ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨШІ — ҚОН ҮРДІСІ ЖӘНЕ «НҰРЛЫ КӨШ»
БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ
Р.Р. Оспанова —
т.ғ.к., Абай атындағы ҚазҰПУ–дің доцент міндетін атқарушы
Бүгінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жасалған бағдарламаларын халық арасында жақсылық жаршысы ретінде қарсы алу дәстүрі қалыптасты.
Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауы елімізде жүзеге асқан маңызды мәселелерге жан-жақты шолу жасап, алдағы мақсаттарымызды айқын көрсетуімен де ерекшеленеді. Осы Жолдаудың тағы бір ерекше тұсы– әлеуметтік бағытты негіздейді.
Жолдауда Тәуелсіз елдің дамуына тән барлық мәселе қамтылды. Осы жолдауында «Биыл – біз үшін ерекше қастерлі жыл. Біз ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық. Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық. Естеріңізде болар, 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауымда мен былай деген едім:«2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады» делінгендігін атап өтті. Сонымен қатар «Жұлдызымызды жарқырата түскен бұл мерейлі белестен бұрын да біз біршама биіктерді бағындырдық. Осы жылдары шет елдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халық саны бір жарым миллионға артты» деп мемлекеттің тәуелсіз жылдардағы демографиялық жетістік белестерін атап өтті. Елбасы еліміздегі демографиялық мәселеге де мән беріп «отандастарымызды шетелден атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық» деп бағалады. Жолдаудың соңғы бөлігінде «Табыстардың артуы – өмірдің жаңа сапасы» деп атап, онда өзекті мәселе болған еліміздің президенті тәуелсіздік жылдарындағы табыстарымыз мен атқарар істеріміздің маңызыды болғандығына байланысты биылғы жолдауда тәуелсіздік жылдарына арнайы мән беріп, ұлттық мереке ретінде атап өтіп, «2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» деп жарияланды. Жолдауда Елбасы мерейлі белестердегі еліміздегі атқарылған істерді қорытындылады. Сонымен қатар Елбасы «Алдымызда атқарылар қыруар істер бар деп атап өтті»[1]. Осы тұрғыда Қазақстан тарихы ғылымында тәуелсіздік алғаннан кейінгі әрбір жылдар мен кезеңдерге арнайы зерттеулер жүргізу және оны жас ұрпақ санасына бойлату тарихшы ғалымдар алдында тұрған міндеттердің бірі екендігін айқындады. Өйткені ел тәуесліздігін алу мен оны қалыптастыру мемлекетіміз үшін үлкен жауапкершілікті сәттердің бірі болды. Мұндай мәселенің бірі көші – қон үрдісі.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап дүниежүзлік көші-қон үрдістерінің белсенді қатысушысына айналды. 1991 жылдан бері Қазақстан Республикасы 706 мыңнан астам этникалық қазақты қабылдады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап көші-қон процестерін реттеу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне жатады. ТМД елдері шеңберіндегі негізгі көші-қон ағыны Ресей, Украина және Орта Азия елдерімен; алыс шет елдердің арасында — Германиямен байланысты болып отыр. ТМД елдерімен (Ресей Федерациясын, Беларусь Республикасы мен Украинаны қоспағанда) оң көші-қон сальдосы сақталды. Көші қон шығыны Ресей Федерациясымен 1999 — 2007 жылдар арасында — 3 есеге; Белоруссиямен — 6 есеге, Украинамен — 7 есеге төмендеді. Алайда 2007 жылы 2006 жылмен салыстырғанда, көші-қонның оң сальдосы үш еседен астам (11 мың адам) кеміген. Керісінше көшіп кету көбейген — 42,4 мың адам Қазақстаннан шетелге кеткен.
Бұл ретте көшіп кетушілердің негізгі бөлігі (71%) — еңбек жасындағы адамдар; көшіп келу азайған — Қазақстанға 53,4 мың адам келген, бұл алдыңғы жылғы деңгейден 20,0%-ға төмен. Негізгі шығу елдері: Өзбекстан (көшіп-қонушылардың 47 %), Ресей (20 % астам) және Қытай (11%) [2].
1993 жылдан бастап этникалық көшіп-қонушылардың қоныс аударуы көшіп келу квотасын белгілеумен реттеледі. Соңғы жылдары (2005 -2008 жылдар) оралмандардың көшіп келу квотасы жыл сайын 15 мың отбасын құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2009 жылдан бастап оралмандардың көшіп келу квотасы жылына 20 мың отбасына дейін көбейді.
Мемлекет оралмандарға қажетті әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетіп келеді.
2008 жылы біржолғы жәрдемақыны, тұрғын үй алуға берілетін қаражатты, жол ақысы және жүк тасымалдау шығыстарының өтеміне берілетін қаржыны ескергенде, орта есеппен 5 адамнан тұратын әрбір отбасына 833 мың теңге қаражат бөлінеді. Елімізде 14 оралмандарды уақытша орналастыру орталықтары (бұдан әрі — орталықтар) жұмыс істейді.
2008 жылдан бастап Қарағанды, Шымкент қалаларында және Оңтүстік Қазақстан облысының Ақсукент ауылында оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталықтары жұмыс істей бастады. Ақтау қаласында үлгі бейімдеу орталығының құрылысы басталды. Орталықтарда іске асырылатын бейімдеу бағдарламалары құқықтық мәселелер бойынша консультация беруді, мемлекеттік тілді, оралманның қалауы бойынша — орыс тілін оқытуды, кәсіби даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды көздейді.
Оралмандардың барлығының медициналық қызметке, білім алуына және әлеуметтік қамсыздандырылуына қол жетімділігі қамтамасыз етілген; олар жұмыспен қамтуда жәрдемдесу шаралары қолданылатын нысаналы топтардың біріне жатады. Еңбек жасындағы оралмандардың 66 % астамы өндірістің түрлі салаларында жұмыспен қамтылған; әрбір төртіншісі ауыл шаруашылығымен айналысады. Оралмандарға көмек көрсету үшін облыстық әкімдіктердің жанынан Оралмандар кеңесі құрылған, олар оралмандардың жаңа өмір жағдайындағы проблемаларын зерттеумен және шешумен айналысады. «Оралман» дерекқоры құрылып жетілдірілуде, ол кейіннен әлеуметтік саланың бірыңғай ақпараттық жүйесіне кіріктірілетін болады, бұл этникалық көшіп келушілерге әлеуметтік қызметтердің толық тізбесін жедел көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта республикада этникалық көшіп келушілердің тұрғын үй мәселесін шешу жөніндегі жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында Өзбекстан Республикасынан шамамен 2 мың этникалық көшіп келушілер отбасын көшіру жөніндегі жоба іске асырылуда. Қоныс аударушылардың өздерін құрылысқа тарту және жергілікті құрылыс материалдарын пайдаланудың негізінде, олардың бірыңғайласып тұруын ұйымдастыру үшін 2 мың коттедждің құрылысы жүріп жатыр. Алматы қаласында 185 үйді тұрғызу жөніндегі «Байбесік» жобасы іске асырылды; Астана қаласының Сарыарқа ауданында «Нұрбесік» шағын ауданы құрылысының жобасы әзірленді[3].
Жергілікті еңбек нарықтарындағы білікті кадрлардың тапшылығы жағдайында шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан экономикасы қажеттіліктерін қамтамасыз етудің қажетті шартына айналды. 2007 жылы қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдарда 104 елден 58,8 мың шетелдік маманның еңбегі пайдаланылды. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі республика аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін әкелуге арналған квотаны белгілейді және оның сақталуын бақылайды, шетелдік мамандарды кейіннен жергілікті кадрлармен ауыстыру саясатын жүргізеді. 2008 жылы республика аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға республиканың экономикалық белсенді халқына шаққанда 1,6 пайыз мөлшерінде квота белгіленген болатын. Жоғары білікті мамандарды басым тарту мақсатында жаңа Квота белгілеу ережесі, жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру шарттары мен тәртібі әзірленіп, 2008 жылдың маусымынан бастап қолданысқа енгізілді, онда шетелдік қызметкерлердің біліктілік сипаттамаларын баллдық бағалау енгізілді, негізгі құрамдас бөліктер бойынша (білімі, жұмыс стажы, еңбек нарығында кәсіпке (мамандыққа) деген сұраныс) өлшемдер белгіленді.
Соңғы уақытта ішкі көші-қон процесі жанданды.
1991 — 2007 жылдары облысаралық және облыс ішіндегі көші-қон процестеріне 4,7 млн. астам адам қатысты. 2006 — 2007 жылдардың қорытындысы бойынша көші-қонның кері сальдосы, Қарағанды және Маңғыстау облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан басқа, республика облыстарының барлығында орын алған.
Қазіргі уақытта ішкі көшіп-қонушылардың саны жылына 300,0 мың адам деңгейінде тұрақтады. Көшіп-қонушылардың басым бөлігі — ауыл тұрғындары. Қабылданған шаралар мен белгілі бір оң қадамдарға қарамастан, көші-қон процестерін реттеуде бірқатар елеулі проблемалар сақталуда. Көші-қонның оң сальдосы төмендеуде. Бұл орайда, көші-қон шығыны, әсіресе білікті мамандардың арасындағы шығын ерекше алаңдаушылық туғызады. Мысалы, соңғы 3 жылда жоғары білімді адамдар бойынша кері көші-қон сальдосы 4,7 мың адамды құрады. Шетелдік инвесторлар жергілікті персоналды кәсіби даярлау және шетелдік мамандарды солармен алмастыру жөніндегі ерекше шарттарды жеткілікті дәрежеде орындамай отыр. Ішкі көшіп-қонушылардың бытыраңқы түрде көшіп қонуы әлеуметтік шиеленіс туғызып, ішкі еңбек нарығы үйлесімін қиындатуда. Этникалық көшіп келушілерді өңірлер бойынша қоныстандыру, өндірістік күштердің аумақтық орналасуы ескерілмей, әркелкі жүргізілуде, қайталама көші-қон да орын алуда. Оралмандардың басым бөлігі еңбек күші артық өңірлерде — Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында тұрады, ал солтүстік өңірлер керісінше, еңбек ресурстарына тапшылықты сезінуде. Оралмандарды әлеуметтік қолдау жүйесі қосымша жетілдіруді талап етеді. Әлеуметтік төлемдердің негізгі бөлігі тұрғын үймен қолдауға және көші-қон квотасына енгізілген отбасылардың көшуіне бағытталады. Тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі де бүгінгі күннің талабына сәйкес келмейді, осының салдарынан оралман отбасылардың шамамен жартысының тұрғын үйі жоқ. Көші-қон мәселелерін шешумен айналысатын мемлекеттік басқару органдарының іс-қимылдарын үйлестіру және оны ұйымдастырудың кешенді тәсілі жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша еңбек жасындағы этникалық көшіп келушілердің үштен бірі еңбек қызметімен қамтылмаған. Шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдерінің арасында имидждік және ақпараттық-насихат жұмысының тиімділігі төмен. Оралмандар кәсіптік білім алу, балаларды мектепке дейінгі мекемелерге орналастыруда да қиындықтарға тап болып отыр. Міне, мұның бәрі осы көші-қон Бағдарламасын әзірлеуге себеп болды[4].
Осы негізде Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы «Нұрлы көш» бағдарламасының тарихи негізін зерттеу асқарлы асу деп білемін. 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы N 1126 Қаулысы бекітілді. Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 тамыздағы N399 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007 — 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасына; Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 тамыздағы N 167 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі N 1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004 — 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді 2009 — 2011 жылдары Бағдарламаны іске асыруға барлығы 197 795,6 млн. теңге, оның ішінде қосымша 118 073,7 млн. теңге бөлінген. Бағдарламаны іске асырудағы негізгі күтілетін нәтижелер: этникалық, ішкі және сыртқы көші-қон процестерін реттеуге және оны өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесіне бағындыруға; этникалық және ішкі көшіп-қонушылардың басым бөлігінің өмір сүру сапасын арттыруға; бұрын Қазақстаннан кеткен жоғары білікті мамандардың қайта оралуын ынталандыруға; көшіпқонушылардың бейімделу және кірігу қиындықтарымен, жұмыссыздықпен және бытырап көшіпқонумен байланысты әлеуметтік қатерлердің туындауының алдын алуға; ұлттық шоғырлану процестерінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақтылық пен келісімнің нығаюын, демографиялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді [5]. Әуелі бұл бағдарламаның ерекшелігіне тоқтала кетейік. Бұрын көшіп келушілерге Үкімет көмек ретінде баспана да берді, қаржылай да жәрдемдесті, бірақ, дәл жұмыспен қамту жағы дұрыс жолға қойылмады. “Нұрлы көш” бағдарламасы — осы қажеттіліктерді кешенді түрде шешуге арналған нақты, айқын бағытты бағдарлама. Басқаша айтқанда басты екі қажеттілік — баспана мәселесі мен кәсіп мәселесін қабат шешпек.
Бағдарлама кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. «Біз әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыраған қандастарымызды жинау үшін Тәуелсіздік жылдарынан бері көп әрекет жасап жатыр. Соның нәтижесінде 1 млн.-нан астам отандастырымыз елімізге оралып, қауышып, қуанып жатыр. Осы мақсатта «Нұрлы көш» бағдарламасы 2011 жылға дейін бекітті. Бұл бағдарлама өзінің жалғасы ретінде «Республикадағы 14 облыс орталығы оралмандарға көмектесуге тиісті шараларды қабылдап жатыр. Елбасы бұл бағдарламаның келешегі жөнінде: «Ең бастысы, Отанына оралу барысындағы алғашқы кезекте орын алатын қиыншылықтарға шыдау керек. Қазақстан да қиыншылықтарды бастан өткеріп келе жатқан жас мемлекет. Бірақ дағдарысқа қарамастан біз «Нұрлы көш» бағдарламасын одан әрі жалғастыратын боламыз. Қандастарымызға қол ұшын беріп, көмектесетін, оларды шақыра беретін боламыз. Бұл бізге қажет», деді Елбасы[6].
«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 3 жылда Қазақстанға шетелден 300 мың адамды көшіріп алу жоспарланған[7]. Бағдарламаға қатысу барысы төмендегі тұлғаларды қамтыды: негізінен этникалық көшіп келушілер үшін — оралмандардың жыл сайынғы көшіп келу квотасы шеңберінде; Қазақстан Республикасы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтары үшін — Қазақстан Республикасы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған жыл сайынғы квота шеңберінде; еліміздің қолайсыз аумақтарында тұратын Қазақстан азаматтары үшін — ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аударуына арналған квота негізінде айқындалатын болады. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша оралмандарды қоныстандыру «Нұр Отан» партиясының бақылауында[8].
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері алыс-жақын шетелдерден атажұртқа оралған қандастарымыздың саны миллионға жуықтаған. Бұл жері көп, халқы аз Қазақ елі үшін үлкен күш екендігі даусыз. Ұлтымыздың мұндай демографиялық жаңғыруға қол жеткізуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ғасыр тоғысындағы стратегиялық сәтті шешімі мұрындық болды. Содан бері жалғасқан ұлы көш «Нұрлы көшке» ұласты.
_____________________________
1 Болашақтың іргесін бірге қалаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 28.01.2011ж.
2 Итоги переписи населения 1999 года в Республике Казахстан. – Алматы, 2000. – 129 с.
3 Этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу тұжырымдамасы туралы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 16 қыркүйектегі № 900 қауысы.
4 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы «Егемен Қазақстан» 2008 жыл, 6 желтоқсан, № 375-379 (25348).
5 Есенгүл Кәпқызы Нұрлы көш» оралмандардың үмітін ақтай ала
ма?http://www.azattyq.org/content/Kazakhstan_nurly_kosh_repatriate/1776801.html
6 Дағдарысқа қарамастан «Нұрлы көш» бағдарламасы жалғаса беретін болады – Елбасы.
7 Қазақстан көші қон туралы Қазақстан Руспуликасының заңы, 13 желтоқсан 1993 жыл.
8 Елбасы және ел саны. Алматы, 2009.-224б.
Резюме
Статья посвящена миграционным процессам независимого Казахстана. Также в статье рассматривается историческое значение программы «Нұрлы көш».
Summary
The article is devoted to the immigration process of the Republic of Kazakhstan. It also deals with the historical importance of the program «Nurly kosh».