АУДАРМАДА «ЛАКУНА» СӨЗДЕРДІҢ КӨРІНІСІ
Жүсіпов Н.Қ.
ф.ғ.д., профессор, С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ. Исполова А.А.
магистрант, С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ.
Әлемде халық саны көп болғанымен, олардың тілдеріндегі бар материалдар бірдей емес. Бірақ күнделікті тұрмыс пен жалпы ұлттар мен халықтарға ортақ түсінік, ұғымдар бар жерде, бірінің орнын екіншісі балама сөзбен, калька аудармамен жасалған бірліктермен ауыстырады. Бірақ халықтардың танымдық түсінігі, ұғымы мен мінезі, шаруашылығы мен кәсібі әр түрлі.
Аударма көп жылдар бойы адамдар, қауымдар, халықтар арасында ақпарат пен тәжірибе алмасудың негізгі құралы ретінде жұмыс атқаруда. Аударма – тек бір тілді екіншімен алмастыру емес, ол қарым-қатынасқа түсетін түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тілі туралы ақпарат алудың негізгі қайнар көзі. «Аударманың лексикалық көрінісі халықаралық қатынас теориясының маңызды аспектісі» болып табылады [1]. Сол себепті қазақ тіл білімінде аударма мәселесін зерттеу – бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі.
Аударманы түпнұсқаға неғұрлым жақындату үшін бірталай жұмыс істеу қажеттілігі белгілі. Онда аударылатын тілдердің тек лексикалық жүйесін білу жеткіліксіз. Сөздік қорды игерумен қатар қатынасушы екі халықтың мәдениетінен, тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрі мен әдетғұрыптарынан хабардар болу да керек. Екіншіден, аудармашы реципиенттің де қабылдау деңгейін, ұлттық дүниетанымы мен түсінігін назарда ұстауы тиіс. Бұл аударманың басты өзіндік ерекшеліктері болып табылады.
Аудармашылардың көркем шығарманы бір тілден екінші тілге аудару жұмысында жиі кездесетін кедергі – лакуна. Лакуна мәселесі ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында шетел ғалымдарының зерттеу нысанына алынса, орыс тіл білімінде осы бағытта алғашқылардың бірі болып Ю.А.Сорокин, И.Ю.Марковина, И.В.Томашева, Г.В.Быкова, т.б. сынды бір топ тілтанушылар қалам тартқан. Ал қазақ тіл білімінде лакуна әлі де толық зерттелмеген, шешімін таппаған мәселелер қатарына жатады.
Ғалымдардың еңбектерінде лакуна, оның анықтамасы, іштей мағыналық топтарға топтастырылуы, лакуна мен реалий сөздердің өзара ұқсастықтары мен айырым белгілері айтылғанымен нақтыланған, жүйеленген, бір ізге түскен анықтама әлі де жоқ екенін байқауға болады. Латын тілінен аударғанда lacuna – ойыс, қуыс, шұңқыр деген мағынаны білдіреді. Бұл тілші-ғалымдардың зерделеуде ұстанған басты қағидалары болуда.
Лакуна терминін ең алғашқы болып 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында ғылыми айналымға енгізген Канада лингвистері Ж.П.Вине мен Ж.Дарбельне бұл тілдік бірлікті еңбектерінде былай түсіндіреді: «Лакуна дегеніміз – бір тілде бар сөздің мағынасы өзге тілдің сөздік құрамында көрініс таппауы немесе сол сөздің аудармасы түпнұсқаға сәйкес болмауы» [2, 3]. Осыған ұқсас анықтаманы Ю.С.Степановтан да көре аламыз. Ю.А.Сорокин мен И.Ю.Марковина авторлығымен жарық көрген еңбекте лакунаға мынадай анықтама берілген: «Лакуна дегеніміз – мәтіннің көлеміндегі бөлшекте кездесетін қате, түсініксіз, ұғынықсыз жайт» [3, 77].
В.Л.Муравьев лаунаға келесі анықтама береді: «… біз лакуналар деп тек берілген тілдің тілдік нормасында бекітілмеген және оларды осы тілде беруге анағұрлым үлкен не кіші кеңістіктік перифразалар – тіл деңгейінде құратырылатын еркін сөз тіркестері қажет болып табылатын түсініктерді беретін шет сөздерді (тұрақты сөз тіркестерін) ғана есептейміз» [4, 6].
Тұрақты сөз тіркестері мағыналық жағынана тек мәтіндік, тіркестік мағынаны береді. Олардағы мағына тұтастығымен ерекшеленеді. Сондықтан да ғалым орыс тілін әлемдік тілдерге шығарудың басты бағыттарының бірі – орыс мәдениеті негізіндегі лакуналарды енгізу идеясын береді. Орыс тілінің типологиялық ерекшеліктерін лакуналар арқылы аудару қажеттігін көтерді.
В.Г.Гак [5] лакуналар пассив қолданыста болатын және екінші бір қоғамда ғана емес, өзінің төл тілінде де сұранысқа ие болу қабілетін азайтқан сөздерден болатындығын айтады. Сондықтан да «қарамақарсылықты лингвистика» терминні ұсынады. Ғалым орыс және француз тілдерін салыстырып, орыстың сутки, кипяток сөздері француз тілінде лакуна болатынын айтады.
З.Д.Попова мен И.А.Стернин: «Түрлі тілдердің денотативті ұяшықтарының толымсыз баламасы болуы нәтижесінде лакуна (өзара салыстырылатын тілдердің бірінде басқа тілде бар болатын атаудың не өзге түсініктің болмауы) сияқты құбылыс пайда болады», – дейді. [6, 71].Әрине, лакунаға берілген анықтамалар осы аталғандармен ғана шектеліп қалмайды. Жоғарыда келтірілгендерді негізге ала отырып, лакунаға мынадай анықтама беруді жөн деп санаймыз: Лакуна – қарымқатынас барысында, аударма жұмысында кездесетін, бір мәдениет өкілінің сөздік қорында бар лексема өзге ұлт өкілінің лексикасында көрініс таппауы, жоқ болуы. Бір сөзбен айтқанда, зерттеліп отырған тілдердің сөздік құрамында сәйкестіктердің болмауы.
Бұндай тілдік айырмашылықтың айқын көрінісі аударма сөздіктерден анық байқалады. Сөздікте бұл сөздер мына «белгілер» арқылы табылады:
— сөздің кеңейтілген түсіндірмелі анықтама арқылы сөздікте берілуі;
— аударма сөздіктегі сөзді түсіндіруде синонимдік қатарды пайдалану [7, 209].
Ғылымда лакунаның белгілерін танытумен қатар классификация жасау ісі де қарастырылуда. Бүгінге дейін этнолингвистер мен мәдениеттанушылар лакуналардың мынадай түрлерін ажыратады: тілдік пен этнографиялық; бірегей және жеке; тіларалық пен тілішілік; абсолютті және салыстырмалы; гипернимиялық пен гипонимиялық; лексикалық, грамматикалық, стилистикалық; векторлы және т.б. [8, 48]. Жоғарыда көрсетілген мағлұматтар лакуна феноменіне байланысты әлі күнге зерттеу жұмыстары аяқталмауының және ғалымдар арасындағы пікір-таластардың тоқталмауының дәлелі.
«Лакунаның пайда болуы эквивалентсіз лексиканың бір түрі болып саналатын лингвомәдени реалиямен байланысты. Бұл екі мәселе аударма мәтін корпустарын салыстырмалы зерттеулерде және кең түрдегі аударма жүргізу жұмыстарында бірін-бірі толықтыратын ұғым ретінде қаралуы тиіс. Түпнұсқа мәтіндегі лингвомәдени реалия бар жерде алғашқы кезекте аудармашының алдында,одан соң аударма мәтінді оқитын өзге тіл сөйлеушінің санасында лакуна туындайды» [9]. Басқа сөзбен айтсақ, реалия негізгі аударылып отырған түпнұсқа мәтінге тиісті термин болса, лакуна термині аударма мәтінге байланысты қолданылады.
Бастапқы тіл өкілдерінің ұлттық ерекшелігін айқындайтын сөз сол халық үшін реалия болып табылса, өзге тілде аударманы оқып отырған реципиент үшін бұл «сөз» лакуна болады. «А.О.Иванованың пікірі бойынша, лакунаға ең жақын тұратын ол – реалия[10; 53]. Сондықтан да лакуна этномәдени спецификаны бейнелейтін эквивалентсіз лексиканың құрамдас бөлігі болып табылады.»[11,164] І.Есенберлиннің
«Көшпенділер» трилогиясынан мысал келтірейік. Қазақ тіліндегі түпнұсқа мәтінде кездесетін «шапан» мен «бөрік сөздері» (Құндыз жағалы, қысқа лұқпан шапан, бастарында қазақы қимаш бөрік, сырттарынан қимылымызға жеңіл болсын деп кереге көз торлы сауыт киген.)[12,20] орыс тіліндегі нұсқасында «кафтан» мен «шапка» (В легкие охотничьи кафтаны с собольей оторочкой были одеты Джаныбек с Кереем, на головах казахские шапки)[13,19] деп берілсе, ағылшын тіліндегі аудармада «caftan» және «caps» (Janybek and Kerei were wearing light hunting caftans trimmed with sable, Kazakh caps on their heads.)[14,16] деп аударылған.
Мұндағы шапан және бөрік сөздері қазақ тіліне реалия болса, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармада лакуна болып саналады.
Лакуна сынды күрделі мәселе туралы сөз қозғалған жерде міндетті түрде аудармада түсініксіз, бос қуыс орындарды толтыру жолдары қарастырылады. Аударылған сөздің мән-мазмұнын жеткізу барысында аудармашы, бір жағынан, халықтың мәдени ерекшелігін, тіпті әмбебаптылығын көрсететін сөздің мағынасын сақтауға тырысып, екінші жағынан өзге тіл мен мәдениет өкілінде осыған ұқсас ассоциациялар туғызатындай етіп, ол сөзді баламалы аудармамен ауыстыруға тырысады. Бірақ осыны жүзеге асыру кейде аудармашы мүмкіндігінің шегінен шығып жатады. Ғалым Л.К.Латышев баламасыз лексиканы жеткізудің келесі әдістерін ұсынады:
1) транслитерация – кірме сөзді еш грамматикалық немесе фонетикалық өзгеріске түсірмей қолданысқа енгізу. Ол дегеніміз – шет тілдің сөзін аударудан бас тартып, оны бастапқы қалпында қалтыру.
2) калька – баламасыз сөздің немесе сөз тіркесінің бөлшектері (морфемалар) аударылып отырған тілде толықтай алмастырылуы.
3) түсіндірмелі аударма – аударылып отырған сөздің мағынасын жанжақты ашып сипаттау.
4) болжалды аударма – бастапқы тілдің лексикалық бірлігі үшін аударылып отырған тілдің сөздік қорында мағынасы ең жақын сәйкестікті іздеу [15, 104-106].
Влахов пен Флорин реалий сөздерді аударудың екі түрін белгілейді:
транскрипция және аударма. Аударманың өзін іштей тағы да төрт түрге бөледі:
1) неолагизм енгізу: калька, жартылай калька, меңгеру (освоение), семантикалық неологизм;
2) жуық аударма: түр-сипаттық сәйкестік, функционалды аналог, түсндіру(баяндау, суреттеу);
3) контекстуалды аударма.[16,87-93]
Ал ғалым Л.К.Латышев баламасыз лексиканы жеткізудің келесі әдістерін ұсынады:
1) транслитерация – кірме сөзді еш грамматикалық немесе фонетикалық өзгеріске түсірмей қолданысқа енгізу. Ол дегеніміз – шет тілдің сөзін аударудан бас тартып, оны бастапқы қалпында қалтыру.
2) калька – баламасыз сөздің немесе сөз тіркесінің бөлшектері (морфемалар) аударылып отырған тілде толықтай алмастырылуы.
3) түсіндірмелі аударма – аударылып отырған сөздің мағынасын жанжақты ашып сипаттау.
4) болжалды аударма – бастапқы тілдің лексикалық бірлігі үшін аударылып отырған тілдің сөздік қорында мағынасы ең жақын сәйкестікті іздеу. [17, 104-106] Бұл әдістер аудармашыға реалий сынды сөздерді дұрыс аударуға мүмкіндік береді. Аудармашы осы әдістерді орынды пайдалану арқылы түпнұсқа мәтіндегі ойды дұрыс жеткізумен қатар ұлттық ерекшелігін реципиентке ұғынықты етіп жеткізуі тиіс. Алайда тәжірибе жүзінде аудармашы тарапынан қателіктердің кетіп отыратынын көреміз.
Алайда тәжірибе жүзінде белгілі бір халықтың ұлттық колоритін көрсететін сөздерді дұрыс аудармағандықтан сол сөздің бастапқы семантикалық мағынасын жоғалтуы да жиі кездеседі. Оны «Көшпенділер» трилогиясында кездесетін туыстық атауға байланысты орыс және ағылшын тіліне аударылған мысалдан көре аламыз. Мысалы қазақ тіліндегі түпнұсқада «жиен» сөзін (Арғынның ардақты жиенін қатын демексің бе?)[12,37] орыс тіліне «племянник» (Ты, достойный батыр, хочешь сказать, что славный племянник аргынов Саян превратился в бабу?)[14,24] ағылшын тілінде де «nephew» (My worthy warrior, do you mean to say the good nephew of the Argyns Sayan has turned into a weak woman?)[13,21] сөзімен алмастырылған.
Байқап отырғанымыздай, қазақтың жиен сөзін орыс жане ағылшын тілдеріне аударғанда Л.К.Латышев ұсынған болжалды аударма әдісі пайдаланылды. Алайда «жиен» мен «племянник/ nephew» сөздерінің мағынасына үңілетін болсақ, үлкен айырмашылықты көре аламыз. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «жиен – қыздан туған ер не қыз бала» [6,302], – деп түсіндірілген. Ал енді «племянник» сөзі С.И.Ожеговтың «Словарь русского языка»еңбегінде былай түсіндірілген: «племянник – сын брата или сестры». [7,462] Ал ағылшын тіліндегі «nephew» орыс тіліндегі «племянник» сөзінің калькасы. Осымен біз аударма мәтінде қазақтың мәдени өзгешелігін көрсететін «жиен» реалиясын аударуда қателік кеткенін дәлелдедік. Бұл қателіктің кесірінен аудармаға түскен тіл өкілдерінің арасында түсініспеушілік туындайды.
Бірақ аудармашылардың реалий сөздерді аударудағы барлық жұмыстарын жоққа шығаруға болмайды. Аталмыш шығармадан тустық атауғы байланысты мынадай мысал бар: … Рабиуа-Сұлтан-Бегім «Сүйіншік сұлтан нағашыларына тартқан» деуші еді ғой.[12,47] Орыс тіліндегі нұсқада: Ведь Рабиуа-султан-бегим когда-то говорила ему, что маленький Суюнчик похож на ее родственников по матери.[14,35] Ағылшын вариантында: Rabia-Sultan-Begim once told him that the little Suyunchik resembled for her relatives on the maternal side.[13,30] Бұнда қазақтың нағашы сөзі орыс және ағылшын тілдеріне «түсіндірмелі аударма» жолымен берілген. Яғни қазақтың сөздік құрамындағы бір сөз аударма барысында, мағынасы жан-жақты тарқатылып ашылу арқылы бірнеше сөздердің тіркесімі формасында өзге тілге көшті. Тағы бір мысалды қарастырып көрелік. Түпнұсқа мәтіндегі «көкпар» сөзі (Қазақ елі бұл кезде көкпарға тартуға дайындалған серке тәрізді еді)[18,4], орыс тілінде «кокпар» (Страна казахов была похожа на освежеванную жертву, приготовленную к кокпару – древнему празднику козлодрания)[19,6] және ағылшын вариантында «Kokpar» (The country of the Kazakhs was like a freshly skinned sacrifice ready for Kokpar, the ancient festival of slaughtering a goat.)[13,190] деп аударылды. Мысалда «көкпар» сөзі өзге тілдерге еш мағыналық өзгеріссіз тек әріптік таңбалаудың өзгеруімен ғана ерекшеленді. Бұл әдісті аудармада транслитерация деп атайды. Бірақ осында түсіндірмелі аударманың да бары анық (древний праздник козлодрания, the ancient festival of slaughtering a goat).
Аталғандардың ішінде аудармашыға қолайсыз, әрі үнемсіз болып саналатын түсіндірмелі және болжалды әдістер лакуналардың аудармасын жеткізуде жиі қолданысқа түседі. Яғни аударылмайтын сөздердің мағынансын өзге мәдениет өкіліне түсінікті түрде жеткізу үшін, сол сөздің мағынасын тарқатып ашу арқылы немесе сол сөзді қабылдаушының тілінде ең жақын мағыналы сөзбен алмастыру лакуналарды аударудың ең ұтымды жолдары болып келеді. Сонымен қатар практика барысында жоғарыда аталғандардың ішінде бірнеше әдісті қоса пайдалану да кездеседі.
Қорыта айтқанда, лакуналар кез келген тілдің лексикасында көрініс табады. Олардың пайда болуы тіл мен халықтың тұрмыс-тіршілігінің сабақтастығына байланысты. Әр халықтың мәдениеті, әлеуметтікэкономикалық жағдайы, өзіндік дүниетанымы және өзге де факторлар тілдік қордың құрамында өзге тілдерде кездеспейтін сөздердің пайда болуына себеп болады. Олардың көрінісі аударма кезінде айқын байқалады. Сондықтан да аударматануда осы мәселені зерттеу ісін қолға алып, лакунаны аударудың жолдарын қарыстыру қажет. Ал қазір аударма барысында осындай сөздерді өзге тілге не дұрыс, не бұрыс жеткізу тікелей аудармашының тәжірибесі мен шеберлігіне байланысты. Аудармашы бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарап, қатынасқа түсетін әр тілдің өзгешелігін ескеріп, аударма мәтінді түпнұсқаға жақындастыруды мақсат ету керек. Тек сол кезде ғана түрлі мәдениет өкілдері бірін-бірі түсінуде еш қиындық туындамайды.
Пайдаланған әдебиеттер:
8. Глазачева Н.Л. Лакуны и теория межкультурной коммуникации // Лакуны в языке и речи: Сб. научн. тр. – Благовещенск, 2003. –С. 31-34
9. Муравьев В.Л. Лексические лакуны (на материале лексики французского и русского языков). –Владимир, 1975. – 96 с.
10. Сорокин Ю.А., Морковина И.Ю. Текст и его национальная
культурная специфика // Текст и перевод. –М.: Наука, 1988. – С.76-84
11. Муравьев Л.В. Проблемы возникновения этнографических лакун:
пособие по курсу типологиий русского и французского языков – Владимир: ВГПИ, 1980. – 213 с.
12. Гак В. Г. Контрастивная лингвистика. – Москва: Прогресс, 1989. – 279 с.
13. Попова З.Д., Стернин И.А. Семантико-когнитивный анализ языка. Научное издание. – Воронеж. 2006, 2007. – 250 с.
14. Стернин И.А., Попова З.Д., Стернина М.А. Лакуны и концепты //
Лакуны в языке и речи: сб. науч. тр. – Благовещенск, 2003. – С.205-223
15. Ермолович Д.И. Наш перевод, вперёд лети! В лакуне остановка // «Мосты» №1 (21). – М.: Р.Валент, 2009. – С.48-67
16. Степанов Ю. С. Французская стилистика / /Ю. С. Степанов. М., 1965. – 356с.
17. Иванов А.О. Английская безэквивалентная лексика и ее перевод на русский язык: учеб. пособие. Л.: Ленингр. гос. ун-т, 1985. 95 с.
18. Дзида Н.Н. Проблемы лакунарности в переводе// Вестник тюменского государственного университета – 2010. №1 – с.162-167
19. I. Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1) – Алматы «I.
Есенберлин атындағы қор», 2004. – 340б
20. The Nomads Translated by Oleg Chorakaev – Almaty& The
IlyasYesenberlin foundation6 2000. – 560 page
21. И.Есенберлин Кочевники: ист.трилогия/ Пер. с каз. М.Симашко. – Алма-Ата: Жазушы, 1968. – Кн. 1. Заговоренный меч. 224 с.
22. Латышев Л.К. Перевод: проблемы теории, практики и методики преподавания. –М.: Просвещение, 1988. – 160 с.
23. Влахов С.И., Флорин С.П. Непереводимое в переводе // Влахов
С.И., Флорин С.П. – М.: Р.Валент, 2009. – 360 с.
24. Латышев Л.К. Перевод: проблемы теории, практики и методики преподавания. –М.: Просвещение, 1988. – 160 с
25. I. Есенберлин. «Жанталас» (Көшпендiлер – 2) – Алматы «I. Есенберлин атындағы қор», 2004. – 336б
26. И.Есенберлин Кочевники: ист.трилогия/ Пер. с каз. М.Симашко. – Алма-Ата: Жазушы, 1968. – Кн. 2.Отчаяние. 224 с.