Қарыз алу операциясы

Қарыз алу операциясы

Рымғали Нұрғали

Ол тұста қазақ жазушыларына да машина біткен: үлкендер Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Мұқаметжан, Бейсенбай, Ғали жеке шопыр ұстаса, Тахауй, Сафуан, Әбдіжәміл, Серіктің тізгіндері өз қолдарында; бұрын көлік алу оқиға секілденсе, енді Еділ бойында итальяндардың көмегімен завод салынып, мекемелерге тізіммен машина бөліне бастағандықтан Жазушылар Одағының мүмкіндігі молайды, тіпті жылына бөлінетін төрт-бес көліктің біреуі кім өтініш жазса, соған тиетін жағдай туған.
Сөйтіп біздің қатарластар көлік ала бастады. Бұрын ауылда трактор, жүк машинасына мінген тесік өкпе, қара табандар аса қиналмай жүріп кетті. Қырыққа таяғанда, аяқ-қолдың буын-буыны қатып қалған, икемсіз жігіттер қиналды, көпке дейін үйрене алмай әуреге түсті, қиқалақтады, анда-мында соқты, жол апатын жасады, тіпті астындағы көлікті тоқтата алмай үй қабырғасына соққандар, сасқанынан рульдің өзін сындырып, жұлып алған серілер күлкіге айналды.
Айдай алмай жап-жаңа машиналарды құртқан, бауырларына, қайын жұрттарына жарты бағасына, тіпті тегін бере салған. Жігіттер бір жолы осындай қыран-топан күлкі үстінде, шалағай шопырларды мазақтап отырып, Рамазан Тоқтаров екеуімізді әбден ерегістірді, қыза келе біреуі «сендер машина айдасаңдар мен мұрнымды кесіп берейін», екіншісі «бұлар машина мінсе, мен самолет мінем» деп соқты, бәс тігісті, бізді әбден мазақ қылып, ішек-сілелері қатып күліп, орнымыздан тұрмастай қылды. Мұндай мазаққа шыдамаған басымыз, аяқ астынан өршеленіп, олар сөз қарсылығына тоқтамаған соң, қолға қағаз алып, екеуіміз де Жазушылар Одағының басшылығына машина сұрап өтініш жаздық. Малту білмейтін адамды зорлап суға түсіріп жіберген тентек балалар секілді күйге түскен достар мәз. Ар жағы не болады, онда шаруалары жоқ.
Ол оқиға ұмытылып кеткендей біраз уақыт өткен. Жазушылар Одағынан телефон соғылды. Екінші хатшы екен. Бұрын жастар газетінде бірге істегенбіз. Мінезі белгілі. Дүңкілдеп тұр: «Өтініш жаздыңдар. Мәселені шештік. Ана дүкеннен күнде телефон. Келіпті көліктерің. Біздің басты қатырмай алмайсыңдар ма барып». Әрі қарай сөйлескен жоқ.
Мәссаған, безгелдек деген осы. Бас-аяғы үш-төрт ай өтті ме, өтпеді ме, білмеймін. Ташкент көшесіндегі арнаулы дүкенге жүгіре басып барсам, шынында, менің атыма машина келгелі бірталай уақыт болыпты. Рамазан сатып алып кеткен. Өз халіме өзім күлем 01 деп аталатын «Жигулидің» ең арзаны бес жарым мың теңге, оны-мұнысы, салығы, басқа шығынын қосқанда кемі алты мың керек. Үйдегі барды тиын-тебенге дейін қалдырмай жинағанда екі мыңнан артпайды. Бірер жүз сом да емес, мыңдаған соманы кім шығара қойсын. Осындайда ойланбастан қол-ұшын беретін сыйлас аға жазушы Нығмет Ғабдуллинге жағдайды айтқанда, «көлік деген өрісіңді кеңейтеді, еркін жүріп, бала-шағаңды тайраңдатып сыртқа шығарып тұрасың, дұрыс болған» деп алды да мың сом берді. Содан кейін жымиып тұрды да: Бұдан көп беруге қазір мүмкіндік жоқ. Ал саған секретімді айтайын. Мен кейде екі адамнан қарыз алам. Мезгілімен қайтарам. Сондықтан екеуі де сұрағанымды беріп тұрады. Кімдер дейсің ғой. Бірі – Сапекең, Сапарғали Бегалин, екіншісі – Бекең, Бердібек Соқпақбаев. Екеуі де кеңсе жұмысын істемейді, үйде. Бұлардан ақшасы көптер бар. Үлкендерден Ғабит, Әбділда, Ілияс, Әбдіжәміл, жастардан Қадыр, Тұманбай. Бірақ бұлардан ала алмайсың. Бердібекпен бірге оқығанбыз, доспыз, Сапекең әкемдей болса да, құрдастай қалжыңдасады. Бұл екеуі өте ұқыпты адамдар, тапқан-таянғандарын Тахауй Олжасқа ұқсап, оңды-солды шашып жүрмейді. Екеуі де көп тілдерге аударылған. Мол тиражбен жиі басылады. Бұларда қашанда ақша бар. Біреуінің кілті Мәкен шешеңде, екіншісінің кілті – Бибігүл жеңгеңде. Сол екеуінің тілін тапсаң, ертең-ақ машинаңа мінесің» деді.
Сапарғали Бегалин аталас туысымыз, Дегелеңдегі қыстауларымыз көршілес, әкеммен екеуі бірге өскен, абитуриент күнімде Басарыққа жақын жерде Турксибтен алған ағаш үйінде қонып, кейінгі пәтерлерінің бәріне барып, араласып-құраласып жүреміз. Ғабиден Мұстафин алпысыншы жылдары жүрегі ауырды да, сол кездегі сауда министрі Рымбек Ілияшев көмектесіп, сауда техникумының қасынан, бақ ішінен қолайлы жер берді де, үй салып алып, қалаға түспей, дүниеден өткенше сонда тұрды. Іргесіне екі жазушы көрші боп, олар да үй салды, біреуі – Сапарғали Бегалин, екіншісі – Мұқаметжан Қаратаев. Бұлардың көршілігі, сыйластығы, қалжыңы таратып айтса, ұзақ, қызық әңгіме.
Бір таксиді ұстай салып, тарттым. Жазда Сапекеңдер қалада емес, Сауда техникумында, Ғабиденнің қасынан салып алған үйлерінде тұрады. Кісі келгенге Сапекең де, шешеміз де қуанып қалады. Радио, телевизордан бәрін естіп, көріп отырса да, жаңалықтарды сұрайды, алыстағы Абыралы, Дегелең елінің хабарын білгісі келеді, өздеріне таныс біреудің аты айтылса елеңдеп, ол туралы бірдеңелерді айтып, қуанысып кетеді.
Хамит, Мәжит, Қасым секілді дарынды ұлдар өсірген Сапекеңнің қас- қабағына қарап, аялап бағып отырған Мәкен шешей өте сезімтал адам еді, ар жағындағыны, іштегі ойыңды айтпасаң да, біліп отыратын. Қолы ашық, дастарханы кең болатын.
Қайындары Сәбит, Ғабиденмен, әсіресе Сәйділ Талжанов, Қаукен Кенжетаевпен ерекше қалжыңдасып отырып, «қартайдыңыз, аяғыңызды әрең басасыз, Сапекеңе бір жас тоқал әпереміз» дегенде солай жасап жіберетіндей қорқып, Ғабит пен Раяға қайта-қайта қарап, төменшіктеп қалатын.
— Қаладағы үйде от ала келгендей асығушы едің, ішіңдегі бірдеңені айта алмай, алақтап ұзақ отырып қалдың ғой. Бүйімтайың бар секілді ғой, — дегеннен кейін жөнімді айтсам, Сапекең әуелі қалжыңдап, көлік алатындай байлық қайдан келді саған, жүргізе алсаң жақсы, машинаны сағат сайын жем беріп асырау керек, қайда қоясың, гараж бар ма деген сұрақтардың астында қалдырып, бірталай жерге апарып тастады, маған сеніп қарыз беретін түрі көрінбейді. Нығмет анық біледі екен, Мәкен шешей сөзімізді тыңдап бітті де, қап-қара дөңгелек көзін ақсақалына тура қадап, баланың бетінен қақпа, алсын, сұрағанын бер дегенді соттың кесіміндей етіп, нығыздап айтысымен Сапекең бағанағыдай емес жібіп, қаладағы Панфилов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы Жинақ кассасына барамыз деп жинала бастады.
Бердібекті табу қиынға соқпайды: түстен кейін не Көктөбедегі өзі төбедегі үй дейтін дачасына кетеді, әйтпесе Гүл алаңы, Шоқан немесе Абай ескерткішінің маңайында жүреді. Қасында екі-үш өзінен жастары едәуір үлкен зейнеткер шалдарға күлкілі әңгіме айтып, мәз қылып келе жатқанында, Ленин көшесінде кезіктірдім. Қасындағылармен қоштасты да, көптен көріспегендіктен, сағына амандасып, бауырына тартып, мен бұрын Тахауиден шет жағасын естіп қалған, аспанда бұлт көтерілсе, шатырынан су өтіп кететінін сылтауратып, Бекең үйіне жүгіретін, бір көңілшек келіншек туралы әзіл әңгімені бұрынғыдан да құлпыртып, «бүгін аспан бұлттау болғандықтан сол жайнаң көз тағы көрпеме кіріп алама деп қорқып төбедегі үйіме бара алмай, қалада жүремін» деп қояды.
Нығметтен алдым, Сапекеңнен алдым, енді бір секірсем соңғы барьерден де қарғитындай батылдық бітіп, Бердібекке келген шаруамды бөгелмей жеткіздім. Берем, бермеймін деген жоқ. Машина туралы сөйлеп кетті. Алғаш алғаны «Москвич» екен. Әбден мініліп ыңыршағы айналған, ұрылған-соғылған, күтілмеген ескі машинаны жамап-жасқап, жылтыратып бояп, орындықтарын қайта тыстап, жарқыратып қойғанын қайдан білсін. Біресе мотор тарсылдайды, біресе тормоз кетеді, біресе екі өкпесіне тепкілесең де тартпайды, біресе о жері, біресе бұ жері істен шығады, қала ішінде тұрып қалып, әркімге итертесің, шалғай шығып, ауылға бармақ болсаң, жолда қалдырады. Бұрыннан әккішопыр Сафуанның мойнына түскен қамыт болады, жөндету үшін сүйреп апармайтын жері жоқ. Ол кезде өз шопырлығы да шамалы, екі інісінің бірін светофорға қарап отыратын көзілдірік, екіншісін алдынан, арттан, екі тараптан келе жатқан көлікті қарап отыратын көзілдірік етіп әуре қылатынын біліп інілері Сайын мен Әкім қасына отырудан қашады екен. Бұдан кейін:
— Осы біздің орыстардың қолынан қару-жарақ жасаудан басқа ештеңе келмейді. Өздері шығарған екен десем, оның өзінің көбі жезмұрт Сталиннің, көзілдірікті Берияның қаһарымен жан беріп, жан алған шпиондарымыздың ұрлап алып жіберген жобалары бойынша істеліпті ғой. Самолетіңнің де, танкіңнің де, ракетаңның да түп төркіні немістікі болып шықты. Тіпті Курчатов, Харитонов, Сахаров жасады дейтін атом, сутегі бомбаларының иесі түбі Германиядан қашып барған жебірей, неміс яки американдық.
«Жигули» деп ат қойып алып, бәріміз қазір зырылдатып мініп жүрген машинаны шығарған итальяндардан айналса етті. «Москвич» қайда, «Жигули» қайда, екеуінің арасы жер мен көктей. Біреуі есек арба, біреуі жел қайық – деп барып тоқтаған Бердібек көлік алу ниетімді қолдап, қарыз беруге келгенде әңгіменің ұзын сорабы мынаған сайды.
Өкіметтен ай сайын айлық алмаса да, қатын-баласын бір еркектей бағып отыр; қаламақының арқасы. Табушы өзі болғанмен, билік иесі әйелі – Бибігүл, оның рұқсатынсыз бір тиын ұсталмайды. Олай-былай болып кетуден құдай сақтасын, ертеңгіні ойлайды, қалада өскен әйелі орыстар секілді, тапқан-таянғанды үнемі жинайды, кассада ұстайды, өсімін алады, жазда баратын жер ауыл емес, Ыстықкөл, Кавказ, Қырым, Мәскеу, теңіз, балалар үнемі қастарында, олардың ертеңі, мамандық алып, үй болып кетуіне қаржы жиналады. Сондықтан біреуге қарыз беру – қайтымы жоқ бос шығын саналады. Бірақ тілін тапсаң, Бибігүл де жібімейтін қаратас емес жібиді. Ондай адамдар, сирек, мәселен досым Нығмет Ғабдуллин. Бибігүлдің кранын ашу үшін, Сафуанды не Тахауйді төмендете сөйлеп, Бердібектің артық-жерлерін айту керек. Сонда мәселе оп-оңай шешіледі екен.
Аптекадағы жұмысынан шаршап келіп отырса да жеңгеміз Бибігүл оң қабақпен қарсы алды. Төлеби (бұрынғы Комсомол) мен Желтоқсан (бұрынғы Мир) көшелерінің қиылысындағы үш бөлмелі үйлерінде бұрын қыс демей, жаз демей, күн демей, түн демей талай болғанмын. Романын соңғы жылдардың ең үздік шығармасы деген сөзімді дардай ғып жеткізген соң әйелі де разы болып қалған. Сол пейіл қанша жыл өтсе де суыған жоқ.
Бұл шаңырақ басқа қазақтардан өзгешелеу өмір сүреді, ол есіктен кіргеннен білініп тұр: дәлізде қалың, шаң жұтқан жол кілемше емес, қағуға жеңіл жөке ме, қамыс па, әйтеуір бір арзан дүниеден тоқылған шағын төсеніш, киім ілгіште бас киім, бой киім, аяқ киім орындары бөлек-бөлек; ұйқы бөлмеден төсек орын, киім салғыштан басқа зат көзге шалынбайды, кітаптары залда тұрады, жазу столы да осында, үшінші бөлмеде ұлдары — Әли мен Мұхтар, екі бұттық гир, он килограмдық гантель, бокс қолғабы бір бұрышта. Қалың-қалың паллас, кілем, қақырайған үлкен, ауыр мебель аз болғандықтан пәтер биік, кең, ауасы мол көрінеді. Терезелер қысы-жазы ашық.
Төгілген май, борсыған жуынды, қуырылған-шыжғырылғанның иісінен ада ас бөлмесі де жарқырап, адамды өзіне тәтті дәмі, ақ дастарханымен баурап, келген кісі негізінен сол жерден табылады. Бұл жаппай тазалықтың бір сыры әйелінің аптекарлығында болса, екінші сыры Бердібектің өзі де еш жерге шаң жұқтырмайтын, тап-тұйнақтай, темір тәртіптің адамы.
Дастархан қолма-қол әзір болды. Жұмысқа барарда Бердібекке, ұлдарына Бибігүл тамақ әзірлеп кетеді. Өздеріне ғана шағындап, екінші қайтара жылытып ішпейтіндей, тақ-тұқ дайындалған борщ көжелерге әртүрлі демдеуіш сала ма, сілекейіңді жұттырады; бір шелек судың астына от жағып бетіндегі көбігін де алмай пісіріп, сорпасына макарон ба, вермишель ме, жуан кесілген іңкәл ма (қамыр) сала салған бесбармақты бұл үй жемейді. Көбінесе тартылған еттен жасалған манты, котлет, пельмен, шөп салат, қарамық, күріш, бұршақ. Қалай-болса солай бей берекет турамай, дөңгелетіп-дөңгелетіп кесіп қып-қызыл етіп қуырған картопты жесең тоймайсың. Кішкентай тарелкада колбаса, сыр болады. Қысты күндері қазы-қарта, жылқы еті кесулі.
Бағана Бердібек үйреткен тактикаға түсе алмай, қай жағынан келерді білмей, мазасызданып отырғанда, телефон шар ете түсіп, трубканы алған Бибігүл күле қалжыңдасып, қазақша, орысшаны араластырып ұзақ сөйлескеннен кейін дастарханға қайтадан келіп, күйеуіне есеп бергендей болды.
— Сафуан досың. «Қожа» молдаванша деді ме, бір тілге аударылыпты, соны жуыңдар дейді. Орысшадан басқа ешбір тілге аударылуға жарамайтын сендердің кітаптарың емес, Бекеңді бәрі жақсы біледі дедім.
— Ой, біздің мақтаншақ бәйбіше. Бөс-бөс.
— Апай дұрыс айтады. Орыс, француз, украин, литван, латыш, чех тілдеріне тағы кім аударылып еді? Француздар Бекеңді Әуезов пен Мүсіреповпен қатар қойып, классик деп жазған. Канн сыйлығы анау. Басқа кім алды? Бұл кісі қарапайым болғандықтан үндемей жүре береді. Әлгіндей даңқ пен атақ Тахауй мен Сафуанға бітсе, төбемізді жарып жіберер еді, — дегенімде, Бердібек шаруаң оңай бітсін десең, айта түс, айта түс дегенді аңғартып, әйеліне байқатпай бір көзін қысып қойды.
— Ты правильно говоришь, — деп ұнатып қалған Бибігүл әңгімені өзі жалғап әкетті. – Бұл шынында өз бағасын өзі білмейді. Ана екі досын алдына салып, оларды көкке көтереді, ылғи мақтайды. Бердібектің шын қадірін білетін інілері Сайын, Әкім, Қалихан, сен. Қырымның Көктөбеліне, Мәскеуге барғанда орыс классиктері Сергей Михайлов, Лев Кассильден тартып Бекең десе өледі. Одақтас республикалардан келгендер мұның алдында құрша жорғалап жүреді. Қазақстанда ғана ескерілмейді.
— Неге олай дейсіз? Халықтың ең сүйіп оқитын, кітабы ең көп басылатын, оқушысы ең көп қаламгері ғой.
— Онда неге жақсы үй, орден, медаль, лауреаттық бермейді?
— Ол үшін өзі де жүгіру керек, онда-мұнда беру керек. Түске дейін үйде сіздің қасыңыздан шықпай, түстен кейін дачасына тартып тұратын жазушыны ұмытып кететін болар, — дегенімде Бердібек бір мырс ете түсіп, сөзге араласты.
— Сен де қызықсың. Бұл інің марапат үлестірмейді ғой. Жазушы құдыреті орденде де, лауреаттықта да емес деп қанша айтсам, құлағыңа кірмейді.
— Онда Тахауи неге лауреат болады? Сафуан неге орден алады?
— Олар бұйырған күні сіздерге де келеді.
Сол күн бүгін-ертең болатындай қуанған Бибігүл мұздатқышты ашып:
— Мынау бар екен ғой, — деп сыртында балық суреті бар кішкентай банкідегі қара уылдырық әкеп қойды. Шайды қайтадан демдеді.
Осы сәтте Бердібек «бас алға» дегендей ишара жасады. Түсіндім.
— Беке, «Жигули» қандай машина?
— Оны неге сұрадың? Сатып алайын деп пе едің?
— Одақтан рұқсат келді.
— Ойбай, онда кешіктірмей ал. «Волгаңды» білмеймін, «Москвичпен» салыстырғанда «Жигули» деген нағыз боз жорға, — дегенде Бибігүл қосылды.
— Бекең «Жигули» алғаннан кейін көзіміз ашылды. Соның алдында «Москвич» болған. Қанша шығындандық. Қанша жолда қалдық. Қанша азапқа түстік. Қазір рахат. Бір жағы Семей, бір жағы Нарынқол, бір жағы Ыстықкөл, балаларды салып аламыз да қорықпай кете береміз. Бекең дачасына күнде барады. «Жигули» берсе, ал!
Нысананы ататын кездің енді келгенін Бердібек аяғымды басып түсіндірді. Кеттім неде болса:
— Машина келіпті. Магазинде дайын тұр. Алайын десем екі мың сом жетпейді, — дедім.
Бердібек Бибігүлге, Бибігүл Бердібекке қарады, мен білмейтін бөтен бір тілде сөйлескендей болды, өзара ұғысты-ау шамасы. Алғаш сөйлеген Бибігүл:
— Жақсы көретін бір інің емес пе, қиналғанда көмектеспегенде ағалығың қайда? Нығметтерге де бересің ғой, берейін. Айтқан кезімізде қайтарар, — деп күйеуін үгіттегендей күйге түссе, Бердібек көнбейтін кісідей қабағын түйіңкіреп еді, әйелі тағы сөйлеп кетті:
— Өсім беретін есептен емес. Күнделікті ұстайтын есепте үнемделіп қалған ақша бар. Содан алып бер. Кассаға қазір барсаңдаршы, — деп ыстық шайды қайтадан құя бастады.
Сол қарыз алу операциясын еске түсіріп, ағамыз екеуміз көпке дейін Бибігүлдің тазалығы мен аңқаулығын айтып жүрдік.

Қонаевтың туған күнінде

Сағат он бірдің кезінде негізінен зейнеткерлер және мен секілді қолы бостау адамдар қыдыратын. Мұхтар Әуезов музей-үйінің алдындағы қыста қарға толып қалатын фонтанды енді айнала бергенімде, атымды атап айқайлаған жіңішкелеу таныс дауыс естілді, жалт қарасам – Бекең – Бердібек Соқпақбаев. Өз қатарластары секілді қабат-қабат қалың киіну, әйтпесе ұзын пальто, шұбатылған тон сүйрету дағдысында жоқ, серуенге лайық, адамды тоңдырмайтын да терлетпейтін бойына жақ шолақ куртка, кендір шалбар (джинсы), аяғында көбінесе крассовка, бас киімі де жеңіл, жылы, жүннен жасалған тоқыма. Тез, ширақ жүреді, танымайтын адам зейнеткер деп емес, бокс па, гимнастика ма тренері деп қабылдаса болатындай. Кейде қолында бұтақтан жона салған таяғы болады. Қашанғы дағдысымен қолғабын шешіп, ып-ыстық, жігерлі алақанымен қолымды қатты қысып амандасты да:
— Бір қызық оқиға болды, бала, мен саған соны түп-түгел айтып берейін, өзге әңгімеге содан кейін оралармыз, — деп бір күліп қойып, дәл қазір кіріспесе ұмытып қалатындай, асығыс сөйлей бастады.
— Осы көшенің бойы мен Комсомол көшесіне дейін бір барып, қайтадан айналып, Шевченкомен енді төмен түсе бергенімде, бір топ жігітке жолығайын. Өзіміздің жігіттер, жазушылар ішіндегі үлкені ыздиған Балғабек, одан кейін шіренген Сейдахмет, одан кейін томпиған Тұманбай. Бас-аяғыма ұнатпай бір қарап шыққан Балғабек:
— Әй, Беке, сенделбай жүріспен қанша туфли тоздырдың екен? – деп қалды.
— Қырық жыл бойы тырп етпей шалбардың артын тоздырып, бір босағаны күзетіп отырғанда саған шыққан мүйіз қайсы? Қаттырақ айтып жібердім бе, Балғабек басынан көп сөз асырмайтын, үлкен мансаптағы, ресми қызметтегі адам ғой, қайтарған жауабымды ұнатпай, түйіліңкіреп қалды, оны сезе қойған Сейдахмет сөзге араласып:
— Туфли де, шалбар да табылар, жақсы ағалар аман болыңдаршы осы, — деді екеуімізді бітістіргендей. Содан кейін маған қарап:
— Беке, бүгін қазақ үшін тамаша, айтулы, ғажап күн ғой, — деді. Мен әуелде бұл сөздің мағынасын түсінбей қалдым.
— Қандай күн еді, қаңтардың көп күнінің бірі емес пе?
— Бұл дүниеден мүлде аулақ жүретін қайран Бекем-ай, — деп сөзге Тұманбай араласты. – Бүгін Димекеңнің, Қонаевтың туған күні. Құттықтауға бара жатырмыз. Мен аңтарылып тұрып қалдым. Шынында ол датаның маңызын, тарихилығын білмейді екем. Сейдахмет мені қолтықтап, зорлап жетелегендей болып, өздеріне ілестіре бастады.
— Жүріңіз. Бірге барамыз. Құттықтаймыз. Ақсақал қуанып қалады – енді екінші қолтықтан Тұманбай алсын.
Үйіне барып, туған күнімен құттықтамақ түгіл, өмірімде ол кісіні екі қадам қашықтықтан жақын көрген адам емеспін. Аяқ астынан бүйткенім ешбір қисынға келмейді. Тіпті барған күнде, бейтаныс мынау қайдан жүр деп жақтырмаса, намыстан өлмеймін бе? Жоқ, баруым дұрыс емес деп қарсыласқаныма қарамай, аналар аяқ-қолымды жерге тигізбей, жұрттың бәрі сыртынан жақсы білетін Димекеңнің үйінен бір-ақ шығарды.
Күзет тұрады екен. Сақшы жігіт әсем жымиып, басын изеп, өткізіп жіберді.
Есік ашық тұр. Дәлізде Димекеңнің өзі қарсы алды. Үстінде сұрша, тығыз матадан тігілген, жағасыз жилет. Анау Ғабиден ағаң үнемі тастамай киіп жүреді ғой, соған ұқсайды. Тамағына дейін түймеленетін қызыл күрең көйлек, қыры сынбаған қара шалбар, түсі кетпеген, сынып, мыжыраймаған туфлиі аяғына құйып қойғандай жарасымды екен. Көңіл-күйі жайдары, жүріс-тұрысы ширақ. Сексенге кірді дейтіндей емес.
Мен әр өткен-бері өткен де, балкондарына, терезелеріне қарап, Димекең кем дегенде бірқабатты түгел өзі алып жататын шығар, ең азы он шақты бөлмесі бар болар деп ойлаған сырттай долбарым бекерге шықты. Төрт-ақ бөлме, ондай пәтер Тахауиде де бар. Тек залы ғана үлкен демесең.
Бізді кабинетіне қарай өткізді. Қабырғаның барлығында кітап сөресі. Көзім шалып отыр. Дүниенің барлық саласына арналған сан алуан еңбектерді талғаммен, білікпен жинаған. Менің кітапханаға көзімді тігіп, басқа сөзге онша мән бермей отырғанымды сезді білем, Димекең әңгімені жаңа арнаға бұрды.
— Бұрын жұмыс қол тидірмеді ғой. Қазір күндіз-түні сырласым да, мұңдасым да осы кітаптар. Қашан барасың, қанша аласың өз қолыңда. Бұл кітаптар бұлданбайды, ананы айттым, мынаны айттым деп, бәлсінбейді. Барлық сырын ішіне бүгіп, оқырманын күтіп тұра береді. Біздің байлық осы.
Бәріңнің де өз қолдарыңмен жазып берген кітаптарың бар. Мен ондай еңбектерді түгел жинап, сөреде сақтаймын. Кітап бермейтін сараң мынау Бердібек, — деген кезде мен іштей ойладым «Үйіңізге бірінші рет жігіттердің зорлығымен әрең келіп отырмын. Алдыңызға барып көргем жоқ. Сонда кітапты қалай берем» — деп. Бір-ақ жұмған ауызды ашпай, әдеп бағып отырмын.
Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын сылдыратып ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды:
— Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа» Парижге барғанда, Мұхтардың «Абай жолын» және сенің осы кітабыңды сыйлаған, — дегенде басым айналып, құлағым шыңылдап кеткендей болды. Жігіттер:
— Кәні, кәні? Көрейікші, — деп барып, аяғында:
— Ойбай, Беке, мынау керемет жаңалық қой, жуу керек, — десіп шулап кетті.
Кітап қолыма тигенде, қуаныштан қаным тасып, жүрегім дүпілдеп соғып, бетім қызара бастағанын сездім. Ол кезде Алматы түгіл, Мәскеу баспаларының жағдайы аса мәз емес, кітап көбіне қоңырқай, газет қағазына басылады, мұқаба қалың қағаздан, ұзаса картоннан, анда-санда көзі тірі классиктердің қолы маталы, тері мұқабаға әрең жетеді. Қолыма ұстап отырған дүниенің авторы өзім екеніне көзім сенсе де, көңілім сенбей, сәбиін еркелеткен ана іспеттес пейілде кітаптың аппақ сүттей қағазға басылған беттерін парақтап, мұқабасын сипалап, суретші келістіре салған. Алатау торабына, Қожа, Сұлтандар бейнелерін қарап отырыңқырап қалған күйімді аңғарған Димекең:
— Өй, Бердібек, жоғалтқан ботасын қайтадан тауып алған інгендей еміреніп отырсың ғой. Бұл кітапты бұрын көрмеп пе едің? — деді.
— Шыққанын естігем. Кітапты бірінші көруім. Басқа да аудармалар қолыма тимейді. Шетелден қаламақы да келмейді. Ол жаққа барып алатын Тахауи, Әбдіжәмілдер ғой.
— Мен біреудің берген сыйлығын екінші қайтара басқаға берген адам емеспін. Сен қанша қызыққанмен, бұл кітап өз орнына барып тұрсын, — деді үй иесі. Французша «Қожаны» сөредегі орнына қайтадан қойып.
Дастарханға жиналдық. Төрде, Димекеңнің қасында Бәйкен Әшімов отыр. Жетпістің жуан ішіне кірсе де, бұрынғы өкімет басқарған кезіндегісіндей көрінді. Қаққан қазықтай, артық-ауыс қимыл жоқ, қасындағыларға да көп тіл қатпайды, қаршығадай қадалып отыр. Қасында борықтай, толық бәйбішесі. Жирен шашты, көк көзді, сопақ бетті, ақсары еркек-әйелдер көзіме көбірек түсті. Қайын жұрты, нағашы жұртынан болар деп топшыладым. Бізбен келгендер бірыңғай кең, еркін отырмыз. Ұзын, жалпақ столға қойылған сан алуан, ішімдік, сусын, ыстық-суық тағам, балық, уылдырықтың түр-түрі, туралған қазы-қарта, көп-көп салат, шелпек, бауырсақ адамдарды шын пейілмен тосқан ақ ниетті көрсетіп тұр.
Түрлері Димекеңнен айнымайтын бес-алты әйелдің бір-екеуі тіпті қартаң, қалғандары да елуді еңсеріп қойған. Інісі академик Асқардың екі ұлы да бір ұядан шыққан тектік сипаттарынан айнымай қалған екен, бәрі де сопақ бастау, атжақты, шүңірек көз, ұзын бойлы.
Арнаулы тамада деген болған жоқ. Әркім еркін сөйлеп, тілек айтып отырды. Туған күн иесіне галстук па, көйлек пе, темекі тұтатқыш па, түнде қолға ұстап жүретін қолшам ба, сақал алғыш па, сол секілді кәкір-шүкір, болымсыз бірдеңелер ұсынылып жатты. Қалыптасқан дағды, бұрыннан келе жатқан дәстүр болса керек, сыйлаушы мынау олқы болды-ау деп қымсынбайды, алушы бұл ойыншық секілдіні қайтеміз деп қомсынбайды, екі жағы да мәз. Сыйлықты төгіп тастайтын шығар, аптап алтын, күптеп күміс, уыс-уыс ділда төгілер деп отырған ішкі арам ойым су сепкендей басылды.
Әңгіменің негізгі тізгіні Димекеңнің қолында, өткен-кеткенге байланысты көсіледі; қызмет бабындағы оқиғаларды айтады; мен үшін мүлде жұмбақ Сталин, Хрущев, Брежнев туралы айтылғанда аузымды ашып қалсам, Шаяхметов, Оңдасынов, Сатпаев, Әуезовтерге ойысқанда, Нарынқолға келгендей бәрі түсінікті көбіне әзіл-оспақ, күлкілі әңгімелер, анекдот: бүгінгі басшылар туралы бір ауыз сөз жоқ.
Димекеңнің анда-санда тұрып, жеке адамдардың қасына барып, иығына қолын салып, еркелеткендей етіп, жылы сөз айтатын мінезі бар екен.
Бір кезде жазушылар отырған жерге қарай жүрді. Мен ойлап отырмын: қызмет бабы жоғары Балғабекке, не атын күнде аузынан тастамайтын Сейдахметке, не жаңа ғана қатырып жазылған арнау өлеңін нәшіне келтіріп оқыған Тұманбайға тоқталатын шығар деп. Біреуі де болмады. Екі қолын екі иығыма салды. Алақандары ауыр әрі ыстық екен. Сөйлей бастады.
— Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарханымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек…
Бала-бозбала кезімде Қасым Аманжоловтан, қазір Тахауй Ахтановтан, кейінгі інілерімнен естіген ауызша мақтау сөздердің көбін көңіл көтеру үшін айтыла салған көпшік деп қабылдап, артынан ұмытып кететін аңқау басым мына сөздерді естігенде, шошып кеттім. Басқа-басқа, айтып тұрған кеше көсеміміздей көрген – Қонаев. Қатты қысылып, орнымда отыра алмадым.
— Ойбай, Димеке, қойыңыз, — деппін сасқанымнан.
— Тұра тұрғын інім, мен әлі айтып біткем жоқ. Мен жаңа мұның французшаға аударылған «Қожасын» көрсеттім ғой. Сол бойынша түсірілген фильмі Канн фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алған. Білетіндер, менің кинооператор құрдасым Ескендір Тынышпаев айтады. Ол Оскарыңның, тіпті әдебиеттегі Нобеліңнен бірде бір кем емес деп.
Мына сөздерді естігенде, буын-буыным босап, тамыр-тамырым түгел иіп, көз алдымнан қызыл-жасыл сәулелер жүре бастағандай болып кетті.
— Мен осы классик жазушы Бердібек Соқпақбаев үшін көтеруді сұраймын, — деп оймақтай рюмкасын көтеріп қарап тұр.
Мен арақ, шарап, сыра атаулыны тастағалы қай заман. Оның бәрі ұмытылды. Кеше ғана сылқиып тойып алып, енді бас жазуға асыққан адамның өзіме жақсы белгілі күйіне түстім. Арақ па, коньяк па, виски ме, білмеймін алдымда тұрған бір рюмка ішімдікті, алды-артыма қарамай тарттым да жібердім. Басыма бірден шапты, маңдайдан тер бұрқ ете түсті.
Димекең сөзінен кейін назар маған ауды. Алдымен Бәйкен Әшімов сөз жалғады. Әйелі, балалары, немерелері түгел «Қожаны» оқыған. Одан кейін Балтағұлов, Жиенбаев, Аухадиев кетті. Олардың үйінде де «Қожа» бар екен. Киноны көрмеген кісі жоқ боп шықты.
Мақтау сөздер құтыртты ма, көптен ауызға алмай кеткен ішімдік желіктірді ме, сөйлегім кеп, сөйлегім кеп қопаңдап, ақыры шыдай алмай, қолымды ербеңдетіп орнымнан атып тұрдым. Менің бірдеңені бүлдіретінімді сезді білем, үш жазушы да жаратпай ала көзбен қарады, сол-ақ екен тіпті құтырып кеттім.
— Әрине бұлар менің сөйлегенімді ұнатпайды. Есептері түгел. Атақ десең атақ, мансап десең мансап, үй десең үй – бәрі осыларда, Димекең мен Байекеңнің дәуірі дүрілдеп тұрғанда, талай алдарына барған, сұрағандарын алған, — дегенім де біреу жақтырмай тыжырынып, біреу құптағандай күліп отырды.
— Сен неге бармадың, сен неге алмадың?
Мына сөз қотырдың аузын жұлып алғандай, қайтадан өрекбіп, ешкімнен рұқсат та сұрамай, тіпті айғайлап, шәңкілдей жөнелдім.
— Мен Қазақстан түгіл одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Отыздың ішіндемін онда. Азия-Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар Одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Бұрынғы бұрыш- бұрыштан пәтер жалдап, сылқита сыра ішіп жүрген күндеріме зар боп қалдым. Кітап басылуы да тоқталды. Атым тізімге қосылмайды. Айналайын орыстарым болмаса аштан өлетін едім. Әлгінде бәрің жабыла мақтап жатқан «Қожаны» қорғайтын қазақтан біреу табылмай, Мәскеуде жарияланғаннан кейін көзім аздап ашылды. Бірнеше қайтара басты, көп тілдерге аударды, қалтамды толтырып қаламақы берді, — деп шайқақтап тұрғанымда Димекең сөзімді бөлді:
— Әй, Бердібекжан, сен жазушысың, қазақтың «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөзін жақсы білсең керек. Не кемістігің бар, үйің жоқ па, атағың жоқ па, құрметтен кендемісің? – деп мені сабырға шақырғандай жұмсақ жымиып бәтуаға шақырғандай болды.
Мен тағы бұзылып бара жаттым:
— Бір әйелім, үш балам, екі бөлмелі үйім, «Жигулиім», бұрын жазған кітаптардан басқа түгім де жоқ. Тіпті ең аяғы кәсіподақ берген мақтау қағаз да бұйырған жоқ.
Димекең тағы араласты:
— Менде қазір бір әйелде жоқ, шырағым. Тәуба, бір кісідей өмір сүріп жатырмыз.
— Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз өтірік. Барлығы өтірік. Кітап өтірік. Газет өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас өтірік. Өтірік, өтірік. Бәрінен жалығып кеттім.
— Өй, мына тентек не деп кетті? Бәйкен екеуміз ештеңені ала кеткен жоқсыз ғой. Қалды бәрі. Жарты мыңдай Жазушылар Одағы мүшелері бар екенсіңдер, маған келсеңдер де, Бәйкенге келсеңдер де сұрағандарыңды бердік, нәубез қалған кісі жоқ. Ал енді саған көмек жасай алмасақ, онымыз дұрыс болмаған. Ол қатені қазіргі бастықтар түзейтін шығар, — деп Димекең қайтадан қасыма келіп:
— Дүниенің бәрі өтірік емес інім. Дүниеде жақсылық пен жамандық, достық пен опасыздық, қайыр мен қатігездік, ұят пен арсыздық, кедейлік пен байлық, қамқорлық пен озбырлық қатар жүретіндігіне менің көзім әбден жетті. Адам ретінде соны ұға білу аз, көтере білу керек, бауырым, — деп арқамнан қаққанда, мен жылап жібердім. Сірә, мас болып қалған шығармын. Бұдан кейінгі нәрсенің бәрі сағым ішіне кіргендей бұлыңғыр: біреулер тілек айтты, Бибігүл ме, Ермек пе ән салғандай, қалай тарастық, қашан үйге қайттық, біреуі анық есімде жоқ.
Ертеңіне бас жазылып, қалпыма келгендей кезде, ана екеуіне қарағанда маған жақын жүретін інім Сейдахметке телефон соғып, жолығайық, далаға шық десем, қыңыратқып қалыпты, «бүлдірдіңіз, бүлдірдіңіз» дей береді. Бірақ ақыры көндірдім. Бағанадан саған айтқан әңгіменің ұмытып қалған кейбір жерлерін маған ұрса отырып, «былай дедіңіз ғой» деп, мойныма қойып берді. Сонымен, бала, мен Димекеңнің аузынан өмірімде естімеген мақтау сөзді естідім және ол кісі де өмірінде естіп көрмеген тентек сөзді естіді, — деп Бердібек сылқ-сылқ күлді.
— Әй, бала, — дейді Бердібек жүзі жадырап. – Мен таяуда бір ғажап жаңалық аштым.
— Қандай жаңалық?
— Қазақ жастарының тәрбиесін күрт жақсарту әдісі.
— Тұтас институттар, өкімет пен партияңыз, ата-аналар, мұғалімдер таба алмай отырғанды сіз тапқаныңызға қуаныштымын, — деймін мысқылдағандай.
— Өй, сен қалжыңға айналдырма. Менің тапқан жаңалығым – Абай.
— Ақын атамыз ба?
— Иә, ақын атамыз, данышпан атамыз Абай. Жасым жетпіске тақап қалды, бұл өмірде кемі мыңдаған кітап оқыған шығармын.
— Сіз газет, кітап оқымайсыз ғой.
— Ол өтіріктен әбден тойғандықтан шыққан кейінгі он-шақты жылдың қарсылығы ғой. Бұрын қолдан кітап түспеуші еді.
— Ал, ашқан жаңалығыңыз Абай болуы қалай?
— Барлық оқушыларды мектепте қамап қойып, күндіз-түні Абайды оқытып, жас қой, милары толық, әбден жаттап алғандай болғанда ғана кәмелеттік аттестат беру керек.
— Бұл жаңалығыңызды өндіріске енгізу оңайға соқпайды-ау шамасы.
Таудан түскен адам, ақ қар, көк мұз іспеттес, өзі де таза, шығармалары да таза, классикалық туындылар берген қаламгер ағамен пейіліміз, сөзіміз, қалжыңымыз жарасып, қол боста қыдырыстап, реті келгенде қаладағы, таудағы үйлерінде, кафе, ресторанда алла берген ырзықты бөліп жеп, мұң- қайғы бөлісіп, шер тарқатып, баз кешкен сол бір бұлаң күндер көзден бұл- бұл ұшқалы қашан.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *