ИСЛАМ ТАРИХЫН ОҚУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

ИСЛАМ ТАРИХЫН ОҚУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

Ислам тарихы б.з. 610 жылы «Құран уахиының» келуi және Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбар болып таңдалуынан бастау алады. Меккеде оқуды әмiр етiп, каламды дәрiптейтiн алғашқы уахимен «Исламға шақыру» дәуiрi орнады. Исламға шақырудың қайнар көзi – Құран Кәрім, тек исламның сенiм, ибадат және мораль негiздерiн уағыздап қана қойған жоқ, сонымен қатар адамзат тарихына байланысты жалпы мәлiметтер бердi. Адамзат тарихынан келтiрген дәлелдерiнде адам баласының жаратылуы, халықтар мен мемлекеттер тарихы, пайғамбарлар мен билеушiлер тарихы, дiндер мен түрлi мәдениеттер тарихы турасында ғибрат аларлық түсiнiктемелер ұсынды. Негiзiнде, исламды үйрете отырып, өткен дәуiрлерде өмiр сүрген халықтар мен билеушiлердiң сенiм, ибадат, мораль, әлеуметтiк және экономикалық жағдайы туралы мағлұматтармен таныстырды. Одан арғы зерттеуiн дүниедегi жағдайлармен тiкелей байланыстырып, әртүрлi адамзат қоғамының өз өлкелерiндегi тұрмыс-тiршiлiгiн баяндаумен толықтырды.
Осылайша, мұсылмандар адам баласының өткен дәуiрi мен жасаған iстерiн жалпы, бiрақ үйрету әдiсiмен ұсынған Құран Кәрімнен тарихи деректердiң маңызды бөлiгiн дайын күйiнде алды. Құран Кәрім сүрелерi мен аяттарының ақиқат негiздерiнiң бәрi де ___»тарихи оқиға» мен «айғақтар».
Ислам пайғамбары Мұхаммед (с.а.с.) жеткiзген шақырудың адам өмiрiне байланысты түсiнiктемелерi мен VII-VIII ғасырларда Арабияда өмiр сүрген яһуди (иудей) және христиан мәдениетiнiң дәл сол тақырыптағы пiкiрлерiнiң арасында ұқсастықтар болса да, адам мен оның жаратылысы туралы ислами көзқарас – негiзiнен, өзiндiк ерекшелiктерге ие және ешқандай түсiндiрме жасауды қажет етпейтiндей айқын.
Ислам ақылға және шындыққа сай келетiн тарихи баяндамалар жасап, бұ дүние мен о дүние өмiрiнiң ақиқаттығын қажетiнше түсiндiрудi мақсат етедi. Бұ дүниедегi өмiрдiң әрбiр адамның өз iсiне жауап беретiн Есеп күнi (Йауму-л-адл) – Қиямет күнi бiтетiндігiн, о дүниедегi өмiрдiң де келешекте болатындығының ақиқат екендiгiн баяндайды. Ислам, осылайша, өткен тарихтың бар екендiгiн келешек тарихты сөз ете отырып дәлелдейдi. Мұндай жағдай тарих ұғымының болашаққа жалғасып кетуiн қамтамасыз етедi. Себебi, Есеп күнiне деген сенiмнiң адам мен оның амал-әрекетiне, өмiр сүрiп отырған заман оқиғаларына тiкелей әсерi бар. Бұл дүниедегi iстерiне жауап беретiндiгiн анық бiлетiн адамдардың амал-әрекеттерi уақытша-мәңгi дилеммасында орындалып, бiрақ мәңгiлiк сипатқа ие болуға бағытталады.
Сайып келгенде, Мұхаммедтің (с.а.с.) шақыруында қамтылған тарихи мағлұматтар мұсылман қауымындағы «тарихнама» және «тарихи зерттеу» әрекеттерiнiң негiзгi қайнар көзiн құрады. Өткен дәуiрдегi оқиғалар, жер бетiндегi адамзат қоғамының барлық амал-әрекеттерi әрi дiни әрi тарихи маңызы бар мәселелер болды. Сол сияқты, Мұхаммед пайғамбардың өнегелі өмiрi мен адамгершiлiк тұлғасы да әртүрлi тарих салаларын қалыптастырды. Кейiнгi дәуiрлерде жеке ғылым саласына айналған «Ислам тарихы» осы мәселелердiң төңiрегiнде дамыды.
Құран Кәрімдегі ерте заманда өмiр сүрген халықтар, мемлекеттер, билеушiлер мен пайғамбарлар туралы көптеген тарихи қиссалар мұсылмандарды тарихи зерттеу жұмыстарымен айналысуға итермеледi, тәпсiршiлердi түсiндiрiп жатқан аяттары үшiн қажеттi тарихи мәлiметтердi Құраннан және Құраннан тыс жерлерден iздеуге ықпал еттi. Осылайша, тарихи деректерге мән беру, уақыт өте келе, тәпсiр жұмыстарының негiзгi ерекшелiктерiнiң бiрiне айналды.
Ислам тарихы Адам пайғамбардан Мұхаммед пайғамбарға дейiнгi кезеңдерде әртүрлi пайғамбарлар арқылы адам баласына жеткен дiни ақиқаттар, исламды қабылдаған халықтар мен мемлекеттер, пайғамбарлар мен елшiлердiң дiндi жеткiзу жолындағы әрекеттерi, мұсылман мәдениетi мен өркениетi туралы ғылым болып табылады. Әртүрлi дiн өкiлдерiнiң өз тұсындағы тарихты жазғандары сияқты, мұсылмандар да өз заманындағы мәдениет пен өркениет тарихын жазған. Бiз бұл жерде ислам тарихы деп, соңғы пайғамбар және елшi Мұхаммед (с.а.с.)ға уахи етiлген исламды және Мұхаммед пайғамбардан қазiргi кезеңге дейiнгi мұсылман халықтарының мәдениетi мен өркениетi тарихы турасында айтып отырмыз.
Ислам тарихына байланысты әр дәуiрде көптеген шығармалар жазылды. Ислам мен ислам пайғамбарын танытуды, ислам мәдениетiнiң дамуымен қатар қарастыру мұндай шығармалардың жазылуына басты негiз болды. Алайда, бiрқатар сияр және мағази кiтаптары мүмкiндiгiнше Құран Кәрім мен сүннетке сүйенiп жазылса да, бiр бөлiгi негiзiнен қиссалар, хикаялар, аңыз-әңгiмелерден тұрады. Осыған байланысты, ислам тарихы турасында көңiл аударарлық және жоғары дәрежедегi ғылыми-академиялық зерттеу жұмыстарының жасалуы, маңызды оқиғалардың, мәдениет пен өркениет негiздерiнiң дұрыс әдiспен және сын көзiмен қарастырылуы мұсылман қауымы үшiн өмiрлiк маңызы бар мәселе болып табылады. Өткендi жақсы бiлмей келешектi дұрыс негiзде құру мүмкiн емес. Дәстүрдi бiлмей жаңалық туралы сөз қозғау да бекершiлiк.
Сол үшiн де, тарих барлық кезеңде мұсылмандардың ерекше мән берген саласының бiрi болды. Ислам әдебиетi мен мәдениетiн қайнар көздерге сүйене отырып түсiндiру қажеттiгiн бiлу, наным-сенiмi, амал-әрекетi, мiнез-құлқы, көзқарасы мен мәдениетi әртүрлi халықтармен бiрге өмiр сүру мұсылмандардың бұл салаға айрықша мән берулерiне әсер еттi. Бiр жағынан исламға дейiнгi Араб тарихын және қоғам құрылысын, екiншi жағынан Мекке мен Мәдина дәуiрiндегi Мұхаммед пайғамбардың, оның сахабаларының өмiрбаянын, мұсылман халықтары мен мемлекеттерi тарихын қамтитын ислам тарихын ауызша әңгiмелеу және баяндау дәстүрi бойынша жинақтады. Сияр мен мағази жазу дәстүрi негiзiнде қалыптасқан ислам тарихының мазмұнын құрайтын бұл мәселелер, алдымен әртүрлi тараулар мен тақырыпшалар аясында қарастырылып, кейiн жеке кiтаптар мен шығармалардың тақырыптарына айналды. Кейiнгi дәуiрлерде мәнi мен мазмұны жағынан кеңейген ислам тарихы бiрқатар ғылыми салаларға бөлiндi. Сияр, Мағази, Табақат, Тәраджим, Футухат және Әнсаб деген атпен белгiлi шығармалар дүниеге келдi. Бұл салалар бойынша мәндi де, көлемдi кiтаптар жазылды. Ислам тарихына байланысты ғылым саласының әрқайсысы бойынша көптеген атақты ғалымдар жетiлдi.
Ислам тарихын зерттеушiлер жоғарыда аталған салаларда еңбек етiп, кiтап жазған кiсiлердi әртүрлi дәреже және сатыларға бөлiп қарастырды. Ебан б. Осман б. Аффан (ө.ж.100/718), Урве б. Зубейр (ө.ж.94/713), Шурахбил б. Са’д (ө.ж.123/741),Вәһб б. Мунәббих (ө.ж.110/728) сияқты тарихшылар жоғары сатыда, Абдуллах б. Әбу Бәкр б. Хазм (ө.ж.135/752), Асим б. Амр б. Катаде (ө.ж.120/737), Ибн Шихаб әз-Зухри (ө.ж.124/741) және басқа тарихшылар екiншi сатыда, Муса б. Укбе (ө.ж.141/758), Ма’мер б. Рашид (ө.ж.154/770), Мұхаммед б. Исхақ (ө.ж.151/768), әл-Вакиди (ө.ж.207/823) сынды ғалымдар үшiншi сатыда көрсетiлдi.
Ислам тарихшылары сонымен бiрге, айналысатын саласы, өмiр сүрген дәуiрi және жазған шығармасының түрiне де байланысты сатыларға, дәрежелерге бөлiнедi.
Алғашқы ислам тарихшылары, сияр және мағази жазушылары, көбiнесе, мухаддистердiң арасынан шықты. Негiзiнде, сияр және мағази ғылымдары баста хадис ғылымының iшiнде болатын. Кейiнгi ислам тарихшылары хадис ғалымдарының жолымен жүрiп, олардың әдiсiн қолданды. Ауызша жеткен деректердiң мәтiнi (деректiң мазмұны) және сәнәдi (деректi жеткiзушiлердiң тiзбегi) бойынша қарастырып, хадисшiлердiң «джарх (деректiң жалғандығын әшкерелеу) және та’дил (деректiң дұрыстығын растау) әдiсiмен» бағалады. Алайда, хадистердiң жиналуы, мәтiнi мен сәнәдiн қарастырудағы көрсетiлген талғампаздық тарихи деректердiң жиналуында көрсетiлмедi. Деректер мен мәлiметтердi сын елегiнен өткiзбестен, тапқандарының барлығын кiтаптарына енгiздi.
Сонымен бiрге, мұсылман тарихшылар тарихнама мәселесiмен тiкелей айналысып, көптеген атақты тарихшыларды тәрбиеледi. Оларды бұл мәселемен айналысуға дем берген басты факторлар төмендегiдей :
1. Мұсылмандар Мұхаммед пайғамбар дәуiрiндегi оқиғалардың да, оның өмірден озған соң туған келiспеушiлiктердiң де белгiлi болуына үлкен мән бердi. Өйткенi, Мұхаммед пайғамбар заманында және Рашид халифалар дәуiрiнде болған оқиғалар – Саида руының шаңырағы астындағы халифа, яғни мемлекет басшысын сайлау жиналысы және оған байланысты тартысулар, үшiншi халифаның өлтiрiлуi, Әли-Муағия күресi, хашимиттер мен умейдтер арасындағы қарым-қатынас, Жәмәл және Сыффин оқиғалары – олардың дұрыс және толық бiлгiсi келген мәселелер болды.
Әсiресе, саяси басқару мәселесi мен мұсылман қауымын басқару iсi туралы Құран Кәрім мен сүннетте ешнәрсе айтылмауы, мемлекет басшысын сайлау мен саяси басқару формасының мұсылмандардың өз еркiне берiлуi саяси, дiни және қоғамдық топтарға бөлiнуге, басшылыққа таласуға себепшi болды, әртүрлi пiкiрлер мен көзқарастардың пайда болуына жол ашты. Бұл мәселелер туралы түрлi шешiмдердiң күн тәртiбiне қойылуымен нәтижелендi. Мемлекеттi басқару мәселесi жөнiнде монополистiк және теократиялық көзқарастармен қатар демократиялық және тәуелсiздiк туралы пiкiрлер де тiлге тиек етiлдi. Әрбiр көзқарас иесi өз пiкiрiн дiни немесе тарихи оқиғамен және олардың түсiндiрмесiмен дәлелдеуге тырысты. Осылайша, бiрқатар тарихи оқиғалар кейбiр басқару жүйесi мен үкiметтердiң, түрлi сенiм және заң үкiмдерiнiң орын алуына негiз болды. Сол себептi, тарих және хадис кiтаптары ислам тарихында болған және жоғарыда айтылып өткен оқиғаларға арнайы тараулар арнады. Харижиттiк және шииттiк сияқты саяси және дiни ағымдардың имамдық пен халифалық мәселесiне айрықша тоқталуы ислам тарихшыларын осындай тақырыптар төңiрегiнде жеке кiтаптар жазуға итермеледi.
2. Ауызша тарихнама дәстүрiн ұзақ жылдар бойы қолданған мұсылмандар қиссаларға, ауызша әңгiмелеуге және ислам тарихында болған оқиғалардың жеткiзiлуiне үлкен мән бердi. Ауызша тарихты құраушы негiздер исламның басты ғылым салаларының тууына себепшi болумен қатар, жазбаша тарихтың қайнар көзiн құрады. Әуелде бiр оқиға және оған байланысты деректердiң негiзiнде кiтаптар жазылып, кейiн толық мәндi, көлемдi шығармалар туды. «Уақ’ату Жәмәл»,» Уақ’ату Сыффин»,»Мақтәлу Осман» және «Китабу-р-Ридда»сияқты кiтаптар бiрiншi түрге, Табари, Мәс’уди және т.б. классикалық дәуiрдегi ислам тарихшыларының шығармалары екiншi түрге жататын еңбектердiң үлгiсi болып табылады. Әбу Михнаф Лут б. Йахйа, Сәйф б. Омар, әл-Вакиди, Әли б. Мухаммед әл-Мәдаини және басқалар мәшһүр әңгiмелеушiлер мен тарихшылардың қатарына жатады.
Алайда, жазбаша ислам тарихының ауызша ислам тарихымен бiрге басталғандығын ұмытпау керек.
3. Құран Кәрім мен сүннеттiң Әһлу-л-Китаб -яһудилер мен христиандар-сабииндер, мәжусилер (отқа табынушылар) сияқты қауымдар, олардың дiнi мен мәдениетi туралы нақты және жан-жақты мағлұматтар беруi мұсылмандарды түрлi мемлекеттер мен халықтар тарихы, дiндер тарихы, пайғамбарлар тарихы, жалпы мәдениет пен өркениет тарихымен айналысуға итермеледi. Сайып келгенде, мұсылман тарихшылар әрi бұрынғы дәуiрдегi халықтар мен мемлекеттердiң әрi ислам дәуiрiнде өмiр сүрген және әртүрлi дiндердi ұстанған қауымдардың сенiм-нанымы, ибадаты, мәдениетi туралы ғылыми шығармалар жазды. Яһудилер, христиандар, мәжусилер, сириялықтар мен гректердiң тарихын ислам тарихының тақырыптарының қатарына енгiздi. Табаридiң «Тариху-л-мулук уә-л-имам», Мәс’удидiң «Муруджу-з-зәһәб» атты шығармалары солардың қатарына жатады.
4. Мұсылмандар әрi өздерiнiң ғылыми және мәдени байлықтарын, ғалымдары мен ойшылдарын, әрi өздерiмен тұстас өмiр сүрген халықтардың мәдениетi мен өркениетiн үйренiп, бiлгiсi келдi. Бұл мәселелерге назар аудару өмiрбаян саласында iлгерiлеуге, ислам тарихнамасында маңызды орынды иеленген «Тәраджим» және «Табақат» кiтаптарының жазылуына себепкер болды. Мұндай шығармаларда ғалымдар, ойшылдар, тарихшылар мен басқа ғылым өкiлдерiнiң өмiрi мен еңбектерiн қатар қарастырып, оларды ғылым әлемiне танытты. Ибн Са’дтың «Табақаты», Ибн Неджимнiң «әл-Фихристi», Катиб Челебидiң «Суллему-л-усул» және «Тарих-и Димашқ», «Тарих-и Мысыр», «Тарих-и Бағдат» сияқты шығармалары адамзат үшiн жекелеген қайнар көздерге айналды.
5. Мұсылмандардың тек, ру, тайпа сияқты негiздерiне адал болуы, олардың арасында «ата тегiн бiлудiң» жоғары саналуына және өзiндiк дәстүрге айналуына себепшi болды. Бейбiт және соғыс жағдайында, ғылым, мәдениет, өнер және әдебиет салаларында маңызды рөлге ие болған текшiлдiк пен рушылдық ислам тарихшыларының «Әнсаб кiтаптарында» әртүрлi оқиғалар мен қаһармандары арқылы арнайы қарастырылды. Белазуридiң «Әнсабу-л-әшрафы» осы тақырыптағы шығармалардың бiр үлгiсi болып табылады.
6. Мұсылмандар өздерi жаулап алған елдер мен олардың халқын, мәдениетi мен өркениетiн, ұлттық және рухани байлығын үйренуге қызықты. Оларды мұндай түсiнiк пен тiлек оларды жаулап алынған елдердiң тарихи және жағрафиялық жағдайы, жаулап алу жолдары, яғни ислам өлкесiне бейбiт жолмен айналды ма, әлде соғыс нәтижесiнде айналды ма деген мәселелер төңiрегiнде зерттеу iсiне итермеледi. Бұл мәселелердiң белгiлi болуы мұсылмандарға әр елде қолданатын құқықтық негiздердi анықтау үшiн және халқына қалай қарым-қатынас жасау қажеттiгiн бiлу үшiн керек едi. Нәтижеде, мұсылмандар жаулап алынған елдер мен қауымдар туралы «Футухат», »Елтану” кiтаптарын жазды. Осылайша, араб, парсы, түрiк, үндi, бербер, грек т.б. елдердiң халқы мен олардың мәдениетiн мұсылман қауымға таныстырды. Белазуридiң »Футуху-л-булдан», Йақуттың «Му’джам» атты шығармалары осы тақырыпта жазылған атақты шығармалардың қатарына жатады.
Он төрт ғасырлық ислам мәдени мұрасының ақиқат болмысы мен өзiндiк ерекшелiктерi жөнiнен бiлiнiп, танылуы, ең алдымен, иләһи (Аллаһтан келген) және адамзат тарапынан қалыптасқан қайнар көздерге сүйенетiн бұл мұраның дұрыс және сын көзбен қарастырылып, ғылыми әдiспен талдануы және оның ақиқат жүзiнiң көрiнуiне кедергi жасайтын, айқындығына көлеңке түсiретiн бөгде нәрселерден тазартылуы арқылы мүмкiн. Мұның жүзеге асуы арқылы «Ей мүмiндер, бұзық бiреу хабар келтiрсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, бiлмей бiр елге кесiрлерiң тиiп, iстегендерiңе өкiнесiңдер» аятының көздеген мақсатына жетуге болады.
Осыған байланысты, атап айтқымыз келiп отырған нәрсе – ислам тарихының мүмкiндiгiнше Құран Кәрімге сүйенiп, шындыққа сай жазылғандығы және ислам тарихын оқытуда алдымен адамзат тарихына жалпы тоқталып, кейiн ислам тарихы мен мәдениетiнiң негiзгi ерекшелiктерiмен бiрге қарастырылатындығы. Сонымен бiрге, ислам мәдениетi мен өркениетiнiң жалпы адамзаттың даму тарихындағы орны көрсетiлуi қажет. Адамзат тарихының қай дәуiрiнде және қай жерлерде пайғамбарлар мен үмбеттерiнiң өмiр сүргендiгi, олардың туғызған мәдениетi жайлы айтылуы керек. Мұндай әдiс жалпы адам баласы мен мұсылман қауымдарының, хронологиялық түрде, материалды және рухани жағынан басынан өткерген түрлi кезеңдерi, бiлiм мен мәдени дәрежесi туралы оқушыға сабақ боларлық мәлiметтер бередi.
Сонымен қатар, ислам тарихы мен мәдениетiн үйретуде жеке адам мен қоғам негiз ретiнде алынуы керек. Мiндеттi түрде «ұғымтал және қоғамдық орта» қалыптастырылуы қажет. Ол үшiн де ислам тарихы мен мәдениетiн басқа мәдениет және өркениетпен салыстыра отырып қарастырып, адамдар, оқиғалар мен деректердiң арасында сәйкестiк пен үйлесiмдiлiктiң болуына мән берiп, ғылыми түсiнiкке ие, тарихи материализмнен алшақ, сын көзбен қарап және объективтi көзқараста болу лазым. Яғни, ислам тарихын оқытып-үйретуде зерттеу, талдау, салыстыру, сын айту, түсiндiру және бағалау сияқты негiздерге сүйенген абзал.
Ислам тарихын жазудың басты принциптерiнiң бiрi – қатер мен қаза сенiмiн дұрыс түсiну. Кейiнгi дәуiрлердегi мұсылмандардың бұл сенiмi жаңылыс болды. Кейбiреулерi оны жоққа шығарса, ал ендi бiреулерi мүміндердi (иман келтiрген адамдар) бұл мәселеде бұрыс жолға салды.
Тарихи оқиғаларды зерттеу барысында жаратылыс туралы шындықты, адам мен оның амал-әрекетiне байланысты дiни әмiрлердi дұрыс түсiнiп, қарастыру керек. Әрбiр нәрсенiң белгiлi бiр себеппен пайда болып немесе жоғалатындығы туралы ақиқатты бiлу қажет. Мұсылмандардың Йермукте гректердi жеңуi бұл тақырыпқа байланысты мысалдардың бiрi болып табылады. Екi жақтың әскерi мен соғыс күштерiнiң арасында тепе-теңдiк болмаған жағдайда мұсылман әскерлерi қалай жеңiске жеттi? Грек әскерлерi мұсылмандардан алты есе көп және қарулы күштерi де басым тұғын. Олай болса, мұнда материалды себептерден гөрi рухани себептер көбiрек рөл атқарған, қаза мен қатердiң әсерi күштi болған.
Қаза мен қадерге сүйенiп жауапкершiлiктен қашуға болмайды. Кей адамдар мен қауымдардың өз амал-әрекеттерiн қаза мен қадерге жауып, ақталулары жаңылыс әрекет.
Мұсылмандар тәпсiр, хадис, сияр және мағази салалары бойынша еңбектене бастаған кездерiнде, қарапайым түрде болса да, әлем тарихы туралы мағлұматтары болып, кейiн де онымен байланысын үзбедi. Өйткенi, Құран Кәрім мен хадистер яһуди, христиан, сабиин және мәжусилерге байланысты бiрқатар мағлұматтарды қамтиды. Тарихты үйрету және адамдарға сабақ болсын деген мақсаттағы бұл мағыналы да сирек кездесетiн қиссаларды Құран Кәрім тәпсiршiлерi жеке алып, Тәурат, lнжiл және екеуiнiң түсiндiрмелерiндегi деректермен толықтыруға тырысты. Әһлу-л-Китаб өкiлдерiнiң бiрi болып, кейiн исламды қабылдаған Кабу-л-Ахбар (ө.ж.32/652), Абдуллах б. Селам (ө.ж.43/663), кейiнгi нәсiлден Вәһб б. Мунәббих (ө.ж.110/728) Әһлу-л-Китаб, әсiресе яһудилер туралы аңыз-әңгiмелердiң ислам әдебиетiне енуiне басты рөл атқарды. Библиографиялық еңбектерде көптеген шығармалары аталып өткен бұл тұлғалардың әлемнiң жаратылуы, пайғамбарлар туралы қиссалар, яһудилердiң тарихы жайлы бiлiмi өте кең болатын. Тәпсiр, мағази және жалпы тарих кiтаптарында олардың жазған шығармаларына жасалған сiлтемелер бар. Әсiресе, Табари (ө.ж.309/923) дiндер тарихына байланысты хабарларда бұл аңыз-әңгiмелердi айтарлықтар пайдаланды.
Сонымен, ислам пайғамбары Мұхаммед (с.а.с.)ның өмiрiнiң (сира) жан-жақты белгiлi болуы, Құран Кәрімнің тәпсiр етiлуi және хадистердiң жиналуы мұсылмандардың арасында “тарихнаманың” негiздерiн қалыптастырды. Жоғарыда аталған iстермен айналысу барысында аяттар мен сүрелердiң түсу себептерiнiң, хадистердiң айтылған орны мен сәнәдтарындағы жағдайлардың зерттелiп, анықталуына, Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.)ның өмiрi туралы мәлiметтердiң жиналуына қажеттiлiк туды. Жиналған мәлiметтер бiршама уақыт жаттау, ауызша жеткiзу жолымен сақталды. Кейiнгi жылдарда жазылып, кiтаптар мен жинақтарға топтастырылды. Осылайша, мұсылмандардың арасында тарихи еңбектер Сиярмен (Мұхаммед пайғамбардың өмiрiмен) басталды. Себебi, ислам тарихының қайнар көзi Құран Кәрімнен кейiн хадистер болып табылады. Сиярға байланысты мәлiметтер хадистерде, пайғамбар (с.а.с.)ның ғазауаты, амал-әрекетi туралы деректерде. Мұндай зерттеу жұмыстарының орталығы Мәдина болатын. Мекке, Басра, Куфа, Шам (Дамаск) т.б. орталықтарда сияр және мағази зерттеулерi хижраның II ғасырында пайда болды. Деректердi әңгiмелеушiнiң атынан жеткiзу әдiсiн қолдану жөнiнен тарих әдiстерiне өз iзiн қалдырған хадиспен болған бұл ұқсастық , сол уақыттан бастап тарихи мағлұматтың дұрыстығы хақындағы маңызды өзгерiстi де тудырды. Осылайша, алғаш рет ақиқат тарих iргетасы қаланды.
Ислам тарихнамасының қалыптасуына әсер еткен негiздердiң бiрi – жаулап алу әрекеттерi. Тарих туралы бiлiмдерi алғашқыда шектеулi болған мұсылман арабтар жаулап алу әрекеттерiнiң нәтижесiнде көршiлес халықтармен, мемлекеттермен қарым-қатынас жасап, олардың өмiр сүрген дәуiрi, ұлттық және мәдени жетiстiктерi туралы мәлiметтерге ие болды. Әсiресе, бiрге өмiр сүретiн халықтар мен жаулап алынған мемлекеттердiң тарихын үйренуге қызықты. Нәтижеде, бiр жағынан тарих ғылымына қызығушылықтары оянса, екiншi жағынан олардың шығармаларын арабшаға аударды.
Мұсылман арабтар өздерiнiң соғыс жорықтарын хатқа түсiру арқылы хроникалық типтегi «Футухат» кiтаптарын жазды. Олар бұл типтегi шығармаларын «әңгiмелеушi тарих» түрiнде жазды, бiрақ тарих пәлсапасымен айналысқан жоқ. Пайғамбар (с.а.с.)нан жеткен хадистердiң дұрыстығын анықтау үшiн бұл мәселе төңiрегiнде жұмыстар жасалды. Түптеп келгенде, «хадистi зерттеу методологиясы» қалыптасты. Сол уақыттан бастап мұсылмандарда ауызша жеткен деректердi талдау әдiсi қолданылып, ол дүниеде сирек кездесетiн жоғары талаппен дамыды.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі. Ауд.Халифа Алтай.1997.
2. Розенталь Ф. Илму’т-тарих инда’л-муслимин. Ауд.Салих Ахмет әл-Әли. Бейрут.
3. Тоган З. Велиди. “Ортачағ ислам әлемiнде тенкиди тарих Телаккиси”. Ислам Тедкидлери Енститусу Дергиси. Стамбул, 1953.
4. Ибн Хишам, Хз. Мухаммедтi Хаяты (ес-Сурету’н -Небевие),чев.И.Хасан-н Чағатай. Анкара, 1971.
5. Ибн Исхак, Сире. тхк. Мухаммед Хамидуллах. Кония 1981.
6. Сахави Мухаммед б. Абдурахман. ел-Л’лан би’т-Тевбих ли-Мен Земме’т-Тарих. тахкик: Ф.Розентхал. Бейрут, 1989.
7. Суюти Джелалиддин. әл-Иткан. Каир 1317.
8. Сулеми Мухаммед бин Самиль. Менхеджу Китабети’т-Тарихи’л-Ислами уа Тедрисихи. Каир 1408/1988.
9. Сезгин M.Фуад. Тариху’т-Тураси’л-Араби. Мысыр, 1977.
10. Бархолд-Көпрулу, Ислам мәдениетi тарихы. Анкара, 1977.
11. Хибб Х.А.Р. “Тарих”, lА., Хl.
12. М.Шемседдин. Исламда тарих ве мүверрихлер. Стамбул, 1342/1923.
13. Шахин Учар . “Тарих араштырмаларында метод меселеси”. Милли Култур Дергиси. Анкара, 1991.
14. Сабри Хизметли. Ислам Тарихчылығы үзерiне. Анкара, 1990.
15. Сабри Хизметли. Ислам тарихы. Анкара, 2001.

Сабри ХИЗМЕТЛИ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің ректоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *