ЖҰЛДЫЗДАР ӘЛЕМІ ШОҒЫРЫМЕН ЖАРАТЫЛАДЫ


ЖҰЛДЫЗДАР ӘЛЕМІ ШОҒЫРЫМЕН ЖАРАТЫЛАДЫ

Рымғали Нұрғали

Екеуміздің арамыз жарты-ақ жыл. Ол мектепті Маңғыстауда бітірсе, мен Шұбартауда бітірдім. 1957 жыл болатын. Жүрегінде оты бар бала атаулы Алматыға жетіп құлайды. Арман, мақсат бәрі Алматыда ғана іске асатын секілді. Медалистерді Совет Одағының кез-келген жоғары оқу орнына емтихансыз қабылдайды. Біз, Шұбартаудан келген үшеуміз де медалиспіз. Қайда, қай мамандыққа түсеміз – таңдасақ болды. Әуелден бір алған бетінен қайтпайтын Мұхтар Мағауин КазГУ-дың филология факультетіне барды. Әдебиетті сүйетінімізге, аздап бірдеңе-сірдеңе жазатынымызға қарамай, Төлен Тілеуханов екеуміз, кейін ауылға барып жұмыс істейміз, өмір көріп барып, жазушы боламыз деген есек дәмемен ауылшаруашылық институтына түстік.
Студенттік күндердің алғашқы айларында бәрі жақсы. Бірте-бірте көңіл суый бастады. Орыс тілінде оқытылатын физика, математика мектептегідей емес, бөтен, жат көрінді. Қол босай қалса, КазГУ-ге тартамыз. Басқа өмір. Жүрегіңе жақын әлем. Оқулары да қызық. Өзгені айтпағанда Әуезовтің өзі сабақ береді екен.
Сөйтіп ауылшаруашылық институтының бірінші курсын бітірер- бітірместен көңіл лоблып, КазГУ-ге күнде баратын болдым. Жазда қалың конкурстан өтіп, филология факультетінің студенті атандық. Медалистер де емтихан тапсыратын жаңа ереже шыққан. Ол кездегі КазГУ-ді Пушкин заманындағы Лицеймен салыстыруға болар еді. Алдымен Қазақстанның барлық атырабынан шыққан дарынды балалар жалғыз университетке түсу үшін жарысатын. Қай мамандыққа да кем дегенде бір орынға он-он бес талапкер таласады, бармақ басты, көз қысты жоқ, пара беру, жең ұшынан жалғасу кейін шыққан пәле.
Тірі Әуезовті көру ғана емес, дәрісін тыңдау, алдында отырып емтихан тапсыру орасан зор рухани мектеп болатын. Абақты азабын шегіп қазақ халқының бағы үшін, «бұрын жау болып едім, жаздым, жаңылдым, енді түзелем, советке қызмет етем» деп, сырт күштің дүмімен әйгілі, тәубаға келген хатын жазып, түрмеден босаған, отыз жетінің өртінен құдай сақтап, аман қалса да Лениндік сыйлық алғанша басынан құрық, жанынан сырық, төбесінен қиқу кетпеген Мұхтар Әуезов лекцияларында Алаш қайраткерлерін айта алған жоқ, кейде Мағжан өлеңдеріндегі кейбір сарындарды сынаған болғанмен, сұңғыла студенттер әйгілі академик- жазушының қас-қабағынан, дауыс ырғағынан басқа сарындарды сезіп, біліп қоятын.
Дантені – итальянша, Шекспирді – ағылшынша, Гетені – немісше, Гюгоны – французша жатқа оқитын тамаша лектор, Алматыға қудаланып келген жебірей профессор Александр Гербстман бір өзі бір театр дегендей ғажайып лектор еді, ол шахмат композициясы бойынша спорт шебері де болатын.
Қазір көпшілікке енді кеңінен тарай бастаған көне түрік, Ашина, Тоныкөк, Күлтегін, сақ, сармат, ғұн, Мөде тарихи атаулары мен ұғымдарын алғаш санаға сіңірген профессор, жазушы-драматург Мұсатай Ақынжанов.
Өздері оқулық авторлары, академиктер Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев тіл тұңғиына бойлатқан.
Әбішпен мені орта мектепті бірге бітірген кластасым Мұхтар Мағауин таныстырды. Өзгені мақтай қоймайтын ол курстасы туралы көп жағымды сөз айтты. Мектепте жүргенде жазғандары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзге жарияланған. Тіпті бір жазушының үлкен әдеби ұрлығын да ашқан екен. Өлең жазады, олар да басылған. Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау грамотасын алған. Қысқасы, екеумізден мықты дегенді сездірді. Іштей сыншыл пікір оянды, «бізден қалай артық?» қызғаныш та жоқ емес.
Дәл бүгінгідей көз алдымда. Ашаң, арық, шашына тарақ батпайтын бұйра бас, торсық шекесінің оң жағында оймақтай қалы бар, ақылды, тұнжыр, ұялы жанар, қоңқақ мұрын, қоңыр өнді орта бойлы бала. Бірден тіл табысып кеттік. Менмендік, кісіні менсінбеушілік деген жоқ. Аузын ашса, сөзі төгіліп тұр. Байқап қалдым, бір күлсе жарылып, тіпті қатты күледі екен. Шын күлкі. Міне елу екі жыл болды, шашы ағарды, беті шалбарланды, салмағы ауырлады, қаламгер — қайраткер ретінде үлкен тұлға болып қалыптасты, бірақ қашан, қандай жағдайда, қандай биіктен көрсем де, күн еңкейсе де сол студент Әбіш көз алдымда тұрады. Марқайған, тарлан тартқан, даналыққа жеткен шығар, бірақ өмір күресі, тірлік тартысы, заман ағымы ішкі сарайын, адамдық табиғатын, қалыбын бұзбаған.
Ақ қағазбен қара сия арасындағы майдандағы әрекеті, қаламгер ұстаханасы деген ұзақ, қызық, үлкен әңгіменің өзегі десек, адамдармен қарым — қатынасы жарты ғасыр өзгермеген, бүлінбеген, үнемі кеңдік пен тереңдікке сайған сабыр, байсал, ұстамдылық, басқаны бойымен басып күш көрсетуден іргесі мүлде бөлек, түсіну, ұғыну, титтей жылтырағанды көтере бағалау, әсіресе әлеуметтік істерде асықпау, саспау, әліптің артын бағып, жүз ойланып, мың толғанып барып, шешім шығару қасиеті тәуелсіздік кезеңінде үлкен лауазымды қызметтер атқарған уақытта өзінің де, елдің де көсегесін көгертті.
Барлық ой-пікірін дерекке, құжатқа, мәтінге, мұражай материалдарына құратын, қызыл-жасыл бояуы, шалқуы жоқ, асып-төгілмейтін, үнемі бір қалыптағы, тарихилықты, түркілік тұтастықты, қазақтың ұлттық мүдделерін негізгі нысана ететін, кешегі Ахмет, Әлихан, Нәзір, Халел, Міржақыптардың көзін көрген, Мәскеуде оқыған, Мағжанның сүйікті шәкірті Бейсенбай Кенжебаев бір мектеп болса, әлем әдебиетінің інжу-маржанын бес саусағындай білетін, Әуезовтің классикалық романын орыс тіліне аударушылардың бірі, Гетені түпнұсқадан оқитын, әдебиет құбылыстарын талдаудың, эстетикалық-көркемдік баға берудің сирек маманы, қазақша, орысша екі тілде бірдей кез-келген зиялы аудиторияны ұйытып тастайтын, ғажайып лектор, Ленинград түлегі, профессор Темірғали Нұртазин екінші мектеп еді.
КазГУ-дің сол кездегі Әдебиет бірлестігін Жазушылар Одағының бір секциясы, филиалы десе артық емес. «Шағала» деген атпен бірнеше қабырғаны алып тұратын әдеби газет шығардық. Көркем сурет училищесінің студенті Жеңіс Нұрғалиев безендіретін еді. Бұл газет бетіне басылу «Жұлдыз» немесе «Қазақ әдебитіне» жарияланудан оңай болмайтын. Қазір талантты режиссер, жазушы болып танылған Сатыбалды Нарымбетовтың «Тентек» әңгімесі сонда жарияланған. Өзге де авторлар белгілі қаламгерге айналды. Бас редактор Әбіш Кекілбаев еді.
Семинар, колловкиум, арнаулы курс, сынақ үстіндегі пікірталас, тартыс дискуссия өз алдына. Әдеби бірлестік отырысында небір қызыл шеке айтыс. Қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиеті сөз болады. Ломброзо, Руссо, Шопенгаур, Ницще, Кьеркегор, Кант, Бердяев, Сартр, Сент-бёв, Шагал, Шостакович туралы таласамыз. Нерудің «Индияны ашуын», Сукарноның «Саринасын», И.Буниннің «Қоңыр аллеяларын», жапон романдарын, Есенин өлеңдерін бірімізден-біріміз алып оқимыз. Өз өлеңшілері, өз әңгімешілері шығармаларын талдау үшін айлап кезекке тұрады, көпшілік назарына түсіп, саралауға берудің көркемдік талаптары бар, баспасөзде жариялануы қажет. Мұндай талқылауға келуге кәнігі жазушылардың өзі сескенеді. Өйткені бұл жерде есеп-қисап жоқ, жас максималистер ойдағысын жасырмайды, кез- келген шығармаға әлем әдебитінен анология іздейді, салыстырулар жасалады.
Әлі есімде, «Жұлдыз» журналында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жаңа романының алғашқы кітабы жарияланды. «Қан мен тердің» басы болатын. Оқыдық, дайындалдық, талқыладық. Мінезі ауыр, жөпшеңгіге сыр бермейтін салмақты жазушы алғашқыда осылар не айта қояр дегендей шекесінен қарап отырды. Бірте-бірте ауа-райы өзгерді. Шығарма концепциясына, тіліне, композициясына, кейіпкерлерге қатысты дәлелді пікірлер айтылған кезде, қаламгер сасайын деді, тіпті маңдайынан тер шығып кеткен. Бас баяндамашы Әбіш Кекілбаев еді. Мәтіні кейін журналға басылды. Кеңейтілгеннен соң диплом жұмысы ретінде қорғалды. Жас сыншының кітабына бір тарау боп кірді. Қазақ әдебиетіне абырой әкелген трилогияның кейінгі кітаптарында сол студенттер айтқан сын пікірлер ескерілгендігін жазушы өзі де бірнеше рет мойындаған.
Жиырмасыншы жылдарда Смағұл Сәдуақасов қойған сұраққа берген жауабы болмаса, Әуезовтің лабораториясына қатысты дерек аз еді. Алдында отырып, сабағын тыңдап, бойымыз үйренгендіктен болар, алдымен ұлы жазушыға үлкен анкета дайындадық, жастар поэзиясы туралы баяндама жасауға көндірдік. Әуезовтің әдеби өсиеті секілді, кейінгі ұрпаққа бата бергендей болған әйгілі «жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген сөзі сонда айтылған. Бұл әдеби бірлестік жұмысының үлкен жеңісі еді. Ол тұста бірлестік басшысы Әбіш Кекілбаев еді.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиетке, өнерге, ғылымға әлеуметтік іске, зор екпінмен аяқ басқан жас буын қазақ руханиятына жаңа мазмұн, еркін рух, биік парасат алып келгендігі, әсіресе, көркем әдебиетте тың жарылыс болғандығы – бүгінде әбден мойындалған ақиқат.
Астрономдар дәлелдегендей, жұлдыз әлемдері шоғырымен жаратылатын көрінеді. Сондай құбылыс өнерде де бар. Бұл реттен Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық тағдырын, қаламгерлік даңқын, қайраткерлік қажырын өз қатарластарынан жырып алып, оқшау қарауға болмайды.
Әбіш – қазақ әдебиетін трагедиялық хикаят, аңыздық-тарихи монументальды романдар үлгілерімен байытқан зор талантты прозашы, аса өнімді публицист-сыншы, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруға көп қайрат жұмсаған мемлекет қайраткері, ешкімге көз алартпай, көкірек кермей, бетегеден биік, жусаннан аласа жүретін, басқаның титтей жақсылығын көтере айтуға бейім, жаны дархан, жүрегі жылы адам. Оны тұтас буынның серкесі десе артық емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *