ГААГА – ЖЕНЕВА ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ СОҒЫС
ТҰТҚЫНДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТУСЫ
Г.К.Көкебаева –
т.ғ.д., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Жалпы тарих кафедрасының профессоры
ХIX ғасырдың екiншi жартысында соғыс жүргiзудiң ережелерiн және тұтқындардың құқтарын белгiлеген халықаралық келiсiмдер жасау басталды. Алғашқы келiсiм 1864 жылы 10-мамырда Австрия, Голландия, Россия, Түркия, Ұлыбритания және Швеция арасында жасалды. Конвенцияда соғыс кезінде жаралылар мен ауруларға меддициналық көмек беру бейтараптылық сипатта болуға тиісті, олар соғысып жатқан елдің азаматы болса да, көмек алуға құқылы деп көрсетілді. Кейіннен бұл келісімге Европа елдерiнiң барлығы дерлiк қол қойды. 1864 жылғы Женева конвенциясының бастамасы 1899 жылы Гаагада өткен халықаралық конференцияда жалғасын тапты. 26 елден 100-ден астам мемлекеттік және саяси қайраткерлер, ғалымдар мен мамандар қатысқан конференцияда соғыс және бейбітшілік мәселелері талқыланды [1]. 1899 жылы 29-шілдеде «Құрғақта соғыс жүргізудің заңдары мен ережелері» деп аталған конвенция жасалып, оған қатысушы елдердің барлығы қол қойды. Конвенцияда соғысушы еле әскерлерін тұтқындау сол еледің әскерін әлсірету мақсатында ғана жаслалатыны ескертіліп, соғыс тұтқынының өміріне қауіп төндірмеу, денсаулығына зиян келтірмеу міндеттері белгіленді. 1899 жылғы конвенцияның күші бес жылға дейін сақталатын болды. Әрине, алғашқы конвенцияда соғыс кезінде болуы мүмкін барлық жағдайлар қамтылды деуге болмайды, мұнда негізінен ХХ ғ. аяғына дейінгі халықаралық құқық тәжірибесі қорытыланды. Алайда, конвенцияның кіріспе бөлімінде осында көрсетілген ережелерді қандай жағдайда да қолдануға болатын бір қағида енгізілді. Бұл қағида бойынша, конвенцияда көрсетілмеген жағдайларда соғысушы елдердің бейбіт тұрғындары мен тұтқынға түскен әскерлері өркениетті халықтардың арасында қалыптасқан адамшылық салты мен заңына негізделген халықаралық құқық ережелерінің қорғауында болуға тиісті [2]. Бұл қағиданы кейіннен «Мартенстің ескертпесі» деп атайтын болды..
Соғыс тұтқындарына адамшылықпен қарау қағидасы Гаагада болған екінші бейбітшілік конференциясында 1907 жылдың 18-қазанында қабылданған жаңа конвенцияда кеңейтіліп, толықтырылды. Соғыс тұтқындарының статусы мен құқықтарын белгiлеген арнайы бөлiм конвенцияның екінші тарауына енгізілді [3]. 1907 жылғы Гаага конвенциясы бойынша, соғыс тұтқындары оны тұтқынға алған әскери бөлімнің немесе жек адамның емес, тұтқындаушы мемлекеттің үкіметінің билігінде болады. Соғыс тұтқындарын мемлекеттің тұтқыны ретінде қабылдау жаңа дәуірде соғыстың сипатының өзгеруіне байланысты еді. Ежелгі және орта ғасырларда соғыс жеке адамдардың және билеушілердің арасындағы қақтығыс ретінде қаралса, жаңа кезеңде соғыс мемлекеттердің арасындағы күрес деген принцип пайда болды. Бұл принцип, біріншіден, соғыс тұтқынын жеке әскери топтар мен адамдардың жәбірлеуіне жол бермейді, екіншіден, соғысушы мемлекеттер үкіметтерінің алдына тұтқындарды қорғаудың белгілі бір халықаралық-құқықтық міндеттерін қояды, үшіншіден, үкіметтерге соғыс тұтқындарын қөорғау ережелерін бұзғандығы туралы бір-біріне айып тағуға мүмкіншілік береді.
Конвенция бойынша соғысушы елдер тұтқындарының құқықтарының сақталуын бейтарап елдер үкіметтері бақылауға тиісті. Бірінші дүниежүзiлiк соғыста Россия тұтқындарының мүдделерiн протектор-мемлекет ретiнде Испания қорғады, ағылшын, француз, серб тұтқындарының мүддесiн қорғаудағы протектор болған АҚШ та орыс тұтқындарына жанашырлық жасап отырды. Сондықтан барлық соғысушы елдердiң тұтқындары Гаага келiсiмi бойынша берiлген құқықтарды пайдаланды. Соғыс аяқталған соң Антанта елдері Германия үкіметіне неміс лагерьлерінде Гаага конвенциясының соғыс тұтқындарын қорғайтын құқықтық нормаларының бұзылғандығы туралы айыптаған ноталар жіберді. Веймарлық Германияның жаңа үкіметі 1918 жылдың қараша айында Антанта мемлекеттерінің таққан айыптарын тексеру үшін құқық профессоры, парламент депутаты Вальтер Шюкинг басқарған арнаулы комиссия құрды. Комиссияға халықаралақ қатынастар мен заң ғылымы саласындағы белгілі мамандар кірді [4]. Комиссияның тексерген істерінің ішінде Испания үкіметінің наразылық нотасында көрсетілген Саган лагерінде Ресейдің соғыс тұтқындарының өлтірілгендігі туралы мәселе де болды. Тексеру барысында Саган лаегріндегі Ресей тұтқындарының Компьен келсімінен кейін соғыс аяқталды деп есептеп, өз беттерінше лагерьден шығып кетпекші болған әркетін тоқтату барысында неміс қарауылдарының оқ атып, 4 тұтқынды өлтіргені, 10 адамның жараланғаны, олардың екеуінің кейіннен қайтыс болғаны анықталды. Оқ атқан қарауылдардың ісі әскери сотқтың қарауына берілді, ал Германия өкіметіне халықаралық құқықты бұзғаны туралы айып тағылды [5].
Бірiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында алғаш рет тұтқынға әскерлер орасан көп мөлшерде түсiп, ұзақ уақыт бөтен елде қамауда өмiр сүруге мәжбүр болды, оларды тұтқындаушы мемлекет асырады. Антанта мен Төрттік одақтың әскерге шақырылған адам күшінің 10 пайызы тұтқынға түсті, осылайша, соғыстың аяғына қарай Ұлыбританияда – 328 мың, Францияда – 350 мың, АвстроВенгрияда – 916 мың, Ресейде – 2,25 млн, Германияда – 2,4 млн. тұтқындар болды [6]. Сан мыңдаған адамды тұтқында ұстау, аспен, киіммен қаматамасыз ету, соғыс біткен соң елдеріне қайтару орасан көп қаржыны керек етумен қатар тұтқында ұстау ережелерін жетілдіруді талап етті. Көп мемлекеттер қатысқан халықаралық қақтығыста қолға түскен тұтқындардың құқықтарын реттеуге 1907 жылғы конвенцияның 17 бабы аздық етті. Сондықтан осы мәселені талқылау үшін Халықаралық Қызыл Крест комитеті 1921 жылы конференция ұйымдастырды. Конференцияда тұтқындардың құқығы туралы конвенцияның жобасы жасалды. Бұл конвенцияның бұрынғы осындай құжаттардан айырмашылығы – тұтқындардың құқықтары туралы мәселе жалпы соғыс жүргізудің ережелері мен заңдарынан бөлініп, жеке мәселе ретінде арнаулы талдауға түсті. Жоба барлық елдерге жіберілді және ұзақ уақыт талқыланды. Соның нәтижелерін бекіту және жаңа конвенцияны қабылдау үшін 1929 жылы шілдеде Женевада 47 мемлекет қатысқан конференция өткізілді. Конференция барысында 1929 жылдың 27шілдесінде «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы» арнаулы конвенция жасалды. Конвенцияда әскери адамдардың тұтқынға түскен сәттен бастап репатриацияға дейінгі кезеңдегі барлық құқықтары көрсетңлдң, тұтқындаушы мемлекеттер үкіметтерінің міндеттері толық түрде белгіліенді. Бұл құжатта тұтқындардың тұрмыс жағдайы мен құқықтары, жаралылар мен ауру тұтқындарды күту, тұтқындаушы жақтың мiндеттерi, белгiлендi.
47 мемлекет мақұлдаған бұл келiсiмге Германия 1934 жылдың 21-ақпанында қол қойды [7]. Кеңес Одағы Женева келiсiмiне қосылған жоқ. Осы ағат шешiмiн ақтау үшiн КСРО Женева келiсiмi ұлттық және нәсiлдiк кемсiтушiлiктi марапаттайды деген сылтау тапты, өйткенi келiсiмде «соғысушы жақтар мүмкiндiгiнше әртүрлi нәсiлдер мен ұлттар өкiлдерiн бiр лагерьде ұстамауға тиiстi» деген бап бар едi [8]. Ал Кеңес үкiметiнiң патшалық Россияның шетелдермен жасаған барлық келiсiмдерiнiң күшiн жоюы ендi оның Гаага келiсiмiне де қосылмайтынын көрсеттi. Кеңес Одағы осылайша өз азаматтарын халықаралық құық негiзiнде қорғану мүмкiндiгiнен айырды.
1929 жылдың 27-шілдесіндегі «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы» Женева конвенциясы 8 бөлімнен, 97 баптан тұрады [9]. Конвенция бойынша: тұтқындар тiркеуге алынып, тiзiмдерi протектормемлекетке (Швейцарияға) берiлiп отырады; тұтқын лагерьлерiн Қызыл Крест өкiлдерi тексерiп тұрады; тұтқындарға берiлетiн тамақ мөлшерi тұтқындаушы елдiң тылдағы әскери бөлiмдерiне берiлетiн мөлшерде болуға тиiстi; тұтқындардың өз елiнен сәлемдеме алуға және Қызыл Крестен азықтүлiк, витамин, дәрi-дәрмек алуға, лагерьдегi ауыр жағдай туралы арыз айтуға құқы бар. Әрине, сталиндiк басқару жүйесi елдi орасан үлкен түрмеге айналдырғанын еске алсақ, Кеңес Одағының жоғарыда аталған келiсiмдерге нелiктен қол қоймағанын түсiну қиын емес. Әлбетте, фашистiк Германияда Женева келiсiмiне қол қойған елдер тұтқындарының жағдайлары бiрдей болған жоқ. Олардың арасында ең жағдайы ауыры поляктар болды, алайда олар да Қызыл Крестен көмек алып тұрды, белгiлi бiр құқықтары болды, сондықтан жаппай қырылуға ұшыраған жоқ.
Женева конвенциясын мойындамаған Кеңес Одағы тұтқындар мәселесіне қатысты өзіндік жеке құжат дайындауға әрекет жасады. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесi 1941 жылы 1-шiлдеде «Соғыс тұтқындары туралы ереже» қабылдады [10]. «Ережеде» Гаага және Женева конвенцияларының бірқатар ережелері сақталғанымен де бұл құжат кеңестік ішкі заңдылыққа жататындықтан Кеңес Одағымен соғысушы мемелекеттер үшін ешқандай да міндеттілік сипатқа ие бола алмайды. Ереже бойынша барлық соғыс тұтқындарымен олардың статусына орай қарым-қатынас жасауға, оларға кеңестiк әскери қызметкерлермен тең дәрежеде медициналық көмек көрсетiлуiне, туыстарынан хатхабар, сәлемдеме алу мүмкiндiгiне кепiлдiк берiлдi. Алайда ережеде тұтқындарды зиянды еңбек шарттарымен жұмыс iстетуге тиым салынбады, айыпталушы тұтқынды қорғаушымен қамтамасыз ету туралы айтылмады, айыпкерге өлiм жазасын берген үкiм Қызыл Крест пен сол тұтқыннның отанына хабарланбастан орындалатын болды. Бұл Женева келiсiмiнiң 32, 61, 66-баптарына қайшы келедi.
Әрине, бұл ереже Германия Қарулы күштерiнiң Бас қолбасшылығының Кеңес Одағына шабуыл жасау қарсаңында шығарған бұйрық-нұсқауларымен салыстырғанда адамшылық тұрғыда жасалғаны рас. Атап айтқанда, 1941 жылдың 6-маусымындағы комиссарлар туралы бұйрық халықаралық құқ ережелерiн өрескел бұзу және адамшылық құзiреттерiн мүлде терiске шығарудың үлгiсi болды. 1941 жылы 16-маусымда Империялық қарулы күштердiң басшылығы «Барбаросса» жоспарына сәйкес алдағы соғыста кеңестiк тұтқындарға қалай қарау керектiгi жөнiнде арнаулы бұйрық (№ 25/41) шығарды. Бұйрықтың екінші бөлімінде кеңес тұтқындарына қатысты саясаттың негіздері белгіліенді. Құжатта нацизм мен большевизмнің идеологиялық қарамақарсылығы атап көрсетілді: «Большевизм – ұлтшыл-социалистiк Германияның қас жауы. Демек, Қызыл әскер тұтқындарына өте бiр сақтықпен және ұстамдылықпен қарау қажет. Тұтқындардың, әсiресе, азиат тектестерiнiң зұлым болатыны ескерiлсiн. Сондықтан олардың, әсiресе, большевиктiк арандатушылардың аздаған қарсылығының өзiне аяусыз да табанды тойтарыс жасалуға тиiстi. Кезкелген белсенді және енжар наразылық толық жойылсын. Соғыс тұтқындарының бейбiт тұрғындармен және күзеттегi жауынгерлермен қарымқатынасына жол берiлмесiн! Біздiң қарсыласымыз 1929 жылғы 27-шiлдедегi тұтқындарды бағып-күту туралы келiсiмдi мойындамады. Алайда бiз үшiн ол соғыс тұтқындарын бағып-күтудiң негiзiн құрайтын болады» [11]. Алайда келесi беттердегі сөздер бұл құжаттың ешқандай халықаралық келiсiмдерге сәйкес келмейтiнiн көрсеттi. Онда кеңестiк тұтқындарға қатысты мынадай саясат негіздері белгіленді: соғыс тұтқындары шаруашылыққа емес, әскердiң тiкелей мұқтаждары үшiн пайдаланылуы мүмкiн; бұл жұмысқа ақы төленбейдi; офицерлер мен санитарлық құрам жалақы алмайды; қарулы күштердiң ақпараттық бөлiмiне соғыс тұтқындары туралы мәлiметтер жiберiлмейдi; соғыс тұтқындарын тамақтандыру мәселесi арнайы бұйрықта көрсетiледi; тұтқындарға қорғаушы мемлекеттермен немесе көмектесушi қоғамдармен байланыс жасауға тиым салынады; тұтқындаушы мемлекет алдында тұтқындардың мүддесiн қорғауға өкiлеттiк алған сенiмдi адамдар тұтқындарға жiберiлмейдi; тұтқындарға қарсы қылмыстық сот iсiн жүргiзу Женева келiсiмiмен шектелмейдi. Германия Қарулы күштерінің Жоғарғы Қолбасышылығының № 3058/41 жарлығында 1929 жылғы Женева конвенциясы аталған да жоқ [12].
Германия Кеңес Одағына шабуыл жасаған соң 1941 жылы 23-маусымда Халықаралық Қызыл Крест Комитетi соғысушы мемлекеттер үкіметтеріне тұтқындардың тізімін жасау және оларды жариялау туралы ұсыныс жасады. Бұған Кеңес Одағынан басқа мемлекеттердің барлығы келісімін берді. Кеңес Одағы 1929 жылғы конвенцияға қосылмағандығын және қосылуға дайын еместігін көрсетті. Кеңес үкіметінің Халықаралық Қызыл Крест Комитетiне жіберген жауабында Кеңес Одағы 1929 жылғы конвенцияны емес, 1907 жылғы Гаага конвенциясын қолданады деп хабарлады [13]. Алайда Кеңес Одағының Гаага конвенциясына да ресми түрде қосылмағанын ескерсек, Халықаралық Қызыл Крест Комитетiне бұл жауаптан келер-кетер ештең жоқ болатын. 1941 жылдың 2-шiлдесiнде Т. Губер Анкарада соғыс тұтқындары мәселесiмен айналысатын кеңестiк орталық құру туралы ұсыныс жасады. В.Т. Молотов бұл ұсынысқа да келiсiп, Анкарада барлық келiссөздердi жүргiзу өкiлеттiгi С.А. Виноградовқа тапсырылғанын хабарлады.
1941 жылы 17-шiлдеде Кеңес Одағы Швецияға Германия алдында Кеңес үкiметiнiң мүддесiн қорғау туралы өтiнiш жасады. 19-шiлдеде Швецияға жiберген нотасында Германия тұтқындар мәселесiнде Гаага келiсiмiн қолданған жағдайда Кеңес укiметi осы келiсiмдi мойындайды деп көрсетiлдi [14]. Кеңес Одағы соғыс тұтқындары мәселесiнде ең соңғы, жаңартылған және мемлекеттердiң басым көпшiлiгi қолдаған Женева келiсiмiн қолданғысы келмедi. 1941 жылдың 8-тамызында Гитлердiң жауап-нотасы жiберiлдi. Бұл құжатта: «Кеңес үкiметi өз әскерлерiнiң немiс тұтқындарына көрсеткен озбырлықтарын ескермей, карсы жақтың халықаралық құқ ережелерiн қолдануы туралы әңгiме көтередi, …кеңес әскерлерi қолынан қаза тапқан немiс тұтқындардың өлiктерi табылып отырған жағдайда Қызыл әскердi өркениеттi мемлекеттiң әскерi деп тану мүмкiн емес», – деген айыптар тағылды. Нота «соғыс тұтқындарына қатысты келiсiм туралы сөз қылмастан бұрын кеңес үкiметi өз әскерлерiнiң және басқа мекемелерiнiң немiс тұтқындарына көзқарасын түбiрiнен өзгертуге дайын екенiн дәлелдесiн» деген сөздермен аяқталды [15]. 1941 жылдың 16-тамызында КСРО Қорғаныс халық комиссарының жауынгерлерге жауға соңғы мүмкiндiгi қалғанша қарсылық көрсетудi, тұтқынға түспеудi бұйырған, тұтқынға түскен қызыләскерлердiң жанұясы қудаланатыны туралы жарлығы шықты. Көп ұзамай-ақ сол жылдың 8-қыркүйегiнде фашистер әскерiне де кеңестiк тұтқындарға өте қатал түрде қарау, оларға ешқандай аяушылықтың болмауы туралы бұйрық келдi. Бұл бұйрыққа кейбiр әскери басшылардың наразы болғаны да белгiлi. Адмирал Канарис фельдмаршал Кейтельге мынадай хат жазды: «Соғыс тұтқындарына қатысты Женева келiсiмi Германия мен КСРО арасындағы қатынастарды қолданылмайды. Сондықтан соғыс тұтқындарына қатысты халықаралық құқ құзiреттерiн ғана қолдануға болады. ХIII ғасырдан берi қарай бұл жау тұтқынында болу кек қайтару да, жазалау да емес, тек қана осы соғыс тұтқынының алдағы уақытта соғыс қимылдарына қатысуына жол бермеу мақсатындағы қамау әрекетi болып табылады деген негiзде орныққан болатын. Бұл құзiрет қорғансыз адамдарды өлтiру немесе оларға зиян келтiру әскери салт-ғұрыпқа сай келмейдi дейтiн, барлық армияларда қолданылатын көзқарасқа сәйкес дамыды. …Ал бiзге берiлген соғыс тұтқындарына қатысты нұсқаулар мүлде қарама-қарсы көзқарасқа негiзделген». Адмиралдың бұл наразылығына Кейтель былай деп жауап бередi: «Наразылық соғысты серiлiк тұрғыдан жүргiзу идеясынан шығып отыр. Бұл жердегi iс-әрекет идеологияны құртуға бағытталған. Сондықтан мен бұл шараларды құптаймын да қолдаймын» [16].
1941 жылдың тамыз айында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Г. Хелл Москвадағы американ елшісіне Кеңес Одағының 1929 жылғы Жеева конвенциясына қосылатын ниеті бар-жоғын анықтауды тапсырды [17]. Алайда американ елшілігінің әркеті нәтижесіз аяқталды, кеңес үкіметі бұл мәселені сөз етуге құлық танытпады. Соғыс тұтқындарының құқтық жағынан қорғалуы туралы мәселеге дүниежүзiлiк соғысқа әлi тартыла қоймаған елдердiң қоғамдық ұйымдары да назар аударды. 1941 жылы 23-шiлдеде Анкарада Халықаралық Қызыл Крест комитетiнiң өкiлi М. Жюно мен Кеңес Одағының өкiлi С.А. Виноградов кездестi. М. Жюно соғыс тұтқындарының тiзiмiн алмасудың нақты тәртiбi туралы Германияның ұсыныстарын жеткiзе отырып, Кеңес Одағының Женева келiсiмiне қосылуы өте маңызды қадам болар едi деген ойды қайталады [18]. 1941 жылдың тамызында Қызыл Крест кеңестiк тұтқындарға өз елiнен сәлемдеме жеткiзiп, көмектесуге ниет бiлдiрдi. Бұл ұсынысты да В.Т. Молотов қаржы жоқ деген сылтаумен қайтарып тастады. Өз кезегiнде немiстер де канадалық Қызыл Крестiң кеңестiк тұтқындарға витаминдер жеткiзу туралы ұсынысын қабылдамады. Американ Қызыл Крест ұйымы кеңестiк Қызыл Крест және Кызыл Жарты Ай ұйымдарымен байланыс орнатты.
АҚШ президенті Ф. Рузвельтпен кездесуiнде В. Молотов Кеңес Одағының Женева келiсiмiне қосылмайтындығын тағы қуаттады. Кеңес үкіметiнің бұл қадамы тұтқындардың жағдайын жақсартпағандығы даусыз. Халықаралық Қызыл Крестiң өкiлi М. Жюно Германиядағы лагерьлердi аралаған кезде қатар тұрған кеңестiк және ағылшын тұтқындарының мекен-жайының, тұрмыс жағдайларының арасында үлкен айырмашылық бар екендiгiн, кеңестiк тұтқындардың ауыр тағдырын көрiп, наразылық бiлдiрген. Сонда лагерь коменданты Кеңес Одағының Женева келiсiмiн мойындамай отырғанын тiлге тиек етiп, ақталған. Бұдан кейін Кеңес Одағының соғыс тұтқындарына қатысты халықаралық келiсiмдердiң ережелерiн сақтауға мүдделi еместiгi айқын көрiндi. Ендiгi жерде Сталин немiс тұтқындары туралы қорқынышты хабарлардың үнемi таралып отыруына күш салды. Кеңес Одағының бейтарап елдердегi елшiлерi екi жақтың тұтқындарының жағдайын жақсарту бағытындағы барлық қадамдарға наразылық бiлдiрiп отырды. 1943 жылы сәуір айында Анкарадағы Ватиканның елшiсi монсеньер Д. Ронкалли Кеңес Одағының елшiсiне кеңестiк тұтқындарға көмек ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Оған кеңес елшiсi: «Бiздiң үкiмет соғыс тұтқындарының жағдайына назар аударуға тиiстi емес, өйткенi олар сатқындар», – деп жауап бердi [19].
Бейтарап елдерден осы хабарлар жеткен бойда Германия Қарулы күштерiнiң тұтқындар мәселесiмен айналысатын б-лiмi кеңестiк тұтқындардың отанына оралуы осы соғыста немiстердiң жеңiске жетуiне тiкелей байланысты деп жар салып, үгiт-насихат жұмысын өрiстеттi. Соғыс тұтқындарының Отанға қайтқаннан кейiнгi тағдыры да өте қайғылы болды. 1943-1947 жылдарда Кеңес Одағына бес жарым миллионға жуық соғыс тұтқындары мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар қайтарылған: солардың 20 процентi атылды немесе 25 жылға сотталды, 15-20 процентi бес-он жылға лагерьге жiберiлдi, 10 процентi Сiбiрдiң алыс аудандарына жер аударылды, 15 процентi соғыста қирап қалған аудандарда ауыр жұмысқа салынды, 15-20 процентi ғана туған жерiне оралды, ал қалғандарының тағдыры белгiсiз [20].
Екiншi дүниежүзiлiк соғыста Германияның да, Кеңес Одағының да соғыс тұтқындарына қатысты халықаралық құқ ережелерi мен заңдылықтарын сақтамағаны даусыз. Демек, кеңестiк соғыс тұтқындары екi тоталитарлық мемлекеттiң, екi диктатордың арасында жаншылып, қорғансыз, мүсәпiрлiк жағдайға түсiрiлген.
_______________________________
1. Dülffer J. Regeln gegen den Krieg? – Berlin, Frankfurt am Mein, Wien: Ullstein, 1981. – S. 41-50.
2. Streim A. Das Völkerrecht und die sowjetischen Kriegsgefangenen.– In: Zwei Weg nach Moskau. Vom Hitler- Stalin- Pakt bis zum „Unternehmen Barbarossa“. München: R. Piper, 1991, S. 305.
3. Конвенция мәтінін мына баслымдардан қараңыз: II. Internationale Friedenskonferenz im Haag. Konvention und Verträge.– Bern: Verlag UG, 1910, S. 185-253; Hinz J., Rauch E. Kriegsvolkerrecht. – Köln, Berlin, Bonn, München: Carl Heymanns Verlag, 1984, S. 1504-1509; Международное право ведения боевых действий. Сборник гаагских конвенций и иных соглашений. – М.: Юридическая литература, 1995. – С. 13-29.
4. Bundesarchiv (Berlin), R 1501/112389, Bl. 390-391.
5. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 24390.
6. Enziklopädie. Erste Weltkrieg. Hrsg. Von G. Hirschveld, G. Krumeich, I. Renz in Verb. Mit
M. Pöhlmann. Padeborn; München; Wien; Zürich, 2002, S. 641.
7. Reichsgesetzblatt. Teil II. Jg. 1934. Hrsg. vom Reichsministerium des Innern. – Berlin:
Reichsverlagsamt, 1935. — S. 227.
8. Толстой Н. Жертвы Ялты / пер. c англ. – Париж: YMCA-PRESS, 1988. – С. 29.
9. Текст конвенции см.: Военнопленные в СССР. 1939-1956. Документы и материалы / под ред. М.М. Загорулько. – М.: Логос, 2000. – С. 1012-1027.
10. Құжаттың мәтінін мына басылымнан қараңыз: Военнопленные в СССР … , с. 66-68.
11. Buchheim H., Broszat M., Jakobsen H.-A., Krausnick H. Anatomie des SS-Staates. – Freiburg:
Walter-Verlag, 1965. – Bd. 2. – S. 223-224.
12. Bundesarchiv – Militärarchiv (Freiburg), RW 4v/763, Bl. 4-10.
13. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 29717, Nr. 113778; R 29718, Bd. 7, Bl. 70-
71.
14. Ibid., R 29717, Bd. 6, Bl. 279, 299, 334.
15. Bundesarchiv – Militärarchiv (Freiburg), RW 2/158, Bl. 20; Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 29717, Bd. 6, Bl. 329.
16. Buchheim H., Broszat M., Jakobsen H.-A., Krausnick H. Anatomie … , S. 251-253.
17. Bundesarchiv – Militärarchiv (Freiburg), RW 2/158, Bl. 41.
18. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 29717, Bd. 6, Bl. 275.
19. Politisches Archiv des Auswärtigen Amts (Berlin), R 29721, Bl. 177.
20. Толстой Н. Жертвы Ялты … , с. 453-454.
Резюме
В статье освещаются основные положения международных конвенций о содержании военнопленных и деятельность международных организаций по оказанию помощи военнопленным, условия применения норм и правил содержания военнопленных в период мировых войн.
Summary
In the article the main provisions of the international conventions on keeping prisoners of war and the activity of the international organizations on rendering assistance to prisoners of war, conditions of application of norms and rules of keeping prisoners during world wars are considered.