Етіс категориясын оқытудың көкейкесті мәселелері


Етіс категориясын оқытудың көкейкесті мәселелері

Қ.Қадырқұлов,
әл- Фараби атындағы ҚазҰУ, ф.ғ.к.

Тіл білімі ғылымында оқыту үдерісі мен ғылыми зерттеу барысы бірбірімен үнемі үндестік таба бермейді. Ғылым өз тұжырымын уақыт өте келе өзгертуі мүмкін. Бір шешімге тұрақтаған теория зерттеу барысында жаңа бір теорияның пайда болуына байланысты кереғар түсінік иеленеді. Бұл – заңды құбылыс. Ал әдістемелік жүйенің тәжірибелік негізге сүйенгендіктен, ғылыми дәлелдеудің шеңберінен шығып кететін тұстары жетерлік. Ереже – заңдылық емес. Сондықтан, оқыту үдерісі кезінде ұзақ жылдар бойы бір сарынмен үйретіліп келген тілдік құрылымдар «тосын» сұрақтар барысында жаңаша жол іздеуге мәжбүрлейді. Солардың бірі – етістіктің етіс категория – сы. Мектеп қабырғасында оқытылуы күрделі етістіктің бұл түрі студенттерге түсіндіру кезінде тіпті шиеленісе түседі. Бұның себебі де жоқ емес. Әр ғылыми еңбекте әр түрлі сипат иеленетін етіс және оның түрлері ортақ бір қағиданы оқытушыдан талап етеді. Оқытушы оқулықтың мазмұнына жүгінеді. Оқулық таптаурын болған мысалдары мен жасалу жолдарын ұсынумен ғана шектеледі. Міне, осы тұста әдістемелік көмек, әдістемелік ұсыныстар белсенді қызмет атқаруы тиіс. Оқытушы тұлғаны күмәнді ережелер мен күдікті дәлелдерден құтқаратын – біліктілігі. Біліктіліктің ғылымның нәтижелерінен гөрі тәжірибенің тезіне негізделгені жөн. Етіс категориясын оқытқанда алғашқы кездесетін қиындықтар да қағида мен тіл қолданысы арасындағы сәйкессіздіктерден туындайды.Етістің бастапқы түрі- өздік етіс – іс, қимыл, әрекеттің сол істі істеушіге қатыстылығын білдіреді. Барлық оқулықтағы ережелер осы мазмұнды қамтиды. Жасалу жолы да –н, -ын, -ін жұрнақтарымен шектеледі. Мысалдары да бір-біріне ұқсас: таранды, жуынды,киінді… Яғни, қимыл иесі өзі киінеді, өзі жуынады, өзі таранады. Енді өзі кисе, өзі жуса, өзі тараса қандай етіс болады? деген сұрақты қоятын уақыт жеткен секілді. Бұл қимыл да іс істеушінің өз тарапынан болады. Бұл қимыл да іс істеушінің өзі үшін жасалады. Оқытушы қолданыста дәлелдеуді қажет етпейтін өздік етіске тән құбылысты оқулықта берілмегендігіне сүйеніп айтпаса, қателескені. Үсті-басымды жудым немесе жуындым десе, Үсті-басымды тарап-сыладым немесе тарап-сыландым десе қимыл иесінің (субъекті демей-ақ) кім екендігі белгілі. Бұдан соң өздік етістің оқушыны ойландыратын екінші қыры пайда болады. Ол – ыл, -іл, -л жұрнақтарымен жасалуы. Түйілдім, жазылдым, керілдім, созылдым, бүгілдім т.б. Берілген қимыл етістіктерінің бәрі іс істеушінің өзіне қатысты. Біреудің бұйрығымен немесе еріксіз жасалған әрекетті білдірмейді. Сондықтан, өздік етісті бір ғана жасалу жолымен шектеу – қазақ тілін оқыту жүйесіндегі бірізділіктің жоқтығы. Ырықсыз етістің -ыл,-іл,-л жұрнақтарының беретін мәнін өздік етіспен шатастыруға болмас. Сонымен, қимыл іс істеушінің өзіне тікелей қатысты болса — өздік етіс. Оның үш түрлі амалдық жолы бар екенін студентке ашып көрсетпесең, тосын сұрақтан арыла алмайсың. Бұл етістің дәстүрлі жасалу жолы (-ын,-ін,-н жұрнақтарымен) өзіндік етіс (Н.Сауранбаев) ешқандай жұрнақсыз жолы негізгі етіс (А.Ысқақов) деп аталып келді. Ал –ыл, -іл, -л тұлғадағы түрі туралы сөз қозғалған емес. Көріп отырғанымыздай, өздік етістің жасалу жолын қарапайым әдіспен, бір ғана амалмен оқыта салуға болмайды. Етістің тағы бір түрі — өзгелік етісті оқыту да көп нәрсенің басын ашып алуды қажет етеді. Оның біріншісі — өзгелік етістің ережесін нақтылау. Бір ереже бар: — өз- гелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып табылады (С.Исаев). Екінші ереже бар: Қимыл, амалды істі істеушінің өзі істемей, басқа біреу арқылы істететіндігін білдіретін етістің түрін өзгелік етіс дейді (Ғ.Әбуханов). Берілген ережелер бойынша өзгелік етіске сабақты етістіктер негіз болады. Бірақ академиялық грамматикада «салт немесе сабақты болып келуіне қарамастан, ырықсыз етіс тұлғасындағыдан басқа етістік түбірлерінің бәрі өзгелік етіс аффикстерімен тұлғаланып қолданыла береді» делінген. Берілетін жұрнақтары да біркелкі емес. Дәстүрлі жұрнақтары: -дыр,-дір,тыр, -тір,-ғыз,-гіз,-қыз,-кіз,-т. Академиялық грамматикада бұлар – ыр,-ір, -ар,-ер, -сет жұрнақтарымен толықтырылады. Қалай десек те, өзгелік етісте қимыл иесі іс істеушінің өзі болмауы тиіс. Қалай десек те, өзгелік етіс сабақты мен салт етістіктердің екеуімен де жасала береді (жазғыз, бергіз, кетір, келтір). Мәселенің бәрі аталмыш жұрнақтар жалғанған етістіктердің бәрі өзгелік етіс категориясын иелене алмайтындығында. Сен оқы деген сөйлем өзгелік етіс емес те, Сен көбейт деген сөйлем қалай өзгелік етіс болады?! Тосын сұрақ дегеніміз – осы. Оның жауабын салыстырмалы кестемен көрсетейік:


Өзгелік етіс категориясы жоқ сөйл- лемдер

Өзгелік етіс категориясындағы сөй- лемдер
1.Кілемді далаға шығардым 1.Кілемді далаға шығарттым
2.Көзімді дәрігерге көрсеттім 2.Көзін дәрігерге көрсеткіздім
3.Домбыраның құлағын келтірдім 3.Домбыраның құлағын келтірттім
4.Бұл ісімді тоқтаттым 4.Бұл ісін тоқтатқыздым

Кестенің екі қатарындағы үлгіде де өзгелік етістің жұрнақтары бар. Айырмашылығы – бірінші бағанда жалаң, екінші бағанда қосарлы жұрнақ- тар. Егер өзгелік етіс жұрнақтарын етістіктерге жалаң күйінде жалғап, тек екінші жақта ғана айтатын болсақ, онда бұйрық райдағы туынды етістіктің қызметін атқарады. Үлгідегі екінші бағандағы сөйлемдер өзгелік етістің толық сипатын ақындайды. Оқулықтардың бәрінде етіс жұрнақтарының косарланып келе беретіні туралы айтылады. Алайда неліктен қосарланатыны туралы, қосарланған кездегі мағыналық өзгерісі ашылмайды. Қосарланып келген өзгелік етіс жұрнақтары қимыл иесінің өзге біреу екендігіне күмән келтіртпейді. Мысалы, киімді біреуге кигізу бар, егер өзі кие алмаса. Киімді біреуге бақылап тұрып кидірту бар. Біріншісінде киімді өзің кигізесің де, екіншісінде киімді оның өзі киеді.Сонда қимылдың иесі нешінші жақ екенін түсіндіру үдерісі қиындық туғызбайды. Біреуге істеткен қимылдың бәрін өзгелік етіс қатарына жатқыза беруден сақтану үшін оның жұрнақтарына сараптап қарау керек. Сонымен, өзгелік етіс дегеніміз – үш жақтағы тұлғаның екінші жақ арқылы өзге біреуге іс — әрекетті жүзеге асыруы.Қимылдың орындалуына үш тұлға (субъект) қатысқанымен, қимыл иесі үшінші тұлға болады.
Етістің тағы бір түрі – ырықсыз етісті оқыту да қүрделілігі жағынан өздік немесе өзгелік етістерден кем түспейді. Ырықсыз етісте қимыл иесінің белгісіздігі барлық оқулықтарда айқын көрсетіледі. Жасалу жолы да екі түрлі көрсеткішпен нақтыланады. Олардың етістікке қалай жалғанатыны да ерекшеленеді. Егер етістіктің қүрамында Л дыбысы болса, оған –ын,-ін, -н жұрнақтары, ал болмаса, -ыл,-іл,-л жұрнақтары жалғанады делінеді. Былай қарасаң, оңай секілді: жылы-н-ды, бөл-ін-ді, қой-ыл-ды, сөг-іл-ді. Соңғы кезде жиі қолданылып жүрген терминде-н-ді сөзі аталмыш қағидаға бағынбайды. Ал өздік етіс пен ырықсыз етіске ортақ жұрнақтардың қызметін төмендегі үлгімен ажыратып алуға болады:

Өздік етіс тұлғасындағы сөйлемдер Ырықсыз етіс тұлғасындағы сөйлем- дер
1.Газетке жазылды 1.Ән жазылды
2.Оқуға қабылданды 2.Қарар қабылданды
3.Белтемірге тартылды 3.Суы тартылды
4.Жауға атылды 4.Зеңбірек атылды

Көріп отырғанымыздай, өздік етіс тұлғасының алдындағы зат есім барыс септігінде, ал ырықсыз етіс тұлғасындағы етістіктің алдындағы зат есімдер атау тұлғасында тұр. Бұл салыстыруымыз өздік етістің біз ұсынған қосымша жұрнақтарының бар екендігін дәлелдей түседі. Егер бұл салыстырулар аздық етсе, ырықсыз етіс категориясының тек үшінші жақтағы тұлғаны иеленетінін ескерткен жөн. Қалған етіс түрлері үш жақта да жіктеледі. Осы жіктелу мүмкіндігі арқылы қимыл иесінің кім екендігі көрсетіліп, жаңа қырлары көрініс береді. Ырықсыз етістің бір ғана ашық буыннан тұратын же,де етістіктеріне жалғанатын -лін жұрнағын да көрсете кеткен орынды (ет желінді, осылай делінді).Бұндай тұлғада басқа етістік кездеспейді. Әрбір тың ұсыныс пайда болған кезде студенттердің белсенділігін мысал іздестіру әрекетіне жұмылдыра білген дұрыс. Тақырыпты меңгертудің әдістемелік қырлары ғылыми негізделген ережелерді өзгертумен емес, оларды қолданыс- тағы жаңа өзгерістер тұжырымымен толықтыру арқылы сұрыптала түседі. Бұндай құбылыс ортақ етісті оқыту барысында да байқалады. Ережесі ешқашан күмән тудырмайтын болғандықтан, дәстүрлі –ыс,-іс,-с жұрнақтарын негізге аламыз. Бұларға қоса академиялық грамматикада –лас,лес,-дас,-дес,-тас,-тес жұрнақтары ортақ етіске телінеді.Әрі олардың құран- ды жұрнақтар екендігі ескертіледі. Шынында да солай ма? Салыстырмалы түрде байқап көрейік:

-с,-ыс,-іс жұрнақты -лас,-лес,-дас,-дес жұрнақты ортақ етіс ортақ етіс

айтыс, сатыс, сөйлес, жазыс, біліс, ақылдас, көмектес, татулас, жұлыс, төгіс, егіс, жасас мұңдас, тілдес, сырлас

Бірінші қатардағы етістердің түбірі етістікке негізделген, яғни етістіктен жасалған туынды етістіктер. Екінші қатардағы қимылдың иесін білдіретін етістіктердің түбірі есім сөздерге негізделген. Сондықтан, екінші қатарда берілген –лас,-лес,-дас,-дес жұрнақтары екі түрлі қызмет атқарып тұр. Бірін – шісі – есім сөздерден туынды етістік жасау, екіншісі – ортақ етіс мәнін иелендіру. Жіктеуге келмейтін, тұтас қалпында ортақ етіс қызметін білдіре- тін санаулы етістіктер бар. Олар – төбелес, күрес,алыс.
Етістіктің етіс категориясын оқыту ғылыми тұжырымдардың қайтадан қаралу мәселесіне көңіл аудартады.Заманның ағымына сай тілдік оралымдар да тілдік нормадан ауытқып, басқа тілдің грамматикалық үлгісіндегі аударма- ның жетегіне еріп кетеді. Әйтпесе, «Біз ашылдық» үлгісіндегі сөз қолданысты қай етіске жатқызар едік. Әр оқытушы – жеке әдіскер. Оқу құралының авторы оқушы мен студенттің алдында тұрмауы мүмкін. Ал біреу жазған оқулықтағы түрлі тақырыптарды жеткізе оқытатын да, тосын сұрақтарға дәлелді жауап беретін де – оқытушы.Оқытушы үшін шешімі табылмаған мәселелердің болуы мүмкін емес. Біздің етіс категориясын оқы – тудағы күрделі құбылыстарды көрсете отырып, олардың шешімін табу жолдарын ұсынуымыз да — көкейкесті мәселелердің көлемін азайтудың бір амалы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ысқақов А.Қазіргі қазақ тілі (морфология), Алматы -1991.
2.Сауранбаев Н, Қазақ тілі (педучилищеге арналған), Алматы -1953.
3.Исаев С, Қазіргі қазақ тілі (морфология), Алматы – 2007.
4.Әбуханов Ғ, Қазақ тілі (педучилищеге арналған), Алматы-1981.
5.Қазақ тілі грамматикасы (академиялық), 1-том, Алматы- 1967.

Резюме

В статье освещены некоторые принципиальные вопросы методики обучения категории залога

Resume
The article is devoted to some principal of Kazakh language teashing methods

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *