ҚАЗІРГІ АЙТЫСТЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ СИПАТЫ

ҚАЗІРГІ АЙТЫСТЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ СИПАТЫ

Тілеубердина Г. Т., Амантаева Д. Б.
Көкшетау қ., Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
guldentleubrdina@inbox.ru, diana-amantay@mail.ru

Қазақ халқының ауыз әдебиетінен, мәдениетінен ойып тұрып орын алатын айтыс өнерінің зерттелуі жайлы еңбектер көп кездеседі. Айтыс өткенімізде ғана емес, бүгінімізде де халық өмірінен елеулі орын алады. Мұның дәлелі – айтыстың бүгінде қанатын кеңге жайып, тыңдарманға дәл керек дүниені бере алуы.
Айтыс қазақ халқымен бірге өмір сүріп келе жатқан синкреттік жанр. Ол қоғамдағы ащы шындықтарды, қоғамда болып жатқан әрекеттерді жырлайды. Сондықтан да қазақ халқы айтысты ерекше бағалап, өнер саласынан өшіріп алмай келеді.
Соңғы кездерге дейін көшпелі өмір сүріп келген қазақ, түрік, монғол секілді елдердің көбінде айтыс жанры бар. «Бұл жанрдың тууына және өркендеуіне бас себеп – бұл елдердің сауатының аздығы, мектебі, оқуы жоқтың қасы болуы. Мектебі, оқу, қалам, қағазы жоқ елде ақынның күші ауызға түседі» дейді С. Мұқанов [2, 16 ].
Қазіргі айтыс өнерінің қайта серпіліп, жаңа белеске, тың өріске талпынған тұсы 1997 жылдан басталды. М. Әуезовтың ақындар айтысының өзгешелігін «театрлық, драмалық қызу әсері бар өнер түріне айналады», «халық театрының анық, дәл ұрығы бар деуге болады» [1, 617] — деп тануы тегіннен тегін емес. Жаңарған заманда, өз тағдырымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің тізгіні өз қолымызға тиген уақытта сөз өнері де жаңғырып, көне айтысымыз көрермен аудиториясын кеңейтіп телеайтысқа айналғаны, соны серпін алғаны анық.
Айтыстың тақырыбы көбінесе қоғамда болып жатқан жаңалықтарға байланысты қойылады. Мемлекетіміздің саясатын, экономикасын көтеру мақсатында жүзеге асырылып жатқан бағдарламар аясында айтыс тақырыбы белгіленіп, өткізіледі. Мысалы: әр жылы Наурыз мерекесіне байланысты «Қош келдің, әз Наурыз», «Мәңгілік ел», «Бөрілі байрақ», «Азаттықтың алтын бесігі», «Сөздің пірі — Сүйінбай», «Мәңгілік ел — мұратым», «Жаңа жұлдыз», «Ел қорғаған ер Жәнібек», «Кіл жүйрікте, кім жүйрік?», «Жұлдыздар айтысады», «Жырың болып төгілемін, елім», «Қарасай батырдың 400 жылдығына орай», «Алтай – асыл бесігім», «Шырайлы, шежірелі құтты мекен», т. б.
Айтыстың тақырыбы уақыт өткен сайын жаңалықтарға байланысты өзгеріп отыратын құбылыс. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін айтыстың негізгі тақырыбына айналған ол елдік, бірлік, тәуелсіздік еді. Тәуелсіздіктің қиындықпен келгенін қаншама айтыскерлер жырлап та өтті, әлі де жырлануда. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Таразда өткен айтыста осы тақырып тереңінен қозғалып, ақындар алыптар жүріп өткен сара жолды жырға қосып, жырлап берді. Сондағы Болатбек Оразбаевтың айтқан сөзі:
Бес жүз елу жыл бұрын Керей менен Жәнібек Түнегімізге шам жақты. Тозып жүрген жұртының, Табанына нәл қақты.
Қасымханнан кешегі Қағидалы заң қапты.
Тоғыз ұлмен шейіт боп, Тоғым хан өткен ардақты.
Есім хан таққа қонғанда, Тезге салып тентекті Тектілер жолын жалғапты. Орбұлақтың жерінде
Салқам Жәңгірмен шайқасып, Дұшпанның қолы шаң қапты. Әз Тәуке қорғап жеріңді Құс тұмсық жебе жауға атты.
Бұхарды тыңдап Абылай Бұл қазақтың басынан Бура төс бұлтын аунатты.
Өлерінің алдында
Екі бас намаз оқыған
Хан Кене көксеп жәннатты. Ұрпақтан ұрпақ алмасты, Тарихты талай шаң басты. Тоқтаған көші хандардың Тоқсан біріңде жалғасты.
Мамыражай күн кешіп, Мамыққа қойып жамбасты[3].
Ақын Нұрмат тоқсан бірдегі оқиғаны жіпке тізген маржандай етіп айтып, ел болу үшін жанын берген жандарды айтады. Тәуелсіздік таңына қайран қазақ, Қанына тайғанақтап жатқан жоқ па? Азаттықтың жолында арыстарым Небір ауыр зұлматты шеккен жоқ па? Кешегі Тәшеновтей қара нарлар Қызыл шоқтың үстіне шөккен жоқ па?
Азатықтың қадірін қазақ білер
Осындай қиындықпен жеткен шақта
Желтоқсанда жеміс берген жеңісіңнің Дәнегін Махамбеттер сепкен жоқ па?
Ләззаттар мұз үстінде отын жақты
Елім ерте жетсін деп көктем шаққа Қаныменен суарып Қайраттарым
Байрағымды көгертіп кеткен жоқ па? [6].
Айтыста ақын қоғамда болып жатқан әрекеттерді, үкіметке ұсыныстарын айтып, халық қамын ойлайтынын көрсетеді. Осылайша айтыста қала халқының тұрмыс-жағдайы, әлеуметтік жағдайы айтылады.
Мысалы, Еркебұлан Таразда өткен айтыста:
Қала мен Залинидің арасында Қазақтарға темір жол сор болмасын. Барлығы бір көпірде кептеліп жүр Оның өзі бір аяқ жол болғасын. Ағалар 4-5 көпір сап берсе екен Тараздықтар ешкімнен кем болмасын.
Талай өмір жолынан өткен қазақ
Темір жолдан өте алмай қор болмасын [3].
«Бөрілі байрақ» атты айтыста Астана қаласының маңындағы ауылдың жай-күйі ескеріліп, ақын Бек Шыматтың көтерген мәселесіне айналды. Астананы мақтай бастап:
Талапкер, Қараөткел мен Қоянды бар, Қосшыны да жөн болар хабарлаған. Дәл қазір осыларды көрсеңіздер, Ұялады тұрмақ түгіл қарауға адам.
Қояндыға көшіп кеп қанша оралман, Тұрарға бір жер сатып ала алмаған[5] – деп, ауылдың қиын тұрмысын сипаттап берді.
Тәуелсіздік алған жылдардан кейін жас елімізге кіріп келген әртүрлі діндер бүгінде мемлекеттің басты мәселесіне айналып отыр. Халықтың ойын әр ағым сан-саққа бағыттап, бейбіт елді басынбақ. Бұл тақырып та айтыста бей-жай қалмады. Ақындар әлі келгенше дін мәселесін айтып, дініміздің классикалық үлгіде қалғанын қалайтындығын әр сөзімен дәлелдеп отыр. «Азаттықтың алтын бесігі» атты сайыста Павлодарлық ақын Аспанбек Түркістанда болған оқиғаны былайша баяндайды: «Пайғамбармын» деп біреу жүр, Есімі оның – Нұрәлі.
Сіміріп алып сыраны
Қолында жоқ құманы
Астында жоқ пырағы
Суырып ап сүрені
Қолма-қол жазып дұғаны
Мына әлемді жерсінбей Мұхамедті менсінбей Өз бетімен қуады. «Қазақша оқы» деп намазды Кісіні жынды қылады [6].
Ал, Еркебұлан ақын діннің тарам-тарам жолдарға бөлініп кетіп бара жатқанын былай айтады:
Қазіргі «дін» деп жүргенім
Біреуі тартып Қырымға
Біреуі тартып Үрімге
Біреуі тартып Мысырға
Біреуі тартып Сібірге
Дүбара болып барады Діншілер айтқан дінім де [4].
Қандай уақыт болмасын елде пара алатын басшы, халық мүлкін қалтасына салушы шенеунік болатыны рас. Бұлар талай айтыстарда айтылып, сынға да түсіп жүр. Ринат ақын Бек Шыматқа қарсы шешуші шайқаста:
Әкіреңдеп жүрген әкім бар,
Шіреніп жүрген шенеунік Балтасы бар да, ақылы жоқ.
Талтаңдап жүрген батыр бар
Жауапсыз жатқан арыз бар
Естімей жүрген жауыз бар[5]
– деп, басшылардың ел арызын естір құлағы жоқтығын айтып өтсе, ақын Балғынбек Имашев:
Баспана мәселесін айтқан кезде, Шаттықтың үні естілді қоғамнан дәл.
Енді соны жүзеге асыратын
Үкіметте көп болса екен адал жандар.
Жас жанұя тезірек үйін алсын
Үй салар жерін алсын оралмандар.
Жолдауды түсіндірмей-ақ қойыңдаршы,
Шенділер, шекпенділер, шабармандар
Халық бәрін түсініп, біліп отыр,
Тек қашан жүзеге асады хабарлаңдар [6]
– деп, ел тұрмысын жақсартуға шыққан бағдарламалардың жүзеге тез асырылуының жайын айтады.
«Бір көйлегім бар, үйде ғана киетін, бір көйлегім бар, ауыл арасына шыққанда киетін, ендігі бір көйлегім жиналысқа ғана киетін» деп, Айнұр ақын алғырлығын көрсетіп жұмбағын жасырғанда, «Үйде ғана сөйлейтін қазақ тілің, көшеге шыққанда қолданар орыс тілің, ал, енді жиналысқа ғана киер бағалы көйлегің – халықаралық жиналыстарда қолданар ағылшын тілің» деп, Балғынбек ақын тапқырлығын көрсеткен. Жұмбақ айтысына арқау болып отырған тақырып – ана тілі, қазақ тілі мәселесі. Ұлт болашағын ойлаған ақын ұлттың басты белгісі болып табылатын тілдің күйін айтпай кете алмайды. Соның бірі Еркебұлан Қайназаров Аспанбекпен айтысында былай дейді: Қасқаларымның қазақша
Біреуі біліп ілуде.
Кесірі соның кесел боп
Руханиятым мешел боп Қоғамым кері жүруде.
Қазіргі ана тіліміз
Қате-қате шимай боп Қалт-құлт етіп зорға жүр
Қағаздың ғана түрінде [4].
Ертеден ақындардың айтар басты тақырыбы руға бөліну бүгінгі күн айтыскерлерінің де көтерер мәселесі. Өз руларын мақтап, сонан соң өз руындағы жандардың жеткен жетістіктерін айтып, шаттана керілетін ақындар да бар. Солардың бірі Аспанбек ақын Еркебұланмен айтысқанда руға бөлініп, жүзге бөлінеді. Сонда ақын Еркебұлан:
Жүзге бөлмей жұртымды
Руға бөлмей ұлтымды Бес күннің соңы болғанша,
Басыңда тұрсын бірлігің [5]
– деп, жырлайды. Жалпы руға бөліну басқа да ақындар айтысында көптеп ұшырасады. Уақыт қанша өтсе де, қазақ ру мен жүзге бөлінуін әлі қоймай келеді. Ал, айтыс ақындар арқылы осындай мәселелерді талдап, шешуге талпынып жүрген жанр.
Айтыста көтерілетін мәселе дәл сол уақыттың қиындықтарын, халық тұрмысы мен әл-ауқатын, елдік мәселесін, ұлттың ұлт болып қалыптасу қасиеттерін қамтуы тиіс. Сонда ғана ол ел көңілінен шығып, жас ұрпаққа тәрбиелік мәнін берумен қатар, ел мәселесін шешуге өз септігін тигізеді.
Жоғарыда келтірілген мысалдар еліміздің бүгіні мен болашағын, экономикасын, ұлттық белгілердің бастыларының жай-күйін жырлаған айтыстар еді. Қозғалған тақырыптар қатарында тәуелсіздік сөз болса, ұлтты сақтап қалу мақсатында дін, қазақ тілі мәселесі көтерілді. Сонымен қатар ауыл халқының тұрмыс-жағдайы, билік басындағылардың іс-әрекеті секілді тақырыптар айтыстың басты тақырыбына айналып отыр. Осылайша айтыс жанрының тақырыптары әлденеше тарау боп бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының шындығын біршама дұрыс та дәл бейнелей алады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. «Айтыс өлеңдері жайында», Қазақ әдебиетінің тарихы. I том.
1960 ж.
2. Мұқанов С. Айтыс. А, 1941 ж.
3. https://youtu.be/9gf1onQzpKc «Мәңігілік ел» атты Республикалық айтыс
4. https://youtu.be/9dlGZXeXX4U «Азаттықтың алтын бесігі» атты айтыс
5. https://youtu.be/XVFUxs2Nlhk «Бөрілі байрақ» атты айтыс
6. https://youtu.be/-du9jatOgGM «Мәңгілік ел – Мұратым» атты айтыс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *