БОЛАШАҚ ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
АРҚЫЛЫ АРТТЫРУ

Ақмаржан НОҒАЙБАЕВА,
Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы

БОЛАШАҚ ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
АРҚЫЛЫ АРТТЫРУ

Жас ұрпақтың білімі мен тәжірибесіндегі жетістіктер – жалпы қоғамның жетістіктері. Ол ұстаздың білімімен, сондай-ақ ғылыми және кәсіби деңгейінің жоғары болуымен тығыз байланысты. Сондықтан студенттердің кәсіби қызығушылығын арттыру, оларды заман талабына сай дайындау процесі мұқият көңіл аударатын мәселе.
Бүгінгі ұстаздарға тек жақсы меңгерілген білім ғана емес, үздіксіз жаңалыққа ұмтылу өзіндік жаңалығын жаңа жағдайда қолдануға талпыну, шығармашыл ойлауын дамыту, жаңашылдық қабілеттілігінің болуы, жаңа міндеттерді жолға қою және оны шешудегі батылдықтар қажет. Осы кезекте «студенттердің кәсіби қызығушылығын арттыру» тақырыбын сөз етпес бұрын қазіргі таңда қоғамға қандай мамандар керектігіне тоқтала кеткеніміз жөн.Ол үшін төмендегі сұрақтардың жауабын іздестіреміз:
• XXI ғасырдағы жоғары оқу орындарының заман талабына сай, толыққанды білімді де білікті кадр даярлауда студенттерге қойылар талап қандай болуы керек?
• Еліміздегі жетекші компаниялар қандай мамандарға сұраныс танытып отыр?
• Сонымен қатар заман талабына сай мамандарды дайындауда ақпараттық технологиялардың рөлі қандай?
• Жас маман жаңа әлеуметтік, экономикалық қоғамда өзін қолайлы сезінуі үшін не қажет?
Ендігі кезекте бірінші сауалға тоқтала кетсек. Педагогикалық үдерісте ең бір маңызды «дамыту» ұғымы білім беруде үлкен маңызға ие. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында студенттер өз бетінше білім ізденуі қажет. Яғни, білім алу жолында ақпараттың барлық қайнар көздерін пайдалана отырып, студент өзінің кәсіби қызығушылығын арттыруға қолайлы мүмкіндік туғыза алады. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» – деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін, әрбір білім беру мекемелері ұжымының, әрбір ұстаздың күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды. Қажеттілік туындаған жерде, қызығу-шылық та орын алады. Егерде ұстаз ұдайы ізденісте болып, студенттермен етене араласып жұмыс жасаса, ондай жағдайда студент тарапынан студенттің кәсіби қызығушылығы да артады.
Жаңа дамушы компанияларға:
• Өздігінен ойланып әртүрлі мәселелерді шеше алатын (алған білімін осы мәселелерді шешуде қолдана алатын);
• Критикалық және шығармашыл ойлана алатын;
• Гуманитарлық білімі жоғары, сөздік қоры мол, сөздердің астарлы мағынасын түсіне білетін мамандар қажет.
Осы орайда Ф.С Шлихтен: «егерде студент базалық білімін алып, ол білімін таныс ситуацияларда қолдана біліп, дипломын алғанмен, ақпаратты пайдалана алмаса, өздігінен білім іздену керек дегенді білмесе XXI ғасырда ақпаратты технологиялар қоғамында жетістікке жетеді деу қиын», – дейді.
Осы мың жылдықта өмір сүріп еңбек ететін студент, болашақ маман ретінде мына қасиеттерге ие болу керек, яғни оларды дайындауда жоғары оқу орындары осы қасиеттерді бере білуі тиіс.
• Тез өзгеріске түсіп жатқан өмір ағымында өздігінен ізденіп, тиімді ақпарат көздерін пайдаланып, өмір тәжірибесінде әртүрлі мәселелерді шешуде өзі жол тауып, өмірдегі өз орнын қандай жағдайға жолықсада таба білуі керек.
• Алда болатын қиыншылықтарды болжай алуға, осы қиыншылқтарды шешу жолын тез тауып, қолдануға болатын технологияларды тиімді пайдаланып, өзі меңгерген білімді тиімді түрде нақты қандай жағдайда қолдана алатындығын анықтап, шығармашыл ойланып, жаңа идеяларды ойлап табуға қабілетті болу керек.
• Сауатты түрде ақпаратпен жұмыс атқара білуге, яғни арнайы өзіне қажет ақпаратты жинай отырып, анализ жүргізіп, белгілі бір мәселені шешуде гипотез жасай білуге, мәселені шешуде оның салыстырмалы жолдарын қарастыра отырып, жаңа мәселелердің шешімін табуы абзал.
• Адамдармен жақсы қарым – қатынас жасай отырып, олармен ешқандай түсініспеушілікке түспеудің жолын қарастырып, әр саланың адамдарымен жұмыс жасай білуі керек.
• Мәдени және интеллектуалды деңгейін ұдайы дамытып отыруы тиіс.
Заман талабына сай маманды даярлап шығару дәстүрлі оқыту үдерісінде шын мәнінде қиын сияқты көрінген, бірақ қазіргі таңда кредиттік технология әдісімен бұл мәселелерді шешуге болады. Бұрынғы дәстүрлі жүйедегі ұстаз-оқулық-студент ендігі кезекте студент –оқулық-ұстаз болып өзгеріп отыр.
Қазіргі таңда студенттердің кәсіби қызығушылығын арттыруда қандай жағдайлар жасалу керек?
1. Оқу үдерісіне барлық студенттерді араластыра отырып, жұмыс жасау, меңгерген білімін қалай, қай мақсатта қолдана алатынын көрсете отырып, активті түрде танымдық қасиеттерін дамыту.
2. Студенттермен біріге отырып, мәселелердің шешімін табу.
3. Студенттерді басқа оқу орындарының студенттермен қарым қатынас жасауға жол ашып, конференцияға, диспутқа, жарыстарға қатыстыру және шетел студенттерімен тәжірибе алмасуға қолдау көрсету.
4. Қандайда бір мәселелерді шешуде қолайлы жағдай жасап, ақпаратқа тез және кедергісіз қол жеткізуі, шетелдердегі мәдени ақпараттық орталықтармен байланыс жасауына жол ашу.
Басқаша айтқанда, жоғары білім ордалары студенттің кәсіби қызығушылығын арттыруда тұлға ретінде дамуына барлық жағдайларды жасуы тиіс. Білімнің мазмұны бұл жерде студенттің қызығушылығын арттыруда маңызды болады деу қиын, сондықтан ең бастысы оқыту технологияларына мән берген жөн.
Бұл мәселелердің шешімін кешенді түрде шешу керек. Кәсіби қызығушылығын арттыру тек жоғары оқу орындарының ғана міндеті емес. Жаңа заман студентінің білім алуы тек жоғары оқу орнымен шектеліп қана қоймайды. Ол мектепке дейінгі, орта білім, жоғары оқу білімі жүйесімен жалғасын тауып жататын жүйелі түрде құрылған үдеріс, бұл үздіксіз білім алу. Үздіксіз білім жай ғана дикларация емес – ол әрбір адамға керек қажеттілік. Сондықтан осы жерде жаңа ақпараттық технологиялар негізінде дистанционды оқу түріне сұраныс болып отыр. Ақпараттың қайнар көзіне электронды құралдар (радио, теледидар, компьютер) кеңінен қолданылуда. Соңғы кездері ақпараттық құралдар ретінде интернет көп сұранысқа ие. Сонымен ақпараттық технологиялар студенттің кәсіби қызығушылығын арттыруда негізгі құрал.
Қорыта айтқанда, еліміздің жастары болашақта әлемнің қай жерінде де сұранысқа ие болып, Қазақстан дамыған 50 елдің қатарына қосылсын десек болашақ жастарымыз тек өз тағдырларын ғана шешіп қоймай, еліміздің тағдырын өзгерте алатындай болуы керек. Ол үшін жастарға көп ізденіп, барлық ақпарат құралдарын пайдалана білгені абзал. Ұстаз міндеті – студенттерің біліктілігін арттыруда жаңа педегогикалық технологияларды қолдана отырып, жастарға білім беру және осы жаңа педагогикалық технологияларды тиімді қолдануда ақпараттық технологиялардың көмегіне сүйену болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер
1. И. Роберт Современные информационные технологии в образовании:
Москва «Школа-Пресс», 1994.
2. Philip C. Schlechty. Schools for the XXI –st Century. Leadership Imperatives for Educational Reform. – San Francisco, 1990.
3. Урсул А. Д. Проблема информации в современной науке. — М.: Наука, 1975. — 288 с.
4. Стратонович Р. Л. Теория информации. М.: Сов. радио, 1975. — 424 с. http://www.polytech.poltava.ua/lib/resurs/tik/stratonovich.pdf
5. Құтпанбаев Ә. «Технология» пәнін жаңаша оқыту әдістері. // Білім. Образование. -№1 (7). — 2002. – 18 — 19 — б.

6. . Профессиональное развитие: из опыта учителей. Под ред.С.Мерсейтовой и А.Иргебаевой. Казахстанская Ассоциация по чтению, серия «Школа профессионального развития», А: изд. «Маркет», 2004.
7. Хмель Н.Д. Теоретические основы профессиональной подготовки учителя. А: «Ғылым», 1998.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *