К. БРОКЕЛЬМАН МЕН Ф. СЕЗГИН ЕҢБЕКТЕРІ – ӘБУ ХАНИФА МАЗҺАБЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ

К. БРОКЕЛЬМАН МЕН Ф. СЕЗГИН ЕҢБЕКТЕРІ – ӘБУ ХАНИФА МАЗҺАБЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ

Бұл еңбектің мақсаты араб филологиясы мен исламтану салаларындағы Карл Брокельманның «Араб әдебиетінің тарихы» және Фуад Сезгиннің «Араб мұрасының тарихы» атты екі негізгі қайнар көздің маңыздылығын баяндап, олардың Әбу Ханифа туралы жазбаларын талдауды көздейді. К. Брокельман – 1868-1956 жылдар аралығында өмір сүрген неміс ғалымы. Ол араб әдебиеті тарихы мен ислам тарихы саласында, семиттік тілдер мен шығыс түркі тілдерді зерттеуде орасан көп еңбек қалдырған. Ал Ф. Сезгин – түрік-неміс ғалымы, ол 1928 жылы дүниеге келген және 1960 жылдан бастап Алманияда өмір сүріп келе жатыр. К. Брокельманның кітабы Голандияда 1943 жылы «Брилл» баспасында: «Brockelman, Geschichte der Arabischen Literatur, Brill 1942-1943» деген атпен жарық көрді. Ф. Сезгиннің кітабы да Голандияда «Брилл» баспасында 1968 жылы «F. Sezgin, Geschichte des Arabischen Schrifttums, Brill 1968» деген атпен басылды. Осы еңбектердің екеуі де неміс тілінде жазылған. Бұл еңбектердің көптеген бөлімдерін араб тіліне өзім аудардым, қалған бөлімдерін аударуға жетекшілік еттім. Осылайша өзім тәржімелеп немесе жетекшілік етіп, шығарған кітаптардың көлемі жиырма томға жетеді. К. Брокельманның кітабы 1993 жылы Каирде, Ф. Сезгиннің кітабы 1983 жылы Эр-Рияд қаласында басылды.
К.Брокельман (арабшаға аударылған нұсқасы, 1/252-262) және Ф. Сезгин (арабшаға аударылған нұсқасы, 1/3/31-50) еңбектерінде Әбу Ханифа мен оның еңбектері туралы мәлімет бар.

1. Библиографиялық қайнар көздері
a) Кітаптары туралы мәлімет беретін деректер. Олар араб мұрасын зерттеудегі аса маңызды қайнар көздердің қатарына кіреді. Бұл екі кітап осы деректерге сүйенеді. Ибн Надим және оның «әл-Феһрест» кітабы Әбу Ханифа мен оның шәкірттерінің хижра бойынша төртінші немесе милади бойынша оныншы ғасырда, хижраның 377 жылына дейін жазылған еңбектерін зерттегенде сүйенетін қайнар көздердің ең көнесі болып табылады.
ә) Әбу Ханифа еңбектерін зерттеу барысында олардың осы фиқһи мазһабқа сәйкес жазылып, ақида, хадис ілімі, этика және шақыру туралы еңбектерді қамтығаны анықталды.
б) Түркі ғалымы Хажи Халифаның (1608-1657) «Кашф әз-зунун ған асами әл-кутуб уәл фунун» «Құнды ктаптар мен өнерден күман қайтару» атты кітабында автордың өмір сүрген XVII ғасырға дейін Ханафи мазһабы ғұламаларының фиқһ саласында жазыған көптеген кітаптар мен пәтуаларға ерекше көңіл бөлінеді.

2. Ғалымдардың ғұмырнамасын қамтитын кітаптар
a) К. Брокельман және Ф.Сезгин ғұламалардың ғұмырнамасы қамтылған кітаптардың бірінші қатарында әл-Хатыб әл-Бағдадидің (1002/1072) «әт-Тарих әл-бағдади» («Бағдат тарихы») атты кітабы. Онда Әбу Ханифаның өмірі мен ол туралы мәліметтер топтастырылған бөлім 100 бетті құрайды (13/323-425).
ә) «Ибн әл-Қадир және әл-Жауаһир әл-мадийа» атты еңбек — Ханафи ғалымдарының өмірбаяндарын арнайы қамтыған деректердің бірі. Аталмыш екі кітап осы еңбектің Хайдар Абад баспасында осыдан жүз жыл бұрын хижра бойынша 1332 жылы басылған нұсқасына сүйенеді. Бұдан кейін де осы кітап Мысыр баспасында жарық көрді.
б) Ибн Қутлубеғаның қолымен хатқа түскен «Тәж әт-таражим фи табақат әл-ханафийа» («Ханафи ғалымдар өмірбаяндарының тәжі») 1862 жылы Flugel баспасында басылды.
в) Әбу әл-Хасан әл-Лакнауи «әл-Фауаид әл-баһия фи таражим әл-ханафийа маға әт-тағлиқат әс-суннийа» («Ханафи ғалымдардың өмірбаяндарынан алынатын зор пайдалар және олардың түсініктемесі»). Бұл кітап Индияда жазылды, хижра бойынша 1321 жылы милади бойынша 1903 жылы басылды. Кітаптың кейінгі нұсқалары Лакхнау және Каир қалаларында жарық көрді.
г) «Хадаиқ әл-Ханафийа» («Ханафи бақшалары»), авторы – әл-Ләһури, Лакхнау қаласында 1906 жылы урду тілінде басылды.
3. Әбу-Ханифаның өмірі, мазһабы мен шәкірттері туралы мәліметтерді қамтитын кітаптар
a) К. Брокельман осындай кітаптардың қолжазба түрінде бізге жеткен он кітаптың аттарын келтіреді, олардың кейбірі баспадан шықты. Бұл еңбектердің барлығы араб мұрасына жатады.
ә) Ф. Сезгин Әбу Ханифа туралы қол жазба күйіндегі немесе басылған 34 кітаптардың аттарын атайды, олардың үшеуі осы заманда араб тілінде Каир қаласында басылған, авторлары – Мысыр ғалымдары.

4. Әбу Ханифаның кітаптары К.Брокельман мен Ф. Сезгиннің еңбектеріндегі ең маңызды туындылар болып табылады, оларға бұл кітаптардың шархтары басылған немесе қолжазба күйінде сақталған кітаптарды да жатқызуға болады.
a) К. Брокельман 5 кітаптардың аттарын, сондай-ақ жолдамалар, өсиеттер, өлеңдер мен дұғалар сияқты шағын еңбектерді келтіреді.
ә) Ф. Сезгин Әбу Ханифаның авторлығына жатқызылған бір неше кітаптардың аттарын атап, осы еңбектердің кейбірі Әбу Ханифаның авторлығымен жазылғанына сеніңкіремейді.

5. Ф. Сезгиннің еңбегін К.Брокельманның кітабынан ерекшелейтін ең маңызды нәрсе – кітап туралы егжей-тегжей мәліметтерді келтіруі. Олар:
— К.Брокельманға қарағанда колжазбалар көбірек қарастырылған:
— Әр қолжазбаның жазылған уақыты көрсетілген. К.Брокельман бұл мәселеге мән бермеген.
— Парақтардың саны көрсетілген. Брокельманда бұл мәліметтер келтірілмеген.
— Египет пен Үндістанда шыққан жаңа басылымдар;
— Түрік немесе урду сияқты ислам әлемінің тілдеріне аударылған кітаптар;
— Неміс, т.б. еуропалық тілдерге аударылған еңбектер айтылған.

6. К.Брокельман мен Ф. Сезгиннің кітаптарында Әбу Ханифаның еңбектерін шархтайтын кітаптар туралы көптеген мәліметтер берілген. Әбу Ханифаның әр еңбегін шархтайтын көптеген кітаптар бар. Мысалы, Брокельман «әл-Фиқһ әл-Акбар» кітапты шархтайтын 20 кітапты келтіреді. Сезгинде де әр еңбекке жасалған шарх кітаптары туралы көбірек мәлімет ұсынылады.Сондай-ақ Орта Азия мен Түркия ғалымдары шархтаған еңбектер де қамтылады.

7. Әбу Ханифаны зерттеуде жаңа тәсілдерге қызығушылық бар:
a) Брокельман ақида туралы Венсинк жүргізген зерттеуді, ислам діні туралы жазылған Шихиттің кітабын, Юсуф Хеллдің еңбегі сияқты бірнеше еуропалық зерттеулерді қарастырады. Оларға еуропалық мерзімдік басылымдарды да жатқызуға болады.
ә) Ф.Сезгин К.Брокельман келтірген мәліметтерді толықтырып, тағы бірнеше еуропалық зерттеулерді, яғни, А.В.Кремердің, В. Жунболдың, Ф.Керннің жасаған зерттеулерін, сондай-ақ Брокельманнан кейін жасалған бір қатар зерттеулерді зерделейді, олардың қатарында С. Адамстың 1946 жылы исламдағы еркін ойлану мен төзімділік мәселесі туралы жасаған зерттеуі және Мухаммед Хамидтің 1950 жасаған зерттеуі, сонымен қатар Сезгин әс-сайид Афифи, Мұхаммед Әбу Заһра және Мұхаммед Юсуф Мұса сияқты араб ғалымдарының жүргізген жаңа зерттеулері бар.

8. Ізденушілір үшін аталмыш екі кітаптың маңыздылығына:
a) Автор мен еңбектері туралы негізгі мағлұматтар;
ә) Қайнар көздер мен жасалған зерттеулер;
б) Кітаптар мен қолжазбалардың аттары;
в) Шарх кітаптар мен қолжазбалар;
г) Әртүрлі тілдерде жасалған жаңа зерттеулер жатады.

9. Екі кітаптың арасындағы негізгі айырмашылық:
a) Уақытты қамту жағынан. К.Брокельман кітабы жазылған заманына, яғни, XX ғасырдың бірінші жартысына дейінгі барлық ғасырларды қамтыған. Сезгин болса, әр еңбекке жасалған аталмыш шарх кітаптарды санамағанда хижра бойынша V, милади бойынша XI ғасырға дейін заманды қамтуымен ғана шектелген.
ә) Сезгин қолжазбалар туралы көп мәлімет берген. Ол Брокельман сияқты қолжазбаның нөмерін келтірумен ғана шектелмей, қолжазбаның жазылған уақытын, маңызды беттерін бөлек белгілеп, беттердің санын келтірген.

10.Мәліметтерді толықтыру:
a) К.Брокельман өз кітабын Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында аяқтаған. Сондай-ақ 1968 жылы Фуад Сезгиннің фиқһ бөлімі арнайы қарастырылған кітабының бірінші томы басылған.
ә) Мәліметтерді толықтырудың үлкен маңызы бар. Оларға: кейінгі уақытта қолжазба күйінде табылып жатқан каталогтар, мұраға қатысты кітаптардың жаңа туындылары, осы тақырыптарға қатысты жаңа кітаптар, мерзімдік басылымдардағы ғылыми зерттеулер, студенттердің дипломдық жұмыстары кіреді.

11.Болашақтағы жоспар:
a. Нұр-Мүбарак университеті Орта Азия мен Қазақстанға қатысты араб тіліндегі бар деректерді қамтитын кітапхананы қалыптастыруда. Сонымен қатар әс-Сығанақи және басқа ғалымдардың еңбектерін, басылымдары мен қолжазбаларын жинақтауда.
ә. Университеттің жаңа корпусының құрылысы екі-үш айдан кейін аяқталады. Сол кезде университеттің салалары бойынша ғылыми-зерттеу орталығы мен үлкен жаңа кітапхана құру жолында жұмысын бастайды. Онда араб тілі филологиясы, исламтану және ханафи фиқһы жөніндегі деректерге және қайнар көздеріне, аудармаларға сүйене отырып, зерттеу жүргізіледі.

Махмуд Фаһми ХИЖАЗИ,
профессор, доктор, академик,
Нұр-Мүбарак университетінің ректоры

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *