Кейкі Көкенбайұлы (1871 – 1923)
Торғай көтерілісінің батыры Кейкі Көкенбайұлы 1871 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген. Орта жүз құрамындағы қыпшақ тайпасының құланқыпшақ руынан шыққан. Тұрмыс тапшылығын ерте көрген Кейкі Жыланшық болысы Р. Шашамбайұлының малын қорып, дұшпандарына аттандыратын жігіті болған. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттілігімен аймаққа танылған.
Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел
аузында «Амангелдінің көзі мерген болса, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама ел аузына тараған. Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерлісіне алғашқы күндерінен-ақ белсене араласып, оның негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарды, көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шығып тұрды. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және Жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. 1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қызылқұмға бой тасалауға мәжбүр болды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де толастамады. Ақыры, 1923 жылы комиссар Александр Токаревті атып кеткен Кейкіні 22 сәуірде қызыл әскерлер айуандықпен өлтірді. Олар мергеннің екі қолымен басын кесіп алып, басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қойды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға, ал 1926 жылы, республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, СанктПетербургқа алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы. Кейкі мергеннің ұрпақтары Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы батырдың 125 жасқа толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.