Амангелді Үдербайұлы Иманов
(1873 – 1919)
Торғай даласындағы 1916 жылғы ұлт-
азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі, жалынды большевик, азамат соғысының қаһарманы Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай үйезі, Қайдауыл болысында туған. Әкесі шаруа баққан момын кісі болған. Шешесі Қалампыр Қақуқызы медресе бітірген. Амангелді ауыл молдасынан 2
жыл оқып, кейін Тасыбай, Тәшмағамбет ишандардың медресесіне түскен. Әкесінен 7 жасында жетім қалып, жоқшылық тауқыметін ерте тартқан. Ел ішіндегі дау-дамайға ерте араласқан, сол себепті Ресей империясының жергілікті билеушілерінің қудалауына ұшырап, 1896 – 1911 жылдар арасында бірнеше рет түрмеге отырғызылды.
Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей императорының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтерілісі барысында айқын көрінді. 2-3 ай ішінде елеулі күшке айналған көтерілісшілер Қоғалыкөлде бас қосып, Әбдіғапар Жанбосынұлын хан, Амангелдіні көтеріліс қолбасшысы етіп сайлады. Әбдіғапар мен Амангелдінің ұйымдастырушылық іскерлігінің нәтижесінде көтеріліс саяси сипат алды. Торғай қаласын 27 күн бойы қоршауға алды. Ол көтерілісшілердің Шошқалы, Күйік қопаларындағы шайқастарына, подполковник Тургеневтің үлкен жасағына қарсы 1917 жылғы 21-23 ақпандағы Құмкешу-Доғал-Үрпектегі соңғы айқасына тікелей басшылық жасаған. Көтеріліс Ресейдегі Ақпан төңкерісіне дейін жалғасты. Амангелді 1918 жылы 21 наурыз – 2 сәуірде Орынборда болған Торғай Кеңестерінің тұңғыш съезіне қатысты. Торғай даласының әскери комиссары болып тағайындалды. 1919 жылы 20 сәуірде Торғайда Кеңес бір-біріне қарсы қойған аласапыран уақыттың алмағайып саясатының құрбаны болды. Мәйіті бір жылдан кейін әуелі Алакөлге, кейін (1940) аудан орталығына әкелініп жерленді. Қабірінің басына ескерткіш орнатылды. Амангелдінің ерлікке толы ғұмыры көптеген ақынжазушылардың шығармаларына арқау болды. Ол туралы талай өлең, поэма, роман, музыкалық шығармалар туғаны жұртшылыққа аян Амангелді жайында көп айтылып жүрген ақындардың сөзінің ішінде көркем айтылған бір теңеу ол «алмас» деген сөз. Қай алмас дегенге: ел алмасы, тарихтың алмасы дер едік…