БАЛА БЕДЕШ, АЗАМАТ БЕДЕЛБАЙ

Рымғали  Нұрғали 

БАЛА БЕДЕШ, АЗАМАТ БЕДЕЛБАЙ

Көптен көрмеген соң әр нәрсені сұрасып жатырмыз. Ұзақ жылдар Қазақ мемлекеттік университетінің баспаханасын басқарған Айымды ұстаздар қауымы жақсы біледі. Менің кейбір қалжың сөздерімді оғаш көрген біреуі:
–Апайды әр жерге апарып тастадыңыз ғой, – деп қалды.
–Шырағым-ау, бұл апаң біздің ауылда аспаннан түскен келін атанған. Марқұм Беделбай Көшербаев – менің балалықты бірге өткізген ауылдасым. Мына апаңның күйеуі. Бедеш Мәскеуде оқып жүргенде, бұл сұлу стюардесса болған. Екеуі ұшақ ішінде, аспанда танысқан. Артынан үйленді ғой.
Айым енді жадырады:
–Тірі болса досыңыз алпысқа келетін еді. Темекеңе, профессор Темірбек Қожакеевке бардым. Сыйлас, дос ағасы еді. Серік Әбдірайымовқа бардым. Іні досы еді. Профессор Александр Кузнецовқа бардым. Бірін-бірі жақсы көретін. Бәрінің басын қосып, Бедешті еске алып, дастарқан жасағым келеді. Ұлы Ермек, қызы Айгүл де осыны қолдады. Кейінгілер білмейді ғой. Баспасөзде бір-екі ауыз болса да, сөз басылса жақсы болар еді, – деді.
Осы әңгімеден кейін қолыма қалам алдым.
Тайлан-патша заманында Жандарал жолы аталған Семей мен Қарқаралыны қосатын үлкен күретамырдың бойындағы елді мекеннің бірі еді. Маңайы түгел шабындық, қорық, қалың шиінен кісі көрінбейтін, ешқашан жұтты білмейтін құтты өлке болатын. Бурадай шөгіп жатқан Дегелең тауының сай-саласы қайың, шілік, терек, Әулие асудан бастау алып құлайтын Қарабұлақ, Ұзынбұлақтың сулары арналы өзенге бергісіз мол, берекелі. Бұл өңірдің маңайы ұйысқан қалың ел. Ашаршылық, соғыстан кейін қайтадан бас көтерген ауылдың бір кіндігі – Тайландағы көпшілік ат басын тірейтін жер – ұста Жақияның дүкені. Маңайдағы барлық шаруашылықтың темір-терсек, аспап-сайманы осында жөнделеді. Қырық жылғы іс-мәшинесі, самауыр іске қосылып, қайшы-пышақ қайралып, сынған кесеге дейін осында құрсалады. Ат тағаланады, доңғалақ қалпына келеді, арба жүргізіледі.
Дүкенде Жақияның балғасының дүрсілі бір тынбаса, үйде менің әкемнің апасы Шәбілдің қара шәйнегі мосыдан бір түспейді. Күндіз-түні келімді-кетімді кісі, оған қабақ шытатын Жақия да емес, Шәбіл де емес.
Бір көргенге болмаса ұста дүкеннің іші балаларды қызықтырмайды: шыңылдап ұрылып жатқан төс үстіндегі темірлер, әр түрлі аспаптар: балта, балға, ара, пышақ, бұранда, біз, қайрақ, қызарып жанған көмір шоғы, көңірсіген иіс, ыстық ауа, ұсталардың денелерінен тамшылаған тер – бәрі қосылып өзінше бір әлем жасайды.
Өзгелеріміз есік алдында арбаға, шөп мәшинелеріне мініп ойнағанды ұнатсақ, жалғыз Беделбай ғана дүкен ішіндегі темір-терсекті жағалай береді. Ұсталардың ананы әпер, – мынаны әпер дегеніне жаны қалмай жүгіреді. Қолы-басы, бет-аузы күйелеш-күйелеш болып, екі көзі ғана жылтырап шыға келеді. Сонда әншейінде көп сөйлемейтін Жақия ұста:
–Басқаларың кім болсаң ол болыңдар, онда шаруам жоқ. Далада қалмассыңдар. Мынау Көшербайдың күшігі Беделбайым – Бедешім, мен кісі танысам, қара дүкеннің киесін ұстап қалайын деп жүр-ау. Бұл ұлым мен секілді темірдің тілін білетін шебер болады, – деп оның басынан сипап батасын берер еді.
1954 жылы 10 тамызда Семей облысы Абыралы ауданының халқы түгелдей отырған орныдарынан Қарағанды атырабына бір аптаға көшіріліп, Дегелең тауының бауырындағы Балапан жазығында Совет елінің тұңғыш сутегі бомбасы жарылып, сынақтан өткізілді. Жан басына ақша үлестірілді, бөшке-бөшке арақ үйді-үйге бөлінді, әскери шатырлардан қала тұрғызылды. Бұрын өмірі дәмін татпаған консерва, колбаса, шоколад дегендерге бала-шаға қарық болды. Бомба жарылғанда аспанда жаңа күн жасалғандай, әсер қалды, алып саңырауқұлақ көкке көтерілді, жер тітіреп, ауа құбылып, көгалда сағым жөңкілді, жанып жатқан от шалқыды. Жан-жануар ақырзаман келгендей шошынып, кірерге тесік таппай қиналды. Әуелде жұртқа басу айтып, бас-көз болып жүрген әскерилердің өзі бомба жарылған кезде, зәрелері ұшып, құт- берекелері кетіп, бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, тілдерін шайнап, тістерін шықырлатып, бастары салбырап, өңдері бозарып, белгісіз күйге түсті.
Бұл кезде балаларды құдай жарылқағандай болған еді. Әскери мәшинелердің қорабына, кабинасына мініп алып, шала-шарпы орысшыларының арқасында солдаттармен әмпей-жәмпей. Солардың бел ортасындағы Беделбай жарылыс басталғанда үрейленіп кабинаға кіріп алған Томскіден келген шофер солдатқа:
–Ой, шірік! Неменеге қорқасың? Мұндай жарылыс біздің Дегелеңде осыдан бес жыл бұрын болған. Бұл саңырауқұлақты сонда көргеміз, – деген.
Көп жерлер әскерилердің атом бомбасын сынайтын арнаулы аумағына айналған соң, 1955 жылдың аяғына қарай Абыралы ауданын таратылып, халықты жан-жаққа бөліп-бөліп көшіре бастады: біреулер Абай, біреулер Жарма, біреулер Шұбартау, біреулер Қу, біреулер Қарқаралы аудандарына көшірілді. Сөйтіп айрандай ұйып отырған қалың ел бөлініп-бөлініп кетті.
Бұрынғы Дегелең тауының бауырын, Тайлан атырабын мекен еткен жұрт көршілес Абай ауданының басына, Абай, Бірлік шаруашылықтарына қоныс тепті. Біздер Шұбартау ауданына көштік. Орта мектепті Беделбай Қарауылда аяқтаса, мен Баршатаста бітірдім. Төрт-бес жыл бойы бір- бірімізді көрмеген едік. 1960 жылы жазда Семей әуежайында кездестік. Атымды атап біреу анадайдан айқайлап тұр. Беделбай екен. Құшақтаса кеттік.
–Иә, қайдан келесің? Алматыда мінгендер ішінде жоқ едің ғой, – дедім.
–Менің Мәскеудің полиграфия институтында оқитынымды естіген жоқсың ба? –Беделбайдың дауысында сәл мақтану бар секілді.
–Жер түбіндегі Мәскеуде нең бар? Полиграфияны қайткелі жүрсің? – дедім әдейі тиісе сөйлеп.
–Немене Бақтажар Мекішев ағамыздан басқа Абыралы баласы Мәскеуде оқымасын деген заң шығып па еді? Полиграфия – қағаз басатын темір-терсек. Оған баруыма баяғы ұста Жақия атамыздың аузыма түкіргені себепші болған шығар, – деп Беделбай басын кекжитіп күлді.
–Жақсы болды ғой. Кейін бірдеңе жаза қалсақ, өзгеге жалынбай саған барамыз, – дедім. Беделбай қолын ұсынып:
–Аман-есен бітіріп шықсам, бір баспахана билігі тиер, не жазсаң да бастырып тұруға уәде берем, – деді.
Арада екі-үш жыл өткеннен кейін Беделбаймен Алматыда кездестік. Айтқанындай, бір баспаханаға инженер-экономист болып жұмысқа тұрған екен. Бірнеше жыл істеді. Тағы да Мәскеуге барып, аспирантураға түскісі келетінін айтқанда, мен қалжыңдап:
–Әріп теретін темір-терсектің де ғылымы бар ма? Соған әуре болып қайтесің? Жалпақ табан жұмысшы болып жүре бермейсің бе, – дегенімде Беделбай:
–Сөз теретіндер ғылымы болғанда, техника ғылымы неге болмасын. Терушілердің жұмысын жеңілдету жолдарын көрсететін ұсыныстарым бар, соларды ғылыми түрде дәлелдеп, өндіріске өндіру әдістерін айқындап беретін еңбек жазғым келеді, – деп басалқы жауап берді.
Айтқанындай-ақ, Беделбай Мәскеу полиграфия институты аспирантурасында оқып, Қазақстандағы полиграфия саласынан бірінші ғылым кандидаты атанды. Баспа комитеті төрағасының орныбасары болып қызмет істей бастады. Бір күні кабинетіне барсам, мәз-мейрам күліп отыр. Бұрыннан да кішіктігі шамалы, енді мапсаптың желі бар, астам сөйлеп те қалады.
–Қатырдым бүгін коллегияда бастықтарымды, – деді сылқылдап.
–Не істедің?
–Төраға Елеукенов – журналист, орынбасар Скоробогатов – журналист, мен ғана маман полиграфияшы инженер-экономиспін, соңғы сөзді мен айтқаным дұрыс, – деп қатырдым оларды.
–Бір жолға сен қатырған екенсің, келсі жолы олар сені қатырады.
Орынбасарының өзінен мықты болғанын көтеретін бастық көрген жоқпын.
–Қалжыңдап айттым ғой.
–Қалжың түбі – шын. Орныңды босатуға дайындала бер. Содан көп уақыт өткен жоқ. Беделбай телефон соғады.
–Бірге отырып тамақ ішейік түсте.
–Қайда барамыз?
–Көк базарға кел.
–Басқа жер жоқ па?
–Сол маңайға қызметке ауыстым ғой.
–Не деп тұрсың?
–ЦК баспасына директордың орынбасары болып бардым.
–Зампред емес пе едің?
–Баяғы қалжың түбіме жетті білем, – деп Беделбай сылқ-сылқ күледі.
Газет-журналдар басылатын үлкен баспаның жұмысын Мәскеуде бірге оқыған екі дос – Әнуарбек Тілеулесов пен Беделбай Көшербаев жолға қойды. Екеуі арадан қыл өтпейтін тату. Біріне-бірі сенеді. Біріне-бірі еркелейді.
Беделбайдың елде туыстары, ағасы бар, соларды сағынып, қолы тиген кезде Семей, Шыңғыстау, Абыралы қайдасың деп тартып отырады. Бір күні:
–Саған бір сыр айтайыншы. Ел жаққа барып келсем болды, бір жұма бойы бойым көтертпейді. Басым ауырады, қысымым көтеріледі. Әсіресе, Дегелең жақтан аң қағып келгеннен кейін ауыра бастаймын. Сенде сондай жағдай жоқ па? – деді.
–Өйтіп қорықсаң барма. Әкеміз-шешеміз, бауырларымыз отырғанда, елге қатынамай қалай өмір сүреміз? Іргедегі қайын-жұртыңнан шықпа.
–Шынымды айтсам, сен де теріс секіреді екенсің, – деп ренжіп қалды. 1976 жылдың жазы болатын. Беделбай екеуіміз бала-шағамен
Ыстықкөлге барып демаламыз деп уәделесіп қойған болатынбыз. Телефон соқты:
–Бір шаруа шығып қалды. Екі-үш күнге елге барып қайтсам. Сен жолазықты молдап дайындай бер. Фрунзе емес, Кеген айналып барайық. Табиғаты керемет, таулары ғажап деп Әнуарбек мақтап отыр. Не сәлем айтасың ағайынға? Жаңа “Москвичпен” кетем. Қасымда ұлым Ермектен басқа ешкім жоқ. Білем, білем. Қатты айдамаймын. Баяғы жүзден аспаймын, – деді. Ең соңғы тілдесуіміз осы болды. Ертеңіне таңға жақын суық хабар жетті. Машинасы өз-өзінен аударылып Беделбай опат болды.
Одан бері де жиырма үш жыл өтті. Кейде ойлаймын: жол жақсы, көлік жаңа, күн жарық, кедергі жоқ, мәшине өз-өзінен неге аударылды екен? Жүрек сыздады ма, қысым көтеріліп кетті ме, бас ауырды ма? Кеше ғана сау жүрген атпал азаматтың аяқ астынан мерт болуы қалай? Пәк күндерді Дегелең бауырында бірге өткізген бала Бедештің, еліне танылған Беделбайдың да ажалы полигон кесепатынан келді-ау деп ойлай берем.

1999.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *