АТАКАМА ШӨЛІ — Оңтүстік Америкадағы Орталық Анд жотасының батыс етегінде жатқан шөл. Тынық мұхит жағалауында (ұзындығы 1000 км-ге жуық) созыла орналасқан. Чили Республикасы аумағының солтүстігіндегі тропиктік белдеуге сәйкес келеді. Құрамына Жағалық Кордильер, ұзына бойы созылған аңғар және Батыс Кордильер жотасының батыс беткейі кіреді. Кайнозой эрасындағы тектоник. қозғалыстар мен жанартау әрекеті нәтижесінде қалыптасқан шөл. Климаты тропиктік пассаттық, Перу суық ағысы әсерінен салқын болып келеді. Жағалауының орташа температурасы ең ыстық айда 19-20°С, ең салқын айда 13-14°С, ал ұзын аңғарларында ыстық айда 23°, салқын айда 12 °C. Жауын-шашын өте сирек түседі (жылдық мөлшері 50 мм), кейбір жылдары мүлдем жаумайды. Жағалық Кордильердің шығыс бөлігінде өте ірі натрий және калий селитрасы, йод, ас тұзының кен орындары, ал Анд тауларының батыс беткейінде ірі мыс кен орны (Чукикамата) ашылған. Шөлдің беткі бөлігінің көпшілігін жылжымалы құмдар мен сортаң жерлер алып жатыр. Бұталар мен кактустер тек ылғал молырақ жерлерде өседі. Перу суық ағысының әсерінен жағалаудағы сулар планктонға және ихтиофаунаға бай келеді. Соның нәтижесінде жағалық жартастар мен аралдар құс базарына айналған. Ондағы құстар саңғырығының қалыңд. 30 м-ге жетеді. Ол азотты тыңайтқыш болып табылатын гуано түзеді. Гуано Чилидің ең басты экспорт өнімі. Үндістер тілінде “А.”- шөлді аймақ деген ұғымды білдіреді.