МҰСТАФА ШОҚАЙ ҚАЗАҚТАРДЫҢ АШАРШЫЛЫҚҚА ҰШЫРАУЫ ТУРАЛЫ

МҰСТАФА ШОҚАЙ ҚАЗАҚТАРДЫҢ АШАРШЫЛЫҚҚА ҰШЫРАУЫ ТУРАЛЫ

К.Есмағамбетов – т.ғ.д., профессор

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуы қазақ халқының күш-қуатының, интеллектуалдық ой-өрісінің, саны мен сапасының артуына тікелей байланысты. Алайда осы күнге дейін сан қилы оқиғаларды, жүздеген жылдар бойғы отарлық үстемдікті бастарынан кешірген қазақтар әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап, өз атамекенінде бір ұлтқа ұйыса алмай келеді.
Кезінде олардың күнкөріс қамымен жан-жаққа үдере көшуінің басты себебі мемлекеттік тәуелсіздіктен айырылып, ашаршылыққа ұшырауында болатын. Ресей империясының құрамына енген алғашқы жылдардан бастап қазақ даласында ашаршылық та белең алып, қайыршыланған қазақтар саны өседі, бұрын өңі түгілі түсіне де кірмеген бала сату өрістейді. «Орыс өркениетінің» алғашқы жемісі осылай көрініс береді.
Шоқан Уәлиханов «Қазақтардың қоныстары туралы» деген еңбегінде: «Қазірге қарағанда ескі уақытта, ойранды соғыстар мен күнделікті барымта заманында …құлдырау сирек орын алды. Халық жадында өткен жүз жылдық оқиғаларынан тек екі аштық жылының естеліктері сақталыпты, бірақ бұл жылдары апатымыздың себебі жұт, көктайғақтан бұрын, өрт пен семсер – қырғыздардың қас дұшпаны қалмақтар болды. Сібір қырғыздарының сыртқы приказдар іргесі қаланғанға дейін бай болғаны – бұл еш күмән тудырмайтын шындық: тек өткен ғасырдың соңы мен бүгінгі жүз жылдықтың басында Орынбор мен Сібір бойына айдалатын мал санына және 30-жылдардағы ресми есепке ғана көз жүгіртсек болды. Осы соңғы дәуірде 10 мыңдаған жылқы табыны бар қырғыздар аз болған жоқ.
Біздің заманымызда қырғыздарда мал саны барған сайын азаюда» [1], – деп көрсетті.
Қазақ ғалымы құлдыраудың себебін түрлі шектеулерге байланысты мал жайылымы мен көшіқон кеңістігінің тарылуына саяды.
Ш. Уәлихановтың материалдары негізінде жазылып, А.И. Герценнің «Колокол» журналында жарияланған «Баспагерге жолданған хаттан үзінді» [2] деген мақалада қазақтардың қайыршылануына орыс казактары мен шенеуніктерінің жаппай тонаушылығы салдарынан бастау алғаны жөнінде айтылады.
Патша өкіметінің алым-салығынан кейін қазақтардың «жұтауының екінші себебі казактарда. Бұл қарақшы халық өздерін қай жерде де танытты… Қазақтардың барлық жеке меншігі казакка өз меншігі тәрізді көрінеді. Қазақтардың қойын алып кету, одан өгіз, иә жылқы ұрлап кету оларға ерлік сияқты ғана есептеледі, басқа ешнәрсе де емес. Сондықтан офицерлер бұл үшін тіпті төменгі шендерге сөгіс те бермейді, ал өздері де жиі-жиі ауылдарға шабуылдап тұрады», – делінеді онда.
Подполковник Абакумов деген Қапал округіндегі бүкіл елге қадірлі қазақ ақсақалдарының малын 8-10 бас қойы мен мінетін жалғыз мәстегі ғана қалғанша тонайды. Ол өзінің талан-таражын Кенесарының уақытында бастап, орыс әскерлеріне көмек, азық-түлік қажет деген желеумен көтерілісті де өз мақсатына пайдаланады.
Қазақтарды тонаудан тойынған Карбышев, Волков және тағы басқалары бекіністер маңында зауыттар салып, мал саудасымен айналысып одан әрі байи түседі.
Осындай жағдайда патша өкіметінің жазалаушы отрядтары, қоныс аударған мұжықтар мен казактардың озбырлықтарынан қалжыраған қазақ халқы 1917 жылғы дүрбелеңдерді қарсы алады. Алайда Түркістан мен қазақ даласының жергілікті тұрғындары мұндай алапатқа төтеп бере алмайды. 1917 жылдың өзінде-ақ көшпелілер аштыққа ұшырай бастайды. Жергілікті тұрғындарға төніп тұрған аштық апаты жөнінде М. Шоқай «Бірлік туы» газетінде жарияланған мақалалары мен сөйлеген сөздерінде жар салады, ашаршылықтың алдын алуға, ертеден қам жеуге шақырады [3].
1917–1918 жылдары М. Шоқаймен пікірлес, істес болған орыс қайраткері В.А. Чайкин 1917 жылдың қыс айлары мен 1918 жылдың жартысында Түркістанның көшпелілер орналасқан облыстарында 800 мың «түземдіктер» аштан қырылды [4] деп көрсетті 1922 жылы жазылған бір еңбегінде. Ол жерлердің Сырдария, Жетісу, Әулие-Ата уездері екендігі белгілі. Келесі жылғы қазан айындағы тағы бір деректе «Жетісуда есепсіз аштық, қазақтардың тең жартысы қырылды» [5] делінеді.
Билік басына келген большевиктер ашаршылыққа ұшыраған жергілікті тұрғындарға көмек қолын созбақ түгілі, адамшылыққа жат әрекеттерін марксизм тұрғысынан негіздеуге ұмтылады. Олардың тұжырымдары экономикалық тұрғыдан әлжуаз көшпелілерге көмек үшін жұмсалатын қаржыны революция ісіне, оның гегемоны орыс пролетариаты мүддесіне жұмсаған пайдалы дегенге саяды. Осыдан кейін М. Шоқайдың «Кеңес өкіметі ашыққан халыққа көмек ұйымдастырудан бас тартып қана қойған жоқ, қайта белсенді түрде аштықтың өріс алуына себепші болды» (6) деп жазуы шындықтан онша алыс емес.
М.Шоқай өз еңбектерінде Кеңес өкіметінің ашаршылықты саясат құралы ретінде пайдаланғандығы сан алуан нақтылы деректермен дәйектеледі. 19 шілдеде Тифлисте шығып тұрған «Вольный горец» газетінде М.Шоқайдың «Хакімжан» деген бүркеншік есіммен «Кеңес Түркістанында» атты мақаласы жарық көреді. Онда 1918 жылы Ташкентке келген қазақтарға қала ортасында нан сатылмады, ал өзбектерге, бір қаладан екінші қалаға көшкен жағдайда, мүлдем азықтүлік карточкасы берілмеді, «жүздеген мың казақтар мен сарттар қырылып жатқанда» Орынбоп– Ташкент темір жолы бойында жүздеген вагон бидай мен ұн із-түзсіз жоғалып кетіп отырды делінеді. Сол себепті ұмытуға да, кешіруге де болмайтын қылмыстар қатарына «қырғыз және сарт халықтарын аштық құрсауында ұстап, миллионнан астам мұсылмандардың қырылып кетуі тиіс» [7] дейді М.Шоқай.
1923 жылы наурыз айында Ресей Компартиясының Орталық Комитеті мен И. Сталинге «Түркістан мәселесі» бойынша жазған хатында Т. Рысқұлов М. Шоқайдың осы мақаласын еске алады. Оның жоғарыда көрсетілген тұжырымдарын жоққа шығаруға тырысып, «Бір ғана ескі Ташкентте 30 мың түземдіктер аштықтан құтқарылды… 1918 жылы Республикада (Түркістан Республикасы. – К. Е.) тамақтандыру пункттерінен 300 мың адам өтті» [8], – дейді.
Алайда ашаршылық жөнінде Кеңес өкіметі ұстанған саясаттан Т. Рысқұлов секілді ұлттық қайраткерлердің іс-әрекеттері біршама алшақ жатқан секілді. Азамат соғысы жылдарындағы «Соғыс коммунизмі саясатынан» әбден әлсіреген қазақ қоғамы 1921–1922 жылдардағы бұрынғыдан да ауқымды ауыртпалықты бастан кешіреді. Мұстафа Шоқай 1921 жылдың күзінде Ташкенттен Тифлиске келген бір агрономның мағлұматтары негізінде «Вольный горец» (1921, 11 қазан) газетінде «Түркістан туралы шындық» деген мақала жариялап, өлкедегі қазақтардың аштыққа ұшырауы өкімет саясатына байланысты орын алып отырғандығы жөнінде жазады. «Орыс пролетариатында революциялық рухты сақтауды көздеген Түркістан большевиктері ашаршылық құрсауындағы қырғыздарға (қазақтарға. – К.Е.) ешқандай назар аудармады», – дейді ол.
1921 жылдың көктемі мен жаз айларында Шымкент, Әулиеата, Перовск және Қазалы уездерінде болып қайтқан жаңағы агроном екі жыл бойғы аштық салдарынан қазақ даласы қаңырап бос қалды, қазақтарға төнген зобалаң Түркістандағы кеңес билігінің аштарға көз жұмып қараушылығынан асқына түсті, шеттен әкелген азық-түлік қызыл әскерлерге, жұмысшылар мен кеңес мекемелері қызметкерлеріне таратылды деп хабарлайды.
Орыс мұжықтары қазақтарға ұн сатпайды, ал жергілікті кеңестер тіпті ашаршылықпен күрес туралы кейбір жобаларға қарсы шығады. «Мысалы өткен жылы көктемде «Ашаршылықпен күрес жөніндегі орталық комиссияның» төрағасы Т. Рысқұлов ауқатты қала тұрғындарына ашыққан қазақтар мен өзбектерге көмектесу үшін азық-түлікпен және киіммен арнайы салық салу жөнінде ұсыныс жасағанда, Түркістан ОАК-нің төрағасы «революцияға қарсы жау таппау» деген желеумен ол жобаны қабылдатпайды. Аш қазақтар жолында кордондар ұйымдастырылып, қалаға жіберілмейді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізу орталықтарына айналуы мүмкін деген күдікпен мұсылмандардың өз қаражатына ұйымдастырылған асханаларға дейін жабылып тасталады. Осы кезеңдегі ауыртпалықтың ұлттық теңсіздіктен бастау алатыны жөнінде орыс қайраткері Г.И. Сафаров (Володин) 1922 жылы «Правда» газетінде мақала жариялап, онда 1917, 1918, 1919 жылдары қырғыздарды (қазақтарды. – К. Е.), жерін тартып алу үшін, тірідей өртеді. Оларды аңша аулады. Олар құрып кетудің алдында тұрды» [9], – деп жазды.
М. Шоқай Г. Сафаровтың осы мақаласын конспектілеп алып [10], өз баяндамалары мен еңбектерінде оған бірнеше рет сілтеме жасайды.
Кеңес өкіметі дер кезінде шара қолданбайды, аштарға көмек қолын созудан гөрі, азық-түлікті «революция ісіне», қала халқына, орыс пролетариаты мен мұжықтарына жұмсағанды жөн көреді, сайын даладағы көшпелілерден келіп-кетер ештеңе жоқ деп есептейді. Тіпті, кейбір өкімет басшылары кеңес билігіне жол ашу үшін қазақтардың аштан қырылуының пайдалы екендігі туралы пікірге ойысады.
Қуаңшылықтан егіннің шықпай қалуы, пішеннің жетіспеушілігі, малдың қырылуы сияқты объективтік факторлардан гөрі қазақтар Кеңес өкіметі жүргізген арнайы саясаттан, национализациялау, реквизициялау, талан-таражға салу, салық ауыртпалығы, ескі қоғамдық құрылымдардың қиратылып, жаңа шаруашылық жүйенің мардымды нәтиже бермеуі секілді субъективтік факторлардан көбірек зардап шегеді. Адамдар шөп тамырын, ағаш жапырағын талғажау еткен, тышқан аулаған, өлексе мен иттің етін жеуге дейін барған. Ал, өкімет болса, нақтылы көмек беруді ойластырғаннан гөрі, «дүниежүзілік империализм», «әне-міне дегенде орыс халқы бастап апаратын жарқын болашақ – коммунизм», «капиталистік елдердегі еңбекшілерді қанаушылық» тәріздес тақырыптардағы баяндамаларға, даурықпа ұрандарға көбірек көңіл бөледі.
М. Шоқайдың Кавказда жүрген шағында қазақтардың ашығуы туралы келесі мақаласы 1921 жылдың ақпан айында «Борьба» газетінде жарияланды. Мақала 1920 жылдың тамыз айында қазақ халқының ауыр жағдайын жеткізу үшін Мәскеуге Ленинмен жолығуға барған арнайы делегацияның мәлімдемесіне негізделген. Делегация қабылданбайды, осыдан кейін оның «пролетариат көсеміне» тапсыруға арналған хаты М. Шоқайға жеткізіліп, «Борьба» газетінде қысқаша түсіндірмелермен жарық көреді. Хат мәтінін А. Байтұрсыновтың құрастырғанын және осы кезде Алаш жетекшілері мен М.Шоқайдың арасында тығыз байланыс болғандығын аңғарамыз.
«Обращение киргиз к Ленину» деп аталған осы құжатта адамдардың «иттің етін жеуге» дейін жеткендігі, оларға ешбір медициналық көмектің көрсетілмеуі жалпы қазақ қоғамына теріс көзқарастан туындап отырғаны, Орталықтың өкілдері мен жергілікті халықтың арасында өзара түсіністіктің жоқтығы, партия, кеңес қызметкерлерінің көпшілігінің отарлық рухпен уланғандығы [11] жөнінде сөз қозғалады.
Мұнан қазақтар арасындағы ашаршылықтың үздіксіз 1918–1922 жылдарды тұтас қамтығанын көреміз.
Грузиядан Түркияға келген бойда Мұстафа, мұсылман жұртшылығын хабардар ету үшін, «Киргизы под Советской властью» деген мақала жазып, онда «таптық күрес» идеясына негізделген большевизмнің қазақ қоғамында қиратушылық рөл атқарғаны, ашаршылықтың түп-тамыры әлеуметтік төңкерісте жатқандығы жөнінде теориялық болжамдар жасайды [12]. «Қазақ өмірін большевикше құруға тырысушылық салдарынан даланы бұрын болып көрмеген ашаршылық жайлады» [13] деп қорытындылайды.
М. Шоқайдың 1921 жылы Парижге келіп орналасқаннан кейін алғаш қолға алған тақырыбы қазақ жеріндегі сұмдық ашаршылық туралы әлем жұртшылығына хабарлап, Кеңес Одағы құрамындағы түрік-мұсылман халықтарына көмек беру мәселесі болады. Сол жылдың 11 тамызында Парижде Ресейде аштыққа ұшырағандарға көмектесу жөніндегі комитет құрылады, оның құрамына Н.Д.Авксентьев, П.Н. Милюков, Г. Исхаки және басқа да қайраткерлермен бірге М. Шоқай да кіреді [14]. Бұған дейін шілде айында Социал-революционерлер партиясының Орталық ұйымдастыру бюросы «Еуропа мен Америка демократиясына» деген үндеу жариялайды. Үндеуде орыс халқына ғана көмек беру жөнінде айтылады, аштықтан қырылып жатқан қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік халықтары ауызға алынбайды. «Біз бүкіл дүниежүзі демократиясынан өз өкіметтеріңізден аштық құрсауындағы Ресейге көмек беруді талап етулеріңізді сұраймыз… өздерің де көмектесіңдер. Орыс халқына көмек қолын созыңдар» [15] делінеді онда.
Өз тарапынан М. Шоқай түрік халықтары азаттық қозғалысының жетекшілерімен бірге барлық мұсылман елдеріне, «Америка көмек әкімшілігіне» («American Relief Administration») (АРА) арнап, ашаршылықты бастарынан кешіріп жатқан мұсылмандарға қол ұшын созуға үндеу таратады. АРА 20жылдары Орал мен Еділ бойының ашаршылықты аудандарына азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуде үлкен рөл атқарады. Кеңес үкіметі бұл ұйымды Орынбордан әрі жібермеуге, оның жұмысын жоққа шығаруға тырысқаны бөлек әңгіме.
Үндеуден кейін іле-шала М. Шоқай «Последние новости» газетінде «Қазақ жеріндегі ашаршылық» деген мақала жариялайды. Мақаланың жазылуына екі жағдай түрткі болады. Біріншіден, Қазақстанның көптеген аудандарын қамтыған ашаршылық жөнінде кешеуілдетпей ақпарат жеткізу керек болса, екіншіден, сол жылдың 16 қарашасында Берлинде шығып тұрған «Новый мир» журналында А. Байтұрсыновқа телінген «Киргизиядағы ашаршылық» [16] атты мақаланың жарық көруі еді.
М. Шоқайдың жеке мұрағатынан алынған осы «дүниенің» мәтіні мынадай:

Голод в Киргизии.
Европейцы, в том числе и русские, не имеют понятия о том, что голод бывает от джута. По их понятиям, голод может быть только от неурожая; и центр поэтому никак не мог понять, каким образом в Киргизии голод вспыхнул ранней весной, когда еще не определился неурожай хлеба.
В скотоводческих районах Киргизского края, где земля не пригодна для хлебопашества, скот является единственным средством к существованию. Оно доставляет киргизу пищу, жилье, освещение, посуду, одежду и обувь.
Легко представить себе положение киргиза, лишившегося скота, единственного его источника существования. В этом отношении 1921 год является одним из самых страшных годов для некоторых губерний Киргизского края. Зима 1920 года была ранняя, суровая, запасов сена и подножного корма не было, либо этому году предшествовал ряд лет неурожай трав. Киргизский скот падал от изнеможения.
Раньше, подъезжая к какому-нибудь аулу, бывало, видишь пасущиеся табуны лошадей, стада коров и овец. Ныне этого не видно. Вместо стад и табунов там и сям около аула пасутся одиночные животные, исхудалые, изнуренные. Население питается яйцами птиц, диким луком и кореньями. Зимой и этого не будет.
Спасшиеся от зимнего голода не смогут спастись от предстоящего весеннего голода, который будет несколько раз страшнее нынешнего.
Мақалада ашаршылықтың басты себебі табиғаттың қолайсыздығынан ізделініп, оған кінәлі кеңестік билік екендігі тура айтылмайды. М. Шоқай мұнымен келісе алмайды да, оны өз тұжырымдарымен толықтырады. «1918 жылдың жазы мен 1919 жылдың қысында Торғай, Орал және Закаспий облыстарындағы қазақтардың ортасында болып, Кеңес өкіметінің озбырлықтарын өз көзіммен көрдім, ашаршылықтың түпкі себебі – «қоғамдастыру», «тәркілеу» мен қазақ шаруаларының малдарын Қызыл Армияның пайдасына тартып алу» [17], – дейді.
Мұстафа «Новый мир» журналындағы мақаланың авторы А.Байтұрсынов еместігін, не болмаса мақаланың мағынасын кеңестік цензураның, не оның Берлиндегі жақтастарының түбірімен өзгертіп жібергенін, себебі мақала сипатының А. Байтұрсыновтың көзқарастарына сәйкес келмейтіндігін айтады. «А. Байтұрсынов – әйгілі қазақ жазушыларының бірі. Қай лагерьді жақтаса да, оның көзқарастарының шынайы екендігіне күмән келтірмейміз» деп, жоғарыда сөз болған қазақтардың Ленинге жолдаған хатында А. Байтұрсыновтың «қолтаңбасы мен ой өрнегінің» барлығын, оның хатты Мәскеуге апарған делегация құрамында да болғандығын жазады.
М. Шоқайдың «Новый мир» журналында басылған мақала авторының А. Байтұрсынов еместігі жөнінде күмәнінде негіз бар. Онда қазақтар арасындағы ашаршылықтың «жұттың салдары» екендігі, бұл нәубеттің тек көшпелілерді ғана қамтып отырғаны, олардың малынан айырылып қалуының зор зардаптары туралы ғана айтылады. Кеңес өкіметінің саясаты туралы бір ауыз сөз жоқ. Тіпті, Ахаңның отырықшы аудандар туралы ләм-мим демеуі де қайран қалдырады. Шынтуайтына келгенде, мақала қазақ қоғамы жөнінде түсінігі үстіртін, бірақ қазақтарға төнген зобалаңды еуропалықтарға өзінше түсіндіруге тырысқан адамның әрекеті деуге негіз бар сияқты.
Мақаланың «еуропалықтардың, олардың ішінде орыстардың да, ашаршылықтың жұттың салдарынан орын алатыны туралы ешбір түсінігі жоқ» деп басталып, «қыс кезіндегі ашаршылықтан аман-есен шыққандар алдағы көктемдегі одан да қауіпті ашаршылықтан құтыла алмайды» деп аяқталуы, осылайша қазақ қоғамындағы ахуалды ешкім өзгерте алмайтын, «Құдайдың қаһарына» ұшыраған іс ретінде суреттеу, онда бірде-бір нақтылы мәліметтердің келтірілмеуі секілді «ерекшеліктері» оған А. Байтұрсыновтың қатысының жоқтығын растайды.
Сөз болып отырған мақаладан бұрынырақ, атап айтқанда, 1917 жылдың 17 қыркүйегінде
«Жизнь национальностей» (Мәскеу) журналында Қазақ Республикасы өкілдігінің «Голод в Киргизской Республике» деген көлемді хабары жарық көрген болатын. Оны дайындауға А. Байтұрсынов қатысты ма, әлде қатысқан жоқ па, ол жағы белгісіз. Дегенмен оның осы ресми құжаттағы мағлұматтарды пайдаланбауын былай қойғанның өзінде, ашаршылықтың себептері туралы өзге ұстанымда болуы мүмкін емес. Журналда ашаршылық жайлаған губерниялар, малдың қырылуы, отырықшы аудандарда егістікке тұқымның жетіспеуі, Орталықтың көмегінің мардымсыздығы туралы нақтылы мәліметтер келтіріледі. Ең алдымен мақалада қазақ даласындағы ашаршылықтың барлық назарын Еділбойына аударып келген Орталықтың қаперіне алынбай отырғаны, шындығында қазақтардың ашаршылыққа Еділбойынан бұрын ұшырағаны, мұндағы жеті губернияның бесеуінің және дербес Адай уезінің бұрын-соңды болмаған нәубетке ұшырап отырғаны баса көрсетіледі. 1919 жылмен салыстырғанда 1921 жылы Қазақ Республикасында мал басының 15 пайызы ғана қалады [18], 1921 жылдағы құрғақшылық пен шегіртке республикадағы егістік көлемінің 70 пайызын құртып жібереді. Жиналған астықты сақтағанның өзінде де, тұқымдық қорға 3039400 пұт жетіспейді. Осыған қарамастан Орталықтың «Ашаршылықпен күрес комиссиясы» Поволжьедегі жағдайды ғана тексерумен шектеледі. АРА, Нансен және т.б. шетелдік ұйымдардың көмегімен Қазақ республикасы қамтылмайды, оның батыс аудандарына ғана азын-шоғын азық-түлік, дәрі-дәрмектері жеткізіледі.
Қаржыландыру мәселесінде де Қазақ Республикасы шеттетіледі. Балалар арасындағы өлімжітім күрт өседі.
Өкілдіктің бұл мағлұматнамасының өзінде де көп жағдайдың айтылмағаны, республикадағы ахуалдың сақтықпен баяндалғаны аңғарылады. Солай бола тұрғанда да ол «Новый мир» журналында басылған мақала уәждерінен бір табан шындыққа жақындау көрінеді.
Ал, екі жарияланымның шеңберінен шығып, басқа да дереккөздеріне сүйенсек, М. Шоқай ізденістерінің шынайылығын көреміз.
Кеңес өкіметінің идеологиялық және жазалау органдарының бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істегені, өздерінің қарсыластарын қаралаудың ең сұрқия әдіс-тәсілдерін игергендігі, жала жабуы, айтпағанын айттыға, істемегенін істедіге саятыны және бұл секілді қадамдарының бәрінде де ешқандай ыңғайсыздықты, моральдық жауапкершілікті сезінбейтіні белгілі.
А. Байтұрсыновтың атынан аталмыш мақаланың ұйымдастырылуы да осы Кеңес өкіметі органдарының жымысқы әрекеттерінің бірі екендігі күмән тудырмайды.
М. Шоқай өз еңбектерінде ашаршылық мәселесіне байланысты Кеңес өкіметінің Алаш қозғалысы жетекшілерін негізсіз қаралау әдістеріне барып отырғанын сан рет әшкерелейді. Солардың бірі Мұстафаның 1926 жылы 7 қаңтарда Париждегі «Дни» журналында жарық көрген «Ояну» деген мақаласы болатын. Ол Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастарының Қазақстанның партия жетекшілеріне бірнеше сұрақ жолдауына орай жазылады. Хат 1925 жылдың қараша айында «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланады.
М. Шоқай сол кездегі Қазақстан басшылығының қызметіне баға бере отырып, жастардың сұрақтарына өзі жауап беруге тырысады. Ол кеңес саясаты ерекшеліктерінің бірі қазақ халқының ұлттық бостандығы үшін күрескен тұлғаларға жала жабу болып табылады, «ескі үкіметтің қоныс аудару саясатына қарсы күрескен және 1916 жылғы жұмысшы – қазақтарға ілесіп өз еркімен майданға барған (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов және олардың жақтастары) қазақтар «халықаралық империализмнің малайлары және қазақ халқының қанаушылары» ретінде суреттеліп шыға келді» [19], – деп жазады М. Шоқай.
Қазан төңкерісінен кейін қазақ халқының басына төнген нәубет жылдары оның бірден-бір жанашыры Алаш зиялылары болғандығы туралы пікірін автор әрі қарай былай деп өрбітеді: А.Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, иттің етін жеуге мәжбүр болған қазақтан үкімет Орталыққа шошқа етін тапсыруды талап еткен (қараңыз: И. Сталиннің БК(б)П Х съезінде сөйлеген сөзі) сол бір аса қатерлі жылдары ашыққандарға шын мәнінде нақтылы көмекті Ә. Бөкейханов пен оның жақтастары көрсеткендігін жастар естерінен ешқашан да шығармауы тиіс. Түркістан большевиктерінің баспасөзі «Ақ жол» газеті қырға шығарылған кеңес «Қызыл керуендерінің» сиықсыз да бұзақылық қылықтары жөнінде өкінішпен жаза отырып, оның қасында бөкейхановтардың табысты істері туралы материалдар жариялайды. Ашыққан қазақтардың алдында өздерін әбден әшкерелеуге жол бермеу үшін Кеңес өкіметі Ә. Бөкейханов бастаған топтың жұмысына тыйым салады. Тіпті Ш. Құдайбердиев осы мәселе бойынша тергеуге де алынады.
«Кеңес сауда мекемелерінің аш та жалаңаш қазақтарға әйел корсеттері мен ерлер қалпақтарын ұсынып дала кезгендерін, қазақтың қойының бағасына базарда бір қорап сіріңке ғана ала алғандығын кім ұмытады?» [20], – деп ашына жазады.
«Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновтың қазақ халқының жауы екендігі туралы топас та пасық пікір қылмыскер фанатиктер мен жылы орын іздеушілердің басына ғана келуі мүмкін. Тек арсыз адамдар ғана қазақ даласындағы контрреволюциялық қауіп туралы айтады» деп жалғастырады.
М. Шоқайдың «Ояну» деген мақаласына сол жылдың 29 қаңтарындағы «Еңбекші қазақ» газетінің бас мақаласында «Ар-ұятсыз париж газеттерінің беттерінде ескі өмірді қайта оралтуға жанын салып жүрген М. Шоқай аузынан көбік атып жала жабуға машықтануда» деген, өресіздік пен тұрпайылықтың үлгісі сипатындағы жауап беріледі. Мұстафаның бұл әрекеттерінің мақсаты оның тарихта өз есімін қалдыруды көздеуі-мыс. Оған М. Шоқай былай қысқа жауап қайтарады: «Соңғы Қазан кезеңіндегі қазақтар тарихы, өкінішке орай, большевиктердің қылмыстарымен толған, маған онда орын қалмауы ықтимал».
Қазақ жастарының ашық хатын халық ұлттық оянудың бір белгісі ретінде қабылдаса, Қызылордадағы желтоқсан конференциясында Ф.Голощекин оны партия ішіндегі топшылдық пен ауытқушылықтың көрінісі ретінде бағалайды. Бірақ партия, кеңес қызметкерлерінің М. Шоқайға қарсы науқаны оның ашаршылық туралы басқа да мақалаларының Түркияда, еуропа елдерінің басылымдарында жарық көруіне кедергі бола алмайды.
1923 жылдың наурыз айында Мұстафа «Дни», «Последние новости» газеттеріне екі бірдей мақала жариялап, Түркістандағы ашаршылықтың 1923 жылы да жалғасып отырғандығы туралы жаңа мәліметтер келтіреді [21]. «Түркістаннан алынған хаттар мен қазақ, өзбек тілдеріндегі газеттер мағлұматтарына» [22] талдау жасап, шетелдіктердің Ресейдегі ашыққандарға көмегі Орынбордан әрі аспай отырғандығына көзі жетеді [23].
Бұл орайда М. Шоқай «Америка Көмек Әкімшілігінің» қызметін емес, Кеңес өкіметінің бұл ұйымның әрекет ету алаңына шектеу қойғандығын сынға алып отырған секілді. Осыған қарамастан ол Қазақстанның батыс аудандарында біршама жұмыстар атқарады. АРА-ның ұйымдастыруымен тек қана Бөкей Ордасында он мыңдай бала азықпен қамтылып, 1500 балалық асхана үйі күрделі жөндеуден өткізіледі [24].
М. Шоқай Қазақстанның кейбір өңірлерінде ашаршылықтың 1923 жылдан кейінгі уақытта да орын алғандығын айтады. 1924 жылы шілдеде жазған келесі бір еңбегінде, Ақмоладан жеткізілген хатхабарға сүйене отырып, мұнда аштыққа ұшыраған мыңдаған адамдардың атамекендерінен безіп кеткендігін, Ақмола уезіне ішкі Ресейден ашыққандардың шұбыруы жағдайды мүлдем қиындатып жібергенін атап көрсетеді [25]. «Бостандық туы», «Қазақ тілі» газеттерінен де мәліметтер келтіреді.
1926 жылы, Қазақстаннан келіп түскен мағлұматтарға сүйене отырып, Сырдария облысын қамтыған ашаршылық туралы «Голод у киргиз» деген мақала жариялайды [26]. 1927 жылы «Йени Түркістан» (Стамбул) журналында жарық көрген «Түркістанға ашаршылық қаупі төніп тұр» деген мақаласында өлке экономикасының Орталық мүддесіне орай жоспарланып, өз ішінде азық-түлікпен қамтамасыз етілмеуі халықты ашаршылық қаупінен құтқара алмайды, Кеңес Одағындағы түрікмұсылман халықтары 20-жылдары үнемі аш-құрсақ жағдайында болды деп ескертеді. «Түркістандағы ашаршылық – Кеңес өкіметінің көлеңкесі секілді. Өкімет басына большевиктер келгеннен бері Түркістан бірде-бір тоқ жылды білген емес» [27], – дейді. М. Шоқай қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен халықтарының ашаршылықтан көз ашпауының басты себебі олардың Ресейден кіріптарлығында, «Мәскеу билігінен құтылып, өзі қожа болғанда ғана түркістандықтардың тоқшылыққа қолдары жетеді» [28] деген маңызды қорытынды жасайды.
М. Шоқайдың бұл сөздерінде бүгінгі күнге дейін дабырайтып айтыла бермейтін ащы шындық жатыр. Сол кездегі саясаттың бір қыры Ресейдегі ашаршылықтың ауыртпалығының орыстан өзге халықтардың мойнына түсуіне байланысты. Ондағы аштыққа ұшыраған аудандарға жөнелту үшін қазақтардан күнкөріс көзі болып отырған малдары жинап алынды. Өздері аштан қырылып жатқан Арал балықшылары вагон-вагон балық жөнелтті. Жергілікті халықтың мүмкіндіктерімен санаспай, Кеңес өкіметі 1920 жылдың тамызынан 1921 жылдың маусым аралығында Қазақстаннан 35 мың пұт астық жинауды жоспарлайды [29].
Қазақтардан шұғыл түрде астық, ет, май, басқа да азық-түлік тағамдарын жинау жұмыстары жымысқы идеологиялық науқанмен қатарластырыла жүргізіледі. Орыс пролетариаты мен мұжықтары «жолбастаушы», «басқа халықтарды құтқарушы» ретінде сипатталып, қазақ кедейлері қазақ байларына, оқыған-тоқыған азаматтарына қарсы қойылады, осылайша ел ішіне іріткі салынады. Алаш зиялыларын халыққа «жау» етіп көрсетуге, оларды мансұқтауға құйтұрқы әрекеттер жасалынады. 1921 жылдың қыркүйек айында Ж. Аймауытовтың басшылығымен Семей губерниясынан 7 мың бас мал жиналып, оның жартысынан астамы Торғай уезіндегі аштарға таратылады. Алайда ізінше осы істі тексеру үшін арнайы комиссия құрылып, малдардың көпшілігі «байларға бөлінді» деген шешім шығарылып, осы негізде біраз жандардың үстінен тергеу басталады [30].
1921 жылдың жазында ғана республикада аштарға көмек көрсету жөніндегі төтенше комиссия құрылады. Осы мекеменің 1921 жылы желтоқсан айындағы аштықпен күрес барысы туралы жазған баяндамасына қосымша құжатта аштар саны бір миллионға жетті деп көрсетіледі. Алайда 1922 жылдың ақпан айында бұл көрсеткіш 2,5–3 млн болады [31]. Академик К. Нұрпейісовтың еңбектерінде 1921 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақ Республикасындағы аштар саны 28332000 адамды құрады [32] деп көрсетіледі. Бұл алдыңғы ресми мәліметке жуықтайды.
Зерттеушілер ашаршылықтан көз жұмғандардың саны жөнінде түрліше мәліметтер келтіреді. Бұл орайда М. Шоқай мағлұматтары да назар аударарлық. 1924 жылы Варшаваның «Дрога» атты журнулында жарияланған «Орыс саясаты және Түркістандағы халық қозғалысы» деген мақаласында 1918–1919 жылдары Түркістанда 1 млн 114 мың мұсылман аштан өлді [33] деп жазады. Ал енді сол жылы «Дни» газетінде жарық көрген «Ұлттық мәселе зертханасы» деген мақаласында «кеңес эксперименттерінің» нәтижесінде Түркістанда 1917 жылдың 1 маусымында 8084700 адам болса, одан 1922 жылы 5029512 адам қалды [34] деп көрсетті.
М. Шоқайдың соңғы мәліметі Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Хидыр Алиевтің БОАК-тің ІІІ сессиясында жасаған баяндамасында келтірілген мағлұматтардан онша алшақ емес. Баяндамада Түркістан халқының ұлттық құрамы былайша сипатталады: өзбектер – 47%, қырғыздар (яғни қазақтар) – 31, орыстар – 10, түрікмендер – 5, басқа ұсақ ұлттар – 7%.
Бұрын халық саны 7 млн 200 мың болса, қазіргі (яғни 1923 жылдың қараша айында – К.Е.) халық саны 5 млн 200 мың [35] делінеді.
1923 жылы Түркістан халқының 31 пайызын қазақтар құраса және ашаршылықтан көбірек шығынға ұшырағандар да солар болса, зерттеушілер мағлұматтарына түзетулер енгізу керек секілді.
Социалистік құрылыс қарқын алғанмен де қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы түзеле қоймады, 1921–1922 жылдардан кейін де олар ашқұрсақ жағдайда өмір сүрді. Жұт жылдары, басқа да қиын кезеңдерде көмек қолын созар түрлі тетіктер қарастырылған дәстүрлі қазақ қоғамының қиратылуы, күнкөріс көзі есебіндегі малынан, қуғын-сүргіннің салдарынан асыраушыларынан айырылған отбасыларының көбеюі қазақтарды қандай да болсын табиғи, әлеуметтік дағдарыстарға төтеп бере алмайтын жағдайға жеткізді.
Кеңес Одағында 1932–1933 жылдары қазақтардың жаппай аштыққа ұшырағандығы жөнінде баспасөз бетінде қандай да бір мағлұмат беруге тыйым салынды. Сол себепті М. Шоқайдың шетел баспасөз беттерінде осы мәселе бойынша жарияланған мақалаларының маңызы ерекше еді.
Ол 1932 жылы қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз халықтарының ашаршылықтан қырғынға ұшырап жатқандығы, шығыс елдері жұртшылығының оларға көмекке келуі жөнінде «Яш Түркістан» журналында «Түркістанда аштық», «Түркістандағы аштықтың себептері» деген мақалалар жарияланады. Халқын алапат қасіретке душар еткен кеңес саясатына әлем халықтарының назар аударуы керектігін мәлімдейді [36].
Сонымен бірге М. Шоқай елдердегі саяси эмиграция жетекшілеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне хаттар жолдап, қоғамдық пікірге ықпал жасауға тырысады. 1934 ж. 15 шілдеде Лондонда тұратын орыс қайраткері А. Байкалов М. Шоқайға былай деп хабарлайды: «Ашаршылық туралы мәліметтеріңіз үшін үлкен рахмет, мен оларды тиісті жерлерге тапсырдым. Бұл мағлұматтар «Социальная лестницаның» соңғы нөмірінде басылған хабарларда, сондай-ақ «Обсервер» (Observer. – К. Е.) газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған материалдармен толық расталды».
А. Байкалов Ресейдегі ашаршылық туралы әлем жұртшылығының білуінің маңыздылығын айтып, «Ресейге төніп келе жатқан сұмдық ашаршылықты большевиктер өткен жылдардағыдай еуропа қауымдастығының пікірінен жасыру үшін барлық шараларды қабылдап жатыр… Мұнда (яғни Англияда. – К. Е.) большевиктер ұйымдастырған ашаршылыққа қарсы қоғамдық наразылық комитеті құрылды», – дейді.
Жалғыз А. Байкалов қана емес, дүниежүзі елдерінің көпшілігінде қазақтар қырғынға ұшыраған аштықты Кеңес өкіметінің өзі арнайы ұйымдастырғаны жөнінде аз жазылған жоқ. М. Шоқайдың да бұл нәубетті Кеңес өкіметінің саналы түрде, арнайы жүргізген этноцидтік саясатынан туындағаны туралы ой-пікірлері Кремль басшыларының сөздерімен де расталады. Н.С. Хрущевтің жеке басқа табынуды әшкерелеген баяндамасында: «Қазақстанда орын алып отырған адам төзгісіз ашаршылықтан қазақ халқы түгелдей қырылып қалуының алдында тұрғанын біз Сталинге айтқанымызда, ол «бұл сары пәлекеттерден тек сондай жолмен ғана құтылуға болады» деп жауап берді» [37], – дейді.
Мұнан қазақтардың өздерінен бұратала құтылып, жері мен байлығын иемденіп қалудың көзделгенін, оның өзі патша заманынан бері жалғасын тауып келе жатқан империялық саясат екендігін аңғаруға болады.
Кеңес саясатының салдарынан қазақ халқы қанша ұл-қыздарын жоғалтты? М. Тынышбаевтың мәліметі бойынша Ақпан революциясының қарсаңында қазақтардың саны 5 млн 360 мыңға жеткен. Содан 1926 жылы 3 млн 968 мың, 1939 жылы – 3 млн 99 мың адам қалған [38]. Зерттеушілердің өмірге келмеген ұрпағының саны туралы мағлұматтарын есептегенде, 1932–1933 жылдары қазақтар 4 миллиондай адамнан айырылды.
Сонымен ашаршылық туралы М. Шоқай еңбектерінің негізгі түйіні қазақтардың егеменді ел болмай, тоқшылықты өмір сүруінің мүмкін еместігі туралы пікірге келіп тіреледі.
__________________________
1. Валиханов Ч.Ч. Полн.собр.соч. — Алматы, 1985. — Том 4.
2. Потанин Г.Н. Воспоминания. Сибирский кружок в Петербурге // Сибирская жизнь. — 1913. — №93.
3. Бірлік туы. – Ташкент, 1917. — №7. — 61-бет; №11. 128-бет; №14. 8 ноябрь.
4. Чайкин В. К истории Российской революции. Ч. І. Казнь 26 бакинских комиссаров. — М., 1922. — С.12.
5. Жас Азамат. — 1918. — №8. — 25 октябрь.
6. Чокаев М. Голод в Фергане и участие Советской власти в его организации // Дни. Париж. 1923. 6 сентября.
7. Хакимжан. В Советском Туркестане // Вольный горец. — Тифлис, 1920. — 19 июня.
8. ЦГА Республики Узбекистан. Ф. 86. Оп. 1. Д. 1525. Л.12.
9. Сафаров Г. Что же такое колонизаторство // Правда. — М., 1922. — 20 мая.
10. Қараңыз: Universite de la Sorvonne – Nouvelle Paris III. Biblithèque de I’Institut national des langues et civilizations orientales. L’Archives de Moustafa Chokay Bey. Carton 5. Dossier 2. PP. 201–201.
11. Борьба. – Тифлис, 1921. — 1 февраля.
12. L’Archives de Moustafa Chokay Bey. Carton 7. Dossier 1a. PP. 34–36.
13. Ibid. P. 36.
14. Последние новости. – Париж, 1921. — 14 августа.
15. Революционная Россия. – Париж, 1921. — №19. — С.3.
16. Байтұрсынов А. Голод в Киргизии // Новый мир. – Берлин, 1921. — 16 ноября.
17. Последние новости. – Париж, 1921. — 26 ноября.
18. Жизнь национальностей. — М., 1921. — 17 сентября.
19. Чокай М. Пробуждение // Дни. Париж. 1926. 7 января.
20. Там же.
21. Қараңыз: Чокаев М. Голод и голодная политика большевиков в Туркестане // Дни. Берлин.
1923. 22 марта; Последние новости. Париж. 1923. 31 марта.
22. L’Archives de Moustafa Chokay Bey. Carton 4. Dossier 1. P. 42.
23. Чокаев М. Голод и голодная политика большевиков в Туркестане.
24. Степная правда. Оренбург. 1922. 1 апреля.
25. Чокаев М. Голод // Дни. Париж. 1924. 5 июля.
26. Дни. 1926. 19 января.
27. L’Archives de Moustafa Chokay Bey. Carton 6. Dossier 5. P. 104.
28. Ibid. P.108.
29. Қазақ тарихы. — 2002. — №3. — 49-бет.
30. ҚР ОММ. 25-қ. 4-т. 4-іс. 37-п.
31. ГАРФ. Ф. 1064. Оп. 3. Д. 20. ЛЛ. 10–16.
32. Нұрпейісов К. Тарихи тұлғалар. — Алматы, 2007. — 13-б.
33. Droga. Warszawa. Kwiecien 1924 Roku. N4. S. 57–65.
34. Чокаев М. В «Лаборатории национального вопроса» // Дни. Париж. 1924. 5 июня.
35. Доклад Хидыр Алиева о деятельности Туркестанского ЦИК на ІІІ сессии ВЦИК //
Известия. — М., 1923. — 2 ноября.
36. Қараңыз: Yaş Türkistan. Istanbul, 1932. N33. S. 18–22; N34. S. 13–16.
37. Қàðàңûç: Åãåìåí Қàçàқñòàí. — 2008. — 19 желтоқсан.
38. Айқын. -2009. — 22 қаңтар.

Резюме
В статье дается анализ некоторых работ выдающегося лидера национально-освободительного движения Мустафы Чокая (1890–1941), посвященных вопросам голода и его социально-экономическим и политическим причинам среди казахов в 20–30—х годах ХХ столетия.

Summary
In the article are analysed some works of outstanding leader of national-liberation movement Moustafa Chokay (1890–1941), which devoted to the questions of the hunger and its social-economic and political causes among Kazakhs in 20–30-th years of XX century.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *