Психолог-дәрігер жас балаға ата-анасы бір нәрсе айтарда тізерлеп отырып, онымен бойы бірдей жағдай да сөйлескен жақсы әсер етеді дейді. Иә, әрбір жас бала ата-анасымен, туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болғанды, олардың алдында еркін жүріп, тұрғанды қалайды. Егерде ата-анасы жас сәбиімен үнемі жоғары отырып, түрегеліп тұрып «биіктен» сөйлесетін болса, бала «жоғары жаққа қарағыш» болып өседі, кемістік, әлсіздік сезімдеріне беріледі. Сәби де, ата-анасы да бір-біріне тура қарап сөйлессе, екеуі де әдемі қуатқа бөленеді.
Жұмыс барысынан көрнекі фото
Барлық ата-ана баласын еркелетіп өсіреді. Тек, осы еркелету шектен тыс болса, оның зияны өте зор. Керісінше, біздің көптеген ата-аналарымыз баласының қалаған барлық тағамын ішкізіп, қалаған барлық киімін үстіне жапсырып, қалаған барлық заттарын сатып алып береді. Мұны ұл-қызының мұқтажсыз өмір сүруіне жағдай жасау деп түсінеді. Содан бала ешнәрсенің нарқын да, парқын да білмей өседі. Ержете бастасымен-ақ ата-анасына өтініш көбейіп, «аспандағы айды алып бер», — деуден де тайынбайды. Тіпті, өсе келе баланың өтініш, тілегін бұлжытпай орындалуға тиісті талапқа, бұйрыққа да айналады.
Еркелетіп, әлпештеудің күшейетін бір кезі бала ауырып қалғанында. Көп ата-ана баласы сәл сырқаттанып қалса да оған айрықша көңіл бөліп, асты-үстіне түсіп өбектейді, айтқан тілегінің бәрін орындауға жанталасады. Ал, психолог-дәрігер бала ауырғанда оған өте айрықша көңіл бөлмеуге кеңес береді. Себебі, кейбір балалар өздері ауырғанында ата-анасының ерекше назар аударатынын байқап, қалаған затын алдырту үшін өтірік ауыратын да болады. Және де баланы ойнатып отырып тамақтандырмаңыз. Бұлай жасасаңыз, балаңыз тамақ ішерде Сіздің өзіне ерекше ықыласыңыздың ауғанын, өзімен ойнағаныңызды күтетін, соған әдеттенетін болады. Егерде сондай жағдай қалыптасқанда балаңызға көңіл бөлмесеңіз, ол жабырқап қалады, қыңыр, қырсықтыққа салынады, тамаққа тәбеті тартпайды.
Кейбір балалар «қорқып жатырмын», — деп анасын жанынан шығарғысы келмейді. Мұндайда оның «қулығын» біле тұра, оған қарсы шықпай, ұрыспай, құшаққа алып, неден қорқып жатқанын білуге тырысқан жөн. Қорыққаны қулық болса, оны өзіңнің сезетініңді білдіріп, әке-шешесін бұлай алдауға болмайтынын жайлап түсіндірген де абзал-ақ.
Ата-анасының баласына шектен тыс көңіл бөлуі отбасындағы тыныштықты да бұзады, баланың дұрыс жетіліп өсуіне кесірін тигізеді. Баланы шектен тыс қорғаштау да қауіпті. Өйткені, мұндай балалар үшін бәрін де ата-анасы жасап, жаман үйреткені үшін олар өмірге жеткілікті мөлшерде дайын болмай, ата-анасынан жәрдем күтеді. Сөйтіп, әке-шешесіне өмірбақи масыл болады. Шектен тыс әлпештеуге үйреніп, оны өз пайдасына жаратып, әдеттенген бала ешкімнен жылы сөз естімейтін ортаға тап болса, депрессияға ұрынуы да әбден мүмкін. Ата-анасы өміріне көп араласқан бала ержетсе де бір нәрсені бүлдіріп алатындай, өз бетінше іс-әрекет жасай алмайды. Мінеки, мұның бәрі шектен тыс еркелетуден, әлпештеп өсіруден.
Баланы жалғызсыратпау.
Қазіргі өмір қат-қабат шаруаға толы. Көп балалардың ата-әжесі жок, әке-шешелері таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Сол себепті өте жастары күндіз балабақшада, мектеп жасындағылар сабақтан соң үйде жалғыз қалып, өмір сүруде. Жасыратыны жоқ, жұмысбасты ата-аналардың кешкі, түнгі демалысында да баласына тиісінше назар аударуларына уақыты, мұршасы жетпейді. Содан көп бала өз бөлмесінде өзімен өзі ойнайды, жалғыз отырады. Олардың ас дайындап, кір жуып, үй жинап жатқан анасынан сұраған сауалына да алып жатқан жауабы мардымсыз. Яғни, көп ата-ана жұмыстан кейін де жас баласымен отырып әңгімелеспейді, оларды ешнәрсеге үйретпейді, ойнатпайды, ертегі айтып бермейді. Жас баланың жүрегі таза айна тәрізді. Ол алдында тұрған, өзі көрген нәрсені, жағдайды тез қабылдайды, жақсы, жаманның не екенін өз бетінше айыра алмайды. Осындай уақытта ата-анасы оларды лас, жаман әдеттерден аулақ ұстауға үйреткен жөн.
Бодбай Жансая Шакизатқызы
Алматы қаласындағы
КМҚК «№190 бөбекжай-балабақшасының»
Тәрбиешісі