«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ» ОҚУЛЫҒЫНЫҢ МАЗМҰНЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТАР

«ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ» ОҚУЛЫҒЫНЫҢ МАЗМҰНЫНДАҒЫ ЖАҢА БАҒЫТТАР

Е.Т.Қалиева –
т.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ Жалпы тарих кафедрасының доценті

Жалпы білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай орта білім мазмұны да көптеген жаңартуларды қажет етіп отыр. Жаңа әлеуметтік — мәдени жағдай тұрғысынан алғанда оқулық жаңарған білім мазмұнының материалданған формасы.
Білім мазмұны мемлекеттік стандартта жазылған талаптарға сай жасалады. Мемлекеттік стандартта оқушы меңгеруі тиіс білім, іскерлік дағдылардың көлемі, оқушының дайындығына қойылатын талаптар көрсетілген. Жаңа білім мазмұнын құруда мемлекеттік білім стандартына сәйкес жасалынған оқу бағдарламаларының басшылыққа алынатындығы белгілі. Сондықтан оқулық Білім және ғылым министрлігі ұсынған Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы тарапынан шыққан бағдарлама негізінде жазылды[1]. Жалпы білім беретін негізгі мектепті бітірген оқушылардың одан әрі бағдарлы мектепте білім алуына жағдай жасады.
Қазақстан тарихының бұл оқулығы жалпы білім беретін мектептің қоғамдық- гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбы оқушыларына арналған. Оқулықты жазуға Абай атындағы ҚазҰПУ мен әлФараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-ғалымдарынан құралған авторлық ұжым қатысты. Оқулық «Мектеп» баспасынан 2006 жылы алғаш рет жарық көрді. Оқулық өңделіп, толықтырылып 2010 жылы екінші рет басылып шықты.
Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытының 10-сыныбында оқылатын Қазақстан тарихына 51 сағат берілген[2]. Осыған сәйкес оқу материалдары 8 тарау мен 42 параграфқа бөлінген. 15 шартты баспа табақтай тарихи материалдарда Қазақстан тарихының ежелгі және ортағасырлардағы кезеңінің маңызды ғылыми мәселелері ғана баяндалады. Бұған дейін пайдаланып келген мектеп оқулықтарында жоқ оқу материалдары енгізілген. Олардың қатарында Отандық тарихымыздың толғақты тақырыптары бар. Мәселен, оқулықтағы қазақ халқының этногенезі, Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің пайда болып дамуы, көшпелілер өркениеті, қазақ диаспорасының тарихы сияқты кейінгі жылдары ғана жан-жақты зерттеле бастаған мәселелерге жеке тараулар арналған. Бұл тарауларды оқып үйренудің егеменді еліміздің болашақ ұрпағының өзін-өзі танып білуі үшін аса маңызды. Әрбір азаматтың өз Отанына, халқына деген сүйіспеншілігін оятуға септігін тигізері анық. Ең бастысы Қазақ мемлекетінің терең тарихы бар екендігін көрсете отырып, аса бай мәдени құндылықтарымызды, рухани байлықтарымызды, әдет-ғұрыптарымызды, ғұлама ғалымдарымызды танып білу және оны басқаларға таныту болып табылады. Сол арқылы мемлекетіміздің өзіне лайықты әлемдегі орнын, әлемдік өркениетке қосқан үлесін [4]анықтай білуге көмектеседі.
Кешегі кеңестік идеология жастардың бойына өткен тарих жайында теріс көзқарастар қалыптастырды. Көшпелілер дамымай артта қалған тағы-варварлар, жолындағының бәрін жалмап қиратып кететін дүлей күш, мәдениеттің қас жауы деген жалған түсініктер мен еуроцентристік пікірлердің орын алуына жағдай жасап келді. Оқулықта осындай олқылықтар біршама жөнделіп, Көшпелі өркениеттің адамзат тарихындағы заңды құбылыс екендігі, шаруашылық пен мәдениеттің, өмір тұрмысының ерекше түрі болғандығы туралы қорытындылар жасалады[3].
Бұл оқулықтың басқа оқулықтардың білім мазмұнынан ерекшелігі – бірінші рет бағдарламаға сәйкес тақырыптың тарихнамасы беріліп, проблеманың зерттелу жайдайы сөз болады. Мәселен, «Көшпелілікті зерттеу мәселесі», «Қазақстан аумағындағы мемлекеттілік тарихының зерттелуі» деген параграфтарда проблемаларды зерттеп қорытындылаудағы бұрмалаушылықтар, мәселені зерттеуге тигізген ғылымдағы жансақ пікірлердің әсері тұңғыш рет талданған.
Жалпы Қазақ мемлекеттілігінің (дәстүрлі мемлекет оған тән ерекшеліктердің жиынтығын білдіретін ұғым) қайнар көздері туралы мәселе[4, 20-21 б.] Қазақстан тарихнамасындағы өзекті мәселелердің қатарына жатады. Өкінішке орай, мыңдаған жылдарға созылған тарихы бар қазақ мемлекеттілігін анықтауда жансақ көзқарас орын алып келді. XV ғасырдың екінші жартысынан XIX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өмір сүрген Қазақ хандығы мемлекет ретінде саналған жоқ. Себебі көшпенділердің ешқашан еуропалық мағынадағы тарихы болған емес, тек «Қырғыз-қайсақтардың үш ордасы» ғана болды деп есептелді. Ал орда сөзінің де әр түрлі мағынасы бар екеңдігі белгілі. Тіпті қазақ сөзін де дұрыс атамай «қырғыздар, қайсақтар» деп атады. Ресей империясының Орта Азия мен Қазақстандағы отарлық саясатын прогресті озық саясат ретінде көрсетуге тырысты. Жоғарыда айтылғандарға қарап түркі-монғол көшпелілерінің әлемдік тарихтағы рөлінің аяқ асты етілгендігіне көз жеткізуге болады.
Патша үкіметінің ресми өкілдері «қазақтар – жабайы, жартылай көшпелі халық» десе, дворяндық-буржуазиялық тарихшылар «қазақтар — жартылай алғашкы қауымдық сатыда тұрған халық, оларда рулық құрылыс үстемдік етеді» деген қорытынды жасалғандығы белгілі.
Шынында да Көшпенділер өркениеттің құрамдас бөлігі болып табылатын Қазақ мемлекетінің терең тарихы бар екендігі айшықты дәлелдерген көрсетілген. Әрине негізін Керей мен Жәнібек салған Қазақ хандығы XV ғасырдың 60-70 жылдары құрылды. Бірақ осы тақырыпқа арналған тарауда Қазақстан территориясында оған дейін мемлекет болмаған ба деген сұраққа жан-жақты жауап берілген.
Дегенмен де уақыт бұл көзқарастың мүлдем негізсіздігін көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда адамзат баласының көзі жетіп отырғаны — ол әлемдік мәдениет дамуында көшпелілер мәдениетінің алар орны зор екендігі[5] туралы көзқарас берік орнықты. Міне, осы мәселер оқулықта өз көрінісін тапқан.
Мәселен, сол ерте заманнан-ақ сақ дәуірінде жарық көрген көшпенділердің қол өнер бұйымдары бүгінде әлемнің ең әйгілі мұражайларының мақтанышы болып отыр. Аң стилі, көшпенділерден қалған петроглифтер, басқа да зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, киіз үй сияқты олардың қалдырған мұралары әлемдік өркениетте айшықты орын алып, біздің мәдениетке негіз жасап беріп отырғандығын авторлар көрсетуге тырысқан.
Сонымен бірге, қазір көшпенділерге немқұрайлы қарап отырған Батыстан бұрын өркениеттің бір дара түрлеріне қол жеткізген. Бұған ежелгі өндірісте төңкеріс жасаған дөңгелекті арбаны және көшпенділер ойлап тапқан ат әбзелдері-ауыздықты, ер-тоқымды неше түрлі қару-жарақты қосуға болады. Көшпелілер өркениеті адамзатты әскери өнер саласында да жан-жақты байытқандығына оқулықта ерекше мән берілген.
Ғалымдардың айтуынша, көшпенділер сақ дәуірінен бастап-ақ, жазбаша мәдениетпен таныс болғандығын білеміз. Есік обасынан табылған (б.з.д. V ғғ.) күміс тостақанға қашалған сөйлемдер соған дәлел бола алады. Ал ежелгі түріктерде руналық жазу алфавитінің болғандығы бәрімізге аян. Көшпенділерге өзіндік сәулет өнері де тән болды. Оның ерекшелігі мен әсемдігі қоршаған ортамен үйлесімділігінде еді. Сөз өнері мен поэзия да көшпенділерді ежелден қоршаған ортамен тіл табыстыратын негізгі құрал саналғандығы оқу материалдарынан мәлім болады.
Ғылымда көшпелі тайпалардың қоғамдық құрылымы, әлеуметтік ұйымдасуы аз зерттелгендігі байқалады. Оған деректердің тапшылығы сияқты обьективті себептер әсер етті. Дегенмен Еуразия көшпелілерінің бірнеше мыңжылдық тарихы оларда қалыптасқан мемлекеттік дәстүрдің болғандығын көрсетеді. Мал ертеден-ақ көшпенділерде жеке меншікке айналғандықтан мүлік теңсіздігі, қоғамның саяси институттарының құрылу процесі де тез жүрді. Алғашқы еңбек бөлінісі — бақташы тайпалардың бөлініп шығуымен байланысты маманданған көшпелі мал өсіруге ауысқан кезден-ақ, б.з.д. II мыңжылдықтың соңы — I мыңжылдықтың басында әлеуметтік жіктелу мен жазу ісі сияқты мемлекеттілік белгілері пайда болғандығы байқалды. Сондықтан ерте темір дәуіріндегі тайпаларының күрделі қоғамдық құрылысына қарай отырып, оқулықта Қазақ мемлекеттілігінің түп-тамырын ғұн, сақ,үйсін тайпаларының бірлестігінен бастаймыз[5, 9 б.].
Көшпенділер адамзат дамуының өзіне тән арнасымен жүре отырып, тек өзіне ғана тән мемлекет формаларын өмірге әкелдігі сөз болады. Мысалы, ежелгі түріктер шаруашылық өмірден туындайтын рулық-тайпалық тәртіптерді сақтап дамыта отырып, үлестік-тайпалық басқаруға негізделген қағанаттар деп аталынған мемлекетті кұрды. Түркі мемлекеттерінің құрылымына басқа, көрші тайпалармен соғыс ықпал етіп отырды. Сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бірлестіктерге бірігу обьективті қажеттілікке айналды. Түркілік және түркі тілдес халықтардың мемлекеттері, барлық өркениетті елдердегідей, қалыптасқан әлеуметтік құрылымды қорғау мен заңдастыруға арналған тұтқа болды. Барлық басқару жүйесі көшпелі тұрмысқа қолайлы, көшпелі тұрмыстың ерекшелігіне бейімделгендігі айқын болады.
Кейінгі моңғолдардың тұсында дербес мемлекеттік құрылым — ұлыстық жүйе орнықты. Көбінесе ертедегі түрік мемлекеттілігімен сабақтастықта дамыды. Оқулықта түркі тілдес халықтар мемлекетінің құрылымына талдау жасалып, ортақ белгілері аталады. Қазақстан территориясындағы мемлекеттік бір жүйеде, тұтас методологиялық деңгейде қарастырылған. Қай кезеңде пайда болды, аймақтық шеңбері, сол кезеңдегі әлеуметтік қатынастардың дәрежесі дәйекті бейнеленген.
Оқулық — пәндік білім мазмұнын тұрақтаушы және оны меңгертуді ұйымдастырушы құрал. Сондыктан оның дамып отырған ғылым жағ-дайында ақпараттық функциясы арта түсуде. Ақпарат тасқыны үдей түсіп, бірін-бірі тез алмастырып, ғылыми-технологиялық процесс қарқындап бара жатқан казіргі заманда оларды қабылдау мен мектепке бейімдеп өндеуді соғұрлым қарқынды түрде жетілдіре түсуді талап етеді[7]. Мұндағы бұрынғы мектептегі тарих пәнінің мазмұндық құрылымынан басқа өзгешеліктерді осымен түсіндіруге болады.
Қазақ халқының қалыптасу тарихы (этногенезі), көшпелілер өркеңиеті және Қазақстан тарихында номадизмнің алатын орны мен рөлі, көщпелі өмір салтының қазақ халқының генезисіне тигізген әсері, Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің пайда болуы, қалыптасуы және дамуы, көшпелілердің рухани мәдениеті, қазақ даласының даналары, қазақ халқының этнографиясы мен этнодемографиясы деген тақырыптардың енгізілуінен жалпы орта білім мазмұнының түбірімен жаңарғанын байқауға болады.
Аталынған тақырыптар бойынша оқу материалдарының кейбіреуі тіпті жоғары оқу орындарының тарих факультеті студенттеріне арналған оқулықтарда жоқ. Сондықтан көшпенділер өркениеті туралы жоғары оқу орнының тарих факультеті студенттеріне жеке пән ретінде енгізілсе деген ұсынысым бар. Олай дейтін себебім, мысалы, мектептің 11 сыныбына арналған оқулықта қазақ диаспора туралы тарау бар, сол сияқты осы аттас пәннің тарих факультеті студенттеріне оқытылатындығы белгілі.
Оқулықтағы көптеген мәселелер әлі күнге дейін ғылымда берік орныға қоймаған даулы тақырыптарға жатады. Осы жағдайды авторлар ескере отырып, оқу процесінің қозғаушы күші болып табылатын қайшылықты проблемалық оқыту теориясына айналдырған. Мәселен, қазақ халқының этногенезі, глоттогенезі, антропологиялық мәселелер, қазақ этнонимі төңірегіндегі, көшпелілер өркениеті, мемлекеттілік төңірегіндегі даулы, екі ұшты пікірлер мен көзқарастар талдана келіп, көкейге қонымды, шындыққа жанасатын тарихи деректер негізінде мүлдем жаңа материалдарға орын берілген. Бүгінгі күнге дейін жинақталған тарихи білімдер бір арнаға тоғыстырылған деуге болады.
Сонымен қатар, оқулық беттерінен жоғарыда айтылған көкейтесті тақырыптарға байланысты соңғы баламалы тұжырымдамалар оки алады. Оқу үрдісін ізгілендіру талаптарына сәйкес оқушының оқу материалын өз бетімен қорытып, мәнін түсініп, сүйсіне білуіне жағдай жасалған. Көшпенділер өркениеті, мемлекеттілік мәселесі қайшылықты пікірлер түрінде берілгендіктен параграф соңында дебат, дискуссия сияқты оқушы әрекетін ұйымдастыру формалары қолданылады. Шығармашылық тапсырмалар оқушының өз пікірін қалыптастыру бағытында құрылған.

______________________
1 Қазақстан тарихы. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытының 10-11 сыныбының бағдарламасы.- Алматы, 2006. — 30 б.
2 Қазақстан тарихы: маңызды кезеңдері және ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10 сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2010. — 232 бет, суретті. Қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде.
3 Феномен кочевничества в истории Евразии. Номадизм и развитие государства//Сб.
материалов Межд. науч. конференции / Под ред И.В. Ерофеевой и Л. Е. Масановой.-Алматы: ДайкПресс, 2007.-204 с.
4 Козыбаев М.К. Казахстан на рубеже веков: размышлении и поиски.-Алматы, 2000. -33-57 бб.
5 Вклад кочевников в развитие мировой цивилизации//Сб. материалов Межд. науч.
конференции. Алматы, 21-23 ноября 2007 г. /Под ред. Л.Е. Масановой, Б.Т. Жанаева.-Алматы: ДайкПресс, 2008.-268с.
6 Акишев К., Акишев А. Саки Жетысу: социум и культура//Новости археологии. — 1997. — №1. — 30-38 бб.
7 Құсайынов А.Қ., Асылов Ү.Ә. Оқулықтанудың өзекті мәселелері.- Алматы, 2000. — 8-6.

Резюме
В статье рассматриваются основные проблемы отечественной истории древнего и средневекового периода в современных учебниках для средней школы, определены тенденции дальнейшего развития содержания школьных учебников, даны концептуальные идеи учебника.

Summary
The article discusses the basic problems of national history of ancient and medieval periods in modern textbooks for secondary schools, the tendencies of further development of school textbooks, given the conceptual idea of a textbook.





Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *