СҮННЕТТІҢ ЖАЗЫЛУЫ МЕН САҚТАЛУЫ

Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология докторы, Нұр-Мүбарак
университетінің оқытушысы

СҮННЕТТІҢ ЖАЗЫЛУЫ МЕН САҚТАЛУЫ

Ислам дінінде Құран Кәрімнен кейінгі ең негізгі діни қайнар көз хадистер болып табылады. Бұны бүкіл мұсылман жұртшылығы ерекше құрметтейтін «әһлу-суннә уәл-жамағат» ғалымдарының ешқайсысы жоққа шығармаған. Алайда соңғы ғасырларда хадис пен сүннеттің діни мәселелерде дәлел ретінде қолданылуы, оған мойынсұнудың міндеттілігі мен сенімділік деңгейіне қатысты түрлі ойлар айтылып, күдік-күмәндер тарала бастады. Ислам тарихына қарасақ, хадистерді сынауға бағытталған бұл қозғалыстың, әсіресе, ХІХ ғасырда Мысыр мен Үндістанда кең етек алғанын көреміз. Ал Үндістан жерінде бұл бағыт жүйелі түрде әрекет жасаған. Өйткені бұл аймақтарда модернизм мен батыс мәдениетінің ықпалы қарқынды түрде жүргізілгенін есепке алған жөн. Сонымен қатар мұндай күмәнді ой-пікірлердің ғылыми негізде жүзеге асуында батыстық шығыстанушылардың әсері аз болмаған. Батыстық шығыстанушыларға тән бұл сыншылдық ағымы (критицизм) әу баста Інжілді сынау мақсатында пайда болып, кейін жүйелі түрде дамытылған-ды. Әрине, батыстықтар үшін бұрмаланған әрі өзі ішінде қайшылықтар жиі кездесетін Інжілді сынға алу орынды шығар, алайда дәл сол өлшемдермен Құран Кәрім мен хадистерді сынау – өрескел қателік еді. Дегенмен хадистерді сынаған батыстық зерттеушілердің негізсіз теориялары кейбір мұсылман ғалымдарына да әсер етіп, бірте-бірте хадистерді сынаушылар шыға бастады. Бұл түсініктегілер тіпті, хадистің дінімізде дәлел бола алатынын жоққа шығаруға дейін барды. Алайда, мұндай жаңсақ пікірлерге мұсылман ғалымдарының дәлелді әрі жүйелі түрде тойтарыс беруі нәтижесінде аталмыш ағым мұсылмандар арасында кең жайыла алмады.
Мұсылман ғалымдары ерте ғасырлардан хадистердің жиналуы-жазылуы және сақталуына қатысты көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіп, көлемді еңбектер жазған. Осы тұрғыда мынаны баса көрсеткен абзал: жалпы адамзат тарихында хадис ілімдері мен хадистерді алу-жеткізу мәселесінде орын алған ерекше жауапкершілік басқа ешқандай мұраларда кездеспейді.
Хадистер ІІІ ғасырда ғана жазыла бастады деген пікірлер бар, алайда ол дұрысқа жатпайды. Хадистердің пайғамбарымыздың тұсында-ақ жазыла бастағанын төмендегі деректерге сүйене отырып, мәселені қолға аламыз. Әуелі хадистерді сақтаудың жазудан басқа да жолдары болған айта кету керек. Негізігі тақырыпқа кіріспестен бұрын осыларға қысқаша тоқтала кетейік.
1. Жаттау. Сахабалар Құран Кәріммен қатар пайғамбарымыздың сөздерін де ерекше ыждаһатпен жаттаған. Өйткені Аллаһ елшісі (салаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Менің сөздерімді жаттап, басқаларға сол күйі жеткізген адамның Аллаһ тағала жүзін жарқын етсін», – деп сахабаларды хадистерді жаттап алып, басқаларға жеткізуге ынталандырған.
Сахабалардың хадистерді ойына тоқуға деген ынта-ықыластары мен құлшыныстары айрықша жоғары еді. Тіпті, кейбір сахабалар соңғы елшінің аманатын басқаларға жеткізу үшін бәрін тастап, арнайы пайғамбарымыздың Мәдинадағы мешітінде тұрған. Тарихта олар «асхабус-суффа» деген атпен кеңінен мәлім.
Бұған қоса, арабтардың есте-сақтау және жаттау қабілеті ерекше мықты болған. Басым көпшілігі өздерінің аталары шежіресі түгіл түйелерінің де тегін жатқа білген. Араб елінің өлеңдерін жеткізуші, ең әйгілі тұлғалардың бірі – Хаммад (қ. 155/772 ж.) әліпбидегі әрбір әріп жайлы ұзын қайырымды жүз өлең жатқа білетінін айтқан. Демек, ұзын саны 3038 шумақ өлеңді жадында ұстаған деген сөз .
Араб жұртшылығы жаттауды жазудан да жоғары санаған. Естіген нәрселерін қағазға түсіруге намыстанған. Өлеңдерін қағазға түсірген шайыр оның жария болуын қаламаған. Өйткені бұл – шайырдың есте сақтау қабілетінің кемістігін аңғартқан .
Міне, ата-бабаларының тарихына, шежіресіне қатысты жыр-дастандарды жаттап әбден төселген арабтар Аллаһ елшісінің мүбарак аузынан төгілген әрбір асыл сөзді де оп-оңай жаттап алатын болған. Әрине, жай өлеңдерден гөрі екі дүниенің бақытына бастар хадистерді жаттауға одан да үлкен жауапкершілікпен қарағандығы айтпаса да түсінікті.
Мысалы, ең көп (5374) хадис жеткізген атақты сахаба Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбарымыздың мешітінің жанында тұрған. Бүкіл уақытын Аллаһ елшісінен ілім үйрену жолында жұмсаған. Ол бір сөзінде: «Түнімді үшке бөлетінмін. Бірінші бөлігін намаз оқумен, екінші бөлігін ұйықтаумен, ал үшінші бөлігін пайғамбарымыздың хадистерін қайталап, жаттаумен өткізетінмін» , – деген.
Бір жолы Мәдина қаласының әкімі Мәруан Әбу Һурайраны үйіне шақырып, кейбір хадистерді риуаят етуін өтінген. Мақсаты оның есте сақтау қабылетінің қаншалықты екенін байқап көру-ді. Өзінің жазу істеріне арнайы тағайындалған катибі Әбу Зуайзаға көрінбейтін жерге отырып, Әбу Һурайраның айтқан хадистерін түгел жазуды бұйырады. Арадан бір жыл өткен соң Мәруан оны үйіне қайта қонақ етіп, былтырғы айтқан хадистерін қайталап айтуын өтінеді. Әбу Зуайза тасада отырып, Әбу Һурайраның айтқан хадистерін бұрынғы жазғандарымен салыстырып отырады. Нәтижеде Әбу Һурайраның бір жыл бұрынғы айтқан хадистерін айна қатесіз дәл қайталап бергеніне көз жеткізеді .
Мұндай оқиғалар хадис ілімі тарихында көптеп кездеседі. Есте сақтау қабілеті дегенді жай бір дағды деп қабылдамау қажет. Бұған ерекше мән берген хадис ғалымдары оны анықтаудың түрлі тәсілдерін дамытқан. Ғалымдар хадис жеткізушілердің жаттау әрі есте сақтау қабілетінің күштілігіне, әділдігіне көз жеткізбестен, олардың айтқан хадистерін дұрысқа санамаған. Осы мақсатта «Әсмаур-рижал», «Жәрх уа тағдил» атты кең көлемді еңбектер жазылып, хадис жеткізушілердің өмірбаяндары егжей-тегжейлі зерттелген. Кейбір адамдар басқалардың кемшілігін іздеу шариғатқа сай келмейді деп қарсы шыққан. Алайда ақиқатқа жету үшін бұның қажеттілігін жақсы түсінген ғалымдар «ақыретте Аллаһ елшісінің «менің хадистерімді өтіріктен неге қорғамадың?» дегенін естігеннен гөрі олармен есептесу оңайырақ» деп, хадистерді жалғаннан қоғауды дінді қорғау деп есептеген . Тарихи шындықты кейінгілерге жеткізу тұрғысынан алғанда, әлемде осыншалықты қатаң да әділ сыннан өтіп барып жеткен ешқандай да тарихи мұра жоқ десек, артық айтқандық емес. Ал осы нағыз ғылыми тәсілді мұсылман ғалымдары сонау ерте ғасырларда-ақ қолға алып, дамытты. Басқалардың айтқанындай кез келген нәрсені хадис деп қабылдай салмай, әбден електен өткізіп барып қабылдаған.
Сахабалар Аллаһтан уахи алған ардақты пайғамбардың әр бір сөзін, тіпті іс-әрекеттерінің өзін жаттауға аянбай кіріскен. Өйткені ол, жай бір қатардағы кісі не болмаса саяси көсем емес, Аллаһ тағала жіберген соңғы хақ пайғамбар-тын. Сондықтан ақиқат десе ішкен асын жерге қоятын, қара қылды қақ жаратын әділдіктерімен тарихта аты қалған сахабалар бұл іске немқұрайлы қарамаған. Соңғы елшінің аманатын көздің қарашығындай сақтағандығына олардың өмірлерімен танысқан кезде, Мұхаммед Мұстафаға (салаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген кіршіксіз сүйіспеншіліктері анық аңғарылады. Олар үшін пайғамбар дүниедегі бар асылдан қымбат тұғын .
Пайғамбарымыздың сахабаларды хадис жаттап, басқаларға жеткізуге ынталандыруы келешек ұрпақтың ислам дінін кемшіліксіз үйренулері үшін жасалған аса маңызды ісі болатын. Өйткені хадис болмаса, Құран Кәрімді дұрыс түсіну қиындық туғызар еді . Сондықтан хадистер Құран Кәрімнің ең үлкен тәпсірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, хадистерді жаттау арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізу, жазу арқылы сақтаудан ешқандай да кем емес.

2. Мүзәкара (өзара талқылау)
Хадистерді сақтаудың екінші бір жолы өзара талқылау болған. Сахабалар жаңа сүннет үйренсе, оны басқаларға жеткізгенше асыққан. Естіген хадистерін өзара талқылап, қателері болса, бір-бірін түзеген. Пайғамбарымыздың төмендегі хадистері сахабалардың осы ісіне үнемі қамшы болып отырған. Мысалы: «Бұл жердегілер естімегендерге жеткізсін! (Бәлкім, олар бұл жердегілерден жақсы түсінер)» ;
«Менен бір аят болса да басқаларға жеткізіңдер!» ;
«Менің сөздерімді жаттап, басқаларға сол күйі жеткізген адамның Аллаһ тағала жүзін жарқын етсін» т.б. хадистер мәселенің тереңдігін аңғартса керек. Пайғамбарымыздың мұндай хадистері болмаған күннің өзінде де сахабалар оның аузынан шыққан сөздерді басқаларға жеткізер еді. Өйткені ол (с.а.с) ілімнің қайнар бұлағы, діннің жеткізушісі, адамзатты тура жолға бастаушы пайғамбар емес пе!?
Сахабалар бастары қосыла қалса, бірден бос сөзге емес, пайғамбарымыздың сөздері мен істері жайлы өзара әңгімелесуге кіріскен. Олар шариғатты толық үйренуді бәрінен жоғары қойған. Бұл кейбір адамдар ғана білетін хадистерді басқалардың да естіп, жаттап алуына мүмкіндік туғызған. Пайғамбарымыз ол кезде көзі тірі болғандықтан мүбада, қателесе қалған жағдайда да түзеуге жол ашық еді.

3. Іске асыру
Сүннеттің сақталуының тағы бір аса маңызды жолы пайғамбарымыздың айтқандарын өмірде іске асыру тұғын. Пайғамбарымыз Құран Кәрімді жеткізіп әрі иләһи бұйрықтардың мәнін халыққа түсіндіріп қана қоймай, оны өз өмірінде толықтай орындап көрсеткен. Айтқан сөздері мен істері бір жерден шыққандықтан, сахабалар оған күмәнсіз бағынып, айтқан кеңестерін бұлжытпай орындауға тырысқан. Кез келген істерінде пайғамбарымызға барынша еліктеген. Сүннет ауыздан-ауызға таралған құрғақ сөз немесе үгіт насихат қана емес, ол өмірдің бүкіл саласына жан бітірген өміршең үлгі болатын. Олардың өмірі тұтастай сүннетке негізделген-ді.
Демек, пайғамбарымыздың нұсқаулары бойынша қалыптасқан өмірлік үлгі де сүннетің сақталуында маңызды рөл атқарған.

4. Жазу
Кейбір сахабалар хадистерді жаттаумен қатар жазып та отырған. Алғашқы кезеңдерде Құран Кәрім толық түсіп аяқталмай тұрғанда, пайғамбарымыздың хадистерді жазуға қатаң тыйым салғандығы белгілі. Бір хадисінде: «Менен естіген нәрсенің бәрін жазбаңдар. Кім менен Құранның тысында басқа сөздер жазған болса, оны жойсын. Менен естігендеріңді басқаларға ауызша жеткізуде тұрған еш нәрсе жоқ. Кімде-кім әдейі менің атымнан жалған сөйлесе, жаһанамдағы орнына дайындалсын» , – деп ескерткен-ді.
Алайда бұл үкім пайғамбарлықтың алғашқы кезеңіне тән еді. Өйткені ол кезде адамдардың хадистерді Құран Кәріммен шатастырып алу қаупі және қағаз тапшылығы да бар-ды. Бұған қоса, кейбір сахабалар Құран Кәрім жазылған парақтардағы аяттардың тұсына пайғамбарымыздың түсіндірмелерін де жаза бастаған-ды. Бұл да Құран Кәрім мен хадистердің бір-біріне араласып кету қаупін күшейте түскен-ді. Пайғамбарымыздың хадистерді жазуға қатаң тыйым салуының мәнісін осы тұрғыдан қараған дұрыс.
Уақыт өте келе Құран Кәрімді жатқа білетіндірдің қатары көбейіп, Құран Кәрім мен хадисті шатастырып алмайтындай жағдайға жеткенде, пайғамбарымыз хадистерді жазуға рұқсат берген, тіпті, кейде хадистердің жазылуын тікелей бұйырған. Осыған қатысты бірнеше мысал келтірейік:
— Ансарлық сахабалардың бірі кейбір хадистерді естігенін, бірақ көбіне ұмытып қала беретіндігін айтқанда, пайғамбарымыз: «Оң қолыңның көмегіне жүгін» деп жазуға ишарат еткен еді .
— Әйгілі сахабалардың бірі Рафи ибн Хадиж (ө. 74/693): «Мен пайғамбарымыздан: «Сізден көп нәрсе естиміз. Бұларды жазсақ бола ма?» – деп сұрадым. Сонда ол: «Жазсаңдар болады», – деп жауап берді», – деген .
— Абдұллаһ ибн Әмр ибн Асқа (қ. 63/682) пайғамбарымыз: «Ілімді сақтаңдар» деді. Ол: «Ілімді қалай сақтау керек?» деп сұрағанда: «Жазу арқылы», – деп жауап қайырған .
— Абдұллаһ ибн Әмр: «Мен пайғамбарымыздан естіген нәрселерді тегіс жазып, жаттап алуға тырысатынмын. Кейбір құрайыштықтар менің бұл ісіме бөгет жасағысы келіп: «Пайғамбар не айтса, соның бәрін тегіс жаза бересің бе? Ол да өзгелер секілді адам баласы ғой. Кейде ашуланып айтып жіберуі мүмкін емес пе?» – деді деп айтқан. Кейін Абдұллаһ ибн Әмр бұл жағдайды Аллаһ елшісіне жеткізгенде, ол аузын нұсқап: «Жаным құдірет уысында болған Аллаһ тағалаға ант етейін, бұл ауыздан хақ сөзден басқа нәрсе шықпайды», – деген.
— Меккенің азат етілуі кезеңінде Аллаһ елшісі бірқатар шариғи әмірлермен қоса адам құқықтарын да қамтитын кең көлемді сөз сөйлейді. Тыңдағандардың бірі иемендік Әбу Шах атты кісі пайғамбарымыздан осы айтқандарын жазғызып беруін өтінгенде, ол сахабаларына: «Осы айтқандарымды Әбу Шахқа жазып беріңдер!», – дейді .
— Әбу Һурайра: «Сахабалар арасында Абдұлаһ ибн Әмрдың тысында менен көп хадис білетін адам жоқ еді. Өйткені Абдұллаһ хадистерді жазатын, мен жазбайтынмын», – деген.
— Ибн Аббас пайғамбарымыздың (қайтыс болар алдында) сырқаты күшейген кезде, «Бір парақ әкеліңдер, ұстансаңдар адаспайтын өсиет жаздырайын» дегенін жеткізеді . Бұл да пайғамбарымыздың өзі көзі тірісінде хадистердің жазылғанын қалағанын көрсетеді.
Аталмыш мәліметтер алғашқы кезеңде хадистердің жазылуына тыйым салынғанымен, кейінгі кезеңдерде рұқсат берілгендігін, тіпті пайғамбарымыздың өзі хадистерді жазғызғандығына нақты дәлел саналады.
Хазірет Омар, Әли (р.а.), Абдұллаһ ибн Мәсғуд т.б. сияқты белгілі сахабалардың да әуел баста хадистерді жазуға қарсы болғандығы белгілі. Бірақ Құран Кәрім кітап ретінде жинастырылып, сақталғаннан кейін олар да хадистің жазылуына рұқсат берді . Тіпті Әбу Бәкір (р.а.) мен Омардың (р.а.) өзі хадистерді жазғызуға ниеттенген. Бірақ адамдардың көбі Құран Кәрімнен гөрі хадиспен шұғылданып кетер деп, бұл ойларын іске асырмаған. Бұл да пайғамбарымыздың хадистерді жазуға рұқсат бергенін көрсетеді. Негізінен, бастапқыда хадистердің жазылуына тыйым салған хадистер мен кейін рұқсат берілген хадистерді топтастырып, талдап саралаған кезде, ғалымдар мына пікірге келген: тыйым салған хадистер мен рұқсат берген хадистер жалпы үкім емес-ті. Өйткені тыйым салатын себеп пен жағдай туған кезде жазу тоқтатылған, ал олар шешілген кезде рұқсат берілген. Енді пайғамбарымыздың өзі арнайы жаздырған хадистеріне тоқтала кетейік.
Ең алғаш жазылған хадистер, яғни, айғамбарымыздың ілім үйренуге келген делегацияларға жаздырған нұсқаулары мен дипломатиялық хаттары
Мәдинадан алшақ жерлерде тұратын кейбір ру-тайпалары ислам дінін қабылдағаннан кейін пайғамбарымыздан дінді үйреніп келуге арнайы кісілер жіберген. Олар едәуір уақыт Мәдинада тұрақтап Құран Кәрім оқуды, діни үкімдерді үйренген. Елдеріне қайтарда олардың кейбіреулері өздері әрі руластары үшін кейбір нұсқаулар жазып беруін өтінген. Пайғамбарымыз олардың өтінішін жерге тастамай, ең қажетті деген діни үкімдерді жаздырып берген. Мысалы:
Әбдүлқайс руынан Мұнқиз ибн Хаиян пайғамбарымызға келіп исламды қабылдайды. Еліне қайтар кезде пайғамбарымыз оған кейбір нәрселер жаздырып, беріп жібереді. Алғашында ол мұны ешкімге көрсетпей жасырын сақтап жүреді. Кейін оның уағыздауымен қайын атасы мұсылман болған соң, әлгі жазбаша мәліметтерді соған тапсырады. Қайын атасы бұл жазылғандарды руластарына оқыған кезде олардың көпшілігі ислам дінін қабылдайды. Міне, осы әйгілі Әбдүлқайс делегациясының пайғамбарымызға келуі осы оқиғадан кейін орын алған-ды. Бұл оқиғаға қатысты Бұхари мен Мүслимнің жинақтарында көбірек мәліметтер қамтылған .
Пайғамбарымыздың кезеңінде әмбе жұртқа аян болған бір жазбаша нұсқа бар. Ол –Аллаһ елшісінің Мәдинаға қоныс аударуының алғашқы жылдарында арнайы тағайындалған хатшыларына жаздырған бір мәтін. Онда мұһажир, ансар, мәдиналық арабтардың құқықтары мен яһудейлермен жасалған келіссөздер қамтылған . Бұл – өз кезегінде енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан ислам мемлекетінің Атазаңы немесе келісім шартының тәуәтур (жалған айтуы мүмкін емес көпшілік қауымның жеткізген хабары) жолы арқылы жеткен бір нұсқа екендігінің айқын дәлелі.
Пайғамбарымыз басқа да көптеген делегациялар үшін (Уәйл ибн Хужр (қ. 44/664 ж.), Ғамид Хасам, Сумәлә және Хұддан руларының және т.б. делегациясы ) жазбаша нұсқаулар беріп отырған . Сонымен қатар пайғамбарымыздың Византия императоры, мысырлық Муқауқысқа, Хабашістан патшасы Нәжәшиге, Иран патшасына жолдаған хаттары да ислам тарихында көпшілікке аян. Жалпы алғанда, пайғамбарымыздың кез келген мақсатта жаздырған қандай да бір құжатты хадис пен сүннеттің шеңберінде қарастыру керек.
Ибн Сағдтың «Табақат» және М. Хамидуллахтың жоғарыда аты аталған «Мәжмуатул-уәсәиқис-сиясииә» кітаптарынан осы тақырыпқа қатысты көптеген мәліметтер табуға болады. Бір мақаланың көлемінде бұлардың бәрін қамтып жату мүмкін болмағандықтан, осы мәселенің анық-қанығын сол кітаптарға табыстаймыз. Өйткені оның арнайы зерттеуді талап ететіні сөзсіз.
Садақа кітабы: Пайғамбарымыз зекетке жататын дүние-мүліктерден алынатын зекеттің мөлшеріне қатысты діни үкімдерді қамтитын құжаттар жаздырған. Бұл құжат «Китабус-садақа» деп аталды. Абдұллаһ ибн Омар (қ. 74/693 ж.) пайғамбарымыздың садақа кітабын жаздырғанын және қайтыс боларының алдында оны қалалардағы әкімдерге жолдағанын, кейін Әбу Бәкірдің (р.а.) өмірінің соңына дейін осы үкімдер бойынша амал жасағанын, одан кейін халифа болған Омар (р.а.) да оның үкімдерін пайдаланып өткендігін айтып кеткен .

Әмр ибн Хазмның нұсқасы
Хижраның 10-жылында Нәжран аймағы мұсылмандардың қол астына қарайды. Пайғамбарымыз Йемен өңіріне Әмр ибн Хазмды (қ. 53/673 ж.) әкім етіп тағайындайды. Артынша Үбәй ибн Кағбқа (қ. 22/643 ж.) хат жазғызып, оны Әмр ибн Хазымға жолдатады. Ол хатта кейбір кеңестермен қатар дәрет, намаз, зекет, қажылық, ұмра, басқару, тәлім-тәрбие т.б. қатысты діни үкімдер бар тұғын.
Әмр ибн Хазым әкімдік шағында осы үкімдерге сүйеніп билік жүргізген. Кейін қайтыс болғаннан кейін бұл құжат немересі Әбу Бәкірде (қ. 120/738 ж.) қалған. Имам Зуһри бұл нұсқаны содан алып, көбейткен .
Осылайша пайғамбарымыз өзі тағайындаған әкімдерге арнайы нұсқаулар жазып жіберіп отырған. Әбу Һурайра мен Ала ибн әл-Хадрамиды Хәжәр зәрдүштеріне елші етіп жіберген кезде оларға зекет пен дәнді-дақылдардан алынатын үшір жайында арнайы үкімдерді қамтитын ережелерді жаздырып жолдаған.
Содай-ақ Муаз ибн Жәбәл (қ. 18/639 ж.) мен Мәлік ибн Мұрәраны Йеменге жіберген кезде де осындай шариғи үкімдер қамтылған нұсқаулар жаздырып жібергені белгілі .
Сахабалардың хадис жазған нұсқалары
Кейбір сахабалар пайғамбарымыздың берген жеке рұқсаты негізінде хадистерді жазғанын жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Хадис тарихына байланысты қайнар көз кітаптарда бұларға қатысты көптеген мәліметтер бар. Алайда бұл парақтарда нақты нелер жазылғаны жайлы толық әрі көлемді мәліметтер жоқ. Өйткені кейбір сахабалар мен табиғиндер қайтыс болмас бұрын әлгіндей парақтарын сол кездегі жағдайдың ерекшелігіне байланысты жойып жіберген. Олар құжаттардың жаман пиғылды адамдардың қолына түсіп, басқаша мақсаттарда қолданбау үшін осылай жасаған . Кейбіреулері қолдарындағы жазылған мәтіндерді өзі сенген адамдарына өсиет етіп қалдырған. Ал кейбір парақтар сол кездері орын алған өртке т.б. себептерге байланысты жоғалып кеткен. Сонымен қатар сахабаларға тән жазбаша хадис нұсқаларының көбі пайғамбарымыздың кезінде жазылып, өздері қайтыс болғаннан кейін балалары, немерелері немесе жақын туыстары арқылы басқаларға жеткізіліп отырған. Абдұллаһ ибн Әмр ибн Ас, Жәбир ибн Абдұллаһ, Әли ибн Әби Талибтің нұсқасы, Сәмурә ибн Жүндуб, Әбу Һурайра, Абдұллаһ ибн Аббас, Абдұллаһ ибн Омар, Сағд ибн Үбәдә хадис тарихында өздеріне тән жазылған хадис нұсқалары болған сахабалар қатарында аталады.
Хәммәм ибн Мунәббихтің «Сахифәтус-сахиха» атты хадис жинағы
Табиғин кезеңіндегі танымал ғұлмалардың бірі Хәммәм ибн Мүнәббих (қ. 40-131 ж.) – хадис саласында ең көп хадис жеткізген сахаба Әбу Һурайраның көзін көріп, содан хадистерді тікелей өзінен жазып алған кісі. Ол жазған хадистерін топтастырып, жасаған жинағын «Сахифәтус-сахиха» деп атаған. Бұл хадистер бізге Әбу Һурайрадан алған күйінше сақталып жеткен. Профессор М. Хамидуллах бұл жинақтың екі нұсқасын Дамаск пен Берлин кітапханаларынан тапқан. Ахмад ибн Ханбал өзінің «Мүснәдінде» осы хадистерді келтірген. Имам Бұхаридың да «Сахихында» әртүрлі бөлімдерде Хәммәм ибн Мүнәббихтің жинағынан хадистер келтірілген. Табылған қолжазба мен хадис жинақтарында келтірілген хадистердің бірдей болуы хадис жинақтарының сенімді түрде жеткендігін дәлелдей түседі.
Хәммәм ибн Мүнәббихтің жинағы хадис тарихында үлкен жаңалық болды. Өйткені бұл хадистердің ерте кезден бастап-ақ жазыла бастағандығының айқын дәлелі.
Хадистерді жинастыру хижра екінші ғасырдың басында ғалымдар арасында кең тарағаны соншалықты – хадиске байланысты тасниф немесе жамиғ кітабы болмаған ғалымды көрсету мүмкін емес .
Хадистердің ресми түрде жинастырылуы
Табиғиндер Құран Кәрім мен хадистерді таза күйінде сақтап, өмірлеріне өрнектей білген сахабалардың көзін көріп, тікелей солардың ілім бұлақтарынан сусындаған. Пайғамбарымыздың інжу-маржан хадистерін солардан алып үйренген. Табиғиндер кезеңінде де хадистер ауызша таралып, алдыңғы қатарлы ғалымдардың көбі хадистің жазбаша жинастырылуына қарсы болған. Ол кезде ғалымдар жазудан көрі ұстаздан ауызша үйрену жолы арқылы хадисті сақтау керек деген түсінікте еді. Өйткені ауызша өзара талқылау барысында бір-бірінің қателерін түзетіп алу мүмкіндігі бар еді. Ғалымдар жазылған парақтарға ғана сүйену адамның есте сақтау қабілетін азайтып, амал етуден де алшақтатады деген. Бірақ заман талабына орай хадистерді жазу арқылы сақтағандардың да қатары көбейе түскен. Уақыт өткен сайын хадистер мен өзге де тарихи жайттарды жазуға деген қажеттілік күшейген. Нәтижеде хижра бірінші ғасырының соңында хадистердің жазылуына қарсы болған ешкім қалмаған-ды.
Хадистерді жинастыру (тәдуин) ресми түрде мемлекеттің шешімі арқылы тақуалығы әрі әділдігімен тарихта аты қалған Омар ибн Әбдүлазиз (қ. 99 немесе 101 х.) кезінде басталды. Ол ғұламалардың ортасында өсіп жетілген және олардың ілім аясынан ешқашан жырақ қалмаған. Ол өзі хадистерді жазумен қатар ғалымдарды да осы іске жігерлендірген. Ақыр соңында хадистердің ұмытылып, жоғалып кетуінен қорыққан Омар ибн Әбдүләзиз хадистердің жинастырылуына қатысты шешім қабылдаған.
Сонымен қатар сол кезеңдегі саяси әрі діни дүрдараздықтардың күшеюі арқылы ойдан хадис шығарушылардың көбеюі де ғалымдардың осы істі қолға алуларына түрткі болған.
Бесінші халифа Омар ибн Әбдүлазиз жан-жаққа хаттар жолдап, хадистерді жинастыруға бұйрық берген. Бұйрық беріп қана қоймай сол жердегі жауапты кісілерге сүннеттің үйретілуі мен қайта жандануы үшін ғалым-білгір кісілерге қолдан келген көмектің көрсетілуін де шегелеп табыстап отырған . Оның халифалық кезеңі қысқа болғанына қарамастан ол бүкіл күш-жігерін хадистердің жинастырылуына жұмсаған.
Хадистерді жинау ісі табысталған кісілердің бірі өз ғасырының танымал ғұламасы және ғылыми ортада үлкен беделге ие Ибн Шихаб әз-Зухри (қ. 124 х.) еді. Ол жас кезінен-ақ, ғылымға ерекше берілген хадистер мен сахабалардан жеткен хабарларды хатқа түсірген. Ибн Шихаб әз-Зухри — Омар ибн Әбдүлазиз кезеңінде хадистерді алғашқы жинағандардың бірі. Бесінші халифа оның осы еңбегінің жемісін көрген де еді. Ол әз-Зуһридің жинастырған хадистерін жазғызып, көбейтіп, жан-жаққа жібергізді . Хадистердің жинастырылуында оның еңбегі орасан зор.
Осы ғылыми бастаманың арқасында арада көп өтпестен хижра екінші ғасырдың алғашқы жартысында хадиске байланысты ірі кітаптар жазыла бастаған. Бұл кітаптар бір-біріне жақын кезеңдерде әртүрлі аймақтарда жазылған. Бір кездері хадистерді парақтар мен дәптерлерге жазған ғалымдар енді хадистерді тақырыптарына қарай реттестіріп түсірген. Бұлар жинастырылу ерекшеліктеріне қарай «мусаннаф», «жамиғ», «муснәд» т.б. деп атала бастады. Ең алғаш мұндай кітапты кім жазғаны жайлы нақты мәлімет жоқ. Дегенмен алғашқы хадис тарихына байланысты кітаптарда мына кісілер аталады: Меккеде Әбдүлмәлик ибн Әбдүләзиз ибн Жүрәйж әл-Басри (қ.150 х.), Мәдинада Мәлик ибн Әнәс (93-179 х.) немесе Мұхаммед ибн Исхақ (қ.151 х.), Мұхаммед ибн Абдуррахман б. Әби Зибб (80-158 х.) имам Мәликтің «Муатта» атты жинағынан да көлемді Муатта жинағын жасаған. Басрада Рәби ибн Сәбих (қ. 160 х.) немесе Саид ибн Әби Арубә (қ. 156 х.), Куфада суфиан әс-Сәури (97-161 х.), Йеменде Мамер ибн Рәшид (95-153 х.), Шамда Имам Абдуррахман б. Әмр әл-Әузәи (88-157 х.) т.б.
Бұл жинақтардың көбісі Мәлик ибн Әнәстің «Муатта» атты жинағы тәрізді пайғамбарымыздың хадистерімен қатар сахабалар мен табиғиндердің де пәтуаларын қамтыған. Оның жинағында үш мың мәселе мен жеті жүз хадис жинақталған . Содан кейінгі кезеңдерде кейбір ғалымдар тек пайғамбарымыздың хадистерін ғана қамтыған «Мүснәд» деп аталатын жинақтар жаза бастаған. Ең алғашқы мүснәд кітабын Әбу Даууд Сүлейман ибн Жәруд әт-Тәиәлиси (133-204 х.) жинақтаған. Әсәд ибн Муса әл-Әмәуи (қ. 212 х.), Ұбәйдұллаһ ибн Муса әл-Абси (қ. 213 х.), Мусәддәд ибн Басри (қ. 228 х.), Ахмәд ибн Ханбәл (164-241 х.), Исхақ ибн Рахуиә (161-238 х.) және т.б. сынды әтбағут-табиғин және одан кейін келген буынның ғұламалары да кітаптарын осы тәсілмен жазған.
Одан кейігі кезеңдерде барып танымал кутубус-ситтә (Бұхари, Мүслим, Әбу Дәууд, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мажә) жинастырыла бастады.
Сөз түйіні, хадистерді риуаят етуге сахабалар мен олардан кейін келген табиғиндер ерекше жауапкершілікпен қараған. Өйткені хадисті көздің қарашығындай сақтау дінді сақтаумен парапар еді. Ғалымдар хадистерді иснадтарымен (хадистерді жеткізушілердің тізбегі) қоса жазып, ойдан шығарылған хадистердің бәрін сұрыптап, електен өткізіп барып кітаптарына енгізген. Олар қазіргі кездің өзінде сирек кездесетін талғампаздық арқылы хадистердің сенімді дұрыстарынан әлсіздерін ажыратып, үлкен қажыр-қайрат жұмсап, хадистерді сақтауға үлес қосқан.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *