
ЖАҺАНДАНУ ҮРДІСІ ЖӘНЕ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ ДИСКУРС
Жүсіп Қ.П.
ф.ғ.д., профессор, С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ. Асанбаева Е.Б.
магистрант, С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ.
Өткен ғасырдың ғасырдың екінші жартысынан бастап дүниежүзі бойынша «жаһандану» (/«ғаламдану» (ағылш. «globalization») термині құлаш жайып, қарқынды түрде таралу нәтижесінде бүгінгі таңда аталмыш түсінік әлемнің түкпір-түкпірінде, ғылымның әр алуан салаларында мығым орын алған.
Бұл терминнің ғылыми айналымға енуі туралы сан алуан пікірлер бар. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары канадалық ғалым Маршалл Маклюэн ең алғаш болып «ғаламдық ауыл» (ағылш. global village) түсінігін қолданып, өзінің еңбектерінде оған анықтама беріп, түсіндіріп өтеді. Ол дүниежүзінде орын алған жаңа коммуникациялық әрі мәдени жағдайды сипаттай отыра, сол кездің өзінде электронды байланыс құралдарының нәтижесінде жер шары ауылдың көлеміне дейін «жиырылғандығын» [1, 3], кез келген дүние бөлігінен әлемнің басқа бір жеріне жылдам ақпарат алмасу мүмкін болғандығын [2, 168] сөз еткен.
Әлеуметтану ғылымының профессоры Р.Робертсон 1983 жылы «жаһандылық» (ағылш. «globality») сөзін өзінің бір мақаласының атауында қолданып, араға тоғыз жыл сала «Жаһандану: әлеуметтік теория және жаһандық мәдениет» («Globalization: Social Theory and Global Culture») атты кітабын басып шығарады. Онда автор ғаламданудың шынайы табиғаты толық ашылмай, жасырын келгенін айтып, шын мәнінде, «жаһандану – бұл әлемнің «бір жерде шоғырлануы» [3, 121] деген пікірін ұсынады. Ғалым алғашқылардың бірі болып жаһандану терминіне қатысты
«glocalization» түсінігін («globalization» – «жаһандану» + «localization» – «оқшаулау/шектеу») қолдана отыра, жаһандану деп нәтижесінде қоғам өзін мәдени «шайылудан» қорғау үшін тұйықтанатын жаппай аймақтандыруды атайды.
Жаһандану сынды осыншалық сан қырлы құбылыстың лингвистикалық табиғаты ғалымдардың назарына біршама кеш ілінді. Н.Коупленд тіл білімінің ғаламдану құбылысын ХХI ғасырдың алғышқы жылдары, яғни басқа гуманитарлық пәндерге қарағанда зерттеу нысанына кеш алғандығын атап көрсетеді [4, 468]. Бұған басты себеп – билингвизм және көптілділіктің ұзақ уақытқа дейін жаһандық лингвистиканың зерттеу нысаны болып танылмай, жеке дара қарастырылуы. Осы саладағы алғашқы мардымды еңбек «Journal of Sociolinguistics» журналының «Sociolinguistics and Globalisation» («Әлеуметтік лингвистика және жаһандану») тақырыбына арналған 2003 жылғы арнайы саны болды.
Н.Коупленд жаһандану үрдісіндегі тілдің қызметі мен тіл біліміндегі ғаламдану құбылыстарын зерттей келе, жаһандануды бүгінгі күннің маңызды факторы әрі қоғамның өмір сүру формасы, сондай-ақ тіл мен қоғамды түсінудің кейбір жаңа жолдарының бағыты ретіндегі әлеуметтік шындық кейпінде қарастыруды ұсынады.
Кейін дүниежүзілік ғаламдану үрдісі, оның әлем тілдеріне деген әсері көптеген тілші мамандардың зерттеулерінің басты объектісіне айналып, осы тақырыптағы сан алуан ғылыми еңбектер баспа бетін көрді. Ж.Бломмерт әлеуметтік лингвистика саласындағы еңбектердің көп бөлігі тілді белгілі бір қала/елді мекеннің «меншігі» ретінде қарастыратынын, бірақ қазіргі уақытта осындай «шектеулердің» жойылып жатқандығын айтады. Ғалымның пікірінше, тілдік әлем ол аядан шығып, бүгінде жаңа әрі күрделі формаға ұласқан [5, 103].
Біршама ғылыми еңбектер мен басылымдарда «америкаландыру» («americanization») ұғымы «жаһандану» түсінігімен қатар, тіпті синоним ретінде қолданылып келеді. Оны тіл білімі саласында да байқауға болады. Мұнда аталмыш құбылыс ағылшын тілінің үстемдік етіп, әлемнің көптеген тілдеріне әсер етуі негізінде көрініс тауып келеді.
Ағылшын тілі бүгінгі жаһандану дәуірінде «халықаралық қарымқатынас тілі» лауазымына ие болып, өзінің құлашын кеңге сермеген. Белгілі ағылшын лингвисі Д.Кристалдың деректері бойынша әлем бойынша ағылшын тілінде сөйлейтін адамдардың саны 1 млрд. 100 млн көрсеткішін көрсетіп отыр және бұл адамдардың төрттен бірі үшін ғана ол ана тіл болып табылады [6, 99]. Әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі жастағы адамдардың жаппай ағылшын тілін үйреніп, халықаралық қатынас тіліне мойынсынуы орын алып отыр. Бүгінде біршама ғылыми әдебиеттердің «ағылшын тілі – Х тілі» тілдік байланысының нәтижелерін зерттеуге арналғандығын байқауға болады. Онда аталмыш тілге қатысты «лингвистикалық геноцид», «лингвистикалық имперализм» түсініктері кездеседі. Ағылшын тіліне қатысты Ж.Бломмерт «лингвицид» («linguicide») – тілді жою, ал С.Муфвене бастаған бір топ ғалым «жендет тіл» («killer language») [7, 40] ұғымдарын жиі қолданып жүр.
Осындай қарқынмен өріс алып келе жатқан ағылшын тілі мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін де сырт айналып өткен жоқ. Оның айқын дәлелі күнделікті ауызекі сөйлеу тілімізде «компьютер», «ноутбук», «маркетинг», «сайт», «менеджмент» сынды көптеген шетел сөздерінің әбден сіңісіп кетуі болса, жазба тілінде мұндай «жаһандану өкілдері», ең алдымен, бұқара халыққа әсер етуде таптырмас рольге ие публицистикалық дискурста, әсіресе ондағы жаңалықтарға «ең құмар» әрі «икемді» тілдік құрылым – публицистикалық мақалаларда және, сәйкесінше, олардың тақырыпаттарында бірден көрініс табады.
Жаһандану құбылысын публицистикалық мақала атауларынан да кездестіруге болады. Мұнда тақырыпат мақала мазмұнына ишара етумен қоса оқырман назарын өзіне аудартатын «тауар қаптамасы» іспеттес қызмет атқарып, сонымен қатар «журналист-оқырман» байланысын орнатуда және екеуінің арасындағы қатынасты нығайтуда маңызды рольге ие. Сол себепті де тілшілер өз туындыларына атау беру кезінде оқырмандарға өздерін жай ғана ақпарат жеткізуші ретінде емес, сондай-ақ әлемнің соңғы «тілдік жаңалықтарынан хабардар» әрі «сәнді» сөздерді орынды қолдана білетін «сөз шебері» ретінде көрсетуге тырысады. Мысал ретінде елімізде біршама үлкен сұранысқа ие бірнеше мерзімді басылымдардың тақырыпаттарына көз жүгіртсек, «банк», «маркетинг», «офис» сынды экономика мен әлемдік нарыққа қатысты сөздер тілімізге бірден сіңісіп кеткенін байқауымызға болады: «Жаңа заң бизнестің өрісін кеңейтеді» («Егемен Қазақстан» (әрі қарай – «ЕҚ») – 17.01.2015),
«Бұрынғы менеджерлер Ұлттық банктi сотқа бердi» («Жас Алаш» (әрі қарай – «ЖА») – 16.08.2013), «Депутат офис директорымен кездесті» (ЕҚ. – 21.03.2014). Мұндай сөздер күнделікті өмірде жиі ұшырасып, белсенді қолданылатындықтан, оны жас мөлшері, әлеуметтік жағдайы мен басқа да факторларға қарамастан, қоғамның барлық мүшелері біліп, түсінеді.
XXI ғасыр ғылым мен техниканың заманы болған соң, осыған сай тілдік өзгерістер мен жаңалықтар публицистикалық мәтіндерді сырт айналып өткен жоқ. Мұнда тіліміздің «сөздік құрамының» күн сайын жаңа кірме сөздермен толығып келе жатқанын байқауымызға болады: «Аккредиттеу – алға басудың алғышарты» (ЕҚ. – 12.12.2014), «Мобильді мемлекеттік қызметтер қарқын алады…» (ЕҚ. – 10.10.2014). Осының ішінде ғаламтор мен оған байланысты түсініктер үлкен бір топты құрады: «Facebook чаттың орнын Facebook Messenger басады» (ЕҚ. – 30.07.2014), «Селфи-конкурстың жүлдегерлері анықталды» (ЕҚ. – 11.07.2014), «Онлайн. Оффлайн…» (ЕҚ. – 23.07.2014).
Тілдегі жаһандану құбылысы оның лексикалық қабатына ғана емес, грамматикасына да біршама деңгейде ықпалын тигізді. Айталық, өз мақалаларына мейлінше қызықты да бейнелі атау беруді мақсат тұтқан журналистер көп жағдайда окказионализм яки тосын қолданыс амалын іске асырады. Осындайда авторлар тілімізде жоқ түсінікті белгілеп, жаңа бір сөзді «құрастырып», соның барысында ағылшын тілінің грамматикасына тән морфологиялық амалдарды біршама жиі іске асырып жатады: «»Айханымизм» немесе ақырзаман жақындағанда жалған пайғамбарлар көбейеді» («Ана тілі» – 09-15.07.2009), «Шибөризм» (ЖА. – 14.09.2010) (ағылшын тілінде «-ism» қосымшасы зат есім тудыруда жиі қолданылатын жұрнақ болып табылады).
Көріп отырғанымыздай, бүкіл әлем бойынша ғылымның әр алуан салаларында кең өріс алып келе жатқан ғаламдану құбылысы лингвистиканы да сырт айналып өткен жоқ. Күн санап, көптеген халық тілдерінің сөздік құрамдары жаңа ғаламдық түсініктер мен кірме сөздермен толығып, грамматикалық қабаттары да белгілі бір деңгейде аталмыш құбылыстың ықпалынан өзгеріске түсуде. Соның ішінде, уақыт ағынынан қалыспай, толассыз өзгеріп, дамып отыратын заман талаптарына мейлінше жауап беруге икемді келетін тілдік құбылыс – публицистикалық дискурс пен ондағы мақала атаулары сынды құрамдас бөліктері ғаламдық өзгерістердің бірден-бір айнасы іспеттес роль атқарады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. McLuhan, Marshall. Understanding Media. (Gingko Press, 1964, 2003) – 6 p.
2. McLuhan, Marshall. Letters of Marshall McLuhan. (Oxford
University Press, 1987). – 254 p.
3. Robertson R. Globalization: Social Theory and Global Culture / R.Robertson. – SAGE, 1992. – 224 р.
4. Coupland N. (2003) «Sociolinguistics and Globalisation», Journal of Sociolinguistics 7 (4): –Р. 465-473.
5. Blommaert Jan A. The Sociolinguistics of Globalization. Cambridge University Press, 2010. – 230 p. 6. Кристал Д. Английский язык как глобальный / пер. с англ. Н.В.Кузнецовой. – Москва: Весь Мир, 2001. – 240 с.
7. Mufwene S.S. Globalization, Global English, and World English(es): Myths and Facts// The Handbook of Language and Globalization (ed. by N.Coupland). – Blackwell Publishing Ltd, 2010. – P. 31-55.