С. МҰҚАНОВТЫҢ «ӨМІР МЕКТЕБІ» ТРИЛОГИЯСЫНДАҒЫ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК

С. МҰҚАНОВТЫҢ «ӨМІР МЕКТЕБІ» ТРИЛОГИЯСЫНДАҒЫ УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК

Жетекшісі: ф.д. профессор Тұрышев А.Т Магистрант: МФк-11н Ержан М.
Павлодар қ.

Көркемдік уақыт пен кеңістік — әдебиеттану ғылымындағы мәні терең өзекті мәселелердің бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нәрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде.
Ең алғаш рет уақыт пен кеңістік ұғымын жаратылыстануматематика ғылымында А.А. Ухтомский қолданған болатын: …«мировая линии», которыми связаны давно прошедшие события с событиями исчезающего вдали будущего» [1, 397]
Орыс әдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі — М.Бахтин. Ол А.А. Ухтомскийдің терминін қолдана отырып, көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы «хронотоп» немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы әлемнің философиялық-логикалық моделін бейнелеу арқылы өтпелі дәуір әдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин: «Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады» [2, 235] — деп анықтама береді.
М. Бахтин аталған уақыт пен кеңістік ұғымдары әдебиет пен өнерге қатысты төрт салаға бөлініп қарастырады:
1.Реалды (физикалық) уақыт пен кеңістік;
2.Концептуалдық уақыт пен кеңістік;
3.Перцептуалдық уақыт пен кеңістік
4. Образдар хронотопы (мекеншақ)[2, 234].
Филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Майтанов “Қазақ прозасындағы замандас бейнесі”, «Көркемдік нәрі», Мұхтар Әуезов – суреткер”, “Қазақ романы және психологиялық талдау”, “Мағжан Жұмабаев поэтикасы”, “Монолог құрылымы”, “Пейзаждың көркемдік семантикасы” т.б. сыни зерттеу еңбектері арқылы ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті сыны мен теориясының көркемдік көкжиегін жаңаша теориялық биікке көтерген көрнекті ғалым.
Хроното́п (көне гректің χρόνος, «уақыт» және τόπος, «орын» деген сөздерінен алынған) – М.М. Бахтиннің “Формы времени и хронотопа в романе” деп аталатын зерттеуінде енгізген әдеби термині. Хронотопты Бахтин “существенную взаимосвязь временных и пространственных отношений” деп түсіндіреді. Бұл терминді профессор Б. Майтанов “мекеншақ” түсінігімен береді. Пікірге толық қосылу жөн. Терминнің дәлдігін, анықтығын, нақтылығын былай қойғанда, Бахтиндік ойдың мазмұнын ашып, қазақ әдебиеті теориясына мекеншақ ұғымы туралы жүйелі де негізді пікір қалыптастырғанын атап көрсету орынды болмақ.
«Өмір мектебі» мемуарлы шығарма болғанымен, қазіргі дәуірімізбен үндесіп тұр. Ол тіпті өзінің балалық шағын баяндағанда да біз оның ақырына дейін ақылмен қорытқан, айқын позициясы бар осы заманғы үлкен жазушы екенін аңғарып отырамыз.
Қазақ әдебиетінде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» атты трилогиясының айрықша мәні бар. Өйткені 20 ғасырдағы қазақ халқының аумалы-төкпелі тағдыры, жаңа заманның адуынды бейнесі көркем арнадан көрініп, эпопеялық сипатқа ие болады. Осы мәнді шығармаға байланыстыра бір жайды айрықша атап көрсеткен жөн. «Тура айтып, туғаныңа жақпайсың» дегендей, дүниеде шындықты айтудан, оны тарихта болған ірі тұлғалармен жанастыра айтудан қиыны жоқ. Себебі, ақиқат әрқашан ащы, ал оны көркем шығарма бетінен көре беруге ешкім де құмар емес. Сөз жүзінде құптағанмен, көңілде сызат қалып қояды. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде», әсіресе, оның үшінші томы «Есею жылдарында» болсын талай қайраткерлердің тарихтағы түр-келбеті, ісәрекеті ашық айтылып, айқын суреттеледі. Оны өздері де, кейінгі ұрпақтары да тіксіне қабылдап, ұнамсыз болса сөзге қалдырып жатулары не сан. Сондықтан көркем шығарма деп жанға тимейтін әйтеуір біреулерді суреттеген шығармадан тарихи шындық негізінде жазылған туындылар дау-дамай тудырып жатады. Ал мұның өзі әдебиеттің әлеуметтік қызметін өсіре түсіріп, шығарманың өміршеңдігіне, жазушы пәрменділігіне жол ашады, ел алдындағы бағасын асыра түседі.
Өмірбаяндық шығарманың және бір өзгешелігі суреткер өз замандастарымен қарым-қатынасын, өмірге деген көзқарасын әрбір эпизодта өзекті мәселе етіп алып, өз шешімін, өзіндік дүние танымын ұсынып отыруында. Әрина, бұл әр шығармада әр түрлі қырынан көрінеді де, мемуарлық жанрдың әдебиет тарихындағы арйырықша орнын белгілейді. Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешу» және Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», «Есею жылдары» мен Ғабиден Мұстафиннің «Көз көргеніне» зер салып, талдау жасай келгенде осы өзгешеліктер бәрден көзге түседі.
«Өмір мектебі» кітабында бас кейіпкер автордың өзі, ол сондағы оқиғаларға белсене араласып отырады, замана жайында да толғаныс, тебіреністерін ортаға салады. Бұл кітап халық өмірін, түптеп тарта, асықпай-саспай кең қамтиды да, оның салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр құбылыстарын егжей-тегжейіне дейін дәл суреттеп отырады. Біздің көз алдымызда қырық жылғы бойғы уақыттың алуан түрлі қарбалас шиеленіс, қызу және қызық оқиғалары дәл бүгінгідей барлық әр – нәрімен туындап жатады.
Көркем уақыт пен кеңістік әдеби жанрларға жіктеуде, яғни әңгіме, повесть, романды «көлем» тұрғыснан ажыратуда негізгі көрсеткіш болып табылады; екіншіден, тартыс, жағдай кейіпкерлер, көркемдік әлемнің барлық категорияларының, компонентерінің қарым-қатынасынан анықталады; үшіншіден, көркемдік әлемнің әрбір компонентінің өз кеңістік-уақыты болады. [3, 260]
Көркем шығарманың көркем уақытына сай сол уақыттың жетекші тұлғасы анықталуы тиіс. Уақыттың жетекші тұрғасы шығарманың басы қасында тікелей тұруы тиіс. Ол тұлға уақыттың қозғалысын, бағытын, мінезін, тіршілік ырғағын, қоғамдық коллизиясын, еркін, нысанасын, өмір сүру тәсілін, ішікі қайшылығын, адамдардың арасындағы психологиялық шиеленісін, ерік-жігерін, жалпы алғанда, барлық шығарманың болмысын анықтап береді. Анықтап қана бермейді, өзгені өзінің дегеніне көндіріп айтқанын ісетеді. Кемелін келген, ырғақ-екпін алған, ішкі рухы қуатын тұлғаланған қаhармандар, тіпті автордың өзіне жөн көрсетіп, оған бағынбай бәсекеге түседі.
Өмірбаяндық романда автор өз туу тарихының басталған уақытынан бастап, өсу жолдары кеңістігін, тағдырдың қиыншылықтары мен қызықтары жайлы тебірене жазады. «…Құрметті оқушылар! Әрқайсымызға да қандай жағдайда туғанымызды білу қызық болар еді. Менің, қандай жағдайда туғанымды, балалық шағымда бір әйелден естіген ем, қазіргі әңгіме, сол әйелмен қалай кездесуім туралы.»[4, 9]
Романда сол уақыттағы ауыл кеңістігі мен қала кеңістігі салыстыра суреттеледі. Бұл жазушының екі кезеңді екі уақытты салыстыра суреттеуі. Тарихи дәлелдің көркем уақыттан талап ететін бір басты айғағының бірі – жер аттары, табиғат суреттері, хайуанаттар әлемі… «Біздің ауыл ол кезде, Ақмола облысы, Петропавл уезі, Аққусақ болысына қарайтын «Жаманшұбар» атты мекенді қыстайды да, «Дос» атты көлді жайлайды. Қазақ елінің руға бөлінетін заманында, біздің ауылдың арғы түбін Керей, бергі түбін Сыйбан дейді. Сибан ол кезде «ойдағы» және «қырдағы» атанып екіге бөлінеді. «Қырдағы Сибан» – Досты жайлайтын төрт ауыл – қырық-елу үйдей. Жүзден астам үй «Ойдағы Сибан», Достан жиырма бесотыз шақырымдағы Есенейдің Қайраң келін жайлайды, қыстаулары елуалпыс шақырым жерде.» [4, 9]
Жазушы сол уақыттағы ауыл кеңістігінің тіршілігіне аса көңіл бөліп тоқталады «…«Рахметтің үйі» дегені сыртынан ішіндегі адамдарын санап алатын қырық-құрау, кішірек қарақұрым отау екен. Қара сақалды, ұзын, арық денелі Рахмет, үйінің қасына атымызды тоқтатқан бізді, үйінен шыға, құрметпен қарсы алды» [4, 4]
Жазушы ауыл тірлігін суреттеп қана қоймай оны салыстыра береді. «…Ботпай үйінің қазаны да, әрине, Рахметтің қазанынан әлдеқайда кең, сойыстығы да әлдеқайда семіз… Сондықтан, сорпа-суын ішкісі келгендер жерошағының басында. Балалардың да көпшілігі сол маңайда ойнайды, өйткені, қазан түсірілген соң, олар үйдегі «үлкендердің бармағын жалап, ет асайды…» [4, 4]
Сәбит Мұқановтың тағы бір ерекше тұсы әр зат атаулының немесе жердің сол уақыттағы шығу тарихына роман бойы тоқталып отырады. Бұл бізге өткен уақыт пен кеңістіктен мол мәлімет береді …«Күрілдек – Құтырлаған атты қазақ-орыс станциасы, орысша аты Екатериновка. Оның қалайша – «Құтырлаған» атауы туралы ауыл арасында төмендегідей аңыз бар: қару-құралды қазақ-орыстар ең алғаш біздің араға келгенде, бұрын орыс көрмеген ауыл адамдары тығылып қалады. Мезгіл жаз екен дейді. Әр үйдің есігінің алдында сөреге жайған құрт тұрады екен, соны таңсық көрген қазақ-орыстар қалталарына салып алып кетеді. Олар «Үлкен» және «Кіші» аталатын екі Сары көлдің арасынан станица салып, атын Екатериновка қояды. Кешікпей екі халық дос боп кетеді. Содан кейін қазақтар қалжыңдап станицаның атын «Құртұрлаған» қояды, Құтырлаған содан барып шығады.» [4, 10]
Сәбит Мұқанов үшін ұшқан құс та, жүгірген аңда, бұл өмірдің айнымас бөлігі ретінде санайды. …«Бозторғайды аяған жұрт: «Бұ бейшара неге төмен қарай ұмтылмайды, неге жоғарылай береді» десе, біреу: «Төмендесе-ақ қағып түспей ме тұрымтай, соны біліп жоғарылап барады»,- дейді. Аздан кейін бозторғайдың екпіні бәсеңдеп, тұрымтайдың екпіні күшейе бастағанын көреді жұрт. «Апырай, енді шалады-ау, бейшараны!..» деп аяған жұрт шуласа бастаған кезде, жиынның арасынан мылтықтың дауысы гүрс ете қалады. » [12, 15] Сол уақыттағы ойын баласының күн ұзақ күнді қалай өткізуі туралы, өзі де сол кездегі ойнаған ойындардың қызығын шебер суреттеп жазады. Бұл бала Сәбиттің балалық шағының көркем уақыты. «… Ұзақты сары күнін балапан қуу, асық ойнаумен өткізген балалардың түнгі ермегі – ақсүйек, соқыртеке, бұрақтан сияқты ойындар. Ақсүйекте балалар екіге жарылады да, дамбалдан басқа киімдерін, аралары алшақ екі жерге үйіп, ол орындарды «орда» деп атайды. «Ордаларда», әдетте, ақсақ, соқыр сияқты, жүгіруге жарамайтын кемтар балалар «хан» боп отырып қалады да, екі топ балалардың ішінен кезекпен бір сүйекті лақтырып келеді. Екі жақтық балалары да сүйекті іздеп қай тапқаны алып қашады, мақсат — өз ордасына шейін екінші жақтың балаларына жеткізбеу; сондықтан бір жақтың, балалары біріне-бірі жәрдемдесіп, қай жүйрігі алып қашады… Жеткен балаға қашқан бала
қолындағы сүйегін талассыз береді…» [4, 10]
Сәбит Мұқановтың балалық шағынан бір ерекше орын алатын жер сол Жаманшұбардағы Дос көлінің кеңістігі. Бала Сәбиттің жаз мезгілінде уақытының көбін өткізетін жердің бір: Қайраң жақтың суы — тік: барса бала түгіл үлкен кісіні қамысына маңайлатпайтын терең. Балалар ол қамысқа жүзіп барып жетеді… Жетпегенде ше: қамыстың түбінде сүттен ақ, қанттан тәтті сүйрік жатады… Қант, кәмпит сияқты тәттіні байдың баласы ғана болмаса, кедейдің баласы айында, аптасында болатын базардың тұсында ғана татады. Со кездегі ауылда, қант татыған сүйрікті жемей, тәттішіл бала қалай шыдар!.. Достың тәтті сүйрікті қамысына бола шөптесін тайыз жағынан жетейін десе, қамыс арасы қалың балдыр, балдыр арасы өткір арадай қалың қияқ, егер бала оған түссе, тілімденген денесі ілезде тұтасқан кигіз қотыр болып кетеді. Сондықтан бала терең барса да, қамысқа жалтыр жақтан жетуге тырысады. Және жетпей қоймайды да!..»[4, 25]
Қазақ халқының ертеден келе жатқан кәсібі саятшылық. Жазушы бала күнінен-ақ бұл кәсіптің қыр-сырына толық қанығады. Сол уақыттағы ауыл халқының тұрмыс-тіршілігінің, айнымас бір бөлігі болған аңшылықты дәмін татуға тура себепкер болған Саятшы Ораз « … Жазы-қысы құс салатын. Ораз әр күні қоржынын толтыра құс, қанжығасын толтыра аң әкелмей қоймайды екен. Соның бәрін өз пайдасына жұмсаса, оның байып кетуі мүмкін ғой. Бірақ өйтпейді Ораз. Оның қанжығасы қанды екенін білетін жұрт, аң мен құсқа мылтықпен шықсын, қайырған құсымен шықсын қасына топталып ереді екен. Ораз атқанын, я ілдірген аңдарын соларға үлестіріп, өзі үйіне бірер күнге азық әкеледі екен. Ораз қыстыгүні күзен, тышқан, түлкі, қасқыр сияқты аңдарды да көп аулаған. Бірақ солардың да терісін сатып пайда қылмай, кім көрінгенге сауғаға бере берген. Оның аса дос көретін тобы балалар болушы еді. Жаз да, қыс та аңға шықса, қасында балалар қаптап жүретін. Сауғасын ол балалардан да аямай, күндік олжасын үлестіріп беретін, бүгін құр қалған баланы ертең риза қылатын…»[4, 15]
«…Бала Сәбит халық арасында ауызша мол тараған «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» секілді эпостық жырларды жаттап алып «ақын бала» атанып той думандарға айтып жүрсе, екіншіден, аталған жырлар оның ақындық қабілетінің оянуына басты себеп ретінде әлі сауаты аз, әдебиет теориясынан бейхабар жас талантты ақындық өнерге жетелеп жолға салған алғашқы мектебі болды…»[5, 50] Бұл сол уақыттығы Сәбиттің кәсібі болды. Бұл жырларды бірі түсінсе екіншісі түсінбеді, бірі сынай қараса, екіншісі тамсана қарады «…Қанапия мен Нәзір өтінген соқ, мен «Зарқұмды» дағдылы әніммен домбыраға қосып төпей жөнелдім: «Ал, табылар сөйлесе сөз жоқтан ғайып,
Сөзде хата көрінсе қылма айып,
Кешегі хазірет — расул заманында,
Бір үлкен соғыс болды таңғажайып.
«Аяман «ал» дегенде тіл мен жақты [4, 30]
Жазушының ең алғаш туған жерден жыраққа жолға шығу сезімі жайлы айтылады:«…Сырымбет тауы бізге кеше көрінген. Ол тауға тез жетуге мен үш жақтан құмартқам: бірінші — тау дегенді естігенім болмаса, бұған дейін көрген емен: екінші, Нұртазаның айтуынша, ол — аты тау ғана емес, менің бесінші атам Сырымбеттің тауы, өз атаңның тауын көрген қандай қызық: үшінші, серіктерімніқ айтуынша, Сырымбеттің ығында, Шыңғыс ханның ордасы бар…» [4, 28]
«Өмір мектебі» романындағы заман мен уақыттың кілті менің ойымша әр тарауда ұштасады: “Күйреген ұя”, “Инемен қазған құдық”, “Дау”, “Кедескен кәсіптер”, “Әнге әуестік”, “Жәмшәк жолы”, “Бақташы”, “Зорлыққа қарсы”, “Ақындыққа әуестік” деген бөлімінің аттарын бірінен кейін бірі оқиғаны өрбітіп отырады. Осы ұлы кеңістіктің ішінде тараутарау күре жолдары тоғыстыратын кіші кеңістіктегі тағдыр соқпақтарына апаратын жол жатыр.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Ухтомский А.А. Письма // В кн.: Пути в незнаемое. Писатели рассказывают о науке / Ред. Коллегия Б.Н. Агапов и др. Сб. 10. – М.: Наука, 1973. – С.480
2. Бахин М. Вопросы литературы и эстетики. – М., 1975. –
С.235
3. Құралқанова Б.Ш. О. Бөкеевтің «Жетім бота» повесіндегі көркем уақыт пен кеңістік. «IX Седельников оқулары» 2 том, 260 бет.
4. 12. Мұқанов С.М. Таңдамалы шығармалар. Өмір мектебі. Роман. Алматы: ”Жазушы ” баспасы, 1976. – 9-10 бет.
5. С.Мұқанов Таңдамалы шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы. – 1970. – 10 том.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *