АТАСУ ҚОНЫСЫ

АТАСУ ҚОНЫСЫ – қола дәуірінен сақталған біздің заманымыздан бұрын 14 –12 ғасырлардағы ірі елді мекен орны.

Қарағанды облысы Шет ауданы Қызылтау ауылының оңтүстік-шығысында 35 км жерде, Атасу өзеніне құятын Мыңбайсайының бойында орналасқан. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 1952 ж. (жетекшісі Әлкей Марғұлан), 1975 – 82 ж. (жетекшілері Мир Қадырбаев, Жолдасбек Құрманқұлов) зерттеген.[1]

Атасу қонысында 27 үй мен қораның орны бар. Ол жерден 3 төртбұрышты, дөңгелек пішінді 12 ғимарат және мыс балқытуға арналған 7 шеберхана орны табылды. Үлкен үйлер екіге бөлінген. Бір жағы – тұрғын үй, екінші бөлігі – шеберхана. Атасу қонысы орталығында ғибадатхана болған. Үйлер арасынан ішін таспен шегендеген құдықтар, көзе ыдыстар күйдіретін пештер ашылды. Атасу қонысы тұрғындары негізінен мыс балқытып, қоладан бұйым құю, мал бағу, егін егу, аң аулаумен айналысқан. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде өмір сүрген тұрғындарының үйлері шошала сияқты дөңгелек, құрастыруға оңай болған. Олар да қолдан сайман жасаған, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан.[2]

Атасу қонысынан кен үгіп, мыс балқытып, құюға арналған құрал-саймандар мен қалыптар, топырақ қопсытатын тас кетпен, түрен, тастан, қоладан, сүйектен жасаған жебе ұштары, өрнек салынған саз ыдыстар, мал сүйектері, саз ыдыстар бетін тегістейтін, өрнек салатын құралдар, қола пышақтар, орақ, сүңгі, т.б. көптеген бұйымдар табылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *