ЖАҢА МАМАНДЫҚТАРДЫҢ АШЫЛУЫНА СӘЙКЕС АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ
ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫНДА ФАКУЛЬТЕТТЕР МЕН КАФЕДРАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ
КЕҢЕЮІ (1970-1990 жж.)

ЖАҢА МАМАНДЫҚТАРДЫҢ АШЫЛУЫНА СӘЙКЕС АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ
ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫНДА ФАКУЛЬТЕТТЕР МЕН КАФЕДРАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ
КЕҢЕЮІ (1970-1990 жж.)

Н.Б.Манкеев –
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Отан тарихы кафедрасының оқытушысы

Республикада 60-шы жылдардың аяғынан бастап халық шаруашылығы үшін аса жетік мамандар даярлауға үнемі қамқорлық жасалынып, жоғары мектептерді жұмысшы және ауыл жастарымен, өнеркәсіп және ауылшаруашылығы озаттарымен толықтыру ісіне баса назар аударылды. Соған байланысты, білім дәрежесі неғұрлым жоғары жастарды даярлау және жоғары оқу орындарына іріктеп алу ісін жақсарту шаралары жолға қойылған болатын. Алайда, бұл жұмысты жүргізуде елеулі кемшіліктер орын алды. Әсіресе, кешкі (сменалық) мектептерде жұмысшы және ауыл жастарының жалпы білім даярлығын жақсартуға жете қамқорлық жасалмай келді. Кәсіпорындар мен ұйымдар және колхоз-совхоздар өндіріс озаттарын жоғары оқу орындарына оқуға жіберу жөнінде өздеріне берілген мүмкіндікті толық пайдаланбады. Бірқатар ірі қалаларда жоғары оқу орындарында өндірістен қол үзіп оқып жүрген студенттер арасында жұмысшы және ауыл жастарының алатын үлес салмағы әлі де жеткіліксіз болып келді. Сондықтан, жұмысшы және ауыл жастарының жалпы білім даярлығы дәрежесін көтеру және олардың жоғары оқу орындарына түсуіне қажетті жағдай жасау мақсатымен жоғары оқу орындары жанынан дайындық бөлімшелерін құру қажет болды. Соған байланысты, КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі 1969 жылы 20 тамызда «Жоғары оқу орындары жанынан дайындық бөлімшелерін ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады [1].
Осы қаулының негізінде Абай атындағы Қазақ педагогика институты (ҚазПИ) жанынан 1969 жылы 1 қыркүйектен бастап дайындық бөлімшесі ашылып, дайындық бөлімшесінің міндеті және оған тыңдаушылар алудың тәртібі мен тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз етудің қажетті шаралары белгіленді. Дайындық бөлімшесінде сабақ күндізгі, кешкі және сырттай оқу түрлері бойынша жүргізіліп, құрамында өндірістен қол үзіп және қол үзбей оқитын кемінде 100 тыңдаушы болуы тиіс еді. Өндірістен қол үзіп оқитындарға оқу мерзімі – 8 ай, өндірістен қол үзбей оқитындарға – 10 ай болып белгіленді. Институт дайындық бөлімшесінің оқу топтары ірі өнеркәсіп орындары, құрылыс, транспорт пен байланыс ұйымдары және колхоз-совхоздар негізінде құрылып, оған оқуға озат жұмысшылар мен колхозшылардың, КСРО Қарулы күштері қатарынан босап келгендердің арасындағы толық орта білімі бар адамдар қабылданды. Сондай-ақ, мұнда түсетін жас жұмысшылар мен колхозшылардың кемінде 1 жыл практикалық жұмыс стажы болуға тиіс еді. Ал, жастарды іріктеп, осы бөлімшеге жіберу жұмысы тікелей өнеркәсіп орындары, құрылыс, транспорт және байланыс ұйымдары, колхоздар мен совхоз басшылары, әскери бөлім қолбасшылары, партия, комсомол және кәсіподақ ұйымдарының ұсынуы бойынша жүзеге асырылып отырды. Дайындық бөлімшесін аяқтап, оқу бітіру емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдар қабылдау емтиханын тапсырмай-ақ институттың 1 курсына қабылданды. Сол тұста, министрліктер мен ведомствалардың, жоғары оқу орындары, өнеркәсіптер, құрылыс, транспорт пен байланыс ұйымдарының, совхоздар мен колхоздардың республика жоғары оқу орындары жанындағы дайындық бөлімшелерін оқуға қажетті үйлермен, тыңдаушыларға арналған жатақханалармен, қажетті оқу жабдықтары және құралсаймандармен қамтамасыз етуінің мәні зор. Сөйтіп, 1969/1970 оқу жылында дайындық бөлімшелеріне республика бойынша жалпы саны 20 мыңға дейін адам қабылдауға рұқсат етілді. Дайындық бөлімшесіне өндірістен қол үзіп оқуға қабылданған тыңдаушыларға жоғары оқу орындарының 1 курс студенттеріне белгіленген мөлшерде стипендия төленді. Дайындық бөлімшесіндегі педагогикалық жұмысқа институттың үздік оқытушылары, сондай-ақ жалпы білім беретін орта мектептердің неғұрлым ысылған мұғалімдері қатыстырылған. Ал, бөлімше жұмысына оқу-әдістемелік басшылық пен бақылау жасау міндеті Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім беру министрлігінің тікелей қадағалауында болды [2].
Сондай-ақ, КСРО Жоғары және арнаулы орта білім беру министрлігі 1967 жылдан бастап жоғары оқу орындары жанынан оқу мерзімі 4 ай болатын орта мектеп басшылары мен мұғалімдерінің біліктілігін көтеретін факультеттер (БКФ) ұйымдастыруға рұқсат еткен болатын. Бұл мәселе КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1972 жылы 20 маусымдағы «Жастардың жаппай орта білім алуына көшуді аяқтау және жалпы білім беретін мектепті одан әрі дамыту туралы» қаулысының 9 тармақшасында: «КСРО Оқу министрлігі және одақтас республикалардың Министрлер Кеңестері педагог кадрлардың мамандығын арттырудың, озық тәжірибені қорытып, таратудың жетекші оқу-методикалық орталықтары ретінде мұғалімдердің білімін жетілдіру институттарының рөлін көтерсін. Осы ретте, бірқатар университеттер мен педагогикалық институттарда мектеп директорларының мамандығын арттыру факультеттерін құрған жөн деп табылсын» деп ерекше атап көрсетілген [3]. Осыдан барып, 1974 жылы наурыз айында Абай атындағы ҚазПИ-де республикадағы орта мектеп басшыларының идеялық-теориялық біліктілігін арттыру мақсатында «Біліктілікті көтеру факультеті» (БКФ) ашылды. Оқу жоспары бойынша факультет тыңдаушыларына педагогика, өндірістік және педагогикалық практикалар, оқу үрдісін жоспарлау және қаржыландыру, мектеп басқару және мектепте пәндерді оқыту әдістемесі бойынша сабақтар жүргізілген. Факультетте қызмет істейтін профессор-оқытушы, оқыту-көмекші және әкімшілік-басқару қызметкерлерінің саны күндізгі бөлім факультеттерінің штатына лайықтап белгіленді. Ал, тыңдаушыларды оқытуға жұмсалатын шығын министрлік тарапынан кадрларды даярлауға және олардың мамандығын арттыруға бөлінген қаржы есебінен өтелді.
Институттың біліктілікті көтеру факультетінде педагогикалық жұмыстан қол үзіп кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда жаттығудан өтуші оқытушылардың оқуда немесе стажировкада жүрген кезінде негізгі қызметі бойынша жалақылары сақталды. Ал, сырттан келген тыңдаушыларға айына 40 сом мөлшерінде стипендия төленді, бірақ стипендия мен сақталатын жалақы айына 140 сомнан аспауы керек болатын. Бұл кезде біліктілікті көтеру факультетіндегі тыңдаушылардан құралған 13 топтың ішінде 1198 мектеп басшысы өз білімін көтерген екен. Мектеп басшыларының демеушілік көрсетуіне байланысты институтта оқу үрдісіне қажетті құралдармен жақсы жабдықталған «мектептану» кабинеті ашылды.
1972 жылы оқырмандарға кітапхана-библиографиялық білім негіздері бойынша сабақ жүргізу мақсатында «Кітапхана-библиографиялық факультет» ұйымдастырылды. Сабақ
кестесіне енгізілген аталмыш пән бойынша аспиранттарға, біліктілікті көтеру факультетіндегі мектеп директорлары мен студенттерге 60 сағат мөлшерінде кітапхана қызметкерлері дәріс оқыды. Дәріс барысында кітапхана қызметкерлері оқырмандарға өзіндік методика бойынша топтық және жеке консультациялар беріп, библиографиялық және ақпараттық басылымдармен таныстырды. Кітапханабиблиографиялық факультетті 1972-1974 жылдары жоғары білімі туралы куәлікпен барлығы 65 студент аяқтаған екен [4]. Сонымен қатар, оқу үрдісінде дәрісханалар мен зертханаларды тиімді пайдалану және оларды сабақ кестесіне сәйкестендіру мақсатымен 1970/1971 оқу жылында математика, физика, көркемсурет-графика факультеттері, 1971/1972 оқу жылында тарих, филология және жаратылыстану-география факультетінің жанынан диспетчерлік пункттер ашылды. Мұндай пункттер факультеттегі оқу үрдісін қадағалауда және студенттерді оқытудың сабақ кестесіне сай жүргізілуін ұйымдастыруда, сондай-ақ институт оқу-материалдық базасын тиімді пайдалануда ректорат және деканат қызметіне зор көмек тигізді.
Институт құрылымындағы өзгерістер 70-жылдары толастаған жоқ. Айталық, 1971/1972 оқу жылында тарих факультетінде айтулы өзгеріс орын алды. Дәлірек айтсақ, Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің 1972 жылы 18 мамырда «Қазақ КСР тарихы және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасын құру туралы» № 437 бұйрығы шыққан болатын. Бұйрықта КСРО жоғары оқу орындары кафедраларының ережесіне сәйкес орта мектептер үшін тарих және қоғамтану пәні мұғалімдерін даярлау сапасын арттыру мақсатында Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетінде.
«Қазақ КСР тарихы және тарихты оқыту әдістемесі» кафедрасын құру қажет екені айтылған [5]. Сондай-ақ, аталмыш кафедраны факультет құрамында 1937 жылдан жұмыс жүргізіп келе жатқан «КСРО халықтарының тарихы» және «Жалпы тарих» кафедралары негізінде құру мақсаты көзделді. Осы тұрғыда, институт ректоры Серғали Толыбековтың 1972 жылы 10 маусымдағы № 447 бұйрығына сәйкес 1972 жылы 1 маусымнан бастап «Қазақ КСР тарихы және тарихты оқыту әдістемесі» кафедрасы құрылды. Міне, бүгінгі таңда «Отан тарихы» деп аталатын кафедраның негізі алғаш рет осылай қаланған еді. Өз алдына жеке шаңырақ көтерген кезден бастап 1982 жылға дейін кафедраның тұңғыш меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, доцент Тұрсын Әбдірахманқызы Көшкінбаева болды. Кафедра алғаш құрылған кезде оның құрамында № 447 бұйрық бойынша 2 ғылым кандидаты, доцент (Т.Ә.Көшкінбаева, Т.Ж.Шойынбаев) және 3 аға оқытушы (В.С.Садықова, Ж.Е.Өтебәлиев, К.М.Бекеев) бар еді [6]. Жаңа ұйымдастырылған кафедра құрамына бастапқыда оқуәдістемелік пәндер, мұрағаттану курсы және педагогикалық практика енгізілді.
1973 жылы 16 қаңтарда институт атауы Қазақ КСР Оқу Министрлігіне қарасты «Абай атындағы Қазақ педагогика институты» (ҚазПИ) болып өзгерсе, 1978 жылы 12 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша педагогикалық мамандар даярлау мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстар мен жетістіктер үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды [7]. Осы кезден бастап 1990 жылға дейін «Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ педагогика институты» деп аталған. Зерттеліп отырған кезеңдегі институт атауына қатысты айырмашылықтарды салыстырмалы түрде мына бір кестеден анық байқауымызға болады:

Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аталу көрсеткіші (1959–1990 жж.)

№ Өкілетті орган атауы
Оқу орнының атауы Жылдар Қысқаша атауы
1 Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта
білім беру комитеті Қазақтың Абай атындағы
Мемлекеттік педагогтік институты 1959 — 1960 ҚазМПИ
2 Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта
білім беру министрлігі Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогтік институты 1960 – 1973 ҚазМПИ
3 Қазақ КСР Оқу
министрлігі Абай атындағы Қазақ педагогика институты 1973 – 1978 ҚазПИ
4 Қазақ КСР Оқу
министрлігі Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы
Қазақ педагогика институты 1978 – 1989 ҚазПИ
5 Қазақ КСР Халыққа
білім беру министрлігі Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы
Қазақ педагогика институты 1989 – 1990 ҚазПИ
6 Қазақ КСР Халыққа
білім беру министрлігі Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық университеті 1990 – 1991 ҚазМПУ

1974 жылы физикалық география кафедрасынан бөлініп шығып «Жалпы жертану» кафедрасы өз алдына жеке отау тіксе, 1975 жылы көркемсурет-графика факультетінде «Кескіндеме», жаратылыстану-география факультетінде «Бейорганикалық химия» кафедралары ашылды. Сондайақ 1975 жылы институтта Қазақстанның педагогикалық жоғары оқу орындарындағы баспа қызметін үйлестіретін және барлық пәндер бойынша жинақтар шығаратын редакциялық-баспа бөлімі ашылып, оның құрамына баспа цехы енгізілген болатын. 70-жылдары институт құрылымындағы елеулі өзгерістердің бірі жаңадан «дефектология» факультетінің ашылуы еді. Факультеттің құрылуына 1977 жылы 7 маусымда Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Абай атындағы ҚазПИ-де дефектология факультетін ұйымдастыру туралы» № 64-ші және институт ректорының 1977 жылы 28 маусымдағы «Дефектология факультетін құру туралы» № 390-шы бұйрығы тікелей әсерін тигізді [8]. Осының негізінде, 1977 жылы 1 қыркүйектен бастап Республикадағы психологиялық білімнің, ғылым мен практиканың орталығы болған, құрамында бір ғана дефектология кафедрасы бар «Дефектология факультеті» өз жұмысын бастады. Факультеттің қалыптасуы психология ғылымдарының докторы, академик Жәмила Ыдрысқызы Намазбаеваның есімімен тікелей байланысты. Бұл дефектология бойынша Республикада тұңғыш ашылған факультет еді. Сондай-ақ, Қазақ КСР Оқу министрлігінің 1977 жылы 9 маусымдағы «ҚазПИ кафедраларын қайта құру туралы» № 65 және институт ректорының 1977 жылғы 28 маусымдағы № 391, 392 бұйрықтары негізінде математика факультеті ішінен «Математикалық анализ», «Алгебра және сандар теориясы», «Геометрия және есептік математика», «Математиканы оқыту әдістемесі» тәрізді жаңадан 4 кафедра құрылды. Бұл кафедралар 1980 жылға дейін жұмыс істеп, 1980 жылы 8 тамызда Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Математикалық пәндер кафедрасын қайта құру туралы» № 117 және институт ректорының 1980 жылғы 1 қыркүйектегі № 531 бұйрығына сәйкес «Геометрия және есептік математика» кафедрасы – «Геометрия және математиканы оқыту әдістемесі», ал, «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасы – «Есептік математика және дифференциалдық теңдеулер» кафедрасы болып өзгерді [9]. 1980 жылы 10 наурыздан бастап дефектология факультеті ішінен жаңадан «Олигофренопедагогика», «Логопедия және психопаталогия» кафедралары ашылған болатын. Сондай-ақ, дефектология факультеті негізінде 1983 жылы «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі» кафедрасы ашылып, аталмыш кафедра 1985 жылы институт құрамында жаңадан «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі» факультетінің (декан Рамсейіт Қоянбаев) құрылуына ықпал етті.
Қазақ КСР Оқу министрлігінің 1981 жылы 20 тамыздағы № 620 және институт ректорының 1981 жылы 9 қыркүйектегі № 559 бұйрығына сәйкес студенттердің жекелеген заң пәндерін жемісті меңгеріп, олардың өзара байланысын және жалпы құқықтық пәндерге ортақ проблемаларды түсіну үшін ортақ құқықтық ұғымдар мен категорияларды оқыту мақсатында тарих факультетінде жаңадан «Кеңестік құқық» кафедрасы (кафедра меңгерушісі К.Б.Бегалин) құрылды [10]. Кафедрада студенттерге құқықтық білім берудің сипаты кеңестік құқық негізі бойынша студенттердің кәсіби құқықтық қөзқарас негізін қалыптастырып, заңдық құбылыстарға дұрыс талдау жасауда шынайы методологиялық сеніммен қарауға бағытталды. Тарих факультетінде «Кеңестік құқық» кафедрасының құрылуы бүгінгі таңдағы заң факультеті құрылуының бастамасы еді. Негізі осы кезден бастап қаланған аталмыш кафедра 1992 жылы тарих факультетінен бөлініп шығып, өз алдына жеке «Заң факультеті» болып құрылды. Сонымен қатар, 1981 жылы 20 тамыздан бастап жалпыинституттық «Маркстік-лениндік этика-эстетика және ғылыми атеизм» кафедрасы өз жұмысын бастады. 1982/1983 оқу жылында институтта тарих, филология, жаратылыстанугеография, математика, физика, көркемсурет-графика және дефектология факультетін қосқанда барлығы 7 факультет жұмыс істеді. Алайда, ауыл мектептеріне кең профильді мамандықтар бойынша мұғалім кадрлар даярлау мәселесіне байланысты 1983/1984 оқу жылында институт құрылымында бірқатар өзгерістер болды. Айталық, дәл осы кезде 1968 жылдан жеке екі факультетке бөлініп, жұмыс жүргізіп келген физика және математика факультеттері қайтадан біріккен (физикаматематика) болатын. Осыған байланысты бұл көрсеткіш аталмыш оқу жылында барлығы 6 факультетті құрады [11]. Сондай-ақ, «Орыс тілі мен әдебиетін арнайы мектептерде оқыту әдістемесі», «Ұйғыр тілі мен әдебиеті», «Еңбекке баулу» тәрізді жаңа кафедралар ашылса, 1984 жылы Қазақ КСР тарихы және тарихты оқыту әдістемесі кафедрасынан алғашқы меңгерушісі педагогика ғылымының кандидаты, доцент Шәбден Әділханов болған «Тарихты оқыту әдістемесі және қоғамтану» кафедрасы бөлініп шықты. 1983/1984 оқу жылында институтта барлығы 6 факультет, 42 кафедра болса, бұл көрсеткіш 1984/1985 оқу жылында 7 факультет 46 кафедра болғанын байқатады. Яғни, 2 факультет (физика-математика) өзара қосылып, оның есесіне жаңадан 4 кафедра ашылған екен. Бұл кезде «Бейорганикалық химия» кафедрасы – «Бейорганикалық химия және химияны оқыту әдістемесі», ал, «Дарвинизм және генетика» кафедрасы – «Жалпы биология» кафедрасы болып атауын өзгерткен болатын. Сөйтіп, институттағы барлық 46 кафедрада 453 оқытушы жұмыс істеп, 35 ғылым докторы (оның ішінде 2 адам КСРО ПҒА, 2 адам Қазақ КСР ҒА корреспондентмүшесі), 221 ғылым кандидаты, 96 аға оқытушы, 104 оқытушы-ассистент болған екен [12].
Институт тарихына қатысты мұрағат деректеріне көз жүгіртсек, 1987 жылы 22 маусымда Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ педагогика институтының ректоры болып т.ғ.д., профессор Тоқмұхамед Сәлменұлы Садықовтың келуімен 80-жылдардың аяғында да институт құрылымында бірқатар өзгерістер болғанын байқаймыз. Мәселен, Қазақ КСР Оқу министрлігінің 1987 жылы 22 маусымдағы № 821 бұйрығына байланысты 1 қыркүйектен бастап дефектология факультетінде «Арнайы педагогика» кафедрасы ашылса, 1987 жылғы 30 шілдедегі институт ректорының № 498 бұйрығы институт құрылымына түбегейлі өзгеріс енгізуді мақсат тұтты. Нәтижесінде, кафедралар құрылымы мен атауына мынадай өзгерістер енгізілді:
— «Есептік математика және дифференциалдық теңдеулер» кафедрасы – «Информатика және есептеуіш техника» кафедрасы болып өзгерді;
— «Тарихты оқыту әдістемесі және қоғамтану» кафедрасы «Кеңестік құқық»
кафедрасымен қосылып – «Тарихты оқыту әдістемесі және кеңестік құқық» кафедрасы деп аталды;
— Органикалық және бейорганикалық химия кафедралары «Химия және химияны
оқыту әдістемесі» кафедрасы болып өзара бірікті;
— «Зоология» кафедрасы «анатомия және физиология» кафедрасына қосылып – «Физиология және зоология» кафедрасына айналды;
— «Экономикалық география» және «Географияны оқыту әдістемесі» кафедралары бірігіп – «Экономикалық география және географияны оқыту әдістемесі» кафедрасы болып аталды [13].
1989 жылы да институт құрылымында елеулі өзгерістер болып жатты. Айталық, КСРО Халыққа білім беру министрлігінің 1989 жылғы 9 қыркүйектегі № 626 бұйрығы, 1989 жылы 11 шілдедегі Институт Кеңесінің шешімі сондай-ақ, 1989 жылғы 22 шілдедегі институт ректорының № 679 бұйрығы көркемсурет-графика факультетінде «Арнайы пәндерді оқыту әдістемесі», филология факультетінде «Практикалық қазақ тілі» тәрізді жаңа кафедралардың ашылуына ықпал етті. 1990 жылы 27 қыркүйекте № 963 институт бұйрығы бойынша орта мектептерге музыка пәнінің мұғалімін даярлап шығару мақсатында институтта жаңадан «Музыка-педагогикалық» факультеттің тұсауы кесілді. Алғаш құрылғанда оның құрамындағы «Музыкалық аспаптар», «Дирижерлік» және «Бастауыш мектепте музыкалық тәрбие беру әдістемесі» тәрізді 3 кафедра педагог мамандарға музыкалық білім берудің алғышарттарын қалыптастырған болатын. Бір жылдан соң «Бастауыш мектепте музыкалық тәрбие беру әдістемесі» кафедрасының атауы – «Музыкалық тәрбие беру әдістемесі» болып өзгеріп, факультет құрамында жаңадан «Хореография», «Халық аспаптары», «Музыкалық тәрбие тарихы, теориясы мен әдістемесі» кафедралары ашылды. Сондай-ақ, 1990 жылы дефектология факультетіндегі «Арнайы педагогика» кафедрасы «Логопедия және психопаталогия» кафедрасымен біріксе, 1990 жылы 3 желтоқсанда ректордың № 1202 бұйрығымен «Бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі» кафедрасы жеке екі кафедраға: «Педагогика» және «Бастауыш оқыту әдістемесі» болып бөлінген екен [14]. Осылайша, мұрағат деректеріне сүйене отырып 80-жылдардың аяғында институт құрылымында болған бірқатар өзгерістерге көз жеткіздік. Ендігі жерде, 1970-1990 жылдардағы институт факультеттерінің санына байланысты айырмашылықты өзара салыстырып қорытатын болсақ, 1970 жылы 6 факультет (тарих, филология, физика, математика, жаратылыстану-география, көркемсурет-графика), 1972 жылы 7 факультет (тарих, жаратылыстану-география, физика, математика, филология, көркемсурет-графика, кітапхана-библиография), 1977 жылы 7 факультет (тарих, физика, математика, жаратылыстанугеография, филология, көркемсурет-графика, дефектология) 1983 жылы 6 факультет (тарих, физикаматематика, жаратылыстану-география, көркемсурет-графика, филология, дефектология) 1985 жылы 7 факультет (тарих, физика-математика, жаратылыстану-география, көркемсурет-графика, филология, дефектология, бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі) болса, 1990 жылы бұл көрсеткіштің жалпы саны 8 факультетке (тарих, физика-математика, жаратылыстану-география, филология, көркемсурет-графика, дефектология, бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі, музыкапедагогикалық) артқанын байқаймыз. Сонымен, зерттеліп отырған кезеңде институт құрылымы біқатар өзгерістерді бастан кешіре отырып, 1990 жылы 25 қазандағы институт ректорының № 1075 бұйрығы негізінде институт атауы Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы «Қазақ Мемлекеттік педагогикалық университеті» (ҚазМПУ) болып өзгерді [15]. Тарихқа жүгінсек, бұл тұңғыш жоғары оқу ордасы 1928 жылы «Қазақ Мемлекеттік университеті» (ҚазМУ) деген атаумен шаңырақ көтеріп, 1930 жылы 25 желтоқсанда «педагогикалық институт» болып қайта құрылған болатын. Содан бері араға 60 жыл өткізіп барып қайтадан «университет» мәртебесін алған екен. Бұл сол кездегі Қазақстан тәуелсіздігімен тұспа-тұс келген еді. Осылайша, зерттеліп отырған кезеңде Абай атындағы ҚазПИ құрылымында, оның ішінде факультеттер мен кафедраларда түбегейлі өзгерістердің болғанына көз жеткіздік.
Қорыта айтқанда, Абай атындағы ҚазПИ-дің университеттік білім беру деңгейінде қайта құрылуы ұстаздар ұжымының алдына оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және қоғамдық тәрбие жұмысындағы қиын міндеттер мен нақты тапсырмаларды қойды. Ал, болашаққа өткеннен сабақ ала отырып, оның барлық бағаларын сақтай отырып секіріс жасауға болатыны белгілі. Сондықтан, институт құрылымындағы жетістіктер мен қайшылықтарды саралай келе, келешекте пайдалануға болатын бай мұралар қабылдауымызға болады. Мұның өзі түптеп келгенде Қазақстанда педагогикалық білім беруде Абай атындағы ҚазПИ-дің тарихи рөлінің маңыздылығын көрсетсе керек. __________________________
1. ҚР ПМ (Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты), 17 қор, 59 тізбе, 407 с/б, 69-74 бб // КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Жоғары оқу орындарының жанынан дайындық бөлімшелерін ұйымдастыру туралы» Қаулысы, 20 тамыз 1969 ж.
2. КОКП сиездері мен конференцияларының және Орталық Комитет пленумдарының қарарлары мен шешімдері, 10 том (1969-1971жж). — Алматы: Қазақстан, 1975. — 79-82 бб.
3. ҚР ПМ 17-қор, 59-тізбе, 412-с/б, 19-20-бб.// КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Жастардың жаппай орта білім алуына көшуді аяқтау және жалпы білім беретін мектепті одан әрі дамыту туралы» Қаулысы, 20 маусым 1972 ж.
4. Жумабеков Ж.Ж. Казахский педагогический институт имени Абая. /к 50-летию основания КазПИ. -, Алма-Ата: Казахстан, 1978. — 37-38 сс.
5. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 193-іс, 271-б.// Приказы по институту, том ІІ, 1 апреля 1972 г. – 30 июня 1972 г.
6. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 193-іс, 269-270-бб. // Приказы по институту, том ІІ, 1 апреля 1972 г. – 30 июня 1972 г.
7. Указ Президиума Верховного Совета СССР «О награждении Казахского педагогического института имени Абая орденом Трудового Красного Знамени». – Москва. Кремль, 12 октября 1978 г. – Педагог, 14 октября 1978 г, № 14-15 (442-443), 1 с.
8. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 258-іс, 308-б.// Приказы по институту, том ІІ, 28 июня 1977 г.
9. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 298-іс, 14-б.// Приказы по институту, том ІІ, 8 августа 1980 г.
10. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 312-іс, 148-б.// Приказы по институту, том ІІІ, 1 сентября 1981 г. – 30 декабря 1981 г.
11. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 1629-іс, 4-5-бб.// Годовой отчет о работе института за 1983/1984 учебный год.
12. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 1687-іс, 2-9-бб.// Годовой отчет о работе института за 1984/1985 учебный год.
13. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 6 б.// Опись № 1 (прод.) для постоянного хранения за 1983/1984 – 1988/1989 учебный год.
14. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 403-іс, 10-11-бб.// Опись № 1 для постоянного хранения за 1989 – 1996 годы.
15. Абай атындағы ҚазҰПУ мұрағаты 1142-қор, 1-тізбе, 557-іс, 160-б.// Приказы по институту, том ІV, 1 сентября 1990 г. – 30 декабря 1990 г.

Резюме
В данной статье рассматривается изменение структуры КазПИ имени Абая в 1970-1990 годах.

Summary
In this article is considered the development of structure of KazРІ by named Abay in 1970-1990 years.




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *