М.ҒАБДУЛЛИННІҢ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МҰРАЛАРЫ НЕНІ
АҢҒАРТАДЫ?

М.ҒАБДУЛЛИННІҢ ЭПИСТОЛЯРЛЫҚ МҰРАЛАРЫ НЕНІ
АҢҒАРТАДЫ?

ф.ғ.к., доцент Қияқова Р.Ж., ф.м. Букаева А.А.
Көкшетау қ ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, raua_5@mail.ru

Профессор С.Негимов Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика Ғылымдары Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық әдебиетінің білгірі, жазушы, әскери мемуарист Мәлік Ғабдуллин туралы: «…Өзінің қысқа, мағыналы өмірінде адамға қол үшін беруден, ізбасарларына сая, пана, қорған болудан жалыққан емес, «Жемісті ағаш жер бауырлап өседі, жетелі жігіт ел бауырлап өседі» дегендей, ол халқымен, елімен, сүйікті Отанымен қандас, жандас, тамырлас болды», –дейді [1:147].
«Ер жігітке сегіз қырлы, бір сырлы болу аздық етеді» деген мына оралымды ойымызға тамызық қылсақ, Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірінен тәлім-тәрбие аларлықтай, келесі бір қыры қоршаған ортасын, оқырмандарын жігерлендіре, қанаттандыра, рухтандыра түсетін, сәулелі жарығымен нұрын шашатын бұл – эпистолярлық мұралары.
«Жауынгерлерді ерлікке, батырлыққа, батылдыққа баулуда майдан мен тыл ортасында хат жазысу дәстүрінің алатын мәні, орны ерекше. Асыл сөз, әсіресе, майданда керек. «Қылышынан қан тамған батырларды тілінен бал тамған ақын алады» дегендей, оның майдан ерлеріне берер жігер-рухы айырықша» [1:147].
Профессор Р.Сыздықова: «Эпистолярлық стиль – жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнері. … Белгілі қоғам қайраткерлерінің, сөз зергерлерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік, не өзге де мәні бар мазмұндағы корреспонденциялары болуға тиіс», – деп ойын сабақтайды [ 2: 257].
Эпистолярия– грек тілінен алынған сөз. Бұл сөз хат деген мағынаны білдіреді.
Қазақ тіл білімінде хат мәтіні әлі де зерттеуді қажет ететін, ғылыми терминдері әбден орнығып, бірізділенбеген тың тақырыптар деген А.Ешекееваның пікіріне [3] қосылуға болады. Автордың пікіріне сүйенсек, қолданылып жүрген терминдер мынадай: эпистолярлық әдебиет, эпистолярлық жанр, эпистолярлық стиль, функциональды эпистолярлық стиль т.б. [ 3:40 ]. Қай терминнің мән-мағынасын оқырманға түсіндірсек те, ұғары – біреу, ол Б.Бұлқышевша айтсақ, «адамзатқа жазылған хаттар», «абзал жандар туралы» жазылған хаттар.
Көпшілікке эпистолярлық мұра беймәлімдеу болғанымен, бұл ғылым үшін жаңалық емес. Олай дейтін себебіміз Ш.Уәлихановқа баршаға белгілі Н.Достоевскийдің жазған хаттары бар. Сол сияқты Ы.Алтынсариннің [4] «Қымбатты», енді бірде «Аса қайырымды» Николай Иванович Ильминскийге, В.В.Катаринскийге, А.А.Мозохинге «Аса қадірлі досым», «Аса сүйікті» Ф.Д.Соколовқа деген хаттары сақталған.
Эпистолярлық стильді зерттеушілер хат мәтіндерін ресми хат, тұрмыстық хат, достық хат, сырлас хаттар деп топтап жүр. Сырлас хаттар дегеніміз – жазушының жеке өмірін, ішкі әлемін, жан дүниесіндегі иірімдерінің хаттағы көрінісі. Бүгінгі күні эписториялық стильдің бұл түріне С.Жүнісовтің «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында» деген еңбегін [5] жатқызуға болады.
Эпистолярлық стильге тән мына үлгідегі ерекшеліктер бар, олар: ауызекі тіл, тұрмыстық лексика, кірме сөздер, тіпті кейде мақал-мәтелдер, фразеологизмдер де жиі көрініс табады. Ал морфологиялық ерекшеліктері ол экспрессивті-эмоциональды реңк жүктейтін тұлғалардың жалғануы арқылы жасалған жалқы есімдер, оқшау сөздер болса, синтаксистік ерекшеліктерінен жай сөйлемнің құрылымдық-семантикалық топтарының жиі қолданатындығын байқаймыз.
Эпистолярлық мәтінде автор айтайын деген ойын еркін, ешбір бүкпесіз баяндайды, екіншіден, адресаттың қолтаңбасын, өзгеше стилін, сөз саптауын, интеллектісін де, үшіншіден, хат мәтінінен оның басталуы мен аяқталуының өзіндік дәстүрін аңғаруға болады.
Олай болса, әскери мемуаристің хаттарын тізбелеп көрейік.
М.Ғабдуллиннің Мұхтар Омарханұлы Әуезовке!., Қымбатты Мұха!., Қадірлі Мұха!., Ардақты Мұха!., Мейірімді Мұха!.. деген хаттар легі майдан мен тыл арасындағы үзік сырдың куәсі дерсіз. Бұдан басқа да Сәбит Мұқановқа, Жақсыбай Жантабековке, Сәуірбек Бақбергеновке, Қасым Шәріповке, Сәрсен Аманжоловқа, Сәуірбек Бақбергеновке, Сәдуақас Серкебаевқа, Шерхан Мұртазаға, Медеу Сәрсекеевке, Рамазан Тоқтаровқа, Ақселеу Сейдімбекке арнаған хаттары да бар.
М.Әуезовке 28 қыркүйек, 1942 жылы жазған бір хатынан: «Абайды» өзім оқып шыққаннан кейін, жолдастарға беріп оқытып жатырмын. Жұрттың бәрі романды зор табыс деп қуанышпен «қарсы алды» десе, енді бірде: «… Еңбек Қызыл ту» ордені қайырлы, құтты болсын …
Елдің атын ер шығарады деген ғой. Сіздің алған наградаңыз – Қазақ халқының алған бағасы … Мұндай абыройлы атаққа жету жолында Сіздің жасаған еңбектеріңіз ерекше орын алуда. Біз бұған қуанамыз, шаттанамыз, мақтанамыз!» – деген жолдарды кездестірдік [1:152-153].
Окоп ішінде қалғанда үстіңнен от түкіріп, оқ жаудырған зілмауырдай танк жапырып, қол диірменше зырылдағанда, қарулас жолдастың әп-сәтте жоқ болып, бір жапырақ қып-қызыл етке айналғанын көзімен көрген, қиындыққа мойымаған Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин ешқашан келешегінен үмітін үзбеген. Ол Сәрсен Аманжоловқа: «Менің сізден сұрайын дегенім – диссертацияңыз не халде? Соны жазып жіберіңіз. Болашағын ойламайтын адам болмайтын шығар? Диссертация жазу деген – белгілі бір мәселені алып, оны толық зерттей, іздене жазу. Ол қандай жақсы. Осыны мен де ойлаймын. «Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» деген ғой.
Тірі болсам жақсы бір диссертация жазуды ойлаймын, – деп жазса керек [1:158].
Бірін-бірі сырттай ғана білетіні болмаса, Медеу Сәрсекеевке батыр аға: «Мен бүгін сізбен танысып алдым», – деп хат жолдарын арнайды. Оның себебі М.Сәрсекеевтің «Жұлдыз» журналына шыққан әңгімехикаясы болса керек.
М.Ғабдуллин: «Менің сізге берер кеңесім: шығармаңызды осы күйінде, әңгіме түрінде қалдырыңыз. «Жизнь замечательных людей» дәрежесіне көтеріңіз. Қаныштың өмірін ең кем дегенде үлкен-үлкен үш том етіп жазыңыз. (I кітап: Қаныштың балалық шағы, оқудағы кезі, судьялық қызметі, студенттік өмірі т.б. ІІ кітап: Қаныш – Жезқазғанда, Қаныш – инженер, Қаныш – Қазақстанның кен байлығын зерттеуді ұйымдастырушы және іске тікелей қатысушы, Қаныш – ғалым, академик, президент, мемлекет қайраткері, нағыз Азамат).
Қысқасы, Қаныш жайында ең әдемі, көлемді шығарма күтеміз сізден», – деп М.Сәрсекеевке хат жолдап, хат соңында «Зор құрметпен М.Ғабдуллин» 1972 жыл, сәуірдің 3-і деп көрсетеді [1:164-165].
Шілде айының 30-ы, 1965 жылы Шерхан Мұртазаның «Бұлтсыз күнгі найзағай» деген еңбегіне байланысты: «Ағалық, адал көңілмен, ақ ниетпен білдіргім келеді ойымды. Сондықтан ащы айтылған, қатты естілген сөздерім болса, оларды ағаның қамқорлығы дегейсің. Мен өмірімде біреуді жамандаған жан емеспін. Мүмкіндігіне қарай әділ де турашыл болуды өзімнің азаматтық борышым деп білемін.
Енді негізгі сөзіме көшейін.
 Алған тақырыбың, алдыңа қойған мақсатың, бүгінгі жастар өмірін суреттеуді нысана етуің, тек құттықтауды ғана керек етеді. Бұл жөнінде саған «Жігітсің! Молодец!» деймін.
 Тілің әдемі, тартымды, көркем. Бұған «5» деп баға қоюға болады.  Осы повесің маған аяқталмаған, бітпеген әлі көп өңделетін, жаңадан жазылатын, толықтыратын жерлері бар сияқты болып көрінеді», – деп ойын төмендегі сегіз түрлі ескертумен тәмамдайды. («меня» деген цитата- өлең бес рет қайталанады, қара төбеттің ұлуы, мысықтың жасыл көзі көп айтылады екен) т. б.
 Ойда қалатын, көз алдыңда тұратын, ұмытылмайтын картиналар, эпизодтарды беру керек. Ондайларың жоқтың қасы.
 Жағымсыз образың жағымдыдан күшті болып шықса, жағымсыздың қылығы, ісі дәлелденсе, бұл сенің табысың болар еді.
 Хамзинды мансапқор, реакционер, консерватор, басқаны көре алмауы, қызғаншақ етіп көрсету үшін біраз штрихтар керек.
Тіпті 77-бет жоғарыдан санағанда 4-абзац «Жалғыз шыбын» деп басталады. Соның екінші сөйлемі өте дөкір. Саған, тіл шеберіне, мұндай сөйлемді жазу жақсы емес», – деп жазыпты [1:162-167].
Маған, – дейді Ғ.Мүсірепов, – сөздің де, сөйлемнің де еңсесі бар сияқты сезіледі. Сөздің де, сөйлемнің де салмағын кірге салып өлшеуге болатын сияқты. Сөйлемнің еңсесі ой салмағында, сөздің еңсесі өзінде, өз сипатында. [6:120].
Ш.Мұртазаға «тілің әдемі, тартымды, көркем» дей тұра, саған, тіл шеберіне, бұл жөнсіздеу, сөйлемің еңселі болсын деген сияқты қағиданы қамшылай түседі.
Бұдан басқа да ұсыныс, ескертулерін айта отырып, қамқор ағасының інісіне обал, қиянат жасамай, ағынан жарылып, адал ниетінен туындады деп білгейсің деген жолдарды жазылған ой-пікірлерінен кездестіреміз.
М.Ғабдуллиннің келесі бір хаты «Бауырым Рамазан!» деп басталады. КСРО Педагогика ғылымдары Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор 1970 жылы, желтоқсан айының 31-де жазып, хат соңында құрметпен Мәлік Ғабдуллин деп аяқтайды. 1971жылғы «Жалын» журналының 6-санында «Тундра дәптері» деген Рамазан Тоқтаровтың сапарнамалық деректері жарық көреді: Осы «Тундра дәптері» жайында М.Ғабдуллин: «Рамазанның осы сапарнамасында не бар дейсің?– деп ойладым. «Дәптеріңді» оқып шыққан соң, жаңағы ойымның қате, теріс екенін түсіндім. Бұл еңбегің – сапарнама ғана емес, әдемі, көркем шығарма екен. «Дәптерің» жеке кітап болып шығар. Сонда мына нәрсені есіңе ал дер едім деп бірнеше ұсынысын жазады. Соның бірі ненец халқы туралы айтыңқыра (тұрмысы, салты, тарихы, әдет-ғұрпы т.б), молырақ келтір, десе, – енді бірде ақ құр (93-бет), жұмбақ шұғыла (94-бет) жайлы ғылыми- фантастика бағытында баяндалса деп ақыл-кеңесін берген [1:169].
Кейде әркім байқай да бермейтін, сөйлемдегі сол қолданыстары туралы да: «Ақ қарға шағылысқан күннің сәулесі көзді ауыртады» (82-бет) дейсің. Ауырта ма, әлде қари ма?» деген ескертпелерін көріп, әрбір жұмысты өте мұқият, ыждаhаттылықпен, үлкен жанашырлықпен қарағанын байқайсың.
Демек, Ғ.Мүсірепов : «Сөзге сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады. Сол өз мағынасын дәл баспай тайғанақтап тұрса, ол өзін де, сөйлемді де оңдырмайды. Сөйлемнің де, сөздің де әуені, үні бар», – деп бекер айтпаса керек [6 :121].
Тумысынан нағыз педагог М.Ғабдуллиннің эпистолярлық мұрасының қайсыбірін оқысаң, «Мен саған бұдан бұрын хат жазған қазақ емеспін. Ал осы хатты жазуыма себеп … деп басталады». 1972 жылы, қаңтардың 14-де «Ақселеу Сейдімбекке!» деген хатында: «Қымбатты Ақселеу! Біз бір-бірімізді танымаймыз, көріспеген де болармыз. Солай болса да ағалық кейіппен өзіңе осы хатты жазып отырмын», – деп бастаған екен [ 1:170].
«Мен сенің жазғандарыңды үзбей оқып отырам, сүйсініп отырам. Мақтағаным емес, шыным сол: Мен сені «Комсомольская правданың» Пешковы секілді көрем, сондай болуыңа шын көңілден тілектеспін, сәт тілеймін», – деген жолдарды оқимыз [1: 170].
Автордың осы эпистолярлық мұрасында Қазақстанның қай өңірі болсын, қызыққа толы тәлім-тәрбиелік мәні бар әңгімелері, тарихы, жырдастандардан құр алақан еместігі туралы айтылады. Тіпті алысқа бармай, Қарағанды облысының өзінде жұмбақ көл, жұмбақ үңгірлер бар екенін, сол сияқты Павлодар, Семей облыстарында «Қалмақ қырған» деген атаулардың кездесетініне тоқталады. Әрі кең байтақ қазақ даласындағы құс, аң, жәндіктер әлемінің өзі нағыз зерттеу нысаны екенін, Қазақстандық орыс жазушысы М.Зверевтің еңбегінің несімен бағалы екенін де есіне салады.
Содан соң: «Өзім қазақ Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында істеймін. Хабарласқыңыз келсе, сөйлесуге мен дайын», –деп өзі туралы бірер ауыз дерек жазады.
Бірін-бірі көрмесе де, творчестволық байланыстың орнағаны сонша, «Біздің елде, Көкшетау ауданында, бұлақтар көп болады. Олар таудан, тас арасынан шығады. Жалт-жұлт етіп жатады, суы тәтті де тамаша, таза, тұнық. Сол бұлақтың көзін тереңдете ашсаң, ар жағынан тасқын атады. Мен сенің бойыңдағы талантты сол бұлаққа теңегім келеді. Өзің байқамаған таланттың көзі кейін-ақ ашылар деп сенем» [1 ; 170].
Басқаның жетістігін, табысын бағалай білу деп осыны айт.
Баһадүр, білімді ұстаз М.Ғабдуллиннің эпостолярлық мұрасын парақтаған сайын, ғибраты мол ғұмыр кешкен Мәлік ағаның жан дүниесінің қаншалықты тазалығына, кез келген шығармашыл адамға деген көмегін, жан жылуын аямаған азаматтығына, адами қалпына таң қаласың. Кімнің кім екенін сөз саптауы мен қалам сілтесінен-ақ аңғарып, бағытбағдар беріп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпаған біртуар азамат.
Осы орайда М.Ғабдуллиннің эпистолярлық мұраларымен тақырыбы, мазмұны жағынан өте жақын қатардағы жауынгерден офицерлік дәрежеге дейін көтерілген Баубек Бұлқышевтың «Адамзатқа хатына» да тоқтала кетуді жөн көрдік. Олай дейтін себебіміз Б.Бұлқышев та өмір мен өлім арасында жүріп, қолы босай қалса, қаламын жанына медеу, серік еткен. «Біз кәрлі кезеңнің, соғысты заманның жандарымыз. Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де. Осының бәрі сіздер үшін, кейінгі ұрпақ! – деп жазады [ 7:17].
Ал «Өмір сүргім келеді» атты очеркінде: «Міне, тап бүгінгі түнде, таңертеңгі ұрыс алдында туған елім мен барлық халқыма, тіпті барлық адам баласына мен өмірден алатын еншімді әлі алғаным жоқ, мен өмірді қатты сүйемін, менің өмір сүргім келеді деп бар дауысыммен айқайлағым келеді. Мен мұны ертең мені өлтірер-ау деп қорқып айтып отырғаным жоқ», – дейді [7 ; 17].
Ғалым Р.Ыдырысов өмірге құштар абзал жанның өле-өлгенше ойынан шығармаған асыл арманы болғаны туралы мына үзіндіні келтіреді: «… Менің арманым – артымда әке-шешем, ағам, інім, қатын-баламның қалмағаны емес-ау, шіркін-ай, тек алақандай кітапша қалдыра алмағандық», – деген тебіренісін оқысақ, енді бірде, – менің бұл жазғандарым болашақта біздің ұлы күресімізді зерттеушілердің қолына түсіп, үлкен істердің кішкене бір тетігіне тиянақ болуға жараса, менде одан басқа арман да жоқ, ол зерттеушілер біз осы арпалыста жүргенде қайғыра да, жылай да, күле де, кектене де білгенімізді ұғынса болғаны, – деген Баубек сөзі әркімге-ақ ой салары хақ [ 7; 9].
Хаттар … хаттар … Олардың аржағында Адам тұр, үлкен әріппен жазылған абзал жан тұр деп Р.Ыдырысов айтқандай, «адам дүниеге тек қана келіп, әншейін ғана аттана бермейді: артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады» деген жауынгер философиясы маған эпистолярлық мұралардың мақсатміндетін, бір сөзбен түйіндесек, айтар жүгін көтеріп тұрғандай.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Негимов С. Мәлік Ғабдуллин. – Алматы: Санат, 2001. – 192 б.
2. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. –Алматы: Ана тілі, 1993. –320 б.
3. Қазақ тілі мен әдебиеті. 1997. №.7
4. Алтынсарин Ы. Таза бұлақ: Өлеңдер, әңгімелер, хаттар, очерктер – Алматы: Жазушы, 1988. – 320 б.
5. Жүнісов С. Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері жайында: Көркемсөз, ой толғаныстары мен арнау өлеңдері. – Алматы, 2000. 460 б.
6. Мүсірепов Ғ. Күнделік. – Алматы: Ана тілі, 1997. – 288 б.
7. Бұлқышев Б. Адамзатқа хат. – Алматы: Жазушы, 1988. – 208 б.



Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *