АЛМАТЫНЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН

АЛМАТЫНЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН

Рымғали Нұрғали

Абайдың туғанына 125 жыл толуы кеңінен аталып жатты. Ең басты салтанат оның туған жерінде, Шыңғыстауда өтпек. Арнаулы шақыру келді. Университетті бірге бітірген курстас достарға тойды көрсетпек болдым. Үшеуі баруға келісті: «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары Болат Бодаубаев, жауапты хатшы Мәткәрім Әкімжанов, «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары Әміржан Қалиев. Үшеуі Қазақстанның үш атырабынан: біреуі Жамбыл, біреуі Талдықорған, біреуі Қостанай облысынан.
Сөйтіп сапарға шықтық. Семейге жету оңай болғанмен, ары қарай көлік қиын. Біз негізгі делегациядан бірер күн бұрын кеткенбіз. Ары ойлап, бері ойлап, облыстық атқару комитетінің төрағасы Екейбай Қашағанов алды кең деген соң, сол кісіге кірдім. Қызыл шырайлы, қимылы ширақ, алтын көзілдірікті елгезек азамат екен. Жөн-жосығымды, семейлік екендігімді, арнаулы қонақтардың тізімінде барлығымды, үш досымды тойға өзім шақырып әкелгенімді айтқанымда, мырс етіп күлді:
— Әрбір тобықты өз тарапынан үш кісіден шақыра келсе, қонақтарды қайда сыйдыртамыз? – деп зілсіз әзіл тастады. Бұйымтайымды айта бастағанда, аяғына дейін тыңдамай, сөзімді бөліп:
— Тұра тұр. Көп қонақтың ішінде кезінде Мұқаңа – Мұхтар Әуезовке достық қайыры мол болған бір орыс әйел бар екен сол кісіге сыйлық жасау үшін пошымын білу керек болып отыр, — деді.
— Зоя Сергеевна Кедрина ма?
— Сен оны қайдан білесің?
— Аздап білем. Аспирант кезімде Ләйла Мұхтарқызының хатымен барып, үйінде бірер күн қонғаным да бар.
— Ойбай-ау, мынау жақсы болды ғой. Кәні, айт.
— Толық кісі.
— 54-56 жағалы киім кигізсек, сия ма?
— Сыйып қалар.
Үстінен бір ауыр жүк түскендей қуанып, Екейбай Қашағанов енді менің бетіме күлімсірей қарап:
— Не сұрайсың? – деді.
— Қарауылға апаратын көлік керек.
Қоңырау соғып, көмекшісін шақырып алды да тапсырма берді.
— Күйлі «Волга» тап. Қарауылға барып қайтатын және сол жақта екі күн жүруге жарайтын бензин талонын бер. Бұған төрт журналистің ішіп-жейтін жол азығын қос. Өзіміздің асханадан дәм беріп, шығарып сал. Болды, — деп сөзін бітірді.
— Шынында да алды кең, қайырымы мол, жақсы аға шарапатымен аппақ «Волга» мініп, Шыңғыстау қайдасың деп заулатып келеміз. Көмекші де ұстараның жүзіндей лыпып тұрған пысық жігіт екен, тойдырып, ішкізіп, жал- құйрығымыздан сипап, арқамыздан қағып, Шағылға дейін шығарып салып кеткен.
Жазғы дала әбден бабына келген, дүние құлпыра жаңғырған ұлы кеңістік құшағына кірдік те кеттік.
Әуезов романында бейнеленген жерлерді жігіттер айнытпай танып отыр. Әсіресе Мәткәрім Әкімжанов қарасөздің өзін жатқа соғып жібереді. Күшікбай асуы, Еңлік-Кебек зираты, Орда таулары көзге оттай басылады. Екі-үш жерде тағы ат шалдырып, асыра-асыра тілек айтып, Қарауыл басына жеткенде, буымыз бұрқырап, көңіліміз аспанда жүрген болатын. Қайда түсеміз, кім қарсы алады – мұны ойлаған біз жоқ. Шофердің кеңесімен маңдайшасында «Қонақ үй» деген жазуы таяуда қайта боялған жатаған, жұпыны ғимаратқа келіп тоқтадық.
Кеуделеп барып, қонақ үй кезекшісіне жөнімізді айта бастадық. Тәмпіш танау қара қыз көзге ілетін түрі жоқ. Ішіміздегі үлкеніміз Әміржан Қалиев дабдырлап, қызға дауысын көтеріп сөйлей бастады. Тәмпіш танау айылын жияр емес.
— Мыңдаған кісі келіп жатыр. Олар бұл үйге тығындасақ та сыймайды. Мына тізімде сіздердің аты-жөндеріңіз жоқ. Сондықтан қабылдай алмаймын, — деп басқа жұмыстарға кірісіп кетті. Шашы қап-қара, түсі қарасұр, ат жақты, сыптығыр, екі жағына сәл шайқалақтап басып келе жатқан қазақ арасында сиректеу кездесетін ұзын бойлы, қырыққа жетсе, енді жеткен көрнекті жігіт бізге амандаспастан қонақ үйдің ішіне кіріп кетті. Дабыр-дүбір дауыс естілді. Әлгі қарасұр кезекшілерге ұрысып жатқан сияқты.
— Әрбір көлденең көк атты сендерге билік жүргізсе, не болады? Тізімде бар ма, бар; жоқ па, жоқ. Қайда барса өзі біледі.
Әңгіме біз туралы екенін ұқтық та, ішке кірдік. Кезекші қыз шырылдап қоя берді.
— Жаңа осы кісілер менің жанымды ала жаздады, — деп шағынып жатыр. Қарасұр жігіт қабағын түйіп, ақыл үйрткендей кейіпке түсті.
— Абай той — бір ауылдың, бір ауданның тойы емес. Республикалық, тіпті халықаралық той. Арнаулы өкімет комиссиясы бар. Сол не айтса, бізге заң. Қала емес, аудан орталығы өздеріңіз тауып алыңыздар, — деп айқайлады.
Жөнімізді айта бастағанда, сәл жібігендей болды да, кішкенеден кейін алғашқы әуеніне басты.
— Олай болғанда, күні бұрын хабарладыңыздар ма? ЦК — дан, обкомнан телефон соқтыңыздар ма?
Осы тұста Мәткәрім Әкімжанов шалқасынан түсті:
— Әй, Нұрғалиев, еліңде кісі түсіретін беделің болмаса, ит өлген жерден бізді несіне әурелеп ертіп келдің? Ана Қашағанов берген «Волга» тұр ғой, Семейге қайтайық, — деп салды.
Қарасұр жігіт елең ете қалды.
— Нұрғалиев? Рымғали Нұрғалиев па? Қашағанов? Облисполком? Енді менің қытығым келді.
Әй, Мәткәрім, Болат, Әміржан! Кінә менде, кешіріңдер. Мен бұл
Қарауыл басын жақсы білмеймін. Бұл жерде тұрған да, оқыған да жоқпын. Бірер рет қонақ болып кеткенім бар. Абыралыда, Шұбартауда оқығанмын. Сол жақтан көшіп келген біреулер бар шығар. Соларды сұрап тауып алайық. Битке өкпелеп, тонымызды отқа жағамыз ба? Абай тойына келдік қой, — дегенде қарасұр жігіт қолымнан ұстай алды.
— Бағанадан жөн-жосығыңызды айтпайсыз ба? Абыралыны да, Шұбартауды да іздемей-ақ қойыңыз, — деп өзгеріп шыға келді.
— Абыралыны көрерміз. Шұбартауда мектеп бітіргем. Сондықтан бір Шұбартаудың үйін табам.
— Онда біздің үйге баратын болдыңыз.
— Қалайша?
— Жеңгең Үміт Шұбартаулық.
— Асылбеков Нөгербек мұғалімнің қарындасы Үміт апай ма? Ойбай- ау, жезде болдыңыз ғой.
Жатып атар әзілі бар Болат Бодаубаев:
— Енді далада қалмаспыз. Балдыз бен жезде өлтірмес, — деп кетті.
— Сөзді көбейтпей, бір жерге барып құласақ болды емес пе, — деді Әміржан Қалиев.
Бұл кезде қарасұр жігіт телефонмен сөйлесуге кірісті.
— Хафиз Матаевич! Сыйлы қонақтардың алды келіп те қалыпты.
«Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінң басшылары, жерлесіміз ғалым-сыншы Рымғали Нұрғалиев, өздері бір қауым адам. Иә, Иә. Бар жағдай жасалады. Қазір үйге апарып қонақ етем. Иә, Иә. Жақсы орын да беріледі. Киіз үйлерде де орын дайын, — деп қарап тұр.
— Ал жігіттер, ер шекіспей, бекіспейді. Артық кетсек кешірім сұраймын. Мен Абай аудандық партия комитетінің хатшысы Бәтташ Сыдықовпын. Бірінші хатшы Хафиз Матаев та сіздерге сәлем беруге келіп қалар. Ал қазір біздің үйге барып мына Рекеңнің апасы Үміт ханымның қою шайын ішейік. Жолдан шаршап қалған шығарсыңдар, — деп, әрқайсымызға қарулы, салалы саусақтарын жайып, қолын ұсынды.
Осылай танысқан Бәтташ Сыдықовпен 36 жыл бойғы жезде-балдыз, аға-іні, дос-бауырлық қатынасымызға ешбір жағдайда сызат түспей, бала- шағамызбен, үй ішімізбен қалтықсыз араластық. Ерекше сыйластық. Сағынышпен көрісіп тұрдық. Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау атырабында жол жүріп-ақ бақтық. Тау-таста, өзен-көлде саяхат кештік. Жаңбырлы, боранды күндерде жолаушы жүрдік. Қонақ үйлерде, киіз үйде, тіпті далада қондық. Бір төсекте, бір көрпе астында да жаттық. Балалардың тағдырын бірге толғандық. Мерейтойлар өткіздік. Біздің бір-бірімізден бүгіп қалатын сырларымыз жоқ еді. Аңқылдақ еді, таза еді, жомарт еді. Қазақтың ескі билерінен келген, сүйегінде бар шешендік өнері қандай елі десеңші. Шабыты келіп, ол сөйлеп бір кеткенде жас-кәріні түгел таңқалдырып, разы етуші еді.
Алматыда, қазіргі Қаздауысты Қазыбек көшесі мен Мұқан Төлебаев көшелерінің қиылысында, қалалық бақтың жанындағы бес қабатты үйде мен көп жылдар тұрдым. Балаларым туған, өніп-өскен шаңырақ еді. Жас кезде қонақты көп шақырасаң. Сондай сәтті кештердің бірінде біздің дастарханда генерал-лейтенант Ширақбек Қабылбаев, финанс министрі Рымбек Байсейітов, академик Мұқамеджан Қаратаев, профессор Бейсембай Кенжебаев, ақын, Әбділда Тәжібаев зайыптарымен дәм ішіп отырған. Бір жиналысқа Семейден Бәтташ та келген екен. Телефон соқты. Кел дедім, үйде қонақ барын айтқан жоқпын. Бір уақытта Бәтташ жетіп келді. Қонақтармен таныстырдым. Алғаш қысылғандай болғанмен, артынан еркін отырды. Қаққан қазықтай тіп-тік. Жан-жағына жалт-жұлт қараған, сергек күйде. Бір кезде Бәтташқа сөз бердім. Томағасын алған қыран құстай, өңі құбылып даусы дірілдеңкіреп барып, түзеп алды. Алдымен елден, Семейден, Шыңғыстаудан келгенін термелеп, толғап айта бастады.
Жер реттерін, тарихи оқиғаларды баяндағанда, генерал разы болып «Иә, солай иә, солай» деп қояды, академик дыбыс бермей күлімсірегендей ғана болады; профессор разы; ақын ағынан жарылып: «ой, айналайын қалай айтады» деп тамсанады. Бәтташ сол жолы сілтеді. Бір кез Әуезов романының тұтас үзінділерін бір сөзін де бұзбай заулатты; бір кез әйгілі трагедиядағы қаһарлы билер монологын оқыды. Содан кейін барып Алматыға оралып, дастархан басындағы адамдарды жеке-жеке қарасөзбен жырлай бастады. Отырғандардың көз алдына ескі заманның күміс көмей жез таңдай шешені келгендей, бір өзі бір театр қызметін атқарғандай болып, жосыла шапқан Бәтташ импровизациясы бәріне ұнады. Әбділда Тәжібаев орнынан атып тұрды:
— Айналайын, азаматым, шешенім, дүлдүлім. Бәрімізді Шыңғыстаудың бесігіне салып тербеттің ғой. Разы болдық қой. Сен Академияға келші. Шешендік өнер жөнінде мен саған тақырып берейін. Қорғатайын, — деді.
Кейін Бәтташ екеуміз оңашада сол кешті еске түсіріп күліп жүрдік:
«Бұл Бәкең Тәжібаевтың аспиранты да бола жаздаған» деп. Қонаев алдында сөйлеген соң ол жарықтық та ЦК-ға әкетпек болғанын айтып та күліп жүрдік.
«Жарықтық, кейде шыбынды зеңбірекпен атасың» десем, сол сөзді көп жұртқа өзі жайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *