КҮТПЕГЕН ӘРЕКЕТ

КҮТПЕГЕН ӘРЕКЕТ

Рымғали Нұрғали

— 1 —
Мүсілім Базарбаев М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына екінші қайтара директор болып қызметке тағайындалғанын естігенде, мың аса қуана қойған жоқпын. Кездескенде сұлу-сыпайы амандасқанымыз болмаса, арамызда қарым-қатынас аз. Бір мекемеде қызметтес болған емеспіз. Ол өз қатарының ішінде ерте атқа мінген, Мәскеуде қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, сол жақта кандидаттық дәреже алған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде істеген, Әдебиет және өнер институты директоры, одан кейін мәдениет министрі. Осындай мансаптарға тым ерте жеткен. Біз болсақ қатардағы көгенкөздің біріміз. Екінші жағынан, менің ұстазым Бейсенбай Кенжебаевты, ғылыми кеңесшім Мұқамеджан Қаратаевты ұнатпайтыны белгілі. Мұның үстіне мені қолдамайтын кейбіреулермен жақын араластығы тағы бар.
Осыларды еске түсіріп, Мүсілім Базарбаевтың директор болып қайта келуіне іштей қарсылық жасағаным бар-ды. Бір күні сол ұнатпаған адамым мені қабылдауға шақырды.
Директордың кең, биік, қоңыр салқын кабинеті. Қаршығадай жып- жинақы Мүсілім отыр. Шашы аппақ күмістей болып кеткен екен. Өңі жылы. Амандық-саулықтан кейін неге шақырғанын айтты. Директор сейфін ашса, көп қағаздың, құжаттардың арасында менің докторлық диссертациямның қолжазбасы бар екен. Оқып шығыпты. Ұнатыпты. Содан соң сөз сырын айтты.
–Біз де қуғынды көргенбіз. Авторефератты таратып, ертең қорғағалы тұрғанымда Ғылыми Кеңес мүшелері өзгертіліп, маған қарсы адамдар қосылды. Егер қорғауға барғанымда масқара етіп, қор етіп, қара шарларын тастап құлатып жіберетін еді. Сондықтан өтініш жазып, өз еркіммен қорғаудан бас тарттым. Араға уақыт салып, Мәскеуге барып қорғадым ғой. Бәрібір артымнан арызды қарша боратты ғой ағайындар. Әйтеуір құдай сақтап жанымыз аман қалды, – деп күлді. Суық күлді.
Кішкенеден кейін сөзін қайта жалғап:
–Сенің жұмысыңның түбіне де арыз жеткенін білем. Жалпы арыз дегенің дыбысы естілмейтін мылтық қой. Оның талай зардабын көрдік. Бірақ шыдамасқа болмайды. Қай иттің аузын жабасың, – деді.
Біраз үндемей отырдық. Мүсілім тағы сөз сабақтады.
–Бізге жаңа қолжазба тапсырғаныңа да екі жыл болыпты. Неге талқыланбаған? Кеңес қарамай ма? Бұлай созуға болмайды ғой.
Осы жерге келгенде мен басымды көтеріп алып, Мүсілімнің көзіне қарадым. Адал көздер екен.
–Оны осы академияның мықтыларынан сұрамайсыз ба? Мені болсын деп жүрген кісіні көргем жоқ. Бес жыл Алматы-Мәскеу арасында сандалдым. ВАК-қа әне шақыру, міне шақыру, әне бекідің, міне бекідің деген дақпырт, ақырында “ұлтшыл, алашордашыл әдебиетті мадақтаған, саяси қатесі бар” деген айыптаумен бекітпеу. Ол соққыдан оңалу оңай ма? Тағы үш кітап жаздым. Шығару қиындығы өз алдына. Жаңа диссертация қолжазбасының осында жатқанына екі жыл. Қорғамаған адам өлмес, қолжазбаны қайтарып беріңізші, – дедім.
Мүсілім күреңітіп кетті.
–Жоқ, олай болмайды. Келесі Ғылыми Кеңес талқысына салдырам, – деді.
Айтқан уәде бойынша М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми Кеңесінің мәжілісіне мен де келдім. Ол кезде институт қабырғасының бүтін кезі. Ақсақал, қарасақалдар түгел отыр. М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, Е.Лизунова, Л.Әуезова, З.Ахметов, М.Дүйсенов, Б.Наурызбаев, Ә.Нарымбетов, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев, О.Нұрмағамбетова, М.Атымов, Т.Әбдірахманова, М.Хасенов, Е.Ғабдиров, С.Сейітов, Б.Құндақбаев т.б. Бұл жолы институт директоры Мүсілім Базарбаев қатты кетті.
–Нұрғалиев деген менің екі туып, бір қалғаным емес, елдесім де, жерлесім де емес, қызметтес те болған емеспін. Қажет десеңіз оның ғылыми жетекшілері Кенжебаев, Қаратаевтармен көп нәрседе пікірлеріміз шалғай. Осы жігіт ұзақ жылдар неге зорлық көруге тиіс? Жақсы жазылған докторлық диссертациясын саяси айып тағып, арыз жазу арқылы құлатқан қазақтар, өзіміздің әдебиетшілер, оны Мәскеуден көрудің қажеті жоқ. Өткенге – салауат. Осы жігіт әрі қарай еңбектеніп, қазақша екі, орысша бір монография шығарған, жаңа еңбек жазған. Қолжазбасын бізге тапсырғанына тағы да екі жыл өткен. Неге қарамайсыңдар? Неге талқыламайсыңдар? Қырғыздан не өзбектен біреу келсе, ләббай тақсыр деп шыға келесіңдер, өз адамдарымызға неге дұрыс қарамайсыңдар? Ақсақалдарды айтпай-ақ қояйын, ал осы Нұрғалиевтен кейін қорғап, докторлық диплом алғандар, біздің еңбегіміз мұныкінен артық еді деп айта аласыңдар ма? Айта алмайсыңдар, – деген кезде отырғандар қандарын ішіне тартып, сазарып отырып қалды.
–Талқылансын, – деді бірінші болып Мұқаметжан.
–Қарайық, – деді Әбділда.
–Қолдаймыз, – деді Әди.
–Надо обсуждать, – деді Евгения.
Сыртқа шығып бара жатқан Мырзабек Дүйсенов құлағыма сыбырлады:
–Мүсекеңнің тілін қалай тапқансың? Енді жолың болады, – деді. Мырзабек біледі екен, айтқаны келді. Кешікпей талқылау болды, қорғадым. Үш айдан кейін докторлық диплом алдым.

— 2 —
Бірталай жылдар өтті. Мүсілім Базарбаев директорлықты тапсырып, бөлім меңгерушісі болды. Еңбегімнің аяғындағы кісенін шешіп, шынжырын түсірген ағалық, достық, азаматтық әрекетіне қатты разы болып, кейін араласа бастадық. Бір рет Гүлбаршын жеңгеміз бар, аға досы Әлжаппар Әбішев бар дастарханымнан дәм татты. Бірақ етене сырлас, көңілдес-жақын болып кеткен жоқпыз. Арамызда бір-бірімізге деген сабырлы құрмет қалыптасты. 1988 жылы әдеби-сын трилогиям Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда “Лениншіл жас” газетіне қолдау мақала жазды. Қолын қойып берген түпнұсқасы менде сақтаулы.
Бір кезде университетте алдымызда оқыған Ауған соғысына қатысқан, қиын тағдырлы жігіт Сұлтанхан Ақұлұлы Мүсілімнің бөлімінде істеді. Әдебиет және өнер институтының бағдарламалары және жоспарлы сапарларымен Қазақстан, Ресей архивтері, кітапханаларынан Әлихан Бөкейханның шығармаларын жинап әкеліп, сол тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Алаш серкесінің еңбектерін бастыру мүмкіндігін іздеп Сұлтанхан Қазақ энциклопедиясының бас редакторының есігін ашты.
Мен материалдарды сол уақыттағы Баспасөз Комитетінің төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевқа оқып шығуға бердім. Әлиханның тарихи, экономикалық, әдеби, геосаясаттық еңбектерінің бүгінгі күнгі маңызын бірден түсінген жас басшы мәселені қолма қол шешіп, кітап шығаруға арнайы қаражат бөлдірді.
Әлихан Бөкейханның бұл таңдамалы еңбектерін іріктеу, дайындау, редакциялау үшін энциклопедиялық принциптерді қолдандық. Көптеген суреттер, схемалар, құжаттар, библиографиялық көрсеткіштер берілді. Кітаптың баспалық безендіруіне ерекше көңіл аударылды. Тараулар, бөлімдер композициясы ойластырылды.
Осы әрекеттердің үстінде жас әдебиетші Сұлтанхан мен доктор Базарбаев қатар жүрді. Екеуі бірігіп жазған кіріспе мақалаға менің атымды қосуды ұсынды. Әлихан Бөкейхан еңбектерімен толық танысқаннан кейін мен өз тарапымнан зерттеу жаздым. Оны оқып шыққан Мүсілім:
–Көп еңбек етіпсің. Сенің зерттеуіңді біздің мақалаға қосып жіберу обал болады. Біздікі – алғысөз, сенікі – соңғысөз. Мен ешқашан өзім жазбаған нәрсеге қол қойған адам емеспін, – деді.

— 3 —
1988 жылы Оқу министрлігі Қазақ әдебиетінің ІІ класқа арналған оқулығына конкурс жариялады. Хасен Әдібаев, Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов және мен бір топ болып жоспар жасап, ақылдаса отырып, бір- біріміздің қолжазбаларымызды оқып, еңбекті әдістемелік әрі стильдік ортақ жүйеге түсіріп, ұжымдық оқулық жасадық. Мүсілім ертеден оқулықтарға автор болған, төселген әдістемеші. Сондықтан ол кісіге “Жамбыл”, “Соғыс кезеңі мен онан кейінгі жылдардағы әдебиет”, “Сәбит Мұқанов” бөлімдерін жазу қиынға түскен жоқ.
Оқулықтың жаңа басылымы шығар алдында бас қосып, кейбір өзгерістер енгізіп, қосымша кіргізу әдетіміз бар еді. Кітаптың үшінші басылымын талқылап отырғанбыз. Бір кезде Мүсілім бәріміздің бетімізге қарап алды да, күлімсіреп барып сөз бастады:
–Кезінде мен Шәкәрім, Мағжан үшін таяқ жеген адаммын ғой. Солардың есесін қайтару үшін көбірек әрекет еткім келеді. Реке інім, Мағжан туралы сенің жазғаның оқулыққа екі рет басылды. Мен ешқашан өтірік айтпайтынымды бәрің де білесіңдер. Менің жазғаным сенікінен артық болғандықтан емес, Мағжан туралы менің сөзім де оқушыларға жетсін. Сол тарауыңды маған қишы. Мағжан туралы мен жазған тарау келесі басылымға кірсінші, – деді.
Келістік.
Осы әңгімеден кейін Мүсілім Базарбаев көп ұзамай дүниеден өтті.

1997.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *