МИНИСТРДІҢ ШЕШІМІ

Рымғали  Нұрғали 

МИНИСТРДІҢ ШЕШІМІ

Телефондағы Әділ деген жігіт өзін жоғары білім министрі Тұрғанбек Катаевтың көмекшісі екендігін айтып, мені қабылдауға шақыратынын хабарлады.
Сақал-мұртты басып, барымды киіп, бақанымды таянып дегендей күйде уәделі уақытында жеттім.
Дәл айтылған уақытта кіргізді.
Министрді бұрын сыртынан көргеніммен, қол беріп амандасқан, бір-екі ауыз сөзбен тілдескен кісім емес. Ол кезде теледидардан лауазымды қызметкерлердің көрінуі сирек, жүрген-тұрғандарының бәрі есепте, сондықтан сауысқандай сақ, аяқтарын аңдып басады, екі елі ауызда – бір елі қақпақ; қазіргілер ғой жарнама десе ішкен астарын жерге қояды, ауыздарынан сөздері түсіп тұрса да, экранға жүгіреді, құлаш-құлаш сұхбат беруге әуес.
Министр орнынан тұрып келіп, кабинетінің орта тұсында қол беріп амандасып, ұзынша столдың басына барып, қасына мені жайғастырды.
Ол маған, мен оған сынай көз тастап, бір-бірімізді барлағандай болып өте сақ күйде отырмыз. Артық салмағы жоқ, қағылез, ширақ кісі сабырлы күйде сенімді сөйлеп, әңгімені алыстан орағытып бастап, үй-ішімді, әке- шешемді сұрап барып, өзіне жақын тарта бастады.
Қысқа, нақты жауап бере отырып, ішімнен «осы кісі мені неге арнайы шақырды? Неге әр шөптің басын бір шалады?» деп ойлаймын. Балаларымның қазақша оқитыны сөз болғанда, № 12 мектептің жалпы жағдайы, білім беру сапасы, түлектерінің болашағы туралы бірталай сөз айтылып, түбінде Алматыда осы тектес мектептерді көбейту – ұлт мүддесін шешетіндігі туралы ойларымыз тоғысып кетті. Осыдан кейінгі әңгімеде министр таяуда Нарынқол, Кеген жағын аралағанын, сонда 16-жылғы Албан көтерілісіне байланысты жерлерді көргенін, ел аузындағы аңыз сөздерді естігенін, содан кейін М.Әуезов «Қилы заманын» қайталап оқығанын, екеуі бірін-бірі толықтыра түсетінін айта келіп, бетіме қарады да:
— Сенің «Қазақ әдебиетінде» ертеректе шыққан мақалаңды оқып разы болғанмын, — деді.
Одан бері 15 жылдан астам уақыт өткен. Сол кездегі партия қызметкері түгіл, әдебиетшілер де ұмыта бастағандай болып, өздерін Әуезовтің бірден-бір ақтаушысы, бірден-бір шәкірті деп жариялап жүрген уақытта, жоғары білім министрінің мына сөзі мені таңқалдырды. Әуелі сенбегендей раймен бетіне жалт қарап, содан кейін барып:
— Көп қиындықты сол мақала бастап берді ғой, — дедім.
— Қандай қиындық?
— Жазушылар Одағынан жұмыстан кеттім.
— Ол қиындық емес қой.
— Кандидаттық диссертация кейінгіге шегерілді.
— Ол да қиындық емес.
— Әрине қазір өзім де оларды қиындық санамаймын. Ал лапылдап тұрған жас кезде, ол – қиындық. Шауып келе жатқан ат үшін ол мәреге таянғанда тұяғына тиген оймақтай тас та қиындық.
— Соңғы сөзіңе қосылуға болады, — деді министр қабағын түйіп.
Бір-екі рет телефон шылдырлады. Оны алған жоқ. Хатшы қыз шәй әкеліп кетті.
Әңгіме тағы жалғанды. Іштей ойлап отырмын: «Осы кісі маған не айтпақ? Әдебиеттен хабары мол екен. Әлде өткен өмірі жайлы естелік- мемуар үлігісіндегі бір нәрсе жазды ма екен? Бауыржан, Әди, Қасым, Тоқтағалы сияқты деректі шығарма тудырды ма? Соны қарап, тігісін жатқызып бер дер ме екен? Мені таңдау себебі не? Тоқ етерін бір-ақ айтпай ма?»
Сөз сорабы жоғары оқу орындарының басшылығы, көп жерде әлсіз адамдардың отырғандығы, бірталай кадрлардың егде тартып кеткеніне ойысқаннан соң «осы кісі мені біржаққа қызметке ұсынғалы отыр ма деп» қауіптенуім шынға айнала бастады.
— Докторлығыңның жағдайы не болды? – деді.
Ол кезде мен үшін ең ауыр, ең жаман сұрақ осы. Жараның аузын қасығандай. Аяқпен шоқ басқандай.
— Бекіді ме?
— Бекіген жоқ.
— Не себептен?
— Орнымызды басады, тіпті алдымызға түсіп кетеді деп есептеген қызыл көз, қызғаншақ, арызқор ағалардан сұраңыз оны.
— Кімдер олар?
— Бір мүшел үлкен ағалар.
— Екі мүшел үлкен ағаларың ше?
— Олардың қамқорлығын, тілеулестігін өкшелерін басқан інілерінің жауыздығы жеңді.
Қаттырақ, ауырырақ айтып жібергенімді енді сездім, министрдің танауы қусырылып, өңі қуқыл тартып бара жатты.
— Сол екі мүшел ағаларыңның жақсылығын мен жалғастырайын, — деп шақырдым сені, інім, — дегенде аңтарылып қалдым. – Сені Семей педагогика институтына ректорлыққа ұсынғалы отырмын.
Түсімнің өзгеріп кеткенін аңғарып, қуанды деп ойлаған болу керек, сөзін тездетіп жалғастырып жатыр:
— Ректор деген үлкен мансап. Көңілің өседі.
Әлі жассың. Қайта қорғайсың. Дұшпандарыңның қышуы қанған болар,
— деп сөз аяқталғандай райға ауысқанда, мен тулап кеттім.
— Бұл мүлде ретсіз ұсыныс. Мен бір күн не декан, не кафедра басқарған адам емеспін. Осы жасыма дейін білгенім кітап оқу, жазу, ұстаздық. Мансап десе түнде ұйқысынан шошып оянатын, талай өткір, пысық, ширақ, жақсы мамандар бар. Солардың ішінен іздеу керек ректорды. Менің қол-аяғымды байлап апарсаңыз да, ондай қызметке отырмаймын. Өйткені педагогтік, ғылыми, қызметтік тұрғыдан қақым жоқ. Ең бастысы құқым жоқ, дайындығым жоқ.
Министр кекесінмен күлді:
— Ондай қызметке қолқа салып, ағайынды жүгіртіп, айла-шарғы жасап, түлкідей бұлаңдап, бөденедей жорғалап, асты-үстіңе түсіп, өмір-бақи қызметіңде болам деп ант-су ішетіндер әрең жетіп жүргенде, сен Сібірге жер аударылатындай азар да безер болдың ғой. Ұсынысты қайтып алам, — деді.
Соншалықты еркелетіп тең сөйлесіп отырған үлкен ағаны ренжітіп алғандай күй кештім. Ол сәл ойланып отырды да:
— Пәтер жағдайың қалай? – деді. Жауап бердім.
Тағы да аз-кем үнсіздіктен соң:
— Мен сенің пәтеріңді алам. Оның есесіне министрлік салып жатқан үйден төрт бөлмелі үй берем, — деді.
Бұл неғылған жерде жатқан батпанқұйрық деген сыңайда бетіне қарап едім, ол:
— Екі мүшел үлкен ағаларыңның тағы бір жақсылығын көр. Жаңа пәтерде жаңа игіліктер келсін, — деді де сөзді доғарды.
Министр Тұрғанбек Катаевпен болған осы әңгімеден кейін мен 1981 жылы төрт бөлмелі жаңа үй алдым. Расында іші құтты болды: бала-шағам өсті, кітаптарым шықты, доктор, профессор, декан, Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы, Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі болдым. Мемлекеттік сыйлық алдым.

2004.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *