ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОР ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ТАРИХИЛЫҒЫ

ҚАЗАҚ ЭТНОГРАФИЯСЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОР ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ТАРИХИЛЫҒЫ

Д.Идрисов – оқытушы, Алматы экономикалық колледжі

Фольклор туындыларының өзіне тән ерекшеліктері бар. Фольклор туындыларының ортақ нышаны болып табылатын мәселенің бірі – ол шығармалардың ауызша жаратылатыны, халық жадында сақталатындығы, түрлі нұсқалы болатындығы, дәстүрлі тіркестер мен сарындардың жиі орын алатындығы, бір туындыда талай заманның елесін бере алатын көп қабаттылық қатар кездесетіндігі, синкреттік сияқты сипаттар, тарихи шындықтың қорытылып, суреттеліп берілуі. Міне, осылар фольклордың ортақ нышаны болып есептеледі.
Ал эпоста тарихи шындықтың бейнеленуі теориялық мәні бар күрделі мәселе. Кең мағынасында алғанда белгілі бір туындыда тарихи ақиқаттың нақтылы қамтылу заңдылығы қандай екенін ажырату өте күрделі. Бұл эпоста шындық пен қиялдың, көркемдік жинақтаудың ара қатынасын анықтауға бағыттайды. Эпос табиғатын түсіну және оны талдаудың қиындығы мәселенің аса күрделілігін сипаттайды. Эпикалық мұраның тарихилық дәрежесін жете түсінгенде ғана қазақ халқының эпикалық мұрасын рухани азығына айналдыруға болатыны сөзсіз. Шынында да эпостың оқиғалық түбірі бертінгі заманға жақындаған сайын талдау да қиындай түседі. Мұның өзі эпостың тарихилығы туралы мәселенің теориялық, методологиялық жағына зер салуды қажет етеді.
Фольклор туындыларының тарихилығын қарастырғанда өткен дәуірдегі көшпелі қазақ халқының әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени мәселелермен бірлікте қарау басты міндет болуы тиіс. Бұларды бірлікте, іштей өзара тығыз байланыста қарастыру – оқиғалар мен құбылыстардың методологиялық негізін көрсету болып табылады. Қазақ фольклорын халықтың тарихы, әдебиеті, тілі, салт-дәстүрі, этнографиясы, географиясы сияқты салалардан бөліп алып тексеру қиын, олай болуы да мүмкін емес. Себебі бұлар әруақытта қоғамы мен заманына байланысты тығыз бірлікте, бір-бірін толықтырып, толыққанды мазмұнға ие болатыны сөзсіз. Бұл салада фольклор халықтың тұрмыстық әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, дүниетанымын белгілі дәрежеде жоғары сатыға көтереді, оның жанрларының синкреттілігі, көп функциялылығы мәселені кең көлемде қамтуды қажет етеді. Бұлар фольклор туындыларының негізгі арнасы болып табылатын тарихнамамен тығыз байланысты. Олай дейтініміз тарихнама фольклордың және тарихи-этнографиялық еңбектердің сапалығын айқындайтын өлшемнің бірі. Фольклор туындыларының ортақ нышаны – бір туындыда талай заманның елесін бере алатын көпқабаттылық, яғни полистадиялық қатар кездесетіндігі, синкреттік сипаттар болып табылады. Осыған орай біз зерттеу жұмысында фольклордың және оның туындыларының тарихнамасын алғы шарт ретінде басшылыққа алдық. Зерттеу жұмысында мәселенің жалпы мәні мен мазмұнын талдап көрсетумен қатар әрбір фольклор жанрының өзіне тән тарихилық ұғымын және әлеуметтік шындықты көрсетуге тырыстық. Дәлірек айтқанда, озық методологиялық және әдістемелік тәсілдермен қаруланбайынша фольклор мәселелерін салдарлы шешу мүмкін емес. Фольклор құбылыстарын салыстырмалы тарихи тұрғыда қарау – ғылыми зерттеу өрісін дамытып, кеңейте түседі. Белгілі бір заңдылықтарды табу үшін фольклордағы ұқсас, сарындас туындылар табиғатын түрлі типологиялық шарттар тұрғысынан алып тексеру қажет. Сол сияқты зерттеу жұмысында құрылыстық – типологиялық, жүйелілік, кешенді-тұтастық принциптерін пайдалану жаңа қорытындылар жасауға толық мүмкіндік тудырады. Міне, осы көрсетілген методологиялық және әдістемелік тәсілдер зерттеу жұмысында қолданылды.
Фольклордың тарих және әлеуметтік шындықпен байланысы туралы мәселе Ш.Уәлиханов еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Ш. Уәлихановтың фольклордың шындыққа қатысы туралы мәселені қалай қарағанын ғалымның саяхат күнделіктерінен және тарих, этнография, заң туралы еңбектерінде кездесетін факторлар жайлы тұжырымдарынан көруге болады. Ш. Уәлиханов фольклордың тарихилығын алғы шарт деп санады. Ол өзінің жазбаларында [1] “Көшпелі, жазу-сызуы болмаған халықтардың тарихи фактыдан гөрі аңыздарында сақталған” – деп көрсеткен. Ш. Уәлиханов өзінің басқа еңбектерінде де өзінің осы пікірін дәлелдеуге тырысады: “Көшпелі якут, қалмақ, моңғолдардың өз поэзиясы бар. Демек, олардағы өзіндік … интеллектуалдық, прогрессивтік өмірі бар… Якут поэмаларының көркемдік қасиеттерімен бірге тарихи да маңызы бар. Бұл поэмалардың әрқайсысы халық өмірінің әр дәуіріндегі белгілі тарихи оқиғаларды өшпес етіп кетті” [2] – деп көрсетті.
Ш. Уәлиханов тарихты белгілі бір халықтың өткен өмірі ретінде ғана емес, өмір шындығы, қоғамдық қарым-қатынас, әдет-ғұрып пен сенімнің идеалдық жиынтығы ретінде қарастырады. Бұл туралы ол былай деп жазды: “… қазақтың поэзиясы – халық өмірінің, түсінігінің, қоғамдық қарымқатынасының шын айнасы, оның өте көптеген қызғылықты шарттары бар” [3].
Сонымен, фольклор мен шындықтың ара қатынасы туралы мәселені Ш. Уәлиханов өткен ғасырда-ақ қарастырған және оны дұрыс шешуге тырысқан.
Ш. Уәлихановтың фольклор мен өмір шындығының ара қатынасы жөніндегі пікірлерінен шыға отырып айтатын болсақ, қазақ халқының лиро-эпикалық жырлары немесе батырлар жыры саласындағы шежірешілдігін, жыршылдығын, тарихи саласының сергектігін, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтта болуы мен сабақтастырған жөн. Себебі көшпелі қазақ халқының эпостық жырлары көшпелілер өркениетінің Евразия ойкуменінде үш мың жылдық тарихымен тығыз байланысты, өзара сабақтасып жатады.
Эпостық жырлардың нысанасы, бағыт-бағдар етіп ұстанатыны алдымен тарих, ол қалай болған күнде де тарихтың төл туындысы. Оның тарихи оқиғаларады өзінің көркемдік мақсатына қарай, бүтін сюжеттің құрамына қарай, жанрдың табиғатына лайық икемдеудің өзі де шындық. Эпостың тарихилығына қатысты тұстары көп. Оларды төмендегі мәселелердің төңірегіне топтастыруға болады:
1. Қазақ эпосының пайда болған дәуірі, рулық бірліктердің, ұлыстардың, хандықтардың, тарихи оқиғалардың жырға арқау болған мезгілі.
2. Қазақ эпосын шыққан дәуіріне қарай тарихи кезеңдермен байланысты топтастыру, жанрлық белгілерін, түрлерін қоғамдық-экономикалық дамумен бірлікте алып, хронологиялық тізбесін жасау.
3. Эпос жанр түрінде ертегі, миф, аңыз, әңгіме, тұрмыс-салт жырларынан қашан, қай дәуірде іргесін бөліп алып, өз алдына дербес жанр болып қалыптасты, оған себепші болған қай заманның әлеуметтік, тарихи ортасы дейтін сауалдарға ой жіберу.
4. Жырда кездесетін оқиғаларды, кісі, жер-су аттарын, көне сөздерді тұрмыс-салт көріністерін арнайы тарихи дерек ретінде қарастыру. Бұл ретте тіл ғылымы мен этнография да өз мақсаттарына қарай қызмет атқарады [4].
Фольклор туындыларының тарихилығы белгілі бір дәуірдің мән-мағынасын айқындайтын елеулі тарихи фактілер, шынайы өмір шындығы екендігі мәлім. Бірақ, шындық – жалпылама түсінік емес, ол нақты нәрсе. Қай заманда да көркем сөз өкілінен өзі жырлап, жазып, қағаз бетіне түсіріп отырған кезеңнің шынайы шындыңы талап етілген. Сол шындықты көрсету оның қабілетіне қарап бағаланған. Бұл жөнінде Лессинг Г.Э. өзінің еңбегінде: «Белгілі бір дәуірдің сөз өнеріндегі көркем шындықтың тарихи ақиқатқа арақатынасы – әдебиеттану ғылымының тарихилық сынды келелі проблемасымен тікелей сабақтас. Ал, бұл жайдың әдебиеттану ғылымында елеулі назар аударарлық мәселе ретінде сөз бола бастағанына екі ғасырдан астам уақыт өтті» [5] – деп көрсетті. Сонан бергі мезгіл ішінде осы мәселенің табиғи ерекшелігіне дендей кіруді мақсат еткен көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеулер жарық көрді [6]. Әсіресе, бұл мәселенің соңғы жылдар ішінде қазақ әдебиеттану ғылымында төңкеріске дейінгі және төңкерістен кейінгі әдеби құбылысындағы тарихилық мәселелерін зерттеудегі тағлым алалық үлгі екендігі сөзсіз.
Фольклор туындыларындағы тарихилық сапалық тұрғыдан алғанда ғылымдағы тарихилықтан ерекшелеу болып келеді. Біз бұл арада фольклордағы тарихилық пен ғылымдағы тарихилықтың арасындағы айырмашылықты атап өтпекпіз. Атап айтқанда, ғылым белгілі бір дәуірдің тарихи даму заңдылықтарын тұжырымдармен өрнектесе, ал фольклор туындылары сол тарихи құбылыстарға деген адам қатынасын – оның кісілік құлқы, әрекеті, таным дүниесіндегі өзгерістері арқылы көрсетеді. Басқаша айтқанда «белгілі бір дәуірдің нақты тарихи мән-мазмұнын, оның қайталанбас келбеті мен ерекше бейнесін көркемдік әдіспен игеретін ауызша және жазбаша әдебиеттің тарихилық» [7] мәселесі осы қасиеті арқылы өзіне ерекше назар аударуды талап ететіні хақ. Сонымен, фольклорды және оның туындыларын көріктендіруші негізгі көз – тарихтың ауыз әдебиетіндегі бет-бейнесін тарих ғылымымен және оның саласы этнографиямен байланыссыз қарастыру мүмкін емес. Олай болса фольклор туындыларының тарихилық принциптері мен проблемалары, осы байланыстың түп-төркінін, ықпаләсерін, өзгеру, өрістеу жолдарының негізін анықтау үшін қызмет етеді.
Қазақтың лиро-эпос жырларының басты ерекшелігі – ол айрықша дәуірлерде ғана дамитын мәселе. Себебі эпос тудыруға тарихтың белгілі бір кезеңдерінде қажеттіліктер себеп болады. Бұл қажеттіліктер халық өзінің өткендегі батырлық, қаһармандық істерін рухтанып, медет табуға зәру болған кездер де ғана бұрыннан келе жатқан аңыздар мен сарындар жаңа дүниетаным тұрғысынан қорытылып, тың, жаңа қуат күшпен өзгеріс тауып жаңғырады. Әрине, олардың, яғни лиро-эпикалық жырлардың негізгі түбірін немесе олардың пайда болу кезеңін нақтылы анықтау, сөзсіз, қиын мәселе. Сондықтан, біздің пікірімізше, лиро-эпос жырларының барлық нұсқаларын жинап, филологиялық, психологиялық, географиялық, тарихи-этнографиялық, этномәдени тұрғыдан талдап тексергенде ғана оның пайда болуы туралы дұрыс тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Осы жағдайлар ғана лиро-эпос жырының жанрлық (әңгіме, дастан, ғашықтық жыр, роман) бітімін жекелеп тексеріп шыққанда ғана тиісті фольклорлық, этнографиялық қорытындылар, тарихи заңдылықтар ашуға бағыт береді.
Лиро-эпос жырының тарихын зерттеу немесе оның тарихын шолу этнографияның қырларын көрсету жалаң мақсаттан тумайды. Бұл лиро-эпос жыры саласындағы ізденістерді, зерттеулерді желісін дұрыс анықтап, белгілеу, жоспарлау, мақсат-міндеттерді айқындау, әдістемелік негіздер табу үшін қажет. Бұлардың бәрі де ғылымның қажетінен туады.
Романдық эпостың ішкі құрамында да тақырыптық сюжеттік жағынан біртектестік, біркелкілік жоқ. Әсіресе, алдымен байқалатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» сияқты жырлардың өзгешелігі бар да, сюжеттік құрылымы бойынша араб, парсы тілдес халықтардың ауызша, жазбаша әдеби-фолбклорлық мұраларынан ауысып келген, болмаса солардың әсерінен туған эпостың үлкен бір тобы бар (олар қиссалар, дастандар деп те аталады) [8]. Романдық эпостардың тақырып пен сюжеттік желісінің біркелкі еместігін, олардың өзін іштей жекелеген түрлерге бөлуге болатыны туралы Дүйсенбаев Ы. Былай деп жазды: «Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі бай саланың бірі – лиро-эпос. Бұған жататын нұсқаларды үш топқа бөлуге болады. Біріншісі, ел арасына көп тараған, ерте кезде қағаз бетіне түсіп, азды-көпті баспа жүзін көрген шығармалар, екіншісі – халық арасына ауызша біраз тараса да, баспа жүзін көре алмаған нұсқалар, үшіншісі – шығыс әдебиетінен келген қиссалар» [9].
Қазақтың ғашықтық жырлары фольклор туындылары ретінде екі салаға бөліп қарау, біріншісі – қазақтың лиро-эпосы, екіншісі – қисса-дастандар, тәжірибеде кең таралған мәселе. Дәлірек айтқанда, зерттелуі жағынан лиро-эпостар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» молырақ қамтылады. Ал қисса-дастандар жеке зерттеу еңбектерге арқау бола бастады. Бұл салада фольклоршыэтнографтар көп еңбек сіңірді. Мәселен, шығыс сюжетіне арналып жазылған дастандардың кейбір ерекшеліктеріне Ы. Дүйсенбаев тоқталған болса, кейін Р. Бердібаевтың, А. Қыраубаеваның, Б. Әзібаеваның еңбектерінде қазақтың қисса-дастандарының жанрлық, көркемдік ерекшеліктері арнайы сөз болып зерттелді.
Фольклор туындыларының тарихилығы, дәлірек айтқанда қазақ эпосыныңтарихилығы және әлеуметтік-тарихи шындық мәселелері туралы талданған материалдардан шыға отырып, қорытынды ретінде Ж. Тілеповтың «Қазақ поэзиясының тарихилығы» атты еңбегінен фольклорлық және тарихи деректерді дұрыс деп т аптық. Автор өзінің еңбегінде: «Өзінің басты объектісі адамды бейнелеу арқылы әр дәуірдің сан қилы сыр-сипатын көрсететін көркем әдебиеттің (жазба әдебиеттің) даму кезеңдеріне көз салғанда, оның нақтылы тарихи адамдар мен тарихи оқиғаларды бейнелеу ерекшелігі, яки әдебиеттегі тарихилық мәселелері айрықша назар аудартары анық. Ал, әр дәуір жыршысының өз заманының тарихи кескінін бейнелеуге әрекет еткен шығармасы тек белгілі бір ұлт әдебиетінің жасын межелеуге ғана емес, сол әдебиеттің осы өзекті мәселе тұрғысынан алғандағы жүріп өткен жолын бағдарлауға да мүмкіндік береді. Сөз жоқ, ол жолды азаматтық тарихпен тікелей жарысып отыратын жол деп тануға болар еді. Өйткені, онан белгілі бір халықтың халықтың рухани есею жолын, тағдыры таразыға түскен небір тарии тайталастарының мәліметтерін табасыз. Ал, әдебиетте бейнеленген бұл мәліметтер белгілі бір дәуірдің мән-мағынасын айқындайтын елеулі тарихи фактілер, шынайы өмір шындығы екені мәлім» [10] – деп көрсетті.
Эпостың тарихқа қатысы жөніндегі және оның этнографиямен байланысы туралы зерттеулер соңғы жылдары кеңінен орын алуда. Бұл салада С. Қасқабасовтың, Т. Сыдықовтың, З. Сейтжановтың, Б. Абылқасымовтың, Ш. Ибраевтың, Е. Құдайбергеновтың Ш. Керімовтың [11] зерттеулерінің маңызы зор. Эпостың тарихилық дәрежесін анықтау үшін фольклордың басқа да жанрлардың заңдылығын есепке алу қажет. Мәселен, тұрмыс салт-дәстүрлеріне байланысты романдағы эпостардың халық тұрмыс салтының этнографиялық болмысы мен көріністері, ғашықтық өлеңдердегі тұрмыс салт көріністері және оның этнографиялық қырлары қазақ фольклорының тарихында ерекше орын алады. Осыған орай біз зерттеу жұмысының тақырыбын лиро-эпикалық жырларда көрініс тапқан тарихи оқиғаларды көрсету, фольклор туындыларының тарихилығы мен әлеуметтік шындықты ашып көрсету, лиро-эпикалық (ғашықтық) жырлардың қазақ этнографиясының қайнар көзі екендігін көрсету мәселесіне арнауды мақсат деп таптық.
Фольклор туындыларының тарихилығы мәселесіне арналған тараудың алғашқы сұрағын аяқтай отырып, қорытынды ретінде Р.Бердібаевтың “Эпос – ел қазынасы” еңбегінен төмендегі жәйттерді келтірдік: “эпоста тарихи шындықтың бейнеленуі деген аса күрделі, теориялық мәні бар мәселе. Белгілі бір туындыда тарихи ақиқаттың нақтылы қамтылу заңдылығы қандай екенін ажырату фольклортанудың ең күрделі проблемасының бірі. Бұл кең мағынасында алғанда, эпоста шындық пен қиялдық, көркемдік жинақтаудың арақатынасын анықтауға апаратын сұрау. Осы төңіректе түрлі қисындар, тұжырымдар ғылымда қатар айтылып келе жатқандығының аса күрделігін сипаттайды” [12].
Ғалым-этнограф Б.М.Путилов былай дейді: “Эпикалық шығармашылық шындыққа негізделді… Көркем модельмен өмір шындығы бір біріне туп тура келмейді, бірақ ұқсастық бар. Эпикалық дүние өмір шындығының аздап бұрмаланған бейнесі емес, реалдық шындық заңдылғы бойынша жасалатын шын бейнесі де. Бұл жағдайды біз фольклордан саяси тарихқа және сол сияқты деректерді алғанда ескеруіміз керек ” [13].
Фольклордың тарихилығы деген ұғым өте кең ұғым. Фольклордың тарихилығы тарих, этнография, география, өнер сияқты туыстас ғылымдармен өте тығыз байланыста болады, мазмұны жағынан бір-бірін толықтырып, оның сипатын ашып көрсетеді. Фольклордың тарихилығының ең басты сипаттары-біріншіден, фольклорлық дәстүр және фольклорлық шығарма, екішіден, заттық және рухани мәдениеттің мәліметтері, үшіншіден, тарихи оқиғаларға тікелей және жанама байланыстығы, төртіншіден, әр дәуір мен қоғам өміріне сәйкес өзгеріске ұшырауы. Бұл сапалар фольклордың этнографиялық дерек көзін, фольклордың этнографиялық шындыққа қатысын, жанасымдылығын көрсетеді. Жалпы, фольклорда кездесетін этнографиялық мотивтер, сюжеттер этнографиялық болмысты, оның тарихын қайта келтіруге өте құнды дерек көз болып саналады [14].
____________________________
1. Валиханов Ч.Ч. Заметки о киргизах. // Валиханов Ч.Ч. Собр. Соч. В 5-ти т. — Алма-Ата,
1961. — Т. І. — С. 342.
2. Валиханов Ч.Ч. Заметки по истории южносибирских племен. Т. І. –С. 381.
3. Там же. – С. 391.
4. Рахманқұл Бердібай. Эпос-ел қазынасы. – Алматы: Рауан, 1995. — 67 б.
5. Лессинг Г.Э. Гамбургская драматургия. – М.-Л., 1986.
6. Храпченко М.Б. Творческая индивидуальность писателя и развитие литературы. — М.: Советский писатель, 1975; Новиков В. Художественная правда и диалектика творчества. — М.: Советский писатель, 1974; Сучков Б.Л. исторические судьбы реализма. — М., 1973; Воробьева Н.Н.
Принцип историзма в изображении характера. — М.: Наука, 1978.
7. Краткая литературная энциклопедия. — М.: Советская энциклопедия, 1966. – Т. 3. – С.227.
8. Ибраев Ш. Қазақ эпосы. Салыстырмалы және жүйелі зерттеудің мәселелері. —
Алматы, 1987. — 18-19 бб.
9. Дүйсенбаев Ы. Қазақ әдебиетінің тарихы. — Алматы, 1960. – 501 б.
10. Тілепов Ж. Қазақ поэзиясының тарихилығы. – Алматы: Ғылым, 1994. – 3 б.
11. Қасқабасов С. Миф пен эпсананың тарихилығы // Қазақ фольклорының тарихилығы. – Алматы: Ғылым, 1993; Сыдықов Т. Қазақтың тарихи жырлары және бүгінгі ғылым. – Алматы, 1993; Сейтжанов З. Романдық эпостардағы халық тұрмысының көріністері. – Алматы, 1993; Абылқасымов Б. Қазақтың ғұрып фольклорындағы арбау жырының кейбір мәселелері. – Алматы, 1993; Матжанов К. Баллар фольклорындағы этнографиялық бастаулар. – Алматы, 1994; Құдайбергенов Е. Ғашықтық өлеңдердегі тұрмыс-салт көріністері. – Алматы, 1993; Керімов Ш.
Салт-серілік дәстүрлердің этнографиялық қырлары. – Алматы, 1994.
12. Рахманқұл Бердібай. Эпос-ел қазынасы. – Алматы: Рауан, 1995. — 67 б.
13. Путилов Б.Н. Эпос и обряд. // Фольклор и этнография. — Л.: Наука, 1993. – С. 77.
14. Қазақ фольклорының тарихилығы. – Алматы, 1993. — 82 б.

Резюме
В статье рассматриваются вопросы историзма и этнографичности казахского фольклора.
Summary
Ouestion of history and ethnography Kazakh folklore is considered in article.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *