ЫСҚАҚ ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «ДИУАН ӘЛ-АДАБ» (Х ғ.) АТТЫ ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ-ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Болатбек АБУОВ
Нұр-Мүбарак университеті ректорының көмекшісі, магистрант

ЫСҚАҚ ӘЛ-ФАРАБИДІҢ «ДИУАН ӘЛ-АДАБ» (Х ғ.) АТТЫ ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ-ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының қалыптасу, даму кезеңдері араб мәдениетімен де тығыз байланысты. Оның ішінде көне Отырар (Фараб) оазисі маңында жасалынған мәдени мұралардың қазақ халқының тарихына тікелей қатысы бар. Біз әңгіме еткелі отырған «Диуан ал-адаб» сөздігі Х ғасырларда осы Фараб қаласында түзілген алғашқы араб тілі түсіндірме сөздігі қатарына жатады. Сондықтан, бұл сөздікті зерттеп, оның қазақ мәдениетіне қатысты тұстарын анықтап білудің маңызы зор. Сөздіктің авторы – Әбу Ибарһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби.
Атақты неміс шығыстанушысы Карл Брокельманның (1868-1956) «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде осы ғалым жайлы бес жолдан тұратын мағлұмат бар. 1897 жылы Веймар қаласында шыққан аталған еңбегінде ол Отырар перзенті жайлы: «Әбу Ибарһим Исхақ бин Ибраһим әл-Фараби Түркістан өлкесіндегі Фараб қаласында туылған. Біраз уақыт Забидте тұрды. Сонда жүріп, ол […] біздің заманымызға жеткен өзінің негізгі еңбегін жазды. Кейінірек туған қаласында ұстаздық етті де, соңыра 350/961 жылы осында дүниеден өтті» [2], – дейді.
Отырар перзентінің толық аты жөні Әбу Ибарһим Исмаил бин Ибраһим екенін білдік. Ғалым ныспысының алдыңғы екі атауы «кунийа» (лақап аты), өз есімі Исхақ, әкесінің аты Ибраһим. Араб елдерінде құрметті кісіні әдетте үлкен ұлының (қызының) атына қарап, «Әбу Нәсір» (Нәсірдің әкесі), «Әбу Халил» (Халилдің әкесі), «Умм Зайнаб» (Зейнептің шешесі), «Умм Халида » (Халиданың шешесі) деп атайды. Одан кейін ғана оның өз есімі, сонан соң әкесінің аты, соңынан туған жерінің атауы беріледі. Соған қарағанда тілші ғалымның өз есімі – Исхақ (қазақтарда — Ысқақ), әкесінің аты – Ибраһим.
Бұл еңбекті және оның авторын қазақ жұртшылығына алғаш таныстырушы филолология ғылымдарының докторы, профессор – Ә. Б. Дербісәлиев.[3].
1974 – 1979 жылдары Каирдегі Араб тілі академиясы Ысхақ әл-Фарабидің «Диуан әл-адаб» еңбегін алғаш рет кітап етіп жариялады. «Диуан әл-Адабтың» жазылған орны мен уақыты белгісіз, бірақ шамамен анықтауға болады. Автордың аты-жөнінің толық үлгісі – Әбу Ибраһим ибн Ибраһим әл-Фараби [4].. Библиялық – құрандық тегі бар қалыпты жалқы есім – Ысхақ, Ибраһимның ұлы автордың этногеографиялық сондай-ақ әлеуметтік шығу теңінен мәлімет бермейді. Әбу Ибраһим куньясы (лақабы) біздің ойымызша оның атасының ұлы болғандығын білдіреді. Әл-Фараби ныспысы оның туған жерінің Фараб екендігін анық көрсетеді. Әңгіме арқау болып отырған Фарабтың қазіргі Қазақстан аумағындағы Отырар қаласынан екендігі Әбу Мансур әс-Салибидің (1038 ө.ж) «Дәуірдің ерекше маржаны» атты антологиясында берілген және Йақуд ибн Абдуллаһ әр-Руми әл-Хамауидың (1229 ө.ж.) «Географиялық сөздігінде» (Муғжам әл-булдан) берілген мәліметтерден байқалады.
«Диуан ал-адабты» египеттік ғалым Ибраһим Анис кітапхалардың бірінен екінші дүниежүзілік соғыс жылдары кездейсоқ тауыпты. «Бұдан отыз жыл бұрын (1944 жыл болу керек – Ә.Д.) мен Александрия университетінің қарапайым оқытушысы едім» [3], – дейді ол өзінің алғы сөзінде. Бірде ол кітапхананың қолжазба қорынан бұрын кездесе қоймаған, өзіне белгісіз еңбекті ұшыратады. Таныса келе, ол дүниенің тіл біліміне қатысты шығарма екенін пайымдайды. «Бұл қолжазбаны әуелде атақты Әбу Нәсір әл-Фарабидың туындысы екен деп қалдым» – деді ол. Соңынан еңбекті оқи келе Ибраһим Анис ол дүниенің Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фарабидікі екеніне көзі жетеді.
Алғы сөздегі тағы бір төрт беттік мақаланы доктор Ахмад Мұхтар Омар жазыпты. Бұл шығарманың беттері цифрмен емес араб әріптерімен көрсетілген. Одан кейінгі шағын зерттеуде Әбу Ибраһимнің есімі мен шығу тегі (исмуһу уа нисбуһу), туған (мәулидуһу), және өлген жері (уафатуһу), жасаған саяхаттары (рихләтуһу) туралы да айта келіп, Әбу Ибраһим туралы қысқаша бағдар жасаған. Отырар перзенті шығармасының араб филологиясы үшін теңдесі жоқ дүние екенін ол баса көрсетеді.
Мысыр ғалымының екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң елуінші және алпысыншы жылдары да бұл еңбекті зерттеу мүмкіндігі бола қоймаған сияқты. Тек жетпісінші жылдардың басында ғана ол Әбу Ибраһим еңбегіне қайта оралып, түбегейлі зерттеп, жариялауға дайындайды. Отырар ғалымының аталған «Жинағын» Каирде төрт том етіп (1-том – 481 бет, 1974 жылы шыққан; 2-том 501 бет, 1975 ж.ш., 3-том 470 бет, 1986 ж.ш., 4-том 259 бет, 1978 ж.ш.) бастырып шығарды. Соңғы кітапқа қосымша ретінде 1979 жылы 705 беттен тұратын тағы бір томды жариялаған. Сөйтіп, «Диуанды» баспаға әзірлеген – профессор доктор Ахмад Мухтар Омар, көрсеткіштерді (индекстерін) дайындаған – араб тілі академиясының мүшесі, доктор Ибраһим Анис.
«Диуан әл-адаб» – өз авторының туған жерін анықтауға, оның қайда оқығандығы және шығармашылығы қайда өтті деген сияқты маңызды сұрақтарға жауап бере алмайды. Оның Фарабта жоғары білім алуы күмәнді, онда араб тілі исламмен бірге тар аяда ғана қолданысқа ие болуы мүмкін. Бірақ Фарабта «пәлен» деген филолог болды деген мәлімет те жоқ. Мүмкін Ысхақ әл-Фараби сол уақыттағы мәдени-әкімшілік орталықтардың бірінде мысалы: Бұхара, Самарқан, Мерв, Нишапур, тіпті Бағдат қаласында білім алуы мүмкін. Ол оқып жүрген жерінде не болмаса Фарабқа қайтып келген соң «Диуан әл-адабты» жазуы мүмкін. Ол Фараб қаласында «Диуан әл-адаб» кітабы бойынша дәріс жүргізген. Мұның өзі шығарманың аяқталғанның дәлелі. Дереккөздерде Ысхақ әл-Фарабидің есімі аталғанда Әбу Насыр Исмаил ибн Хаммада әл-Жауһари әл-Фараби (1002-1007) оның анасының ағасы екендігі атап көрсетіледі. Бұл автор да «Диуан әл-адабты» автордың жетекшілігімен оқи отырып, көрнекті лексикограф болып қалыптасты. Бұл хабар мынадай мәліметтермен толығады: Йақұд Тебризде «Диуан әл-адабты» әл-Жауһаридың қолымен қолымен көшірілген нұсқасын көрді (383/993); орта ғасырлық бір қатар ғалымдар осы шығарма мәтінін жеткізуші бір қатар мәліметтерге сілтеме жасайды. Оларды шығарма авторының есімінен кейін әл-Жауһаридың есімі аталады. Сондай-ақ Жауһари түзген еңбекте «Диуан әл-адабтың» әсері байқалады.
Ысхақ әл-Фараби туралы мәліметтер осымен аяқталады. Жалпы алғанда олар мынаған келіп саяды: анық көсетілген есімі; үш шығармасының аты, олардың бірі сақталып бізге жеткен; Фараб қаласында «Диуан әл-адабты» өзінің туысқан інісі Исмаилге оқытуы; өлген уақыты. Өзгедей мәліметтердің пайда болуы, әсіресе келтірілген деректерге қарама-қайшы мәліметтердің кездесуі – оның басты шығармасының кейінгі тарихымен байланысты; биографиялық мәліметтердің аз болуы кейбір дәлелсіз мәліметтердің пайда болуына алып келген. Сондықтан кейінгі авторлар мен көшірмешілер ойдан шығарған мәліметтерге сүйенуге мәжбүр болды. Нарратив дереккөздері мен қолжазба коллофандарынан нақтыланбаған фактілер мен нақты емес мәліметтердің қазіргі анықтамалықтарға ауысқандығы байқалады.
«Диуан әл-адабтың» мазмұны мен құрылымының ерекшелігін анықтау үшін, оны өзінен алдындағы және кейінгі шығармалармен салыстыру қажет. Ол үшін X ғасырдың бірінші жартысында араб лексикографиясы қалай пайда болғанын, қалай дамығанын Ысхақ әл-Фараби дәуіріне дейін жалпылама қозғауға тура келеді. Араб әдеби тілінің сөздік қоры көне, әсіресе Арабиядағы бедуин диалектілерінен алынды. Олар VIII-IX ғасырлардың аралығында есепке алынды және жинақталды. Бұл кезеңде араб лексикасын жинақтау, түсіндіру және жүйеге келтіру ауызекі тіл материалдарын жинау және жүйелеу қатар жүргізілді. Мұның барлығы грамматика, метрика, риторика, әдеби ескерткіштерді түсіндіру (Құран, хадис, поэзия) жұмыстары қатар жүргізілді. Филология пәнінің тұтас кешенінің қалыптасуы араб тілі мен әдебиетінің зерттелуі, негізінде, ең алдымен Ирактың Басра және Куфа қалаларында жүргізілді және осы қалаларда бір-бірімен бақталас екі филологиялық мектептің пайда болуына алып келді. IX ғасырда Бағдат мәдениет орталығына айналуына байланысты бұл екі мектеп бірігіп кетті. Дегенмен бастапқы айырмашылықтар мен дискуссиялар кейінгі дәстүрде өз жалғасын тапты, олар алдымен белгілі бір терминнің түрлі қолданысынан көрінді.
Жекелеген сөздердің формасы мен мағынасы барлық филологиялық еңбектерде әртүрлі түсіндірді. Дегенмен жалпы тілді түсіндірме сөздіктер және кіші көлемді түрлі сөздіктер жасалынды. Кейінгі филологиялық сөздік материалдары мазмұнына қарай, заттық-мазмұндық белгісіне қарай (жылқы, түйе, қой, жабайы аңдар, құстар мен жәндіктер, өсімдіктер мен ағаштар, киім, қару-жарақ, жаңбыр, жел, кісі туындысы сөздіктері және т.б.), немесе формальді аналитика-морфологиялық белгісіне қарай (етістік формалары, есім формалары, масдар – қимыл есімі, синонимдер, қарсы мәнді сөздер, сирек кездесетін сөз формалары және т.б.) түзілді. Тақырыптық сөздіктерге немесе лексикографиялық трактаттарға қажеттілік араб тілі мен оның диалектілерінің нақты лексикаға өте бай болуынан туындады. Үш дауыссыздан тұратындардың басым болуы, сөз өзгерімінің тұрақтылығымен бір қалыптылығы түрлі түбірлерден бір типті сөздердің ұзақ парадигматикасын жасауға мүмкіндік берді.
Бұл дәуірде түзілген көптеген сөздіктердің ішінде қолданбалылығы жағынан өміршеңдігімен және өзінен кейінгі лексико-графиялы жұмыстардың келешек даму бағытын айқындап берген сөздіктердің бірі – Ысқақ әл-Фарабидің «Диуан әл-адабы». Енді осы сөздіктің алғашқы кітабына қысқаша шолу жасалық. Онда:
«Мен әрбір сөзді ретпен орналастырдым, оған (сөзге) алдыңғысы мен соңғысына қатысты бір ғана орынды бердім, кім оны іздесе түбірімен шауып, шаршағандай болмауы үшін, оны іздеген жерінен табуы үшін, қоршауда тұрғандай етіп, тиісті орнына қойдым», – делінген.
Автордың осы алғы сөзіндегі нақыл, мақал, мәтел, қанатты сөз ұғымдарына берілген анықтамалары дәлдігі мен нұсқалылығы, тиянақтылығы тұрғынан әлі күнге өз маңызын жойған жоқ. Мұнан әрі автор өз еңбегінің құрылымдық жүйесін:
«Мен өз еңбегімді алты кітапқа бөлдім. Бірінші – дұрысты [түбір сөздер] кітабы», – деп түсіндіреді. Енді бірінші кітаптағы дұрыс түбір үлгілеріне шолу жасалық :

هذا كتاب الأسماء من الصحيحБұл дұрыс есімдердің кітабы –
فَعْلфа’лун –
— باب فَعْل بفتح الفاء وتسكين العينфа’лун бабы, «фа» фатхалы, «айн» сукунді –
(ب) فالثَّرْب : شحم قد غَضشَّى الكَرِش والأَمعْاءَ رَقِيقٌ іш май: ….. –
والثَّقْبُ : واحدُ الثُّقوب. тесік: тесіктер –
والجَدْب : نَقيضُ الخِصب.егісті алқап антонимі егіссіз алқап –
والجَنْب : واحد الجُنُوبِ ، وجَنْب : حىَّ من اليمن، жақ: жақтар, Иемендегі аймақ, – ويقال : قعد فلان إلى جَنْبِ فُلان، айт.: пәленше пәленшенің қасында отырды – [وإلى جانِبِ فلان] بمعنىً واحد бір мағынада –
والحرْب : واحِد الحُرُوب. соғыс: соғыстар –
ويُقال : حَسْبُكَ من دِرْهَمٌ،أَى: كَفاك،дирһам саған есептелді, саған жеткілікті –
ويُقال :رجلٌ حَسْبُكَ من رَجُلٍٍ ، айт.: бұл адам жаман адамнан қорғайды – وهو مَدْحٌ للنَّكِرة. ол іс үшін марапатталды –
والخَطْبُ : هو سبب الأمر، талап: ол бұйрық себебі, –
يقال : ما خَطْبُك ؟ ! айт.: саған не болды?! –
والدَّرْب : المَضِيق من مَضايقِ الرُّومٍ، асу: Ұрұм өткелдерінің бірі, өткел – وكذلك ماأشْبَهَه. сондай өткел –
والذَّنْبُ : واحد الذُّنوب.күнә: күнәләр–
والرَّحْبُ : الواسع ، يُقال : بلد رَحْبٌ ، أَىْ : واسع . кең: кең, айт.: кең ел, айт.: енді –
[94]
«Үш дауыссыз әріптен құралған» деп танылатын «дұрыс есімдерге» арналған бұл бөлімде араб тіліндегі сөздер алдымен а) дыбысталуы тұрғысынан; ә) диакритикалық-фонологиялық орфограммалануы тұрғысынан; б) лексикалық тұлғалардың антонимдік мағына ерекшеліктері тұрғысынан; в) лексикалық тұлғалардың синонимдік мағына ерекшеліктері тұрғысынан; г) лексикалық тұлғалардың лексика-семантикалық мағына ерекшеліктері тұрғысынан; д) лексикалық тұлғалардың лексика-грамматикалық мағына ерекшеліктері тұрғысынан; е) лексикалық тұлғалардың синтаксистік қолданыстағы мағына ерекшеліктері тұрғысынан топтастырылған.
Бұған қоса араб лексикасының ғылыми қолданбалы лексикасының сөйлем құрылымы арқылы түсіндірілуі өз дәуірінде және қазіргі уақытта да сөздіктер түзу барысында қолданылатын ең қолайлы әдістердің бірі болып табылады. Автор бұл әдіс арқылы араб ауызекі және әдеби тілі арасындағы байланысты, жекелеген сөздер мен сөз оралымдарының өзара қатысын, лексикалық тұлғаның қолдану тізбегін, олардың тіркесім қабілетін мейлінше нақты, жан-жақты біткен жұмыс ретінде тиянақтауға ұмтылған деп есептейміз.


Пайдаланылған әдебиеттер
1) Халидов А.Б. Словари Исхака ал-Фараби и Махмуда ал-Кашгари (из истории лексикографии в Средней Азии Х-ХІ вв) // Письменные памятники и проблемы истории культуры народов востока. Москва. 1987. Ч.4.
2) تاريخ الادب العربي // كارل بروكلمان – أ.د. محمود فهمى حجازى / القسم الأول. الهيئة المصرية العامة للكتاب.
3) Дербісалиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары. – Алматы: Рауан, 1995. – 238-б.
4) أبو إبراهيم إسحاق بن إبراهيم الفارابي. ديوان الأدب. تحقيق أحمد مختار عمر. القاهرة: الهيئة العامة لشؤون المطابع الأميرية، 1974. ج 1

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *