Нағима БАЙТЕНОВА,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, философия және дінтану
кафедрасының меңгерушісі
Бағдат БЕЙСЕНОВ,
философия ғылымдарының кандидаты,
Нұр-Мүбарак университетінің доценті
ДІНТАНУ ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы ХV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Білім және ғылым министрлігі қазақстандық қоғамның ерекшеліктерін ескере отырып, этно және поли мәдени білім беруді дамыту жөнінен тұжырымдамалық ұсыныстар дайындау керек. «Толеранттылық негіздері» атты факультативтік курс әзірлеп, оны мектептер мен ЖОО-ларға енгізу қажет», – деп атап көрсетті,[1]. Сонымен қатар қазақ қоғамындағы дінаралық келісім ұлттық бірлігіміздің маңызды бөлігі екендігін баса айтты. Дінтану пәнін білім беру жүйесінде оқыту әлемдік және ұлттық мәдениеттің озық жетістіктерін үйрену мен жас ұрпақтың дүниетанымдық бағыт-бағдарын айқындауда, тұлғаның рухани бітім-болмысын қалыптастыруда өзіндік үлес қосары анық. Дінтану пәні жас жеткіншектердің әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің адамзат өркениетінде алатын орны мен атқарар рөлін, діндердің қоғамдық өмірге тигізер ықпал әсерін, діни дүниетанымның құрылымы мен ерекшелігін, қоғамдық сананың мәңгілік формасы ретіндегі діннің атқарар қызметін игеруге және түсінуге мүмкіндік береді. Дінтану пәнін оқытуда діннің пайда болуы және дамуын, қызмет ету заңдылықтарын, адамзат тарихында діннің алуан түрлі феномендерінің көрінуін, діни мәдениеттің басқа салалары мен өзара байланысы мен өзара ықпал әсерін, діндердің рухани әлеуеті мен құндылықтарын, ортақ ұстанымдары және айырмашылықтарын үйрету, діни төзімділік пен келісім қағидаттарын ұрпақтың санасына рационалды түрде сіңіру жауапкершілікпен атқарылуы тиіс.
Дінді оқыту адам, қоғам, дүние туралы дүниетанымдық және философиялық сұрақтарға жауап іздеу болып келетіні даусыз.
Қазіргі білім беру жүйесінде Дарвиннің эволюциялық ілімі сақталғанын есепке алсақ, креациондық және эсхатологиялық түсініктерді талдап түсіндіруде өзіндік қиындықтар тудыратыны даусыз. Дінтанушы мамандардың жетіспеушілігінен туындаған жағдайға байланысты дінтану пәнін оқытатын тарихшылар, географтар және т.б. сынды мамандар діндер тарихын білуімен қатар, діндердің сенімдік ілімін (теологиясын) діни ахлақ және құндылықтарын жан-жақты білуі жөн. Сондықтан дінтану пәнін оқытатын мектеп оқытушылары үшін арнайы ұйымдастырылатын білімді жетілдіруші курстар мен семинарлар, жазғы университеттер ұйымдастырылуы уақыт талабы.
Осындай іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу білікті дінтанушы маман дәріскерлерді қажет етеді. Бұл қажеттіліктен туындайтын маңызды іс-шараға Қазақ ұлттық университетінің ғылым философиясы және дінтану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы өзіндік үлес қосар еді.
Бұл кафедрада 1999 жылдан дінтанушы мамандар бакалавр және магистр академиялық дәрежелерімен бітіруші түлектер дайындалуда. Кафедра оқытушылары Елбасымыздың жетекшілігімен өткізілген әлемдік және дәстүрлі діндердің II- сьезі қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті бетінде діндер тарихына қатысты мақалалар тізбегін жариялады. «Қазақ-стандағы діндер», «Қысқаша діндер тарихы» атты және діндер тарихына қатысты бірнеше кітаптарды дайындап шығарды. Бұл тұрғыда кафедра – дінтануда бакалавриат және магистратура сатыларына арналған мемлекеттік міндетті білім беру стандарттарын және типтік оқу бағдарламаларын дайындаған білікті ұжым. Дінтану пәнін оқытуда ең маңызды іс – оқулық және пәннің бағдарламасын дайындау. Дінтану пәнінің бағдарламасын және оқулығын ҚР Білім және ғылым министрлігі бекітіп, еліміздің мектептерінде жүйелі түрде енгізілуін және оқыту әдістемесін бір ізге келтіруін қадағалауы тиіс.
Дінтану оқыту әдістемесін жүйелеп жетілдіру үшін белгілі дінтанушы ғалымдар мен мамандар қатысатын республикалық деңгейдегі конференциялар еліміздің ірі қалалары мен аймақтарында өткізілгені абзал. Елімізде дінтану саласында жиналған тәжірибені кең түрде қолдану білім беру сапасын жетілдірумен қатар, дінтану пәнінің ұстаздары үшін оқу-әдістемелік көмек болар еді. Үйретуші семинарлар мен конференциялар дінтану пәнінің ұстаздары үшін білім мен тәжірибе алмасу бағытында жасалған маңызды қадам осындай іс-шараларда дінтану пәнінің мақсаты мен міндеттері, дінтану пәнінің құрылымы, зерттеу әдістері, ұғымдарымен терминдері, баяндау қағидаттары, дінтанудың негізгі теориялары, діннің құрылымы және элементтері, мәдениет жүйесіндегі рөлі туралы жан-жақты білім беру іске асырылады.
Дінтану – діндер туралы ілім болғандықтан діннің шығуы, мәні және дамуы, діни ілімдер, ғибадаттар және олардың ерекшелігі туралы кешенді білім. Сондықтан дінтануды оқытуды негізгі ұстаным діндер туралы толыққанды ғылыми негізделген тұжырымдар мен әлемдік дінтану саласындағы жетістіктермен нәтижелер баяндалуы керек, яғни пәнді қарастыруда нақты-тарихилық және обьективтілік басты өлшем. Оқытушының діни нанымы мен дүниетанымдық ұстанымы негізге алынбауы лазым.
Еліміздің Ата Заңы баптары және ар-ождан бостандығы сақталуы тиіс. Дінтануды оқытуда діннің рухани мәдениеттің дамуы аясындағы орны, мәдениеттің феномені ретіндегі діннің ерекшелігін, діни мәдениет ұғымын ашу және ұлттық руханияттағы діннің рөлін көрсету де маңызды.
Адам өмірінің мәні мен мақсаты, өлім және өміршеңдік, жан мен тән арақатынасы, адам болмысы мен тіршілік сынды дүниетанымдық мәселелерді талдау дінтану пәнінің оқытатын ұстаздар үшін философиялық ойлау мәдениеттің тереңдігін талап етеді. Дінтану пәнінде оқушылар адамзат мәдениетінде жинақталған адам, қоғам, әлем жөніндегі діни және діни емес дүниетанымның ерекшелігі туралы хабардар болуы тиіс.
Зайырлы мәдениет және діни мәдениет ерекшелігін және жалпы адамзаттық құндылықтардың артықтығын, яғни діни және діни емес дүниетаным түсініктерінің біріктіруші және сұхбаттастық негіздерін төзімділікпен түсіндіру. Дінтану оқыту мазмұны мен әдістемесі зайырлылық пен төзімділік қағидаттары, ар-ождан, діни сенім бостандығы және ой-еркіндігі сынды еліміздің және халықаралық құқықтық құжаттар талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Дінтану пәнін оқытуда әлемдік және дәстүрлі діндердің адамзатқа ортақ құндылықтары мен мұраттарын оқушылардың дүниетанымына сіңіру ұстазға зор жауапкершілік жүктейді. Дінтану пәнінің оқытушысы сабақ беру процесінде шетелдік және отандық оқулықтар мен әдебиеттерді пайдалану барысында көп ізденуі қажет. Әдебиеттерді қолдануда еліміздегі қалыптасқан діни жағдай, шетелдік жат діни ағымдардың теріс ықпал әсері, экстремистік пиғылдағы діни топтардың зиянды ұстанымдарын әшкерелейтін баспасөз материалдары, сондай-ақ сабақ барысында тиым салынған әдебиеттер және діни басқарманың пәтуалары үнемі назарға алынуы керек.
Дінтану пәнін оқыту процесінде Қазақстандағы діндердің тарихи мен діни іліміне, ғибадаттық ерекшеліктері мен діни мейрамдарына ерекше тоқтала кеткен жөн. Қазақстандағы сүнниттік ислам және христиандық православиялық бағыттың елімізге келуі мен таралуын жан-жақты қарастыру, ислам мен христиандықтың елімізге дінаралық татулық пен келісімдегі атқаратын қызметін ашып көрсету керек.
Дәстүрлі ұлттық діндердің қоғам өмірінде және ұлттардың рухани мәдениеті мен дүниетанымдық ұстанымдарындағы алатын орнын саралау қажет. Дінтану пәнін оқытатын мұғалімдер ең алдымен өздерінің әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер, әсіресе ислам туралы жеткілікті білімі мен білігі болуы қажет. Дінтану пәніне жақын философия, мәдениеттану сияқты ғылымдардан хабары болуы тиіс.
Дінтану пәні оқытушысының бітім-болмысы мен мәдениеті және өмірі үлгілі және діни-философиялық мәселелер төңірегінде пікір талас жүргізе алатындай деңгейінде болуы дінтану пәнінің қызықты және тағылымды болуына оң ықпалын тигізеді.
Дінтану пәнін оқып-үйрену арқасында жас ұрпақ, діннің адамзат өркениеті мен ұлт пен ұлыстардың мәдениетіндегі орнын, рухани құндылықтардың тәлім-тәрбиелік маңызын, діни төзімділік пен ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін, әртүрлі лаңкестік және экстремистік, зиянды миссионерлік ағымдарды білетін болады.
Дінтану пәнін оқыту ең алдымен еліміздегі дінаралық келісім мен ұлтаралық татулыққа, еліміздің гүлденуі жолына қызмет етуі керек.
Білім беру жүйесінде дінтану пәні қоғамда және әлемде болып жатқан үрдістерді теориялық ұғынумен байланысты туындайтын білімдерге деген жас ұрпақтың сұранысын, талап-тілегін қанағаттандыруға бағытталуы керек. Дінтану пәні – адам үшін маңызды. Ол дүние мен ғалам, құрылым, өлім мен өміршеңдік, тіршілік мәні, құндылықтар жүйесі, адам болмысы, махаббат, руханият, шектілік пен шексіздік, жан мен тән арақатынасы сияқты мәнді сұрақтарға жауап береді. Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің пайда болуы мен даму ерекшеліктерін, діни ілімі мен ғибадаттық негіздерін адамзат өркениеті мен діни мәдениет аясында ұғынықты негізде түсіндіреді. Оқушылар діндердің тарихы мен ілімін терең түсінумен қатар, діндердің рухани құңдылықтарын салыстыра талдауға үйренеді. Қазіргі заманғы оқыту әдістемесі дінтану пәнінің практикалық маңызын ашумен қатар, интеллектуальды тұрғыдан тағылымды, оқып-зертеу үшін қызықты, жас ұрпаққа берері мол пәнге айналдыруы қажет. Әрбір дінтанушы қоғамдық ғылымдардың озық жетістіктерін пайдалана отырып, оқытудың өзіндік тиімді әдістерін табуы керек. Өйткені алғашқыда дінтану пәнін оқытудағы қиындықтар түрлі оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарының жетіспеушілігінен, оқытудың белсенді формаларын дайындаудағы кемшіліктерден туындайды. Оқытушы сабақ бергенде әлемдік және ұлттық діни сенімдердің ерекшеліктері мен ортақ, үндес негіздерін түсіндіруге, діндердің адамзат руханиятына қосқан үлесін, бүгінгі таңдағы діни бағыттардың ұстанымдарын талдап бағалауға көңіл аударуы керек. Оқушыларды діни әдебиеттерді оқып, түсіну мәдениетіне үйрету үшін Құран Кәрім, Інжіл,Тәурат бойынша қысқа үзінділерді үй тапсырмасы ретінде беру арқылы адамзатқа ортақ руханият құндылықтарын нақты дәлелдеуге болады. Қасиетті кітаптардың құрылымы мен мазмұнын, негізгі идеяларын түсіндіру үшін ортақ ұғымдар мен мәселелерді қарастыру керек. Алайда оқушылар үшін күрделі және ауқымды діни мәселелер мен ұғымдарды, діни-философиялық ағымдардың ұстанымдарын түсіндіруде белгілі бір шекті ұстанған жөн. Өйткені оқушылардың діни мәтіндер мен діни-философиялық ағымдар және теологиялық қағидаттар туралы түсініктері шектеулі. Дінтану пәні жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды оқытатын болғандықтан оқушылардың рухани білімін және дінге қатысты түсінігін және өмірдің мәнді сұрақтарына жауап беретін ойлау мәдениетіне үйрету керек. Елімізде қалыптасқан діни жағдайды ескерсек, ұрпақты өзінің ата-бабасының құндылықтары негізінде тәрбиелеу плюрализмі мен түрлі діни сенімдерді уағыздаған миссионерлік және жат — ағымдар жағдайында өзіндік дүниетаным қалыптастыру және өз ой-пікіріңді айқындау, адамзатқа ортақ құндылықтар мен ұлттық мәдениет құндылықтарды ардақтауды жас ұрпаққа қалай үйретеміз. Бұл міндеттерді шешу оқушылар үшін дінтану пәнінің барынша өзекті де тиімді концепциясын дайындаумен қатар, қазіргі заманға талаптарға сай әдістемелік және шығармашылық ізденіске негізделген жаңа оқыту әдістемесін жасау жолдарын іздеуге жетелейді.
Дінтану оқыту әдістемесі тұлғаның рухани болмысын жетілдіруге және мәдениетін қалыптастыруға, руханият жетістіктерін жан-жақты түсінуге, діни ілімдерді зерделеп, талдауға үйретумен қатар, басқаның мәдениетіне түсіністік пен қарауға, діни толеранттылық дінаралық келісім ұстанымдарын сыйлауға тәрбиелейді.
Дінтану білім беруді ізгілендіру үдерісінде өзіндік рөл атқарады. Діни мәдениет пен шынайы руханилық бұл маңызды гуманистік құндылық. Бүгінгі өмір дінтану пәнінің оқытушысына үлкен жаупакершілік жүктейді. Дінтану пәнінің оқытушысы ақыл-парасатымен, жеке мәдениетімен, рухани дүниесінің байлығымен, шығармашылық әлеуетімен, жауапкершілік сезімімен даралануы тиіс.
Дінтану пәнінің оқытушысы өзінің наным-сенімін және дінге қатысты көзқарасын оқушыларға танбауы тиіс. Әрбір дін өзінің тарихы және ілімі тұрғысынан берілуі тиіс. Оқытушының дінге көзқарасы оқыту барысында бейтарап болуы тиіс.
Еліміздегі мұсылман халықтарының басым бөлігі ұстанатын Әбу Ханифа мазһабының ерекшеліктерін жас жеткеншектерге үйрету халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымақты өмірінің шарты десек, діни ұстанымдағы татулық пен көзқарастың бірдейлігі рухани тұтастықты нығайта түседі. Оқушылар ислам өркениеті мен мәдениетінің інжу-маржандары мен құңдылықтарын ақыл-парасат пен білім негізінде түсінуі қажет. Сондықтан басқа діндегі отандастарымызға құрметпен және түсіністікпен қарайтын, Отанын, мәдениетін, тарихын сүйетін рухани жан дүниесі бай, иманжүзді, әдепті, білімді де білікті жас ұрпақты тәрбиелеу басты мұратымыз.
Пайдаланылған әдебиет
1. Н.Ә.Назарбаев. Ұлттық бірлік – біздің стратегиялық таңдауымыз. // Егемен Қазақстан, 27.10.2009 ж.