Рымғали Нұрғали
Қазақ халқының азаттық соғысының әйгілі қаһармандарының бірі – Олжабай батырдың жетінші ұрпағы Әлкей Хақанұлы Марғұлан — елімізге жүздеген тамаша талантты перзенттерді берген қасиетті топырақта жаратылып, бала күнінде ертегі, аңыз, өлең, жыр, шешендік-ата сөздің шалқар теңізінде жүзіп өскен, ауылда мұсылманша хат танып, алаш зиялылары ықпалында болып, губерния орталығы Семей қаласында оқығаннан кейін, Ленинградта екі бірдей мамандық бойынша алған жан- жақты білімін тарих, археология, этнография, әдебиеттану, өнертану салаларында кеңінен қолданып биік парасат, орасан зор қабілет, ұзақ жылдар бойғы табанды ізденіс еңбектің арқасында жойқын ғылыми нәтижелерге жеткен кең құлашты, терең ойлы энциклопедист ғалым.
Оқымыстының барлық күш-қуатын ғұн, сақ, үйсін, қыпшақ, оғыз дәуірлерінің тарихына, көшпелілер мәдениетіне, археологиясына, көне аңыз, мифтерге, түркологияға, ескі қалалар құрылысына, архитектураға арнап, кеңес заманына қатысты мүлде қалам тартпауы орыс отаршылдығына, коммунистік тоталитаризмге іштей қарсылық, ата-бабаларының бір кезде жасаған ұлы мемлекетіне, олардың заттық-рухани салада тудырған ғажайып өркениетіне деген мауқы басылмаған мәңгілік махаббатынан туған қайсар да қастерлі құштарлық болатын. Компартияның қылышынан қан тамған қаһарлы заманда қоғамтанушылар, тарихшылар, философтар, экономистер, заңгерлер, қызыл танау саясат, шаш ал десе, бас алған науқанды, әдебиетші- жазушылар билік алдында бас шұлғып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, тарих, өмірді бояп көрсететін топан туындыларды, өтірік кітаптарды қойдай қоздатып жатқан алдамшы дәуірде бекерге былғанбай, есіл еңбекті айдалаға жібермей, ғасыр тұңғиығына саналы түрде сүңгіп кетіп, ұлт алдындағы азаматтық парызын адал абыроймен ақтап кеткен академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан аруағына ұрпақтары бас иеді.
Әлкей Марғұлан дарынының ерекше бір белгісі зерттеу нысанасына қатысты бұрын айтылған, жазылған мәліметтерді мейлінше толық қамту, олардың хронологиясын сақтай отырып, тарихи тұрғыдан бағалап, келіспейтін, даулы пікірлерге өз тұжырымын ұсыну.
Бұрынғы авторлардың аты-жөні, кей тұста олардың ғұмырнамалық деректері, қайда, кім болып істегені, еңбектің қашан, нендей басылымда жарияланғаны дәлді көрсетіледі. Кітап, журнал, газет беттеріндегі фактылар ғана емес, түрлі ресми қағаздар, қызмет бабындағы есептер, құжаттар, естеліктер, хаттар, суреттер, альбомдар, әртүрлі қолжазбалар, көптеген мәтіндер, нұсқалар, ауызша айтылған әңгімелер – осылардың барлығы алынған мың сан ақпараттың ешқайсысын ескерусіз, жерде тастамай, ілтипат, құрметпен көрсете отырып, жаңа ғылыми ойлар қорытылады.
Қазақ эпосының ғажайып туындысы – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырына байланысты орыс оқымыстыларының 150-200 жылдың ішінде жазылған еңбектерін Марғұлан тәптіштей баяндай отырып, фольклоршы, жинаушы, аудармашыларды даралай атап, әрқайсысының жұмысына лайықты баға берді. А.И.Левшин, Г.Н.Потанин, И.Белянцин, профессор Саблуков, Н.И.Пантусов, Г.К.Ганс, П.Золотов, Н.М.Карамзин, Е.С.Старков, Е.А.Александров, В.Федоров, С.Б.Броневский жазбалары, деректері, анықтамалары мен қоса Шоқан, Радлов, Жанақ, Мәшһүр Жүсіп, Шөже, Н.И.Ильминский нұсқалары, қолжазбалары сақталып жатқан кітапхана, архив қорларын нақты көрсетіп, жетпіс жеті темір қақпаның аржағында жатқан байлықтардың кілтін қолға ұстатады. Басқаны былай қойғанда, Марғұлан сөз арасында – ақ қызықты шындықтың бетін ашып кетеді. Әйгілі жырды кімдер толғағанын, алғаш қағазға қалай түскенін көрсету үстінде Бейбіт Дауылбаев (1834, 20 қыркүйек) секілді қазақ оқығандары еңбектері айтылып, олардың қысқаша өмірбаянына тоқталады. Қазір көп дау-дамайдың отына май құйып, қира-кезік қысыр әңгіме тудырған Сегіз серіге байланысты академик Марғұлан дәлді деректер айтады. Туған жылын 1808, өлген жылын 1854 деп, сүйегі ашамайлы Керей екені, қыстауы Маманай орманының іші, 12 жасында ауылдағы мектепке барғанын, Омбыдағы Азия мектебін 1828 жылы бітіргенін анықтайды. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырын Ахмет Жантөринге тарту еткендігі, ол қолжазбаның В.В.Григорьевке ауысып, одан Н.И.Ильминскийдің қолына түскендігі, сол нұсқаның Қазанда 1878, 1879, 1890, 1894, 1896, 1905, 1909 жылдары жарияланғанын тәптіштейді.
Орыс зерттеушілері ғашықтық жырының оқиға жүйесіне, жалпы сипаттарына, Аягөз маңындағы ескерткішке назар салса, арғы-бері қазақ ғалымдары эпостың көркемдік мазмұнына, тұлғалар сипатына, әртүрлі нұсқалар арасындағы өзгешліктерге көңіл бөлсе, академик Ә.Марғұлан “Қозы Көрпеш – Баян сұлудың” көне варианттарынан ғұн, сақ, үйсін, қаңлы дәуірлеріндегі шындықтарды табады. Әсіресе жырдағы Ертіс, Ай, Таңсық, Аягөз, Жорға, Жауыр тауы, Шұбарайғыр, Мейізек, Темірші, Тоқырауын, Жамшы, Қазанғап, Қарқаралы, Баянауыл, Шідерті, Өлеңті, Есіл, Нұра, Домбыралы, Моншақты, Түмен, Балталы секілді жер-су, өзен-көл, тау-тас атаулары арқылы ескі замандағы, тіпті біздің дәуірімізден бұрынғы кездердегі көне түркі тайпаларының қыстауы, көктеуі, жайлауы, күзеуі, көшу жолдары қаншалықты ұзақ болғандығы туралы ой айтылады. Жетісудан басталып, Арқаны асып, тайга, мұз теңізіне дейін баратын ұлы сапар жолы көрсетіледі.
Екінші жағынан халық аңызында ғашықтарға арналған ескерткіш деп танылатын кесенеге байланысты зерттеушілердің көптеген мәлімет, жазба, фото, суреттерін саралай келіп, ғимараттың өзін зерттеп, Қазақстан, Түркменстан атырабында сақталған осы типтес құрылыстармен салыстырып, бітімін, үлгісін, жасалған материалдарын анықтап, олардың “дың”, “діңгек” аталатынын және бұлардың бәрі де исламға дейінгі дәуірде туған сәулет өнері туындысы екендігі дәлелденеді. Бұл — жырды орта ғасырларда, ноғайлы дәуірінде, тіпті бергі заманда туды дейтін әртүрлі болжамдардың қате екендігін көрсететін фактілердің бірі.
Алыс дәуірлердің өнердегі сәулесі эпоста, архитектурада ғана емес, ХҮІІІ ғасырда Алтай тауынан табылған алтыннан құйылған бейнеде (б.д.д. ІІІ ғасыр) көрініс тапқанын Ә.Марғұлан сенімді дәлелдейді, дәстүрлі сабақтастықты анықтау үшін “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры, алтын табақтағы “Шоқ терек” түбіндегі көрініс, Пазырық қорғанынан табылған қарқара алынып, олардың мазмұндық ұқсастығы, бір төркіндестігі ашылады.
Түркі халықтарының ұлы мұрасы “Қорқыт кітабының” ХҮІІІ ғасырда араб қарпымен қағазға түсірілген Дрезден (Германия), Ватикан (Италия) қолжазба нұсқалары басылып, басқа тілдерге аударылғаннан кейін фольклоршы, этнограф, филолог, дінтанушы көптеген ғалымдардың зерттеу нысанасына айналып, шығыстану ғылымының арналы да терең бір саласы – қорқыттану қалыптасты. Ол туралы қазақ ғалымдары Ш.Уәлиханов, М.Көпеев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, арнайы кандидаттық диссертация жазған Ш.Ибраев бұл орайда өз тұжырымдарын айтса, Әлкей Марғұлан Қорқыт тақырыбын жан-жақты қарастырып, көптеген проблемаларды терең зерттеп, ғылыми мәні зор еңбектер шоғырын тудырды.
Мәселенің қойылуы, зерттеудің тарихнамасы, қай еңбек қайда, қашан шықты, оларда көтерілген жәйттер, жаңа пікірлер, кемшіліктер – бұлардың баршасын Ә.Марғұлан өте тиянақты, жіпке тізгендей етіп, ешнәрсені қалдырмай көрсетіп отырады. Сол библиографиялық сілтемелердің өзінен кейінгі зерттеушілерге жаңа қайнар көздер, мәліметтер айқындалып, ізденіс бағыттарының соны тараптары ашылады.
Қорқыт тақырыбындағы зерттеушілер ішінен Истахри (Х ғ.), Рашидеддин, Абылғазы, Ә.Навои, Ш.Уәлиханов, В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Бартольд, А.А.Диваев, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, А.Н.Самойлович, А.Ю.Якубовский, Фуат Копрюлу, Мухарем Ерган, Батгоз, Ш.А.Джамшидов, А.Рахманов секілді шетел, орыс, түрік, азербайжан, түрікпен, қазақ ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасалады, фактілер ескеріледі, оларда айтылған кейбір пікірлер тереңдетіледі, жаңа тұжырымдар ұсынылады, соны байламдар жасалып, өрісті қорытындылар шығарылады.
Қазақ ғалымы Ә.Марғұлан қорқыттанудың жаңа нысандарын ашты, олар атап, жинақтап айтқанда мыналар:
— Қорқыт туралы қазақтың қария сөздері;
— Қазақ арасында Қорқыт аңызын дәстүр етіп сақтаушылар;
— Қорқыт бұрынғы ғалымдар мен ақындар есінде;
— “Қорқыт кітабының” қазақ аңыздарындағы елесі;
— Қазақ аңыздарындағы Қорқыттың болмысы және оның жүрген жерлері;
— Қорқыттың өліммен күресі;
— Қазақтың халық музкасындағы Қорқыт дәстүрі.
“Қорқыт кітабының” алғаш қағазға түсуі түркі тайпаларының Кавказға көшіп барғанынан кейін болғандығы әбден дәлелденген шындық. Бірақ осы ғажайып шығарманың әуелде Сыр бойында оғыз-қыпшақ рулары арасында туғандығын, көптеген сарын мотивтердің, қоңырат, үйсін, қаңлы, қарлық секілді ел, Байбөрі, Жүгінек, Алып Бамсы (Алпамыс), Домрул (Домбауыл), Барша (Гүлбаршын) сияқты адам, Арқу (Арқа), Алатағ (Алатау), Алты ағаш, Қазылық (Қарқаралы), Қаратау, Қараспан тәрізді жер аттарының қайталануын дәйек ете отырып, академик Ә.Марғұлан көне жырдың әуелгі жаратылған ортасын ғылыми тұрғыдан толық сенімді етіп дәлелдеп береді.
Бұл ойларды орнықтыру үшін “Қорқыт кітабымен” қазақ эпосының үлгілері, жырлар, ертегілер, аңыздар, “Оғыз нама”, Орхон ескерткіштерінің мәтіндері, түрікмен фольклорының материалдары түбегейлі салыстырылады, ортақ бейнелер, ортақ сарындар, ортақ сюжеттер жинақталып көрсетіледі. “Төбекөз”, “Жалғыз көзді дәу”, әулие үңгірлерге байланысты ондаған мысалдар, тәңірлік сенімнің нышандары келтіріледі.
Оғыз-қыпшақ тайпалары жасаған қала мәдениеті, исламға дейінгі сәулет өнерінің ерекшеліктері, “дың”, “үй тас” салу дәстүрі Қорқыт жырының алғаш Сыр бойында туғандығының бір үлкен дәлелі ретінде кеңінен сөз болып, ұзақ уақыт бойы сақталып келген Қорқыт мазарының тұңғыш рет 1862 жылы түсірілген фотосы “Түркістан альбомында” сақтаулы екен. Күмбез туралы А.Грен, В.Л.Мейер, П.И.Лерх, И.В.Аничков, И.А.Костанье, П.С.Спиридонов жазыпты.
Әубәкір Диваев Қорқыт мазарына екі рет (1896, 1898) барып, қазақ қариясы Оспан Қасымовтан жазып алған аңыздардың маңызы ерекше қымбат.
Қазақстандағы жер атаулары: Сыр, Қорқыт көл, Өгізтау, Баршын көл, Ұлытау, Кішітау, Ортау, Құтты қия, Қазығұрт, Борсық құмы, Талас, Шу, Маңғыстау, Жайық, Артық, Бозоқ, Жамшы, Көкше теңіз (Балқаш), Бекежелі, ел атаулары: ақ қойлы, қара қойлы, көктен, ошақты, адай, кете, кердерілердің Қорқытқа тікелей қатысы барлығы, мұның үстіне “Қорқыт кітабының” тілдік қорындағы көптеген сөздердің, мақал-мәтелдердің қазіргі қазақ тілінде өзгеріссіз қолданылатыны ондаған мысалдармен сенімді түрде ашылады.
Кейбір ғалымдардың Сыр бойында исламға дейінгі дәуірде оғыз-қыпшақ тайпалары ортасында туған әдеби-ғылыми құндылықтарды жан-жаққа тартып, бүгінгі әртүрлі халықтарға теліп, тек қазақтарға жолатпайтын астамшыл тұжырымның түбірінен қателігін академик Ә.Марғұлан көрсетіп беріп, асыл байлықтың түп арнасы қазіргі қазақтардың ата-бабалары екендігін тарихи, әдеби, ономастикалық, археологиялық қайнар көздер, кітаптар, қолжазбалар, ауызша жеткен миф-аңыздар, эпос шығармалары, тұрмыс-салт, діни наным-сенімдер нышандары, көптеген шынайы оқымыстылардың жазған-сызғандары, тарихи құжаттар арқылы жаңа пайымдама жасап, ұлтымыздың рухани тарихының көпғасырлық шежіресін, даму, қалыптасу жолын тиянақтайды.
Көлемі жөнінен дүниежүзілік фольклордағы ең үлкен шығарма, шалқып жатқан теңіз тектес мазмұны бар ұлы эпос – “Манасты” зерттеудегі Марғұлан ізденістері бірнеше арналы салалардан құралады. Ғалым әбден қалыптасқан ғылыми ұстанымы бойынша манастануға арналған барлық зерттеушілердің еңбектерін атап, олардың ішінде көптеген Батыс ғалымдары, орыс оқымыстылары, татар, башқұрт, қырғыз білімпаздарын көрсетеді.
Жомықшылардан мәтіндерді жазып алу, олардың сапалық деңгейі, жырдың алғаш шыққан уақытына байланысты пікірлерге көзқарасты топтап, жинақтап барып, өзінің толымды тұжырымдарын ұсынады. Марғұлан “Манас” жыры Алтын Орда дәуірінде, қалмақ шапқыншылығы кезінде туған деген байламдардың терістігін дәлелдеп көрсетеді. Ол уақыттар шындығы эпостың көне заманда туған нұсқасына кейінгі жомықшылар қосқан жапсырма, қосымшалар екендігін жақсы айқындаған.
Қазақстан тарихы, оның ескі қалалары, Шоқанның бес томдық академиялық шығармалар жинағын шығару мақсатымен толып жатқан архивтердің мың сан қойнауында шаң жұтып, бел ауыртып, көз талдырып, жылдар бойы талмай еңбек еткен Марғұлан қазақ, түркі фольклорына тығыз байланысы бар, қолжазбалар, кітаптардың бұрын ғылымға белгісіз болып келген құжаттардың жұмбақ аралдарын ашып, оларды ғылыми айналымға енгізіп, алғаш рет сол әдебиеттерді, әртүрлі әліпбимен түсірілген, көне жазуларды ажыратып оқып, оларға жинақтаушылық, мәтіндік сипаттамалар берді.
Осы бағыттағы үлкен олжаның бірі – ғылыми ортада жоғалып кетті, енді мүлде өлдіге саналған Шоқан қағазға түсірген “Манас” жырының вариантын Марғұланның тауып, кітап етіп бастырып, сол нұсқаға негіздеп сараптама талдау жазуы еді.
Алдымен Шоқанның фольклор жинау, жазып алу, бағалау ізденістерін, қырғызға бару сапарлары туралы кеңінен баяндап алып, “Манас” эпосын айтушылармен қашан, қалай кездескенін толық баяндайды. Ұлы жырдың тұңғыш қағазға түскен нұсқасының қағазы, оның сапасы, жазуды кім жазғаны, Шоқан қолымен түскен өзгерістер, белгілер, қазақша, орысша берілген түсініктемелер, салыстырулар, анықтамалар-осылардың баршасы кеңінен сарапталады. Тұтас текстологиялық анализ бар. Осыдан кейін “Манастың” Радлов және басқалар жазып алған, жомықшылардың бірнеше буыны айтқан нұсқаларындағы сюжеттерді, композицияны, бейнелер жүйесін, тарихи оқиғаларды, ономастикалық атауларды, наным-сенімдер, тұрмыс-салт көріністерін кеңінен салыстыру жасау арқылы Шоқан нұсқасының ең көне, ең таза формадағы вариант екендігі дәлелденеді.
Жырдағы ғұн-сақ-үйсін дәуірлеріндегі аңыздарды, мифтерді, дүниетанымды, көне қырғыз өмір салттарын, батырлықтың қалыптасуын, ас беру, ұлы көштер суретін, өмірмен қоштасу, аманат, өсиет айту, өлік жөнелту көріністерін академик Марғұлан ғылымда әбден мойындалған ұлы туындылар “Қорқыт кітабы”, “Оғызнама”, Орхон-Енисей ескерткіштері, қазақ фольклорындағы әуен, сарындармен, идея, ойлармен сабақтас қарап, олардағы егіз, ұқсас ағыстар, көркемдік жүйелерді ашып, төркіндес бейнелердің тұтас тобын ажыратып, түркілік фольклор, әдебиеттегі мыңжылдықтар бойы үзілмей, жалғасып отырған дәстүрлер сілемі бар деген өнімді, кұнарлы ой қорытады.
Тұтастай алғанда, әдебиеттану, фольклортануда деректер, мәтіндердің шалқар дариясына мол энциклопедиялық біліммен терең теориялық саралау жасап, кең арналы мектеп қалыптастырған академик Әлкей Марғұланның ғылыми тағылымының нысанасы биік, өресі кең, болашағы зор.
2004.