ДЕГДАР

Рымғали  Нұрғали 

ДЕГДАР

І
Семей облысы Үржар ауданында орта мектеп директоры болып істейтін бажам Тұрғали Мүшекенов жазғы демалысқа ауылына шақырды. Мектепті орысша бітіріп, орыс ішінде қызмет еткенімен, айрықша қазағуар. Мамандығы математик бола тұра, көп нәрседен хабардар, жан-жақты жігіт. Сырнай, баян, мандолин, домбыра қайсысы қолына тисе, еркін ойнай береді. Жап-жақсы дауысы бар, әсіресе Жүсіпбек мәнеріндегі әуендерді еркін, сүйіп айтады.
Тарбағатайдың тау-тасын аралату өз алдына, ең бастысы Алакөл жағасына барып, бірер апта сол жерде жатуға уәделескенбіз.
Сол 1973 жылы филология факультетін үздік бітіріп жатқан Болатжан Әбілқасымов деген студенттің Мақаншы жағынан екенін білетін едім. Оны тауып алып, көл жағдайын сұрап едім, шәкіртім қуанып кетті.
— Менің әке-шешем көл жағасынан он-он бес шақырым Жарбұлақ ауылында тұрады. Жұмысқа шыққанша ауылға бара жатырмын. Сіздерді күтіп алам. Жақсы болды, бірге демаламыз.
Мектептің жүк машинасына киіз үй, екі қой, арақ-шарап, азық-түлік киім-кешекті тиеп, Тұрғалидың ұлдары Қалқаман, Қамбар, менің ұлым Ардақ пен қызым Ләйла және ағамыз Рымбек Байсейітовтің ұлы Мұрат, Тұрғалидың өзі, әйелі Ғазиза, Ләтипа, мен және шофер бар, бір қауым кісі көл жағасына жеттік.
Биік жар басында шағын дүкен бар екен, бәрі сатылады: арақ-шарап, нан, шәй, қант, кәмпит, лимонад, ет, колбаса, жеңіл-желпі сырт киім, аяқ киім, иесі әбден қазақ болып кеткен ұйғыр екен.
Кірпіштен салынған ешқандай басқа құрылыс жоқ. Көл жағалай ана- жер, мына жерде ретсіз тігілген итарқа, үйшік, киіз үй жыртылып айрылады. Вагонетка қойғандар да бар. Көкпеңбек алып көлді шығысынан тағадай иіліп Тарбағатай, Алатау таулары қоршап тұр. Көгала толқындар шайып жатқан Үшарал сорабы айқын көрінеді.
Жер ошағымызды қазып, қойымызды сойып, үйімізді тігіп, шағын электр движогын іске қосып, енді есімізді жия бастағанда, бізді Болатжан да іздеп тапты:
— Жағада масаға таланып не бар? Жарбұлаққа бізге жүріңіздер, — деп жатып жармасқанына көнгеніміз жоқ.
Жұмақ Алакөлдің суында екен. Мөп-мөлдір, тап-таза тұзды су шым- шымдап денеңді қуырып, бойыңды сергітеді. Бір сүңгіп шықсаң, құлан таза болып кетесің. Жақсы-еркін малти алмағандықтан, өзгеміз жағадан алысқа бара алмай, кеуделеп қана жүреміз, ақырын-ақырын малтыған боламыз. Болатжан бала күнінен осы көл жағасында өскендіктен ол шалқардың балығы іспеттес: күмп беріп сүңгіп кетеді де, көпке дейін көрінбей, біраз уақыттан соң көз ұшынан бір-ақ шығады, құлаштап та малтиды, шалқалап та малтиды, кілемде жатқандай-ақ су бетінде тып-тыныш демалады, оған құм басып жағада жүргеннен, толқыннан толқынға аунап, суда жүзген әлдеқайда оңай секілді.
Жарбұлақта тұратын әке-шешесі момын адамдар екен. Болатжаннан кейін Бақытжан, Бауыржан, Баубек секілді інілері, бірнеше қарындасы бар екен. Әкесі Шайзада ақсары, мұрны пышақтай, аңқылдаған, әңгімешіл адам болып шықты. Ескі әңгімелерді, шежіре сөзді жақсы біледі. Бұлар Найман, Қаракерей, оның ішінде қазақтың ұлы батыры Қабанбайдың тікелей ұрпағы. Бірер үй керей, уақтан келген кірме болмаса, тұтас ауыл түгел Қаракерей Қабанбайдың нәсілі. Бұрын хатқа түспеген Қабанбай туралы жырды Болатжанның нағашысы аулада отырып, кешкі салқында ұзақ жырлап отырды.
Қашан біз Алматыға қайтқанымызша Болатжан күндіз-түні қасымызда болды: көп жерді аралатты, Жалаңаш көлге апарды, Барлық арасанды көрсетті, балаларға суда малтудың неше түрін үйретті, балық аулауға машықтандырды, сөйтіп қымбат, жақын бауырымыздай болып кетті.

ІІ
Атақты партизан, белгілі қоғам қайраткері, жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Әди Шәріпов адамға жақсылықты іздеп жүріп жасайтын кісіліктің иесі еді. Университетті енді ғана бітірген қылқан кескендей жастар Шәкір Ыбыраев, Жанғара Дәдебаев, Құлбек Ергөбеков, Серік Негимов, Болатжан Әбілқасымовты бірден жұмысқа алды. Бұлардың бәрі де кейін ғылым докторы, профессор деңгейіне көтерілді. Кафедра басқарды, декан, проректор, ректор болды.
Ал Болатжан Әбілқасымов ұзақ жылдар Әдебиет институтында ғалым хатшылық қызметінде көп жұмыс бітірді. Мәскеуде оқып, орыс фольклорлық ғылымының тамаша мектебінен өтіп, соны методологиялық әдістерді меңгеріп келіп, қазақтың жаңа фольклористика бағытын (С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов, Ш.Ибраевтармен бірге) қалыптастырды.
Ғылыми мәні зор көптеген зерттеулер, түрлі жинақтар Болатжан Әбілқасымов редакциясымен басылып шықты.
Болатжан қызмет бабында аузы берік, артық сөзі жоқ адам болатын.
Ол ғалым хатшылыққа тағайындалғанда өзімізше үлкендігімізді көрсетіп, ақыл айтып жатырмыз:
— Бұл қиын жер. Сөз өртеніп лаулап тұрады. Артық-ауыс бірдеңе айтушы болма.
Кейін Сейіт Қасқабасов айтады:
— Сол кеңесті бекер берген екеміз. Мына бауырың басқа түгіл біздің өзімізге түк айтпайды. Нағыз барлаушы болатын адам екен.

ІІІ
Мұхтар Құл-Мұхамед қызын ұзататын болып, Алматыға тойға бардық. Опера және балет театры қарсысындағы Алматы қонақүйінің астындағы бұрын талай тайраңдап қызықтаған ресторанымыз адам танымастай болып өзгеріп кеткен, әлемдік биік талаптарға жауап беретіндей әшекейленген, алтынмен апталып, күміспен күптелген. Далиған кең зал сәтті бөліктер жасалғандықтан ықшам да қолайлы көрінеді. Тойға келген адам көп: министрлер, депутаттар, журналистер, баспагерлер. Үлкендер жағын танығанмен, орта жастағылар, жастар бейтаныс. Мақаншы тарапынан келген бір топ адамның ортасында отырған Болатжан көзіме оттай басылды. Көріспегенімізге бірталай уақыт болған. Аман-сәлемнен кейін іні-шәкіртім өкпе айта бастады.
— Астанаға, университет кафедрасына шәкірттеріңізді жинап алдыңыз. Мені ғана ұмыттыңыз.
Кісіге кінә артып, өкпе айтпайтын Болатжанның мына сөзі мені таңқалдырды.
— Жер бетіндегі жұмақтың бірі – Алматыны тастап, дүниедегі ең суық астанаға бармайсың ғой.
— Ел ауған жаққа бақ ауады. Шақыратын болса, неге бармаймын, барар едім. Ең бастысы денсаулыққа қолайлы жер. Әсіресе жүрегі ауыратын адамға Арқаның желі мен аязы ем деп естимін.
Болатжанның инфаркт алғанын білем, сондықтан Астанаға көшу ниеті анық екенін ұқтым.
— Егер кафедрада бос орын болып жатса келесің бе?
— Бүгін хабар жетсе, ертеңіне барам.
Сол сөзден кейін көп уақыт өткен жоқ, 2006 жылдың қыркүйек айында отбасы жағдайына байланысты бір адам Қарағандыға ауысып, профессор вакансиясы босады да, сол орынға Болатжан шақырылып, конкурстан өтті. Барлық жағдай жасалған, жаңадан салынған Студенттер үйінен бір бөлмелі қолайлы пәтер беріліп, жаңа ортада Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында ұстаздық-педагогтық қызмет атқара бастады. Оқу-әдістемелік жұмыстарды жақсы білетін, бұрын декан болған адам жаңа ортаға тастай батып, судай сіңді. Кафедра мүшелерінің дені Алматыдан келген ескі таныстары, біреуі ұстазы, біреуі курстасы, біреуі қызметтесі, шәкірттері. Магистранттар мен аспиранттарға ғылыми жетекшілік жасады, студенттерге фольклордан лекция оқыды. Әуелде докторлық диссертациялық кеңеске мүше, артынан Бақылау аттестаттау комитетінде сарапшы болды. Университеттің, астананың қоғамдық-мәдени өміріне белсене қатысты. Конференцияларда баяндама жасады. Павлодар, Қарағанды қалаларында өткен ғылыми басқосуларда Болатжан тың пікірлерін, жаңашыл ойларын ортаға салды. Жол азықты мол алып, сапарларда достарының көңілін тауып, аңқылдап, ашық-жарқын, көңілді жүрді.
Денсаулығы әбден жақсарып кеткендей көрінген Болатжан 2008 жылдың наурызында аяқ астынан жүрегі қатты ауырып, емханаға түсті. Кафедра мүшелері бір семестр оған салмақ салған жоқ. Сабақтарын бөліп алып өткізді. Ұзақ емделіп, қалпына келгендей болған. Демалысқа шыққан соң «Мерседес» машинасының руліне өзі отырып, Алматыға кеткен еді.

ІҮ
Жығылып, зақымданған аяғыма операция жасағаннан кейін дәрігерлер Алакөлге баруды ұсынды. Асыл су, тұзды су пайдалы деді. Кенже ұлым Ердос, келінім Әсел, немерем Мүслима, әйелім Қадиша, қызым Рабиға – бір машина боп көл жағасына сау ете түстік.
Баяғы Алакөл жағасы емес, бәрі өзгерген. Ақша құдіреті мұнда да білгенін істеп жатыр. Қонақүйлер, демалыс орындары, тамаша коттеждер салынған. Жап-жақсы ресторан, кафе, асханалар бар. Алматыдан, Астанадан, Өскеменнен, Семейден, Қарағандыдан құм аңсаған, тұзды су аңсаған адам нөпірі автобус-автобус, машина-машина боп құйылып жатыр. Екі, екі жарым-айға жетер жетпес қызықты, рахатты күндерді көріп қалмақ.
Біздің келетінімізді білетін Болатжан, әйелі Элмира, қызы Асылбике, інілері бар, күтіп алып, бір кеш Жарбұлақтағы баяғы әкелерінің үйінде қонақ етті. Анасы тірі екен, жарықтық, осыдан отыз бес жыл бұрынғы ақсақалы Шайзада бар кездегі әңгімелерді, біздің алғаш көлге келгенімізді әңгімелеп отырды.
Інісі Баубектің көл жағасында салып қойған бірнеше бөлмелік демалыс ғимараты бар екен, Болатжан бізді соған жайғастырды. Асханасы да қолайлы болып шықты. Болатжандар күндіз бізбен бірге. Наурыздағы сырқаттан кейін тілі күрмелген. Қалыпқа келтіру үшін сөздерді қайталап айтатын жаттығу бар. Басқалар суға түскенде екеуміз көбіне жағада отырамыз. Жаттығу жасаймыз. Бір қызығы Болатжан әсіресе фольклор терминологиясына қатысты сөздерді айқын, дәл, шатаспай айтады:
— Миф, табу, метафора, анахронизм…
Әрі өткен, бері өткен қазақтар бізге қарап күледі. Екеуміз де күлеміз. Ақын Несіпбек Айтов та үй-ішімен осында екен. Бір жұма ақар-шақар болып бірге жүріп, уайым-қайғысыз күндер өткізіп, құмға аунап, күнге күйіп, көлге түсіп, аптығымыз басылған соң, біз Астанаға қайттық, Болатжандар Алматыға кетті. Тілі қалпына келіп, жүрегі жазылып, бәрі жақсы болғандай еді.

Ү
Профессор Рақымжан Тұрысбек 2009 жылдың 14 наурызында жаңадан алған үйінің қоныс тойын жасап, кафедра мүшелерін қонаққа шақырған. Қолы ашық, мінезі жайлы Жұпар келін құрақ ұшып жүр. Көп әңгіме айтылды. Профессор Құныпия Алпысбаевқа сан алуан ән салдырдық. Болатжан өздерінің үйлену тойларында Құныпияның Үмітжанның бетін ашқанын еске алды, сол кездердің әндерін айтқызды. Бабымен пісірілген тәтті қуырдақты тәбеттене жеді. Біраздан кейін әйелдерді биге шақырды. Екі бетінің ұшы қызарыңқырап, көңілді отырды. Әншейінде көп сөйлемейтін Болатжан ол күні қызық әңгімелер айтты. Терезеден көрініп тұрған университеттің салынып жатқан жаңа үйінен пәтер тисе, сендермен көрші болар едім деген аңсарын да білдірді. Көп отырсақ та, жақсы демалып, разы көңілмен хош айтысып, кешірек тарастық.
Түн ортасында қайта-қайта соғылған телефоннан жаманат хабар жетті:
— Аға, Болатжаннан айрылып қалдық! — әйелі Элмираның жылаған дауысы.
Адалдық үшін қоң етін кесіп беруге дайын, өзегінде титімдей де құрты жоқ, аңқылдаған адал, дегдар азамат, қазақ фольклористика ғылымында жаңа сөз айтқан дарынды ғалым, шәкірт-інім Болатжаннан айрылу жұмыс істеген ортасына, ағайын-туысқанына, бала-шағасына ауыр соққы болды, жүрекке жазылмас жара салды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *