Әбдіғапар Жанбосынұлы (1870-1919)
1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Әбдіғапар Жанбосынұлы 1870 жылы Торғай облысы, Торғай ауданының Қараторғай болысында туған. Тілеулі батырдың ұрпағы. Арғы атасы Нияз би Абылай ханның сенімді серігі, әкесі Жанбосын (1847-1895) көп жылдар болыс болған. Анасы Алуа Ақтасқызы (1840-1934) (Ақтас – А. Байтұрсыновтың әкесінің ағасы). Әбдіғапар арабша, орысша сауатты болған, өз ауылында бастауыш мектеп ашқан. Ағаштан ою ойған шебер болған, суармалы егіншілікпен айналысқан, ақыл-
парасатымен ел ағасы атанған. Торғай даласындағы ұлт-азаттық қозғалысқа басшылық жасауға Әбдіғапарды хан, Амангелдіні бас сардар етіп сайлады. Әбдіғапар ел билігін соғыс жағдайына бейімделген дала демократиясы негізінде қайта құрды. Алдымен Әбдіғапар хан өзін хан деп атамай, әмір деп есептеді. Ол өзі басқарған Торғай елін бүкіл қазақтың тәуелсіз мемлекеті құрылғанға дейін метрополияның билігін мойындамайтын, жаугершілік заманда уақытша өмір сүруге құқылы автономиялық аймақ деп санады.Әбдіғапар көтерлісшілерді 20 адамнан тұратынхалық өкілдерінің кеңесі арқылы басқарды. Бұл кеңес әскери, әкімшілік, шаруашылық мәселелерін шешетін басшы орталық болды. Жергілікті жерлерде Әбдіғапардың жарлығымен елбегілер сайланды. Көтерлісті жақтаған болыстар өз орнында қалдырылды. Көтерлісшілер ежелгі шығыс дәстүрімен ондық, жүздік, мыңдықтарға жіктелді. Әбдіғапар жасақтаған әскери құрылым империяның қарулы күштеріне аса тегеурінді қарсылық көрсетті. Оның қоластына Қазақстанның көптеген аймақтарынан көтерлісшілер жасақтары келіп қосылды.
Торғай өлкесі Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ірі орталығына айналды. Әбдіғапар Кеңестердің Торғай обл. I-съезіне (Орынбор, 1918 ж. наурыз) қатысып, кейін Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартты. Қызыл әскерлер қолынан Зәуре қопасында қаза тапты. Ұрпақтары «хан тұқымы» ретінде аяусыз қуғынға ұшырады.