ЖАНКЕШТІ

ЖАНКЕШТІ

Рымғали Нұрғали

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне тән айрықша құбылыстың бірі талантты жазушыларымыз алғашқы шығармаларымен-ақ тез танылып кетті:
Мағжан, Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Саттар, Әбділда, Мұқаметжан, Қасым отызға жетпей күллі қазаққа мәшһүр болды, Әбдіжәміл, Тахауи, Сафуан, Зейнолла қырыққа дейін, Қалихан, Сайын отызында прозашы ретінде мойындалды.
Ілияс Есенберлиннің әдеби тағдыры бұралаң еді. Көптеген қазақ жазушылары филологиялық, журналистік білім алып, баспасөзде және жеке шығармашылықта қатар қалам тартатын.
Әке-шешеден ерте айырылып, жетімдік тауқыметін кешіп, балалар үйінде тәрбиеленіп, тау-кен институтын бітіріп, инженер болған маман қатты жараланып, соғыстан ерте оралған. Орталық партия комитетінде, филармонияда, шахтада істеген. 1951-53 жылдары сотталып, түрмеге қамалған. Бір жазушы естелігінде Есенберлиннің сотталғанын кекесінмен, табалағандай сыңайда сөз етті. Жасырын ештеңе де жоқ, филармония директоры қызметінде жүргенде қаржыны орынсыз жұмсағаны үшін деген айыппен сотталған. Бұл — әрине сылтау. Сол кезде Қазақстанда тағы репрессия бас көтеріп: Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов сотталған; М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Б.Кенжебаев жұмыстан шығарылып қудаланған. Есенберлиннің сотталуын да осы науқанның кесепаты деп түсіну керек. Түрмеден қайтып келген соң барар жер, басар тау таба алмай, қиналып, түңілген, бала-шағасының шәй- суына бес-он тиын таба алмай, жоқшылық көрген кездері де болған, кейін киностудияда, баспада, Жазушылар Одағында қызмет етті.
Поэзия саласындағы «Сұлтан», «Айша», «Адамгершілік туралы жыр», «Біржан сал трагедиясы», «Большевик туралы поэма» сияқты шығармалары әдебиетте жаңа сөз айта алған жоқ. Прозадағы «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» секілді ізденістерді де қатардағы шығармалардың бірі еді. Пьеса да, сценарий де жазған. Бәрібір көптің бірі болып қала берді. Жиналыс, пленум, құрылтайда біреу сыналса, Есенберлин сыналатын. Сөйтіп жүріп жер орта жасқа келген.
Елуден аса бере нағыз Есенберлин басталды. Роман артынан роман. Бірін-бірі қайталамайды. Жаңа сюжет, жаңа композиция, жаңа идея. Бәрі жаңа. Оқырман ықыласы көл-көсір. Бірақ жазушылар тарапынан мойындалу оңайға түскен жоқ. Алдымен Сәбиттен басқасы саусақпен санардай ғана күрделі шығарма жазып, классик атанған ағалары жандарына жақындатпады, бірді-екілі туындымен даңқтары шыққан құрдастары, соғысқа барып келген тағдырластары қолдау былай тұрсын, күндестікпен уланып, аяғынан шалып, зиян келтіріп, мүлде дұшпан болып кетті; тек кейінгі буын, өзінен бір мүшел, екі мүшел кішілерден жақсылық көрді, олар шығармаларға материал жинауға көмектесті, қолжазбаларын редакциялауға қатысты, талқылауларда қолдады, кітаптарын насихаттады, әділ бағасын берді.
Сырттай жұпыны, шашы ерте ағарған, жүріс-тұрысы сылбыр, мінбеге шықса, ел-жұртты аузына қарататын шешен де емес, мойылдай қап-қара екі көзі ерекше есте қалады. Өмірдің көп өткелегінде алла берген асыл қуат, зор рухты жоғалтпай, елудің белінде қайратына мінген Ілияс кезекті шығармасын жазу үстінде жан алып, жан берді. Оны жариялау үшін аянбай күресті. Өзіне дұшпандық жасағандарды да аяған жоқ, қажет болса, олардың жолына кесе көлденең жатып алды. Жақсылық істегендердің еңбегін еселеп қайтарды. Әсіресе жас қаламгерлерді демеді, үй алуға көмектесті, кітабын шығарды, қызметке орналастырды. Достыққа адалдығының мысалы ретінде Қапан Сатыбалдиннің 4 томдығын бастыруы, Әзілхан Нұршайықов романының орысша аудармасына көмектесуін айтуға болады. Ілияс адамдарды екі топқа бөліп қарайтын, олар – қазаққа қызмет ететіндер және қазаққа қызмет етпейтіндер. Бөлудің басқа түрін қабылдаған жоқ.
Сөйтіп, елуден асқан кезден бастап, он бес жылдай уақыт ішінде қауырт та өнімді еңбек еткен Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің тарихындағы талантты романдар шоғырының авторы болып қалды.
Өз қолында үлкен билік болған күндердің өзінде (Баспа директоры, Жазушылар Одағының екінші хатшысы) Ілияс романдарының бірде-біреуі айтыс-талқысыз, дау-дамайсыз, кедергі-бөгетсіз, тиым-тоқтаусыз шығып көрген емес. Сары тіс ағалары, үзеңгілес қатарластары, бота тірсек інілерінің жазылмаған кітаптарының жоспары мақталып, бүгін біткен қолжазба, ертең шығып жатқанда, мұның жаңа дүниесі ең алдымен Жазушылар Одағының әртүрлі пиғылдағы, сан алуан талғам иелерінің ортасына салынып, орынды- орынсыз пікір айтылып, әрі тарт, бері тарт тәжікеден кейін қайтадан Баспасөз комитеті, Орталық партия комитеті, Қауіпсіздік комитеті дегендердің қысымына түсіп, одан Мәскеу шешімін күтіп, ақырында жасырын сарапшылар айтқан талаптарды орындап болғаннан кейін ғана басылуға мүмкіндік алатын. Алғашқы талқы, тартыс додасына қатыса алмай қалған коммунистік мұраттар мен кеңестік идеология талаптарына өздерін адал қызметші санайтын кейбір ғалымдар (олардың ішінде академиктер мен профессорлар бар), белгілі қаламгерлер (олардың ішінде лауреаттар мен халық жазушылары бар), Ілиястың жаңа романындағы ұлтшылдық, қазақ тарихын мадақтау, эротизм, тың игеруге қарсылық, алаш қозғалысын дәріптеу секілді жат идеялар бар екенін айтып, шығарманы бастырған мекемені айыптап, кітапқа тиым салып, жинап алып жойып жіберу қажет деген талап қойған кездер аз емес.
Мұндай айыптау мен қаралаудың ашық баспасөз бетіне шыққан күндері де бар.
Бір шығарма тұсында ғана емес, барлық жаңа шығармасын бастыру үшін жазушы көрген қиындық оларды орысшаға аудару, жариялау кезінде тағы қайталанатын. Адам көтеруі қиын мұндай рухани дерттен оқырман махаббаты ғана емдеуші еді. Әр нәрсенің шегі бар. Талант қайраты қожырамаған, бірнеше романдар циклін ойластырып қойған қаламгердің жүрегіне жетімдіктен, соғыстан, түрмеден, әр шығармасын жазу, бастырту, аударту кезіндегі қиындықтан түскен жан жарасы оны алпыс сегіз жасында дүниеден оқыстан алып кетті.
Халқымыздың рухани дәулетіне эстетикалық жаңа байлық, мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленіп, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, туындылары тұғырға көтерілген қазақ әдебиетіндегі ардақты есімдердің бірі – Ілияс Есенберлин екендігі қазір көпшілікке аян шындық.
Халық өмірінің, ел тарихының құнарлы кенін қопарған тегеурінді дарынның биік нысананы мұрат тұтып, қажырлы еңбек, шабытты әрекет арқылы дүниеге келтірген аса бай көркемдік игілігі жұртшылықтың жүрегінен шықты.
«Алмас қылыш» романы – Ілияс Есенберлиннің әйгілі «Көшпенділер» тарихи трилогиясының бір бөлімі. ХІV-ХV ғасырдағы оқиғалар, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік, қазақ хандығының құрылуы суреттеледі.
Бұл шығарманы тұңғыш рет 1971 жылы «Жазушы» баспасы басып шығарды. Халық өмірінің терең шындығын дәлді деректер, шежіре, аңыз, эпос материалдарына, белгілі қайраткерлер, батырлар, билер өміріне сүйене отырып, көркем бейнелер арқылы ашқан күрделі туындыны қалың оқырман жақсы қабылдады. Роман туралы баспасөзде көптеген пікірлер айтылды, ондаған рецензиялар, мақалалар жазылды.
Екінші рет «Алмас қылыш» романы «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы ретінде «Жазушы» баспасынан 1976 жылы алпыс мың дана болып басылып шықты.
«Алмас қылыш» романы «Заговоренный меч» деген атпен Москваның «Молодая гвардия» баспасы жүз мың дана етіп, 1974 жылы жариялады. Аударған жазушы Морис Симашко, алғы сөзін жазған академик Әлкей Марғұлан.
Екінші рет «Алмас қылыш» романы «Кочевники» деген атпен «Советский писатель» баспасынан жүз мың дана болып 1978 жылы орыс тілінде жарияланған тарихи трилогияның бірінші кітабы ретінде «Алмас қылыш» романы Москвада үшінші рет басылды. Алғы сөзін жазушы Әнуар Әлімжанов, соңғы сөзін академик Әлкей Марғұлан жазған.
«Жанталас» романы – «Көшпенділер» тарихи трилогиясының екінші бөлімі. Негізінен ХVІІІ ғ. Қазақстандағы әлеуметтік-қоғамдық тартыстар, халық басынан өткен сан алуан оқиғалар бейнеленеді. Абылай хан, Бұқар жырау тектес тарихи қайраткерлер образы жасалған. Роман тұңғыш рет 1974 жылы «Жазушы» баспасынан шықты.
Роман орыс тілінде тұңғыш рет «Простор» журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында «Отчаяние» деген атпен басылды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның «Известия» баспасы «Дружба народов» кітапханасы сериясымен «Жанталас» романын 1974 жылы шығарды.
«Жанталас» романы тарихи трилогияның бір бөлімі ретінде «Кочевники» деген атпен басылған кітаптың құрамында 1978 жылы «Советский писатель», 1983 жылы «Художественная литература» баспасынан шықты.
«Алмас қылыш», «Жанталас» романдары «Көшпенділер» трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның «Чительник» баспасынан поляк тілінде басылды. «Көшпенділер» трилогиясы Венгрияның «Европа»! баспасынан шықты.
«Қаһар романы» – «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы болғанмен, циклдің ішінде бірінші болып жазылған шығарма. Тұңғыш рет «Жазушы» баспасы 1969 жылы басып шығарды. Орыс тілінде алғаш «Простор» журналының 1970 жылғы бесінші, алтыншы сандарында «Хан Кене» деген атпен жарияланды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның «Советский писатель» баспасы 1971 жылы «Хан Кене» деген атпен жариялады. «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы ретінде «Советский писатель» баспасынан 1978 жылы, «Художественная литература» баспасынан 1983 жылы шықты.
«Көшпенділер» трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның «Шительник» баспасынан поляк тілінде шықты. Венгрияның «Европа» баспасы 1986 жылы шығарды.
«Қаһар» романы туралы жазылған қазақ әдебиетшілері Ә. Марғұлан, Ә. Әлімжанов, Р. Бердібаев, Х. Әдібаев, М. Қаратаев, Ш. Елеукенов, орыс сыншылары Н. Ровенский, П. Косенко белгілі әдебиетшілер Г. Ломидзе, В. Оскоцкий т.б. мақалаларында бұл шығарма тарихи романтиканың үздік табысы, реализм әдебиетінің шоқтығы биік туындысы ретінде бағаланады. Расында «Қаһар» романы әдебиет тарихында құбылыс болған, қалың оқырмандардың махаббатына бөленген, ел тағдырын шыншылдықпен бейнелеген халықтық көркем шығарма.
Көптеген архив материалдарын, әр түрлі деректерді, ғылыми зерттеулерді, жинақтап, көркемдік тұрғыдан екшеген трилогияның «Алтын Орда» аталуы тегін емес. Шығармадағы оқиғалар Ертіс, Еділ бойларында, қазақ даласында, Орта Азияда, Қырым мен Кавказда, Русь жерлерінде өтеді. Жазушы қырғын соғыстардың, опатты өлімдердің негізгі әлеуметтік-таптық себептерін ашады; тарихи тұлғалардың, хандардың, билердің, батырлардың сенімді тұлғаларын жасайды, елмен ел, халықпен халық арасындағы достық тамырларын бейнелейді; азаттық, еркіндік үшін болған күресті суреттейді.
Романның бірінші кітабы алғаш рет 1979 жылы «Жұлдыз» журналының 8-9 сандарында басылды. 1982 жылы «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып шықты. Ұлан-асыр кең территорияда білектің күші, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен құрылған зор империя – Алтын Орданың қоғамдық-әлеуметтік құрылысы, этникалық-елдік тұрмыс-тіршілігі, сан алуан күрестер, билік үшін шайқастар суреттелген. Әр түрлі тарихи жағдайларды, өмірде болған тұлғаларды бейнелегенде жазушы реализм принциптерін берік ұстанып, диалектикалық қайшылықтарды ашады; өмірлік материал мен қаламгерлік қиял, шындық пен фантазия тізгінін тең ұстайды.
Алтын Орда мемлекетінің негізгі қайшылықтары, оның құлау себептері, халық тағдыры мен жеке адам тағдыры сан-сан оқиға, сала-сала сюжет арқылы ашылады. Трилогияда аңыздар, мысалдар, тәмсілдер (притча), эпос сарындары кең де шебер қолданылған. Романның екінші кітабы алғаш «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы 4-5, 7-8, ал үшінші кітабы «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы 4-5 сандарында жарияланды. Екі кітап бірге қосылып тұңғыш рет 1983 жылы «Жазушы» баспасында шықты.
«Алтын Орда» тарихи трилогиясымен орыс оқырмандарын алғаш толық таныстырған «Простор» журналы («Простор», 1982, 8; 1983, 2,3; 1984, 1, 2, 3). 1985 жылы Москвадағы «Советский писатель» баспасы «Алтын Орда» трилогиясын В. Мироглов аудармасымен басып шығарды.
Бес поэма, төрт пьеса, үш киносценарий, он алты роман жазған қаламгердің берекелі таланты қазақ халқы өмірінің ғасырлар панорамасын көрсетіп берді. Көп ғасырлық тарих, ұлттық интеллигенцияның қалыптасу кезеңіндегі трагедиялар, колхоздастыру дәуірінің шындығы, Ұлы Отан соғысына қазақтардың қатысы, тың игеру жылдарының хикаясы, Маңғыстау майданы, геологтар, мүсіншілер, артистер, жазушылар тағдыры – Ілияс Есенберлиннің романдар сериясындағы өзекті тақырыптар осылар. Қазақ әдебитінде бір тақырыпқа арналған шығармалар шоғырын, үйірлі туындылар жасау дәстүрін қалыптастырған Мұхтар Әуезов сабақтарын терең игеріп, жемісті арнаны кеңейткен, өз тарапынан жаңа үлгілер тудырған қаламгердің тарихи прозадағы күрделі көркемдік-эстетикалық олжаларын айрықша бағалау шарт.
Ұлттық тарихымыздың терең қойнауларында қалған көп оқиғалардың елесі, өзгерген, бұрмаланған деректер, әр түрлі тілдерде жазылған, сан алуан қолға түспейтін сирек кітаптарда, архив қазыналарында, оқылуы қиын қолжазбаларда, әр жерде жүйесіз шашылып жатқан материалдарды тауып, оқып, қорытып шығу үшін кеткен уақыт, жұмсалған қайрат, жасалған еңбектің өзі бір адамның ұзақ ғұмырына жетіп артылар шаруа.
Жазушының алты романнан тұратын «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары – қазақ халқының жеті жүз жылдық өмірін тарихилық принцип тұрғысынан шындықпен, көркем, сенімді әрі терең бейнелеген қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларының қатарына жатады.
Оқиғалық жағынан біріне-бірі жалғас, сабақтас, идеялық-көркемдік нысанасы әуездес, сарындас, құрылым-түзіліс кескіні ұялас болып келетін бұл романдар циклының тұтастығын айта отрып, олардың қазақ әдебиетіне енгізген эстетикалық жаңалықтарын көрсету қажет. Ең алдымен, осы екі трилогиядан қоғамға, тарихи дамуға, әлеуметтік жағдайға деген жазушының әлеуметтік, партиялық, халықтық айқын көзқарасын, ғылыми объективті позициясын көреміз. Бұл шығармаларда уақыт пен кеңістік мейлінше мол әрі орасан кең ауқымда бейнеленеді: бір атырап, бір тайпа, бір жүз тіршілігі емес, қазақ халқының тағдыры көптеген басқа елдермен қарым-қатынас контексінде, дүниежүзілік дамудың арнасымен терең сабақтастықта алынады. Құжаттар мен тарихи деректерді сұрыптауда озық әдебиеттер дәстүрін негізге ала отыратын жазушы ежелгі аңыздарды ауызекі әңгімелерді, халықтық мифологияны көркем шығармада пайдалану барысында көп жаңалықтар, соны өрістер ашты. Сөйтіп, тарихи романның жаңа бір ұлттық, жанрлық – роман-шежіре үлгісін тудырды деп айтуға әбден болады.
Халқымыздың басынан кешкен қилы жол, тайғақ кешу, тас босаға, тар өткелдердің трагедиялық оқиғалары, ел қамын жеген, ойшыл даналар, жұртын сүйген, жүректі батырлар образдары, әр дәуірде әлеуметтік күрес сахнасына шыққан хандардың, айыркөмей, жезтаңдай билердің, қилы-қилы таптар өкілдерінің бейнелері, халықтық бірлік, елдік ұйытқы, отансүйгіштік, патриотизм сарындары – осылардың бәрі жанды түрде тұтаса келіп, Ілияс Есенберлин тарихи романдарының идеялық-эстетикалық сапасын, поэтикалық-жанрлық қасиеттерін құрап, олардың әдебиетіміздің төріндегі орнын белгілесе керек.
Кезінде Мұхтар Әуезов қазақ интеллигенциясының алғашқы буынының Қазан төңкерісіне келу жолын көрсететін роман жоспарлаған, бірақ оны жазбай, «Өскен өркенге» отырған. Бел ортасында жүрген өмірдің қаһарлы жүзін қайта көру, бастан кешкен күндер ауыртпалығын қайта тарту шошытты ма, кім білсін, ұрпақ үшін шертер сырларын ұлы жазушы о дүниеге алып кетті.
Дәл осы объектіге Ілияс Есенберлин барар деп ешкім ойламаған: «Қатерлі өткел» романы туды. Одан кейін «Ғашықтар» жазылды. Қазақ әдебиетінде оқиға болған, суреткер белсенділігінің, жазушы батылдығының куәсі, халықтық принципті берік ұстанып жазған «Қаһар» романы Ілияс Есенберлин есімін оқырман махаббатына бөлеп, әдеби сын назарын оның шығармашылығына күрт аударды.
Қазан төңкерісі және қазақ интеллигенциясы деген проблема аракідік сөз етілгенмен, үлкен шығарманың өзегі болған емес-ті. Белгілі жәйттерді қайта айтатын нәрсе емес, қиын психологиялық шығармаларды, санадағы эволюцияны, ауыр трагедияны, тарихи оптимизмді бейнелейтін туынды қажет. Суреткерлік позиция, авторлық мұрат айқын болмаса, қаңғыртып жіберетін, соқыр сүрлеуге түсіретін қиын объектінің Ілияс Есенберлин оңтайлы бір қырынан келген.
Әлеуметтік әр түрлі топтарды қамтитын көп салалы, тоқсан тоғыз тараулы роман емес, кейіпкерлері аз, тартысы жинақы, өткір идеялы шығарма жасау мақсаты алға қойылған.
Басқа адасса бір сәрі, шіріген жұмыртқа – садақа деп лақтырып жүре береді тарих, ал халықтың ары, жаны – суреткер адасса – трагедия. Қоғам дамуының жаңа тенденцияларымен, жаңа сарындармен бауырласа алмаған жазушы қашанда қайғылы халге ұшырамақ. «Қатерлі өткел» романының алғашқы беттерінде үш ақынмен танысамыз. Үш ақын – үш әлем.
Романист Ақан өмірін суреттеуге көп орын бермеген. «Терезе алдында тұрған аққұба, ашық жүзді, қошқар тұмсықты, үлкен қоңыр, қой көзді, кең кеуделі, ұзын бойлы адамның жасы отыз бестер шамасында» деген штрихтың өзінде ызғар, сыз бар. Ол қандай іс тындырған, өткенінде не жатыр – бұл жағы бимәлім: Ал жүрегінің түбінен құмығып шыққан, көзінен қанды жасын ағызған сыр-зарына бақсақ, екіұдай, қайғыға бөккен жанды көресің. Ол қазақ халқының қуанышты, шат-шадыман, еркін күндері өткен, келешекте құрып кету, жер бетінен жойылу тосып тұр деп есептейді. Ұлттар достығы деген көптің азды, күштінің әлсізді алдап түсіруі үшін ойлап шығарылған жалған ұран деп санайды. Ақын сенімінде әр түрлі жұрттардың басын біріктірген одақ әсте ұзақ ғұмыр сүре алмаса керек. Екінің бірі – не азшылық жұтылады, не империя қаусайды.
Саналы күрес жолына енді ғана түскен жас ақын Бүркіттің шеттігіне жеткізе, бар ниетпен беріле айтқан ұстазының осынау сөздеріне қарсы қояр дерегі, бөгеу болар дәлелі жоқ. Әлеуметтік орта дайындамаса, кез келген адам революция мәнін бірден түсініп, күрескерлер санына қосылып кете алмасы хақ.
Тірлік тартысын аяқтаған, тұз-дәмі таусылған Ақан ақынның балконнан құлап өлуі кездейсоқ нәрсе, үрей салдары емес. Бұл финалды жазушы оқырманға оқыс әсер ету үшін, сюжетті ширықтыру мақсатымен алмағаны да түсінікті.
«Қатерлі өткел» романы арқылы Ілияс Есенберлин ұлттық интеллигенция басынан өткізген шытырман күйлерді, ауыр сапар, қиын жолды бейнелеп берді. Бұл шығарма бүгінгі қазақ әдебиетінің туған халқымыз жайлы небір ауыр шындықтарды тарихи дәлдікпен, көркем кестемен суреттей алатын марқайған мінезін танытады.
Неғұрлым түр ықшамдылығына ұмтылу көркемдік талаптарынан туған шарт екендігіне Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романын оқу үстінде тағы да көз жеткізуге болады. Негізгі, арналы тартысқа қатыспайтын қосалқы персонаждарды есептегеннің өзінде кейіпкер саны он шақты адам. Материалды шағындап алу арқылы жазушы әрекет сферасын әдейі тарылтқан. Кең аумаққа шашылып, жайылғаннан гөрі, тар шеңберде терең бойлауды мақсұт тұтқан.
«Ғашықтар» романының аты көп-көп сырдың кілті секілді. Расында да, бұл ғашықтық туралы, ғашықтар жайлы роман. Оқиғаның, әрекеттің жазушы тарапынан емес, негізгі қаһарман – Жантас атынан баяндалуы шығармаға қолайлы стильдік рең, өзгеше әуез берген.
Жас көңіл – аңқылдақ, сезгіш. Жас көңіл бетке жылтырап, тілге бал жағып мақтап алып, бұрыла беріп, жұдырық түйетін пәлені білмейді. Жақыннан жау іздеп, көлеңкеден қорқып, аузындағысын әлдекім тартып әкетердей сескенгіш кейіппен екі қарап, бір шоқитын сауысқан мінез әзір бітпеген бойына. Ешкіні апа, текені жезде деп жүріп шыққан төбесіне басқалар қызығатындай сыңай танытты деп шошып, беталды қуыстанып, адал жандардың іргесін қаза бастайтын сұмдықпен былғанбас жас көңіл. Табиғаттың асыл сыйы -– қабілет ұшқынын өлтіріп алмай, мезгілімен мәпелеп, тәрбиелеп өсіре бастаған жас өнерпаздың өнер жолындағы алғашқы қадамы көп рақат, көп азапқа толы – тамаша өмір-ау.
Күлсе, ағынан жарылатын, қуанса, төбесі көкке жеткенше мәз болатын жастық мінезі дарақылық емес, дарқандық. Бақай есеп, жебір құрт жыбырлақтан аулақ, қиял ауылында күніне сан рет көкпар тартқан заман ғой ол.
Осындай бір көкірегі толық, ойлы жігіт – Жантас аз уақыт ішінде бастан кешкен күйлерін сыр етіп шертеді. Не көрді, не ұқты, не сезді, не түйді -–бәрін қалтықсыз көңілмен алдыңа жаяды. Жәй әуесқой емес, Жантас — өмірлік мақсатын өнерде ғана деп білетін мүсінші. Ленинград институтын бітірген. Оның көп қылығынан, білім дәрежесі, интеллект шамасы, эрудициясынан қазақтың бүгіггі жасының мінез қырларын сипаттайтын қасиеттер аңғарылып тұрады.
Қарындасы Базаргүлдің ұзатылу тойы үстінде Жантас көп жәйттен хабар береді. Айналасына үнемі бақылағыш көзбен қарайтын мүсінші еш нәрсені қалт жібермейді. Тез, шұғыл, оғаш кетсе де, бәріне бағасы даяр. Мамандық машығынан шығып жатқан, шындыққа үнемі апара алмайтын соқпақтарға да түсіп кетеді. Сырт кескіннен, сүйек бітімнен ылғи мағына іздеп, ішкі сарайды сонымен астастыруға болмайтындығын өзі де білсе керек.
Салған жерден «Ғашықтар» романы оқыс ситуациямен оқырман ықыласын баурап алады. Сұлу қыздың соңынан жиырма бестегі жігіт еріп жүре берсе, несі ерсі? Бұл өмірде кездеспейтін яки моральға қисық келетін қылық па? Арғы тарихқа бақсақ, Татьяна Онегинге хат жазған, Еңлік Кебекті оятқан. Бүгін, көп дәстүр өзгерген заманда, қыз үйіне келіп, жігіт қонып қалса қайтеді екен? Сенімсіз қолдан жасалған оқиға деп ешкім де жазушыны кінәлай алмайды.
Гәп мұндай жағдайдың құр оқиға, құр фабула күйінде алынуында емес, ситуацияға лайық, сенімді психологиялық сәттердің бейнеленуінде, осыдан туатын адам мінезіндегі құбылыстарды, кейінгі өзгерістерді аңғартуда.
Пішін арқылы, дене бітімінің ерекшеліктерімен әсемдік сырларын танытатын мүсінші Жантас Ұлбосын сұлулығына бірден ынтық болған. Нәпсі тілегі емес, жас жүрек тебіренісінен ұшқындаған сезім. Бұған тез тұтанып, лап еткен суреткер шабыты қосылған. Ұлбосынның жалаңаш денесінен Жантас үлкен шығармашылық ойға әр, құштар боп жүрген идеясына өрнек табады.
Ерекше жағдайды басынан кешкен, ләззаты түнде рақат тапқан жастардың ойға қалуы, сезімді саралауы артынан. Ауыр, аянышты тағдыры бар Ұлбосын өмірі мынау.
Әлпештеген ұяда ерке, тентек өскен қыз рухани жетілуден бұрын, сезім қызықтарын ертерек тартқан. Ойлы, салмақты мінез қалыбы емес, әсіреқызыл әуесқой көзбен дүниеге енді аяқ басқан шағында оның лүп-лүп соққан жүрегі тізгінді қатқыл ұстаған екінің бірінің билігінде кете барғаны анық. Ләззат рақаты неғұрлым тәтті болса, өкініш зары удай ащы. Жас профессор, атақты хирург, жасырын жалғасулар, ыстық кештер – мұның егжей-тегжейін жазушы тәптіштеп жатпайды. Емеуріннен, сөз ұшығынан көп сыр белгілі. Жалын сезімнен бітсе де, дүниеге келуі қылмыс саналған іштегі бала Ұлбосын қайғысына айналған. Жазымыш-ай, біреулер өмір бақи перзент көруге зар, біреулер бойындағыдан қайтсе де құтылмақ!
Жантас құшағындағы Ұлбосын сырын оп-оңай біліп алған жоқ. Мыстаудағы бірінші маман, профессор, хирург Шерубай Ұлбосынның алғашқы қуанышы, зор қайғысының себепшісі екен-ау. Алматыдағы атақ- даңқты, мәртебелі-мансапты тәрк етіп, Ұлбосын соңынан қиыр шеттегі жас қала – Мыстауға тартып кеткен. Әуелде неге қосылмаған?Әуелде жас қызды неге аямаған?Әуелде сезімін тежесе нетті? Көш белден асқан соң, атқа мінгені қалай?
Алуан сұрақ тудырған түйін шешімі шығармаға деген оқырман пейілін арттырады. Кей кітаптарды оқи бастағанда, батпаққа түскендей кездерің болады. Бірер бетінен соң жалығып, қоясың. Психологизм жоқ, әсем өрнек жоқ, ой толғам жоқ. Фотоаппаратпен түсіргендей, әр нәрседен жасалған монтаж, суреткер тенденциясы, белгілі концепция жоқтығынан әсер ете алмайды.
Тегінде оқырман кейіпкермен бәсекелес отырмақ. «Сен кімсің?», «Мен кіммін?» деген тәжіке бар екі ортада. Шығарманың эстетикалық ықпалы, әлеуметтік қуаты оқырманның интеллектуалдық өресімен функциялық байланыста көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі үздік тип – Абай бейнесінің ерекшелігі ол қашанда сенен биік. Сені тазартатындай, кеудеңе нұр құятындай бір сиқыры бар. Қасына тұра қалсаң, әлсіздігіңді, қораштығыңды сезініп, қысыласың. Абайға баруың — әсемдікке баруың, даналыққа баруың. Ал көрбілте нәрсені көңірсітіп отырған жаннан қашпағанда, қайтесің.
«Ғашықтар» романындағы Жантас – кейінгі төлдің дүниеге көзқарасы, махаббатқа, сұлулыққа қарым-қатынасын білдіре алатын жігіт. Онымен сырласу іш пыстырмайды. Өнер жарысына көзді жұмып, белді буып күмп берген ақкөз емес, қабілет, білім тізгінін қатар ұстаған мүсінші шығармашылық мақсатын жасырмайды. Өмірге шығарма қалай келеді, әуелгі ниет, іздену азаптары, шабыт рақаты – осылардың куәсі болғандаймыз.
Жазушы жас мүсіншінің суреткерлік талпыныстары мен сезім бұрқақтарын екі бөліп алмай, қатар өрбіткен. Бірін-бірі байытқан, табыса келіп, үлкен арнаға айналған, қатар аққан қос бұлақ. Жантас, Ұлбосын арасында ыстық сүйісті түндер ғана емес, ауыр психологиялық күйлер бар. Аз уақыт лаулап жанған сексеуіл отындай сезім. Жантасқа көп сыр ашқан, әйел рухын түсіндірген сәттер Ұлбосын үшін соңғы серпіліс, ақырғы ән секілді.
Екінші қырда – профессор, хирург Шерубай тұр. Бір басына жеткілікті қайғысы бар. Әйелі мен баласы машина қақтығысында опат болады. Ал анау кезде, әйелін, баласын тастап Ұлбосынға үйленуге күші жетпеген. Қызметіне, мансабына зиян тиер деп, жұрт көзіне құным түсер деп қорыққан, аяншақ жүрек махаббатты, рақатты, боранды тірліктен тыныш, тоқ, бұйығы тірлікті артық санап, тынған шығар. Бұл орайдағы шырғалаңдарға жазушы тоқтамайды. Егер тиянақтаса, мұның өзі үлкен бір роман, еркек трагедиясы ғой. Тебіренген жүрек сезім дариясын толқытса, тау толқындар пендені қайда лақтырмайды? Мұндай шақта сенің мансабың, байлығың, жасың – бірде-бірі сөз емес. Шерубай Ұлбосын соңынан Мыстауға келген. Тіршіліктің ендігі мәні бір кезде өзі бақытсыз еткен Ұлбосынға қосылу секілді, бірақ оған қарайтын қыз жоқ.
Жағдайды Жантас бұрынғыдан да асқындырып жіберген. Дәрігерге қаралып қайтқан Ұлбосын сұмдық байламға бекініп келгенін ешкім де сезбейді. Бейдауа, жазылмас дерт – ракқа шалдыққанын анық білген соң, түбі азаппен бұралып өлерін ұққан сорлы қыз сұмдық жолды таңдайды. Маңайындағыларды да, өзін де қинағысы келмей, дәрі ішіп өледі.
Трагедиялық финалға, қайғылы халге қан жылаған қос жүрек бар. Бірі
– Жантас, екіншісі – Шерубай.
Сырт көз, басқа жандар жап-жас сұлудың өмірден бұлай кетуін айыптауы мүмкін. Жазушы тоқ етер бір ауыз жауап беру жағында емес. Ол Ұлбосынды осындай халге жеткізген, масқара қадамға итеріп әкелген жағдайларды айыптап, жел сезімге толы, басы қатты жүрекке ие бол деген адамгершілік идея айтады.
Классикалық әдебиетте суреткер тағдырына ерекше әсер етер, рухани тірлігінде бедерлі із қалдырар қасиетті күш бейнесінде әйел образын алу — өнімді, көп тармақты дәстүр.. Эмиль Золяның «Творчество», Ромен Ролланның «Жан Кристоф», Джек Лондонның «Мартин Иден» романдарында, Эрнест Хемингуэйдің «Килиманджаро қары» әңгімесінде осы сарынның сан алуан ырғақ тапқан әуезі бар.
Мүсінші Жантас әлі үлкен тартыстардың қиын додасына түспесе де, махаббат, сүйіспеншілік жолында көп тебіреніп, осы арнадан жанына мол нәр алып, рухани марқайып, кемелдене бастаған. Өнердегі әсемдікті табу, тану, бағалау мен өмірдегі ізденістер астасып кеткен.
«Алтын құс» романында І. Есенберлин бұрынғы шығармаларындағы форманы пайдаланған: сюжет ой ағымымен берілген.
Бұл орайда бірнеше жайтты ескеру қажет. Жазушы өз суқаны сүймейтін, әшкере етпек персонаждың атынан әңгіме шертуі мүмкін. Жағымды ыңғайда алынған кейіпкер аузымен айтылған оқиғаның өзін автордың субъективті қара басындағы күйлерімен, оның жеке тірлігіндегі халдерімен шатастыру әбестік болар еді.
Бір әрекеттен екінші әрекет туып, оқиға желісі тізбектеліп отыратын сюжет қазақ әдебиетінде талай шығарма тудырған. Ал, қазіргі прозада кең таралып, бел ала бастаған арна — сюжетті ой ағым арқылы өрбіту біздің топырағымызда әлі сіңісіп кетпеген тәсіл.
Кейіпкер өміріндегі ұсақ-түйекті, майда-шүйдені жіпке тізе бермей, іріктеп, сұрыптап алуға мүмкіндік туады. Үйірім оқиғалар арасында себептік байланыстың қатаң талаптарын, кейде ескермеуге болады. Бұл композицияның қалыптасқан, канонға айналған схемаларын бұзуға, материалды қажетке қарай пайдалануға еркіндік бермек. Қазіргі мен өткенді аралас бейнелеу, эпизодтардың біршама аяқталған даралық сипаты шығарманың тұтастық шеңберін әлсіретеді.
Осындай форма мүмкіндіктері мен кемшіліктері «Алтын құс» романынан қатар көрінеді.
Задында жас ұлғайған сайын адам екі түрлі күйге түсуі ықтимал. Біреулер көргенінен, татқанынан ой-түйіп, байлам жасап, кемелденіп, байып, марқайып, рухани кәмелетке ие болса, біреулер тұрмыс соққысынан ашынып, арып-тозып, тоналып, тірі өлікке айналмақ. Біріншілер – құт, екіншілер – сор. Біріншілер өзі құлаған жерде опық жеп, бармақ шайнаған тұста басқалар аман қалса дейді, екіншілер өзі жүдеген кезеңде басқалар аштан бұралса, өзі сүрінген асуда екіншілер омақасса екен дейді. Біріншілер үміті – болашақ, кейінгі ұрпақ, екіншілері қамы — өз пешенесі; бүгінгі дүние ғана. Екі пиғыл, екі мораль.
Елуді еңсерген атақты кенші ауруханада жатыр. Кешу айтысқандай, қауыммен сырласқандай халі бар. Созылып келген ажал тырнағынан аман қалып, өмір жүзіне қайта қарау, өз ішіне үңілу, өткен-кеткенді еске алу – төсекте шалқасынан тырп етпей, апталап сарылған адамға бұл да – бір ғанибет. Еріккеннен яки мылжыңдықтан шығатын езбе сөз болады. Өлі мен тірі арасында жатқан кенші сырында бұлардың көлеңкесі де жоқ.
Қазақ романының психологиялық шытырмандар тереңіне түптеп бойламағандығынан шығар, сүйіспеншілік бейнеленгенде көбіне жастар арасындағы қызу-жалынды сезім суреттеледі. Мұнда да белгілі күйлер, романтикалық әуендегі ырғақтар бар. Тіршіліктің темір қақпанына түскен шақтағы махаббат, жас шамалары алшақ жандар арасындағы жұмбақ, бір шаңырақта тұрып, басқа құшақтан ләззат табу секілді құбылыстар жазушылар сарабына сирек ілінеді.
Алғаш оқи бастағанда «Алтын құс» романының бірінші көрінісінен тіксініп қаласың. Қазақ прозасындағы портрет жасауда көз, мұрын, шаш төңірегіндегі бояуларды ғана қамтитын дағды бұзылып, сұлу тән жалаңаштана бастайды. Натуралистік детальдар-ау деген күдік кішкенеден кейін сейіліп, көңіл орнығады.
Оқыс жағдай оқырман ықыласын бірден тартып алған. Бірақ, жазушы барлық түйінді қолма-қол шешіп тастамақ емес. Кенші қиялы өткенді кезіп, саналы өмірі басталған сонау отызыншы жылдар аяғындағы Мысқазған қаласына бізді де алып келеді. Сабыр Шәкіровтың Атбасардан екендігі, кәрі әке-шешесі, шахтада кен қопарушы боп істейтіні аян болады. Мұның бәрі өз аузымен сөз арасында айтылған.
Ай астында оңаша кездескен екі жас Сабыр, Ақбаянның ләззатты сәті ұзаққа созылмай үзіледі. Көрсеқызар қыз көңілі сұлу, сұсты, үлкен мансабы бар жігітке бірден ауғанын жасыра алмайды. Сабыр қызғаныш, намыстан өртенсе де, қылар қайраны, жасар амалы жоқ. Соғыс басталып, көп боздақтың бірі болып, қызыл вагон ішінде кете барады. Ақбаян қоштасуға келмеген. Етін жас тілген, жүрегінен қан аққан Сабыр майданға кірген бойда дұшпанды оп-оңай қырып-жойып жібермейді.
Құр сықақтаумен, карикатурамен адам характері көрінбейді. Дұшпан ортасын өмір шындығынан алшақ сипатта бейнелеу, ішкі дүниеге үңілу орнына, жадағай жәйттерді адақтап кету көркемдік шарттарына нұқсан келтіріп, шығарманы жайдақ үгітшілік, жалаң ділмар-су өзегіне түсіріп жібереді. Осы қауіпті ескерген «Алтын құстың» авторы тұтқын солдат пен бай әйел арасындағы қарым-қатынасты суреттеу үстінде достық-дұшпандық, патриоттық-фашизм шарпысуын көрсетпек болған.
Ұзын сонар оқиғалар ой ағымы арқылы берілген. Жүрек ауруының салдарынан төсекке құлаған егде кенші – Сабыр өзі басынан кешкен, бел ортасында болған хикаяларға қайта үңіліп байлам жасайды. Сонда үнемі бір бүйрегінде алтын жамбыдай боп жатқан асыл бар, ол – Ақбаян. Шығармадағы әр түрлі жүлгелер басын қосып, тұтастырып тұрған – Сабырдың ойынан кетпейтін арман.
Жүзіктің көзінен өткендей хас сұлу Сабыр жүрегінен өшпейді. Қияметтің қыл көпірінен өтіп, тозақ отынан тірі қайтқан Сабыр Қарағанды ауруханасында Ақбаянның өзімен емес, хатымен кездеседі. Жылуы, сезімі аз, суық хат.
Әңгімелердің көбін Сабыр кенші өзімен-өзі күбірлеп, сырласқандай болып шертсе, біразын ауруханадағы күтуші дәрігер Бәтимаға айтады. Сондықтан ситуациялар бірде Сабырдың өз пайымдауында, бірде Бәтиманың сезім-күйіне орайлас қалыпта келеді.
Еңбек торы, әйгілі кенші, кемеліне келген егде адам Сабырдың Ақбаянға деген сүйіспеншілік сезімінің ұзақ жылдар сөнбеуін жазушы сенімді бейнелейді.
Жазушы көп талқыдан өткен, ыстық-суықтың бәрін көрген, байсалды, байыпты адам хикаясын шерткен. Халқының кешегі тарихына, бүгінгі болмысына, ертеңгі келешегіне ет жүрегі өртенген, тілдің, мәдениеттің тағдырына азаматтық тұрғыдан қарайтын Сабыр Шәкіров жақсы сыйласыңа айналып кетеді. Үлкен азаматтық борышты ұмытқан, тәуір тұрмыс, тоқ тірлікке мәз болған, сөмке сүйреткен оқымысты санатындағыларды шенеуге әбден хақы бар оның, Сабыр Шәкіровтың ауруханадан шығатынына, әлі де көп тірлік кешетініне сенімің кәміл. Мұндай адамдар ажал тырнағына оп- оңай түспеуі керек.
Бұрын «Айқас», «Алтын құс» шығармаларында геологтар, шахтерлер өмірін бейнелеген жазушы «Маңқыстау майданы» романында мұнайшылар тағдырын қолға алған. Жалпы Есенберлиннің тарихи туындылары болсын, бүгінгі өмірді көрсететін шығармалары болсын, бәріне тән ортақ қасиеттің бірі — әлеуметтік, социологиялық күрделі проблеманы қозғауы; тартыс кесектігі, осыдан келіп туатын мінездер даралығы; бұған қызықты, тартымды сюжет түзілісін қосу керек.
Бұл ерекшеліктер «Маңқыстау майданында» да бар. Қазіргі Қазақстанның техникалық интеллигенциясы, маман жұмысшы кадрлары, әлемдік мәні бар, мұнай ордасының ашылуы, игерілуі жөнінде көп сырлар шертіледі. Ағайынды Халел, Жәлел Бестібаевтар тағдыры арқылы үлкен өндірістің тынысы, ондағы әр түрлі адамдар, өзгенің еңбегі есесімен атаққа ие болып жүрген Ерден сабырлы, сырбаз Жандос бейнелері көрсетіледі.Заманында кәмпескеге ілінген, жер аударылған жандардың ұрпағы Алан-Алешка салған ылаң, Жәлелдің мерт болуы – бұл сюжеттерде детективтік сипат басым.
Автор Маңқыстау түбегінің өткен тарихын, зерттелу, игерілу мәселесін, табиғат жағдайын жақсы біледі. Бірақ көркемдік шарттары ұмытылып, таза информациялық материалдар орынсыз тықпалана бастаған кезде, тұтқырлық, қарадүрсіндік пайда болады: стиль тазалығын сақтамағандықтан, кейбір фактілер шығармаға кірікпей, жамау-жасқау секілденіп, бөлектеніп тұр.
Шеберлікпен қолданса, көркемдікке қызмет етсе, деректердің, фактілердің айрықша мәнге ие болатындығын осы автордың өз шығармашылығынан, «Аманат» романынан аңғарасың. Шығарма арқауы – археолог ғалымдар өмірі. Орталық кейіпкер, көпті көрген, білімді, қажырлы, ойшыл ғалым Күнтуар Құдайбергенов монологтарында тарихи фактілер, ғылыми тұжырымдар жарасымды беріліп отырады. Жазушы оқиғаға, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасқа орынсыз араласпайды: сюжеттің табиғи дамуына ерік берген.
Ғылыми ізденістер психологиясы, зерттеудің зейнеті мен бейнеті жанды образдар арқылы суреттелген. Маңдайдан тер ағызған еңбек емес, қулық-сұмдық, айла-шарғы, пысықтық, екіжүзділік арқылы ғылыми атақ алып, әр түрлі мансапқа жеткен Ерғазы Аюпов, Пейілжан Сұрықбаев характерлерін ашуда жазушы сатиралық көркемдік тәсілдерді қолданған. Жастары алшақ, ғылымға әр кезде келген бұл екеуінің тіршілік тәсілі, өмір сүру айласы ұқсас: көп нәрсені айырбасқа, саудаға құрады. Әншейінде ауыз жаласып жүріп, академияға сайлау кезінде өзара атарға оқ таппай, қас- дұшпан боп шыға келеді қос сабаз. Тұтас алғанда, «Аманат» романы ғалымдар ортасының көп сырларын ашатын, мещандықты, эгоизмді, алаяқтықты сынайтын, бір күндік атақ, құбылмалы мансап үшін емес, зор халықтық тілектер, биік мақсаттар жолында талант-қайратын, білім-қуатын жұмсаған оқымысты бейнесін жасаған, шыншыл шығарма деп тұжырымдауға әбден болады.
Әдетте, жазушы Ілияс Есенберлин есімі аталғанда, ең алдымен, оның алты романнан тұратын тарихи шығармалар циклы еске түседі. Сол туындыларына қарап, қаламгер өнерпаздығына баға беріледі. Асылында, осы бір өнімді, берекелі талант иесі қазіргі өмір шындығын көрсетуге, қайшылықтармен күрес үстінде қалыптасқан, кейіпкерлердің тұлғасын бейнелеуге оннан астам роман арнаған екен. Бұл шығармалар топтап айтқан кезде мынадай тақырыптарды қамтиды: ұлт зиялыларының қиындыққа толы жолдары, инженерлер өмірінің қат-қабат тартысты шындығы, Ұлы Отан соғысының оқиғалары, тың игеру барысындағы республикамыздағы экономикалық, демографиялық өзгерістер әсерінен туған психологиялық жаңа құбылыстар, Маңқыстау байлығын ашу үстіндегі күрес, мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, өнер адамдарының тағдыры. Оқиға өтетін ортаны автор кейде Алматы, Тың өлкесі, Жезқазған, Маңқыстау деп дәл көрсетіп отырса, кейде мекен-жай, қала аттарына өзі ойдан шығарған, бірақ нақты географиялық ортаны еске түсіретін ат беретін кездері де бар.
Оқиғаның болған уақытын, өткен жерін дәлді көрсетіп жазған автордың соңғы шығармаларының бірі – «Махаббат мейрамы» романы.
Романда жетпісінші жылдардағы Алматы қаласы көрсетіледі; белгілі көшелер, алаңдар, бульварлар суреттеледі; көзге таныс шаһардың кескінін жазушы ықшам бояулармен салады. Негізгі кейіпкерлері – алпыстан енді асқан белгілі ақын Асығат, оның әйелі Қырмызы, ұлы Еркебұлан. Урбанизацияның демографиялық әсері қазақ отбасынан да анық көріне бастағаны ешкімнен жасырын емес, қала жағдайында бір баланың, асса екі баланың бетіне қарап, барлық үміттерін соларға ғана артып отырған шаңырақтар аз ба? Жалғыз-жарым өскендіктен беттерінен қағылмаған, не ішем, не жеймін, не кием дегенді білмеген ерке-шолжаң, өзімшіл болып қалыптасқан мұндай ерке-тотайлар бейнесі әдебиетіміздің әр түрлі жанрларында (әсіресе драматургия) талай рет көрінген. Мұндай персонаждардың қалыптасқан пішіні бар: ана тілін шала-шарпы біледі, рухани байлықтан гөрі киім-кешек жағын көбірек құнттайды, белгілі мамандық кәсібі жоқ, әр шөптің басын бір шалған, не қызметтен, не үй- ішінен пәтуә таппай, әке-шеше мойнында отырған масыл. Жазушы І. Есенберлин мұндай схемамен кетіп қалмай, қала жағдайында жақсы білім алған, үйде үлгілі тәрбие көрген, ойлы, сезімді жас жігіттің бейнесін көз алдымызға алып келеді. Әкесінің белгілі ақын екендігін, үй-ішінде жалғыз бала болып өсіп, еш нәрседен тарлық көрмеуі, кейін Москваның сәулет өнері институтын бітіруі Еркебұланды теріс жолға түсіретін факторлар ретінде емес, қайта оның жан-жақты дамыған, қазіргі заман деңгейіндегі талаптарға толық жауап беретін зиялы, білімпаз, ізденгіш сәулетші қатарына көтерілуіне жәрдемші жағдайлар болғандығын жазушы анық ұқтырады.
Шығарманың барлық тартыс арналары, композициялық бөлімдерін тұтастырып ұстап тұрған орталық қаһарман, басты кейіпкер қала перзенті – Еркебұлан басындағы шырғалаң, оның тәрбиесіндегі, өскен ортасындағы кемшіліктерден емес, қайта рухани тазалық, дүниетанымындағы асқақ мұраттарды таптап басып кете алмаған адамгершілік пәктігінен туғанын көреміз.
Ардақты әке, ана жалғыз ұлдарын сұлулық, көркемдік үлгісімен тәрбиелеп, әділет, шындық, махаббат идеалдарына адал болу, сол жолда күресу керек деп үйреткен. Сондай ортада өсіп шыққан тәрбиелі, кітаби ұғымдағы Еркебұланның сұсты келбетті өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келгенде, тайғанақ тартып, таяқ жеуі заңды болатын.
Жазушы бұл романда өмірде сирек кездесетін, әсіре детективтік сипаты бар оқиғалар жүйесін аса ширатып алған деуіміз керек. Тіпті кей тұстарда жасандылық элементтері де көрініп қалады. Асығат пен Қырмызының бауырларына қыз салуы, одан айырылып қалып, дұшпандары тастап кеткен сәбиді өсіруі, кейін бұлар ер жетіп, бір-біріне ғашық қыз бен жігіт – Жұлдыз бен Еркебұлан болып шығуы – оқырманды жетектеп отыратын, қызықты, шытырманды оқиғалар. Бұларға Қаражан секілді бұзықтың сергелдеңдері, төбелес сценалары, өлім сияқты көріністер қосылады.
Өзіне қарамай, ақынға шыққан Қырмызының баласын ұрлап әкетіп, оны мәңгі бақытсыз еттім деп ойлаған Қаражан Жұлдызға соңғы рет сотталып бара жатқанында Алматыда, туған әкең мен шешең бар деген жылдар бойы жасырып келген ішіндегі сырын айтып кеткен.
Махаббат қуанышында жүрген Еркебұлан сүйген қызы Жұлдызды үйіне әкелген сәттен бастап трагедиялық оқиғалар өрбиді. Асығат пен Қырмызының көп жағдайы Жұлдыз үшін Қаражан айтқан әке-шешесінің белгілерімен бірдей болып шығады, ендеше Еркебұлан – туған ағасы! Мұндай масқара жағдайға түсем деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген сезімді, ұятты қыз оқуын тастап, Алматыдан мүлде қашып, Сібірдің бір қаласына тартады. Жігітіне жалғыз ауыз сөз де айтпайды.
Бұдан кейін махаббат дертіне шалдыққан жас жігіттің азаптары басталады. Ұйқысыз түндер, шер тарқатам деп ішкен арақ-шарап, ақыры оны психатриялық емханаға түсіреді.
Романдағы сюжет еске түсіру арқылы, бірде ағымдағы оқиғаларды суреттеу арқылы, негізінен, Еркебұлан басындағы халдердің фонындағы жәйттерді көрсетеді.
Талант пен дарынсыздық тартысын жазушы Еркебұланмен қатар өскен, қатар оқыған, қатар қызмет істей бастаған екінші бір сәулетші Қайназар қылықтары арқылы ашады. Арамдық, қулық-сұмдық сабақтарын алыстан емес, өз әкесі Серәліден алып отыратын Қайназардың есіл-дерті мансап сатысымен жоғары өрлеу, бұл жолдағы кедергі атаулыны ол аямайды, кім болса, ол болсын, құрту керек. Сол кедергінің үлкені — сәулетшілік табиғи дарыны күшті, қиялы жүйрік Еркебұлан. Сондықтан мынадай екіталай уақытта, махаббат дертіне мең-зең болып жүрген Еркебұланды мүлде ішкізіп жіберуге бел буған.
Ата-анасының әбден азапты кейіптерін көрген Еркебұланның ішімдіктен күрт тиылуы сенімді бейнеленген. Енді есін жия бастағанда, бұзықтар ортасына түсіп, таяқ жеп жатқан Қайназарды арашалаймын деп жүріп, еріксіз төбелескен, қорғану үстінде, өзін өлтіруге ұмтылған қарулы тентекті мерт қылған Еркебұлан абақтыға қамалады. Бұл тұста Қайназар тағы опасыздық жасап, өзінің кім екенін анық ашып береді.
Роман Жұлдыздың анық кімнің баласы екенін біліп, Алматыға қайтуымен, Еркебұланның қорғаныс үстінде жасаған әрекеті үшін жазаланбай, ақталуымен, сөйтіп екі ғашықтың табысуымен аяқталады. Әділінде, шығармада махаббат мейрамы емес, шын махаббатқа келер жолдағы қиыншылықтарды жеңу, азаптар мен талқыларды өту суреттеледі. Алматы қаласының сәулетті, шаһардың болашақ өсу өрістері жөніндегі жазушының көкейіндегі ойлары, ізгілікті армандары сәулетшілер аузымен айтылатын диалог, монологтарда айқын ашылады. Сюжет құруда трагедиялық қателік, адасу принциптерін қолданып, көркемдік барлау жасаған жазушы ізденісі негізінен сәтті шыққанын айту керек.
Өнер интеллигенциясының тағдырына І. Есенберлин бірнеше роман арнады. «Қатерлі өткелде» заман зорлығына қарсы шыққан ақын трагедиясы көрсетіледі. «Ғашықтарда» өмірдегі және өнердегі сұлулықты бірдей құшқан суретші ізденістері бейнеленеді. Ал автордың көзі тірісінде «Жұлдыз» журналына, «Жазушы» баспасына қолжазбасын тапсырып, бірақ жарияланғанын көре алмай кеткен шығармасы – «Аққу құстар қуанышы» романы. Бұл шығарманың да негізгі тақырыптық объектісі өнер адамдарының ортасы, оның ішінде әншілер, композиторлар, актерлер әлемі.
Қазақ прозасында шын мағынасындағы қалалық романдар сирек, шығармаларымыздың басым көпшілігіндегі оқиғалар ауылда, шырқағанда аудан орталығында өтеді. І. Есенберлиннің бүгінгі тұрмысымыздағы бейнелейтін соңғы романдарының бір ерекшелігі бұлардағы әрекет қалада, дәлірек айтқанда, Алматыда өтеді. Соғыстан кейінгі Алматы көрінісі, қаланың сол тұстағы архитектуралық бітімі, табиғат жағдайлары романның алғашқы тарауларында дәл қалпында, нақты, сенімді суреттер арқылы беріледі. Романның оқиға жүйесінде деректі, белгілі өмірлік ситуациялар мен жағдайлар жатқанын көру қиынға соқпайды.
Тегінде Ілияс Есенберлин бір тақырыпқа шығарма жазар алдында арнаулы дайындық жасаған, объектіні жан-жақты зерттеп алып барып қалам тартқан қаламгер екендігін оның негізгі романдарының шығармашылық тарихы айқын байқатады.
Кезінде филармония директоры қызметінде болған, көптеген ән текстерін жазған, қызмет бабында артистермен, композиторлармен, әншілермен қоян-қолтық араласып, олардың өнерпаздық сырына қанған, тұрмыстағы қиындықтарын көзімен көрген автордың қыруар роман тудырып, ысылған шағында, өзі дәл де терең білетін адамдардың тіршілігіне шығарма арнауы заңды әрі орынды әрекет еді.
Романда кейіпкерлер саны онша көп емес, негізгі әрекетке қатынасатындар: композитор Ержан, әншілер – Алмагүл, Бірлән, Сырым, Ханшайым. Шығармада бірнеше сюжеттік буын қатар өріледі. Олар бірін- бірі толықтырып, кейде тереңдетіп отырады; әр түрлі сарын-әуездер, түптеп келгенде, негізгі ырғаққа бағынады. Негізгі кейіпкерлерді оқырманға алғаш таныстырғанда автор оларға психологиялық мінездеме береді. Орнымен, сәтімен қолданылған бұл жазушылық тәсіл романның композициясын ширата түскен. Басты кейіпкердің бірі – композитор Ержан Есентаев жақсы шығармаларымен танылып, енді атағы шыға бастаған тұста өмірдің жаңа сынына түседі. Нұрғазы, Ерғазы есімді егіз ұлын бағып, мұның тілеуін тілеп өмір сүріп отырған момын әйелі Жәмиладан суынған композитор жас сұлу, әнші Алмагүлге ғашық болады. Жазушы бұл ситуацияда қазақтың дәстүрін ұстанған, шаңырақтың есендігі, босағаның бүтіндігі үшін, бала-шағаның қамы жолында жастығын, жар қызығын, тіпті өзін түгелдей құрбандыққа беретін байсалды, шыдамды, көнтерлі аналардың бейнесін еске түсіретін, ашуды ақылға, сезімді сабырға жеңдірген қазіргі қазақ әйелінің ұстамды бейнесін жасайды. Ерінің басқа әйелмен курортқа кетіп бара жатқанын көре тұра, арадағы қызылкөздер түртпектеп, сөз жүргізгеніне, әр түрлі мекемелерге барып арыз айту жөнінде емеурін білдіргеніне қарамастан, былқ етпеген Жәмиланы сезімсіз, қытықсыз, намыссыз адам деп айтуға аузымыз бармайды. Естілігіне, мінез байлығына разы боласың. Адалынан беріліп, күйеуі жолында өзін құрбан еткен әйелдің опасыздық көрген кездегі трагедиялық жағдайы бейнеленеді. Тұңғиық көздері тұнжырап, қайғысын сыртқа білдірмей, егіз ұлды тәрбиелеп өсіруге қалған ғұмырын арнағандай ішкі серті бар.
Жас әнші, сұлу келіншек ғашық болып қосылған талантты композитор талай уақытқа дейін жарсыз қалған әйел, әкесіз қалған баланың панасыз халін, жетім күйін, жүдеген көңілін ойдан мүлде шығарып, ләззат рахатына бөленеді; осындай көтеріңкі көңілмен жүргенде, қуаныш, махаббат, жастық туралы әндердің бірінің артынан бірі туып жатуы заңды еді. Арада жылдар өтеді. Алмагүлден бала көрмеген Ержан Жәмиладан туған ұлдарын сағынады. Жастай тастап кеткен әкеге егіз ұл тез суынған, өкпе емес, ашу, ыза секілді қабақ танытады. Тек өзін, атақ-даңқын күйттеген тәкаппар әнші Алмагүл кемшіліктері бұрынғыдан да асқынған; өнерпаздық дағдарыста жүрген, жаны күйзелген композитор күйеуіне қол ұшын беріп, тығырықтан құтқарар жан бұл емес. Талғамы шамалы топтың көңілінен шығатын желкілдеген, ырғақ билеген, эстрадалық аз күндік ғұмыры бар әндер айтып, қол шапалақтау естігеніне мәз. Әйелінің репертуарына ғана арналған жеңіл- желпі ән шығарудан аса алмай қалған композитор Ержан қиналады, жаңа өрістерді таба алмай азапқа түседі.
Мұндай қиналыстар екінші бір кейіпкер – опера әншісі Бірлән басында да бар. Бірақ оның тағдыры жылы ұя, сүйген жарын тастап, жаңа рахат таппақ болып адасқан Ержан тағдырынан күрделірек, дәлірек айтқанда, аянышты , қайғылы.
Жазушы Бірлән арқылы тұрмыстың небір соққылыларын көрсе де мойымаған, қандай қиын жағдай болса да, өнерді бірінші қатарға қойып, табиғат берген асыл сый – талант, қабілет, дарын атты қасиетті аяқ асты етпей, халық игілігіне жаратуға күш салған, қажырлы, табанды адамның, үлкен жүректі, зор сезімді әйелдің бейнесін жасау талабын іске асырған.
Бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған, жастай қосылған алғашқы күйеуі қоңыр төбел адам болғанмен, келе-келе Бірләнді өнерге қимай әр түрлі спектакльдерде жұптасып ойнайтын еркек актерлерге дәлелсіз теліп, ақыры жан-дүниесін қызғаныштың қызыл оты өртеп, адамгершіліктен кетеді де, айқай-шу, дау-жанжал шығаруды бастаған, оның аяғы ұрыс-керіске, тіпті ұрып-соғуға, күнәсіз жәбірлеуге ұласқан. Осындай азапта жүрген Бірләннің сұлу жігіт, талантты әнші атағы енді көтеріле бастаған жас пері Сырыммен танысу, жақындасу, табысу сәттерін жазушы психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелейді. Бұл қатынастар бойдақ Сырым үшін еш нәрсеге міндеттемейтін, өз жайлауын табу жолындағы бір қоналқы бекет секілді ғана, ал Бірлән үшін сынған ерді жамайтын, жаралы жүректі емдейтін, бұзылған ұяны бүтіндейтін – үйленуге апаратын жол секілді.
Автор дарындылық пен дарынсыздық шарпысуын, Моцарт пен Сальери сарынын: таланттың жүдеу, азу себептерін, өнердің көркею шарттарын нақты тағдырлар, жеке адамдардың бейнелері арқылы көрсетпек болған. Осы реттен келгенде, талай өнерпаздарды мезгілсіз құртқан, тіпті олардың түбіне жетер кесірдің бірі — ішімдікке салыну кесапатын жазушы Сырым кейпі арқылы ашады. Табиғат сұлу мүсін, әдемі көрік, әуезді әсем дауыс берген Сырым өз бойындағы талантын таза сақтап, күте білетін адам емес, әр түрлі нәрсеге еліктеген, басқалардың ықпалына оңай түсетін, жеңіл мінезді жігіт. Сүйіспеншілік сезімге де жауапты қарамайды, әйелдермен қалай оңай танысып, табысса, солай оңай ажырасады. Ол үшін қайғырып та жатқан жоқ. Сабырлы, ақылды әнші қыз Ханшайым Сырымға күйеуге шыққан күннен бастап азапты дерт – ішкілікпен күреседі. Шығарманың бұл жәйттерді бейнелейтін тұстарында автордың этикалық, адамгершілік мұраттары айқын көрінеді; жарына шын берілген әйелдің қандай ауыр қорлыққа , мазаққа шыдайтыны суреттеледі, түбінде зілді сырқатты жылы жүрек, аялы алақан жеңетінін уағыздайды.
Тұрмыс соққысынан, отбасы талқысынан, ішкілік кесапатынан арылып, қайтадан түлеп, жаңғырып, өрлеп өскен үш өнерпаз – композитор Ержан, опера әншілері Бірлан мен Сырымның үлкен дарынының күшімен көрерменді тебіренткен «Арман» операсының тууын, дайындалуын, сахнада қойылуын жазушы шабытпен жазады. Өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың қабысуы тиянақты бейнеленеді. Қазақ зиялылары, Алаш ардагерлерінің тағдыры, Дінмұхамед Қонаев және оның төңірегі туралы жазылған «Мұхиттан өткен қайық» романы қаламгердің көзі тірісінде басылмай, кейінгі жылдары ғана шықты.
1982 жылы қаңтар айының ішінде Мәскеу түбіндегі Малеевка деген жердегі Жазушылардың шығармашылық үйінде әдебиетші Сейіт Қасқабасов екеуміз бір жағынан демалып, шаңғы теуіп, екінші жағынан түртінектеп бірдеңе жазған болып жатыр едік. Бір күні асханада кешкі тамақ үстінде:
— Жаман қазақтар, халдарың қалай? – деп бір жүзі таныс адам біздің столға келді. Енді таныдық – башқұрттың әйгілі ақыны – Мұстай Кәрім. Қолма-қол жауап та айтылып қалды.
— Шүкір, жаман башқұрт аға, — дедім. Мұстай күліп жіберді.
— Менің жаман қазақ деуімнің себебі бар. Ал сен неге башқұртты жаман дейсің?
— Барымтаға қарымта жасағанымыз ғой.
— Ә, солай ма? Мен Мәскеуден өте қатты ренжіп қайттым, — деп түсін суыта бастады. – Сендерге айтпасам болмас, ішіме сиятын емес. Мен қазақтарды, Қазақстанды ерекше сүйемін. Түрік әлемінде кеңдікті, молдықты, бұрынғыны сақтап қалған алтын бесік деп қадірлеймін. Көптеген ақын достарым бар: Сырбай, Жұбан. Алматыда талай рет болдым. Хош. Осы күндерде мен қазақтардан бұрын күтпеген бір мінез көріп шошыдым. Лениндік сыйлықтар комитетінде мен мүшемін. Соның соңғы талқылауына грузин Нодар Думбадзе мен қазақ Ілияс Есенберлин романдары түсті. Екеуін де оқыдым. Нодардікі – бүгінгі заманды айтқан жұқалтаяң шығарма, Ілиястікі – мыңжылдық халық тарихын толғаған туынды. Нодарды жақтап Грузиядан бір вагон қолдау келді; Ілиясты қаралап Қазақстаннан бір вагон балағат келді. Ең соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы қол қойған «Есенберлин шығармаларында халықтар достығына, советтік идеяға қарсы сарындар бар» деген хат бәрін құртты. Лениндік сыйлықты алып тұрған жерінен Ілияс Есенберлинді қазақтар жабылып құлатты. Бәрін бастап жүрген көзі тірі классиктерің кім екенін айтпай-ақ қояйын. Өздерің де білесіңдер. Менің осыған ішім күйіп кетті. Жігіттер, қазақ жаман дегенім сол үшін еді. Қайтып алдым ол сөзді. Бірақ айтыңдаршы, Ілияс қазаққа не қиянат жасап еді?
Башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің сол сәттегі жан ашуына медет боларлық сөз таба алмай, Сейіт екеуміз жерге қарадық.
Кейін дастарқан басында, сейілде жүргенде ауыр сұрақтың жауабын беруге тырысқан едік.
Ілияс Есенберлин — әдебиетке соғыстан кейін келген буынның өкілі. Оның алғашқы 15-20 жыл ішінде, шығармашылық сапардың бастапқы кезінде жазған поэмалары, сценарийлері, драмалары, прозалық туындылары орта қол дүниелер болатын. Ол қатарлас қаламгерлер бірді-екілі шығармамен санатқа кіріп, тіпті кейбіреулері атақ-даңққа ие болып, кеуде тұстан орын алса, жиналыстарда, пленумдарда, съездерде, баспасөзде біреу сыналса, Ілияс сыналатын, «кім жаман – Ілияс жаман», «кім халтурщик – Ілияс халтурщик» дегенді қатардағы қалам иесінен бастап, Орталық Комитеттің хатшысына дейін айтатын. Сөйтіп ешкім көзге ілмей жүрген, можантопай жазушының «Айқас» деген роман жазып, оған аяқ астынан Мемлекеттік сыйлық алуы әуелде кездейсоқтық көрінді. Жоқ, кездейсоқтық емес екен. Қазіргі заман және тарихи тақырыпты тең , қатар арнада терең бейнелеген романдар түйдегі туа бастады. Зәру, күрделі проблемаларды толғаған қазақ әдебиетінде бұрын көтерілмеген реалистік, қуатты шығармалар оқырмандар арасында Ілияс есімін кең жайып жіберді. Ал «Қаһар» секілді роман халық санасында патриоттық төңкеріс жасады. Жалған схоластикалық талаптар мен догматтық мақсаттардың шылауында кетіп, жеке сөз бен сөйлем сұлулығы үшін бар қабілетін тауысып, бір жазғанын мың жазатын әурешілікке түспей адам тағдыры мен халық тарихын биік нысана еткен Ілияс романдары ондаған тілдерге (орыс, ағылшын, испан, неміс, қытай, француз, араб т.б.) аударылып, өзге жұрттардың да ықылас-махаббатына бөленді.
Бұл жазушының өзін, тілектес достарын, ең бастысы, қалың оқырман қауымды қуантқанымен, кеше ғана қаламгер қауымның босағасында жүргендей автордың әдебиет төріне шығып кеткендей болғанын дырдай жазушылар көтере алмады.
Жасыратын не бар, өзгелерді айтпағанда, аға жазушылардың өзі «Қаһар» сияқты қуатты шығарманы мойындамады, тіпті қарсы шықты. Бірақ күн санап Ілияс феномені жалғаса берді. Роман артынан – роман. Даңқ үстіне – даңқ. Өсек-аяң да ат-көпір: «Қайын атасы Хамза Жүсіпбековтен, алаш орда өкілдерінен қалған көп мұра бар екен, соны пайдаланатын көрінеді». «Әдеби негрлер – пәленшеке-түгеншеке жазып береді екен».
Осының бәрі — өтірік, бәрі – ғайбат, бәрі – жала!
Мен Ілияс Есенберлиннің он томдық шығармалар жинағын баспаға әзірлеу үстінде оның қаламгерлік лабораториясымен толық танысуға мүмкіндік алдым. Жазушы барлық шығармаларын өзі, қолымен жазып шыққан. Оны айтасыз, романдарының сөзбе-сөз (подстрочник) аудармасын түгелге жуық ерінбей-жалықпай, өзі жасаған. Олардың да қолжазбалары сақтаулы.
Ілияс Есенберлин бір көргенде сөзге шорқақ, момын, жуастау болғанмен мінезі берік, алған бетінен қайтпайтын, мақсат жолынан айнымайтын, ең бастысы ұлты үшін жанын шүберекке түйген, қалам қайратымен қазақ халқының бостандығы үшін арпалысқан, арыстан жүректі суреткер еді.
Мұстай Кәріммен қазір кездессем де, Ілияс Есенберлин туралы бұрын айтылған жауапты тағы қайталар едім деп ойлаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *