ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

С.Қ. Шілдебай –
т.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Отан тарихы кафедрасының доценті

Жалпы, Т.Рысқұлов және Қазақстан деген сұраққа жауап беру тек бір ғана тарихшының қолынан келе қоймайтын шаруа. Өйткені, Т.Рысқұловтың бүкіл саналы ғұмыры мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі қазақ халқының болашағы жолына бағытталды. Оның тағдыры – қазақ халқының тарихымен еншілес. Сондықтан, Т.Рысқұловтың сан-салалы қызметі мен қажырлы қайтпас күресі, ұлтқа сіңген еңбегі көптеген тарихшылардың зерттеу еңбегіне жүк болып келеді. Біз осы мақаламызда басқа тарихшылардың назарынан тыс қалып келе жатқан кейбір мәселелерге тоқтала кетуді жөн көрдік.
Т.Рысқұлов Түркістан АКСР-інде қызмет істеп жүріп біртұтас кеңестік қазақ автономиясының ұйымдастырылуын жақтады. Қазақстанда азамат соғысы аяқталып келе жатқан тұста болашақ Қазақ АКСР-інің астанасы Ташкент қаласы болуы тиіс деген пікірді ұстанды. Ол 1919 жылы күз айларында ұлттық республикалар құрамына өз халықтарын біріктіру мәселесін көтереді. 1917 жылы желтоқсанда өткен екінші Орынбор сиезі күн тәртібіне қойған қазақ жерлерін біріктіру мәселесін ары қарай жылжытқан Т.Рысқұлов біріккен қазақ жерлерінің астанасы ретінде Ташкент қаласын белгілеуді үзілдікесілді талап етеді [1]. Біз бұл жерден Т.Рысқұловтың алдымен ұлтшыл, содан кейін түрікшіл болғандығын көреміз.
Сол кездегі ірі саяси, экономикалық, әрі мәдени-рухани орталықтардың бірі болған Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, шашылып жатқан қазақ жерлерін біріктіру идеясы сол тарихи кезенде ең ұтымды идея болатын. Себебі, қазақ халқының жартысынан астамы Түркістан өлкесін мекендейтін, сондай-ақ көшпелі қазақ аймақтарына қарағанда халқы тығыз орналасқан, шаруашылықтың сан түрі дамыған Түркістанға қарасты қазақ жерлері арқылы өзге қазақ жерлерін әкімшілік жағынан басқару, шаруашылығы мен тұрмысын ұйымдастырып, мәдени өміріне ықпал ету анағұрлым оңай әрі тиімді болар еді.
Екіншіден, Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, қазақ жерінің астанасын тұтас түрік конфедерациясының да орталығы болуын қамтамасыз ету арқылы қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы жетекші ұлт болуын қалыптастыру болатын. Саны жағынан түрік халықтары арасында Түркия түріктерінен кейінгі екінші орынды иеленетін және Ә.Бөкейхан айтқаңдай «мәдениет жолында бізден де төмен» өзге Түркістандық түріктердің арасыңдағы ең сауатты, көзі ашық халық ретінде қазақтардың бұл орынды иеленуі әбден дұрыс болар еді. Қазақстанның астанасы ретіңде Түркістан өлкесінің орталығында орналасқан Ташкент қаласының ұсынылуы Т.Рысқұлов тарапынан жасалынған, нақты мақсатқа бағындырылған, әрі өзге түрік халықтары тарапынан дәл сол кезеңде қолдауға ие болған әрекет болатын.
Тұрар Рысқұловтың аштықпен күрес сияқты және басқа да ірі тарихи қызметтерін айтпағанның өзінде, оның Түркістан АКСР-іне қарасты қазақ жерлері үшін жасаған нақты іс-шаралары бір төбе. Мысалы, ауылдық жерлерде кедейлер комитетінің құрылуы жөніндегі 1918 жылғы 11 маусымдағы декрет Жетісуда 1920 жылдан соң ғана жүзеге асырыла бастаған еді. Себебі, оған дейін кеңестік Түркістан Республикасына қарасты Жетісу облысының шын мәніндегі қожасы – байыған орыс кулактары мен қарулы казактар еді. Кеңес өкіметінің қаулы-қарарлары жергілікті тұрғындарға – қазақтарға дер кезінде жете бермейтін. 1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түрікатком төрағасы болып сайлануынан кейін ғана бұл істің беті бері қарай бастады. Жетісудағы жағдайды реттеуде 1920 жылы 16 наурызда Т.Рысқұловтың күш салуымен жарияланған «Жетісу облысының тұрғындарына» үндеуі шешуші рөл атқарды. Бұл үндеуде ұлттық белгілеріне қарай қуғындауға қатаң тыйым салынатыны, бұған жол бергендердің ату жазасына кесілетіні, өз аумағында жергілікті халықты тонаған немесе өтірген болыс, станица, селолар мен деревнялар тұрғындарына ауыр салықтар салынатыны ерекше атап көрсетіліп, егер аумақтардың атқару комитеттері ұлтаралық қақтығыстарға жол берген жағдайда, толық құрамымен Революциялық-әскери трибуналдың сотына тартылатыны ескертілді. [2].
Жетісудағы жергілікті халықтардың жағдайын жақсарта түсуде 1920 жылы 31 наурызда жарияланған Тұрар Рысқұловтың Жетісу облысы бойынша тезистері де аса маңызды болды. Осы тезистерді талқылаған ТК(б)П комитетінің 1920 жылғы 31 наурыздағы пленарлы мәжілісінде Т.Рысқұлов Жетісудағы кулактар мен казактарды қарусыздандыруды жүзеге асыруға, Жетісудың босқын қазақ және қырғыз халықтарын орналастыру үшін 100 000 000 сом қаржы бөлдіртуге қол жеткізді [2. 170-175-б.]. Яғни, қазақ халқының ата жауы – орыс-казактарының қазақ халқының басында ойнаған әңгір-таяғына тоқтау салып, оларға тұңғыш рет соққы берген Тұрар Рысқұлов болатын.
Тұрар Рысқұловтың осындай нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет кедейлер комитеттері құрыла бастады. Кедейлер мен жалшы-батырақтардың осы алғашқы комитеттері Кеңес өкіметі қабылдаған декреттер мен қаулыларды іске асырып, Түрікатком мен облатком, уездік атком тарапынан күн сайын келіп түсіп жататын түрлі нұсқаулар мен қаулыларды қалың бұқараға жеткізіп, оларды насихаттап отыруда үлкен еңбек сіңірді. Біз бұл жерден өзі шыққан әлеуметтік ортаның жай-күйіне жаны ашитын, үлкен жүректі азаматтың адами бейнесін көреміз.
Тұрар Рысқұлов Түркістан АКСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған жылдары кеңес өкіметінің оқу-ағарту саласындағы оң саясатының қазақ жерінде тиімді жүзеге асуына ерекше көңіл бөлді. Осы саясат нәтижесінде қазақ кедейлерінің ертеңгі күнге деген үміті арта түсті. Бұл туралы Т.Рысқұловтың 1923 жылы 24-28 қаңтар аралығында өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ партия конференциясына қатысып кеткен [3] Жетісу сапарының қорытындысы ретінде жазған «Жетісу мәселелері» атты кітабында жан-жақты баяндайды. «Жетісуда халық ағарту істерінің халі өте нашар, — дейді Т.Рысқұлов, — Облыста қанша мектептер бар екенін ағарту бөлімдері білмейді. Мектептердің дұрыс санын білу мүмкін болмаса керек… Мектептердің үйлері бар да, кітаптары, үй аспаптары жоқ. Балалары киімсіз һәм аш. Балалардың көбі кедейлер балалары. Әке-шешесі балаларға үйлерінен жалғасып тұратын болса керек. Білім алу, балалардың талаптары өте зор көрінеді… Сонда да қырғызқазақ арасында шығындарынан қашпай, мектеп ашуға талабы барлар көп. Халық арасында жастардың да саяси мәселелерге түсінгісі келіп, ұмтылулары мықты көрінеді. Қырғыз-қазақ өмірінде мұндай әлеуметтікті туғызған ұлы өзгеріс һәм кеңес үкіметі себеп болды…» [4]. Осылайша, Т.Рысқұлов қазақ ауылдарындағы білімге деген күшті ұмтылыстың бар екендігін айта отырып, қазақ ауылдарында жаппай мектеп ашуды ұйымдастыру үшін нақты іс-шаралар жүйесін іске асыруды ұсынды. «…Кедейлердің мектеп ашуға күші жетпейді, — дейді Т.Рысқұлов, — Өкімет оларға жәрдем етпеген. Үкімет бөлімдері кіріссе орыс, мұсылман қыстақтарында кеңестер мектептерін ашуға болатын. Ұзынағашта исполкомға бір мектеп ашыңдар деген соң халық қозғалып, мектеп ашуға кірісті. Қыстақтарда партия ошақтары болмағандықтан һәм газет алынбайтындықтан саяси ағарту істерінің аты да жоқ. Халық арасында мектеп ашу жұмыстарын жүргізуге болады. Мұғалімдер, кітаптар табылып, халық ағарту бөлімдері мектептер ашып берсе, халық мектеп шығындарын өз мойнына алатыны анық.» Т.Рысқұлов, мемлекет мектепке кететін шығындардың үштен бірін берсе де болады дей отырып, ең алдымен қырғыз-қазақтар үшін аудан орталықтарында мектеп-интернаттар ашылуы тиіс деп атап көрсетті. [4. 16-17-б.].
1923 жылы өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ партия конференциясынан кейін, Жетісу облыстық әскери революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарып отырған Қабылбек Сарымолдаев (ол 1922 жылдың 14 қазаны мен 1923 жылдың 18 шілдесі аралығындағы облревком төрағасы болып жұмыс істеді – С.Ш.) Т.Рысқұловтың тапсырмасын орындай отырып, барлық аудан орталықтарында кедей балаларына арналған мектеп-интернаттар ұйымдастыруды қолға алады. Осы саясат аясында уездік революциялық комитеттер мен Қосшы одағынан жергілікті кеңестік орындарға Жетісу облыстық мектеп-интернаттарға жетім, жалшы және кедей балаларынан оқуға адам жіберу туралы арнайы нұсқаулар жіберілді. Міне, осы саясат аясында көптеген қазақ балалары білім алып, 30 жылдары қазақ халқына қызмет етті. Олардың қатарында Нұрбапа Өмірзақов, Ақай Нүсіпбеков және т.б. көптеген қазақ қайраткерлері болды [5]..
Тұрар Рысқұлов Түркістаннан кеткеннен кейін, 9 ай көлемінде Коминтерннің өкілетті өкілі ретінде Моңғолияда жұмыс істегені белгілі. Ол 1925 жылғы шілде айының басында Мәскеуге қайтып келген соң өзінің Моңғолиядағы қызметіне есеп береді. Оған дейін-ақ, 1925 жылы 10 шілдеде өткен МХРП ОК-нің мәжілісінде Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметін тұтастай мақұлдап, оған оң баға берілген болатын. Көп ұзамай, КСРО Сыртқы істер халкомы Г.В.Чичерин де осындай баға берді және оған қолдау көрсету қажет деген пікір білдірді [6]. Осыдан соң, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне жоғары баға бере отырып, әбден ысылған партия және шаруашылық қайраткерін одан ары жұмысқа пайдалану мәселесін ойластыра бастады. Т.Рысқұлов бұл кезде Түркістан халкомкеңесінің төрағасы болған қызметі арқылы-ақ өзін шебер шаруашылық қожайыны, ТКП Мұсылман бюросындағы жұмысы арқылы дарынды партиялық ұйымдастырушы ретінде мойындатқан, Моңғолиядағы қызметі арқылы халықаралық дәрежедегі сұңғыла саясаткер, шебер мәмілегер екенін көрсеткен тұлға болғандықтан да оған қай саладан болса да қызмет ұсынуға болатын еді.
БК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросы Т.Рысқұловты партиялық жұмысқа пайдалану орынды болады деген тоқтам жасайды. Сол кезеңде БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитеті аса қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан еді. 1925 жылдың қыркүйек айында Қазөлкекомының бірінші хатшысы қызметіне кіріскен Ф.Голощекин Қазақстанда асқынып тұрған қазақ топшылдығымен күрес бастады. Әрине, бұл күрес өте тәжірибелі саясаткер, кәнігі басқарушы Ф.Голощекин үшін де оңайға соқпады. Бұл күрестің аса ауыр, әрі ұзаққа созылатынын БК(б)П ОК-і де, Ф.Голощекин де анық түсінді. 1925 жылғы желтоқсан айында өткен V Бүкілқазақстандық партия конференциясы мұны анық көрсетіп берді. Оның үстіне, бұл кезеңде республика шаруашылығы да 1913 жылғы деңгейге көптеген салалар бойынша жете алмай, ақсап жатқан болатын. Сондықтан, БК(б)П ОК-і Т.Рысқұловты Қазақ өлкелік партия комитетіне қызметке жіберуді ойластыра бастады. Көп уақыт Қазақстанда болмаған Т.Рысқұлов та осыған мүдделі еді.
Осы арада, «рысқұловшылдық» туралы мәселеге тоқтала кету қажет. Өйткені, 1925 жылғы кейбір тарихи құжаттарда «қожановшылдар» немесе, «рысқұловшылдар» деген сипаттаулар кездеседі.
Мұның барлығы да Орталық пен оның Қазақстандағы жандайшаптарының негізсіз айыптаулары болатын. Шын мәнінде, Т.Рысқұловтың Қазақстандағы топшылдыққа ешқандай қатысы болған жоқ. Біріншіден, ол Қазақ АКСР-інде бұған дейін қызмет атқарған жоқ. Екіншіден, Түркістан АКСР-індегі оның тобы – Орталықтың эмиссарлық органы Түріккомиссияға қарсы жергілікті түрік халықтарының мүддесін қарсы қоя білген Мұсбюро болатын. Түріккомиссияның Т.Рысқұлов тобын талқандауы – Түрік Кеңес Республикасы мен Түрік халықтарының Компартиясын құру туралы идеяға берілген соққы болатын. Ал осының негізінде ұлттық мүдде жолындағы әрекеттерді «рысқұловшылдықпен» айыптауға жол берілді. Сондықтан, Т.Рысқұловты топшылдықпен айыптау ешбір қисынға келе қоймайды. Бірақ, Қазақ АКСР-індегі асқынған топшылдық одан әлдеқайда жоғары тұрған түрікшіл тұлға Т.Рысқұловқа да салқынын тигізбей қоймады. Ол 1926 жылы Қазақстанға қызметке келген кезде осы мәселемен бетпе-бет кездесті.
Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жібермес бұрын БК(б)П ОК-і Ф.Голощекиннің және Қазөлкеком бюросының өзге де мүшелерінің көңіл-күй ауанын байқау мақсатымен Т.Рысқұловты Қазақстанға жұмысқа жіберсек қалай қарайсыңдар деген мазмұнда жеделхат жолдады. Өйткені, БК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы 1919 жылы Түріккомиссияның мүшесі болған Ф.Голощекин мен Т.Рысқұлов арасының жақсы емес екенін анық білетін. Оның үстіне, оған дейін өте жоғарғы деңгейдегі партиялық және мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, халықтың құрметіне бөленген Т.Рысқұловтың қатардағы қызметке келмейтіні әу бастан-ақ белгілі. Яғни, бұл дегеніңіз, біреудің жылы орнынан жылжуы деген сөз. Бір қызығы, 1926 жылы 10 ақпанда өткен БК(б)П Қазөлкекомы бюросының Ф.Голощекин, И.Киселев, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, Ж.Мыңбаев, А.Серғазиев, С.Сәдуақасов, О.Исаев, М.Тәтімов, И.Игеновтардың қатысуымен өткен мәжілісінде «Жолдас Рысқұловты Қазақстанда жұмысқа пайдалану туралы ОК-тің жеделхаты» қаралып, «жолдас Рысқұловтың жұмыс істеу үшін Қазақстанға келуіне қарсылық жоқ» деген қаулы қабылданды [7]. Осы жерде, барлық жағынан тығырыққа тіреліп, одан шығар жол іздеп отырған Ф.Голощекиннің бұдан басқа амалы жоқ болған шығар деген ойдамыз. Себебі, Т.Рысқұловтың керемет ұйымдастырушылық дарыны Қазақ АКСР-і үшін ауадай қажет болатын.
Қазақ өлкелік партия комитетінің ресми келісімін алған БК(б)П ОК Ұйымдасыру бюросы 1926 ж. 3 наурызда БК(б)П ОК Хатшылығының келісімімен Т.Рысқұловты БК(б)П Қазөлкекомының қарауына жіберу туралы шешім шығарды.
Біздің қолымызға Т.Рысқұловтың Қазақстанға дәл қай күні келгенін айғақтайтын құжат әзірге түсе қойған жоқ. Тек белгілісі – 1926 ж. 10 сәуірде өткен Қазөлкекомы бюросының мәжілісі оның қатысуынсыз-ақ «жолдас Рысқұловтың жұмысы туралы» мәселені қарап, оны БК(б)П Қазөлкекомының
Баспасөз бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Ал 19 сәуір күні өткен аталмыш бюро мәжілісі Т.Рысқұловтың қатысуымен өтеді. Осы мәжілісте Ф.Голощекин «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасы туралы» хабарлама жасап, ол бойынша «Рысқұлов, Сәдуақасов және Жандосов жолдастар «Еңбекші қазақ» редакциялық алқасына мүше болсын, Т.Рысқұлов газеттің жауапты редакторы болып тағайындалсын» деген шешім қабылданды [8]. Яғни, Т.Рысқұлов Қазақстанға осы екі аралықта келсе керек.
Т.Рысқұлов Қазақстанға келе салысымен-ақ әдеттегіше жұмысқа қызу кірісіп кетеді. Ол кезде Қазақстанда 29 мерзімді басылым шығып тұратын еді. Оның 16-сы орыс тілінде болса, 12-сі қазақ тілінде, 1-уі ұйғыр тілінде шығатын. Т.Рысқұлов өлкелік баспасөз бөлімінің меңгерушісі ретінде ауыл кеңестерінің жұмысын жандандыру бағытында орасан жұмыс атқарды. Үнемі қазақ ауылдардарындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, қазақ кедейлерінің кеңестердегі рөлін арттыруға баспасөзді жұмылдыруға күш салды. Сонымен қатар, республикалық баспасөзге жұмсалатын қаржыны көбейтуге, губерниялық баспасөз бөлімдерінің жұмысын жетілдіруге баса назар аударды. Біз Т.Рысқұловтың аз уақытта Қазақстанда атқарған жұмыстарын кеңірек көрсету үшін нақтылы деректермен бере кетуді жөн санап отырмыз.
Мысалы, Т.Рысқұлов 1926 ж. 21 сәуір күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысады. Т.Рысқұловтың мәжілістегі рөлі мен ықпалы, оның энергиясы хатшылықтың хаттамасынанақ айқын сезіліп тұр. Осы мәжілісте Т.Рысқұлов қаржының жетіспеушілігі салдарынан шығуы тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған «Қызыл Қазақстан» журналына қаржы іздестіру туралы мәселені көтере отырып, журналды шығаруды тоқтатпау және оған бөлінген 3000 сом субсидияны жеткіліксіз деп есептей отырып, керекті қаржыны тез арада табуды Қазақ ХКК комфракциясына жүктеу, журналдың редакциясына журналды тарату мен насихаттау бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруды ұсыну, 5 мамыр күні өтетін «Баспасөз күні» мерекесіне орай Қазақстанның партиялық ұйымдарына журналдың беделін көтеру мен оны тарату мәселесіне көңіл аударуды сұрау жөнінде шешімдердің қабылдануына ұйытқы болды. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов Сырдария губкомының Сырдария облысының «Ақжол» және «Смычка» газеттерін өлкелік «Еңбекші қазақ» және «Советская степь» газеттерімен біріктіру туралы 1926 ж. 27 наурыздағы қаулысы туралы айта келіп, губкомның шешімін мақұлдау және осы шешімді аяғына дейін жеткізу үшін Ә.Байділдинді Шымкент қаласына іссапарға жіберу жөнінде шешім қабылдатты [9].
Көріп отырғанымыздай, Т.Рысқұловтың бір күндік жұмысының нәтижесінің өзі осыншалықты ауқымды. Бірақ, Т.Рысқұловтың басы үнемі кеңестік ноқта мен партиялық жүгенге сия бермейтін. Сондықтан да, Ф.Голощекин одан үнемі тартынып, аяғын аңдап басатын. Ф.Голощекин БК(б)П ОК-нің ресми өкілі әрі Қазөлкекомының бірінші хатшысы ретінде Орталықпен ым-жымы бір болғанымен, көп жағдайда Т.Рысқұловтың беделі, қайраткерлік қарымы мен тұлғалық мысы Ф.Голощекиннен басым түсетін. Сондықтан да, Т.Рысқұловтың Қазақстанда одан ары жұмыс істей беруі деген сөз – Ф.Голощекиннің көп ұзамай қызметтен кетуі болып шығар еді. Ал Т.Рысқұловтың Орталық үшін тиімсіз тұстары көп болатын. Өйткені, қазақ қайраткерлерін бір-біріне бөліп соғу тәсілімен Орталықтың отарлық жымысқы саясатын жүзеге асыратын әккі Ф.Голощекин кеткен жағдайда, Т.Рысқұлов қазақ қайраткерлерін тұтас бір арнаға біріктіріп, орталық пен ұлт аймағы арасындағы қарым-қатынаста республика мүддесін қарыса қорғауы сөзсіз еді. Бұл жағдай, кейіннен, 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу науқанына байланысты Т.Рысқұлов позициясынан анық көрінді. Осы жағынан келгенде, Т.Рысқұловты басқа жұмысқа ауыстыру Орталық үшін де Ф.Голощекин үшін де тиімді болатын. Екіншіден, Т.Рысқұловтың РКФСР-дің орталық мемлекеттік басқару органында қызмет атқаруы Қазақстан үшін де, өзі үшін де тиімді боларын Ф.Голощекин де анық бағамдаса керек. Осылайша, Қазақстанға келгеніне екі апта уақыт өтер-өтпес Т.Рысқұловтың басқа жұмысқа ауысуы туралы мәселе көтеріле бастады.
1926 ж. 25 сәуір күні Қазақ, Татар және Башқұр автономиялық республикалары қызметкерлерінің (Н.Нұрмақов – ҚАКСР ХКК төрағасы, Ж.Мыңбаев — ҚАКСР ОАК төрағасы, Ахсан Мұхаметқұлов – БАКСР ХКК төрағасы, Хафиз Кушаев – БАКСР ОАК төрағасы, Шайгардан Шаймарданов – ТАКСР ОАК төрағасы) қатысуымен өткен кеңесте «РКФСР орталық мекемелерінің жауапты орындарына ұлт қызметкерлерін ұсыну туралы» мәселе қаралып, Т.Рысқұлов — РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Саитгалиев – РКФСР Кіші Халкомкеңесі төрағасының орынбасары қызметіне, Биишев – РКФСР Қаржы халкомының орынбасары қызметіне ұсынылды. Ж.Мыңбаев осы кеңес шешімін бекітуді сұрап БК(б)П ОК-нің бас хатшысы И.Сталиннің, хатшысы В.Молотовтың, Орталық Бақылау комиссиясының төрағасы В.Куйбышевтың атына жазған хатында олардың тағайындалуын сұрай отырып, бұл шараның Орталық пен шет ұлт аймақтарының арасындағы шаруашылық және саяси байланыстарға жағымды дәнекер болатынын атап көрсетті [10].
Т.Рысқұловтың РКФСР ХКК төрағасы қызметіне бекітілуі туралы мәселе Орталықта қаралып жатқан тұста, ол өзінің қарымды қызметін жалғастырып жатқан болатын. Ол 1926 ж. 26 сәуір күні өткен Қазөлкеком хатшылығының мәжілісінде «комсомол баспасөзі туралы» айта келіп, комсомол газетінің қайта шығарылу қажеттігін, комсомол газетіне қатысты Қазөлкеком шешімінің қайта қаралуы туралы мәселені Бюро мәжілісіне қою керектігін, Қазөлкекомның баспасөз бөлімі мен БЛКЖО Қазөлкекомына бірлесе отырып бюроның келесі мәжілісінде шығатын газеттің сипаты мен оған керекті қаржы туралы мәселені баяндау тапсырылды. Т.Рысқұловтың осы еңбегінің нәтижесінде 1924 жылдың 8 ақпанынан бері «Еңбекші қазақ» газетінің 4-бетінде қосымша ретінде «Лениншіл жас» атауымен, 1925 жылғы 3 ақпаннан (С.Сәдуақасовтың редактор болуынан кейін – С.Ш.) бері «Жас қайрат» атауымен қосымша ретінде шығып келген комсомол газетін жеке шығару мәселесі орынды шешім тауып, 1927 жылдың басынан бастап «Лениншіл жас» газеті қайта шыға бастады [11].
Сондай-ақ, Т.Рысқұлов хатшылықтың осы мәжілісінде «Семей мембаспасы туралы» хабарлама жасап, Семей мембаспасының мүмкіндіктерін республика үшін пайдалану жөнінде шешім шығарып, Семей мембаспасының жұмысы мен Қазмембаспасының жұмысын ұштастыруды және оның орындалуы мен жүзеге асуын бақылауды өзі басқаратын бөлімнің қарамағына алуды ұсынды. Ұсыныс толық қабылданып, Семей мембаспасы республикалық маңызы бар баспаға айналды.
Мәжілісте қаралған келесі бір мәселе – «Қазақстандағы шаруалар көтерілісінің 10 жылдығын өткізу туралы» мәселе болды. Бұл мәселе бойынша да оң шешім қабылданып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын атап өтудің жоспарын жасау үшін Ж.Мыңбаев, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Брудный, Рязанов және Хангереевтерден тұратын комиссия құрылды. Осы комиссия жұмысының нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліске алғаш рет орынды тарихи баға берілгені белгілі.
Т.Рысқұлов Қазақстанға келгеннен кейін көп ұзамай, 1926 жылдың 30 сәуірі – 3 мамыры аралығында өткен 5-сайланған Қазөлкекомның ІІ пленумында жергілікті кеңестердегі байлардың ықпалына соққы беру қажеттігін көрсетті. Байлар рулық және туысқандық қатынастарға сүйенгендіктен емес, қолына биліктің экономикалық тұтқасын ұстағандықтан да кеңестерде жеңіске жетеді деді Т.Рысқұлов. Ал өз кезегінде осы жағдай қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі деді. Сондықтан, байларға салынатын салық көлемін өсіріп, қазақ шаруалары мен жұмысшылар одағының нығаюына жәрдемдесу керек деген пікір білдірді.
1926 жылы 5 мамырда қызылорда қаласындағы Іскерлер клубында Баспасөз күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтеді. Осы жиында баяндама жасаған Т.Рысқұлов қайта құру жағдайындағы Қазақстанның даму барысына тигізетін баспасөздің рөлі мен маңызын ғана айтып қоймай, ол республикалық баспасөздің алдына нақтылы міндеттер қоя білді. 1926 ж. 13 мамыр күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілісінде қабылданған «қазақ баспасөзін жетілдіру жөніндегі ісшаралардың» (Қазөлкеком Баспасөз бөлімінің жоспары – С.Ш.) осы баяндама тезистері негізінде қабылданғаны айдан-анық. «Реализовать права Отдела Печати Крайкома, как самостоятельного Отдела» [12] деп басталатын аталмыш құжаттан Т.Рысқұловтың ноқтаға басы сыймайтын қолтаңбасы мен «төртінші билік – төрге шық!» деген ұран мүлтіксіз көрініп тұрғандай әсер қалдырады. Бюро мәжілісі Т.Рысқұлов басқаратын бөлімнің жұмыс жоспарын бекітіп қана қоймай, баспасөзге бөлінетін жаңа қаржы көздерін іздестіру мен тарту бойынша да Т.Рысқұлов ұсынған шараларды бекітті.
1926 ж. 19 мамыр күні өткен Қазөлкомы хатшылығының мәжілісіне қатысқан Т.Рысқұлов «Еңбекші қазақ» газетінің жазылу ақысын 8 миллион сомға дейін көбейту туралы шешімнің шығуына ықпал жасады. Мұның барлығы оның беделі мен іскерлігін көрсететін еді [13].
Көп ұзамай, БК(б)П Қазөлкекомына БК(б)П ОК хатшысы В.Молотовтан 1926 ж. 31 мамырдағы БОАК Төралқасының қаулысымен Т.Рысқұловтың РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілгені туралы хабарлама келіп жетті. «Еңбекші қазақ» газеті бұл жөнінде 8 маусым күнгі санында ресми хабар берді. Дәл осы күні өткен БК(б)П Қазөлкомы хатшылығының мәжілісінде, Т.Рысқұлов 5 мәселе бойынша хабарлама жасап, өз ұсыныстарын толық өткізіп кетті. Олар:
— Қазақ тілінде өлкелік шаруалардың жаңа газетін шығару шешілді;
— Өлкелік шаруалар газетінің редакторы болып Ж.Мыңбаевты, орынбасары етіп
Ә.Байдильдинді бекітті;
— БК(б)П Қазөлкекомы Баспасөз бөлімін басқару уақытша Ә.Байдильдин мен А.В.Шверге жүктелді;
— «Еңбекші қазақ» газетінің уақытша редакторы болып О.Жандосов бекітілді;
— Қазақ тілінде ғылыми терминологияны тексеріп, оны Қазөлкекомға баяндау Баспасөз бөліміне тапсырылды [14].
Осыдан кейін, Т.Рысқұлов 14 маусым күні өткен Қазөлкомы хатшылығының және 16 маусым күні өткен Қазөлкомы бюросының мәжілістеріне қатысады. 16 маусымдағы бюро мәжілісі Т.Рысқұловтың жаңа қызметке тағайындалуына орай, оны Орталыққа жіберу туралы шешім шығарды [15]. Осылайша, Т.Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі небәрі 2 айға ғана созылды. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде Т.Рысқұлов Қазақстан тарихына өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырды.
________________________
1 Рыскулов Т. К открытию Всекиргизского съезда // Известия (Ташкент). – 1919. — 25-декабря.
2 Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов: Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 448 б. (168-169-б.).
3 Третья областная партконференция Джетысу. Стенографический отчет. – Алматы, 1923.
– 88 с.
4 Рысқұлов Т. Шығармаларының толық жинағы. Полное собрание сочинений. Т. 3. – Алматы:
«Қазығұрт» баспасы, 2007. — 360 б. – (15-16-б.).
5 Айдаралиев Қ. Нұрбапа Өмірзақов. – Алматы: «Қазақстан», 1993. – 72 б. (22-24-б.).
6 Устинов В.М. Турар Рыскулов: (Очерки политической биографии). – Алматы: Казахстан,
1996. – 464 б. (С. 284.).
7 ҚРПМ, 141-қ.,1-т., 486-іс, 29-29-а.п.; 1039-іс, 50-50-а.п.
8 ҚРПМ, 141-қ.,1-т., 486-іс, 111-п.; 1039-іс, 174-п.
9 ҚРПМ, 141-қ., 1-т., 492-іс, 97-п.
10 РӘСТММ, 17-қ., 67-т., 327-іс, 145-146-п.
11 ҚРПМ, 141-қ., 1-т., 492-іс, 106-а.п.
12 Сонда, 486-іс, 147-п.
13 Сонда, 492-іс, 118-п.
14 Сонда, 175-177-п.
15 ҚРПМ, 141-қ., 1-т., 487-іс, 1-3-п.

Резюме
Статья посвящена видному общественному и государственному деятелю Турару Рыскулову. Т.Рыскулов всю свою сознательную жизнь боролся за светлое будущее родного народа. Но его официальная работа в Казахстане длилась всего два месяца. В апреле-июне 1926 года он возглавил Отдел печати Казкрайкома ВКП(б) и работал редактором газеты «Энбекши Казах». В статье на основе новых архивных материалов анализируется деятельность Т.Рыскулова в Казахстане.

Summary
Article is devoted to the eminent public and statesman Turaru Ryskulovu. T.Ryskulov all his conscious life fought for bright future native people. But his official work in Kazakhstan lasted for two months. In April-June 1926, he led a division of print Kazkrajkoma Communist Party and worked as editor of the newspaper «Enbekshi Kazakh». Article on the basis of new archival assesses Т.Ryskulov in Kazakhstan.







Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *