ФИҚҺ НЕГІЗДЕРІ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
МЕН СӨЗЖАСАМДЫҚ ТӘСІЛДЕРІ

Ерлан АҚАТАЕВ,
Нұр-Мүбарак Египет университетінің магистранты

ФИҚҺ НЕГІЗДЕРІ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
МЕН СӨЗЖАСАМДЫҚ ТӘСІЛДЕРІ

Фиқһ негіздері терминдерінің зерттелу жайы. Кез келген ғылыми саланың өзіне тән ғылыми тілі, жүйелі ұғымдары қалыптасқан. Олар сол салада қызмет етуші мамандардың пікірталасып, талқылауымен бекіген. Д. Али өзінің кітабында: «Терминология теориялық және практикалық болып екіге бөлінеді. Теориялық терминлогия принциптер мен ережелерді бекітеді, ал практикалық терминология сол принциптердің негізінде терминдерді жасайды. Осы жерде академик Махмуд Фаһми Хижазидің «Терминологияның лингвистикалық негіздері» атты кітабын айта кеткеніміз жөн. Ол онда терминологияның анықтамасын түсіндіріп, Еуропа елдерінде пайда болу тарихына қысқаша тоқталған. Ең маңыздысы негізгі тақырыбында термин түзу тәсілдерінің ең әуелгісі – «әл-Иштиқақ», яғни сөзден сөз жасау тәсілі екенін түсіндірген. Каирдегі Араб тілі Академиясы қарарымен бекітілген сөз тудырушы формаларды және сол формалар бойынша түзілген терминдерді келтірген. Араб тілінің басқа тілдердегі ұғымдармен қатынасқа түсу тәсілін, сөз тіркестері мен сөз орамын егжей-тегжейлі баяндаған.
Фиқһ негіздері терминдері лексиканың ерекше қабатын қалыптастыратын салалық терминдердің бір тобын құрайды. Әрине, фиқһ негіздері терминдері – біздің елде әлі зерттеле қоймаған мәселе.
Қазіргі таңда діни сауаты бар арабистер тарапынан араб тілінен тікелей немесе орысша аудармалардан ақида, сира, сахабалардың өмірі, төрт имамның өмірі, хадис мәтіндері, құлшылықтар фиқһы, сопылық туралы шағын мазмұндағы кітаптар аударылған. Бұл аудармалар қарапайым халықтың діни сауатын ашуға септігін тигізгенмен, белгілі бір ілімді тереңірек меңгеруге, сондай-ақ арнайы мамандарды дайындауға жеткіліксіз. Дініне толыққанды оралған жамағаттың сұраныстарын қанағаттандыру үшін, әртүрлі жағдайлар мен оқиғаларға қатысты исламның көзқарасын білдіру үшін, болашақта мамандар қажет. Осындай қажеттілікті шешетін ілімдердің бірі – фиқһ негіздері ілімі.
Қазіргі кезде, Қазақстанда фиқһ негіздері ілімі туралы жазылған арнайы еңбек жоқ. Фиқһ ілімі қай уақытта да фиқһ негіздері іліміне жүгінеді. Өйткені фиқһ негіздері ілімі шариғат қайнаркөздерінен нормаларды шығарады, ал фиқһ ілімі сол нормаларды үйретеді. Қоғамда пайда болып отыратын жаңа мәселелер, жаңа оқиғалар, жаңа жағдайлар заманына қатысты нормаларды қажет етеді. Олардың жауабын табу – фиқһ негіздері мамандарының міндетіне кіреді. Нормаларды шығару – өте күрделі іс. Бұл іске лайықты маман мүжтаһид деп аталады. Міне осы процесті егжей-тегжейлі түсіну үшін осы саладағы арнайы терминдер фиқһ ілімін меңгеруге жол ашады.
Сайып келгенде, еліміздің азаматтары тарапынан діндарлық жолға түсу қарқыны өсіп келеді. Олардың рухани дүниесі шариғат нормаларына құштарлық танытуда, өйткені кез келген мұсылманның іс-әрекеті мен жүріс-тұрысы шариғат нормаларына тәуелді. Біздің алдымызда өткен ғұламалардың пәтуалары қамтымаған жаңа мәселелер, заманауи технологиялар өте үздік қарқынмен бой көтеруде. Бұлардың бәріне жауап табу – фиқһ негіздері ілімі маманысыз мүлде мүмкін емес. Фиқһ негіздері терминдері осы уақытқа дейін бізде еш зерттелмеген. Оның зерттелмеуі, жалпы, фиқһ ілімін лайықты деңгейде меңгеруді тежеп отыр. Міне, осы жайт зерттеудің қажеттілігін дәлелдейді.
Тәуелсіздік алған 90-жылдардан кейін діннен басқа ғылыми салалық терминологияда араб сөздерін термин ретінде пайдалану үрдісі жаппай қарқын алып кетпегенмен, шарғи саладағы терминологияда араб сөздерінің термин ретінде қолданысқа енуі күшті қарқын алмақшы. Дәлірек айтқанда, қазіргі уақыттың сұранысы – үлкен. Терминқорымызға соңғы он-он бес жыл көлемінде енген атаулар негізінен ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінде тілімізде қолданылған атаулар. Кеңес дәуірі тұсында тілімізден шеттеп қалған сол атаулардың бірқатарын біз термин ретінде қайта пайдалана бастадық. Мысалы, мәтін, хадис, сүннет, мәулид, құқық, құжат, ресми сияқты атаулар сол қатарға кіреді.
Фиқһ негіздері терминдеріне тән ерекшеліктер. Фиқһ негіздері терминдерін қазақ тілінде беру – күрделі іс. Мысалы, шариғат ілімдерінен басқа ілімдердің кез келгеніне қатысты терминдер бізге танымал ағылшын және орысша тілдерінде белгіленген. Олардың қазақ тіліндегі формасын жасау процесі осы екі тілдің көмегімен ұғыну арқылы жүзеге асады. Ал шариғат ілімдері біздің қоғамға енді ғана ене бастағандықтан, оның аясындағы терминдер араб тілінен басқа тілдерге кәсіби деңгейде әлі аударыла қойған жоқ. Сондықтан негізгі жүгінетін тіл – араб тілі. Фиқһ негіздеріндегі әрбір терминнің мағынасын ашу, ұғымды қазақша атау, анықтамасын беру, қолдану шекарасын көрсету, әрине, оңайға соқпайды. Анықтамасыз терминнің шекарасы да, дәлдік қасиеті де жоғалады. Өйткені ол ғылыми салалық терминологияның әр элементінің белгісі болып табылады. Фиқһ негіздері шариғат қайнаркөздерінен нормаларды шығару секілді өте қиын міндетті атқарғандықтан, Аллаһ тағаланың алдында жауаптылығы күшті іс. Ол терминдерді қазақша сөйлетуші маман да сол жауапкершілікті көтереді. Дегенмен өз тарапымыздан берілген анықтаманы дұрыс деп санаймыз.
Фиқһ негіздері терминдерінің мағыналары да, құрамдары да – өте тұрақты. Фиқһ негіздері терминологиясы жүйесінде терминнің құрамын өзгертпей, оны басқа терминологияға жатады деп санау мүмкін емес. Мәселен, анық қияс, бүркеме қияс, анық себеп дегендегі қияс, себеп сөздерін термин құрамынан алып тастап, құрамын өзгертсе ғана, ондағы анық, бүркеме сөздері терминдік мәнін жояды.
الفَرْضُ (парыз), الوَاجِبُ (уәжіп), المَنْدُوبُ (мәндуб), الحَرَامُ (харам), المَكْرُوهُ (мәкрүһ), المَكْرُوهُ تَحْرِيماً (арам есебіндегі мәкрүһ), المَكْرُوهُ تَنْزِيهاً (айыпсыз мәкрүһ), المُبَاحُ (мубах), العِلَّةُ (анық себеп), العَزِيمَةُ (негізгі норма), الرُّخْصَةُ (жеңілдеген норма), الفَسَادُ (жарамсыздық), البُطْلانُ (негізсіздік), حَقُّ اللهِ (Алланың құқы), حَقُّ العَبْدِ (пенде құқы), حَقٌّ مُشْتَرَكٌ بَيْنَ اللَّهِ والعَبْدِ (қос құқық), الخَبَرُ المُتَوَاتِرُ (мутауатир хабар), خَبَرُ الآحَادِ (ахад хабар), الخَبَرُ المَشْهُورُ (танымал хабар), الحَديثُ المُرْسَلُ (мурсал хадис), شَرْعُ مَنْ قَبْلنا (бізден бұрынғылардың шариғаттары),قَوْلُ الصَّحَابِيِّ (сахаба сөзі) және т.б. терминдер фиқһ негіздері терминология жүйесінде бір мағынаны ғана білдіріп, басқа басқа мағынада қолданылмайды. Ал السُنَّةُ, الأَصْلُ терминдеріне келсек, السُنَّةُ (сүннет) термині, біріншіден, Құран Кәрімнен кейінгі екінші мәртебеге ие шарғи аргументті білдірсе, екіншіден, белгілі бір құлшылыққа тән нормалық категорияны білдіреді. Сол секілді الأَصْلُ (негіз) термині, бірде негіз деген ұғымда қолданылса, бірде қияс ұғымына қатысты негізгі мәселе деген ұғымды білдіреді. Бұл – фиқһ негіздері терминдерінің өзіндік бір белгісі.
Терминнің тағы бір белгісі – оның анықтамасы болуы. Бұл фиқһ негіздері терминдеріне де қатысты. Фиқһ негіздеріндегі әрбір терминнің өз анықтамасы болады, ол терминнің нақты мағынасын ашып, басқа мағынада қолданылмауын қамтамасыз етеді. Фиқһ негіздері саласымен байланысты оқытушылар, оқушылар, аудармашылар әр терминді анықтамасына сай қолдануы үшін, әрқайсысының анықтамасын білуге міндетті.
Терминнің қысқа, ықшам болуы, әрине, қажет-ақ, бірақ оны фиқһ негіздері терминологиясында іске асыру мүмкіншілігі төмен. Мысалы, الإجماع الصريح (ашық жарияланған бірауызды келісім), الإجماع السكوتيّ (үндемей мойындалған бірауызды келісім), السُّنَّةُ التَّقْريرِيَّةُ (мақұлдау арқылы орныққан сүннет), شَرْعُ مَنْ قَبْلنا (бізден бұрынғылардың шариғаттары), إجماع السلف (алдыңғылардың бірауызды келісімі),أَهْلِيَّةُ الوُجُوبِ الكَامِلَة (құқық пен міндетке толық қабілеттілік), العَوَارِضُ المُكْتَسَبَةُ (пенденің еркінен туған кедергілер), النَّاسِخُ (норманың күшін жоюшы) деген 5,4,3 сөзден құралған терминдер бар. Мұндағы сөздердің барлығы терминнің мазмұнына байланысты. Ашық жарияланған бірауызды келісім фиқһ негіздері кітаптарында:
«Белгілі бір мәселеге қатысты нормаға немесе үкімге әр мүжтаһид өз ойын ашық білдіруі арқылы бірауыздан келісулері», – деп түсіндіреді.
Фиқһ негіздері терминдерінің лексика-грамматикалық құрамы. Фиқһ негіздері терминдерінің жасалу жүйесінде зат есім, сын есім, есімдік, етістік, етіс, есімше және т.б. сөз таптары қатысады. Фиқһ негіздері терминдерінің жасалуы терминдер жүйесіндегі заңдылыққа сай келеді. Сондай-ақ олардың құрамы да әртүрлі. Мысалы, норма (үкім), парыз, шарт, кедергі, міндетті норма, баяндаушы норма, негізгі норма, жеңілдеген норма, бізден бұрынғылардың шариғаттары, Алланың құқы, қос құқық, қабілеттілік, құқық пен міндетке қабілеттілік, орындауға қабілеттілік, қабілеттілікке кедергілер, танымал хадис, ашық жарияланған бірауызды келісім, үндемей мойындалған бірауызды келісім, қабылданған ғұрып, алдыңғылардың бірауызды келісімі, айқындық, бұйрық, тыйым, пәтуа соған негізделген, пәтуа осымен беріледі, ғұламаларымыз осыны ұстанған, көпшіліктің амалы осыған негізделген, бүгін амалды осыған негіздейміз, мынау дұрыс, мынау дұрысырақ, заманымызда тәуір көрілген пәтуамыз – осы, екі дәлелдің соқтығысуы, басымдылық, екі дәлелді келістіру және т.б.
Фиқһ негіздері терминология жүйесіндегі бір компонентті терминдер морфемдік тұрғыдан: негізгі түбір терминдер және туынды түбір терминдер болып екіге бөлінеді.
Негізгі түбір терминдерге: норма (үкім), парыз, уәжіп, сүннет, ғұрып және т.б. жатады. Араб тіліндегі түпнұсқасы өзгертілмей берілген негізгі түбір терминдер де бар, олар: мәндуп, харам, ижмағ, истихсан, истислах, қияс, мүжтаһид, мурсал, муштарак және т.б.
Бір компонентті туынды түбір терминдерге келсек, бұл тобы, негізінен, байырғы қазақ сөздерінің уәждемесі арқылы жасалған. Мысалы, айқындық, басымдылық, жалпылаушы, даралаушы, билеуші, дұрыстық, жарамсыздық, негізсіздік, қабілеттілік, теңестіру, бұйрық, тыйым, кедергі және т.б.
Фиқһ негіздерінде аналитикалық тәсіл арқылы жасалған екі компонентті терминдер бір компонентті терминдерден бірсыпыра көп.
Сөз тіркесінен жасалған екі компонентті фиқһ негіздері терминдері екі түрлі:
1) екі сыңары да қазақ тілі сөздерінен жасалған екі компонентті терминдер. Мысалы, міндетті норма, баяндаушы норма, негізгі норма, жеңілдеуші норма, Алланың құқы, пенде құқы, қос құқық, орындауға қабілеттілік, қабілеттілікке кедергілер, қабылданатын ғұрып, анық себеп, мағынасы ықшамды, мағынасы күрделі және т.б.;
2) бір сыңары араб тіліндегі түпнұсқасы өзгертілмей жасалған екі компонентті терминдер. Мысалы, айыпсыз мәкрүһ, мутауатир хадис, ахад хадис, мурсал хадис, сахаба сөзі, анық қияс, бүркеме қияс және т.б.
Бұлардың байланысу тәсілдері жан-жақты қарастырылып, терминжасамда қабыса, матаса байланысқан сөз тіркестері ең белсенді қатысқаны анықталды.
Фиқһ негіздері терминдері құрамында үш, төрт және бес компонентті терминдер де бар. Мысалы, екі дәлелдің соқтығысуы, екі дәлелді келістіру, іспен орныққан сүннет, орындауға толық қабілеттілік, орындауға кем қабілеттілік, бізден бұрынғылардың шариғаттары, құқық пен міндетке қабілеттілік, Алланың әмірімен болған кедергілер, пенденің еркінен туған кедергілер, мақұлдау арқылы орныққан сүннет, ашық жарияланған бірауызды келісім, ижмағтың мүшесі болу қабілеттілігі, құқық пен міндетке толық қабілеттілік және т.б.
Сонымен, фиқһ негіздері терминдерінің бір құрамды, көп құрамды болып келетіні дәлелденіп, бір құрамдыға қарағанда көп құрамды терминдер көп екені анықталды
Фиқһ негіздері терминдерінің сөзжасамдық тәсілдері. Кез келген термин сөзжасам тәсілдерінің бірі арқылы жасалады. Фиқһ негіздері терминжасамының негізгі бір ерекшелігі – терминнің араб тіліндегі түпнұсқасын өзгертпей жасалуы. Араб тілінде белгіленген терминнің мазмұны кең анықтаманы қажет еткендіктен, кейбір ұғымдарға қазақша атау беру қиынға соқты. Ондай терминдерді қазақша белгілеу дегеніміз – анықтаманы аударғанмен бірдей. Сол себептен фиқһ негіздерін оқыту тәжірибесінде шәкірттерге кейбір терминдерді арабша бейнесінде жаттау дағдысы қалыптасқан. Мысалы: истихсан, истисхаб, истислах, муштарак, муташабиһ және т.б. терминдер.
1. Фиқһ негіздері терминдерінің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы.
Терминжасамның негізгі тәсілдерінің бірі – синтетикалық тәсіл. Синтетикалық тәсіл фиқһ негіздері терминжасамына да атсалысады. Фиқһ негіздері терминдерін жасауға қатысатын жұрнақтар:
1) — лық / — лік, — дық / — дік, — тық / -тік: қабілеттілік, басымдылық, айқындық, жарамсыздық, негізсіздік, т.б.; 2) — у: бірауыздан келісу т.б.; 3) — лы / — лі, -ды / — ді, — ты / — ті: күрделі, ықшамды, болжамды, сенімді, міндетті т.б.; 4) — ма / — ме, — ба / — бе, — па / — пе: бүркеме т.б.; 6) — ық / — ік, — қ: бұйрық т.б.; 7) — ыс / — іс, — с: соқтығыс т.б.; 8) — шы / — ші: баяндаушы, билеуші, заң шығарушы т.б.; 9) — ғы / — гі, — қы / — кі: негізгі т.б.; 11) — и: шарғи,қатғи,занни т.б.; 12) — ша / — ше: ауызша т.б.; 13) — малы / — мелі, — палы / — пелі: ауыспалы т.б.
2. Фиқһ негіздері терминдерінің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы.
Фиқһ негіздері терминдерінің көбі – аналитикалық тәсіл арқылы жасалған терминдер. Олардың құрамы алуан түрлі. Мәселен, міндетті норма, баяндаушы норма, орындауға қабілеттілік, құқық пен міндетке қабілеттілік, үндемей мойындалған бірауызды келісім, пәтуа соған негізделген, пәтуа осымен беріледі, ғұламаларымыз осыны ұстанған, көпшіліктің амалы осыған негізделген, бүгін амалды осыған негіздейміз, мынау – дұрыс сияқты терминдердің бәрін аналитикалық тәсілмен жасалған деуге де болады.
Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі терминдер құрамына қарай екі сыңарлы, үш сыңарлы, төрт сыңарлы, бес сыңарлы болып бөлінеді. Мысалы, екі сыңарлы фиқһ негіздері терминдері: міндетті норма, анық себеп, орындауға қабілеттілік, негізгі норма, жеңілдеген норма және т.б.
Үш сыңарлы фиқһ негіздері терминдері: екі дәлелдің соқтығысуы, екі дәлелді келістіру, бізден бұрынғылардың шариғаттары, мәтіндегі нақты түсінік, мәтін нұсқаған түсінік, орындауға толық қабілеттілік және т.б.
Төрт сыңарлы фиқһ негіздері терминдері: мақұлдау арқылы орныққан сүннет, ижмағтың мүшесі болуға қабілеттілік, бүркеме қиясқа негізделеген истихсан т.б.
Сөзтіркестік терминдер бір-бірімен тіркесінде кейбірі есім сөздің, кейбірі етістіктің айналасына топталады. Осыған сәйкес фиқһ негіздеріндегі сөзтіркестік терминдер есімді сөзтіркестік терминдері және етістік сөзтіркестік терминдері болып екіге бөлінеді. Олар бір-бірімен қабыса, матаса, меңгеріле, жанаса байланысады. Мысалы:
1) сыңарлары матаса байланысқан сөзтіркестік терминдер: Алланың құқы, пенде құқы, сахаба сөзі, фиқһ негіздері, мәтін ишаратындағы мағына т.б.
2) сыңарлары меңгеріле байланысқан сөзтіркестік терминдер: орындауға қабілеттілік, құқық пен міндетке қабілеттілік, қабілеттілікке кедергілер, норманың күшін жою, екі дәлелді келістіру, пәтуа соған негізделген, пәтуа осымен беріледі, ғұламаларымыз осыны ұстанған, көпшіліктің амалы осыған негізделген, бүгін амалды осыған негіздейміз,.
3) сыңарлары қабыса байланысқан сөзтіркестік терминдер: міндетті норма, болжамды дәлел, баяндаушы норма, негізгі норма, жеңілдеген норма, анық қияс, бүркеме қияс және т.б.
4) аралас байланыстағы сөзтіркестік терминдер: мынау – дұрыс, мынау – дұрысырақ, заманымызда тәуір көрілген пәтуамыз – осы.
Тағы бір баса айтып кететін жайт, фиқһ негіздері терминдері ішінде бір компоненттің бірнеше сөзтіркестік терминге қатысуы байқалды. Мысалы, сүннет ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: ауызша сүннет, іспен орныққан сүннет, мақұлдау арқылы орныққан сүннет;
бірауызды келісім ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: ашық жарияланған бірауызды келісім, үндемей мақұлданған бірауызды келісім, алдыңғылардың бірауызды келісім;
истихсан ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: мәтінге негізделген истихсан, ижмағқа негізделген истихсан, ғұрыпқа негізделген истихсан, қажеттілікке негізделген истихсан, бүркеме қиясқа негізделген истихсан;
норма ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: міндетті норма, баяндаушы норма, негізгі норма, жеңілдеген норма, іс-әрекетке белгіленген норма;
мәкрүһ ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: арам есебіндегі мәкрүһ, айыпсыз мәкрүһ;
қабілеттілік ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: ижмағ құқығына қабілеттілік, құқық пен міндетке қабілеттілік, орындауға қабілеттілік;
кедергілер ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: қабілеттілікке кедергілер, Алланың әміріндегі кедергілер, пенденің еркінен туған кедергілер;
айқындық ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: нақты мағынаның айқындығы, үкімнің жойылу айқындығы, түсіндірменің айқындығы, өзгеріс айқындығы, қажеттілік айқындығы;
мағына ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: тура мағына, ауыспалы мағына, айқын мағына, тұспалды мағына, негізгі мағына;
екі дәлел ұғымы қатысатын сөзтіркестік терминдер: екі дәлелдің соқтығысуы, екі дәлелдің соқтығысуынан құтылу, екі дәлелді келістіру, екі дәлелдің құлауы және т.б.
Мысалдар:
Жарамсыздық : الفَسادُ
الفَسادُ сөзі (يَفْسُِدُ) فَسَدَ (I) салт етістігінің қимыл атауы. Ол: 1) бүліну, иістену, ашып кету; 2) бұзылу, азу, жаман жолға түсу; 3) іске аспай қалу, жарамай қалу мағыналарына жұмсалады. Мысалдар:
فَسَدَ الطَّعامُ أو اللَّحْمُ أو اللَّبَنُ (тағам, ет бүлінді; сүт ашыды);
فَسَدَ الرَّجُلُ (кісі бұзылды, азды, жаман жолға түсті);
فَسَدَ الأَمْرُ (амал іске аспай қалды, жарамай қалды) [23, 900 б.].
الفَسادُ сөзі лексикада: 1) жарамсыздық, күші жоқтық; 2) бұзылу, азғындық, бүлінушілік мағыналарын қамтиды. Ол терминдік тұрғыдан лексикадағы жарамсыздық мағынасына негіздейді. Жоғарыда айтылған дұрыстық терминіне кереғар мағынадағы термин. Демек, қандай да бір амалдың шарттары мен ішкі парыздары толық қатыспай орындалуы – оның жарамсыздығын білдіреді.
Жарамсыздық дегеніміз – құлшылық амалдың немесе азаматтық істің шариғат талабына сәйкессіз, яғни шарттары мен ішкі парыздарының толық орындалмауы.
Негізсіздік : البُطْلانُ
البُطْلانُ сөзі (يَبْطُلُ) بَطَلَ (I) салт етістігінің қимыл атауы. Ол: 1) жойылу, жоғалу; 2) бұзылу, бүліну, жарамсыз болу; 3) кегі алынбай өлу; мағыналарына жұмсалады. Мысалдар:
بَطَلَ الشَّيْءُ (нәрсе жойылды, бұзылды, жарамай қалды);
بَطَلَ دَمُ القَاتِلِ (өлтірушіден кек алынбады).
البُطْلانُ сөзі лексикада және терминологияда жоғарыда баяндалған الفَسادُ ұғымының баламасы. Ол да жарамсыздық мағынасына жұмсалады.
Құлшылықтар құқығында البُطْلانُ мен الفَسادُ ұғымдары мүлде парықсыз, ал азаматтық құқықта екеуі бөлек мағынада жұмсалады. Мысалы, туысқанға үйлену негізсіз іс саналса, куәларсыз неке қию жарамсыз саналады. Бұл сөздің тобықтай түйіні, الفَسادُ пен البُطْلانُ ұғымдарын құлшылық құқығында жарамсыздық деп, азаматтық құқықта البُطْلانُ ұғымының қазақша атауын жекелеп негізсіздік деп атаймыз.
Негізсіздік дегеніміз – азаматтық істің шариғат талабына мүлдем қайшы, шариғат мақсатына мүлдем сәйкессіз бейнеде орындалуы.
Билеуші, заң шығарушы : الحَاكِمُ
الحَاكِمُ сөзі (يَحْكُمُ) حَكَمَ етістігінен жасалған негізгі есімше. حَكَمَ сөзінің мағынасы араб лексикалық сөздіктерінде قَضَى , яғни төрелік ету, билік айту, сот, шешім шығару, үкім шығару деп берілген. الحَاكِمُ ұғымы билеуші, заң шығарушы деген мағыналарды білдіреді. Шарғи тұрғыда الحَاكِمُ (билеуші, заң шығарушы) ұғымы Аллаһ тағалаға ғана қатысты жұмсалады. Өйткені шариғатта заң шығару құқығы жалғыз Аллаһқа тән. Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «…إِنِ الْحُكْمُ إِلاَّ للهِ…», (Билік (заң шығару) жалғыз Аллаһқа тән), – деген .
Нормаға тәуелді тұлға (мукаллаф) : المَحْكومُ عِلَيْهِ
المَحْكومُ عَلَيْهِ ұғымы құрамын үш компонент: ырықсыз есімше (المَحْكومُ), префикс (عَلَى) және бөгде жақ есімдік (هُوَ) құраған сөзтіркестік термин. Ол сөзбе-сөз өзіне құқық нормалары міндеттелген тұлға деп аударылады. Мұндағы тұлға сөзі ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған әрі әрекетке қабілетті мұсылманды білдіреді.
Фиқһ негіздерінде المَحْكومُ عَلَيْهِ терминінің орнына المُكَلَّفُ (мукаллаф) термині қолданылады. المُكَلَّفُ сөзі (يُكَلِّفُ) كَلَّفَ (II) етістігінен жасалған ырықсыз есімше. Ол лексикада жүктелуші, міндет алушы, міндетті, жауапты, борышты мағыналарына жұмсалады. Ал фиқһ негіздері терминологиясында өзіне құқық нормалары жүктелген тұлға дегенді білдіреді.
Талдау барысында المَحْكومُ عَلَيْهِ мен المُكَلَّفُ терминдері балама ұғымдар екені айқындалды. Негізінде, әрбір мұсылман шариғат нормаларына тәуелді. Сондықтан екеуінің де қазақша атауын нормаға тәуелді тұлға немесе араб тіліндегі түпнұсқасын өзгертпей мукаллаф деп белгілеуді жөн көрдік.
Нормаға тәуелді тұлға (мукаллаф) дегеніміз – шариғат нормаларын орындауға міндетті, сондай-ақ оларды бұзған жағдайда жауапкершілік арқалайтын ақыл-есі дұрыс әрі балиғатқа толған әрі әрекетке қабілетті мұсылман.
Нормаға тәуелді іс-әрекет : المَحْكومُ فيهِ
المَحْكومُ فيه ұғымы құрамын үш компонент: ырықсыз есімше (المَحْكومُ), префикс (فِي) және бөгде жақ есімдік (هُوَ) құраған сөзтіркестік термин. Ол сөзбе-сөз норма өзіне қатысты нормалар белгіленген іс-әрекет деп аударылады. المَحْكومُ فيه ұғымы мұсылманның әрбір іс-әрекетін көздейді. Сондықтан المَحْكومُ فيه терминінің қазақша атауын нормаға тәуелді іс-әрекет деп белгілеуді тәуір көрдік.
Нормаға тәуелді іс-әрекет дегеніміз – өзіне қатысты шариғат норма белгілеген немесе үкім шығарылған әрбір іс-әрекет.
Іс-әрекетке белгіленген норма : المَحْكومُ بِهِ
المَحْكومُ بِهِ ұғымы құрамын үш компонент: ырықсыз есімше (المَحْكومُ), префикс (بِ) және бөгде жақ есімдік (هُوَ) құраған сөзтіркестік термин. Ол сөзбе-сөз іс-әрекетке белгіленген норма деп аударылады.
Түсіндірме: мұсылманнан істелуі немесе тасталуы талап етілген іс-әрекеттердің әрқайсына арнайы нормалық категория белгіленген. Істелуі талап етілгендер: парыз, уәжіп, сүннет және нәпіл, ал тасталуы талап етілгендер харам, харам есебіндегі мәкрүһ және айыпсыз мәкрүһ болып, жалпы, жеті нормалық категорияны құрайды. Бұл нормалардың әрқайсысын егжей-тегжейлі баяндаған болатынбыз. Аталмыш нормалар мукаллафтың мойнынан балиғатқа толуынан бастап, дүниеден озғанша ажырамайды. Сондай-ақ олар оның бүкіл іс-әрекетімен байланысын үзбейді. المَحْكومُ بِهِ ұғымының қазақша атауын іс-әрекетке белгіленген норма деп белгілейміз.
Іс-әрекетке белгіленген норма дегеніміз – мукаллафтан істелуі не тасталуы талап етілген әрбір іс-әрекеттің нормасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *