ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА ҒЫЛЫМИ ЖОБА ЖАЗДЫРУ
БАРЫСЫНДА ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ҚАТЕЛІКТЕР

Ш.Қ. ҚҰРМАНБАЕВА
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті Қазақ тілі мен əдебиеті кафедрасы shkapantaykizi@mail.ru Өскемен қ., Қазақстан
ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА ҒЫЛЫМИ ЖОБА ЖАЗДЫРУ
БАРЫСЫНДА ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН ҚАТЕЛІКТЕР
Аннотация
Мақалада қазақ тілі сабағында оқушыларға ғылыми бағыттағы жұмыстар жаздыру барысында жиі кездесетін қателіктер сараланып, оларды болдырмаудың əдістемесі ұсынылады. Түйін сөздер: қазақ тілі сабағы, ғылыми жоба, қателіктер, тақырып.
В статье рассматриваются ошибки, часто встречающиеся при написании научных проектов на уроках казахского языка, предлагается методика их устранения.
Ключевые слова: урок казахского языка, научный проект, ошибки, тема.
Annotation
The article deals with the mistakes which are often meeting at writing of scientifi c projects at lessons of the Kazakh language, the technique of their elimination is offered.
Keywords: lesson of the Kazakh language, scientifi c project, mistakes, theme.
лдегі түбірлі жаңарулар, реформалар, білім беру ісіне де ерекше ықпалын тигізіп отыр. Білім беру парадигмасының өзгеруімен бірге жеке тұлғаны жан-жақты дамыту, қабілет, дарын көздерін ашу, өзінөзі тану проблемалары алдыға шықты. Жаңа əлемдегі Жаңа Қазақстан ең алдымен білімі, ғылымы, рухани байлығымен дараланады. «Ғылым – ғаламды танудың кілті болса, сол ғылымның негізі білімде жатыр. Ал білімнің негізі орта мектепте қаланады» [1, 7б.]. Соңғы кездерде оқушыларды ғылыми жұмысқа баулу мəселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Оқушыларды ғылым əлеміне қалай əкелу керек, қалай жетелеу керек, оның тиімді жолдары қандай деген өзекжарды мəселелер ғалымдарды да, ұстаздарды да ойлы, жүйелі жұмыстарға жетелейді. Мектеп мұғалімінің бұл үдерістегі басты мақсаты оқушыларды дербес ойлауға, өз беттерімен еңбектенуге, өз беттерімен ізденуге, бір нəрсені өздерінше шеше білуге баулу болып табылады. Оқушылардың таным, ойлау белсенділіктерін дамытып, зерттеу, іздену жұмыстарына ынтасын арттырады.
Қазақ тілі пəнін оқыту үдерісінде оқушылардың ғылыми-зерттеушілік қабілетін да мыту − маңызды да күрделі мəселе. Балалардың ғылыми ізденіске деген ынтасын, белсенділігін, қажеттіліктерін оятудың тиімді жолдары қандай деген сұрақтар бүгінде аса өзекті болып, күн тəртібінде тұр. Ұлы Абай өз қара сөзінде: «Қашан бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты Адам болады», − дейді [2]. Оқушылардың «танысам», «білсем» деген осы бір балалық талпыныстарының өзі ғылымға деген алғашқы ұмтылыстары.
Оқушылардың таным, ойлау белсен ділік терін арттыру педагогика тарихындағы ең бір өміршең сұрақтар болып келеді. Оқушыларды ғылыми жұмыстарға баулу, іздендіру, зерттеу жұмыстарына төселдіру – осы өзекті проблемаларды шешудің бір жолы.
Оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулу – тек дарын көзін ашып, жеке тұлғаның қасиеттерін дамытып қана қоймайды, ең бастысы егемен Қазақстанның өркениетті елдер қатарына көтерілуінің де кепілі болады. Адамның белгілі бір ұлттың, халықтың өкілі дəрежесіне жетуінде білім, ғылым шешуші күш атқарады.
Cоңғы кездері оқушылардың ғылыммен айналысуына, соның бір түрі ғылыми жоба қорғауына ерекше көңіл бөлінуде. Ғылыми жоба Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы бекіткен арнайы ереже, нұсқауды басшылыққа ала отырып жазылады, жарыстарға ұсынылатын ғылыми жоба мен оларды рəсімдеуге қойылатын талаптарды басшылыққа ала отырып дайындалады [3, 4]. Қалай жазу керек, неден бастау керек деген басты сұрақтарға жауап беретін əдістемелік нұсқаулар, зерттеу еңбектер де бар [5, 6].
Ғылыми жоба жазғызу, оқушылардың зерт теген, ізденген тақырыптарын ғылыми жобаға дейін жетелеу − күрделі үдеріс. Барлық ізденістер, зерттеулер ғылыми жоба деңгейіне жете алмайды, ол міндет те емес. Əдетте тəжірибеде ғылыми жоба жазуда көптеген қателіктер кетіп жатады. Қазақ тілі сабағында оқушыларға ғылыми жоба жаздыру барысында жиі кездесетін қателіктерді екшелеп алып, оларды болдырмаудың əдістемесін ұсынамыз.
1. Ғылыми жобаның тақырыбын таңдауда жіберілетін қателіктер:
— бүгінгі күнде өзекті, проблемалық деген тақырыпты таңдап ала алмау;
— ауқымы жағынан өте кең, жалпылама тақырып алу;
— тақырыпты оқушының психо-физиологиялық жас ерекшелігіне сай таңдамау;
— нақты тіл неме əдебиеттен ауытқып, тарих, мəдениет, əлеуметтану салаларына байланысты тақырыппен баланы шатастыру;
— теориялық жағынан аз зерттелген, ғылымда əлі шешіле қоймаған, даулы мəселелері көп, кітапханадан табу мүмкін діктері шектеулі тақырыптарды беру;
— жарты немесе бір жыл ғана жұмыс істеп, аяқталмаған жобаны қорғауға ұсыну.
Аталған қателіктер жоба жазушының да, ғылыми жетекші мұғалімнің де өз уақыттарын босқа өткізуіне, ешқандай нəтижеге қол жеткізе алмауға əкеліп соқтырады.
Аталған қателікті шешу жолдарына тоқталайық:
Өзекті, проблемалық тақырыптарды таңдау мəселесін ғылыми кеңесшімен (ЖОО про фессорлық-оқытушылық құрамынан сай лан ған) бірге шешкен жөн. Немесе өз ма мандығыңызға байланысты соңғы жылдар дағы ғылыми басылымдар мен конференция жинақтарын қадағалап оқып, тың жаңалықтардан ізденіп жүрген болсаңыз, өзіңіз де тақырыпты таңдап бере аласыз.
Ауқымы жағынан өте кең, жалпы берілген тақырып оқушыны шаршатады, артық жұмыс атқарып, нəтижесінде еш нəрсеге қол жеткізе алмауға алып келеді. Тақырып нақты болған сайын, оны жүйелі талдауға мүмкіндік көбейе түседі. Тақырып неғұрлым нақты болса, соғұрлым жеңіл жазылады.
— Тəжірибеде оқушының жас ерекшелік деңгейіне сəйкес емес тақырыптар да жиі кездесіп жатады. Мектеп бағдарламасы бойынша 11 сыныптарда ғана оқылу керек материалдарды 5-6 сынып оқушысының меңгере алмайтыны өз-өзінен түсінікті емес пе? Сондықтан, балаға таныс, оның қабылдауына жеңіл материалдар берілуін ескеру керек.
— Көп жағдайда балаға берілген жалпылама тақырыптар нақты тіл, əдебиеттен ауытқып, тарих, мəдениет, əлеуметтану салаларына байланысты материалдар орын алған жұмыстың жазылуына алып келеді. Басқаша айтқанда, тақырыпты өздері де нақты түсінбеген оқушы мен мұғалім баспасөз беттерінен кездескен кез келген материалды көшіріп əкеле салады да, ол жұмыстың ауылы тіл, əдебиеттен мүлдем аулақта болып жатады.
— Теориялық жағынан аз зерттелген, ғылымда əлі шешіле қоймаған, даулы мəселелері көп тақырыптар бойынша кітап ханадан материал да табылмайды, оқушы да жұмыстың теориялық шешімін таба алмай қиналады. Ал, теориясы дұрыс жазылмағаннан кейін, практикалық бөлік те өз құндылығын жоғалтады.
— Шала жазылған жобаның басты кемшілігі – тақырып дұрыс ашылмай тұрады, ондай жұмыстың тақырыбы мен ішкі мазмұнының сəйкессіздігі бірден байқалады.
2. Жұмыстың құрылымын білмеу.
Əдетте ғылыми жоба жазар алдында оның кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды деген үш бөліктен тұратыны жайлы жалпылама пікірден басқа, болашақ жұмыстың қандай болуы керектігі жөнінде нақты болжамдар аз болады. Бұл көпшілік жағдайда жұмыстың тео риялық, практикалық тарауларының арасын дағы тепетеңдіктің бұзылуына алып келеді.
Дұрысында негізгі бөлімді 2 тарауға бөліп, бірінші тарауда тақырыптың теориялық жағын, екінші тарауда оқушының өзіндік ізденістерін көрсететін практикалық мəселелерді қарастырған дұрыс болады. Əрбір тарау өз ішінде бірнеше тармақтарға бөлінеді. Мысалы: «Алғашқы қазақ газеттері тіліндегі қоғамдық-саяси лексика» тақырыбындағы жұмысқа төмендегідей жоспар құруға болады:
КІРІСПЕ
I ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ ТАРИХЫ Қазақ газеттерінің тарихы
Алғашқы қазақ газеттерінің қоғамдықəлеуметтік қызметі
ГАЗЕТ ТІЛІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЛЕКСИКА
Қоғамдық-саяси лексиканың семантикалық сипаты
Қоғамдық-саяси лексиканың термин ретінде тұрақталуы ҚОРЫТЫНДЫ
ПАЙДАЛАНҒАН ƏДЕБИЕТТЕР
3. Ғылыми жұмыстың логикасын дұрыс түсінбеу.
Ғылыми жұмыс жазуды жаңадан бастаған адамдар жиі жіберетін қателік. Ал шын мəнінде ғылыми жұмыстың басты логикасы − жұмыстың болжамын (гипотеза) нақтылап алудан жəне оны ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеуден тұрады. Болжам дегеніміз – таңдап алынған тақырыпты толық зерттеп шыққан кезде қол жеткізетін соңғы нəтижені алдын-ала сезу, түйсіну деген сөз.
Айталық, жоғарыдағы жұмыстың болжамын былай деп алуға болады:
«Егер қазақ газеттерінің қоғамдық-əлеуметтік қызметін саралай отырып, газет лексикасындағы қоғам мен саясатты танытатын сөздерге жан-жақты лексикалық талдау жасалса, онда əдеби тілде болып жататын түрлі тілдік құбылыстар мен заңдылықтардың болашақтағы даму бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік туады».
4. «Кіріспе» бөліміне дұрыс көңіл бөлмеу.
Көп жағдайда «Алдымен жұмысты жазып алайын, кіріспені соңынан жаза салуға болады», «Жұмыс дайын болсын, кіріспені кейін жазамыз» деген пікірлерді естиміз. Бұлай ойлау – ең басты қателік.
Адам алдына нақты қандай мақсат қойылғанын, қандай міндеттерді шешуі керек екенін білмей тұрып, жұмысты дұрыс жаза алмайтыны белгілі. Сондықтан кіріспені алдымен дайындап алмау жұмыстың созылып кетуіне, орынсыз шатасуларға алып келеді.
Сонымен, кіріспе алдымен жазылуы керек. Бұл, əрине, оны кейін мүлде өзгертуге болмайды деген сөз емес. Жоба жазушы өзін соңғы мақсатты болжамы, мақсат, міндеттерін ең əуел бастан дұрыстап нақтылап алса, оның жұмыс істеуі əлдеқайда жеңілдейді.
Əсіресе жұмыстың мақсаты айқын болуы тиіс. Ол ең алдымен қолжетімді болуы керек. Егер жұмыстың мақсаты «Зерттеу…», деп берілсе, оған қол жеткізу үшін шексіз уақыт қажет болады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттерін дұрыс жаза алмау да жиі кездесетін қателердің бірі. Ал дұрысында, жұмыстың мақсаты оның тақырыбымен, міндеттері тиісті тараулар мен тармақтарының атауларымен сəйкес келуі қажет.
Мысал ретінде, жоғарыда ұсынған жоспарға сəйкес жұмыстың мақсат, міндеттерін атап көрсетсек:
Жұмыстың мақсаты: Ұлттық баспасөзіміздің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті тілі арқылы газет лексикасындағы қоғам мен саясатты танытатын сөздердің қолданыс аясы мен өзіндік ерекшеліктерін көрсету.
Осы мақсатты іске асырып, ғылыми тұжырымдармен негіздеу үшін мынадай міндеттер қойылды:
— Қазақ газеттерінің тарихына тоқталу;
— Алғашқы қазақ газеттерінің қоғамдықəлеуметтік қызметін көрсету;
— Газеттегі қоғам мен саясатты танытатын сөздердің қолданыс аясы мен өзіндік ерекшеліктерін анықтау;
— Алғашқы қазақ газеттеріндегі қоғамдықсаяси лексиканы семантикалық топтарға
бөлу;
— Қоғам мен саясатты танытатын сөздердің газет лексикасын қалыптастырудағы рөлін айқындау.
5. Алдымен практикалық бөлігін жазып алып, жұмыстың теориясын соңынан жазамын деп ойлау.
Əдетте ғылыми теориялық əдебиеттермен жұмыс істеуден гөрі жұмыстың практикалық бөлігіне бірден кірісіп кету жеңіл көрінеді. Əзірге кітапханаға баратын мүмкіндік жоқ, теориялық бөлігін соңынан жаза саламын деген ойлар болатыны рас. Алайда ол жұмыстың сапасын төмендете түсетін басты қателік болып табылады. Кез келген ғылыми жұмыс ең алдымен ғылыми теорияға негізделуі қажет.
Ғылыми логикасы айқын болмаған жұмыс ешқашан дұрыс жазылмайды. Яғни теориялық мəнін түсінбегеннен кейін, адам практикалық бөлігінде қателесуі мүмкін. Мысалы, зерттеу жұмысының тақырыбы фразеологизмдер туралы болса, жоба жазушы алдымен сол фразеологизмдер жайында терең теориялық біліммен қаруланып алмайынша, өз талдауларын дұрыс жүргізе алмайды. В. Виноградов, І. Кеңесбаев, С. Аманжолов, М. Балақаев, Г. Смағұлова, т.б.
Айталық, алғашқы қазақ газеттері жайлы ғылыми жобаны жазу үшін қазақ баспасөзінің көне бастаушы басылымы болып саналатын «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті» басылымдарының халқы мыздың саяси-əлеуметтік, əдеби, мəдени ой-пікірін оятып, қалыптастыруға септігін тигіз уі жайындағы тарихи мəліметтермен қару лану қажет.
Газет бетінде қазақ елінің экономикасындағы прогрестік өзгерістер, егіншілік пен отырықшылықтың бұрынғыдан гөрі дами бас тауы жайындағы мағлұматтар, қазақ елінің басқа елдермен қарым-қатынасы, экономикасын өркендетудегі темір жолдың рөлі, алғашқы телеграф сымын жүргізу, почта қатынастарын қалыптастыру жөніндегі мəліметтер, Қытайда болған ұйғыр мен дұнғандар көтерілісі, олардың феодалдық жəне ұлттық езгіге шыдамай отанына қоныс аударып, Жетісу бойына көшіп келгені хабарлануы жайындағы т.б. жайлы көптеген саясиəлеуметтік, қоғамдық мəліметтер газет тілінде қоғамдық-саяси лексиканың қалыптаса бастауына əсер еткен. Осы мəліметтерді оқып, меңгерген кезде, жоба жазушы ары қарай өз практикалық талдауларын жүйелі жүргізе алады.
6. Жұмыстың тек қана теориялық материалдардан тұруы немесе практикалық бөлігінің болмауы.
Бұл қателік жоба жазушылар арасында жиі кездеседі. Əсіресе жеңіл жол іздеушілер уақыт аз қалғанда кірісіп, жобаны тез арада аяқтау керек деп, асыққан кезде, осындай қателікке ұрынады. Бұл − ең алдымен тақырыпты толық меңгермеген адамның ісі. Əдетте, ондай жобалардың негізгі бөлімі түгелдей тек қана теориялық материалдан тұрады, жұмыстың өзіндік талдауы, яғни, практикалық бөлігі болмайды. Ал тұтасымен теориядан тұратын жұмыстың қайдан алынып, жазылатыны өз-өзінен белгілі. Əрине, кітаптан тұтасымен көшірілген дүние болып шығады. Оқушының өзіндік еңбегі сіңбеген ондай жұмысты тексеруші комиссия мүшелері бірден байқайды.
7. Ғылыми əдебиеттермен жұмыс жасаудағы қателіктер.
— Таптаурын болған пікірлер, ескі көзқарастағы еңбектерге сілтеме жасау;
— Тақырып бойынша ең басты деген əдебиетті қалдырып кету;
— Əдебиеттерге талдау жасау кезінде өзіндік тұжырымдардың болмауы;
— Цитаталарды дұрыс бере алмау;
— Жұмысты жаза бастаған алғашқы күннен бастап əдебиеттер тізіміне мұқият қарамау.
Пайдаланған əдебиеттер тізімі жобаның құн дылығын танытатын басты көрсеткіш бо лып табылады. Комиссия мүшелері əдебиеттер тізіміне бір қарап шыққанда-ақ, жұмыс тың сапасы туралы алғашқы пікірлері қалыптасып қояды. Тақырыптың теориялық жағынан зерттелуін мұқият қарастырған оқушы таптаурын болған пікірлерді қайталау, ескі көзқарастағы еңбектерге сілтеме жасау, тақырып бойынша ең басты əдебиетті қалдырып кету тəрізді қателіктерді жібер мейді.
Жобада оқушы ғалымдардың пікірлерінен (талапқа сай рəсімдей отырып) цитаталар келтіріп, оларға байланысты өзіндік пікір, тұжырымдарын айқын көрсетіп отырса, жұмыстың құндылығы арта түседі.
Жұмысты жаза бастаған алғашқы күннен бастап əдебиеттер тізіміне мұқият қарау қажет. Оқушы библиографиялық көрсет кіштермен жұмыс жасағанда, конспект жасаған, оқып шыққан əрбір еңбектің толық басы лымдық көрсеткіштерін (автор(-лар)ы, кітаптың, мақаланың аты, журналдың аты, жылы, нөмірі, цитата алынған беттері, кітаптың толық бет саны, томы, баспаның аты т.б.) жеке блокнотқа жазып алып жүруі керек. Кейде кітапханадан ксерокөшірмесін алған материалдың басылым көрсеткіштерін жазып алуды ұмытып кетіп жатады.
Мысалы, «Ф.Оразбаева Тілдік қатынас» деп жаза салу аздық етеді, «Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас: Теориясы жəне əдістемесі. – Алматы: Ы.Алтынсарин ат. ҚБАРБК, 2000. – 208 б.» деп жазу керек. Жобаны қорғауға ұсынар алдында, соңғы рəсімдеулер кезінде ол кемшіліктер алдыдан шығады, материалдарды екінші рет ақтарып іздеуге, артық күш жұмсауға əкеледі.
8. Зерттеу əдіс-тəсілдерін дұрыс меңгермеу.
Зерттеу жұмысын жүргізу барысында жобаның тақырыбына сəкес түрлі зерттеу əдістəсілдері қолданылуы керек. Бақылау, сипаттау, баяндау əдістері зерттеу жұмысының негізі болғанымен, тек оларды ғана қолдану жұмыста біржақты, қарабайыр пікірлермен шектеліп қалуға ұрындырады.
Егер жоба жазушы оқушы өз жұмысында статистикалық талдау жасау əдісін оңтайлы қолдана алса, ол оқушының өзіндік тұжырымдарын айқын көрсете алуына көп жағдай туғызады.
9. Жұмысты жазу барысында тараулар, тармақтар арасындағы логикалық байла ныстың болмауы.
Бұл типтес қателіктер əдетте жұмыстың мақсат-міндеттері айқын болмаған кезде жиі ұшырасады. Содан келіп, жұмыстың өн бойында өріліп тұруы тиіс идеяның айқын көрінбеуі, жалпы тақырыптың ашылмауы тəрізді кемшіліктер орын алады.
10. Жазылған жобаны қорғап тұрған оқушының жұмыстың ішінде кездесетін кейбір терминдерді білмеуі.
Бұл қателік ең алдымен оқушының тақырыпты толық меңгермегендігін көрсетеді. Сол терминдер кездесетін сөйлемдерді бір жерлерден көшіріп жазған екенсіз, оның мағы насын да түсінуге тырысыңыз.
11. Жобаның жазылу тілінде кететін қателер:
— ғылыми стильмен жазылмауы;
— ұғымға ауыр тиетін құрмалас сөйлемдерді, күрделі фразалық тұтастықтарды жиі қолдануы;
— орфографиялық, пунктуациялық қателердің болуы.
Ғылыми стильді жақсы меңгеру үшін оның анықтамасын оқып шығу жеткіліксіз. Ғылыми əдебиеттерді көп оқып, біртіндеп ғылыми мақала, тезис, хабарлама тəрізді шағын ғылыми жұмыстарды жаза берген сайын, оқушының ғылыми стилі қалыптаса береді.
Жұмысты жазу барысында бірнеше рет қайталап оқымаса, өзі де, жетекшісі де түсінбейтін, қабылдауға ауыр тиетін күрделі абзацтарды қайта қарап, түсінікті, нақты етіп, жеңілдету жағын ойластыру қажет.
Əсіресе тіл мен əдебиеттен жазылатын жұмыстарда орфографиялық, пунктуациялық қателердің болуы ешқашан кешірілмейді. Ондай қателерді көп жағдайда компьютерге жауып жатамыз, адамның өзі болмаса, ол машина қайдан қате жіберсін? Сондықтан, жобаны жазып, теріп болғаннан кейін бірнеше рет тексеріп, қателерін мұқият қарап шығу қажет.
Ғылыми жобаларды сауатты орындатып, толық аяқтап жазып шығару үшін ең алдымен қазақ тілі мұғалімінің өзінен ғылымизерттеушілік құзыреттілігі талап етіледі. Өзі де ғылыммен шұғылданатын, ғылымитеориялық базасын үнемі толықтырып отыратын ұстаз ғана ғылыми жобаны талапқа сай етіп орындата алады. Қазақ тілін ғылыми тұрғыдан терең меңгертіп, рухани құндылыққа айналдыру оқу үдерісінің бас ты мəні мен мақсатына айналған кезде, оқу шылардың зерттеушілік құзыреттілігіне қол жеткізіледі. Оқушының қазақ тілі сабағында ғылымизерттеу жұмыстарын жүргізу ар қылы таным көгжиегінің кеңеюі, мол ақпа раттар ағымының ішінен өзіне керекті, ма ңызды, қажетті деген ақпаратты таңдап алу, оны өңдеу, керегіне жаратып, пайдалану мүм кіндігінің артуы, жинақтаған білімі мен қалып тастырған білік, дағдысын ғылыми-зерттеу əрекетінде қолдана білуі оның жаңа əлемдегі жаңа Қазақстанның лайықты азаматы ретінде қалыптасып келе жатқандығының көрінісі бола алады.
ƏДЕБИЕТТЕР
1 Құсайынов А. Білім жүйесін реформалаудағы жаңа буын оқулықтары // Қазақ тілі мен əдебиеті. − №2. 2003. − 7-13 б.
2 Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы. І том. Өлеңдер мен аудармалар. − Алматы, Жазушы. 1986. − 304 б.
3 Мектеп оқушыларының ғылыми жобаларының республикалық жарыстарына қатысу шыларға арналған ақпарат // ssn.kz/images/ news/treb_kaz. doc
4 Жарыстарға ұсынылатын ғылыми жоба мен оларды рəсімдеуге қойылатын талаптар
// bylym-shyely.narod.ru/bake_portfolio/OGK/ Gilimi_ereje. ppt
5 Битуова Т.Р., Құлахметова А.Т., Искакова А.Е. Ғылыми жобаны əзірлеу жəне қорғау бойынша əдістемелік құрал. – Астана: Дарын, 2011. – 68 б.
6 Бітібаева Қ.О. Оқушыларды ғылымизерттеу жұмысына баулу жолдары. – Мұғалімдерге арналған əдістемелік нұсқау. – Алматы: Дəуір-Кітап, 2012. – 124 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *