ЕВРАЗИЯЛЫҚ ИДЕЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ
ҮРДІСТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

ЕВРАЗИЯЛЫҚ ИДЕЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ
ҮРДІСТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Р.О.Садықова –
т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, халықаралық қатынастар факультеті, аймақтану және әлемдік экономика кафедрасының аға оқытушысы

1991 жылы КСРО құлауынан кейінгі кеңістікте жаңа тәуелсіз мемлекеттер дүниеге келді. Солардың ішінде Қазақстан Республикасы да егемендігін жариялап, халықаралық қатынастарда бейбіт әрі демократиялық мемлекет ретінде өзіндік даму жолын бастады. Қазіргі уақытта тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойын тойлағалы отырған еліміз үшін ХХ ғ. 90-шы жж. басы шын мәнісінде шешуші кезеңге айналған еді. Бұл уақытта мемлекет басшылығын Қазақстан аталған жаңа азат мемлекет қандай бағытта жүруі тиіс және халықаралық қауымдастық тарапынан мойындауға ие болу үшін қандай шараларды жүзеге асыру қажет деген сауалдар толғандырды. Қалыптасқан тығырықтан шығудың негізгі жолы келешекке бағдарланған салиқалы ішкі және сыртқы саясатты жүргізу еді. Әсіресе, геостратегиялық тұрғыдан маңызды аймақ Орталық Азияда орналасқан мемлекет ретінде Қазақстан үшін осы аумаққа көзін тіккен көптеген жетекші мемлекеттердің мүдделерін ескеру қажеттілігі туындады.
Тәуелсіздік алған жылдан бастап еліміздің басшылығы өзінің негізгі сыртқы саясатын айқындады. 1991 ж. 2 желтоқсанында елбасы Н.Ә. Назарбаев президенттік сайлау нәтижелері бойынша өткізілген баспасөз-конференциясында алғаш рет елдің сыртқы саяси бағдарын көпжақты сипатта болатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, орталықта орналасқан мемлекет ретінде Қазақстан Европа мен Азия арасындағы көпірге айналуы тиіс деп жариялады. Ал Қазақстан Республикасы Шығыс немесе Батыстың арасында қайсысына бағытталады деген сұраққа елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің ашықтығын мәлімдеп, республиканың әлемнің барлық мемлекеттерімен экономикалық және саяси байланыстарды дамытуға мүдделігін танытты. Сонымен қатар, елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстан тек азиялық құрлықпен шектелмейді. Республикамыз Европа мен Азия арасындағы арасалмақты сақтай білуі тиіс», — деп жариялад[1]. Бұл елбасының мәлімдемесі негізінде Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты қазіргі уақытқа дейін көпжақты сипатта дамып келеді. 1991 жылдан бергі еліміздің сыртқы саясатында белгіленген көпвекторлық бағдар әлемнің әр түрлі аумақтарымен маңызды идеялар және бағдарламалардың негізінде өзара ынтымақтастықты дамытуына мүмкіндік берді. Осындай Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды рөлге ие болған идея ретінде елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Евразиялық Одақты құру туралы ұсынысын айрықша атап өту қажет.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Евразиялық Одақты құру идеясының мазмұнын қарастырмас бұрын оның басты теориялық негізі болып табылатын евразиялық идеяның өзіне тоқталып кетейік.
Евразиялық Одақ идеясының тарихи, этномәдени және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары бар және олардың тамыры тереңге кетеді.
Евразияшылдық бұл — Евразия құрлығын айрықша құрлық ретінде қарастыруға негізделген философиялық-саяси қозғалыс. Евразияшылдықтың бастаулары Константин Леонтьев, Николай Страхов және Николай Данилевский сынды славянофилдердің көзқарастарымен байланыстырылады. Бұл авторлардың еңбектерінде Ресейдің ерекше мәртебесіне айрықша көңіл бөлінеді. Мысалға алатын болсақ, К. Н. Леонтъев славяндық аталған әлем бар, бірақ ортақ славяндық мәдениет жоқ деп есептейді. К. Н. Леонтьев алғашқылардың бірі болып орыс мәдениетінің шығыстық тамырларына назар аударып, оны византиялық түрге қосқан. Евразиялық идеяны жалғастырған Н.Я. Данилевский Ресейдің Евразия құрлығындағы айрықша рөлін айқындауда елеулі үлесін қосты. Ол бұл пікірін өзінің «Россия и Европа» аталған еңбегінде ұсынылған мәдени-тарихи түрлердің теориясы негізінде атап көрсетеді. Н.Я. Данилевский европалық орталықтандыруға қарсы тезис ретінде мәдени-тарихи түрлердің теориясын ұсынды. Ол европалық өркениеттің моноцентризмі орнына мәдени түрлердің полицентризмі тұжырымдамасын ұсынды. Н.Я. Данилевский және оның пікірін толықтырған кейінгі евразияшылдар үшін әр алуан мәдениеттер көрініс тапқан мүмкіндіктер прогресске әкелуі мүмкін. Өзінен кейінгі ілескен евразияшылдарға қарағанда Н. Данилевскийдің көзқарасының өзгешелігі ол Ресейді евразиялық мәдениетке емес, славяндық мәдени-тарихи түрге жатқызды. Н.Я. Данилевский бір-біріне қарсы келетін роман-германдық және грек-византиялық түрлерді бөліп көрсету арқылы мәдени-тарихи түр деген түсінікті айналымға енгізді. Осы теория негізінде ғалым екі мәдени-түрге жататын Европа мен Ресейді бір-біріне қарсы қойды. К. Леонтьев, Н. Страхов, Н. Данилевскийден кейін евразияшылдық қозғалыс жаңа сипатта дамыды. Бұл бағыттың өкілдері Ресейді евразиялық өркениеттің бөлігі ретінде қарастырды. Нақты осындай идеялар евразияшылдық қозғалыстың жаңа сипатқа ие болуын сипаттады.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жж. евразияшылдық қозғалыстың даму тарихындағы негізгі екі кезеңді бөліп көрсетуге болады. Бірінші кезең ретінде евразиялық идеяның ХХ ғ. 20-30-шы жж. орыс эмигранттарының көзқарасы негізінде қалыптасуы уақыты қарастырылады. Ресейлік геосаясаттанушы Н. Нартовтың пікірінше бұл кезеңдегі евразиялық идеяның негізін қалаушылардың қатарында лингвист және филолог Н.С. Трубецкой, географ және экономист П.Н. Савицкий, Г.В. Вернадский сияқты ресейлік ғалымдар аталады. Аталған ресейлік ғалымдардың көзқарасына сәйкес, евразиялық идеяда Ресейдің құрлықтағы айрықша мәртебесі, оның мәдениеті мен тарихының өзіндік ерекшелігі басшылыққа алынды. Олардың басты міндеті ретінде ресейлік төл тарих пен мәдениеттің негіздерін қорғау, өз елінің және әлемдік тарихына қатысты жаңа көзқарастарды қалыптастыру болып белгіленді. Евразиялықтар Ресейді Азия және Европаның орталық кеңістігінде орналасқан ерекше этнографиялық және мәдени әлем ретінде қарастырды [2].
ХХ ғ. 20-шы жж. евразияшылдықтың ой-пікірлері жинақ түрінде жарық көрді. 1921 ж. ресейлік ғалымдар Н. С. Трубецкой П. Н. Савицкий, Г. В. Флоровский және П. П. Сувчинскийдің «Исход к Востоку» аталған мақалалардың жинағы басып шығарылды. Бұл жинақтың авторлары Ресейді ерекше мәдени-тарихи түр «Евразия» деп атады және осы көзқарастары арқылы оның азиялық-түркі әлемімен байланысына айрықша көңіл бөлді. Ресейді Евразия деп қарастыру арқылы Батыс әлеміне қарсы қоюға бағытталған осыған дейінгі славянофилдердің көзқарасы жалғасын тапты. Саяси тұрғыдан Евразиялық пен Батыс әлемінің алшақтығы Ресей тарихындағы Қазан революциясы және евразиялық өркениеттің үйлесімді көрінісі болған кеңестік биліктің орнауын заңды тұрғыдан мойындау еді.
ХХ ғ. 20-30-шы жж. дамуында екінші кезеңде евразиялық идея Ресейден өзге аумақтарға таралып, ол Францияда көрініс тапты. 1926-1929 жж. Парижге қарай бағытталған евразиялық қозғалыстың нәтижесінде «Евразийские хроники» шығарылымы жалғасып, «Евразия» аталған газет халық назарына ұсыныла бастайды. Париждегі евразиялық идеяның негізгі өкілі ретінде Л.П. Карсавин кеңестік билікте ынтымақтастыққа бағытталған идеялық-саяси қозғалысты жақтады. Бірақ бұл көзқарас шын мәнісінде евразиялық идеяның өзінен бас тартуды білдірді, сондықтан Н.С. Трубецкой мен П.Н. Савицкий мұндай евразияшылдыққа қатысты көзқарастар оның өзін-өзі жоятын көзқарастар деп қарастырды. Осылайша кеңестік биліктің күшеюі жағдайында евразиялық идея ХХ ғ. 30-шы жж. қозғалыс ретінде өмір сүруін тоқтатты. Алайда евразиялық идея Ресейді көршілес жатқан мемлекеттермен жақындастырушы идея ретінде маңызды болғандықтан, мүлдем тарих сахнасынан жоғалып кете алмады.
ХХ ғ. 60-70-ші жж. евразияшылдық қозғалыс толықтырылып, жаңа евразияшылдық (неоевразийство) аталған ағымның шеңберінде қайта туындады. Евразияшылдық қозғалысы тарихшы, этнограф, географ Л.Н. Гумилевтің евразиялық пассионарлық туралы идеясы негізінде қайта жаңғырып, ХХІ ғасырда кеңінен таралды. Л. Гумилев өзінің «Этногенез и биосфера Земли», «Тысячелетие вокруг Каспия» және «От Руси к России» аталған еңбектерінде евразиялық идеяға толықтырылулар енгізіп, өзінің этногенез тұжырымдамасын қалыптастырады және келесідей маңызды қорытындыларға келеді:
1. Кез-келген этнос кейбір тәртіп стереотиптері арқылы біріккен адамдардың қауымдастығы болып табылады;
2. Этнос және оның тәртібінің стереотипі нақты географиялық-климаттық жағдайларда қалыптасады және ұзақ уақыт бойы тұрақты болып қалады. Яғни, кез-келген этностың қалыптасуына ландшафт сияқты географиялық фактордың ықпалы елеулі екендігі дәлелденеді.
3. Қоршаған ортаға бейімделу және өзін құруда этнос қандай да бір энергия мен күшке сүйенеді. Нақты осы күш Л. Гумилевтің тұжырымдамасында «пассионарлық теорияның» негізін құрайды. Л. Гумилевтің пікіріне сәйкес пассионарлық түсінігі адамдардың «биосфераның тірі ағзасының биохимиялық энергиясын алуымен» байланыстырылады. Бұл энергияны қабылдау деңгейі адамдарда әр түрлі болады. Олардың ішінде «шектен тыс энергияға ие» адамдардың тобы бар және нақты осы топтағы энергияның шектен тыс көлемде болуын Л. Гумилев пассионарлық деп атады.
4. суперэтностық тұтастықтар жинақталған тәртіптің стереотипі негізінде қалыптасады және ортақ суперэтноста әр түрлі этностардың өкілдері бас қосады. Пассионарлық өз шырқау шегіне жеткенде ғана ортақ этникалық әлем — суперэтнос құрылады және ол тәртібі мен мәдениеті бір-біріне жақын, бөлек этностардан құралады.
5. Суперэтностың тұтастай түріндегі тәртібінің стереотипін өмір сүрудің белгілі бір талаптарына жауап беретін тұрмыстың кейбір әдісі сипаттайды.
Нәтижесінде Л. Гумилев «От Руси до России» еңбегінде ұсынылған евразиялық пассионарлық теориясы негізінде суперэтностық тұтастық ретінде Ресейді атап көрсетеді. Сонымен қатар, ресейлік өмір сүру қалпында «құрлық» пен «теңіз» үйлесімділік тауып, бұл өз кезегінде оның шеңберінде европалық пен азиялық мәдениеттің үйлескен айрықша өзіндік өркениет екендігін көрсетеді деген қорытындыға келеді. Осылайша Л. Гумилев Ресейдің ерекше өркениет ретіндегі маңыздылығын айқындап, оның евразиялық идеяны жүзеге асырудағы рөлін айқындай түседі.
Евразиялық идеяға қатысты көзқарастардың тарихын қарастыру арқылы оның негізгі мәнісі Ресейдің Евразия құрлығындағы айрықша мәртебесін көрсетуге бағытталғандығы байқалады. Алайда ХХ ғ. 90-шы жж. басында евразиялық идея Ресейден басқа Евразия құрлығындағы өзге мемлекеттердің басшылығының ұсынуымен жаңа сипатқа ие болды. Осындай жаңашыл идеялардың біріне Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың Евразиялық Одақ құру туралы идеясы айналды.
Алғашқы рет елбасы Н.Ә. Назарбаев евразиялық идеяны 1994 ж. 22 наурыздағы Лондондағы «Чатем-хаус» аталған халықаралық мәселелер бойынша Патшайымның институтында сөз сөйлеуінде ұсынды. Ал 1994 ж. 29 наурыздағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесуде Евразиялық одақты құру жоспарлары толықтырылып, ресми жоба ретінде 1994 ж. 3 маусымда «Мемлекеттердің Евразиялық Одағын құру туралы» аталған құжатта жарық көрді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бұл жобасына сәйкес: «Евразиялық Одақ — әрбір қатысушы мемлекеттің ұлттық-мемлекеттік мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған және жинақталған интеграциялық мүмкіндіктері бар тең құқықты тәуелсіз мемлекеттердің одағы. Евразиялық Одақ тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, посткеңестік кеңістікте әлеуметтік-экономикалық жаңаруды жүзеге асыру мақсатында құрылатын егеменді мемлекеттердің интеграциясының түрі болып табылады. Экономикалық мүдделер тәуелсіз мемлекеттердің жақындасуының негіздерін қалайды. Евразиялық Одақтың саяси институттары бұл мүдделерді нақты сипаттап, экономикалық интеграцияға ықпал етуі керек»[3]. Яғни, елбасы Н.Ә. Назарбаев Евразиялық Одақты егеменді мемлекеттердің одағы ретінде қарастырды және ол өзінің жобасында бұл идеяның қажеттілігін қалыптасқан жағдаймен түсіндіреді. Оның пікірінше, КСРО-ның ыдырауынан кейін бұрынғы кеңестік мемлекеттердің арасындағы ортақ шаруашылық, саяси байланыстар үзіліп, оларда демократиялық үрдістер мен экономикалық реформалар жүргізіле бастады. Әрине посткеңестік мемлекеттердің арасындағы байланыстарды сақтау үшін ТМД құрылған болатын, бірақ оның қалыптасқан құрылымы интеграциялық байланыстарды толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Тарихтың дамуының логикасы да әлемдік қауымдастыққа интеграцияның тек Достастыққа мүше барлық мемлекеттердің ортақ ұмтылыстарын салғанда мүмкін болатындығын көрсетті. Сол себепті елбасы Н.Ә. Назарбаев Евразия құрлығындағы мемлекеттерінің басын қосатын 1994 жылы Евразиялық Одақты құру туралы жобасын ұсынды. Бұл жоба 1994 жылғы қазандағы ТМД мемлекеттер басшыларының саммитінің күн тәртібіне енгізіліп, мүше-мемлекеттер тарарыпынан толық қолдау таппады. Бірақ уақыт өте келе өзара келіссөздер мен талқылаулардың нәтижесінде Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың Евразиялық одақты құру туралы идеясы жүзеге аса бастады. Ең алдымен, бұл жобада белгіленген бағыттар бойынша өзара интеграциялық байланыстар дамып, жаңа бірлестіктер пайда болды. Осы бағыттарға тоқталар болсақ, елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2004 жылғы халықралық конференциясында мәлімдемесінде атап өткендей: «Евразиялық Одақ мәселесіне қатысты 4 негізгі бағдар айқындалды:
— біріншіден, интеграция ең алдымен экономикалық мүдделестікке негізделіп, прагматикалық сипатқа ие болуы тиіс;
— екіншіден, әр түрлі жылдамдықтағы және көпжақты интеграция идеясы;
— үшіншіден, қауіпсіздікті қатмасыз ету тек бір елдің ұмтылыстарымен жүзеге аспайды, аймақтық қауіпсіздіктің механизмдерін іздеу қажет;
— төртіншіден, интеграцияны дамытуға өз еркімен келу» [4].
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Евразиялық Одақтың қызметінің осындай негізгі бағыттарын айқындап қана қоймай, өз сыртқы саясатында евразиялық идеяны жүзеге асыруға ұмтылды. Қазіргі ХХ ғасырдағы сыртқы саяси тұжырымдамасында да евразиялық идея көптеген интеграциялық байланыстардың негізіне алынып отыр. 1994 жылғы ұсынылған евразиялық идеяға сүйене отырып, посткеңестік кеңістікте жаңа интеграциялық құрылымдар дүниеге келді. Бұл құрылымдар Евразиялық Одақтың тиімді әрекет етуін экономикалық, қаржылық, саяси, ғылыми өлшемдер бойынша барлық деңгейде қалыптастыруға бағытталды.
1994 жылы елбасы Н.Ә. Назарбаев ұсынған евразиялық идеяны жүзеге асырудың алғышарты ретінде алдымен ТМД шеңберінде Кедендік Одақ құрылды. Алайда оның тиімдігіліні арттыру қажеттілігі туындады. Сол себепті Евразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Ол 2000 ж. қазанда Астанада Беларуссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның Евразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы келісімге қол қоюы негізінде дүниеге келді. 2001 ж. 31 мамырында Минскіде ұйымның іс жүзіндегі қызметінің басталғандығы туралы жарияланды. Бұл қауымдастықты құрудағы негізгі мақсат болашақта Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік құру болатын. Евразиялық экономикалық қоғамдастық оның негізін қалаушы мемлекеттердің ортақ сыртқы кедендік шекараларын қалыптастырумен, ортақ сыртқы экономикалық саясатты жүргізумен байланысты қызметтерге ие халықаралық экономикалық ұйым болып табылады. 2003 ж. БҰҰ ЕвразЭҚ-қа халықаралық ұйым мәртебесін бекітіп, оған бақылаушы мәртебесін берді. Ұйымның бүгінгі таңға дейінгі қызметіне және оның шеңберінде атқарылған жұмыстарға келер болсақ, оның бірінші халықаралық экономикалық форумы Мәскеуде 2001 ж. 19-20 ақпанда өтті. Онда өзара есептер үшін ресейлік рубльді пайдалану мен 2011 жылға дейін ЕвразЭҚ елдерінің ортақ валютасын енгізу, шекаралық кедергілерсіз еркін сауда аймағын құру туралы ұсыныстар талқыланды. Форумда мемлекетаралық көлік дәліздері мен біріккен энергетикалық жобалар да қарастырылды. Ал 2003 жылғы 27 сәуірдегі Душанбедегі басқосуда ЕвразЭҚ-тың мемлекет басшылары деңгейіндегі Мемлекетаралық кеңестің мәжілісінде Қоғамдастықтың 2003-2006 жж. дамуының басым бағыттары қолдау тапты. ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтағы іс ахуалы және интеграциялық ынтымақтастықты жеделдету жөніндегі ұсыныстар туралы» баяндамасы қаралды, ол Қоғамдастықтың таяу болашақтағы негізгі мақсаттары мен міндеттерін белгілейді. Сондай-ақ, Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер, экономиканың нақты секторында мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын дамытудың маңыздылығын мойындай отырып, Қоғамдастық шеңберіндегі интеграциялық үдерістерге іскер топтарды тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру туралы шешім қабылдады [5].
2002 жылы жазда «ЕурАзЭҚ Іскерлік кеңесі» қауымдастығы құрылды. 2003 жылғы ақпанда Мәскеуде ЕурАзЭҚ-тың алғашқы Экономикалық форумы өтіп, онда ынтымақтастықтың әр түрлі бағыттары бойынша сындарлы пікір алмасулар болды және өзара қызығушылық туғызатын жобалар бойынша ұсыныстар енгізілді. Ұйымның қызметіне өзгеріс енгізген іс-шаралардың бірі аймақтық екі ұйымның біріктірілуі еді. 2005 жылғы 6 қазанда «Орталық Азиялық Ынтымақтастық» ұйымы мемлекет басшылары саммитінде бұл ұйымды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықпен біріктіру туралы шешім қабылданды. Осылайша, қоғамдастықта Өзбекстан секілді тағы бір қатысушы мемлекет пайда болды. 2006 жылғы 25 қаңтарда Өзбекстанның Президенті И.А. Каримовтің қатысуымен өткен ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер басшыларының кезектен тыс саммитінде 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартқа Өзбекстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қол қойылды, осылайша Өзбекстанның ұйымға толық құқылы мүшелігі рәсімделді. Бірақ уақыт өте келе, ЕвразЭҚ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықты нығайту міндеті алға қойылды. Сол себепті 2007 ж. қазан айында ЕвразЭҚ-тың Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен мемлекетаралық кеңесінің отырысында Кеден одағын құру туралы шешім қабылданды. Душанбедегі басқосуда Қазақстан, Ресей және Беларусьтің басшылары ЕвразЭҚ шеңберіндегі аумақта бірыңғай кедендік кеңістік құру туралы келісім-шартқа қол қойып, 2008-2010 жж. Кеден одағын құру жөніндегі іс-әрекет Жоспарын бекітті. Осы жоспарға сәйкес 2007-2009 жж. Кеден одағының құқықтық негізі қаланып, 50-ден аса маңызды халықаралық келісімдерге қол қойылды. Осылайша, Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың Евразиялық Одақ туралы идеясының экономикалық өлшемі бойынша нақты қадамдар жасалынуда деуге толық негіз бар.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Евразиялық Одақтың қауіпсіздік өлшемінде жүзеге асқан интеграциялық құрылым ретінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын атауға болады. Ұжымдық қауіпсіздік шартына 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қол қойды. 1993 ж. 24 қыркүйегінде Әзірбайжан, 1993 ж. 9 желтоқсанында Грузия және 1993 ж. 31 желтоқсанында Беларусь мүше ретінде қабылданды. Оның негізгі мақсаты ретінде әскери-саяси ынтымақтастық және олардың кез-келгеніне қатысты шабуыл туындаған жағдайда әскери көмекті көрсету қажеттілігі болып жарияланды. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының қызметі әсіресе ХХІ ғ. басында қарқынды түрде дами бастады. Осы уақытқа дейін саяси себептерге байланысты Әзірбайжан, Грузия және Өзбекстан ұйымнан шығатындығын мәлімдеді. 2000 ж. ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен әдістерін жетілдіру мақсатында олардың мәртебесі туралы келісімге қол қойылып, 2001-2005 жж. ұйымға қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру бойынша негізгі іс-шаралардың жоспарын бекітті. 2001 ж. тамызында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберінде Орталық Азия аймағының жедел әрекет ету бойынша Ұжымдық күштері құрылатындығы туралы шешім қабылданды. Оның құрамында әскери батальонмен қатар, сәйкесінше қарулану және әскери техникамен қамтылған. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберінде елбасы Н.Ә. Назарбаев тарапынан өзге де бастамалар ұсынылды. Солардың бірі 2007 жылғы 5-6 қазандағы Душанбедегі өткен ҰҚШҰ-ның сессиясы барысында ұсынылды [6]. Елбасы Н.Ә. Назарбаев күн тәртібіне трансұлттық сипатқа ие экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін қосуды ұсынды. Осылайша, қазіргі уақытта Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмыстарының құралдарының бірі болып табылады.
Қорытындылайтын болсақ, елбасы ұсынған Евразиялық одақты құру идея бүгінгі уақыттағы евразиялық интеграциялық үдерісте салмағы бәрінен басым тұр. ХХ ғ. 90-шы жж. басында Ресейдегі профессорлық-оқытушылық құрамның алдында ұсынылған бұл бастаманың посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің арасындағы интеграциялық байланыстарды ғана емес, еліміздің Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалықты абыроймен алып шығу сияқты кең көлемді мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың евразиялық идеясының тарихи маңыздылығы оның алдыңғы евразияшылдық өкілдерінің көзқарасынан ерекшеленіп, өз ауқымын кеңейтуінде Евразиялық идеясы елбасы тұжырымдамасына сәйкес бір бағытты монолог емес, көпжақты сипатқа ие болды. Евразиялық идеяның негізінде 1991 жылдан тәуелсіздігін алған Қазақстан халықаралық қатынастардың белсенді субъектісіне айналып, халықаралық евразиялық диалогтың тең құқықты және маңызды қатысушысы мәртебесіне көтерілді. Елбасы ұсынған евразиялық тұжырымдама негізінде Қазақстан Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістерге қосылумен қатар, ТМД шеңберінен тыс кеңістікпен де байланыстарды орнатты. Сол бастамалардың біріне 2010 жылдағы Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы айқын дәлел бола алады. Евразиялық идеяның түркі тілдес халықтармен байланыстарды дамытуда маңызды екендігін ескерер болсақ, елбасының ұсынған жобасының келешегі зор екендігі дау тудырмайды.
1 Султанов Б.К., Музапарова Л.М., Абишева А.Е., Галямова В.Ф., Ерекешова Л.Г., Кожихов А.Г. Политика и интересы мировых держав в Казахстане. — Алматы, 2002. — С. 12
2 Нартов Н. Геополитика: Учебное пособие. — М., 1999 //
www.gumer.info/bibliotek_Buks/Polit/nart
3 Евразийская доктрина Нурсултана Назарбаева / Сост.: А.Н. Нысанбаев, В.Ю. Дунаев / – Алматы, 2010. — С. 23.
4 Выступление Н.А. Назарбаева на Международной конференции 2 апреля 2004 г.// www.enu.kz/about/p_and_u/speech/union_problem.php
5 Мырза Тұмар. Еуразиялық интеграцияда Қазақстанның салмағы басым тұр // Айқын.
– 2011 — .№39. — 2 наурыз. — Б.4.
6 Куппаева Б.Т. Евразийские инициативы казахстанского лидера // Материалы Международной научно-теоретической конференции «Концептуальные проблемы истории Центральной Азии и Европы в свете интеграции и модернизации». – Алматы, 2010. – С. 175-176.

Резюме
Данная статья посвящена евразийской идее и ее значимости в интеграционных процессах Центральной Азии. Особое внимание автор уделяет идее президента Н.А. Назарбаева о создании Евразийского Союза.

Summary
This article focuses on the Eurasian idea and its importance in the integration processes in Central Asia. Especially the author pays attention to the idea of President N.A. Nazarbayev on establishment of Eurasian Union.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *