ХАДИСТЕРДІҢ ТАДУИН ЖӘНЕ ТАСНИФЫ
(жинақталуы мен реттелуі)

Қайрат ҚҰРМАНБАЕВ,
Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы

ХАДИСТЕРДІҢ ТАДУИН ЖӘНЕ ТАСНИФЫ
(жинақталуы мен реттелуі)

Тәдуин дегеніміз не?
Тәдуин дегеніміз – хадистердің жинақталуы. Хижраның бірінші ғасырының соңы мен екінші ғасырының алғашқы ширегінде бөлек-бөлек парақтарға жазылған хадистер бір мұқабаға жинақталды.
Пайғамбар заманында кейбір сахабалардың «сахифа» деп танылған хадис жазбалары жарық көрген еді. Олардың ішінде Абдуллаһ ибн әмр ибн әл-Астың «садиқа» деп аталған хадис сахифасы немесе Хаммам ибн Мунаббиһтың Әбу Һурайрадан жазып алған «сахиха» деп танылған танымал хадис жазбаларын ерекше атап өтуге болады. Хадис тарихына қатысты дереккөздерде «жазба (сахифа)», «тәдуин» және «тасниф» сөздерінің әр кезеңдерде хадистердің жинақталу барысын көрсету мақсатында әртүрлі мағыналарда қолданылғанын көреміз. Жазба пайғамбарымыз бен сахаба дәуіріндегі хадистердің қағаз бетіне түсірілуін, тәдуин, хадистердің жинақталу мағынасын білдіреді. Хадистерді қағаз бетіне түсірген сахабалар пайғамбарымыздан (с.а.с.) өздерінің естіген хадистерін ғана жазған. Олар өздерінің естіген хадистерін басқа сахабалардың естіген хадистерімен жинақтап жазбаған. Ең танымал сахифа иесі Абдуллаһ ибн әмр, «садиқа» атты сахифасына қарағысы келген Мужаһидке: «Бұл менің Аллаһ елшісінен (с.а.с.) естіген әс-сахифату әс-садиқа. Менімен Аллаһ елшісінің (с.а.с.) арасында осы хадистерді маған жеткізген ешкім жоқ», – деп пайғамбардан өзінің ғана естіген хадистерді жазғанын айтқан. Сол секілді Хаммам ибн Мунаббиһтың сахифасы да тек Әбу Һурайраның пайғамбарымыздан жеткізген хадистерінен құралған. Бұл да сахаба дәуірінде хадис жинақтау ісі көрініс таппай, тек кейбір сахабалар тарапынан хадистердің жазылғандығын көрсетеді.
Тәдуин, бірнеше сахаба тарапынан жазылған сахифаларды бір мұқабаға жинақтау мағынасын бергені секілді, бірнеше сахабалардың риуаят еткен хадистерін бір кітапқа жинақтау мағынасына да келеді. Осы тұста тәдуиннің хадистерді қағаз бетіне түсіруге қарағанда ауқымды әрі жүйелі бір жинақтау ісін ұғындыратындығын және бұл әрекеттің хадис тарихында хадистерді парақтарға жазудан кейін басталғандығын түсінеміз.
Тасниф сөзі болса, хадистердің жинақталуынан кейін, хадистерді мазмұндарына қарай тарауларға, бөлімдерге бөліп ретке келтіру мағынасын береді. Яғни, тақырыптарға сай хадистерді топтастыру. Мысалы, намазға қатысты болған хадистерді бөлек, зекетке қатысты болғандарын бөлек тарауға жинақтау секілді. Бұндай жүйелі түрде ретке келтірілген жинақтар мусаннаф деп аталады.
Хадис тәдуинінің басталуы
Хадис пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалар дәуірінде қағаз бетіне түсіріліп, кейбір хадис жазбалары жарық көрсе де, жүйелі түрде сахабалар дәуірінен кейін, яғни бірінші ғасырдың соңдары мен екінші ғасырдың басында жинақтала бастады. Бұны хадистердің жинақталуына байланысты келген кейбір деректерден көруге болады. Оның ішінде Мәлик ибн Әнәстің Ибн Шиһаб әз-Зуһриге қатысты: «Әууәлу мән дәууана әл-хадис Ибн Шиһаб. (хадисті алғаш тәдуин қылған Ибн Шиһаб), – деп айтқан сөзі дәлел.
Ибн Шиһаб әз-Зуһридің хадис жинау және жинаған хадистерін жазу үшін ерен еңбек еткендігін көрсететін деректер көп. Осы деректердің бірінде оның ілім жолындағы жолдасы Салих ибн Кейсан: «әз-Зуһри екеуміз ілім алу үшін бір жерге келіп, сүннеттерді жазайық деп Пайғамбарымыздан жеткендерін жаздық. Сосын әз-Зуһри сахабалардан да келгендерін жазайық, олар да сүннеттен саналады, – деді. Мен: сүннеттен емес, – дедім. Ол жазды, мен жабадым. Нәтижеде ол жетістікке жетті мен құр қалдым», – деген [1]. Сол секілді Әбу Зинад Абдуллаһ ибн Зәкуан: «Біз халал мен харамға қатысты хабарларды жазатын едік. Ибн Шиһаб естіген нәрселерінің барлығын жазатын. Оған мұқтаждық туындаған уақытта әз-Зуһридің адамдар арасындағы ең ғалымы екендігін түсіндім», – деп айтқан [2].
Әз-Зуһридің тадуин әрекетіне умейд халифасы Омар ибн Абдулазиз (99-101) ресми күш жігер берген болатын.
Ислам әлемінің кең етек жаюы және шииттер, харижиттер, муржия, қадария секілді саяси және сенімдегі мазһабтардың шығуымен мұсылмандардың түрлі топтар мен ағымдарға бөлінуі әрі жалған хадистердің белең алуы сияқты жайттар ислам шариғатының қайнар көзі болған хадиске қауіп төндірді. Бұл жағдайға қарсы хадис ғалымдары қол қусырып қалмай жарх және тағдил әрекетінің негізінде хадис жеткізушілерге мұқияттылық танытты. Олармен бірге білімі және тақуалығымен, тіпті хадис риуаят етуімен де танылған халифа Омар ибн Абдулазизде дұрыс хадистерді тек бір кітапта жинақтаумен ғана сақтауға болады деген сеніммен Медина уәлиі Әбу Бәкір ибн Мұхаммед ибн әмр ибн Хазымға: «Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін, сүннеттерін, Әмра бинт Абдуррахман риуаят еткен хадистерді тауып алып жаз. Өйткені мен ілімнің жоғалуынан және ғалымдардың өліп кетулерінен қорқамын», – деп бұйырған [3].
Бұл риуаятан бұйрықтың Мәдина уәлиіне қатысты айтылғанын түсінсек, басқа риуаяттардан халифаның қол астындағы барлық уәлилерге және кейбір хадис ғалымдарына да жолдағанын көреміз. Әл-Хатибтың бір риуаятында, халифаның бұл бұйрығы «мәдиналықтарға» (илә әһлу әл-Мәдина) деп келсе, әс-Суюутидің Әбу Нуғайымнан жеткізген деректе «әр тарапқа» (илә әл-Әфақ) деп келеді. Осы тапсырманы жүзеге асырғандардың бірі де Ибн Шиһаб әз-Зуһри еді. Оның бір сөзінде: «Омар ибн Абдулазиз бізге сүннеттің жинақталуына әмір етті. Оған дәптерлерге жазып бердік, ол өзінің құзыретінде болған жерлерге осы дәптерлердің бірер нұсқасын жіберді», – деген[4].
Омар ибн Абдулазиздің хадистерді жинақтау тапсырмасын алғаш жүзеге асырып, жинақтаған хадистерін халифаға жіберген де әз-Зуһри болатын. Осы тапсырманы алған Әбу Бәкір ибн Хазымның жазған жинақтары жеткенше халифа дүниеден өткен еді. Мәлик ибн Әнәс: «Кейін бұл кітаптар жайлы Әбу Бәкір ибн Хазымның баласы Абдуллаһтан сұрағанымда, жоғалғандығын айтты», – дейді[5].
Аталған деректерден хадистердің жинақталуы (тәдуин) әз-Зуһридің қолымен басталғандығын және халифа Омар ибн Абдулазиздің ресми жарлығы, әрі қадағалауымен жүзеге асқандығын көреміз.
Бірақ бұл жерде әз-Зуһриден басқа оның замандастары хадис жинақтамаған деген мағына туындамауы керек. Тек әз-Зуһри алғаш жинақтаушы ретінде және осы саладағы жемісті еңбегімен ерекше танылды. Муаммар ибн Рашидтің: «Біз әз-Зуһриден өте көп хадис үйрендік деп ойладық, бірақ Халифа әл-Уәлид ибн Йәзид өлтіріліп қазыналарынан Мәруан отбасы үшін әз-Зуһриден жазылып алынған кітаптардың көлікке артылғанын көргенде, одан үйренгеніміздің қаншалықты аз екендігін түсіндік» деген сөзі әз-Зуһридің осы саладағы еңбегінің орасан зор екендігіне дәлел.
Хадистердің таснифы
Хижраның бірінші ғасырының соңы мен екінші ғасырының басында хадис тәдуині басталса, екінші ғасырдың алғашқы жартысынан кейін негізгі хадис туындылары жарық көрді. Жоғарыда келген деректерден әз-Зуһридің пайғамбарымыздың сөздерімен бірге сахабалардың сөздерін де жазғандығын, сол секілді, оның естіген нәрселерінің барлығын қағаз бетіне түсіргендігін байқадық. Өзге де хадис мамандары осылайша көптеген хадистер мен сахабалардың сөздерін бір кітапқа топтастырды. Бұндай жинақтан қажетті хадисті табу оңайға соқпасы анық. Алайда көп ұзамай бұл кітаптар ретке келтіріліп, пайдалану үшін жеңілдетілді. Хадистер тақырыптар бойынша тарауларға бөлініп, әрбір хадис мазмұнына қарай сол тарауларда топтастырылды. Мысалы, намазға қатысты хадистер намаз тарауында, зекетке қатысты хадистер зекет тарауында жинақталды. Бұл еңбектер «мусаннаф» деп аталды. Кейін, көп уақыт өтпей хадистерді сахабалардың есімдеріне сай жіктеп ретке келтіру кезеңі болды. Осы тәртіппен жинақталған хадис кітабы «муснад» деп аталды.
Мусталаху әл-хадис (хадис терминалогиясы) ілімі бойынша алғаш жазылған еңбектің авторы әр-Рамаһурмузи (х. 360 ж. дүние салған) алғашқы хадистерді ретке келтірушілер, яғни мусаннаф авторлары (мусаннифтер) турасында: «Менің білгенім бойынша хадистерді алғаш рет ретке келтіріп тарауларға бөлгендер (тасниф еткендер) Басрада әр-Рабиғ ибн Субейх (х. 160 ж. д.с.), Сағид ибн Әбу Аруба (х. 156 ж. д.с.), Йеменде Абд деп танылған Халид ибн Жәмил мен Муаммар ибн Рашид (х. 153 ж. д.с.), Меккеде Ибн Журейж (х. 150 ж. д.с.) және Суфиян ибн Ұйяйна (х. 198 ж. д.с.), Шамда әл-Уәлид ибн Муслим (х. 195 ж. д.с.), Рейде Жәрир ибн Абдулхамид (х. 182 ж. д.с.), Хорасан және Мервте Абдуллаһ ибн Мубарак (х. 181 ж. д.с.), Уаситта Хушейм ибн Бәшир (х.193 ж. д.с.) және осы ғасырда Куфада Ибн Әбу Зағидә (х. 193 ж. д.с.), Ибн Фудайыл (х. 196 ж. д.с.), кейінгі кезеңдерде Йеменде Абдурразақ ибн Хаммам (х. 211 ж. д.с.) және Әбу Қурра Муса ибн Тариқ», – деген [6].
Ибн Хажар хадистердің пайғамбарымыз (с.а.с.) және сахабалары мен алғашқы табиғиндер дәуірінде жинақталмағандығы жайлы: «Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінің сахабалары мен алғашқы табғиндер дәуірінде жинақтарда (жамиғтерде) жазылып ретке келтірілмеуінің екі себебі бар:
Біріншісі, Муслимнің сахихінде келгендей, оларға алғашқы кезде кейбір сахабалардың Құран Кәріммен араластырып алу қорқынышы себепті тыйым салынды. Екіншісі, еске сақтау қабілеттерінің ерекшелігі мен айрықша зеректіктері еді. Өйткені көпшілігі жазу білмейтін. Бірақ табиғин дәуірінің соңдарына қарай ғұламалардың түрлі қалаларға тарауы, харижиттер, рафидилер мен тағдырды жоққа шығарушылыр секілді бидғатшыл топтардың көбеюуі салдарынан әсәрлар (хадистер) жинақталып, тарауларға бөлініп ретке келтіріле бастады. Бұл іске алғаш кіріскендер әр-Рабиғ ибн Субейх пен Сағид ибн Әбу Аруба және басқалары. Олар үшінші буын өкілдерінің алғашқылары келгенге дейін әр тарауды бөлек-бөлек реттеді. Имам Мәлик әл-Муатта атты еңбегін тасниф етті. Онда хижаздықтардың хадистерін, оған сахабалардың сөздерін және табиғиндер мен олардан кейін келгендердің пәтуаларын қосып жинақтаған», – деп пікір білдірген [7].
Әр-Рамаһурмузидің немесе Ибн Хажардың хадистердің реттелуіне (таснифке) қатысты айтқан сөздерінен хадистердің реттелу (тасниф) ісі әз-Зуһридің қолымен басталған хадистердің жинақталуы (тәдуин) әрекетінен кейін дереу жарыққа шыққандығын түсінеміз. Яғни хадистердің жинақталуы (тәдуин) мен хадистердің реттелуі (тасниф) арасында ұзақ уақыт болмаған. Өйткені жоғарыда аттары аталған хадистерді реттеушілердің (мусаннифтердің) дүние салған жылдарына назар аударар болсақ, олардың көпшілігінің хижраның 124 жылы өмірден озған, алғаш хадистерді жинақтаушы әз-Зуһридің дәуіріне жеткендігін көре аламыз. Сондықтан тәдуин мен тасниф әрекеттерін хадис тарихында бірінен кейін бірі басталғандығын айтуға болады. Бірақ бұл екі кезеңде жүзеге асқан әрекеттерді бірдей іс деп қарамауымыз керек. Олардың бір-бірінен айырмашылығын жоғарыда баяндаған болатынбыз.
Тәдуин мен тасниф арасындағы айырмашылықты шығыстанушы И. Голдзейхер түсіне алмаған. Ол аталған екі әрекеттің басталу тарихы жайлы берілген мағлұматтарда кейбір қарама-қайшылықтар бар екендігін алға тартып, тәдуиннің басталу тарихын кейінгі кезеңдерге қалдыруға тырысады. Әрине бұл пікірмен келісе алмаймыз, өйткені негізгі дереккөздерде тәдуин мен таснифтың айырмашылығы жайлы өте анық түсіндірілген әрі екі кезеңде жүзеге асқан бұл әрекеттерге екі бөлек атаулар да берілгендігін көріп отырмыз.
Демек, тәдуин хадистердің жинақталуы болса, тасниф жинақталған хадистерді белгілі тараулар мен бөлімдерге реттеп, жүйелі бір кітап түріне келтіру.
Алғашқы хадис кітаптары
Хадис тарихында екінші ғасырда ретке келтіріліп жарық көрген хадис туындыларын бес топқа бөліп қарастыруға болады. Олар: а) Сиәр және мағази кітаптары; ә) Сунән кітаптары; б) Жамиғтар; в) Мусаннафтар; г) Белгілі бір тақырыптарға арналған кітаптар.
а) Сиәр және мағази кітаптары
Мұсылмандардың пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистеріне ерекше мән бергендіктерін олардың исламның алғашқы кездерінен-ақ парақтар мен кітапшаларға жазып сақтағандықтарынан көруге болады. Бұл хадистер арасында пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғибадат, сауда-саттық, жаза мәселелеріне қатысты сөздері болғаны секілді, оның (с.а.с.) жаратылысы, мінез-құлқына және Мекке, Мәдинадағы өмірі мен қатысқан соғыстарына қатысты деректер де орын алды.
Тәдуин дәуірі басталған кезде кейбір хадистанушылар пайғамбарымыздың (с.а.с.) дінге байланысты хадистерін жинақтаса, кейбірі де Мекке мен Мәдинадағы өмірі, пайғамбарлыққа дейінгі және кейінгі жеке өмірі, іс-әрекеттері, мінез-құлқы, қысқаша өмірбаяны мен басынан өткерген соғыстарына қатысты деректерді жинақтады. Бұл деректерде белгілі тізбектермен риуаят етіліп сенімді сүннет санатынан саналды.
Пайғамбардың өмірбаяны (сира) мен қатысқан соғыстарына (мағазилер) арналған әрі хадис негізі ілімінің қағидаларына сай тасниф етілген бұл кітаптар кейінгі кезеңдерде жарық көрген үлкен тарихи кітаптардың бастамасы болып табылды. Өйткені бұл деректерде де риуаят негізі қолданылып, әрбір тарихи дерек хадистер секілді тізбекпен жеткізілген. Бұл тұрғыда исламда тарих ілімі хадис ілімінен бастау алған деп айтуға негіз бар.
Сиәр және мағазиға қатысты кітаптар бірінші ғасырдың соңдарына қарай жазыла бастады. Дереккөздерден байқағанымыз бойынша алғаш Мағази тасниф еткендер Мәдинаның танымал ғалымдары әрі фақитері – Ұруа ибн әз-Зубейр ибн әл-Аууам әл-Әсәди, Әбу әмр әмір ибн Шәрхабил әш-Шағби, Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Муслим ибн Ұбайдуллаһ ибн Абдуллаһ ибн Шиһаб әз-Зуһри, Муса ибн Ұқба ибн Әбу Аййаш әл-Әсәди, Әбу Мұхаммед ибн Исхақ ибн Йәсар, Муаммар ибн Рашид Әбу Ұруа әл-Әзди, Әбу Мағшар Нажих ибн Абдуррахман әс-Синди, Абдулмәлик ибн Мұхаммед ибн Әбу Бәкір ибн әмр ибн Хазым, әл-Муғтамир ибн Сулеймән әт-Тәйми, Әбу Әюб Йәхия ибн Сағид ибн Әбан әл-Әмәуи әл-Куфи, Әбу әл-Аббас әл-Уәлид ибн Муслим әл-Әмәуи әд-Димашқи.
ә) Сүнән кітаптары
Фиқһ мәселелеріне қатысты үкімі бар хадистерді қамтыған кітаптарға Сунән аты берілген. Бұл кітаптарда пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзі, іс-әрекеті мен құптауынан тұратын марфуғ (тізбегі пайғамбарымыздан бастау алған) хадистер қамтылады. Демек, сунән кітаптарында мауқуф және мақтуғ болған хабарлар, яғни сахаба мен табиғиндердің сөздері мен істері кездеспейді.
Сунән кітабында орын алған хадистерді, ғибадат, сауда-саттық (муамалат), және жаза түрлеріне (уқубат) қатысты мағынасына қарай үш топқа бөлуге болады. Осылайша бір сунән кітабының мазмұнына қарайтын болсақ, жалпылама мына тақырыптарға сай хадистердің реттелуін көреміз: тазалық, намаз, зекет, қажылық, ораза, неке, талақ, жиһад, өсиет, мирас, жаназа, ант және нәзір, сауда, киім, тағамдар, сусындар, емшілік, фитналар, худуд (жазалар), құн төлеу, әдеп, т.б. Бұл тақырыптардың әрқайсысына «кітап» атауы беріледі (тазалық кітабы, намаз кітабы, зекет кітабы секілді). Әрбір кітап, тақырыбының ауқымдылығына қарай түрлі тарауларға бөлінеді. Екінші ғасырдың басында тәдуин мен тасниф әрекетінің нәтижесінде жарық көрген осы алғашқы еңбектер «Сунән» деп танылды. Осы ғасырда Сунән кітаптарын жазған кейбір хадистанушылар:
Мәкхул ибн Әбу Муслим әш-Шами, Әбу әл-Уәлид Абдулмәлик ибн Абдулазиз ибн Журәйж, Сағид ибн Әбу Аруба Михран әл-Адауи әл-Басри, Әбу әл-Харис Мұхаммед ибн Абдуррахман ибн Муғира ибн Харис ибн Әбу Зиб әл-Қураши,


б) Жамиғтар
Екінші ғасырда ретке келтіріліп жинақталған хадис кітаптары Жамиғ деп те аталған. Жамиғтер де Сунән секілді ғибадат, сауда-саттық және жаза түрлеріне қатысты тарауларға сай реттелген хадистерді қамтиды. Бірақ жамиғтердегі хадистер аталған тақырыптармен шектелмей, басқа да көптеген түрлі тақырыптарды қамтиды. Мысалы, жамиғтерде орын алған Құранның артықшылықтары, тәпсірі, жаратылыстың басталуы, өткен пайғамбарлар, мақтауға лайық қасиеттер (манақиб), пайғамбарымыздың (с.а.с.) жиһад және жорықтары (сиәр), халифалары мен сахабаларының қадір-қасиеттері, иман, тәухид секілді тақырыптарға қатысты хадистерді Сунән кітаптарынан көре алмаймыз. Осы тұрғыдан Жамиғ, аты айтып тұрғандай кез келген тақырыпқа қатысты хадистерді қамтыған ең ауқымды хадис жинағы болып табылады.
Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша қандайда бір хадис жинағына жамиғ деп айту үшін, ол мына сегіз тарауды міндетті түрде қамтуы керек: 1. Иман кітабы, 2. Сунан кітабы, 3. Зуһд (тақуалық) кітабы, 4. Әдеп кітабы, 5. Тәпсір кітабы, 6. Жиһад және жорықтар (сиәр) кітабы, 7. Мақтауға лайық қасиеттер (манақиб) кітабы, 8. Фитән (бүліктер) кітабы. Егер басқа бөлімдер болып, осы аталған тараулардың бірі болмаса жамиғ болып табылмайтындығын айтады.
Екінші ғасырда Жамиғ деп аталған осы хадис жинағының алғаш авторы Муаммар ибн Рашид әл-Әзди. Жазылған екі нұсқасы біздің заманымызға дейін жеткен бұл кітаптың хадис тарихында орны ерекше.
Осы ғасырда Әбу Абдуллаһ Суфиян ибн Мәсруқ әс-Сәури әл-Куфи, Рабиғ ибн Хабиб әл-Бисри, Абдуллаһ ибн Уаһб ибн Муслим әд-Фиһри әл-Қураши, Суфиян ибн Ұйәйнә ибн Мәймун әл-Хиләли секілді хадис ғалымдары әл-Жамиғу «әл-Кәбир» және «әл-Жамиғу әс-Сағир» атты кітаптарымен танымал.
в) Мусаннафтар
Екінші ғасырда жарық көрген кейбір хадис кітаптары мусаннаф деп танылды. Бұлар Сунән кітаптарынан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Өйткені мусаннафтарда да фиқһ үкімдеріне қатысты хадистер ретке келтіріліп жинақталған (тасниф етілген). Сондықтан да муссанаф деп аталған. Алайда бұл жинақтарда Жамиғ кітаптарындағы секілді әрқилы тақырыптарға қатысты хадистерге орын берілмесе де, Сунән кітаптарынан ерекшеленіп, жамиғтерде келген кейбір тақырыптарға байланысты хадистер қамтылады.
Осы тұрғыдан Мусаннаф кітаптарын, қамтыған тақырыптары жағынан Сунән мен Жамиғ кітаптарының арасындағы бір жинақ деп қарауға болады.
Екінші ғасырда Мусаннаф кітаптарымен танымал болған имамдар: Хаммад ибн Сәләмә ибн Динар және Уакиғ ибн әл-Жаррах ибн Мулейх әр-Руаси. Бірақ ибн ән-Нәдим «Фиһрист» атты кітабында аталған екі Мусаннафты Сунән кітаптарына жатқызған. Бұл біздің айтып кеткен Сунән мен Мусаннаф арасында айтарлықтай айырмашылықтың жоқ екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, жалпылама алғанда Мусаннаф атауы алты кітап (кутубу әс-ситтә) жарық көргенге дейінгі кезеңдердегі ауқымды хадис кітаптарына қолданылған.
г) Белгілі бір тақырыпқа арналған кітаптар
Жамиғ секілді хадис жинақтарында қамтылған түрлі тақырыптардың біріне арналған хадистер жинағы екінші ғасырда жазылған хадис кітаптарының бірі болып табылды. Жамиғ, Сунән жинақтарында тақырыптарға бөлінген тарауларға «кітап» атауы берілгендігі үшін, белгілі бір тақырыпқа арналып жеке жазылған хадистер жинағына да «кітап» аты берілді. Олардың кейбірі мыналар:
Суфиян ибн Мәсруқ ибн Сағид әс-Сәури әл-Куфидің «Китәбу әл-Фараид» пен «Китәбу әт-Тәфсир»;
Әбу әс-Салт Зағидә ибн Қудәма әс-Сәқафи әл-Куфидің «Китабу әл-Мәнақиб», «Китәбу әз-Зуһд» пен «Китәбу әт-Тәфсирі»;
Ибраһим ибн Тахмән ибн Шуғба әл-Хорасанидің «Китабу әл-Мәнақиб», «Китәбу әл-Идәйн» мен «Китәбу әт-Тәфсирі»;
Абдуллаһ ибн әл-Мубарак ибн Уадих әл-Ханзали әт-Тәмимидің «Китәбу әз-Зуһд уә әр-Рқайық», «Китәбу әл-Бирри уә әс-Силә», «Китәбу әт-Тәфсир», «Китәбу әл-Жиһады»;
Әбу Мағауия Хушейм ибн Бәшир ибн Қасим әл-Суләмидің «Китәбу әт-Тәфсирі»;
Әбу Бишр Исмайыл ибн Ұләййә әл-Әсәдидің «Китәбу әт-Тахара», «Китәбу әс-Салаһ», «Китәбу әл-Мәнәсик» және «Китәбу әт-Тәфсирі». т.б.
Сонымен қатар, екінші ғасырдың ортасында ретке келтіріліп жинақталған хадис кітаптарының бірі, Сунән және Жамиғ кітаптарынан ерекшеленген, имам Мәлик ибн Әнәстің танымал еңбегі – «әл-Муатта» кітабы.

Пайдаланылған әдебиеттер
Әбу Нуғайым, Хилия, III. 360 б. Ибн Хажар, Тәһзибу әл-тәһзиб, IX. 448 б.
1. Ибн Хажар, Тәһзибу әл-тәһзиб, IX. 448 б. Мұхаммед Ажжаж, әс-Сунна қабла әт-тадуин, 491 б.
2. Ибн Сағыд, Табақат, II. 2. әл-Бұхари, әс-Сахих, I. 33. Ибн Хажар, Фатху әл-Бәри, I. 140.
3. Ибн Абдулбәрр, Жамиғу баяни әл-илм, I. 76.
4. Ибн Хажар, Тәһзибу әт-Тәһзиб, XII. 39.
5. әр-Рамаһурмузи, әл-Мухаддису әл-фасил бәйнә әр-рауи уә әл-уағи, 611-613- б.
6. Ибн Хажар әл-Асқалани, Һәдиу әс-Сәри муқаддимату Фатхи әл-Бәри, I том, 8-б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *