ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ДАМУЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ:
МҮМКІНДІГІ МЕН БОЛАШАҒЫ

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ДАМУЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ:
МҮМКІНДІГІ МЕН БОЛАШАҒЫ

Ғ.Қ. Кенжебаев –
т.ғ.д., Абай атындағы ҚазҰПУ тарих факультетінің деканы

Дамыған елдер қатарына енуге ұмтылып отырған Қазақстанның жоғары білімінің даму болашағы әлемдік үрдістермен үндеседі. Ғаламдық ықпалдар едәуір дәрежеде жоғары білім беруге де қозғау салуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «бүкіл ғұмырлық білім»» үлгісінен «бүкіл ғұмыр бойы білім алу» үлгісіне көшу міндетін тұжырымдап берді [1].
Белгіленген міндеттерді жүзеге асыру білім саласында қалыптасқан шынайы жағдаятты дәл және салмақты бағалауды талап етеді. Соған байланысты жоғары оқу орындарының оңтайлылығы мен ұтқырлығын арттыру үшін олардың жүйесін одан әрі жаңғырту міндеті белгіленді. Қазіргі кезде барлық деңгейлер мен барлық бағдарламалы құжаттарда жоғары білімнің әлеуметтік тиімділігінің басты шарттарының бірі ретінде жоғары оқу орындарының дербестігі қажет екені мойындалады. Атап айтқанда, мамандар даярлауда қайталаушылық пен жанаспалықты жою, бюджет қаржысын неғұрлым тиімді пайдалану мақсатымен таяу арада елдің бірқатар аудандарында ірі мемлекеттік университеттерді (немесе өзіміз айтуға дағдыланған аймақтық университеттерді) қалыптастыру процесі аяқталатын болады.
1991 жылдан бергі Қазақстандағы білім беру мәселелерін талдау кеңестік білім беру құндылықтары мен Батыстық оқытудың ең жаңа жетістіктерін ұштастыру, әлемдік білім беру кеңістігіне республиканың оқыту жүйесін кіріктіру үшін басты шарт болды деген қорытынды шығаруға мүмкіндік береді. Осы тұста ішкі ұлттық даму көзқарасы тұрғысынан білім беру саласын жаһандандырудың сыртқы шарттарын ескеру қажет болатын. Бұл үшін жоғары оқу орындарының оқу жоспарларына әлемдік мәдениет, этнология, саясат, экономика, әлеуметтануды, тарих пен елтануды оқытатын жаңа қоғамдық пәндерді енгізу қажет еді [2].
2001 жылдан бастап мамандықтарды ірілендіру бағытында қайта қаралған және 43 топ бойынша 274 атаулы мамандықтардан тұратын жоғары кәсіби білімді мамандарды даярлау бағыттарының жіктемесі (классификаторы) енгізілді. Ол болашақта ЮНЕСКО-ның Лиссабон Конвенциясына қол қойған мемлекеттерге ұсынған білім берудің халықаралық стандарттық жіктемесіне сәйкестендірілетін болады.
Кеңестік және төңкеріске дейінгі Ресейлік білім берудің көптеген ұстанымдары күні бүгінге дейін негізінен кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте, соның ішінде Қазақстанда да сақталып отырғанын атап өткен жөн. 1990-шы жылдардың басында Қазақстандағы білім беру дәстүрлі емтихандардың орнына тестілер енгізіп, батыстық оқу жүйесіне икемделе бастады. Алайда тестілердің қоғамдық пәндер бойынша студенттердің шынайы білімін көрсете алмайтыны анықтала бастады. Атап айтқанда, тестілер оқыту мен студенттерді даярлаудың сапалық деңгейін әлсіретті, шәкірттерді тұрғындардың материалдық қуатсыздығы секілді рухани байлыққа талпыныстан ада етті. Сол себепті қоғамдық пәндер бойынша тестілерді мұқият және неғұрлым терең көзқараспен қарастыру қажет.
Халықаралық ынтымақтастық кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте білім беруді жетілдіруге қолайлы маңызды фактор болып табылады. Білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы алмасулар елдер арасындағы өзара түсініктікке көпір бола алады. Мұның аса маңызды болатын себебі Қазақстан бүгінгі білім беру және оқу бағдарламарын әзірлеуде, атап айтқанда, бизнес, менеджмент, экономика, үкімет саясаты, әлеуметтік даму мен мәдениеттің журналистика, бұқаралық ақпарат құралдары секілді салаларында осы шараларды атқаруда қолдау мен көмекті қажет етеді. Ресейде мемлекеттік бюджет тапшылығы сезілген жағдайда АҚШ үкіметінің қолдауы Қазақстанда білім беру жүйесінің дамуына жәрдемдеседі [3]. Жыл сайын ондаған қазақстандықтар АҚШ-та білім алады немесе оның ЖОО-да тәжірибеден өтеді. Оқуға АҚШ жағы да, сондай-ақ Қазақстан жағы да демеушілік етеді. Қазақстанда ТМД-на мүше басқа да елдер мен Шығыс Еуропа елдеріндегідей білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Американ кеңесі (АССЕLS), Халықаралық алмасулар мен зерттеулер
Кеңесі (IREX), Fulbriegt бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл ұйымдар өзара түсіністікті, мәдени, ғылыми және білім берудегі әріптестікті жақсарту бағытында тұтастай бірқатар шараларды жүзеге асыруда.
Білім берудің кең бағдарын толық, бірақ біршама жаңартылған күйде кеңестік кезеңнен кейінгі барлық транзиттік қоғамдар үшін сақтау, әрі кеткенде, өтпелі даму кезеңінде, әлде оны болашақта бөлшектеп қолдану қажет. Сонымен, реформалардың міндетті кеңестік білім беру құндылықтарын сақтауға және ең жаңа технологиялар мен қазіргі батыстық білім беру әдіснамаларын енгізуге саяды.
Әлемдік көлемде бұл мәселенің өзектілігіне шүбә келтіруге болмас, өйткені ақпарат пен оны тарату белгілі бір елдің дүниежүзілік экономикалық және саяси бәсекелстікте көш бастай алатынын айқындайтын басты факторларға айналуда. Бұл өзекті мәселені түйсінушілік Қазақстан Республикасының Мемлекеттік «Білім» бағдарламасында көрініс тапты: оның кіріспесінде «Жоғары тиімді білім беру жүйесі елдің экономикасы мен Қазақстан қоғамынының тұрақты өсуін қамтамасыз етудің басты факторларының бірі» деп жазылған [4].
Білім беру стандарты республикда оқу саясатын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды құжат болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 30бабының 4-ші параграфында «Мемлекет білім берудің жалпыға бірдей міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы стандарттарға сәйкес болуы тиіс» делінген [5].
Мемлекет орталықсыздану деңгейін қалай айқындайды? Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес кез-келген мамандық бойынша пәндер тізбегінде оқу уақытының 70 % — ын мемлекеттік компонент, 30 % — ын – университеттік құрайды және университеттік компоненттің 10 % — ы ғана студенттер өз бетімен таңдаған пәндер үлесіне тиеді. ҚР білім беру ісінің білгір маманы әрі ұйымдастырушысы Ш.К. Беркімбаева мұны жаңашылдық деп бағалайды, өйткені ол «академиялық еркіндік пен ЖОО-ның ұтқырлығын арттырады және нақтылы аймақтың еңбек нарығының тиісті сұраныстарын ескеруге мүмкіндік береді», -деген пікір білдіреді [6].
Бұған шүбә келтіруге тура келеді, өйткені «шындығында бұл пропорция Қазақстанда қазіргі білім мазмұны «қоғам» (нақты кәсіпорындар) үшін – 27 % – ға ғана сапалы, ал «жеке адамдар» (студенттер) үшін небәрі 3 % – ға сапалы болады дегенді білдіреді. Білім беру мазмұнының қалған 70 % — ын сапалы деп мемлекеттің өзі, Білім және ғылым Министрлігі айқындайды және директивті түрде білім беру қызметі нарығына қатысушы қалған жақтардың орындауына ұсынады.
Білім беру мазмұнын осылайша орталықтан айқындау университтер жетекшілерінің сыни мақалаларына арқау болуда, атап айтсақ, Екібастұз инженерлік-техникалық институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, профессор М.Алтынбасаров «Қазіргі жоғары білім берудің мазмұны әлі де онша оңтайлы емес. Бұл ЖОО-да көп артық нәрселер беріледі деген пікірлерден көрінеді. Екінші жағынан, институттар мен университеттердің түлектері көбіне өндіріс жағдайларына көп қиналып бейімделеді» [7].
Басқа авторлар — профессор Б.Дамитов пен доцент Б. Мельников – ескі (бұрынғы) және жаңа стандарттарды салыстыра талдау жасау негізінде «олардың мазмұнында серпіліс жасауға көмектесетін түбегейлі өзгерістер болған жоқ» деген қорытындыға келеді [8]. Олар, мәселен, жаңа стандарттар бұрынғыша әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану-ғылыми топтамалары бойынша пәндердің жоғары үлесін сақтау арқылы мамандықтар бойынша пәндерге нұқсан келтірілетінін атап көрсетеді.
Сөйтіп, білім беру сапасының басты компоненті – оның мазмұнын талдау мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Бірінші жағынан, білім беру мазмұнын орталықтан реттеу маман нені білуі тиіс екенін анықтауда бейберекетсіздікке жол бермейді, бірақ екінші жағынан, білім берудің мемлекеттік мазмұнының жеке тұлға мен қоғам сұраныстарына үнемі сәйкес келмеуіне ұштасады.
Білім берудің формасына қатысты мемлекеттік стандарттың 4.3 бабында университеттерге студенттерді оқытудың формалары мен тәсілдерін таңдауға толық еркіндік берілетіні жарияланған.
Қазақстан Республикасының ЖОО-лары алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін оқытудың кез келген технологиясын еркін қолдана алады. Олардың стандарттарда белгіленген кәсіби білім беру бағдарламаларының талаптарын нақтылы жағдайларда неғұрлым сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін оқу үрдісін ұйымдастыру мен бақылаудың формалары мен әдіс-тәсілдерін таңдау құқығы бар.
Бұл ретте дегенмен Мемлекеттік стандарт университтерге оқытудың формалары мен тәсілдерін таңдауда еріктілік танытуға ұсынатын оқу уақытының реттелген шеңберін ескерген жөн. Мемлекеттік стандартқа сәйкес оқу жылы кем дегенде 34 аптадан тұрады, мұнда оқудың апталық жалпы жүктемесі 54 сағаттан аспауы тиіс, ал аптаға шаққанда дәрісханалық сабақтардың ең жоғары аумағы 36 сағаттан көп болмауы керек [9]. Бұл іс жүзінде студент аптасына орта есеппен 9 пән бойынша 18 сыныпқа иеленеді дегенді білдіреді. Бұл тұста оқу немесе жұмыс уақытының үштен екі бөлігін студент дәрісханада өткізуі, яғни үштен бірін ғана өз бетімен даярлануға пайдалануы тиіс болады. Мұндай жағдайда оқытушы, мәселен, студенттерді әдебиетпен өз бетінше жұмыс істеуге және оқығанын дәрісханада сыни тұрғыда талқылауға неғұрлым тиімді түрде бағдарлай алмайды. Нәтижесінде: «көптеген білім алушылар әдебиетпен жұмыс істеуді, негізгі теорияны және оның неғұрлым маңызды бөлімдерін өз бетімен бөліп алуды, оқылатын материалды әр жақтан қарастыруды…, өзінің танымдық әрекеттерін өз бетімен басқаруды білмейтінін мойындаған жөн» [10].
Сабақтардың дәрісханалық түрінің басымдығы оқу үрдісін сынып аумағында шектейді және оның оқытушылар еңбегіне, сондай-ақ студенттердің оқуына қатысты да әкімшілікке бағыныштылығын арттырады. Соңғы жағдаяттың Қазақстанның орталықтандырылған білім беру жүйесі үшін маңызы аз емес. Өйткені білім беру мазмұнын таңдау мүмкіндігі шектелген студенттердің ынтасы азайған жағдайда (пәндердің 3 %-ы ғана студенттердің таңдауы бойынша айқындалады) мемлекет студенттердің білім мазмұнының мемлекеттік компонентінің 70 %-ын игерту үшін әкімшілік бақылауды сақтап қалуға тырысады.
Білім беру сапасының екінші компонентін – оның формасын – талдау мемлекет дәрісханадан тыс сабақтардан гөрі дәрісханалық сағаттардың басымдығын орната отырып, оқу үрдісін бақылау мәселесін шешеді, бірақ бұл тұста оқыту тәсілдерін таңдаудағы жария етілген оқытушының еркіндігін едәуір тарылтады.
Білім беру мазмұнын орталықтан айқындаудың нақты көрінісіне тоқталсақ, жалпы оқу үрдістерін ұйымдастыру мен басқарудағы шешілуі тиіс мәселелердің 44-і министрлік құзырында, 23-і үкіметте, ал тек 17-і ғана жоғары оқу орындарында болды. Бұл жағдай сөз жүзінде жарияланған қазақстандық жоғары оқу орындары автономиясының іс жүзінде жүзеге аспай отырғандығын аңғартады.
Білім беру сапасы мәселесі реформалар жүргізу кезеңінде Қазақстан білім беру жүйесі үшін күрделі түйіндердің біріне айналды. Мемлекет Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі арқылы бұл кезеңде білім беру әмбебап және бұқаралық болуы тиіс деген түсінікке сүйенетін, оның бір ізге салынуы мен басқарылуы қатаң орталықтандырылған мемлекеттік бақылауды талап ететін білім берудің орталықтандырылған доктриналы реформалау стратегиясын таңдады.
Біліктілігі жоғары мамандар шығару жоғары мектептің аса маңызды міндеттерінің бірі. Бүгінгі таңда Қазақстанның жоғары оқу орындарында халық шаруашылығын қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін педагогикалық, оқу-әдістемелік, ғылыми және мамандар құрамы жеткілікті. Алайда жоғары білім беру жай-күйін бағалауда сандық көрсеткіштерден гөрі сапалық нәтижелер маңызды. Қазіргі түйінді мәселелердің қатарында белгілі бір саланың ғана емес, сондай-ақ мамандар даярлаудағы тепе-теңдіктің бұзылуына байланысты еліміздің бүкіл экономикасының мамандарға деген қажетін анықтау міндеті тұр. ЖОО түлектерінің құрылымдық таралуын қараған кезде бұрынғыша экономикалық (түлектердің жалпы санының 33,5 %-ы), заңгерлік (29,2 %-ы) және педагогикалық (27,1 %-ы) мамандықтардың алда екенін, ал денсаулық сақтау және инженерлік-техникалық мамандықтарға 430 адамнан немесе түлектердің 9 %-ға жуығы келетініне назар аудармасқа болмайды [11].
Білімділікті қоғам дамуының барлық жақтарын көрсететін айнаға теңеуге болатындықтан да, білім беру жүйесі экономика, саясат, мәдениет саласындағы өзгерістерді шынайы көрсетумен қатар нарықтың тетіктері арқылы осы оңды өзгерістерге ықпал етуге қабілетті.
Білім беру жүйесіндегі жағдай әлеуметтік саладағы нарық тетіктерінің дамуына және оған сырттан басқарылатын құрылым ретінде қайта қарауға тікелей байланысты. Нарықтық қайта құрулардың тереңдеуі экономиканың басқа да жақтары сияқты тұтынушы қажеттерін барынша толық қанағаттандыру мәселесін шешетін білім беру қызметтері нарығын дамытуға түрткі болды.
Қазіргі кезде осы өзекті мәселені шешу үшін білім беру мекемелерінің баға, тауар, коммуникация (қатынас) саясатына қатысты мәселелерді шешуде маркетингтік стратегияны қолдануына назар аудару қажет. Бұған қоса оқу орны қызметінің ұйымдастыру-экономикалық жақтарын, атап айтқанда, мамандар даярлау сапасын, оның еңбек нарығындағы үлесін арттырудың, білім беру қызметтері нарығын мамандармен және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді күшейтудің жаңа бағыттарын іздестіру мәселесін де көтермеуге болмайды.
Жұмыс күші нарығының талаптарына сәйкес нарық экономикасы мамандарына қажеттілікті айқындау тетігін тұжырымдау және осы тетіктің тұтынушының шынайы сұраныстарымен үйлесім табуы мәселелері шешілмеген күйінде қалып отыр. Жоғары мектеп желісі еліміздің өндірісін, ауыл шаруашылығын, мәдениет пен медицина мекемелерін, ғылыми-зерттеу лабораторияларын ғылыммен жарақтандыруда және оларға мамандар даярлауда әрқашанда маңызды рөл атқарып келді. Бірақ, қазіргі кездегі жоғары білім беру саласындағы мамандар дайындау жүйесі еліміздің экономикалық және қоғамдық жаңару сипатына сай келмей отыр. Көптеген жоғары оқу орындары ескі қарқынмен жұмыс жүргізіп, қалыптасқан дағдыға сәйкес және өздерінің мүмкіндіктеріне орай мамандар дайындауды одан әрі жалғастыруда. Мұндай жағдайда бұл оқу орындарын аяқтаған мамандар өмірдің шынайы сұранысына ие бола алмай, жұмыссыздар қатарын толықтыратындығы дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Білім беру жүйесіне нарықтағы тең-құқықты әріптес ретінде қарау жөніндегі түбегейлі өзгеріс бүкіл қалыптасқан ғылыми тәсілдемелер кешенін қайта қарауды және де басты ресурс – адам әлеуеті ескерілетін білім беру жүйесін дамытудың барынша нарыққа бағдарланған стратегиясын жасауды талап етеді.
Бүгінгі таңда білім беру саяси, әлеуметтік және экономикалық алға басудың басты факторы ретінде қаралып отыр. Қоғамдық қатынастар жүйесінде болып жатқан өзгерістер білім беру жүйесінен ұтқырлықты және экономикалық даму қажеттеріне сәйкестілікті талап етуде. Соған байланысты ҚР үкіметі білім беру саласында Қазақстанның неғұрлым дамыған елдер қатарына қосылуының басты факторларының бірі ретінде қазіргі білім берудің, мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың бәсекелестікке қабілетті жүйесін құруды өзіне мақсат етіп отыр.
Осыған орай, ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, білім беру жүйесіне халықаралық жүйемен үйлестірілген индикаторларды енгізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, барлық деңгейлердегі білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей стандарттарын жетілдіру, білім берудің барлық деңгейлеріндегі ұйымдардың материалдық-техникалық және оқу-әдістемелік базасын нығайту, білім беру қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің дифференцияланған жүйесін енгізу жөніндегі шаралар белгіленуде.
Жоғары білімнің маңызы арта түсуіне байланысты үкімет оны тиімді дамыту үшін мына шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр:
— Батыстың озық технологияларын пайдаланумен ЖОО-ын басқарудың жаңа ұстанымдарын қалыптастыру;
— Оқытушыларға да, оқыту әдістемелеріне де талаптарды күшейту;
— Мемлекеттік сұраныс шеңберінде оқытатын мамандықтар бойынша ЖОО түлектерін жұмысқа орналастыру тетіктерін енгізу;
— Халықаралық сыртқы сарапшыларды қатыстыра отырып, ЖОО-ын аккредиттеудің
халықаралық үлгісіне көшуді жүзеге асыру;
Еліміздің интеллектуалдық әлеуетінің ролі алдағы уақытта артпаса кемімек емес. Барлық ағарту салаларымен бірге жоғары мектеп қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени прогресіне айтарлықтай үлес қосады. Ол маңызды әлеуметтік міндетті орындап, жастарға іргелі ғылыми білім мен кәсіби мамандық береді, дүниеге көзқарастарын қалыптастырады, елдің экономикасы мен мәдениетінің дамуына шешуші ықпал ете алатын жоғары білікті мамандар дайындайтын база болып табылып қоғамның жаңа интеллектуалдық әлеуетін толықтырады.
Білім беру саласындағы реформалар барысында бас бармақпен бағаланар бәйгелі сәтіміз де, оң мен терісті айыра алмаған адасулы сәттер де көп болды. Бүгінде жоғары оқу орындарында даярланып жатқан мамандардың біліктілігіне, кәсіби шеберлігіне қатысты сан алуан көзқарастар бар.
Еңбек рыногында сұранысқа ие салалар бойынша мамандар дайындауға мән бермеген Орталықтың кемшілігін қайталамай, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелері бүгінгі егемен еліміздің қуаттылығын арттыруға үлес қосып жатқандығы баршаға аян жағдай. Өткеннің бәрін теріске шығарып топырақ шаша берген жарамас. Әр заманның өзіне тән артық-кем тұстары болады. Әрі бүгінгі нарық жағдайында қызмет жасап жатқан мемлекеттік оқу орындарының барлығының дерлік ірге тасы сол Кеңес дәуірінде қаланғанын естен шығармағанымыз жөн. Өткен ғасырдың 90 — шы жылдарына қарай Қазақстанның жоғары оқу орындарында 200 — дей мамандық бойынша әр түрлі саланың өкілдері дайындалды.
Қоғам дамуының логикасы тәрбие мен білім беру саласындағы көптеген ескі тәсілдерді қайта қарап, оны терең түрде өзгерту талабын қойды. Алайда, алға тартылған өткір сұрақтардың барлығына жауап табылды деуіміз әбестік болар еді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы жоғары білім беру саласы бастан өткеріп отырған қайта құрулар мен өзгерістер процесі Қазақстан қоғамы өміріндегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге де, сондай-ақ әлемдік ақпараттық кеңістіктің даму қажеттеріне де негізделген. Осы жағдайда отандық жоғары мектептің бұрынғы жетістіктерін уыстан шығарып алмау үшін білім беруді реформалаудың бағыттары мен мазмұнын дұрыс анықтау, ғаламдық оң тәжірибені игеріп, оған бейімделу өте маңызды. Сол себепті, біздің ойымызша, білім беруді реформалаудың басты бағыттары: білім беру мен ғылымның мақсаттары мен себептерінің өзгеруі; білім мен ғылым жүйесі құрылымының, оның аймақтық орналасуының реформасы; білім беру мен ғылым жүйесін басқаруды қайта құру, ғылым мен оқытудың мазмұны мен технологиясының өзгеруі бола алады және солай болуы тиіс.
Ел президенті Н.Ә Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2030» Стратегиясында жоғары білім басты басымдықтардың бірі болып айқындалады. Тек сол ғана мәдени интеграция, білім сапасын көтеріп, оны жаһандандыру және ізгілендіру арқылы Қазақстанның толыққанды өмір сүруін, ұлттық қауіпсіздігін сақтап, көркеюін қамтамасыз етуі тиіс.
______________________
1 Материалы съезда работников образования и науки Республики Казахстан (Алматы, 2001, 2-3 февраля). — Алматы, 2001. — С.10.
2 Кыдырбекулы Д. Проблемы постсоветского гуманитарного образования в Казахстане. – Алматы, 2004. — С.45.
3 Иватова Л.М. США во внешней политике Республики Казахстан. — Алматы, 1999. — С. 209.
4 Государственная программа «Образование» // Собрание актов Президента Республики Казахстан и Правительства Республики Казахстан. — 2000. — № 40. — С.78.
5 Бегаилов Е., Тулегенова Р. Введение стандартов – закономерный процесс // Высшая школа Казахстана. — 2002. — № 4. — С.42.
6 Беркимбаева Ш. Об итогах работы Министерства образования и науки Республики Казахстан за 2001 год и задачах на 2002 год // Начальная школа Казахстана. — 2002. — № 6. — С. 21.
7 Алтыбасаров М. О некоторых проблемах высшего образования // Высшая школа Казахстана. — 2002. — № 1. — С.18-19.
8 Дамитов Б., Мельников В. Интеграция в мировое образовательное пространство через повышение качества образования // Высшая школа Казахстана. — 2002. — № 1. — С.12.
9 Государственный общеобязательный стандарт образования Республики Казахстан // Сборник законодательных и нормативных документов, актов по высшему образованию. — Семей: Семейский госуниверситет, 2001. — С. 64.
10 Абдукаримова Ш., Галиев.Т. О содержании образования и его структурировании с точки зрения ускорения процесса познания» // Высшая школа Казахстана. — 2001. — № 4, 5. — С. 24.
11 ҚР Президент әкімшілігі, ҚР МК кеңсесімен қарым-қатынас жазбалары // ҚР ОММ 2265қ.,1-т.,176 -іс.,14 п.
Резюме
В статье рассматриваются приоритеты развития высшего образования в Республике Казахстан. По мнению автора, начало 90-х годов в Казахстане ознаменовалось большими трансформациями в социальной, экономической, политической жизни, которые не могли не коснуться и системы высшего образования. Общество вступило в эпоху экономической и политической свободы, что потребовало пересмотра всей существующей системы высшего образования, внедрения новых форм и методов организации образовательного процесса.
Автор, анализируя проблемы системы образования в республике, приходит к мнению, что необходима интеграция ценного опыта советской системы образования и передовых мировых технологий обучения.
Summary
The article deals with the development priorities of higher education in the Republic of Kazakhstan. According to the author, the beginning of 90 years in Kazakhstan was marked by great transformations in social, economic and political life, who could not touch and the higher education system. The Company has entered an era of economic and political freedom, which required review of all existing higher education system, introducing new forms and methods of the educational process.
The author is analyzing the problems of the education system in the country comes to believe that integration should be a valuable experience of the Soviet education system and the advanced world of technology education.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *