АРАБ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ТЕҢЕУ

Нұрлан АНАРБАЕВ,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты

АРАБ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ТІЛДЕРІНДЕГІ ТЕҢЕУ

Тіл ─ адамдардың бір-бірімен жасайтын қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар, әр халықтың дүниетаным мен мәдени құндылықтарын көрсетеді. Кез келген халықтың поэтикалық тілі ұлттық ойлау жүйесінің көркемділігімен, эстетикалық мәні мен сыры сымбатты бейнелі оралымдары арқылы көрінеді. Поэтикалық образ көркемдік құралдармен де, стильдік бояуы бар сөздермен де, бейтарап (бояусыз) сөздермен де берілетін сәттері болады. Поэтикалық образдың тілдік көрінісін зерттеу – өлең тілін талдаудың бір мақсаты. Көркем шығармада айтылмақ ойдың теңеу, метафора, әсірелеу, шендестіру, қатарластыру т.б. сияқты көріктеу құралдары мен амалдары арқылы көрінуі ғылымда поэтикалық образ бейне деп аталады, Біздің бұл зерттеуіміздегі әңгімеміздің дені «ташбиһ» теңеу жайында болмақ. «теңеу» деп қарастыратынымыз – көріктеу элементі болып келетін жеке сөздер мен сөз тіркестері және сөйлемдер.
Теңеу-адамның рухани дүниесінің аса қуатты көріністерінің бірі. Ең алдымен ол ең пәрменді ойлау формаларының қатарына жатады. Ойлаудың басқа түрлерінің барлығы да (ұғым, пайымдау, ой қорытындылары) тек теңеу арқылы ғана, теңдеудің тікелей қатысуы нәтижесінде ғана жүзеге асады. Сондықтан теңдеуді таным құралы ретінде «балаға» (шешендік өнер) ғылымы қарастырады. Балаға тұрғысынан қарағанда, араб тіліндегі теңеу мынадай құрылымдық элементтерден (мүшелерден) тұрады:
а) Жаңадан танылуға тиісті образ немесе сипатталушы ұғым; (المشبه)
ә) Бұрыннан танымал предмет немесе сипаттаушы ұғым; (المشبه به)
б) Cипатталушы ұғым мен сипаттаушы ұғымды байланыстыратын теңеу құралы: (أداة التسبيه)
в) осы екеуіне ортақ белгі, ортақ қасиет: (وجه الشبه)
Бұны түсіну үшін «Қобыланды арыстандай ақырды» деген мысалға жүгінейік. Осы сөйлемдегі Қобыланды жаңадан танылуға тиісті зат яғни сипатталушы ұғым, арыстандай-бұрыннан танымал зат яғни сипаттаушы ұғым, арыстандай дегендегі –дай жұрнағы теңеу құралы, ақырды-екеуіне ортақ белгі, қасиет. Осы төртеуінің қарым-қатынасы нәтижесінде пайда болған жаңа ұғымды араб тіліндегі шешендік өнер саласында теңеу деп айтады яғни ташбиһ.
Демек, теңеудің көмегімен адамдар өзін қоршаған әлемді танып біледі: заттар мен құбылыстардың арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастарды айқындайды, олардың өзара ұқсас және айырым қасиеттеріне үңіледі.
Теңеу таным құралы болумен қатар, эстетикалық категориялардың да бірі болып табылады. Олай болуы заңды да. Өйткені, адамның көркем ойлауының, соған қарай көркемдік танымының аса қуаты құралдарының бірі көркем әдебиетті теңеулерсіз көз алдымызға елестету мүмкін емес. Теңеу барлық халықтың фольклорында да, жазба әдебиетінде де кеңінен орын алып, әдеби персонаждардың портреттерін жасауда, табиғат көріністерін суреттеуде, кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін сипаттауда басқа да толып жатқан жай-жағдаяттарды баяндауда ұтымды стильдік тәсіл ретінде мейлінше мол қолданылады. Сондықтан теңеу араб тіліндегі «балаға» (шешендік өнер) саласындағы «баян» (анықтау) бөлімінің бір тақырыбы болып табылады.
Әдебиетші ғалымдар белгілі бір жазушының шығармашылығы туралы әңгіме еткенде, сол жазушының тіл шеберлігіне де баса назар аударады. Жазушы тілінің салмақты компоненттерінің бірі ретінде ондағы теңеулер талданып, олардың ұтымдылығы, тосындығы, бейнелілігі, жаңалығы егжей-тегжейлі әңгіме етіледі. Өйткені ақын-жазушыны қинайтын “сөз азабының” бір ұшығы осы теңеулерге келіп тіреліп жататындығы анық. Сондықтан Адам баласы өзінің айтар сөзін естушіге толық жеткізгенде қарапайым сөзбен емес оны жоғары бір сезіммен көркемдеп, әзерлеп, өзінің ойындағыдай бейнеде суреттеп жеткізгенді қалайды. Мысалы: мен жолда өте ұзын бойлы адам көрсең деген сөйлемді айтқың келді делік. Бұл адамның бойы әдеттегі адамдардың бойынан да ұзын болса. Осыны достарыңа: мен жолда ұзын бойлы адам көрдім десең сенің сөзіңнің тыңдаушыға берер әсері сен ойлағандай аса әсерлі болмайтыны анық. Міне, сондықтан ол адамның бойының ұзындығын әсерлі етіп түсіндіру үшін оны бір ұзын нәрсеге ұқсата отырып түсіндіру қажет. Ол адамның ұзындығын бейнелейтін палма ағашы делік. Олай болса достарыңа: «палма ағашындай ұзын адам» десең, сенің осы сөзің достарыңа алдынғы айтқан сөзіңнен әсерлі болатыны анық және олар да ол адамның бойының сен көргендей өте ұзын екендігін елестете алады. Міне, осы ұқсатуға немесе салыстыруға ташбиһ делінеді.
Араб тіліндегі ташбиһ сөзінің тілдік мағынасы: «шаббаһа» деген түбір сөзінен шыққан, ол: ұқсату, теңеу дегенді білдіреді. Ал терминдік мағынасы: Баян ілімінің ғалымдары: «екі немесе одан да көп нәрсенің бір сипатта ұқсастығын көрсету үшін осы теңеу құралдарын қолдану ташбиһ дейді» деп түсіндірген. Ал ибн Бақияның «әл-Жұман фи ташбиһи Құран» атты кітабында ташбиһті : «ташиһ балағаның ең көркем саласы. Ташбиһ – бір нәрсені екінші нәрсеге бейнесі, келбеті, суреті жағынан ұқсату немесе іс-әрекеті мен түр-түсі жағынан ұқсату. Екеуінің бір-біріне ұқсастықтың болуы», – деп түсіндірген (35-б). Хасан Аббас «балағату фунунуһа уа афнануһа» атты кітабында: «бір ұғымның екінші бір ұғыммен байланысын көрсету» деген немесе «бір мәселенің екінші бір мәселемен байланысын теңеу құралымен біріктіру», – деп те анықтама берген. Саккаки: «екі мәселенің бір мағынада бірігуін білдіретін сала» деген. Ибн Әби әл-Исбиғ болса: «түсініксіз мәселені түсінікті қылу» деп айтқан. Олай болса, араб тілінде теңеу екі ұғымның байланысын білдіретін көркем сөз.
Араб тілінің қағидаларының қалыптасуы Құран Кәрімге байланысты болғандықтан, оның әрбір сөздері мен харакаттары араб тілі үшін өзгермейтін бір қағида болып саналады. Ал Құран Кәрім аяттарындағы астарлы мағына мен тура мағынасын зерттеген көптеген кітаптар бар (яғни оның ішінде теңеуді де қамтылған). Солардың бірі имам Суютидің «Әл-Итқан фи улумил Құран» және имам Заркашидің «Әл-Бурһан фи улуми Құран» кітаптары. Бұл кітаптарда Құран Кәрімнің ғылыми жақтарын біршама ақтарған.(2-т., 125-б) Сонымен қатар Құран Кәрімдегі «теңеу» қолданған аяттардың теңеу құралына сай біршама анықтама беріп кеткен. Құран Кәрім ілімі жайлы осы екі кітап араб елінде кеңінен танымал. Бұл екі кітап 8-9 ғасырларда жазылғандықтан ең көне кітап болып табылады. Бұл жерде айта кететін жай имам Заркашидің кітабы бірінші жазылған. Ал одан кейін имам Суюти оны қысқартып, қорыта жазып шыққан.
Ал енді орыс тілінде де теңеу кеңінен жайылғандықтан теңеу жайында олардың анықтамаларына да тоқтала кетейік. Орыс ғалымы Квятковскидің «Поэтически словар» атты еңбегінде теңеуді: «теңеу дегеніміз – ортақ белгілері бар екі затты, ұғымды және күйді бір-бірімен салыстыратын және сол ортақ белгінің негізінде, алғашқы заттың көркемдік мәнін күшейте түсетін бейнелі сөз тіркесі», – деп түсіндірген (1966 ж., 280-б). Ал Л.И. Тимофеев болса, «Әдебиет теориясының негіздері» атты оқулығында теңеуді: «екі құбылысты бір-біріне жанастыра отырып, біреуінің қосалқы белгілері арқылы екіншісін сипаттайтын троптың ең қарапайым, ең алғашқы түрі теңеу болып табылады», – деп сипаттайды (220-221-б). Бұл – орыс зерттеушілерінің теңеу туралы анықтамалары.
Олай болса, орыс тілінде де теңеудің араб тіліндегідей екі ұғымның арасында болатындығын айтқан, бірақ теңеу құралдарын атап көрсетпеген. Негізінде ол теңеу құралы орыс тілінде де жиі қолданылады, ол «как» сөзі. Бірақ орыс, қазақ, араб тілі болсын, бұл барлық тілде теңеудің жоғарыда аталған төрт элементтері түгел бола бермейді. Керісінше, олардың саны азайған сайын айтылған сөз көркем де астарлы болып келеді.
Теңеудің стилдік мәні жөнінде пікірлер қазақ әдебиетшілерінің де еңбектерінде бар . Академик З. Ахметов «Өлең сөздің теориясы» атты еңбегінде: «Теңеу – белгісіз нәрсені белгілі нәрсе арқылы, күрделі нәрсені қарапайым нәрсе арқылы, алысты жақын нәрсе арқылы айқындап көрсету», – деген пікір айтқан (1973 ж., 18-б). Алайда теңеу бұл айтылғандай белгісіз нәрсені белгілі нәрсемен теңеу арқылы бола бермейді. Сонымен қатар салыстырылып отырған нәрселердің белгісіздігімен қоса сол айтылған өзгешелік бұлардың бірінен екіншісінде айқынырақ, көрнектілеу екенінде. Тұрақты теңеулер сөздігінде теңеуді: «теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экипрессифтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы» – деп түсіндірген. Олай болса, бұл қазақ тіліндегі анықтама араб тіліндегі теңеу түсінігін қамтып та тұрғандай. Өйткені теңеудің екі жақтық болатындығын және ортақ екі жақтың ұқсас белгісінің болатындығын айтқан.
Міне, орыс тілінде де, қазақ тілінде де және араб тілінде де теңеу екі нәрсенің салыстырылуы арқылы жасалатындығы айтылған, және олардың ортақ белгілері де болатындығы көрсетілген. Ал теңеу құралына келер болсақ, ол орыс тілі мен қазақ тілінде және араб тілінде де бар. Мысалы, араб тіліндегі «ك» орыс тілінде «как» ал қазақ тілінде «секілді» сөздеріне сай келеді.
Бұлай болуының негізгі себебі – тіл мен ойлау проблемасының ауқымды болуы яғни барлық ұлттардың ойлау, қиялдау түрлері бір. Айырмашылықтары тең өскен ортасынан, қоршаған айналасына байланысты образдарды көркемдейді. Олай болса, адам баласында ойлау арқылы болатын нәрселер тілдер арасында да кездесіп жатады екен.
Бұл үш тілге мысал келтірер болсақ, Құран Кәрімдегі Нұр сүресінің 39-40-аяттарында «Сондай имансыздарың істері, шөлдегі сағым сияқты» деп кәпірлердің амалдарын сағымға теңеген. Бұл теңеуде: Аллаһқа қарсы болғандардың бұл дүниеде істеген амалдары шөл далада аузы кеуіп, ішерге су таппай, шөл қысып, есінен адасқан адамның алыстан мұнартып көрген сағымды су деп ойлауына теңеліп отыр. өйткені олар бұл дүниеде істеген амалдарының жемісін ақыретте көре алмайды. Сағым секілді күткендерімен, ақиқатында жоқ нәрсе болып шығады.
«Сағым» образы араб тілінде болғаны секілді орыс тілінде де «мираж» мағынасында қияли нәрселерге «как мираж» «его мечты растаяли, как мираж в пустыне» деп теңеп жатады. Сонымен қатар «сағым» образы қазақ тілінде осы тектес мағынамен келіп, көптеген тірек сөзді жасайды. Мысалы: Даланың сағымындай жоқ болу, сағымдай бұлдыр, сағымдай тозып біту сияқты жылдамдық, жоқ болу кейпін білдірумен қатар, қазақ ұғымында сағымдай құлпыру, , сылаңдаған сағымдай тәрізді сұлулық дәрежесін де көрсете алады.
Олай болса бұл үш тілдің өзінде теңеу бір-біріне ойлау жағынан ұқсас екендігін мойындатады. Теңеу арқылы сөзді көркемдеу ең алдымен мазмұн мен қалыптың сәйкестігі, яғни ой мен тілдің гармониясы. Ал мұны жүзеге асырудың амал тәсілдері сан алуан. Ал көркемдікке ие болу үшін тілдік – көріктеу құралдарының айрықша қалыпта қолданылуы шарт. Қазақ және араб және басқа да халықтардың поэтикалық тіл үлгілері, поэтикалық образдар жүйесі, көркемдеуіш-бейнелеуіш құралдар мен айшықтау амалдары арқылы көрініс табады. Көркемдеуіш, бейнелеуіш құралдары дегенде араб тіліндегі «теңеу» (ташбиһ) саласы еске түседі. Сондықтан теңеу арқылы қазақ араб тілдеріндегі ерекешеліктерді танытып, таныстыру өзекті болып қала бермек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *